Қош бол, Мақсат!
Кеше Жаңаөзен оқиғасының белсендісі Мақсат Досмағамбетов жер қойнына тапсырылды. Өкініштісі сол, "Мақсат өз ажалынан өлмеді" дейді достары. Ол әуелі, түрмедегі шектен шыққан азаптаудан қатерлі ісікке шалдықты. Емделуге қаржы таппай қиналғанда, әріптестері азғантай қаражат жинап операциясына көмектесті. Ал, Үкімет тарапынан ешқандай көмек болған жоқ.
Мақсат Досмағамбетов - (Жаңаөзен оқиғасына қатысты бас бостандығынан айырылғаннан кейін) түрмеде қинап, азаптайтыны туралы ашық мәлімдеме жасап, түрме бастығына шағымданған алғашқы азамат. Алайда, абақтының бастығы ол шағымды Мақсаттың көзінше жыртып тастаған. Сол азаптау туралы журналистерге берген сұхбатында, өзіне тергеу жұмыстарын жүргізген Нұрлан есімді оперқызметкердің аяусыз ұрып-соққанын, Қалдыбай, Нұржан, Мақсат есімді тергеушілердің қинағанын, А.Ө есімді қызметкердің «Мен саған айттым, неге тұрасыңдар ереуілге, кет дедім сендерге!» деп айқайлап, есінен танғанша сабағанын айтқан. Және құқық қорғау қызметкерлері Мақсатқа «Сені өлтірсек те бізге ештеңе болмайды» дегенін мәлімдеген.
Иә, бұл қазіргі қарыштап дамып, демократиялы жолды ұстанатын мемлекеттегі Қалмұхамед Қасымов басқаратын ІІМ нің тергеу тәсілі. Сонда, “адам өлтірсе де ештеңе болмайтын” еркіндікті оларға кім берді? Халыққа оқ атуға пәрмен қайдан келді? Жергілікті биліктен бе, министрліктен бе? Әлде...
Қалай десекте, бұл біздің тарихымызда қара таңбамен жазылып, мәңгілікке қалды. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен оқиғасында 17 адам оққа ұшқан. Олар:
Аязов Шадияр, 1978 жылы туған
Әбдікәрімова Жанар, 1974 жылы туған
Дүйсекенов Атаберген, 1987 жылы туған
Дүйсенбаев Бекесжан, 1953 жылы туған
Кенжебаев Базарбай, 1961 жылы туған
Көшеров Жаңаберген, 1979 жылы туған
Көшеров Рахат, 1995 жылы туған
Құбайдуллаев Байбек, 1989 жылы туған
Құлқайыров Атабай, 1967 жылы туған
Мәмбетназаров Оразай, 1967 жылы туған
Мұналбаев Нұрлан, 1982 жылы туған
Оңғаров Серік, 1959 жылы туған
Тоқсанбетов Төлеген, 1968 жылы туған
Төлегенов Төребек, 1981 жылы туған
Тұрғанбаев Аманбек, 1984 жылы туған
Шопашев Жарас, 1973 жылы туған
Юсупов Радик, 1987 жылы туған
Енді бұл тізімге Мақсат Досмағамбетов те қосылып отыр.
Сол бір Жаңаөзен оқиғасын бастан-аяқ бір шолып өтсек...
2009 жылдың 23-қазан күні таңғы сағат 8 де “Өзенмұнайгаз” өндірістік филиалының мыңдаған жұмысшысы вахтаға шығудан бас тартты. Өндіріс бір жарым сағатқа тоқтады.
Себеп – айлықтың уақытында толық төленбеуі, жұмысшылардың айлыққа қосымша берілетін сыйақыларын үш ай бойы ала алмауы. Және, олар «Өзенмұнайгаздың» «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына тікелей бағынатын 1997 жылғы ЖШС мәртебесін қайтару талаптарын қойды. Себебі, компания жұмысшыларының айлығы «Өзенмұнайгаз» кәсіпорынының «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның құрамына кіргелі бері күрт нашарлаған.
2010 жылдың 4-наурызында Жаңаөзендік мұнайшылар 2009 жылғы қаңтардың 1-нен бері төленбей келе жатқан 1,8 «салалық коэфициенттің» берілуін талап етіп тағы да ереуілге шықты. Салалық коэфициент дегеніміз - экологиялық зардап үшін берілуге тиісті аймақтық коэффициент. Олар сол ереуілде талаптары орындалмаса, аштық жариялайтындарын ескертті. Алайда, сол кездегі «Қазмұнайгаз» ҰК президенті Қайыргелді Қабылдин мен Маңғыстаудың әкімі Қырымбек Көшербаев халықпен жүздесуге бармаған.
Сол жылдың 17-наурызы күні ғана парламент мәжілісінің бірқатар депутаттары Жаңаөзендегі жағдайға байланысты премьер-министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Ал, «Өзенмұнайгаз» директоры Бақытқали Бисекенов орнынан алынды. Бірақ, қарсылық, ереуіл, аштық акциялары жалғасып жатты.
2011 жылдың шілде айында Пол Мерфи бастаған Еуропарламент өкілдері Маңғыстау мұнайшыларымен кездесті. Халықаралық ұйым өкілдері мұнайшылар талабының орынды екенін айтып, бұл ереуілге Еуропаның назарын аудартты.
2011 жылдың қыркүйек айында билік өкілдері Жаңаөзендегі еңбек дауы Заң аясында шешіліп, ереуіл тоқтатылғанын хабарлаған. Шын мәнінде, ол уақытта ереуіл одан сайын үдей түскен еді.
2011 жылдың 26-қазан күні кешке Жаңаөзен қаласындағы ереуілші мұнайшылардың белсендісі Естай Қарашаевқа қарсы оқ атылды.
2011 жылдың қараша айында Жаңаөзен қаласында шенеуніктер мен жұмыс берушіден құралған топ ереуілші мұнайшылармен кездесті. Алайда, екі күнге созылған кездесуде екі тарап та келісімге келе алмай, нәтижесіз аяқталды.
2011 жылдың 16-желтоқсан күні ҚР Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев,
“Бүгін, 2011 жылы 16 желтоқсан күні 11 сағат 30 минутта Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында мерекелік шаралар кезінде бір топ адамның қылмыстық әрекеті кесірінен жаппай тәртіпсіздік шықты» деп мәлімдеді.
Барлық мемлекеттік БАҚ бұл оқиға туралды “басбұзарлық”, “жаппай тәртіпсіздік” деген хабарлар таратып жатты. Тіпті, мемлекеттік сайттар әлеуметтік желіде осы оқиғаға арнайы пікір жазып отыратын “мамандарды” жұмысқа ала бастаған. Мәселен, Bnews.kz сайтының директоры Дмитрий Ким Жанболат Мамышов деген журналистке “Жаңаөзен туралы негатиф пікірлерге қарсы жауап жазып отыратын адам керек. 25 мың теңге төлейміз” деген ұсыныс айтқан. Екеуара әңгіменің скриншотын Жанболат фейсбук парақшасында жариялаған болатын.
1986 жылдың Желтоқсан күндерінде де кеңес билігі алаңға шыққан жастарды “басбұзарлар”, “маскүнемдер” деп айыптаған еді. Араға жиырма бес жыл салып, дәл сол сценарий қайталанды.
Осындай саяси қақтығыстың құрбаны болған Мақсат Досмағамбетов бауырымыздың жаны жәннатта болғай!
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz