Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6134 0 пікір 16 Наурыз, 2011 сағат 06:24

Дос Көшім. Көзге күйік болған көк орамал немесе тағы да хиджаб мәселесі

...Бұл мәселе алғаш көтерілгеде адам құқын қорғаушы ұйымдардың жетекшілерімен, (олардың барлығы дерлік басқа ұлттың, басқа діннің өкілдері) пікір алыстым,  көзқарастарын білдім. Олардың барлығы бір кісідей «конституцияға қайшы бұйрық» деген тұжырымға келді. Соның артынша Әділет министрлігінің де Білім және ғылым министрлігінің бұйрығының ҚР Конституциясына қайшы келетінідігі туралы мәліметі жарық көрді. Сондықтан болуы керек, өз басым, бұл мәселеге нүкте қойылған болар деп ойлап едім. Алайда, соңғы уақытта, көптеген аймақтардан хиджабқа қатысты сан түрлі асыра сілтеушіліктер болып жатқаны байқала бастады. Демек не Әділет министрлігі Конституцияны дұрыс білмейді, не Білім министрлігі Әділет министрлігінің сөзіне пысқырып та қарамайды, не біздің еліміздің құқықтық мемлекет құрамыз деген ұраны бос сөз болғаны. Меніңше, бұл мәселенің нүктесі әлі қойылған жоқ, ең қызығы ол нүктені кімнің қоятыны да белгісіз.

...Бұл мәселе алғаш көтерілгеде адам құқын қорғаушы ұйымдардың жетекшілерімен, (олардың барлығы дерлік басқа ұлттың, басқа діннің өкілдері) пікір алыстым,  көзқарастарын білдім. Олардың барлығы бір кісідей «конституцияға қайшы бұйрық» деген тұжырымға келді. Соның артынша Әділет министрлігінің де Білім және ғылым министрлігінің бұйрығының ҚР Конституциясына қайшы келетінідігі туралы мәліметі жарық көрді. Сондықтан болуы керек, өз басым, бұл мәселеге нүкте қойылған болар деп ойлап едім. Алайда, соңғы уақытта, көптеген аймақтардан хиджабқа қатысты сан түрлі асыра сілтеушіліктер болып жатқаны байқала бастады. Демек не Әділет министрлігі Конституцияны дұрыс білмейді, не Білім министрлігі Әділет министрлігінің сөзіне пысқырып та қарамайды, не біздің еліміздің құқықтық мемлекет құрамыз деген ұраны бос сөз болғаны. Меніңше, бұл мәселенің нүктесі әлі қойылған жоқ, ең қызығы ол нүктені кімнің қоятыны да белгісіз.

Әңгіменің басын ашып алайық, өз басым, мұсылман дінімен бірге араб халқының мәдениетінің, өмір салтының, әдет-ғұрыптарының біздің ұлттық өмірімізге енуін қолдамаймын. Сондықтан бүгінгі әңгіме ХИДЖАБ туралы емес, хиджабқа ТИЫМ САЛУ мәселесі туралы болмақ. Хиджабты біреу қолдайды, енді біреу қарсы шығады, мәселе адамдардың сан түрлі пікірінде емес, Білім мен ғылым министрлігінің ҚР Конституциясын, адам құқығы мен еркіндігін бұза отырып,  адамдардың қандай киім киюге болатынын не болмайтынын реттеуге араласуы туралы болып отыр. Егер бұл бұйрық осы күйінде қоғам тарапынан «үнсіз қолдауға» ие болып қала берсе,  ертең әр адамға тән таңдау мен талғау мәселесін өкіметтің өз қолына алуы да ғажап емес. Естеріңізде болар, жас кезімізде шашымызды «битлз» етіп, жалбыратып, иығымызға түсіруге талпынғанда (біреуге жарасады енді біреулерге мүлдем келмейді...), талай мәртебе кластан қуылғанымыз. Ал 70-жылдардың аяғында ресторандарға галстуксіз кіргізбейтін де заң шықты. Заң қабылданды ма, әлде галстугі көп, бір ақымақ басшының бұйрығы ма, ол жағын білмейміз, бірақ бір галстукпен бірнеше студент ресторанға кіргеніміз есімде (алғашқы кірген жігіт, галстугін шешіп, терезеден екінші адамға береді, ол - үшіншіге дегендей...) Алматы тарихында күлкі мен мазақ болып ол да қалды.

