Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3464 0 пікір 13 Қаңтар, 2011 сағат 11:27

Журналистке жұдырық ала жүгіру етек алып барады!

«Жұмабек Мұқановты қорғау» қоғамдық бастамашы топтың

ҮНДЕУІ

Біз, Жұмабек Мұқановты қорғау жөніндегі қоғамдық бастамашы топ  мүшелері, әріптесіміздің Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы әкімі М.Марайымның ұйымдастырған заңға қайшы іс-әрекеттерінен қысым көріп, жәбірленіп жатқанына жол бермеу мақсатында, жариялылық, демократия қағидаларына сүйене отырып төмендегі үндеуді жариялаймыз:

Құқық қорғау орындары Ж.Мұқановтың тағдырына жедел араласып, әріптесімізді қызметтен босату барысында ҚР Конституциясы, ҚР «Еңбек кодексі», ҚР «БАҚ туралы» заңы мен ҚР «Ар-намыс кодексі» талаптарының өрескел бұрмалануына байланысты өзімбілермен әкімге қатаң шаралар қолдануы керек деп білеміз;

«Жұмабек Мұқановты қорғау» қоғамдық бастамашы топтың

ҮНДЕУІ

Біз, Жұмабек Мұқановты қорғау жөніндегі қоғамдық бастамашы топ  мүшелері, әріптесіміздің Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы әкімі М.Марайымның ұйымдастырған заңға қайшы іс-әрекеттерінен қысым көріп, жәбірленіп жатқанына жол бермеу мақсатында, жариялылық, демократия қағидаларына сүйене отырып төмендегі үндеуді жариялаймыз:

Құқық қорғау орындары Ж.Мұқановтың тағдырына жедел араласып, әріптесімізді қызметтен босату барысында ҚР Конституциясы, ҚР «Еңбек кодексі», ҚР «БАҚ туралы» заңы мен ҚР «Ар-намыс кодексі» талаптарының өрескел бұрмалануына байланысты өзімбілермен әкімге қатаң шаралар қолдануы керек деп білеміз;

1969 жылы ашылған «Өскен өңір» газетінің заңды мұрагері «Шардара тынысы» басылымы жаңа 2011 жылдан бастап шықпай қалды. Шардара ауданының әкімі журналистердің құқығын аяққа таптағаны өз алдына, аудан халқының, яғни аудандық газет оқырмандарының ақпарат алу құқығын бұзып, ҚР Конституциясына қайшы әрекет етіп отыр. Таралымы 3200 дана егер қалыптасқан оқырман санау жүйесімен әр нөмірді төрт адам оқиды деп есептесек, газеттің 13 мыңға жуық оқырманы, 41 жылдық тарихы бар аудандық газетті бір күнде жауып тастау ешқандай қисынға сыймайды. Газетті жабу арқылы биылғы жылға «Шардара тынысына» жазылған оқырмандардың ақпарат алу құқығы шектелгені де, біздіңше, заңға томпақ, ел басшысына лайықсыз, ешкімге абырой әкелмес қадам;

Шардара ауданының әкімі М.Марайымның лауазымын асыра пайдалану себебінен әріптесіміздің азаматтық құқығы аяққа тапталып, денсаулығына зиян келген. Ойлы, салмақты, сараптамалы мақалалар жазатын журналистерді билік өкілдерінің «қол баласындай» қудалап, қолынан келгенін істеп бағуы фактілеріне жедел әрі заңды тосқауыл қоймасақ, еліміздегі демократия мен жариялылыққа зор нұқсан келетініне сенімдіміз;

Мұндай оқиғаның қайталанбауы тиіс. Демократиялық үрдістердің қоғамдық қатынастарда шешуші рөл атқару жолында тер төгіп жүрген журналистердің бұдан былай құқығы аяққа тапталып, мемлекеттік органдар мен лауазым иелерінің әртүрлі заңсыз әрекетінен жәбір көруі көпшіліктің наразылығын тудыратын келеңсіз құбылыс, оның тамырына балта шабылуы керек;

Негізгі кәсіби қызметі жазу болып табылатын журналистерді сыни материалдар жазғаны үшін ғана қудалау, тіпті орынсыз айыптаулар тағу, таңу, яғни жала жабу дегеніміз - жариялылықты бесігінен тұншықтыру. Оған жол беруге болмайды!

Журналисті жұмыстан босатумен қоса, журналистерді қудалаудың тағы бір оңтүстіктікте кең тарай бастаған әдісі - олар жұмыс істейтін БАҚ-тардың жабылып немесе белгілі бір журналисті түбегейлі шеттету үшін БАҚ-тың қайта құрылымдануы болып отыр, бұл жай, өкінішке орай, құқық қорғау органдарының өзін, айталық, сот мекемелерін де кей жағдайда тығырыққа тіреп отыр. Таратып айтқанда, жеке басының мүддесін жоғары қоятын кей әкімдер бір адамды сындыру үшін бүкіл сот жүйесіне қарсы шығып отырғандарын пайымдай алмайды;

Облыс әкімі кадр саясатында Қазақстанның зайырлы және демократиялық мемлекет екенін ескеріп, қоғам мен билік арасындағы көпір әрі демократияның белгісі БАҚ-пен жұмыс істей алмайтын, сын  мақаладан қорытындыны сол мақаланың авторын жұмыстан аластату арқылы шығаратын облыстағы кейбір әкімдердің, бүгінгі жағдайда М.Марайымның іс-әрекетіне заң аясында баға беріледі деп сенгіміз келеді;

