Жүкел Хамайұлы. Жұмбақ жұлдыз (жалғасы)
V.
«...Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады».
Асан.қайғы
«Алысқа емес, Арысқа келіп жетіп ем,
Адамы түгіл жәндігі ғажап шетінен.
Көгілдір, қызыл бояуша солар ұшады,
Лимонад түстес «саржасыл» судың бетімен...» деп Арыстың «саржасыл» суына шығыстың «көгілдір, «қызыл» бояуын түгел әкеп құяды. Мұндай сезімталдық тек Жұматайға ғана тән. Сіз көгілдірдің орнына күлгін немесе сұры мен қоңырды үйлестіріп көріңіз?! Cезімге болмаса да көрер көзге көгілдір мен қызылдың үйлесіміндей болып көрінер ме екен? Мүлде бөлек өң, бөлек ұғымды тудырмай ма? Көгілдір бояу шығыстықтар үшін алыстық пен кеңістікті, ақыл-ой тереңдігін білдіреді. Қызыл бояу тірлік белгісі ретінде қалыптасқан. Ақынның бір ғана өлең жолында осыншама терең ой, терең сыр жатыр. Әрбір ақынның өзіне тән өң бояу, жасырын сыр ырғағы мен дыбыстылығы болатыны да осы. Бұл шығыс ақындарына ежелден қалыптасқан ерекшелік. Көркем суреттің тілі жетпес не бір ғажап көріністерді тек сөзбен ғана жеткізуге болады деген сенімді ұстанған шығыс ақындары сөз қадірін осылайша аса нәзіктілікпен сезіне білген.
VI.
«Өзен мен жағалаулар - олар енді менің жүрегімде.»
Федерико Гарсиа Лорка
V.
«...Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады».
Асан.қайғы
«Алысқа емес, Арысқа келіп жетіп ем,
Адамы түгіл жәндігі ғажап шетінен.
Көгілдір, қызыл бояуша солар ұшады,
Лимонад түстес «саржасыл» судың бетімен...» деп Арыстың «саржасыл» суына шығыстың «көгілдір, «қызыл» бояуын түгел әкеп құяды. Мұндай сезімталдық тек Жұматайға ғана тән. Сіз көгілдірдің орнына күлгін немесе сұры мен қоңырды үйлестіріп көріңіз?! Cезімге болмаса да көрер көзге көгілдір мен қызылдың үйлесіміндей болып көрінер ме екен? Мүлде бөлек өң, бөлек ұғымды тудырмай ма? Көгілдір бояу шығыстықтар үшін алыстық пен кеңістікті, ақыл-ой тереңдігін білдіреді. Қызыл бояу тірлік белгісі ретінде қалыптасқан. Ақынның бір ғана өлең жолында осыншама терең ой, терең сыр жатыр. Әрбір ақынның өзіне тән өң бояу, жасырын сыр ырғағы мен дыбыстылығы болатыны да осы. Бұл шығыс ақындарына ежелден қалыптасқан ерекшелік. Көркем суреттің тілі жетпес не бір ғажап көріністерді тек сөзбен ғана жеткізуге болады деген сенімді ұстанған шығыс ақындары сөз қадірін осылайша аса нәзіктілікпен сезіне білген.
VI.
«Өзен мен жағалаулар - олар енді менің жүрегімде.»
Федерико Гарсиа Лорка
Жалаң мақтау, жалаңтүсінік нағыз ақынға сәйкеспейтін ұғым. Көбінде дарынды ақындардың өскен орта, қалыптасқан қоғамдағы пікірлерімен келісе бермейтіндігі де сондықтан. Меніңше Жұматайдың туындылары да соған саяды. Енді төмендегі өлеңдерді оқып көріңіз:
«Қалай - деп - ағам» - қарадым аспанға кілең,
Бағасын жұлдыз көрсетті бас бармағымен.
Қасоққа әкеп береді балық иен суын,
Іле өзені Қытайдан басталғанымен.
Ағам да сондай. Алысты жақынға балап,
Қақтырған біздің намыс пен ақылға қанат.
Дешті-Қыпшақтан кеп, Игорьге орысша сөйлеген,
Тұрғандай болам сауытсыз батырға қарап...»
деп бастап алып,
«...Ер, көне тайпа дәстүрі оралса кері,
Қасоқтың және қасоққа жоғалса-ау кегі.
... Тәңірің сенің көбейсін тәкаппар елім,
Алдымен сені жарылқар, сонан соң мені» - деп терең ойға көміліп:
«Өле өбуге оңтайлап бір бетімді,
Бір көргеннен білдіріп құрметімді.
