Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3413 0 пікір 5 Ақпан, 2011 сағат 10:02

Үмітжан Жапар. Жасөспірімдер қайда асығады?

Бала өз еркімен бұл дүниемен қош айтысты. Өмір көрмеген жастың ажалға соншалықты асығуына не себеп? Фәни жалғаннан баз кешіп, о дүниеге асыққан жасөспірімді мұндай қадамға не итермелейді?

Бала өз еркімен бұл дүниемен қош айтысты. Өмір көрмеген жастың ажалға соншалықты асығуына не себеп? Фәни жалғаннан баз кешіп, о дүниеге асыққан жасөспірімді мұндай қадамға не итермелейді?

Соңғы уақытта өз-өзіне қол жұмсаған қыз-бозбалалардың көбейіп кеткені мәселені тереңнен талдап, тығырықтан шығудың жолдарын іздеуге мәжбүрлеп отыр. Өйткені суицид туралы айтқанда, ең алдымен статистика ауызға алынып, «кім кінәлі?» деген сұраққа жауап ізделінеді. Бірақ та мәселенің мән-жайына барып, себеп-салдарын анықтап, шешу жолдарын қарастыру көбіне-көп қалыс қалуда. Ал «Аман-саулық» қоғамдық қоры өткізген жиынға жиналған мамандар «суицид - жетім қалған «жанның» (душа) жанайқайы» дейді.
- Өкінішке қарай, әлем бойынша Қазақстан суицид жөнінен алғашқы орындарда тұр. Адамды суицидке итермелейтін көп факторлар бар. Бұл салалық - педагогикалық, медициналық немесе әлеуметтік мәселе емес, ол - қоғамның дерті. Қазіргі кезде мүғалімдерді немесе медициналық құрылымдарды кінәлап жатады. Сайып келгенде негізгі себеп - тәрбиеде, отбасында жатыр. Ал ата-ананың сол балаға қаншалықты көңіл бөлгендігіне мән бермейміз. Әке мен баланың арасында эмоционалдық байланыс бар ма екен? Баласының мұндай қадамға барғаны ата-анасы үшін неге күтпеген жағдай болды? Ең бірінші осы сұрақтар қойылуы керек. Содан кейін ғана басқа себептерге бас қатыру қажет, - дейді Республикалық ғылыми-тәжірибелік психиатрия, психотерапия және наркология орталығы директорының орынбасары Николай Негай.
Өрімдей жас өзіне қол жұмсағанда ата-ана - мектепті, мектеп - ата-ананы кінәлауға бейім. Немесе балаға дұрыс білім бермеген, тәрбиесіне көңіл бөлмеген, оқушыға қысым жасаған - мектеп мұғалімдері болып жатады. Бірақ ешқайсысы да өзіне үңіліп, кінәні өзінен іздемейді, себебіне үңілмейді. Ал себебі әртүрлі болуы мүмкін. Отбасындағы кикілжіңнен бастап, адам психикасының бұзылуына дейін. «Неге?» деген сұраққа жауап іздеген кезде, ең бірінші - материалдық жағдайдың нашарлығынан деп ойлаймыз. Алайда осы мәселемен талай жылдан бері айналысып жүрген мамандар материалдық жетіспеушілік - суицидке апаратын ең соңғы себеп екендігін айтады.
- Жасөспірімдер арасындағы суицид туралы кең көлемде зерттеу әлі жүргізілмеген. Сондықтан халықаралық зерттеулерге жүгінеміз. Осы зерттеулерге сүйенсек, суицидке барған балалардың айтуынша, мұндай қадамға итермелеген ең бірінші себеп - отбасындағы түсініспеушілік болған. Бұдан басқа факторлар бар әрине, дегенмен ата-ана мен баланың арасындағы түсініспеушілік бірінші орында. Сондай-ақ әке-шешенің ішкілікке салынуы да әсер етеді. Отбасында баланы қалай тәрбиелейтіні де маңызды. Егер баланы өте қатты ұстаса немесе бетінен қақпай, өз еркімен жіберсе де, мұндай тәрбие жолдары өз-өзімен үйлесім таппаған тұлғаны қалыптастырады. Екі жағдайда да бала суицидке бейім болуы мүмкін. Сондықтан ата-ана ең бірінші баласын қалай тәрбиелеп жатқанына мән беру керек. Суицидке бейімділік - өмір бойы сақталатын қасиет. Ондай адам қиын жағдайларда өмірімен қош