Білікті әріптесіміз Ж.Мұқанов аудандық газетте аудан әкімі М.Марайымның қатысы бар одағай іс-әрекетіне орай сыни мақалалар жазды. Ол мақалаларда Ж.Мұқанов аудан әкімінің ар-ожданына кір келтіріп, жеке басының ар-намысына тиетін сөздер жазған жоқ. Болған істі нақты деректер мен дәйектер арқылы дәлелдеген. Елбасы өз сөзінде мемлекеттік қызметкерлерге «Жазылған жайдың шындыққа сай келмейтінін сот арқылы дәлелдеңдер, дәлелдей алмасаңдар, жұмыстан кетіңдер» деген болатын. М.Марайым өз ісін әділет жолымен емес, тамыр-таныстықпен қызмет бабын пайдаланумен дәлелдеп бақты. Тағы бір сорақысы, жеке басқа тиер артық сөз жазбаған Ж.Мұқановты жұмыстан кеткен соң, аудандық газет бетіне «алаяқ», «газет тілшісі емес, журналистика саласына қызмет етпейтін жағдайға жеткізілсін», «ауданнан шеттетілсін» («Шардара тынысы», 2010 жылғы 17 желтоқсан) деген сөздермен әдтелген мақалалар шығартып, дерегі емес, өсегі көп мақалалардың жариялануына мұрындық болған. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету арқылы әлемге үлгі болған Қазақстандағы тұрақтылық әрі заң үстемділігінің кепілі Елбасының жергілікті жердегі өкілінің «елден қуу керек», тіпті «журналистикада жұмыс істей алмайтын жағдайға жеткізу керек» деуі біздіңше, М.Марайымның шын бейнесін, не мәселені де тізеге салып шешуге бейім болмысын айқын көрсетіп тұр;

Қара қылды қақ жарып, жемқорлыққа қарсы зерттеу мақалаларын бұлтартпастай жазатын тәжірбиелі маманды, аға журналисті журналистикадан кетіру дегеннің өзі ақылға сыйымсыз әрекет. Қазіргі демократияны былай қойғанда, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейтін бабалар қағидасынан алшақ кеткен аудан әкімдігінің журналистерге қатысты ұстанған саясатына тегеурінді қарсылық танытпасақ болмайды!

Көзбен көру арқылы көңілге түйіп, өз кейіпкерлерімен күнде көрісіп, елге жақын жүретін әріптесіміздің соңғы уақытта басында қалыптасқан жағдайға зер салған  жоғары сынып оқушысы «Журналист болмаймын! Көріп тұрғаныңды жаза алмасаң, жаза қалсаң, алапес сияқты атанып, елден қуылатын болсаң, журналистикасы бар болсын» депті ата-анасына. Қорыта айтқанда, жөнсіз, жосықсыз іс-әрекетімен аудандағы моральдық-психологиялық ахуалды барыншы шиеленістіріп жіберген әкімге тосқауыл қоймасақ, бұл жаман өнеге арамшөп сияқты қаптап, бүкіл елге жайыла беретіні анық. Тағы бір өкініштісі сол, облыс көлеміндегі аудандық газеттердің ең өткірі, ең шыншылы әкім қолдап ұйымдастырған шырғалаңға түсіп отыр.

«Жұмабек Мұқановты қорғау» қоғамдық бастамашыл тобының мүшелері:

Захардин Қыстаубаев, жазушы, журналист, Қоғамдық бастамашыл топтың төрағасы;

Сейітқазы Матаев, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы;

Ғалия Әженова, «Әділ Сөз» ұйымының өкілі

Қойшыбай Есентаев, «Республика.кз» және «Ел» газеттері қарасты «Ел медиа» ЖШС-ның директоры,

Мереке Құлкенов, «Өлке» баспасының директоры

Жүсіпбек Қорғасбек, «Жас өркен» ЖШС-ның бас директоры;

Мұрат Қожамқұл, «Астана» телеарнасы бас директорының орынбасары

Серік Жанболат, «Алаш Айнасы» газетінің бас редакторы;

Қали Сәрсенбай, «Алматы Ақшамы» газетінің бас редакторы;

Балтабек Түйетай, «Еркін сөз» газетінің бас редакторы;

Ғалымжан Елшібай, «Жас алаш» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінің меншікті тілшісі;

Дәрменбай Шәріп, «Ардақ» газетінің бас редакторы;

Әбдез Иманқұлов,  ҚР Журналистер Одағы ОҚО филиалының төрағасы

Ғани Қалмахан, Қазақстан телеарнасының  ОҚО-ғы тілшісі;

Шадияр Молдабек, «Заң», «Алаш Айнасы» газетінің ОҚО-ғы тілшісі;

Төлтебай Жарқынбек, «Алтын ұя» газетінің редакторы;

Ұлықбек Үміт, «Замана» газетінің тілшісі

Сұлтанбай Нұрхан, ақын;

Аман Жайымбетов, «Барыс» газеті бас редакторының орынбасары;

Әзімхан Құлбаев, «Замана» газетінің тілшісі;

Бастаманы қолдайтын азаматтар саны күннен күнге артуда.

www.masa.kz

Түпнұсқадағы тақырып: «ҚР Конституциясы М.Марайымның қойын кітапшасы емес, ойына не келсе, соны шимайлай беретін!

Немесе журналиске жұдырық ала жүгіру етек алып барады!»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435