Хиджап мәселесі, оны киген адамдарды оқу орнына жібермеу туралы әңгіме, ең алғашқы, осыдан бірнеше жыл бұрын (2004 жылы) Францияда көтерілді. Бұл түсінікті де болатын. Әлеуметтік деңгейі европалықтардан көш төмен араб жастарының ұйымдастырған бірнеше «шаңырақ шайқасы» Француздарға да, көне құрылықтың басқа мемлекеттеріне де ой салып, олардың үкіметтерін күн санап көбейіп келе жатқан келімсектердің діні мен мәдениетін шектеудің жолын іздеуге мәжбүр етті. Соның нәтижесінде демократияның туын алғаш көтерген Француз елі хиджабқа тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдады. Ал соңғы уақытта Европаның көптеген елдерінде мешіт салу мәселесі де жалпыхалықтық реферндумға қойыла бастағанын жақсы білеміз. Ал олардан мәдениеті төменірек көрші Ресей елінің астанасының тұрғындары референдумды ысырып тастап, «Мәскеудің мына жеріне мешіт салғызбаймыз» деп, көшеге де шықты. Ғаламданудың - батыстық өмір сүру салтының мұсылман әлеміне, шығысқа, одан қалса Азия елдерінің рухани дүниесіне қарсы бағытталған саяси күрестің ең бір қитұрқы тәсілі екені белгілі. Алайда, жау жағадан алғанда бөрі етектен дегендей, француздармен жағаласа жүріп, алғашқы соққыны біздің Білім және ғылым министрлігі берді. Меніңше, министрліктің кіндігін көрсетіп жүрген немесе мұрны мен ерніне, одан қалса кіндігіне  сырға салған оқушылар мен студенттерге тиым салудың (денсаулықтарын сақтауға бағытталған) жолдарын қарастырғандары көңілге қонымды болар еді...

Демек, біріншіден, хиджабқа қарсы бұйрықтың шығу себебін анықтап алуымыз керек. Ол көп те емес. Бірін бірі қайталайтын ойларды жинастыра келгенде, төмендегідей бірнеше себеп көрініс берді:

1. «Министрге немесе жоғарыдағы шенеуніктерге хиджаб ұнамайды, олардың ешқайсысы не өздері не балалары оны кимейді. Олар үшін хиджаб көзге шыққан сүйел сияқты»

- Адам құқығы мен еркіндігінің басты принципі - басқалардың құқығы мен еркіндігінің сенің құқығыңа бөгет болмауында жатыр. Біреулердің киген киімдері сенің талғамыңа сай келмеуі мүмкін, бірақ ол оның сол киімді киіп жүруіне тиым салуға негіз бола алмайды. Ең қызығы, кришнайттардың біз үшін мүлдем оспадарсыз көрінетін киімін киіп, бізге түсініксіз өлеңдерін қоғамдық орындарда айқайлап айтып жүргеніне қарсы (олар сол киімдерін жоғарғы оқу орындарында да киіп жүреді) ешқандай бұйрық қабылданған жоқ. Мүмкін, хиджаб кигендерге (және република халқының басым көпшілігін құрайтын мұсылман қауымына да) де қыздарымыздың үстіміздегі төсін ашып қоятын киімдері мен тізеден екі қарыс жоғары тұрған көйлектердің етегі ұнамайтын шығар.  Қысқасы, егер біз зайырлы мемлекет болсақ, біреулердің талғамына қарап, екінші біреулердің еркіне тиым салынбауы керек.

2. «Хиджаб мұсылман дінінің белгісі, көрсеткіші. Ал біз зайырлы елміз. Сондықтан жеке бір діннің белгісін пайдалануға болмайды. Бұл - біздегі сенім бостандығын жоққа шығарады»