айтысып кетуі мүмкін. Жанұядағы жағдайдан басқа, тұлғааралық қақтығыстар, жауапсыз махаббат та суицидке әкеледі. Материалдық қиыншылықтар ең соңғы орында тұр, - дейді Наталья Распопова. Яғни, бала үшін ақшаның жоқтығы мен қарынның аштығынан гөрі, жан жылуының жетіспеуі мен мейірімге шөлдеу ауыр. Алматы қалалық балалар құқын қорғау департаменті директорының орынбасары Владлена Ермолович та материалдық жетіспеушілік басты мәселе емес екендігін айтады. Алматы қаласы бойынша соңғы үш жылда 18 бала өз еркімен фәнимен қош айтысқан. 90 пайыздан астамы - жағдайы жақсы отбасынан шыққан балалар. Өйткені «балалардың жаны жалғыз». Бірақ жас отбасына баланы қалай тәрбиелеу керектігін ешкім үйретпейді. Қазіргі қоғам отбасы құндылықтарынан айырылып, әке-бала-немере сабақтастығын жоғалтып алды. Ата-аналарға қалай «үй болып кетуді» үйрететін кітапшаларды тәжірибеде тіптен қолдана алмайсың. Мамандардың айтуынша, толық емес отбасынан шыққан балалар өз-өзіне кол жұмсауға бейім тұрады. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың психотерапия және наркология кафедрасының ассистенті Айгүл Нашкенованың айтуынша, көп балалы отбасынан шыққан балалар да, олардың ата-аналары да суицидке бармайды: «Суицид туралы айтқанда, тұлға ретінде қалыптасқан ересектер мен қарттар туралы да айтпай кетуге болмайды. Егер жылына 200-ден аса бала өмірін қиса, жалпы алғанда 4000-нан аса адам суицидке барады. Яғни 2 сағатта 1 адам өз еркімен дүниеден өтеді. Ересектер арасында ажырасқандар суицидке көбірек барады». Сондай-ақ мемлекет тарапынан шешілуі тиіс мәселелер де көп. Қиын жағдайға тап болған жасөспірім көмек сұрап баратын орындар жоқтың қасы. Тек үкіметтік емес ұйымдардың күшімен жұмыс жасап тұрған «150» сенім телефоны бар. Білім беру департаменттерінің қасынан ашылған сенім телефондары тек жұмыс күндері қызмет көрсетеді. Ал баланың қай уақытта, қай жерде қиындыққа тап болатыны белгісіз. Елімізде жасөспірімдерге жан-жақты көмек көрсете алатын ұлттық саІІ-орталығының жоқтығы - мемлекет тарапынан дұрыс көңіл бөлінбей жатқандығының белгісі.
- Өз өмірін қию өте өзекті мәселеге айналғандықтан, біздің орталықта мемлекеттік бағдарлама жасалып жатыр. Ол жалпы жұртшылықты қамтып, арнайы психо-медициналық көмек көрсетуді елге жақындастыруға арналған. Өйткені халық психолог пен психиатрға жүгінуді ар санайды. Сондай-ақ пациенттер мен дәрігерлердің арасында кедергілер бар. Сондықтан осы бағдарлама аясында психиатриялық ауруханалардан тыс дағдарыс орталықтары мен емханаларда психологиялық көмек көрсету орталықтарын құру көзделген, - дейді Республикалық ғылыми-тәжірибелік психиатрия, психотерапия және наркология орталығының суицидология және эпидемиология бөлімінің меңгерушісі Наталья Распопова. Ал «Дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ басқарма төрайымы Зүлфия Байсақова әр сала өз бетінше жұмыс істеп, бас біріктіре алмай отыр деп пайымдайды. «Ведомство аралық бірлестік жоқ. Білім беру саласы өзін ақтаса, денсаулық сақтау саласы өзінше бір бағдарлама жасап жатыр. Меніңше, бәрі бірігіп ортақ бағдарлама жасауы керек. Жұмыстың көптігіне қарамастан, мамандар суицидке бейімі барларды байқап отыру керек. Оның өзіндік белгілері бар. 100 пайызын анықтамасақ та, кейбіреуінің алдын алуға болады».

«Айқын» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406