Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2840 0 пікір 7 Ақпан, 2011 сағат 22:35

Тұрысбек Сәукетаев. Құдық түбіндегі көкбақаның зары

Құдық түбіндегі көкбақаның зары немесе асфальтті таптаған «тракторлар» мен аспанды улаған «АН-2»

Құдық түбіндегі көкбақаның зары немесе асфальтті таптаған «тракторлар» мен аспанды улаған «АН-2»

Д.Исабековтің «Общественная позиция» апталығының 2010 ж. 1-желтоқсандағы санында жарық көрген «Қазақ әлі ұлт боп қалыптасқан жоқ» («Казахи как нация еще не сформировались») атты сұхбатын  айттым-бітті, кестім-үзілді айғайлаған тақырыбын оқығаннан-ақ  ішіміз ит жыртқандай іріп, «аяғы жаман төрді былғайды, аузы жаман елді былғайды» деген көне мақал еріксіз көкейімізде көлбеңдеді. Білгіш ағамыз: «... мы как нация еще не сформировались... пока остались на уровне толпы, прошлого, средневековья», яғни ұлт емес, орта ғасырлық тобыр деп үкім шығарып, тайқы маңдайына таңба басып берсе де қайран қазекем дәл осы мақалды дөп басып тауып айтқан секілді. Дулат көкем, жоқ, менің аузым таза, «Колгейтпен» шөткілеп күніне үш мәрте жуам деп дау айтуы мүмкін, жуса жуар, бірақ әлгіндей сөз шыққан ауызды өз басым жұпар аңқып тұр деп айта алмаймын. Біреудің атасын немесе, шымкентшілеп гәпірғанда, шешесін алты қырдан ары асырып тастауға болар, бірақ кешегі әлемді тітіреткен Алтын Орда империясының тікелей мирасқоры, түбін түгендесең ғасырлар тереңіне кететін, ұлы мәдениет жасаған Баба Қазақты «тобырсың» деп тепсініп төбесіне түкірген мен-мен парықсыздыққа сізді қайдам, ағайын, ешқандай жүзге де, руға да қатысым жоқ, осынау ғазиз халықтың кішкентай бөлшегімін, қаршадай перзентімін деп жүрген мен қорланып отырмын.