Кірпігімнің ұшымен кеңістікке,
Қаншама рет салмадым суретіңді?!
..............................................................
Сенің бейнең миымда, жүрегімде,
Тамырымның, қолымның дірілінде... деп сөз суретін жандандырып, немесе кәнігі сәуегейлікпен:
«...Арамызда ғасырлар бар демеді,
Кішіге үлкен ақыл айтпай не десін.
Ұлы ақындар күнде мені жебеді,
Ұлы ақындар аяған жоқ кеңесін...» деп ақындар аруағы мен (рухы) тілдесіп, әлем кеңістігінің қақпасында тұрғанын аңғартады. Ол өзінің кең толғанысынан бір сәтке де жаңылмайды, сізге әрбір алыстықты жақындата береді. Ақын өрісі тым жырақта. Өйткені Жұматай қазақ өлең сөзіндегі - уақыттың ақыны. Олжасқа арналған өлеңінің өзінен-ақ уақыт сезімділігінің барлық қуаты айқындалып, ақын соны толық түсініп, жетік игергенін түсінуге боларлықтай. Жұматай Олжасты мүлде бөлек түрде қабылдайды. Олжасты бүгіннен емес өткеннен - қыпшақ дәуірінен көріп, табысып, кешегі орыс Игорьдің заманына ертіп әкетеді. Міне, Жұматайдың ой-өрісіндегі кеңістік деп отырғанымыз осы.
VII.
«Халықтың көзін ашқан пенде - дана,
Мәңгілік отырады төрде ғана.»
Әлішер Науаи.
Жұматайдың тағы бір ерекшелігі - оның көкірегінде өлі бейне деген мүлде жоқ . Ол өткенді де, келер ертеңді де тек тірлік арқылы немесе тірі бейнелер арқылы қабылдайды. Дүние тірлікті жүрегіне түгілі тамырына сіңіре құйып, оны «қолының діріліне» шейін сіңіріп алған, «кірпігінің ұшымен кеңістікке (аспан елін) сурет салатын ғажайып сезімтал ақын:
«...Ару Ақ таңым! Мен бүгін жаралы Ғұнмын,
Қобыз кеуденің зарлатқан саналы қылын.
«Әкемдей жансыз» ... бір түрлі ... сүйемін дейсіз,
Сол сөзің мені өлтіріп барады күнім.
Өлмедім, қалдым өзіңді көргенде мана
Көктен де қара көзіме, жерден де қара.
«Сүйемін» дейді отымен, нұрымен барлық,
Ғұн қалқам, ғашық болмайды өлгенде ғана» - дейді.
Жұматайдың сезіміндегі байырғы Ғұн әлі өлмеген, әлі де тірі, оның асыл қасиеттері тірілердің бойына сіңіп, бозбаладай адал жүрегімен әлі де ғашық болуда. Жұматай оны сүйікті жас қызындай сүйеді. Оны өлтіру - ақынға өзі өлгенмен тең. Сондықтан да «Ғұн қалқам ғашық болмайды өлгенде ғана» деген жалғыз сөйлемді өлеңнің соңына әзер тастайды. Біздің құдайдай көріп табынатын шығыс ақындарының қайсы бірін алып қараңыз? Олар да шарабын ішіп, іші өртеніп, мас отырса да өлімге барғысы жоқ. Өлімді - мәңгілік деп түсінетіндіктен оны өлердей сүйеді. Бірақ өлмейді. Жұматай да өлім мен тірлікті солай сезінеді. Оған өлең жазу мен шарап ішудің арасында айырмашылық сезілмейді. Ол шараптың өзі де тәтті шарап. Махаббат шарабы. Батыстың сезімді улап, күрмейтін ақыл-есті алжастыратын у шарабы емес ол. Махаббатқа мас болып, дүние тірлікті соншалықты сұлу, соншалықты адал пері қызын құшқанмен тепе-тең сезінерлік тәтті түсінікті көкірегіне ұялатқан ақын үшін өлім мен тірлікті ажырату мүмкін емес. Өйткені оның бәрі ақынның сезім құшағына түгел сиып тұрған дүниелер. Сондықтан да өлмес ақын өзгені өлтіруді көкіректегі қылмыс деп түсінді. Ақын өшпес тірлікті ғана жыр қылады.
VIII.
«Алтын күн кешікпей батады,
Алтын күн кешікпей өледі!..»
Мағжан.
Жұматай үшін өлі адамдар жоқ. Өлік - адамдар ғана бар. Олар туа солай пайда болғандар. Жұматай адамның ғұмырын сезім ұлылығымен өлшеген. Адамгершілік сезімді адал адамдар мәңгі жасамақ. Олар батқан күн тәрізді бүгін жылап өткенмен, ертең қайта келетіндер. Өлі бейне «сұрлар» тобы.
