Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5017 0 пікір 20 Наурыз, 2011 сағат 08:08

Думан Анаш. Әулет

Қазіргі жаңа ғасыр, уақыт ағымы бұл ұғымның аясын тарылтып, өңін өзгертіп жібергенге ұқсайды. Өйткені, әулет дегеніміз ұлттың іргетасы іспетті.

«Бұйырса, шырақ сөнбес, ұзақ жанар...»

Мағжан Жұмабаев

Қазекемнің бір әйбат сөзі бар. «Текті туған», «текті жердің баласы, текті жердің қызы» дейді. Ал, осы тектілік қайдан шығады? Әрине, қаннан. Бүгінгіше айтқанда, гендік жолмен атадан балаға беріледі. Қан қайда болады? Қан - әулетте. Жақсы азамат болмағыңыз да, ұры-қары, баукеспелігіңіз де сол қанмен, яки әулетпен келетін қасиет.

Десек те, қазіргі жаңа ғасыр, уақыт ағымы бұл ұғымның аясын тарылтып, өңін өзгертіп жібергенге ұқсайды. Өйткені, әулет дегеніміз ұлттың іргетасы іспетті. Бұл жерде біз жақсы, жағымды сипатында айтып тұрмыз. Яғни, белгілі бір деңгейде ұлтқа ұйытқы болған, елге аға, сол арқылы қалың қазаққа қамқор, пана болған әулеттерді айталық деген ойымыз бар.

Қазіргі жаңа ғасыр, уақыт ағымы бұл ұғымның аясын тарылтып, өңін өзгертіп жібергенге ұқсайды. Өйткені, әулет дегеніміз ұлттың іргетасы іспетті.

«Бұйырса, шырақ сөнбес, ұзақ жанар...»

Мағжан Жұмабаев

Қазекемнің бір әйбат сөзі бар. «Текті туған», «текті жердің баласы, текті жердің қызы» дейді. Ал, осы тектілік қайдан шығады? Әрине, қаннан. Бүгінгіше айтқанда, гендік жолмен атадан балаға беріледі. Қан қайда болады? Қан - әулетте. Жақсы азамат болмағыңыз да, ұры-қары, баукеспелігіңіз де сол қанмен, яки әулетпен келетін қасиет.

Десек те, қазіргі жаңа ғасыр, уақыт ағымы бұл ұғымның аясын тарылтып, өңін өзгертіп жібергенге ұқсайды. Өйткені, әулет дегеніміз ұлттың іргетасы іспетті. Бұл жерде біз жақсы, жағымды сипатында айтып тұрмыз. Яғни, белгілі бір деңгейде ұлтқа ұйытқы болған, елге аға, сол арқылы қалың қазаққа қамқор, пана болған әулеттерді айталық деген ойымыз бар.

Тәуелсіз елдің ілкімді 20 жылы ішінде пайда болған әулеттер біздің бұл бағамызға толық сәйкес келмейді. Олардың кейбірі белгілі дәрежеде апалаң-топалаң уақытта қарпып, қармап қалған байшыкештердің әлеуетінен құралған әулеттер. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайтынын біз де білеміз. Бірақ, бүгінгі қоғам текті жер, текті әулет деп кімдерді таниды? Бесенеден белгілі, аз-кем қолында қаржысы, қарауында бағыныштылары һәм орынтағы бар азаматтар деп біледі. Оның интеллектуалдық ой-өрісінің ұлттық ауқымы ұмыт қалады. Яғни, есепке алынбайды. Тоғышарлық мінез-құлқын жазбай тануға болатыны бар, жасырып-жабатыны бар, оларды сіз ұлтқа арқа болатын әулет дей алар ма едіңіз?!

Міне, осындай тұлпар бойын жасырып, жабылар жарау шыққан кезде айналып келіп, өткен ғасырлардағы әулетке көңілмен көз тастайсыз...

Ол кездің әулеттері ірі еді ғой.

Тарих бізге әулеттер туралы айтуды кішкенемізден үйретті. Қытайдың Тан әулеті билеген ғасырлары, Жоңғардың қоңтайшылары, орыстың Романовтар билігінің 300 жылдығы, Францияның пәленбайыншы Людовигі, Шыңғысхан ұрпақтары деген іспетті ақпар бәріміздің бойымызда бар.