Соңғы уақытта түзу отырып қисық сөйлейтін әдет таптық қой. Біреуді мұқатпасақ, біреумен алыспасақ ішкеніміз бойымызға тарамайтын болды. Өзімізден басқаның бәрі жаман, түгел кәкәй. Әсіресе жазушы қауым бірін-бірі жамандап жағадан алғанда алдына жан салмайды. Тірісі түгілі, өлісін көрден суырып алып, боққа аунатып жатыр. Ғабитіңізді «кәрі сайқал» деп қара тақтаға іліп қойды. Сәкен, Сәбитіңіз... қанға қолын малған қарақшы. («Үш қоңыр» дейтін жаңадан шыққан жас пері газетті қараңыз.) Соның бәрінен міне, Духаң ағамыз асып түсті. Ол кісі «Үш қоңырдағы» әпербақандар сияқты жеке-дара жер қаптырып оқ шығындамайды, жазушыларыңызды әкесін танытып «оптом» бір-ақ ұрады. Бүкіл Жазушылар одағын, ондағы 700 мүшені бастық-мастықтарымен қоса істен алғысыз ғып күресінге лақтыра салған соң айызың қанып Жекебатыр демеске әддің қайсы? Көпшілігінің жазғаны «макулатура», өздері «графоман» деп жиіркене мұрнын тыржитқанда қосыла лоқсығың келеді. Өңкей «графомандардың» «макулатурасын» оқи-оқи әбден қажып сақал-шашы ағарған көкеміз қамқорлықпен алды-артындағылардың қылт еткенін қалт жібермей қадағалайтыны соншалық, тіпті Одақтың аппаратындағы «шошқа тағалап» қалғып отыратындардың кітап деп «телефон анықтамасын» әкелетіндерді мүшелікке ала салатынына дейін біліп қойыпты. Неткен қырағылық десеңші! Есіп-шалқыған көкеміздің көзіне алды-артында өзінен басқа жан көрінбейтін болғаны-ау, сірә. Сонда соңғы лекпен мүшелікке қабылданған, әлбетте, Духаң сияқты болмаса да, әдебиетіміздің болашақ ауыр жүгін көтерісетін З. Жұманова,Ж.Құлиев, Ғ. Әріп, Ж. Шәкен, Қ.Сәрсенбай, Р.Қосбармақов, Д.Қыдырәлів, Қ.Біләл, Ә.Салықбаев, С. Байменше, С. Рахметұлы т.с.с талантты іні-қарындастарымыздың прозалық кітаптары, жыр-жинақтары «телефон анықтамасы» болғаны ма? Немесе халыққа әбден танымал М. Жолдасбеков, Б. Әдетов, Д. Мұсанұлы,  З. Қоңырова, М. Тоқашбаев т.б  сынды бесаспап қаламгерлеріміз «макулатура» жазатын «графоман» ба? Біз Д.Исабековтің бірталай жақсы-жақсы әңгіме-повесть жазған жақсы жазушы екенін білеміз. А. Володиннің «Старшая сестра», «Ночной гость», В. Токареваның «Памятник» пьесаларын өте иждаһатты оқып «Әпке», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Ескерткіш» т.б. тамаша-тамаша пьеса жазған танымал драматург екенін де білеміз. Бір тараптан, өмірге тым шырқау биіктен қарайтын айрықша талант иесінің көзіне төмендегі қыбыр-жыбыр пәндәнің жазып-сызғаны «телефон анықтамасы» болып көрінуі әбден кәдік-ау.

Жә, қайдағы бір жеті жүз жазарманның жырын қойшы, тәйірі. Бұл ағаңыз жер бетіндегі он миллион қазақтың өзіне азуын білеп Айға шауып отырған жоқ па. Қазақты көрге тығып басына сұңқылдатып құран оқып тастапты. Енді не қалды? Жүз қалды, ру қалды. Ура, жасасын тобырлар! Сіз бен біз енді ұлт емес, тобыр  болдық, ағайын. Исабековтің мөр басып, хаттап берген аксиомасы осы. Амал жоқ,  ол кісінің өзін де  ендігі жерде «тобыр жазушысы», «Тобырстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты»  дейтін шығармыз? Данышпан Лениннің ғылыми айналымдағы ұлт туралы христоматиялық сипаттамасына біздің ағамыз пысқырмайды, әлде диамат пен  тарихи материализмнің әліп-биінен бейхабар ма, қисыны қызық, әйтеуір. Әлдебір облыстың  әлдебір көрбілте әкімі басшы қызметке тек өз жүзінің адамдарын қойыпты деп тас-талқаны шығады. Әңгімені содан өрбітіп бүкіл қазақты біраз жерге апарып тастайды. Өйтіп «қазақтың битіне» бола «европейский дубленкаңызды» отқа жағуға бола ма? Мәселеге ол тұрғыдан келетін болсақ, дүниеде ешқандай ұлт жоқ, бәрі тобыр, мәселенки әлемнің әміршісі боп отырған еврейлердің өзі әртүрлі нәсілден құралған, тілі де, түрі де бөлек, тек евреймін деп соққан бір жүрек бәрін тастүйін тұтастырып тұр. Империяның тірегі орыстар да тамбовтықтар, москалдар, пензалықтар... боп өз ішінен қырық қиқым. Путиннің өзі Мемлекеттік Думаның қос Палатасының төрағасынан бастап ықпалды  құрылымдардың басына өз жерлестерін отырғызып қойған жоқ па? Туысымыз татарлар қазандық, мишер, сібірлік, қырымдық боп бөлінеді. Өзбектер де солай. Бірақ ешқайсысы біз милләт емеспіз, тобырмыз деп даңғара қағып жатқан жоқ қой. Рас,  трайбализм - қазақ қоғамын кеңірдектеп келе жатқан қатерлі дерт, өз алдымызға ел болып еркіндік алғанда жеткен ең үлкен «жетістігіміздің» бірі осы. Көсемдер салған сара жолмен сырғытып тарта берсек жетер жеріміз белгілі. Рушылдық - қазақтың тарихи санасы емес, отаршылдардың жіберген вирусы, іштен іріту үшін ауық-ауық соны қоздырумен келді. Ең өкініштісі, қазіргі ұлттық билік жаудың жымысқы саясатын сол қалпында қайталап одан сайын өршітуде. Ұйтқысынан айрылған тобырды бір-біріне үрит-соқтап қойып емен-еркін билеп-төстеу ең оңтайлы тәсіл. Д.Исабеков айтқандай, қазақ «ортағасырлық тобыр күйінде» қалып қойған жоқ,  шын мәнінде қаны да, жаны да бір, сүйегіне сызат түспеген асыл текті  қазақты нағыз кемеліне келіп шалқитын бостан заманда берекесін  пышыратып ұлтсыздану процесі жүріп жатыр. Патриот, жауынгер, қайраткер т.т. жазушы күнде қолға түсе бермейтін қадірменді Елбасымен жүздескенде «Мұңлық-Зарлыққа» кесене салдырам, соған жүз миллион керек, ол ақшаны басқалар жеп қояды, «Тағлым»» деген өзімнің қорым бар, соған тікелей аудартсаңыз екен деп алақан жайғанша, өзі жазған ескі ертегілердің ұзын-сонар мазмұнын гәпірғанша («Түркістан» газеті, 25.11.2010ж.), «Мұңлық-Зарлықтың» зарынан гөрі қазіргі қазақтың зарын айтып, әлеуметтік-рухани өміріміздегі ділгір мәселелер төңірегінде салихалы сөз қозғап, Үлкен кісіге ой салуы керек-ақ еді. Керісінше, Елбасының алдынан шабыттанып шалқып шыққан Духаң қазекеңді «тобырсың» деп төбесінен дүңк еткізіп сұлатып салды.

