Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2310 0 пікір 8 Тамыз, 2011 сағат 19:56

Қ.Сүлейменов: “Шибөрі-парақор мен дүбәра дөкейді үйірімен қуу керек”

- Қайырбек Шошанұлы, қазір елімізде не болып жатыр? Биліктің жоғары буынын алайық. Бар болғаны аз ғана айдың ішінде Жоғарғы сотта сыбайластық сыр беріп, алты бірдей судья қызметінен босатылды. «Қорғас» кеден бекетінде бұрын-соңды болмаған ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Оның құрамында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары лауазымды шенді-шекпенділері де бар болып шықты. Қылмыс әлемін алып қаралық. Алматыда қылмыскерлер тобы құрықталса, Ақтөбе облысының Шұбарши ауылында үш бірдей полиция жасағы мерт болды. Алматыда хореография училищесінің директоры өз пәтерінде өлтірілді. Бұл тізімді тоқтамай жалғастыра беруге болар еді. Өмір сүру қауіпті болып барады...
- Мен бұл сұрақты екі бөлім бойынша қарастырар едім. Біріншісі - сыбайлас жемқорлық, екіншісі ұйымдасқан қылмыс пен ашық бандитизмнің көрінісі. Сыбайлас жемқорлық туралы көп айтылды, мен тек соған мынаны қосар едім: елде әдеттен тыс ешнәрсе де болып жатқан жоқ. Президент коррупцияға қарсы күрестің аяусыз жүргізілетіні жайлы баяғыда-ақ ескерткен. Сондықтан, тәртіпті түзеуге уақыт жетеді.
Ал қылмыс әлеміне келсек, сіз айтқандай соңғы жылдары жағдайдың күрт өзгере бастағаны жайлы әлдеқашан ойланып, шешім қабылдауға болатын еді.

- Қайырбек Шошанұлы, қазір елімізде не болып жатыр? Биліктің жоғары буынын алайық. Бар болғаны аз ғана айдың ішінде Жоғарғы сотта сыбайластық сыр беріп, алты бірдей судья қызметінен босатылды. «Қорғас» кеден бекетінде бұрын-соңды болмаған ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Оның құрамында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары лауазымды шенді-шекпенділері де бар болып шықты. Қылмыс әлемін алып қаралық. Алматыда қылмыскерлер тобы құрықталса, Ақтөбе облысының Шұбарши ауылында үш бірдей полиция жасағы мерт болды. Алматыда хореография училищесінің директоры өз пәтерінде өлтірілді. Бұл тізімді тоқтамай жалғастыра беруге болар еді. Өмір сүру қауіпті болып барады...
- Мен бұл сұрақты екі бөлім бойынша қарастырар едім. Біріншісі - сыбайлас жемқорлық, екіншісі ұйымдасқан қылмыс пен ашық бандитизмнің көрінісі. Сыбайлас жемқорлық туралы көп айтылды, мен тек соған мынаны қосар едім: елде әдеттен тыс ешнәрсе де болып жатқан жоқ. Президент коррупцияға қарсы күрестің аяусыз жүргізілетіні жайлы баяғыда-ақ ескерткен. Сондықтан, тәртіпті түзеуге уақыт жетеді.
Ал қылмыс әлеміне келсек, сіз айтқандай соңғы жылдары жағдайдың күрт өзгере бастағаны жайлы әлдеқашан ойланып, шешім қабылдауға болатын еді.
Бұл дегеніңіз, біріншіден, Ішкі істер министрлігінің діни-экстремистік сипат ала бастаған ұйымдасқан қылмыспен күресті әлсіретіп алғанын білдіреді. Агентуралық-оперативтік сауықтыру жұмыстары әлсіреген. Мұны күнделікті өмірде ғана емес, түрмелердегі «кенеттен» туындаған қылмыстық істерден байқауға болады. Ішкі істер министрлігінің ебедейсіз екені көзге ұрып тұр. Мысалы, стратегиялық жоспарлау департаментін өз штабымен қоса құру және соған ұқсас көз алдайтын бөлімдер құра беру полицияға пайдалы емес. Оның орнына халықпен шынайы байланыс орнату, қылмыстық ортаға тереңдетілген барлау ісін енгізу, жас мамандар мен тергеушілерді оқытып шығу әлдеқайда дұрыс болар еді.
- Ақтөбе облысында полиция қызметкерлерін өлтірген күдіктілерді ұстау ісіне Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» және «Бүркіт» арнайы жасағы қатысты. Қылмыскерлерді залалсыздандыру кезінде экстремистік топтың тоғыз адамы жер жастанды. Осы трагедиялық оқиға бойынша Бас прокуратура, ҰҚК, ІІМ мекемеаралық комиссиясы тексеру жүргізіп, мынадай сұрақтарға жауап беруі тиіс: Бандиттер қамыс арасынан қалайша, білдірмей қоршаудан өтіп, ауылдың ішінде жасырынды? Арнайы жасақтың сақадай жігіттері не себепті 11 қылмыскерге дер кезінде тойтарыс бере алмады? Ал Балқашта арнайы жасақтың шабуылы барысында түрмедегі он алты тұтқын өзін-өзі жарып жіберді. Шілденің соңында Ақтөбеде Т.Оразбеков деген 24 жастағы жұмыссыз жігіт өзін-өзі атып тастады. Алдын ала ұйымдастырылған шара барысында бір полиция қызметкері қаза тауып, бірнешеуі жараланды. Арнайы жасақ өкілдерінде де шығын бар. Құрбандық тым көп емес пе? Осыншама шығын арнайы жасақтың әлсіздігін, шеберсіздігін, дайындығының нашарлығын білдірмей ме?
