Жұма, 22 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 6908 18 пікір 27 Наурыз, 2018 сағат 14:54

Батыс орыс тыңшыларынан тазарып жатыр. Біз ше?..

Батыс пен Ресейдің арасы алшақтаған үстіне алшақтай түсті. Бұған себеп – Ресей Бас барлау басқармасының бұрынғы тыңшысы, полковник Сергей Скрипальдің улануы болды.

Наурыздың 4-і күні Британияның Солсбери қаласында экс-барлаушы Сергей Скрипаль мен оның қызына жүйкені зақымдайтын у  берілген. Химиялық қарудың зардабы сол маңайда жүрген тағы 19 адамға тиді. Лондон бұл қастандықтың артында Ресейдің тұрғанын айтып, айып тақты. Корольдік онсыз да ел-жұртқа сүйкімі кеткен Кремльдің 23 дипломатын елден қуатынын айтты. Олар Ресей елшілігінің қызметкерлері еді. Сомадай бастары сопайып, сүмірейген күйі елдеріне қайтып жатқан Ресей елшілігінің дипломаттарын ақтап алуға Кремль қауқарсыз екенін көрсетті. Жоқ, өткен жолы ғана көзжасам сайлауда көзіне жас алып тұрып, қайтадан Президент болған Путин, Британия таққан айыпты мойындамайтынын ашық айтты. Иә, ол ондайды ешқашан мойындамайды. Естеріңізде болса, 2015 жылдың ақпанында Кремль қақпасының қақ алдында өзінің басты оппоненті Борис Немцовты атып өлтіргенде де «естімедім, көрмедім» деген Путин ғой ол. Украинаға әскер кіргізбедім деп міз бақпаған бетпақ қой ол. Бұ жолы да сазарып отыр. Дегенмен, Ресей химиялық қару қолданды деген нақты айыпты Бриятания билігі таққаны тағы рас.

Енді әңгіменің өзегіне көшейін, осы Скрипальге жасалған қастандықтан кейін Еуроодақ елдері Ресейге санкцияны күшейтті. Әуелі, Британия бастап Ресей елшілігіндегі дипломаттарды елден қуа бастады. Енді соларды рет-ретімен тізімдейік:

АҚШ

АҚШ – 60 орыс саясаткерін депорттау туралы шешім қабылдады. Олардың ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымында жұмыс жасайтын 12 адам бар. Талап бойынша Кремль кадрлары 1 аптаның ішінде түйіншектерін түйіп, артынып-тартынып, боқшаларын арқалаған күйі елдеріне кетуі керек. Оған қоса Сиетлдегі Ресейдің Бас консулдығы жабылатын болды.

Канада

Канада билігі де Британиядағы болған жайдан кейін сақтық шарасы ретінде орыс елшілігіндегі 4 саясаткерді елден шығару туралы шешім қабылдады. «Біз Ресейдің 7 саясаткеріне қатысты іс қозғаймыз. Соның ішінде 4 дипломатты елден шығарамыз. Олар өздерінің елшіліктегі қызметін пайдалана отырып, тыңшылық жасағаны анықталды». Бұл Канада Үкіметінің ресми сайтындағы ақпар.

Еуроодақ

Еуроодақтың 14 елі де Кремль шипондарын шекара асырып жіберу туралы шешімге келді. Еурокеңестің төрағасы Доналд Туск твиттерінде былай деп жазды: «Алдағы уақытта тағы басқа да шаралар қабылдануы мүмкін». Орыс елшілері мен елшіліктегі қызметкерлерін елден қуу туралы шешімді нақты қабылдаған елдер: Германия, Латвия, Чехия, Нидерланды,  Польша, Италия, Эстония, Дания мен Франция және т.б. тізім міне:

АҚШ – 60 адам, Британия – 23 адам, Украина – 13 адам, Германия, Польша, Франция мен Канада - 4 адамнан, Литва мен Чехия – 3 адамнан, Нидерланды, Дания, Албания, Испания мен Италия – 2 адамнан, Латвия, Эстония, Хорватия, Румыния, Венгрия, Финляндия, Швеция мен Норвегия – 1 адамнан депортациялайтын болып келісті. Ұзын-ырғасы 22 Мемлекеттен 136 орыс саясаткері қуаланды.