- Егер хиджабты діннің белгісі, көрсеткіші  ретінде қабылдасақ, мектептер мен жоғарғы оқу орындарының алдына тексерушілер қойып, әрбір оқушы мен студенттің мойындарын тексеруіміз шарт. Олардың кейбіреулерінің мойындарына таққан крест - христиан дінінің белгісі, демек олардың білім мекебесіне кіруіне тиым салынуы керек. Шынында да, егер діннің белгісіне тиым салатын болсақ, барлық дінге бірдей қарауымыз керек қой. Әлде, мемлекет тек қана мұсылман дінінің белгілерімен күресуді мақсат етіп қойды ма?  Мүмкін, кейіннен мектептің алдында ер балалардың шалбарларын шешіп тексеруге де кірісерміз... Сол уақытта бір емес екі діннің де тамырына балта шабуға болады. (Бұл идеяны жаңа министрге сыйлаймын). 60-70-жылдары Кеңес өкіметінде жаназаға тиым салынып, коммунист болып, қызмет істеген талай қазақтың киімімен жерленгенін көпшілігіміз ұмытып кеткен сияқтымыз. Жаназаны жасырын шығару деген сөз ауыспалы мағынада емес, нақты мағынасында қолданылатын.

3. «Хиджаб - арабтың киімі. Қазаққа не қазақстандықтарға тән емес. Сондықтан біздер өзіміздің салт-санамызды, дәстүрімізді ұстануымыз керек. Хиджабқа тиым салу - араб дәстүрінің қазақ арасында таралуына қарсы әрекет»

- Ұмытпасам, 90-жылдардың аяғы болу керек. Жасарал екуміз Қызылорда облысында кездесу өткізіп жүрген болатынбыз. Бірде қонақ үйге Шіркейлі ауылының «Азат» қозғалысының басшысы және сол ауылдың халық сайлаған әкімі (және молдасы) бізді өзінің ауылына кездесуге шақыра келді. Кіріп келгенде-ақ үстіндегі киімі көзіме біртүрлі көрінді; Аяғында жұмсақ етік, қоңыр шалбардың балағы етіктің ішінде, жағасы қысқа тамағынан түймеленетін көйлек, қамзол мен қысқа шапаны, басында қоңырқай тақиясы бар екен. Бәрі де өзіне тамаша жарасып тұр. «Осы киіміңмен жиналыстарға қатысқанда біреулер бірдеме демейді ме?» - деген менің сұрағыма, жымия тұрып, былай дегені есімде: «Үлкен бір жиындарға не облыс әкімімен кездесуге келгенде олардың көмекшілері «Аға мынау киіміңізді тастап, кәдімгі адамдарша киініп келмейсіз бе» деп шып-пырлары шығады. Сонда мен: «Менің киген киімім - нағыз қазақтың киімі. Сенбесеңдер, Абайдың балаларымен түскен суреттерін қараңдар. Сол киім - менің үстімде. Ал сендердің костюм- шалбарларың мен қатып қалған ақ көйлек, ала галстуктеріңнің кімдікі екендігін білмеймін. Нағыз адамша киінген де менмін. Менің бұл киімім жүріп-тұруы көп жұмысыма да ыңғайлы»  деп жауап бердім деді. Хиджабтың арабтардың киімі екендігі рас, бірақ біз өзіміздің үстіміздегі киімді қазақтың киімі деп айта аламыз ба? Көшеде сәукеле тағып не жарғақ шалбар киіп жүрсек, бұндай сөздерді алға тартуға болатын да шығар. Алайда өзіміз толығынан европалық, батыстық үлгіге көшкеннен соң, басқа киімнің түріне қабақ шытудың өзі күнә сияқты. Меніңше, әңгіме БІЗ СИЯҚТЫ КИІНБЕГЕНДЕРГЕ  деген көзқарасқа тіреледі. Ал бұл - зайырлы мемлекеттің ұстанымы емес.

4. «Мұсылман дінінің қазақ арасында кең таралуы, терең енуі - қараңғылық пен надандыққа алып келеді. Хиджаб - осы таралудың нақты көрінісі. Біз Европаға, өзық мәдениет пен ғылымға бас бұруымыз керек. Хиджаб - орта ғасырлық деңгейге түсудің көрінісі»