Жалпы, біздің игі-жақсыларымыз төсіндегі  сылдырмақ сөлкебейлерін пұлдап, қымс етсе Президентке шауып баратын әдет тапты. Бизнесіне ақша сұрайды, шен-шекпен сұрайды, бала-шағасына үй сұрайды... Облыс-аудан әкімдеріне жуып кетсе де солай. Әбден ығыр болған жұрт жазушы, әртіс көрсе, аладорбасы алдына түскен сұраншақ тіленші  келе жатқандай күндік жерден үрейленіп тұрақашатын дәрежеге жетті. Бұл өзі көп боп ойласып, тосқауыл қоймаса, асқынып бара жатқан сорақы құбылыс. Бәрінен бұрын сұрағанның жөні осы екен деп, көкеміздің Президентке барып Одақтың басшылығы маған ұнамайды , ауыстырыңыз деп қолқа салғаны қай сасқаны? Сонда  жүздеген жазушының ерік-қалауы, сайлау құқы қайда қалады? Оу, көкелер-ау, Президент Конституция мен Ұлы мәртебелі Демократияның Бас  Гаранты емес пе? Жазушылар одағы - қоғамдық ұйым, жоғарғы органдары - Құрылтай, Конференция, Пленум бекіткен өз Жарғысы бойынша қызмет атқарады. Әлдекімдердің амбициясына қарай жығылу міндет емес. Демократияның ең қарапайым һәм ең қасиетті принципі- азшылықтың көпшілікке  бағынуы. Оны белден баса салам деу құр әурешілік.  Сыңаржақ мәліметтермен Үлкен кісіні арандатпақ болғаны қалай? Ағамыз  қазақты  ортағасырлық тобыр деп  ұйғарған соң Елбасын да ортағасырлық санадағы  феодал Хан көргені ме? Әйтпесе осындай өтінішпен барудың өзі, бері айтқанда, Ол кісіні басыну, ары айтқанда, қорлау емес пе?