«... Арамды да адам деп адастым бір уақ,
Ей, өлең маған қарастыр досыңнан қымбат.
Сопымсып отыр, молдамсып отыр мына бір сұр бет,
Шамасы келсе Алатауды да монастырь қылмақ» - дейді ақын. Жұматай оларды адам санына қосқысы келмейді. Жандылықты (жан ұясын) оларға теңегісі жоқ. «Сұрлар» тобы ішіп-жеп, өмірдің құнын қарынның күйісімен өлшейді. Қарыны жынға толған «сұрлардың» сезімінде саңылау, өңешінде тойымдылық болмаған. Олар тірлікке пайда жасаудың орнына сау тәнге ауру жұқтырады. Және де тірлікке пайдасы жоқ бола тұра, тірліктен өшпеейді. «Сұрларды» тірліктен құрту қажетті бола тұра қажетсіз. Жұматай ақын өлең сөзіне «сұр» өңді осындай терең сырмен адамгершілік ұғымын жынға айналдырған салқынқандылар арқылы енгізіп келді. Солғын тартқан сұр өңнің тірі жанға жайсыз екендігін айқындап берді. «Сұрлар» арқылы нағыз адамдардың мәңгілігі дәлелденеді. Жалған атақ, жалған бақыт өшеді, солғындап жоғалады. Ал, адамгершілік пен адал махаббаттылық ешқашан өшпейді. Мұны Жұматайдың өлеңінен айқын аңғаруға болады.
IX.
«Ай мен күннің өлгені,
Түнеріп барып батқаны.
Өлмегенде не өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді.
Жақсының аты өлмейді.»
Таймас Жудас.
Шығыстың өлең сөзіндегі «күн», «гүл», «нұр» деген теңеу сөздер ежелден қалыптасқан терең ұғымды дәлелдейді. Оның түп-тұқияны - Шығыс күннің, нұрдың мекені екендігінде. Шығыстың ақындары өзін күннің, гүлдің, нұрдың ақыны ретінде түсінген. Қазақ һлең сөзіне нұр әуенін Мағжан Жұмабаев аса шеберлікпен жеткізе білген. Ежелгі түріктердің (Орхон жазбаларындағы) ескерткіш жазбаларында да осындай тәңірлік сарын бар екені байқалады. Тәңір(аспан) сезімді ақын Мағжан мүмкін сол бабалардың үлгісін пір тұтқан шығар. Жұматай да сол күннің, гүлдің, нұрдың ақыны екен.
«...Гүлді көрдім, нұрды көрдім күнгейден,
Кең дүние ұланғайыр жыр ғой кен.
Жасыл заңғар, асқар тауда өсіп ем,
Алалық та бар екнін білмей мен.
Алда еді ғой алсам дейтін арманым,
Алда еді ғой жанатұғын бар бағым.
Мен білмеппін, сол қалпында білмеппі...»
Жұматай күллі адамзаттың ақыны. Сондықтан да оны тудырған ана қарапайым қатардағы ана емес. Ол тірлік атаулыдан мәңгі нұрға ғана теңелер өлместік құбылыс. Оның мекені - тірлік пен тәңір аралығындағы пәк мекен. Себебі: кең дүниені түгелдей көкірегіне сыйдырып алған ақынды тудырған ана құдіреті де тәңірінің қуатындай алып. Топырақ - тозаң, құрт - құмырсқа, өзен-су, орман-тоғай, тау-тастың бәрінде ақынның жаны бар. Ақын жаны солармен біте сіңіскен. Ақын өзін жас гүлдің қауызынан, топырақ тозаңының түйірінен, жапырақтың сылдыр-сусылынан көре біледі де. Сондай сезім сәттерінде жаратқан күштің құдіретіне табынумен болады. Ақынды тудырған ана - қүн нұрлы гүл-ана, гүл-тегі. Құдіреттілігі-дем тисе солып қаларлық нәзік те сұлу гүлдің ақынды жаратқандығы. Шығыс ақындарының сезім ерекшелігі осы. Мұндай тәтті өлең ақында өте көп. Тәттілігі сонша қайта-қайта оқи бергің келеді.
«Көгісім бұйра, секілді көгісім сеңсең,
Көгістің сұлу тәңірдей перісін көрсем.
Жылайды жүрек аққұба мұңына қарап,
Сен үшін өлсем арман не, сен үшін өлсем.
