Мәдина Сәдуақасова: «Бақытты әйелмін деп айта алмаймын...»
Кешегі қыз... емеспін
- Мәдина, мынау қытымыр өмір адамды әрқашан күреске жетелеп отырады ғой. Ендеше, махаббат мүйісінен сен туралы жаңалық естір күн қашан?
- Жауабымды бір көрініс арқылы айтайын... Бірде «Алматы - менің алғашқы махаббатым» деген концерттік бағдарлама «Тақиялы періште» фильмінің желісіне ұқсатылып қойылды. Сонда әртістік образға енген Нағима Есқалиева «ұлы» Марат Оспановқа қыз іздеп, ән салып тұрған менен: «Мәдина, сіздің тұрмысқа шыққыңыз келе ме?!» - деп сұрайды. «Әрине, келеді!» - деймін мен. «Ендеше, менің ұлым бар ғой...» - дейді Нағима. «Кешіріңізші, менің оған ешқандай уақытым жоқ», - деп, жүгіріп кетіп қаламын. Көрдіңіз бе, менің қазіргі жағдайым дәл осы көрініске сай келеді...
- Бірақ уақытым жоқ деп жүрген кезде, жастық шақ деген құрғыр зымырап өте шықпай ма...
- Әрине, табиғат заңына дер кезінде ілесіп, жартыңды тауып, балалы-шағалы болғанды кім ойламайды? Мен де ойлаймын. Өйткені мен кешегі 20-25 жасар қыз емеспін... Бұған дейінгі күйеуім табиғатыма, жаныма жақын болғаннан кейін өмірлік серігім деп сенген едім. Бірақ адам ойлағанымен, Алла шешеді деген рас екен. Өз келісімімізбен екі жаққа кеттік. Ендігі жерде өткенімді ұмытып, жаңа өмірді бастадым. Өйткені 2010 жылы бұл тақырып мен үшін мүлде жабылды.
Кешегі қыз... емеспін
- Мәдина, мынау қытымыр өмір адамды әрқашан күреске жетелеп отырады ғой. Ендеше, махаббат мүйісінен сен туралы жаңалық естір күн қашан?
- Жауабымды бір көрініс арқылы айтайын... Бірде «Алматы - менің алғашқы махаббатым» деген концерттік бағдарлама «Тақиялы періште» фильмінің желісіне ұқсатылып қойылды. Сонда әртістік образға енген Нағима Есқалиева «ұлы» Марат Оспановқа қыз іздеп, ән салып тұрған менен: «Мәдина, сіздің тұрмысқа шыққыңыз келе ме?!» - деп сұрайды. «Әрине, келеді!» - деймін мен. «Ендеше, менің ұлым бар ғой...» - дейді Нағима. «Кешіріңізші, менің оған ешқандай уақытым жоқ», - деп, жүгіріп кетіп қаламын. Көрдіңіз бе, менің қазіргі жағдайым дәл осы көрініске сай келеді...
- Бірақ уақытым жоқ деп жүрген кезде, жастық шақ деген құрғыр зымырап өте шықпай ма...
- Әрине, табиғат заңына дер кезінде ілесіп, жартыңды тауып, балалы-шағалы болғанды кім ойламайды? Мен де ойлаймын. Өйткені мен кешегі 20-25 жасар қыз емеспін... Бұған дейінгі күйеуім табиғатыма, жаныма жақын болғаннан кейін өмірлік серігім деп сенген едім. Бірақ адам ойлағанымен, Алла шешеді деген рас екен. Өз келісімімізбен екі жаққа кеттік. Ендігі жерде өткенімді ұмытып, жаңа өмірді бастадым. Өйткені 2010 жылы бұл тақырып мен үшін мүлде жабылды.
- Бір сұхбатыңызда: «Мен бақытты әншімін, бірақ бақытты адаммын дей алмаймын», - деген екенсіз. Бұл пікіріңіздің сыры неде?
- Кейбіреулер «адам бақыты» мен «әйел бақыты» дегенді бір қалыпқа салып қарайды. Негізінде, екеуі екі бөлек түсінік болса керек. Ол жерде мен: «Бақытты әншімін, бақытты адаммын», - деген едім. Себебі, өз Қазақстанымда өмір сүріп жатырмын. Ата-анам, бауырларым аман-есен, өз тірліктерін істеуде. Айналам толған - танымал адамдар. Олармен тілдескеннің өзі бір бақыт болса, бұдан қалай серпілмейсің?! Сондай-ақ Құдай маған көрікті кейіпті де, әдемі үнді де бере салған! Демек, ер адамдар қарамайды емес - қарайды, сөз айтпайды емес - айтады. Жасыратын несі бар, мен қазір әйел ретінде жалғызбын. Өз жартымды кездестіре алмай жүргендіктен, бақытты әйелмін деп айта алмаймын.