- Орта ғасыр - Европаның ең бір қараңғы, адам айтқысыз надандық дәуірі екенін тарихтан жақсы білеміз. Ал мұсылман дінінің ғылым мен білімге, өркениетке деген дұрыс көзқарасы да даусыз шындық. Басына орамал таққан адамның ақылы кем болады деп те ешкімді сендіре алмайсыз. Бар пәле - ғасырлар бойы жүргізіліп келе жатқан иделологияда. Тарихтың заңы ма, әлде алланың бұйрығы ма, әйтеуір, елдердің не аймақтардың бірқалыпты дамымайтын заңдылығы бар. Египетте ғылым мен білім дамыған уақытта,  басқа құрылықтар, елдер мен өлкелер ұйқыда жатты. Араб мәдениеті әлемдік ғылымды, философия мен нақты ғылымды бұрын болып көрмеген деңгейге көтергенде Европа өздерінің сиқыршыларын отқа жағып жатқан болатын. Дәл сол уақытта ислам елдерінің білімді болуына хиджаб ешқандай кедергі келтірмеген сияқты. Меніңше, хиджабты қараңғылық пен надандықтың белгісі ретінде қабылдау - көзге көрінбей жүргізіліп жатқан ғаламдану майданындағы алағашқы ашық соққысы. Бұл - ұзақ та бітіспес күрестің бастамасы ғана.

5. «Мектептің ішкі заңына сәйкес қабылданған формаларды барлығы киіп жүруге міндетті. Хиджабқа тиым салу тек осы форманы сақтауға бағытталған бұйрық»

- Бұл жағдайда, хиджаб мәселесі тек қана мектептерге қатысты болуы керек те, форма киетін талабы жоқ жоғарғы оқу орындарынде бұл бұйрық өзінің күшін жоюы шарт. Ал қазіргі кезеңде хиджаб түгіл орамал тартқан студенттермен де «жанкешті күрестің» басталып кеткені бәрімізге мәлім. Мектепке хиджаб киіп келуге тиым салудың да нақты практикалық негізі болуы шарт. (Ондай болмаса Констиуция бойынша берілген сенім бостандығының бұзылуы болып табылады). Англияның бір қаласында  хиджабқа тиым салуды - химия сабақтарында тәжірибе жүргізген уақытта ұзын орамыл, көйлектің етегі өртеніп кету қаупімен байланыстырған екен. Хиджаб киетін оқушылар тек сол сабақта ғана киімдерін ауыстырып, басқа сабақтарда хидлжабпен жүре беріпті. Ал біздің минситрлік хиджабқа тиым салу жөнінде әлі күнге дейін ауыз толтырып бір ауыз нақты дәйек айта алмай отыр. Айтпақшы, 60-жылдарда АҚШ-тың бір штаты ер адамдардың галстук тағыуына тиым салған болатын. Ол тиымның басты дәлелі - адамдарға ит сияқты қарғыбау тағып жүруге болмайды-мыс...Күлкілі болғанмен, тиым салудың себебін дәлелдеуге тырысқандарына рахмет. (Айта кету керек, «Президент қарсы болған» деген дәлел өркениетті елдерде қабылданбайды! Тек күлкі боламыз)

Хиджаб туралы дау-дамай қыза бастаған уақытта Президент те осы мәселеге өзінің азаматтық пікірін айтып, отқа май құйғандай болды. Олай дейтінім, қазіргі жеке басқа табыну дерті қазақ қоғамын толық дерлік тұмшалап алған уақытта, Президенттің жеке пікірі - Конституциялық заңнан да жоғары деңгейде қабылданатыны белгілі. Әлі есімде, Мұқағали Мақатаев қайтыс болып, оның атын Пастер көшесіне бергенде де, Президент теледидардағы бір сөзінде «Пастер - талай миллиондаған жандарды ажалдан құтқарған әлемдік тұлға, оның атын алып тастаудың қажеттілігін көрмей тұрмын» деген сияқты ойын білдірген болатын. Әрине, қоғамдағы әрбір құбылысқа әр азамат өзіндік ойын, пікірін айта алады. Сондықтан болу керек, Алматы қаласының әкімшілігі де, мәслихат та бұл пікірді тыңдап алды да, ...құлақтарына да қыстырмады. Шынында да, Президент топонимиканың маманы емес, ономастиканың комиссиясының да мүшесі емес. Өзінің жеке ойын айтты да қойды. Ол кісінің айтқан әрбір ойын заң ретінде қабылдасақ, демократия дегенді жинап қоюға тура келеді. (егер Алматы қаласындағы көшелердің бәріне Пифагор, Аристотельден бастап, адамзатқа еңбегі сіңген адамдардың аттарын беретін болсақ, Абайдың атын қоятын көше тапай қалатын едік!)