Будданы - үнді, Алланы қадірлер - араб,
Ішкендей ақын күйі әсем әр үннен арақ.
Сен үшін өлсем арман жоқ сен үшін өлсем,
Жылайды аппақ ән сүйген тәңірге қарап...»
Мұндай әсерлі сазды талдап, тәптіштеп, боршалап, түсіндірудің өзі ойсоқылық емес пе! Бұл - үнсіздікте жалғыз өзің ғана отырып, тыңдай беретін нағыз өлең, нағыз саз. өлеңнің кейбір жолын үзіп алып, «солай» деп түсіндіруге келмейді. Әуелі түсіндірмек болғанның өзінде де әсемдікті бұзып аласыз. Көкірек сезімнен әсем ырғақ арқылы төгіліп тұрған ән сазына «неліктен?» деген сұрақтың өзі көміліп қалмақ. Әйтседе өлеңнен көңілде қалған үш түрлі ойды айтпасқа шара жоқ.
Бірінші: «Жылайды жүрек аққұба мұңына қарап», нағыз мұңның аққұба болатындығын, соған қарап телмірген сүйкімді де сұлу жүректердің жылайтынын бізге Жұматайдың сезім ұлылығы үйретті. Әуелі сіз мұңға қарап телмірген жүрек-қызға ғашық боласыз. Ақынның жүрегі осынша нәзік (жіңішке) сезімталдықты игерген.
Екінші: Бүгінге дейінгі қалыптасқан ұғым бойынша будда - үндінің, Алла - арабтың таратқан сенім үлгісі екенін біле тұра біз оны дәл солай деп айтуға бата алмаймыз. Өйткені сенімдегі ең үлкен құдірет - пайғамбарлар да, адамзат тек солар арқылы ғана жаратушыға барар жолды таппақ болатын. Жұматай осы сенімге үлкен жаңалық ашып, тәңір сеніміндегі көне ұғымды жаңғырта білген. Өзіндік (қазақы) сенім құдіретіне деген соны жол тауып, тек сол арқылы дүние-тіршілікті аялап, рухани ойдың биігіне көтерілген. Ол құдіреті-мұңына дейін тазарған жүрек сазы мен жүрек үнін бейнелеген өлең сөздің қасиеті еді. Жұматай ақындықты құдіреттілік деп бағалап, сол арқылы адамдарды өз-өзінің көкірегіндегі жасырын құдіреттің құпия сырын ашып, тек соған табынуға шақыра білген.
Үшінші: Сезім тазалығы арқылы мәңгілікке ашқан жолы. Жұматайдың сезіміндегі кең әлем - аппақ әнге көмілген ақ өлең-әлем. Сол әлемде зұлымдық пен зомбылық, қуаныш пен қайғы сондай-ақ ақ пен қара, жақсы мен жаман деген сияқты түрлі ұғым жоқ. Онда тек махаббаттылық пен мәңгілік қана бар. «Сен үшін өлсем» деген арман айтылып тұрғаны болмаса қайғылы өлім жоқ. Кеңістіктен жылап төгілген аппақ ән мен ұлы тәңірге деген құштарлық болғаны болмаса, әуелі ақынның өзі де жоқ, ол да аппақ сезімге сіңіп кеткен, сезімге айналған. Атақты ақын Мағжанның «Әлдиле, өлім әлдиле...» дейтін ғажайып өлеңі есіңізде болар. Жұматайдың мына өлеңі де Мағжанның өлеңінен ешқандай кем түспеген. Әуелі Мағжаннан кейінгі қазақ ақындарының мәңгілік туралы түсінігі едәуір түзелгенін аңғартады. Заман талабының өзі де мәңгілік болмақ. Ақын заман талабын таптық ұғымға айналдырған кереғар кезеңде өмірге келді. Ол тұстағы түсінік бойынша жалаң (жылауық) өлең жазуға болғанымен көкіректегі нағыз арман-мұңды дәлелдеуге берік тиым салынды. Өмірлік мақсаты-бес, он жылдармен ғана шектелетін күрмеулеу түсініктің өміршең талапқа сай келмейтінін Жұматай ақын жете түсінген де, оны мәңгілік ұғыммен жеңе білген. «Сен үшін өлсем арман жоқ, сенүшін өлсем» деп өлімді де еркелете жырлап, аппақ ақ үнді жылатып, тәңірге қаратып, алақан жайдырады. Әлемді аппақән көмкеріп, айнала түгел ақ әнге балқыған өлімдей бейбіт рахатпен тәңірді іздеп жырлайды. Көкіректі құрсаған түнек сезімнен арылып, жан рахаты мәңгілікті іздейді.
Жалғасы бар...