Ал, ұлт тарихындағы әулеттер тақырыбын біз түрен салынбаған тың өлке ретінде қарастыруымызға әбден болады деп ойлаймын. Арғы ғасырларға бармай-ақ қояйық, соңғы бір ғасырдағы қазақ тарихын әулеттер тарихымен тани алсақ, біз өзіміздің ұлттық жоғалтуларымызды, орны толмас өкініштерді, тіпті, адам қолымен жасалған қанды қылмыстар мен трагедияларды танып-білер едік. Бұл өзімізді танудың ең басты бағдары болар еді. Себебі, біз белгілі деңгейде өзіміздің төл бет-бейнемізді жоғалтқан ұрпақпыз. Қазір қоғамда белең алып отырған ұлттық рухани дағдарыстың бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Жанталасып, оған оралудың сан жолдары қарастырылып жатқанымен, оны қабылдаудың, сіңірудің қоғамдық көрінісі әлі терең деңгейге, биік белеске жете қойған жоқ.

«Кеңестік жүйенің қазаққа жасаған бір үлкен қиянаты - қазақ қоғамында бар әулеттерді талқандады. Әулеттерді бұзды, ірітті. Негізі, әулеттердің болуы ұлттың өмірінде жағымды рөл атқарады. Әулет - ұлттың іргетасы сияқты», - деген еді Мәмбет Қойгелді ағамыз өткендегі бір басқосуда.

Рас. Тарихшы бұл жерде Алаш қайраткерлеріне және олардың кінәсіз ұрпақтарына жасалған қиянат туралы айтып отырғанымен, астарына үңілсеңіз тұтас ұлттың ұлы қасіреті бар екенін аңдауға болады.

Әулетке жасалған қуғын ұлтқа жасалған қуғын еді. Әулетті жою - ұлтты жою. Сондықтан, кеңестік билік қазақтың қыран құстың қанаты талатын ғайыр даласын алу үшін ең алдымен әулеттерді талқандады. Жоспарлы түрде жойды.

Біз бүгінде Абайды танып-білмекке құштармыз ғой. «Абай - ұлттың бас ақыны» деп Ахаң жарықтық айтқандай, Абай өніп-өскен әулет - Құнанбай әулеті де қазақтың алдыңғы қатарлы ақсүйек, бүтін бір елге пана болып отырған қадірлі әулеттерінің бірегейі болатын. Құнанбай әулеті, соның ішінде Абай тұқымдары да кеңестік өктемдіктің, отарлық кептің шырмауынан шыға алмады. Мәселен, Алаштың ұлы көсемі Әлихан Бөкейханов со замандарда қазақ қоғамындағы алдыңғы қатарлы әулеттермен тікелей араласып, оларға жолбасшы болып, ақыл беріп отырды. Өйткені, елді біріктірудің, тұтас қоғамға ықпал етудің негізгі тетігін әулеттер атқаратынын Әлекең кәнігі саясаткер ретінде жетік білді, жан-дүниесімен түйсінді. Мұның сыртында, туған ұлты - қазаққа қызмет етуге деген шексіз құштарлық жетелеп отырған Әлихан Бөкейханов Әзімхан Кенесаринмен, Шәңгерей Бөкеевпен араласып, Абайдың ақын інілерімен, ұлдарымен хат алысып тұрғанын зерттеуші-ғалымдарымыз сан мәрте айтып келе жатыр. Ол әсіресе, Кәкітаймен, Тұрағұлмен жақын дос, пікірлес, бағыттас болды. Жазысқан хаттары да бар. Сондай хаттардың бірінде Кәкітай Әлекеңе орыстардың көшіп келіп жатқанын, Жидебайдағы Қайнарды алатын болғандығын, отырықшылық тұрмысқа үгіттеп, Қарауылдан адам басына 8 десятинадан жер беретіндігін айтып, бұған не амал қылуға болатынын сұрап хат жазады. Әлекең болса: «Құнанбайдың тұқымын қазақ тыңдап үйреніп қалған. Сендер жер алып, отырықшы тұрмысқа өтсеңдер, онда бүкіл қазақ отырықшы тұрмысқа өтеді. Бұл үлкен адасу болады» деп қайыра жауап жазады. Бұл - Әлекеңнің Кәкітай өлген кезде жазған некрологында баяндалады. Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш зиялылары ұжымдастырудың қазақты малдан айырып, аштыққа ұшыратынын алдын-ала сараптап білгендіктен де Абай ауылына әлгіндей сәлем жолдайды. Бұл да болса, ұлт көсемінің ұлы әулетке деген жанашырлығының бір көрінісі деуге болады.