Құдай бұйыртса, келесі Құрылтайдың да төбесі көрініп тұр. Дулат ағамыздың Құрылтай алдында ылғи да белсенділік танытып шиыршық ататын қашаннан әдеті. Өткенде де солай болған, қазір де солай. Әуелі «жау шаптылап» оңды-солды газеттерге сұхбат беріп, елді дүрліктіру. Содан кейін  Жоғары жаққа ашық Хат жазу, Президентке бару... Бәрі таныс сценарий. Биыл да «Петицияға» қол қойғандардың түгелге жуығы - сол баяғы сүйегі сықырлаған ескі «гвардия», қайтпайтын қайсар күрескерлер. Жаңадан қосылған жас талап  7-8 фамилия бар екен, олардың дені «сыртымыздан сүйкей салыпты»  деп өз қолдарынан бас тартып отыр. \М. Тоқашбаев, Қ. Әбілов, И. Иса, Б. Тобаяқов т.б.\ Өткен Құрылтайда да осы кісілердің  «Үндеуінде» аты-жөні  жазылған көптеген делегат мұндай  жалақорлық акциясына еш қатыстары жоқ екенін  көзбе-көз жария түрде айтып, масқараларын шығарып еді, жауыр болған жабайы тәсіл шекелеріне тимей-ақ қойды, әйтеуір. Асыға күткен Құрылтай да келер. Өткен жолғыдай «қотыраштардан» қол жинап, кеткен есесін қайтару үшін көкеміз бәлкім тағы да бақ сынап көрер? Бірақ ол кісідей классик болмаса да, ілдебайлап «макулатура» мен «телефон анықтамасын» жазып жүрген «графомандар» шынымен тобыр болып кетпесе, Одақтың қасиетті төріне жолата қояр ма екен?

Кейде қазаққа қарсы жоспарлы түрде әлдебір қастандық әрекеті жүріп жатқандай көңілді қорқыныш билейді. Байтақ жеріміз бен көл-көсір байлығымызға көзінің құрты түскен сыртқы жаудың тиірменіне су құятын өз ішіміздегі нигилистер  те аз емес. Әне, «қожық-божықтар» осы жылы Орал қаласында Кіші жүз қазақтарының сиазын өткіземіз деп екі етегін  беліне қыстырып шапқылап жүр, мына жақта «көшектер» ойбай, кіші жүздер биліктің бәрін басып алды, президент жалғыз қалды, Ұлы жүз, оян, ойбай, атқа қон деп тамағын жыртып ол жатыр. Іле-шала солардың шашбауын көтеріп Дулат ағамыз «қазақ ұлт емес, тобыр» деп жаудың аузына сөз салып  берді. Осыдан кейін Қазақстандағы орыс-казактың «көсемі» - атаман захаровтар: «Орыс болмаса, қазақтар өз бетімен мемлекет бола алмайды» деп тайраңдамағанда қайтеді. Осының бәрі ойланбай жәй айтыла салған  ұщқары сөз бе, әлде қазақты іштей бөлшектеп тоздыру үшін жасалып жатқан жымысқы әрекеттің көрінісі ме?