- Иә, қарулы қылмыскерлердің жиілеп кеткен шабуылы мен полиция қызметкерлерінің шығынға ұшырауы сол агентуралық-оперативті жұмыс пен арнайы жасақтың дайындығының әлсіз екенін көрсетеді. Соңғы жылдары мамандар дайындауға аста-төк ақша жұмсалды. Бірақ дилетанттық ұрандармен, болмашы ғана қателігі үшін жаппай жазалаумен немесе кадрларды таныстық бойынша қоюдан сапаны көтере алмайды ғой. Полиция қызметкерлері барлық кезде де өлімге бас тігеді. Жұмыстың өзі сондай. Бірақ кенеттен шабуыл жасалғанда солай болса, бір сәрі, ал басшының кәсіби кембағалдығы мен немкеттілігі жағдайында орын алса, басқа әңгіме. Мына бір нәрсе есіме түсіп отыр. Өз-өзімді жарнамалаудан аулақпын, әрине. 
Ішкі істер әскеріне қолбасшы болып тұрған кезімде Павлодардағы сарбаздың бірі әскери бөлімді тастап кетіпті. Жәй кете салмай, автоматпен дүкеншіні кепілдікке алыпты. Ол соңғы оғы қалғанша, атысатыны жайлы мәлімдеді. Облыс полициясының бастығы М.Тұмарбеков болатын. Ұзаққа созылып кеткен келіссөздерден соң, ішкі әскердің күшімен бірлесе отырып, шабуылдауға дайын отырды.  Мен Астанадағы кабинетімде отырып, дезертирмен телефон арқылы байланыстыруды сұрадым. Сөйтіп, онымен жарты түн бойы сөйлестім. Менің осылайша, ауызба-ауыз сөйлесуім - қазір ғана бәрін қырып-жойып тастағалы тұрған солдатты сабасына түсірді. Сөйтіп, өз еркімен берілді. Снайпер мен шабуылдаушыларға дезертирдің әзірше бас қолбасшымен сөйлесіп тұрғаны, сондықтан, арнайы шара уақытша тоқтатыла тұратыны жайлы хабар жеткенде, олардың бойында да басшылықпен біргеміз деген жігер пайда болды. 
- Ақтөбелік тәртіп сақшылары соңғы екі айда осы өңірде қару қолданған қылмыс санының өскенін айтады. Мысалы, бір қылмыстық топ мүшелерінен 22 қару-жарақ алынған. Қазақстандағы қылмыскерлердің дені Макаров тапаншасымен, Калашников автоматымен кеңестік гранаталармен қаруланған. Олар оны қайдан алады? Полиция тіпті ерікті түрде қару-жарақты өткізуге үгіттеуде. Азаматтарымыз өткізуі керек сол қаруды қайдан алған өзі?
- Оның барлығы Кеңес Армиясынан қалған мұра. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қаруы емес. Кеңес Армиясы дегенде Түркістан әскери округын меңзеп отырғаным жоқ. Оған бұрынғы Кеңес Одағының барлық аймағы жатады.
- Жоғарғы сот пен Қорғастағы лауазымды жемқорларды қаржы полициясы әшкереледі. Сонда, тек қаржы полициясы ғана жұмыс істеп, басқа тәртіп сақшылары, оның ішінде өзіңіз екі рет басқарған Ішкі істер министрлігі де бар, аңдысын аңдып отырған тәрізді...
- Ішкі істер министрлігі сыбайлас жемқорлықпен мүлдем айналыспайды. Онымен тек қаржы полициясы мен кейбір кездерде Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғана күреседі. Ол қызмет заң жүзінде солай бөлінген. Бірақ Ішкі істер министрлігі өз ішіндегі жемқорлықты жөнге салуы тиіс.
- «Қорғас» ісі туралы сөз қозғасақ... Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы сол іске қатыстылардың лауазымына, «командадағы» қызметіне қарамастан, аямай жазалауға уәде берді. Сіздіңше қалай, ол мүмкін бе?
- Мүмкін дер ем. Бірақ тергеу ісінің аяқталуын күтуіміз қажет.
- Біздің азаматтардың пікірінше, жемқорлықтың ісініп-кебініп кеткені соншалықты, бұдан ары қарай дамитын саласы да қалмапты. «Заңды бұрмалау, пара, тамыр-таныстық, шенеуніктердің шарасыздығы» деген сөздердің өмірімізге енгені соншалықты, қазір оған ешкім де таңғалмайды. Тұрғындар тәртіп сақшылары мен күштік құрылымдар жұмыс істемейді, бәрі ақшаға келіп тіреледі деген пікірде. Төлесең - қозғайды, төлемесең - істі жауып тастайды. Неліктен біздің азаматтарымыз, қоғамымыз, тіпті мемлекеттің өзі қылмыстық одыраңдаудан жеткілікті дәрежеде қорғанбаған? Не істеуге болады? Жемқорлықпен күресте қай нәрсені сіз ең басты нәрсе деп атар едіңіз?