- Ендеше, қазақта нар тұлғалы азаматтар көп қой, жартыңызды қандай кейіпте көргіңіз келеді?
- Бұрын мен сүйгенім мынадай болса деп, өзімше өлшем жасайтынмын. Ал өмір көрген соң, мұның барлығының түкке тұрмайтынын түсінеді екенсің. Менің жартымда әкеме ұқсас қасиеттер болса деймін. Себебі, әкем өте шынайы, еңбекқор, таза жан. Отбасына, тірлігіне жан-жүрегімен берілген. Әлі күнге әке-шешем бір-бірін жақсы көреді. Сонда біз оларға қарап, «ескірмеген махаббат» деп күлеміз.
- Жуықта ғалымдар ерлі-зайыптылар жұбын таңдайтын ерлер емес, әйелдер екенін дәлелдепті...
- Адам психологиясын түпкілікті білу мүмкін емес. Ол ешқашан дәлелденбейді. Әрине, өз басым, сүймеген адаммен тек отбасын құру үшін бірге бола алмаймын. Яғни мен оған, ол маған ғашық болған кезде ғана қосыламын. Ал махаббатта сүю - бір бөлек, ары қарай өмір сүре алу - басқа жағдай.
Жұлдыз - маған суық
- Жаңа жыл басталды, жаңа жоспарлар қандай?
- Бір қызығы, менің жоспарларым аяқ астынан құрылып жатады. Дегенмен ең бірінші кезекте Азиаданың ашылуына комментатор ретінде қатысуым мүмкін. Ал концерттік бағдарламада әнін Павел Ли, сөзін Асқар Дүйсенбі жазған «Қазақ жастарының әнұраны» әнін орындаймын.
- Жаңа жыл қарсаңында «Серпер» жастар сыйлығының иегері атаныпсыз, құтты болсын!
- Рақмет! Бұл жетістік 2010 жылдағы атқарған жұмыстарымның бағасы іспеттес. Өйткені өнер жолында жүргеніме 15 жылдай уақыт болыпты. Бұл біреуге аз, біреуге көп. Былтыр Астанада «Аяулы арман» деген атпен алғашқы концертімді өткіздім. «Екі жұлдызға» қатысып, тәжірибе алдым. Спортшылар қандай болады деуші ем, оны жоба барысында Бақыт Сәрсекбаев арқылы білдім. Ол өте тамаша азамат екен. Шанхайда өткен Бүкіләлемдік көрмеде өнер көрсеттім. Ал Қарағанды қаласында Қарақат Әбілдина екеуміз «Ал, құрбым» атты концерт бердік. Осындай есте қаларлық сәттер көп болды.
- Сіздің кейбір газет-журналдарға өкпеңіз бар екен...
- Қазір тек басылымдар ғана емес, телеарналар да әншілерден бір ілік іздейтін сияқты. Бізді халықпен байланыстырып отыратын журналистер емес пе? Олардың кейде болған нәрсені бұрмалап жариялайтындары ұнамайды...
- Мәселен...
- Айгүл Иманбаеваның туған күн кеші болды. Сонда отырғанда, әйтеуір бір сөзімді іліп алып: «Мәдинаға Айгүлдің туған күні ұнаған жоқ», - деп жазып жіберіпті. Ал бұл жағдай Айгүл екеуміздің арамызда түсініспеушілік тудырды. Сондай-ақ, өткенде бір журнал «Мен Мәдина Сәдуақасовамен оянам» дегізіп, Айқынды жалаңаш күйінде шығарып қойыпты. Мұндай жоқтан бар жасаған сенсацияның керегі не?
- «Жұлдыз ауруын» 18 жасыңызда басыңыздан өткеріпсіз, «айығу» қиын болған жоқ па?
- 1999 жылы ауылда жүргенде топты жарып, Республикалық «Жас қанат» байқауында бас жүлдені жеңіп алдым. Елге оралғанымда, жергілікті телеарналар күндіз-түні мені көрсетті. Әкімдік қызметкерлері күтіп алып, алғыстарын айтып, сыйлықтарын беріп Аы. Сол жылы Қызылорда облысының «Жыл адамы» атағын алдым. Мұндай жағдайда 18 жастағы қыздың басы айналмағанда қайтсін. Қайда барсам - ел таниды, ал танымағандарға ренжитінмін. «Жұлдыз ауруы» деген осы екен. Бар жетістік бір сәтте үйіліп-төгілгенде, кімде-кім осы кезеңді бастан кешеді деп ойлаймын. Меніңше, сол сәттерден ешкімді ренжітіп алмай, өзіңді-өзің «жұлдыз» сезініп өтіп кету керек. Ал жастық шақтағы «жұлдыз ауруы» жалғаса берсе, адамның психологиялық ауытқуға ұшырауы мүмкін.
- Ал қазір өзіңізді «жұлдызбын» деп толық айта аласыз ба?
- Өзімді «жұлдыз» деп аталатындарға жатқызғым келмейді. Яғни жұрт алдында мені «жұлдыз» дегеннен гөрі, «танымал әнші» деп аталғанды ұнатамын. Өйткені жұлдыз көкте, бірақ оның жаны жоқ. Суықтық жансыз нәрсеге тән. Ал менің жаным, жүрегім бар. Адамдарға жылы нұр, шуақ сыйлағым келеді. Енді «жұлдыздай жарқырауға» келсек, мен үнемі жарқырап тұрамын деп айта алмаймын. Сахнадан тыс уақытта бетіме еш бояу жақпай, қарапайым жүргенді ұнатамын. Жұмыс киімімді киіп, көлігімді тазалаймын. Ал көпшілік орталарға, сахнаға «Мәдина Сәдуақасова» болып жарқырап шығамын!
- «Баланың жақсы болуы - нағашыдан» дейді. Сіз Мұқағалидың Қарасаз жұртына жиен екенсіз...
- Анамның есімі - Күлтай. Балабақшада тәрбиеші болып қызмет атқарады. Ақынның барлық өлеңін жатқа біледі. Тәрбиеленушілері байқаулардың жүлдесіне ие болып отырады. Ал нағашыларымның сол өңірден екенін мақтанышпен айтқаныммен, Қарасазға әлі барған емеспін. Ол жерден шақырту күтпеймін, өзім баруым керек. Жасыратыны жоқ, ол жақта концерт қоюға сескеніп те жүрмін. Кешімді кішігірім залда емес, табиғат аясында өткізгім келеді. Дегенмен репертуарымда Мақатаевтың бір-ақ әні бар екен, үлкен жинақ жасап алма-йынша, ол өлкеге бара алмаймын.
- Ажарыңызды ашып, халыққа танытқан «Махаббат жалыны» әні екенінде дау жоқ. Бірақ сол әніңізге түсірілген бейнебаян өзіңізге ұнай ма?
- Адамның көңілі еш нәрсеге толмайды екен. Бәлкім, жаратылыс солай шығар. Бейнебаянға үңілсем, сол кездегі деңгейімді көрем. Дегенмен кешегі Мәдинаға қарап, ыстық сағыныш тербейді жанымды. Ал бүгінгі таңда мен - мәдениетті, көркем, білімді, білікті ортада жүрген басқа Мәдинамын. Шегімнен шықпай, ылғи жинақталып жүремін. Өйткені тыңдармандарға, тіпті кекіл қойып еліктейтін кішкентай қыздарға үнемі өз деңгейімде көрінуім керек.
Ауылға жаным ашиды
- Ал біздегі шоу-бизнеске көңіліңіз тола ма?
- Меніңше, эстрадалық шоу-бизнестің мәдениеті өте жоғары. Ал мәдениеттің негізі сыйластықта жатыр. Әр әншінің өз орны, өз аты бар. Яғни «үлкенді - үлкен, кішіні - кіші» деп қадірлей алатынымызға сенімім мол. Тек қана мемлекет тарапынан үлкен концерт ұйымдастырылмайтынына налимыз.
- Өнер иелері үшін мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтың салмағы қандай?
- Ешқандай көмекті көріп жатқан жоқпыз. Әр әнші өз бетімен жүр: «сен қайда жүрсің», «үй-жайың, жағдайың қалай», «қайда тұрып жатырсың» деп, ешкім де сұрамайды. Әйтеуір бір қуанатынымыз - өнер адамдарына кеңшілік берілген. Не істегіміз келеді, соны жасаймыз. Кейде ойлаймын: бәлкім, қажетімізді өзіміз сұрамаймыз. «Жыламаған балаға...» деген бар ғой. Мен аздап жуастау қызбын. Егер батылдық танытып: «Маған бір бөлме беріңізші» немесе «Концерт өткізгім келеді», - десем, ешкім маған қарсы болмайтынына, көмектесетініне сенемін.
- Қоғамның бір мүшесі ретінде қандай жағдайға бейжай қарай алмайсыз?
- Ауыл мәселесіне! Ол маңайдағыларға көңіл әлі дұрыс бөлінбейді. Оны гастрольдік сапар барыстарында көріп, біліп жүрміз. Жұмыс істеймін дегенге қалада орын бар, ал ауылда... Егер қолымда билік болса ауыл тұрмысын гүлдендіруге, мемлекеттік қызметтегі адамдардың айлығын көтеруге күш салар едім.