Егер Д.Исабековтің «қазақ әлі ұлт болып қалыптасқан жоқ... ортағасырлық тобыр» деген сөзін орыс не басқа біреу айтсыншы, қос құлағы төбесінде тікірейген ұлт... то есть тобыр патриоттары тұп-тура намыстан жарылып өлер еді және солардың қақ ортасында айғай сап Духаң көкем жүреріне сенімім кәміл. Жириновскийді дуэльге шақырған Хасен Қожа-Ахметше тосын әрекетке бармаса да бір-екі газетке  дереу сұхбат беріп сасық ауыз сұмпайыны  сұлатып салары айдан анық. Жайшылықта елге-жерге, тілге  қатысты сәл нәрсеге дүр ете қалушы еді, түбінен бір-ақ қиып тамырын үзген соң енді «тобырға» тілдің, ел-жердің  не керегі бар деп ойлай ма екен, әртүрлі деңгейдегі патриоттар әзірге тым-тырыс. Әлде Президент: «Саммит өтсін. Екеуіміз емін-еркін отырып сөйлесеміз» деген соң, тағы не айтар екен деп әліптің артын баққан сыңайы болар. Амандық болса, екінші раундтың нәтижесін де кезекті сұхбаттан естірміз. Тек аңыз кейіпкерлеріне кесене соғу, С.Мұқановтың «Балуан Шолағын» баяндап беру сияқты бесінші... оныншы қатардағы актуальді әңгімелермен Үлкен кісінің алтын уақытын рәсуаламаса болғаны да. Бәлкім, «тобыр» болса да қазақтың бұлыңғыр болашағын айтар. «Қазақстан Республикасы» деп әу бастан түйеміздің жүгі ауып еді, ақыры «Қазақстан халқы» боп тындық. Елдің, жердің байырғы қожасы қазақтың статусы санақтағы бес чукча, он нивхамен бірдей болды. Уран- орыстікі, мұнай- қытайдікі, шекара сызығынан бұйырғанын місе тұтпай «бота» көз көршіңіз тағы 2 млн.га жерге рапс егем деп өңмеңдейді. Мыс- корейдікі. Көретін киномыз да корейдікі, миллиардеріміз де корей... Ол аз десеңіз, Оңтүстік Кореяның жоғарғы оқу орындарында қазақ тілі жедел оқытылып жатыр. Ким - Чон, Цой - Хондар  Бақыт, Сәуле болып, Қазақстандағы Корей қауымдастығының көмегімен өз білімдерін ары қарай жетілдіруде. Қытайда да сондай  шара  қолға алынып жатуы әбден ықтимал. Басқаны былай қойғанда, баспасөздегі соңғы дерек бойынша, бір ғана Алматының өзінде бес мың қытай « махаббаттың» құдірет-күшімен күйіп-жанып қазақ қыздарына үйленіпті. Құдай қаласа, жиен «ел» болып, «қуаныштан» төгілген көзжасымыз көл болып  әлі-ақ жырғайтын шығармыз. Бұл - рухани экспанцияның басы деген сөз. 20-30 жылдан соң корей - керей боп, қытай - қызай боп азиялық жіңішке есеппен  арамызға сіңісіп, басымызға әңгіртаяқ ойнатпасына кім кепіл?.. Айтам десе сөз көп қой, көшелі көкеміздің аузына сөз салу біздің не теңіміз. Әлде, көпшілік жазушы қауым атқарып отырған ісін толығымен қолдап-қуаттайтын Одақты ілік тауып тағы да жерден алып, жерге сала ма екен? Өз қаламдастарына күл шашқанда не барқадар таппақ? Мен білетін жиырма жылдың ішінде Одақтағы іс-шараның бір де біріне қатыспаған, ылғи да сырттан айғай сап жүретін осы ағамыздың тірлігіне таң қаламын. Шын жанашыр, күрескер болса, кеше марқұм Қ.Найманбаев, Т.Әбдіков, Б.Қойшыбаевтар Одақтың бүкіл мүлкін сабақты жібін қалдырмай сатқанын сатып, ту-талақай талан-таражыға салғанда қайда қалды, неге шырылдап арашаға түспеді? \ Әсіресе Шығармашылық үйдің жаншошырлық бейнесі әлі көз алдымызда. Бомба түскен үйдей, есік-терезесі үңірейіп, шатырдағы қаңылтырдан бастап едендегі төсенішке дейін тоналып, «Горный Гиганттың» мауыққан  қыз-жігіттерінің жынойнағы мен әжетханасына айналып еді ғой. Одақ мүлкін осындай күйге жеткізгені үшін бұрынғы басшылар жазаға тартылуы керек еді, керісінше кейбірі жоғарылап өсіп кетті. Ұят-обалды ойлаудың орнына, енді міне, бәрі ұмытылды деген дәмемен, қайта жалданып, айналасына топ жиып айғайшыға дем беріп жүр.\ Өзі айтқандай, «өлік шығаратын үйге» де жарамай қалған Одақтың ғимаратын, қолды болған басқа да мүлкін қайтарам деп Оразалиндер табанынан таусылып 6 жыл соттасып, кінәлі топтың кесірінен сот шығынына 4 миллиондай теңге төлеп (бұл жазушы қауымның ақшасы ғой, әлі де сотқа жүгініп, Одақ басшылары тым либералдық таныта бермей, айыптыдан өндіріп алуға болатын шығар) 49 рет сотқа барғанда неге көлеңкесін көрсетпеді? Енді келіп, Одақ еңсе тіктеп, алпыс екі тамырына  қан жүгіріп жұмыс істей бастағанда, тарғыл мысық сияқты «шаңырақтағы еттің сасығын-ай» дейді. Бәрінен бұрын  дүние-мүлікті ту-талапай қылып, бәрін былықтырған Одақтың бұрынғы «адал» басшыларымен бір төбеде табысып сүрең салып жүргені өкінішті-ақ.