Абай әулеті туралы сәл кейінірек тоқталайық. Кеңес өкіметі Әлекеңнің, барлық Алаш зиялыларының ұрпақтарына зияндық жасады. Мәселен, Әлихан Бөкейхановтың бір ұл, бір қызы болды. 1925 жылдары Мәскеуде мырзақамақта отырған Әлиханды Шығыс және Орталық баспадағы қызметтерінен шығарып жібергеннен кейін, нәпақасыз қалған ұлт көсеміне жасалған қысастыққа оның баласы Сергей де ұшырайды. Яғни, университетте оқитын Сергей Бөкейхановқа стипендия берілмейді. Сергейдің шын аты - Өктай (Бөкейхановтың кейінгі ұрпақтары орыстанып кеткендіктен қате айтылуы мүмкін, анығында «Үгедей» болуы кәдік, бұл туралы Гүлнәр Міржақыпқызының естелігінде «Семейде Міржақып пен Әлихан бір үйде тұрды, Әлекеңнің баласы - Үгідей» деп жазылады - ред.). Куәлiк бойынша Сергей болып жазылып кеткен. Кезiнде Жезқазғанды алғаш рет көтерiп, онда үлкен табиғи қор жатқанын зерттеген осы Сергей Бөкейханов едi. 1938 жылы Мәскеуде КСРО Ғылым академиясынан «Большой Джезказган» деген қалың кiтап шыққан. Содан кейiн Жезқазғанды игеруге қомақты қаржы бөлiнiп, алғашқы келген топқа басшылық жасаған Сергей болатын. 1937 жылы әкесi атылып кеткеннен кейiн Сергейдi Қазақстанға сыйдырмай, қуып жiберген.

«Сергей қайғыға толы өмiр сүрiп, қаза болды. Қалай қайтыс болғаны белгiсiз. Ол үнемi елге қалай оралсам екен деп, Ресейдiң Қазақстанмен шекаралас өңiрлерiнде көшiп-қонып жүрген екен... Сергейдiң бәйбiшесi Мәскеуде қалған. Сол бәйбiшесiнен Евгений деген баласы бар. Евгений Сергеевич Букейханов. Ол кiсiмен мен 1992 жылы жүздестiм. 1994 жылы үйiнде болдым. Евгенийден Петр деген бала бар. Жақында Санкт-Петербургке барғанымда сол, асылдың сынығы Петр Евгеньевич Бөкейхановтың Ресейдiң Iшкi iстер министрлiгiнде қылмыстық iстердi тергеуге қатысты кандидаттық диссертация қорғағанын көрдiм. Ол да ғылым қуған, көзi ашық, көкiрегi ояу жiгiттiң бiрi», - деген еді осыдан бір жыл бұрын белгілі ғалым Сұлтанхан Аққұлұлымен әңгімелескенімізде.

«Халық жауының» баласы не істей алады? Қазақстанға келе алмай, шекарада сарсылып, ел жаққа қараған Өктай-Сергейдің мұңайлы бейнесі көз алдыңызда сурет болып, бір әулеттің, бір ұлттың қасіретінен хабар бермей ме?!... Ол да қоңыр тіршілікпен өмірден өтті. Бірақ, қазір Мәскеуде тұратын Евгенийдің бойында Әлекеңнің қаны әлі де ойнап тұр дейді көзкөргендер. Евгенийдің Әлекең, қазақ өлкесі туралы орыс тілінде жазған ғажап өлеңдері де бар екен.

Ал, Әлекеңнің қызы Елизавета Бөкейханова үлкен ғалым болған. Медицина ғылымдарының докторы, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры. Соғысқа қатысты. Ол көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың жұбайы болды. Ал, Әлекеңнің жиені болып келетін, Смағұлдың кіндігінен өрген жалғыз бала - Ескендір полк баласы ретінде соғыста қаза тапты. Яғни, Смағұлдың үрім-бұтағы қалған жоқ.

Жалпы, бұл барлық Алаш қайраткерлерінің және олардың ұрпақтары бастан кешкен ортақ тағдыр десек болады. Біз айрықша құрметпен еске алатын Алаш зиялысы, ғажап жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың Бектұр атты баласы екі-үш жыл бұрын Ресейден келіп, Алматыдағы қарттар үйінде қайтыс болды. Сол Бектұр ақсақал «Алматы Ақшамына» сұхбат берген кезінде коммуналдық пәтерді қажет етпейтінін, өзіне туған жерде топырақ бұйырса қанағат ететінін айтқан еді. Ол тілегі орындалды. Кейінірек, бажайлап қарасақ, Бектұр ақсақал ең үлкен бақыт осы деп түйген болды ма деген ой келеді. Өйткені, буыны қатпаған бала кезінен «халық жауының» ұрпағы ретінде көрмеген құқайы қалмаған ол сонау Сібірдің батпақтарына батып өлген, көмусіз қалған көп тектінің тағдырын ойлаған шығар. Тектілер тұяғының соңғы сөзі де тәубасымен тағылым көрсетіп тұратынын кеш түйсінетінімізді айтамын да...

Осы ретте көрнекті ақын Есенғали Раушановтың «Қазақи әңгіме» деген өлеңі еске түседі.

«Мен кеше «халық жауының» баласы едім,

Бетегеден биік, жусаннан аласа едім.

Өкпелесе, біздейлер өкпелесін,

Сталинге не өкпең бар, аға, сенің.

Біздей де ғаріп аз ба екен,

Өкпе де ме екен, наз ба екен?

«Беломорканалды» сен шектің,

Беломор каналды қазды әкем.

Түтін де ме екен, өрт пе екен,

Біздейлер әлде жоқ па екен?

Айналып сахна, орындар

Ауысып қалай кетті екен?

Өкініш пе екен, кек пе екен,

Біздейлер әлде көп пе екен?

Тісіңді басып сен жүрдің,

Tic жармай саған өтті әкем.

Tic жармай өтті неліктен,

Ойланам бүгін келіп мен.

Ол үшін өлік едің ғой,

Кек алып қайтсін өліктен.

Заманның желі өкпек-ті,

Көмусіз қалды көп текті.

«Халықтың жауы» - сары шал

«Халық аман болсын» деп кетті.

Ғаріп пен ғасыр бағына,

Сірескен көк мұз жарыла,

Айналып уақыт сахнасы,

Ауысты орындар тағы да.

Қайтеміз наз деп, өкпе деп,

Өкпеден, аға, жоқ көмек.

Сахнадан түсіп барасың,

Жолықсам деп ем бетпе-бет.

Жас ұрпақ мынау - жаңа әлем,

Жалқы емес екем, аға, мен.

Ұзайсың үнсіз сахнадан,

Ұзайды үнсіз қара мең.

Көкіректерді от қарып,

Тұрамыз біздер топтанып.

Қайтамыз сосын баяғы

Сахна жақты бетке алып», - дейді Ес-ағаң.

Нағыз, сталиндік-голощекиндік геноцидтің қазақ әулетіне, тектілеріне әкелген тағдыры көрініс тапқан бұл жолдарда. Голощекин демекші, Сәбеңнің, Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебін» бала кезімізде көбіміз оқыдық қой. Ұмытпасам, сонда Голощекиннің патша әулетін жоюға қосқан үлесі туралы әңгімеленеді. Бүгінде орыс халқы Ресейді үш ғасырдан аса уақыт билеген Романовтар әулетінің түп-тұқиянымен аяусыз атылғаны туралы түрлі зерттеулер жүргізіп, жан-жақты талдау жасауда. Бұл да болса орыстың өз қателігіне өзі мойын бұрып, тарих алдындағы ақтаңдақтарын ашуға жасаған қадамы, патша әулетінің алдындағы кінәсін мойындауы дер едік. Ал, ақ патшаны кішкене ханзадаларымен қосып өз қолымен атып өлтіруге қатысқан Голощекин үшін әулетті жою террорлық ұстанымы қазақ сынды со кездегі бұратана халыққа тіпті де озбыр күйінде әсер етті. Бұл өз кезегінде Алаш қайраткерлерімен қоса, олардың тәрбиесін көрген кеңестік билік ішіндегі Голощекиннің ұлттық көзқарастағы оппоненттеріне де зардабын тигізіп, олардың саясат сахнасынан толық шеттетіліп, қазақ қоғамынан түгелдей жойылуына алып келді. ХХ ғасыр басындағы кеңестік жүйе қазақты саяси-басқарушы және шығармашыл элитасының екі бірдей буынынан айырды. Қазіргі қазақтың рухани дағдарысы белгілі дәрежеде осыған байланысты. Түп-тамыры сонда жатыр. Яғни, әулеттерден жалғасып келе жатқан ұлттық-дәстүрлік сабақтастық үзіліп қалды.

Қазақ қоғамында үлкен мәртебеге ие әулет - Құнанбай әулеті, соның ішінде Абайдан тараған әулет екенін жоғарыда айттық. Әйтсе де, ұлы хакімнен тараған ұрпаққа да кеңестік билік өз қақпанын құрды. Мысалы, бүгінде көзі тірі, Алматыда тұратын Абайдың шөбересі Ищағы Жағыпарқызы «Санамда жаңғырады бейнелерің» деген тақырыппен «Жұлдыз» журналында (1999 жыл, №7, 164-181 беттер) жарияланған естелігінде Абай әулетіне жасалған қиянаттардың кейбірін Мағауиядан тараған ұрпағы бойынша айтып өткен.