- «Атымды қазақ десе, мақтанамын» дейтіндей, ұлт рухы көтерілді ме? Тіл мәселесі шешімін тапты дей аласыз ба?
- Ағаларым: «Кезінде қоғамдық көліктерге кіргенде қазақша сөйлеуге ұялушы едік, енді қазақтар орысша сөйлессе, ала көзбен қарайтын шаққа жеттік», - деп отырады.
Бүгінгі күнді Кеңес үкіметімен салыстыру мүмкін емес. Қазақ тілін үйренуге деген қызығушылық орыстарда да пайда бола бастады. Олардан айырмашылық болуы үшін, ана тілімізді жай ғана емес, тарихымызға, ділімізге, дінімізге мән беріп, құнарлы сөйлеуіміз керек. Бізде: «Мен қазақпын! Қазақстан деген мемлекетте қазақ деген тілім бар! Жеті атамды білем!» - деген мақтаныш бар. Бұл - рухтың оянуы!
- Сахна сыртындағы көрерменге әншінің ішкі дүниесі беймәлім. Бірақ әнші Ақбота Керімбекова: «Орыстілді әншілер мен қазақтілді әншілер бөлініп алған. Олар бізді «мамбет» деп атайды», - дейді. Шынымен, солай ма?
- Мұндай жағдайлар болды. Жейтін наны да, тыңдарманы да бір - халық еркесіміз. Өнерімізді бір сахнада көрсете тұрып, «бөлінушілік» дегенді түсінбеймін. Қазақтілді әншілерге «менсінбеушілік» бар дегенге де еш негіз жоқ. Бұл пікірді әншілер өздері шығарып алған. Орыстілділер қазақша ән айтуға қызығады, талпынады. Өзара сыйластық, тіл табысу болған жерде қайшылық туындауы мүмкін емес. Мәселен, менің репертуарымда орысша «Далеко» деген бір ғана ән бар екен, «мамбет» десе, мен-ақ болайын онда...
- «Тележүргізушілікте Мәдинаның бойында жасандылық байқалады» деген сыни пікірге қандай уәж айтасыз?
- Бұл - «Таңғалмаңыз» бағдарламасына байланысты айтылған пікір. Басында ойнақы түрде, басқа образға енуде біршама қиыншылықтар болғаны рас. Кәсіби актерлердің жанында жасандылықтың байқалмай қалуы мүмкін емес. Бірақ Азамат Сатыбалды мен Жанатбек Байтековтің арқасында бойымдағы бұл қасиетті мүлде жойдым. Бағдарламада осы екі азаматтың тигізген көмегі көп болды.
- Әнші Мейрамбек Бесбаев екеуіңіз дуэт құрмақшы едіңіздер...
- Кездескенде «дуэтіміз қашан болады» деп күліп қоямыз. «МұзАрт» - қазақ елі үшін ғасырда бір болатын топ емес пе? Ал қазір Мейрамбектің де, менің де өнеріміздің жанып тұрған шағы. Дуэт, әрине, болады. Әзірше уақытымыз сәйкес келмей жатыр.
- Болашақта кітап жазатын ойыңыздың бар екенін білдік. Тақырыбы қандай?
- Бұл «танымал тұлғалармен кездескенде алған әсерлерімді кітап етіп жазсам» деген қиялдан туған ой ғана еді. Тіпті ұялып қалдым ғой! Өнер иелерінің қиялға берілетін сәттері көп емес пе?! Мен Мағжан Жұмабаевтың туындыларын өте жақсы көремін. Яғни сезімге жақын, лириканы, романтиканы сүйетін нәзік жанмын. Сондай-ақ жай ғана әнші емес, кәсіби психологпын. Кез келген адамның жан-дүниесі мені ерекше қызықтырады. Мейлі, ол бастық, мейлі, маскүнем болсын... Көптен бері тележүргізуші ретінде көрініп жүргенім белгілі. Жұмысыма көптеген сын да айтылды. Сондағы түйгенім: маған білім жетіспейді екен. Қазір білімімді толықтыра түсу үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде «радио және тележурналист» мамандығы бойынша оқып жатырмын. Бұйырса, осы жылы диплом аламын.
- Газет оқырмандарына не айтар едіңіз...
- Қазақстанның әрбір адамы жақсы өмір сүруге лайықты. Жаңа жылда жақсылықтарға үміт артып, биіктерге ұмтыла берейік. Өтірік-өсекке ұрынбайтын, шындықтың майын тамызатын баспасөз беттері жақсы жаңалықтарға тола берсін!
Әңгімелескен -
Ардақ Иманбекқызы,
«D»
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 02 (85) 19 қаңтар 2011 жыл.