Совет үкіметінің ақырып тұрған кезінде ұя бұзбас мом-мақан-ақ кісі еді, бұл ағамызды бұзған - Горбачевтің демократиясы. Желік бітіп содан бері әлі айғайлап келеді. Әуелі Одақты бөлшектейтін жікшілдік қозғалысына белсене атсалысты. «Әли баба және қырық қарақшы» атанған топ басшыларының бірі болды. Ақыры «бекзат» жазушылардың ПЭН клубын құрып тынды. Бірақ ол ұйым не тындырып жатыр, дүние-мүлкі қандай күйде - бейхабармыз - «айдалада - ақ отау, аузы-мұрыны жоқ отау». Менің қайран қалатыным, өзі бір басшысы боп отырған элитарлық клубты Дулат ағам көркейтіп-дүрілдетіп, жұртта қалған жаман Одақпен жағаласа бергенше «жұмыс істеген, міне, былай болады, көкештерім!» деп өнегенің көкесін көрсетпей ме... Тоқтаңыз, ондай майда-шүйдені қайтсін, ағамыз құлашты кеңге сермеп, кесек турағанды жақсы көреді. Жүз миллионға кесене соғу өз алдына, аталмыш кездесуінде Қазақстандағы демография мәселесін қалай шешу жөнінде Президентке ақыл да қосады. «Билл Гейтстің менде ақшасы болса, соны қазақ халқының санын өсіруге  жұмсар едім...Арнайы жер алып, егіс егіп, арнайы елдімекен салатын болса, сол жерде үш миллион\?\ жас отау құратын болса \астын сызған біз-Т.С.\ , бас-аяғы  он-онбес  жылда он миллионға жетеді...» дейді \  «Түркістан газеті», аталған номер\. Бәрекелді, ғажайып қиял. Біріншіден, жер бетінде  ондаған ғасыр жасап, өмір бойы  он миллионға жете  алмай келе жатқан қазақты  «бас- аяғы он-онбес жылда» тағы да оп-оңай он миллионға өсіре салатындай баланы балағынан битше домалататын ол не деген асл тұқымды ұрпақ? Екіншіден, үш миллион жас отау бір жерге иіріп қойып, күзде күйек түсіріп, көктемде төл алатын отар-отар «архар- меринос» па екен?  Тұрмыс-күйдің жоқтығынан қазақ бала таппай  жүр ме? Заманауи үрдіс, сана, менталитетті  қайда қоясыз? Көпке уағыз айтқаннан гөрі  әркім өзінен бастасын. Мәселен, Қазақ телевидениесінің Бас директоры болған, табысы көл-көсір «Жазушы» баспасын басқарған, тағы көптеген шұрайлы төбеге қонақтаған ішегі майлы, іші мәйекті ағамыздың баршылықта мелдектеп өскен өз ұрпағы «Қазағымызды көбейтіңдер» деген әкесінің, атасының... зарын тыңдай қояр ма екен?