«Мағауия атамның бәйбішесі - Дәмегөй Мүсірәліқызы. ...Әжем Дәмегөй тентек кісі болған. Бірақ өтірік айтқанды жек көретін, жағымпаздықты білмейтін намысқой, не айтса да бетке айтып салатын. Балаларын, немерелерін өз бауырына басып тәрбиелеп, оқытып өсірген. Шолақ белсенділер келе жатса әжем бізді тошалаға кіргізіп, «дыбыстарыңды шығармаңдар» деп тығып қоятын. Олар байлардың үйін тонап, қыздарын зорлап, ойына келгенін істеп кететін көрінеді. Әжем содан қорқады екен», - десе, Мағауияның тұңғыш қызы Уәсилә туралы: «қазақ салты бойынша Абай атам немересін өзі бауырына салып, 13 жасына дейін «балам» деп өткен. Жиырма сегізінші жылдардың аяғында Құнанбай қажы тұқымын бай-шонжарлар әулеті, үстем тап өкілі деген солақай саясатпен шалғайға жер аударған кезде Уәсила да күйеуі Қали Жақыпұлымен Қырғызстанға көшіріледі. Сол жақтан 1934 жылы Алматыға келеді. Мұхтар Әуезовтің көмегімен Уәсила Опера және балет театрының жанындағы артистерге киім тігетін цехқа тігінші болып орналасады», - деп жазады.

Уәсилә Мұхаңа «Абай жолын» жазуға көп дерек берген, «Абай» операсы мен киносының киімін тігуге қатысқан белді ұрпақтарының бірі. Ищағы апамыз Абайдың кенже ұлы Мағауиядан туған әкесі Жағыпарға ел ішіндегі «тексіз» шолақ белсенділердің көрсеткен зәбірін былай суреттейді: «1932-1933 жылдары Убо-Форпост ауданына Шыңғыстаудан Садық Қасиманов бастаған босқындар келді. Тұрғылықты жердің басшылары әкеме оларды қарсы алып, орналастыру жөнінде жауапты тапсырма береді. Әкем оларды моншаға түсіртіп, үстіндегі шоқпыттарын өртетіп, таза киіндіріп, шаш-тырнақтарын алдырады. Бәрін біртіндеп үйлерге орналастырады. Садық Қасиманов Убо-Форпостқа келгеннен бастап әкемнің үстінен органға (КГБ) арыз жазып, соңына түсе бастайды: «Мағауияұлы Жағыпар байдың баласы, қашқын. Шәкерімнің інісі», - деп. Ондағы арам ойы әкемді жұмыстан шығартып, айдату еді. Бұл кезде әкем мектепте мұғалім әрі директор болатын. Қасиманов әкемнің орнын қараулықпен тартып алғысы келді.

Органның адамдары әкемді күнде шақырып тексере бастады. Әкем қайғырып, қорқып жүрді. Ақыры алты-ақ күн ауырып, бақиға аттанып кете барды. «Жәкімді құдай бізге қимады», - деп жыламаған адам қалмады. Қасиманов арманына жетіп, әкемнің орнына қызметке тұрды. Алматыда тұратын Қасимановтың туыстарынан (Сиырбаева Дәметкен, Беделбаев Есімхан, жазушы Сағымбаев Төлеужан, оның әйелі Зура) естігенім - 1931-1932 жылдары Қасиманов өзінің туыстарын айдатып жіберген. Олар оны «өте қызғаншақ, арсыз адам» деген еді. Қасиманов өлгенде Алматыдағы туыстары топырақ салуға барған жоқ. «Мен өлгенде Тұрағұл қыздары Ақышқа, Мәкенге хабар айтыңдар», - деп өсиеттепті. Барса, сол апалар ғана барған болар. Қасимановтың арам пиғылдарын Қ.Мұхамедханұлынан да естіген едім», - дейді.

Ищағы Жағыпарқызы осы естелігінде Абайдың ұлы Тұрағұлдың да Құнанбай сияқты атақты адамның немересі ретінде 1928 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, Қырғызстан жаққа жер аударылғанын, Ақылбайдың немересі Бағфур Әлімқұлұлын 1937 жылы НКВД ұстап алып кеткенін айтады. Бұл - Құнанбай әулеті көрген қиянаттың бір парасы ғана.

Бүгінде Ищағы апамыз Алматыдағы Фурманов даңғылының бойындағы үйінде жалғыз өзі тұрады. Осыдан төрт жыл бұрын үйіне екі-үш мәрте барып, сұхбат құрған болатынбыз. Жоғарыда айтылған ұрпақтарынан өзге бірсыпыра Құнанбай әулетінің үрім-бұтақтары екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқанын жеткізген еді. Өзі де КСРО мен империалистік Жапония арасында болған Қиыр Шығыстағы соғыста әуе қорғанысында майдангер болғанын айтқан. Жауынгер апамыз сол сұхбатта қазіргі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамед мырзаның өзіне көмектесіп, зейнетақы тағайындағанын, хал-ахуал сұрап тұратынын айтқан еді. Мұхаңның осы бір көңіліне, асыл текті әулеттің соңғы сарқыншағына деген алабөтен құрметіне іштей ырзашылық білдірген едік сол сәтте. Әйтсе де, Абайдың шөбересі қазақтың алақанында болуы тиіс қой деген бір ой да мазалайды. Мәселен, қазір Абайдан тараған ұрпақтың ішінде Данияр есімді жігіт батыс өлкеде деп естиміз. Мамандығы мұхиттанушы болса керек. Оны іздеп жатқан жан жоқ. Қанша дегенмен, Абай - қазақ ақыл-ойының бағына берілген ғаламат сый емес пе?!