Президент өзінің сөзін «Мен пәрәнжіге түбегейлі қарсымын» деп бастапты. Нұрекең сол  жерде ер адамдардың килт (шотландық ер адамдардың киетін юбкасы) кигеніне де қарсылығын айтуға болар еді. Себебі - Шотландиялық ерлер киетін әйелдер юбкасын қазақ жерінде киіп жүрген бір адамды да таппайсыз.  Дәл сол сияқты, өз басым, қазақ жерінде пәрәнжі киіп жүрген бір әйелді де көрмеппін. Қоғамда кездеспеген нәрсеге қарсылық білдіру арқылы Президентіміз өте ыңғайсыз жағдайда қалды деп ойлаймын. Немесе осы сөзді естіген шетелдік азаматтардың көпшілігінде «қазақтарда пәрәнжі кең тараған киім түрінің бірі екен» деген ойдың қалыптасуы да ғажап емес. (Бораттан құтыла алмай жүргенде, әлемге тағы да күлкі болармыз). Президент екінші сөйлемінде «Әсіресе студенттер мен оқушы жастардың хиджаб пен пәрәнжі киіп жүруіне қарсымын» депті. Пәрәнжі жөнінде өз ойымызды айттық, ал енді хиджабқа тоқталайық. Себебі, түсінбестік басы - осы ХИДЖАБТЫҢ мәні мен мағынасының нақтыланбауынан туған сияқты. Пікір жарыстырудың алдында кез келген сөздің не құбылыстың мағынасына келісіп алуымыз шарт. Ресей теледидарынан «хиджабты» түсіндірген бір ғалым әйелдердің екі көзі ғана көрінетін, аузы мұрны тұмшаланған суретті көрсетсе, енді бір жерде денені түгел жабатын, тек қана бет-ауыз бен алақан ашық қалатын киімнің түрін «хиджаб» деп түсіндіреді. Ал біздің Білім мен ғылым министрлігінде отырған азаматтар қандай «хиджабқа» тиым салғанын ешкім білмейді деп ойлаймын. Сондықтан болу керек, бастарына орамал орамал байлағандар (оның хиджабқа жатпайтыны талассыз мәселе!) да жазаға ұшырып жатыр. Меніңше, осындай ыңғайсыз жағдайда қалмас үшін, Білім министрлігі діни басқармамен бірлесе отырып «хиджаб» сөзіне жан-жақты түсінік бергені дұрыс сияқты. Қасына суретін қоса берсе де артық болмайды. Ондай болмаған күнде қазақтың ұлттық киімі болып табылатын кимешек киген ұстаздар да мектептің есігінен қарай алмай қалады.

Екіншіден, «хиджабпен» күресте шаш ал десе бас алатын кейбір басшылар асыра сілтеуге де кіріскен сияқты. Бір жерлерде айдар қойған балаларды кластан шығарса, енді бір жерде тақия кигендер де қуылып жатыр. Сол арқылы діннің не араб халқының белгісі болып табылатын киіммен емес, қазақтың ұлттық ерекшелігіне, салт-санасы мен дәстүріне де шабуыл басталды.  Демек хиджабтың аяғы қазақтың ата-бабадан қалған құндылықтарын жоюға алып келуі ғажап емес.

Алайда, ең басты мәселе басқада деп білемін. Атеистер (бұрынғы коммунистердің барлығы дерлік атеист екендіктері түсінікті, сондықтан олар маған ренжімейді деп ойлаймын) басқарып отырған мемлекет осы уақытқа дейін ислам дінін өздерінің бақылауында ұстап келді, бірақ ислам құндылықтарына қарсы шабуылға шыққан жоқ еді. «Хиджап» мәселесі биліктің «осыған бұлар қалай қарайды екен» деген бағыттағы, халықтың ойын білуге бағытталған қадамы сияқты. Білім министрлігінің бұйрығы мен Әділет министрлігінің оған қарсы мәлімдемесі де осыны растайды. Демек кері шегінуге де жол дайындалып қойылды.  Бірақ бұл «байқап көрудің» өте қауіпті екендігін де есімізден шығармайық.  Діни фанатизмнің күші ұлттық не коммунистік фанатизмнен де жоғары. Сонымен қатар ұлттық бағыттағы азаматтар мен ұйымдардың осы уақытқа дейін діни мәселені ту етіп көтеріп, саясаттарына құрал етпей отырғанын да есептен шығармау қажет.

Дос Көшім

Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5520