Қазір жақсыға да, жаманға да оппозиция бола кету- кейбір ағайынға оңтайлы поза. Қазақ -  қалтасында ақшасы, қолында билігі бар жуан жұдырық әлдебір дөкей немесе айғайшыл шоумен патриот емес, жалпылама ұғым, жәй бір абстракция. Ол туралы не айтсаң да жараса береді. Осы күні баурындағы баласын тәрбиелеуге шамасы келмейтін  кей шіркіндер шертиіп ұлтқа ұстаз болып жүр. Шайдың қызылы жақпай қатынына қыржиса, есіктегі құлындай қазаққа зекиді. Жоқшысы жоқ жетім қазақтың мүддесі кім - көрінген табанын сүрте салатын табалдырықтағы шүберекке айналғандай. Оңтайына  қарай сілтей бер- біресе тілін жоқта, біресе өзін боқта (тобыр дегенін айтамыз). Бәрі де өзіңді елге көрсететін жарнама. Жо-жоқ, мың ойланып, жүз толғанып тереңнен түйген философиялық аксиоманы жарнама үшін айтылған жеңіл сөз деп арзандатудан әсте аулақпыз. Ойлап отырсақ , көкеміздің Қазаққа да, Одаққа да өкпелейтін орыны бар екен-ау. Ана бір жылдары Қазақстан Парламентінің беделін көтеру үшін депутат болам деп белсенгенде, қазекем де қызық-ау, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып: «әуп, азаматым!» деп аяғын үзеңгіге салып жібергенде де ғой, бүйтіп тобыр атанып, жыртиған көзіне топырақ шашылмас еді. Тауы шағылғанмен, Қазақ телевидениесінің 3,5 мың қызметкерін бір шыбықпен иірген, «Жазушы» баспасының  табысын судай тасытқан, Мәдениет институтының мәйегін кілкітіп жамбасы жұмсақ креслоға үйреніп қалған көкеміз кішігірім мекеменің тақылдаған тақтай орындығына қалай көндіксін. Ең болмаса Одақ Төрағасының креслосы болса бір сәрі. Көңіл шіркін күркіреп төске шапқанмен, «графомандар» жолында сұлап жатып алған жоқ па. Әйтсе де «шығасыға иесі басшы» деген рас-ау осы. Біз көргенде түсі қашып, қатты абыржып әлдекімге есеп бергендей телефонмен сөйлесіп залда отырған сияқты еді, өзі темекі тартып сыртта жүрдім депті ғой, не дегенмен сол темекісі құрғырды бекер-ақ тартқан екен, батылдығы жетіп Н.Оразалинмен бірге кандидатурасын ұсынғанда екі дауыс болса да алар ма еді, бәлкім? Жалпы, біздің ұққанымыз, қазақ ұлт болу үшін, графомандар макулатура жазбай, «Мұңлық-Зарлық», «Бақыт құсы» сияқты Елбасы сағат бойы жалықпай тыңдайтын тамаша  туынды жазып классик болу үшін Духаңдар «әйт» дегенде дүр етіп өре түрегеліп, «тәйт» дегенде бұғып жата қалу керек екен... Жарайды, қызыл сөзді қыздырмалатып біраз жерге кетіп қалыппыз, тізгінді сәл іркіп, алты алашқа сара жол сілтеген сұхбатқа қайта оралайық. Дулат көкем атақты тезисінен кейін арасына сөз қоспай «біз бұрын сен қай жүзденсің деп сұрамаушы едік» деп таң-тамаша болады. Біз де таң-тамаша боп отырмыз. Бүкіл қазақ ұлт емес, ортағасырлық тобыр боп отырғанда, ру-жүзін сұрамайтын «бізі» кімдер? Қоңырат қазаққа жатпаушы ма еді? Әлде Шыңғысханның нағашысы екенін бұлдағаны ма? Сенбейміз. Ежелдің ен-күнінде «ҚТ», «ДТ» деп қырылысып жататын осы кісілердің ауылы емес пе еді? Және бір жерінде «менің мұндайға (ру-жүзге-Т.С.) мән бермейтін достарым бар» дейді. Тағы да сенбейміз. Көкеміздің жан досы марқұм Ақселеу бір институттың білдей директоры боп тұрғанда, қателесіп кетпеу үшін, қол астындағы қызметкерлерінің тұсына Ұ.Ж, О.Ж., К.Ж.\Ұлы, Орта, Кіші жүз\ деп жазып қояды екен. Кейіннен сол «жол нұсқаушы» қағазы  бір сұғанақ журналистің қолына түсіп жалпақ елге жария боп кеткен жоқ па. Ондайға жаны қас болса, ағамыздың: «Ақселеу-ау, мынауың масқара ғой. Елдің жоқшысы боп жүрген сен бұлай істесең, басқаларға не жорық!» деп не кейігенін, не газетке бірауыз сөз жазғанын естіп-көрмеппіз.