Жуырда қолыма бір кездері «Социалистік Қазақстанда» еңбек еткен публицист-қаламгер Ғайса Сармурзиннің «Өнеге» атты естелігі түсті. Ғайсекең Мұхтар Әуезовтің қамқорлығын көп көрген Абай ауылының баласы. 1975 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан бұл естелігі де Мұхаңа арналған. Жалпы, осы жерде бұл кітаптың қолыма қалай түскенін айта кетейін.

Інім бірде үйге бір құшақ кітап көтеріп келді. Бір жамағайынның үйіне көмек қолы болып барған екен, үй иесі «қоқсық» деп бірталай кітаптарды лақтырғалы буып-түймек болады. Алып қараса, барлығы 1960 - 1970 жылдары жарық көрген қазақтың классикалық әдебиетінің кіл жауһарлары. Содан ол кітаптарды үйге алып келген. Ал, енді бұл кітаптардың ішінде әдебиеттің алтын кезеңінің шоқтығы биік туындыларымен бірге әлгі естелік кітап та жүр. Қолға түсе бермейтін кітап. Осы кезде еріксіз ойланасың. Бұл - кешегі кеңестік кезеңдегі ұрпақ пен оның бүгінгі ұрпағының арасындағы таным қайшылығын, тағы да бүтіндей әулеттің өзгеріске ұшырағанынан хабар бермей ме?.. Жасыратыны жоқ, кеңестік буын кітаппен тәрбиеленді. Бұл кітаптар та кеше дүкенге кезекке тұрып алынған, со кездерде әдебиетке іңкәр ұрпақтың бас алмай оқыған алтын қазынасы ғой. Сол кітаптың арқасында ғана қазақ өзінің қазақтығын сақтап қалды. Ал, сол ұрпақтың бүгінгі әулеті мұны «қоқсық» дейді. Сол арқылы өзінің ой-санасы қоқысқа айналғанын білмейді. Талай профессор, қаламгер, тіпті басқа салаларда еңбек еткен ақсақалдардың, кешегі кеңестік буынның өкілдерінің үйінде болдым. Солардың қай-қайсысының да кітап қоры ауылдың кітапханасымен шендесе алады. Ал, олардың бүгінгі техногенді ортаға түскен ұрпағы ертең бұл қазынаны сақтай ала ма? Әлде сол ақсақалдардың көзі кеткен соң, ғұмыр бойы жинаған кітаптары жүк мәшинесіне тиеліп, қоқыс алаңында парақтары желге саудырлай ашылып, шашылып жата ма?!

«Елу жылда ел жаңа» дейді ғой. Бірақ, бұл жаңару емес.

Әлгі «свалкаға» кетіп қала жаздаған Ғайса Сармурзин ағамыздың естелігін бір демде оқып шықтым. Мұхаң туралы қаншама біз біле бермейтін тың деректер, суреттемелер берілген.

Әулет дегеннен шығады. 20 жасар Мұхтардың сүттей ұйып отырған шуақты Абай ауылындағы беделін, жас та болса бас болған ой биігін Ғайсекең былай жазады: «1917 жылдың жаз айы. Біздің ауыл биыл да Абай ауылдарына қанаттасып, Ойқұдықта отырған-ды. Оразбайдың Медеуінің баласы Саниязға Тұрағұлдың Ақыш деген қызын ұзатқалы жатқан. Той болардан бірер күн бұрын: «Еңлік пен Кебек жайында Мұхтар жазған пьеса деген бір жаңа ойын ойналады екен» деген хабар естідік. Сол «пьеса» деген ойынды көруге құмартып, бірнеше бала тай-құнанмен шапқылап сол ауылға келгенбіз. Ышқырымыз толған асық. Реті келсе, алдыңғы ауылдағы Жәкіммен ойнап (Мағаштың кіші баласы - Жағыпарды Жәкім дейтінбіз), әнеу-күнгі ұтқызған кенейлерімізді қайтарып алу да ойымызда бар. Сөйтсек, ойынның көкесі - «пьеса» екен», - дей келіп, Еңліктің рөлін - Әуездің Ахметі, Матай шалдың кемпірі болып Жағыпар, Абызы болып Ізқайылдың ойнағаны туралы айтады.