Әрине, Думадағы депутаттар дүрлігіп жатыр. Дүрлікпей қайтсін, жер әлемге сүйкімі кеткен жоқ па... Рас, Ресей өзін еуропалық мемлекет санағанымен, шын мәнінде еуропалық өркениетке жатқан емес. Себебі тағы түсінікті.

Біз кейде Ресейдің саясатын, Кремльді билеп-төстеп отырған Владимир Путиннің саясатын сынағанда – Сталин жолын жалғаушы, жоғын жоқтаушы, қабір басындағы шырақшы дейміз. Путин орыс ұлтшылдығын әспеттеді. Соның бір көрінісі – қазір Ресейде ультранацистер тобыры пайда болған. Олар тоңмойын, диалогты дебат деп түсінетін, келісімге кербаққан, жаңалыққа жаны қас тобыр. Путин идеологиясы тәрбиелеп өсірген тобыр. Міне, сол тобырдың топбасылары Думада отыр. Жай отырған жоқ, өзге жұртқа өктем сөйлеп, өкпесі ісігенше өжеңдейтін олар жаңағы шпиондарды қуған елдерді қарғап-сілеп отыр.

Өркениетті елдер қой терісін жамылған қасқырдай, дипломат кебін киген КГБ тыңшыларын тырқыратып қуып жатыр. Бұл бірінші рет емес. 1986 жылы АҚШ президенті Роналд Рейген ресейлік 80 дипломатты еліне қайтарған. Арада 15 жыл өткенде, 2001 жылы Жорж Буш 50 орыс дипломатын тыңшылық жасады деп айытады. 2016 жыл. АҚШ тағы 35 ресейлік саясаткерді тыңшылық жасағаны үшін елден қуып шықты.

Путин тізгініндегі қазіргі Ресей міне осындай халде. Ол аз десеңіз, экономикалық санкцияның төпесінен экономикасы тәлтіректеп барып тізерлеп қалғаны тағы рас. Бірақ, оны сезер орыс жоқ. Себебі, ертелі-кеш ақпараттық идеология елдің есін улап жатыр. Өздеріне тең жоқ бұл дүнияда. Соған сенеді тағы. Сенбейтіндері сенделіп кеткен баяғыда-ақ. Ал шын мәнінде қазіргі Ресей жар басындағы жыртық лашық секілді. Қатты дауыл тұрса әлгі лашықтың дал-дұлы шығары анық. Жоғарыда байқағанымыздай, сол дауылдың ұшқыны байқала бастағаны сияқты. Ал мұндайда путиндік Ресейдің қауқарсыз халін жасыру үшін айналасына айбар шегетін ескі жыны бар.

Тарихқа үңілсеңіз патшалық Ресейден күні бүгінге дейін билік басына ұрда жық, тоғышар топ иелік етуде. Кеңес күйреген соң бар айбарынын айрылған Ресей барша әлемге жауығумен күн кешуде. Қолдарындағы қаруларын қоқаңдатып, доқ көрсету арқылы жан-жағын үйрейге бөлегенді жеңіс деп түсінетін тоғышарлығы тағы бар.

Анығы, Ресейдің кез келген саласы әлдеқашан тоқыраған. Шын мәнінде, тек ТМД елдері ғана сескенетіні болмаса, Еуропаның оларға түкіргені бар. Балтық жағалауындағы елдер әлдеқашан ресейлік фобиядан құтылған.  «Ресейдің жері қаншалық үлкен болса, соры соншалық қалың» деген сөз бар еді. Сол дөп басып айтылған.

Тақырыптың өзегіне қайта оралайық. Жоғарыда Еуроодақтың 22 елі, соның ішінде АҚШ пен Канада өз елдеріндегі орыс тыңшыларын қуып жатыр дедік. Ал сіз сол тыңшылардың біздің елде жоғына сенесіз бе?

Сөз түйіні. Көзі қарауытқанның қасына үйір болмау керек, кесірі тиеді...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5266