Рушылдық -қазақтың қанына дарыған генетикалық құбылыс емес, әуелде отаршылдар жел жақтан үрлеп, кейіннен жекелеген мүдделі топтардың өз амбициясы үшін жас ұрпаққа жұқтырып жүрген саяси «тұмауы». Баяғыда орыс жайлаған Орал мен Арқаның, Терістік пен Шығыстың балалары ақ қағаздай жүрегін Алматыға келіп былғайтын, яғни Алматыға қазақ боп келіп, ауылына ру боп оралатын. Оқымысты көкелерімен сыйласа-сырласа жүріп, өздерінің қалай «ҚТ», «ДТ», «К-700», «АН-2» сияқты «трактор», «самолет» боп шыға келгенін білмей қалатын. Енді сол «тракторлар» Арқа төсіне өрлеп, ескі Ақмоланың жаңа асфальтін таптап, «АН-2»-лер аспанын улап жүр.

Тұнықты лайлап, тазаны былғап жүрген шала сауат, ергежейлі интеллигенттер. Аузына келгенін сөйлейді, сәл қолына тізгін тисе айналасындағыларды «Ұ.Ж.», «О.Ж.», «К.Ж.» деп бөлшектеп, ел ішіне алашылбыр салады. Өзі қалай болса, елдің бәрін солай деп ойлайды. Құдық түбіндегі көлбақаға аспан құдықтың аузындай боп көрінетіннің кері тәрізді, оларға жалпақ қазақ мешел, тобыр боп елестейді. Тобыр да, обыр да жекелеген азғындар. Оларды қаймана қазақпен шатастырмайық, ағайын. Әйтпесе Күршімнің қырындағы қойшы мен Құлсарының құмындағы түйешіде  бір-біріне деген тосырқау, жатсыну сезімі бар ма? Көрген жерде құда-жезде, нағашы-жиен боп төс түйістіріп шұрқыраса кетпей ме. Айналайын  аңқылдақ қазақтың шын  пейілі осы.

Халықтан үлкен ешкім жоқ, мейлі Ұлы Қаһанның нағашысы болса да одан әулие емес. Қалай дегенмен өзін әлпештеп төбесіне тұтқан  қазағын «тобыр» деп шырт еткізіп жерге түкіргенін түсіне алмадық.

Көкеміздің кемел сөзінен шабыттанып кеткен тілші бұдан былайғы жерде бір-бірімізбен: «Сәлем, мен Нұрсұлтан - Шапыраштымын; мен Базарқұл - Адаймын!» - деп амандасайық деп, танысудың жаңа үлгісін ұсыныпты. Ұзын сөзді қысқа қайырып біз де сол әдіптен жаңылмай: «Чао, Духа - Қоңырат!»

демекпіз.

Оқыдық, айттық, болдық.

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435