«Өткенге көз жіберіп қарасақ, сол бір ойын қараңғы қазақ елінде, ұлан-байтақ сахарада Шолпан жұлдыздай жарқ еткен мәдениет шұғыласы екен ғой», - дейді Ғайса Сармурзин өз естелігінде. Бұл шын мәнінде Құнанбай әулетінің шашқан шұғыласы, әулеттің, сонымен бірге халықтың әлі шырғалаңға түспеген бейбіт кезеңі болатын. Бұдан басқа да бұл кітаптан алатын жылы естеліктер көп. Оның жүгін бұл мақаламыз көтере алмас.

Мінеки, сол қазақ даласына шуақ шашқан шұғылалы, қастерлі Шыңғыстау, Жидебай сынды орыстың мәшһүр жазушысы Лев Толстойдың «Ясная Полянасы» бар. Жуырда осы мұражай-қорықтың директоры, Толстойдың тікелей ұрпағы Владимир Толстой «Известияға» сұхбат берді (№38, 4-наурыз, 2011). Владимир бұл сұхбатында Ресей азаматтарын дворяндық (бекзаттық) болмысқа тәрбиелеу, Лев Толстойдың әулеттік дәстүрі мен сабақтарын қоғамға жеткізу жолдарын айрықша сүйсініп әңгімелейді.

Мәселен, «Ясная Полянаға» бір кездері американдықтардың қызығып, миллион долларға (қазіргі бағамен бірнеше жүз миллион доллар) сатуын сұрағанын айтады. Алайда, Толстой орталығын құрамыз деген бұл ұсыныстан олар үзілді-кесілді бас тартқан екен. Сірә, Толстойдың жанын орыс қана түсінеді деген ұстаным болса керек. Тектілік деген де осы ғой. Ал, біздің Жидебайдың жері осыдан біраз жыл бұрын әлдекімдердің қолына өтіп кетіп, Абай хакімнің соңғы он жыл ғұмыры өткен қыстағының тура жанынан қонақ үй көтерілгені жанымызды жабырқатқаны есіңізде шығар. Яғни, бізде әлі де рухани көкжиегіміздің бағамын біле бермейтін шалағайлық бар. Сол кезде шырқыраған Төкен Ибрагимовке («Абай» қорық-мұражайын 30 жылдан астам басқарған ғалым) ұлттық баспасөз үн қоса алмағаны есте.

«Ясная Полянаның арқасында біз әулеттік бірлігімізді жоғалтпай отырмыз. Әр екі жыл сайын осында жиналамыз. Соңғы рет мұнда 130 адам болды. Егер өрт (былтыр Ресей орманында болған өртті айтып отыр, - ред.) болмағанда, 170 адам жиылатын еді. Бұл жер әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кеткен Лев Николаевичтің үлкен әулетінің бесінші, алтыншы, жетінші ұрпақтарын жинап, басын қосып отырады. Бізде толстойлықтардың күн сайын біреуінің, кейде бірнешеуінің туған күні болып тұрады», - дейді Владимир.

Оның айтуынша, әрқайсысының өз реттік нөмірі бар екен. Егер мұндай реттік нөмір болмаған жағдайда ол Лев Николаевичтің тікелей ұрпағы санатына енбейді. Тіпті, олардың екінші некелеріне дейін тәптіштеліп жазылып отырады. Барлық Толстойлар электронды пошта, скайп сияқты ғаламтордың мүмкіндіктері арқылы үнемі хабарласып отырады. «Ясная Поляна» әкімшілігі олардың туған күндеріне құттықтаулар жолдап, отбасылық жаңалықтарын бөліседі. Яғни, қайсысы тұрмысқа шықты, отбасын құрды, нәресте сүйді, қайсысы қатты науқас, өмірден өтті, әулеттің барлық жаңалығы, қуанышы да, қайғысы да осы орталықта тіркеліп отырады. Шетелдерде тұратын жас Толстойлардың орыс тілін, оның тарихы мен әдебиетін үйренуіне де мұражай мүмкіндік жасайды.

«Бұл сондай бір сүйіспеншілік мерекесі іспетті. Олардың барлығы бір-біріне жақсылық жасауға, Ясная Полянаға қайырымды іс етуге құлшынып тұрады», - деген Владимир бұл үрдістің ресейлік ақсүйектер, Голицындер мен Шереметевтер сынды әулеттерге де үлгі болып жатқанын айтады. Кеңестік кезеңде де дворяндық дәстүрлерді, соның ішінде діни мерекелер - Пасха, Рождествоны атап өтіп, ақсүйектік ойындарын ұмытпаған әулет бүгінде бұл құндылықтарды бесіктегі баласына дейін үйретіп, құлағына құйып жатыр.

Мамандығы бойынша журналист Владимир Мәскеу мен мансапты тастап, усадьбаға келгеніне өкінбейтінін айтады. Бұл - әке, ата, баба, ең алдымен Лев Толстой алдындағы жауапкершілік деп ұғады.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы шығар, бәлкім.

Ол әлбетте Толстойдың бүгінгі арнаға сыймайтынын, оны түсіну әлі де үлкен кеңістікті қажет ететінін айта отырып, оның орыс қоғамында қайшылықты пікір тудырған кейбір әрекеттеріне де салмақты жауап береді. Әрине, біздің ойымыз оның Толстой әулетінің бүгінгі бет-бедері туралы айтқан сөздеріне ғана тоқталу болатын.

Орыс қоғамы да бүгінгі қазақ қоғамы сияқты өзінің бір кездегі ұлттық дәстүрлеріне жанұшыра қайта оралуға тырысып бағатыны байқалады. Өйткені, коммунистік жүйе бұл ұлтқа өктемдік психологияны сіңіргенімен, өз дәстүрінің бетпердесін сыпырып, өз қолымен алқымдауына жол берді.

Бір кездері француз мәдениетіне әбден еліктеп-солықтаған орыс қоғамының бетімен кеткен бай-шонжарларын Лев Толстой жарықтық құдіретті әдебиетпен, орыс тілінің және дәстүрінің күшімен туған жұртына қайтарып алған еді. Бүгін де ғаламдық ақпараттық тасқынның өтінде қалған орыстың жас буынын орыстық дәстүрге оралтуда көмекке сол Толстойдың рухы қайта келуде.

Яғни, біз жоғарыда әңгіме қылған әулеттік іргетастарды қайтадан орнықтыру, оның өткен-кеткен уақыттар көшінің қомында қалған құндылықтарын, шашылып кеткен, теперіш көріп, тектілігін жоғалтқан жауһарларды жұқаналап болса да жинауымыз керек екен.

Орыстар шебер ғой. Тағы да сол «Известия» ұлы мұратқа жұмыс істеп жатыр. Өткенде бұл басылым бір сандарында тұтасымен «Әкелер мен бабалар» («Отцы и деды») айдарымен жүйелі материалдар легін басты. Соның ішінде Софья Широкова есімді қыз күмістен жасалған бір қант салғыштың тарихын жазыпты. Қант салатын ыдыс жүзім жапырағы бедерленген қысқашымен және қақпағымен бірге әжесінің ас үйінде тұр екен. Бұл жәдігер әжесіне шешесі Лея Исааковадан кездейсоқ жағдайда қалған. Олар әкесі Исаак Шпильрейннің барлаушы болуына байланысты Америкаға эмиграцияға кетпек болады. Осы кезде шешесі бүкіл дүние-мүлкін Германияға жібереді, сол жерден әрі қарай Америкаға аспақ болған. Алайда, сол кезеңде бірінші дүнижүзілік соғыс басталып, шет елге шығуға мүмкіндік болмай қалады. Үлкен ұлдары Давид психолог маманы ретінде Шпильрейннің атақты барлау тобына кіреді. Әкелі-балалы екеуі 1935 жылы репрессияға ұшырайды. Тұтқынға алудың басты себебі, әскерилер арасында Давидтің жүргізген әлеуметтік сауалнамасы екен. Ол деревнядан шыққан солдаттар арасында «Ленин дегеніміз кім?» деген сауалнама жүргізген. Сұраққа қайтарылған түрлі жауаптар оның тағдырын қиындатып жіберген. Нәтижесінде, 1937 жылы Шпильрейн атылып, Давид лагерге жіберіледі. Үнемі бақылауда жүрген ол соңында өзіне өзі қол жұмсаған екен. Ал, Лея тұрмысқа шыққан. Сонда Америкаға тек олардың анасы мен кенже ұлы Филипп қана кеткен ғой. Бір таңғаларлығы, Германияға бағыт алған ауқатты әулеттің дүние-мүлкі сан жылдаған уақыт бойы өз иелерін күтіп жатқан екен. Осы мүліктен кешегінің көзі болып күміс қант салғыш ыдыс қалған. Мәселе, ыдыста емес, адамдардың, әулеттің тағдырында болып тұр ғой.

Жоғарыда Абайдың, Толстойдың, Әлиханның ұрпақтары туралы текке айтқанымыз жоқ. Олар ұлтқа ұстын болған ұлдар. Олар - ұлттың темірқазығы. Сондықтан да, біз әулеттік дәстүрді ұлықтауды, тазалық генофондын қалыптастыруды қайта қалыпқа келтіргеніміз жөн.

Ел боламыз десек...

«Алматы Ақшамы», №35-36, 19-ншы наурыз

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5554