- Соңғысынан бастайық. Мен бірнеше мәрте айтқан едім, тағы қайталаймын. Қол астындағыларды түрлі «салықтар» жинауға мәжбүрлеуді тоқтату керек. Өздері қабылдаған шешімнің орындалуын қадағалайтын тиімді жүйе орнату керек. Бұл өте маңызды. Одан басқа, мемлекеттің орасан шығын жұмсайтын жобаларына криминологиялық сараптама жүргізу керек. Бір қызметтен екіншісіне түгел «командамен» ауысуға тыйым салған жөн.
- Жаңадан тағайындалған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов полицияны жан-жақты  қайта құруға қабілетті ме?
- Толығымен қабілетті. Оның тәжірибесі жеткілікті. Бірақ барлық деңгейдегі кадры әлсіз. Сондықтан, әбден дайындалған және полиция ісіне көзсіз берілгендерді іздеп, оларды шешуші орындарға тағайындауы керек. Соңғы жылдары Ішкі істер министрлігінде көлденең көк атты да карьера жасады. Олардың дені түк бітіре алмайды, тек, талантты сөзуарлар ғана. Соңғы үш министр де, оның үшеуі де полициядан гөрі үлкен саясаткер еді, шешімді нақты мәселе бойынша емес, «баяндамалар» бойынша қабылдады. Кеңқолтық, сөзшеңдер қызметтік баспалдақта оңай көтерілді. Қасымов болса, нағыз кәсіпқой, мәселенің мәйегін ішінен-ақ байқайды. Меніңше, ұйлыққан шибөрі-парақор мен дүдәра дөкейді үйірімен қуу керек. Олардың пайдасынан гөрі зияны басым. Яғни Ішкі істер министрлігінде кең көлемде тазарту жұмысы жүруі тиіс еді. Бірақ біз әзірше ондайды көрмей тұрмыз.  
- Еліміз тәртіп сақтау органдары мен сот жүйесін реформалауды ұзақ күтті. Былтыр тамызда Президентіміз осы құрылымдардың тиімділігін арттыру туралы Жарлыққа қол қойды. Тәртіп сақтау органдарының өкілеттігін шектеу, оңтайландыру, оларға тән емес міндеттерден босату сияқты шаралар ұсынылды. Сонда реформа дегеніміз - бір жағынан, тек бір мемлекеттік органның қызметін екіншісіне берумен шектелу болып шықпай ма? Екінші жағынан, сот-құқықтық реформаны дайындауды шенеуніктердің өзін-өзі ақтауы үшін беруіміз керек пе? Олар өздерін-өздері реформалағысы келе ме? Себебі, оларға былайша да жаман емес қой.
- Енді оны шенеуніктерден басқа кім жүзеге асыруы тиіс? Атаңызшы. Мемлекет пен қоғамның бірлескен жұмысы болуы тиіс. Азаматтық қоғамның белсенділігі төмен деп жатамыз. Сондықтан, реформаның негізгі субъектісі - шенеунік. Сот-құқықтық реформаның тақырыбы ауқымды. Осы маңызды бағытта мемлекеттің қызметі күштік құрылымдар арасындағы қызметтерді қайта бөліске салуы. Жұмыстың нәтижесі мен тәртіп сақтау органындағы психологиялық атмосфера да осыған қатысты. Өкінішке қарай, соңғы уақытта сот-құқықтық реформаның контексіне мүлдем кереғар шешімдер қабылданды. Мысалы, Ішкі істер министрлігі қызметіне әскери қылмыстарды тергеу міндетінің артылғаны мүлдем миға қонбайды. Прокуратура органдарында толыққанды тергеу аппаратын қалпына келтіріп, әскери прокуратураға әскери қызметкерлерге қатысты тергеуді өткізген жөн.  Мен өз басым оңтүстікте, батыста, солтүстік-шығыста көлік департаменттерін жоюға қарсымын. Олар теміржол бойындағы стансалар мен разъездердегі, әуежайлардағы көптеген полиция бекеттерін дер кезінде бақылап, басшылық жасап келді. Енді ол жұмыспен Ішкі істер министрлігінің Көлік комитеті айналысады. Көңілсіз балгер болмай-ақ қояйын, бірақ көліктегі толық анархия мен елеулі бір жағдайға ұшыратады. Сосын өңірдегі департаменттер қайтадан құрылады. Сондай-ақ, Астанадан түскен тапсырма бойынша, Алматы облыстық Ішкі істер департаментінде тәжірибе ретінде, тергеушілер мен криминалдық полицияның жедел уәкілдерінен тұратын шата бөлімнің өмірінің ұзаққа бармайтынын да айта аламын. Олар айтып жатқан тергеу жөніндегі басқарма дегеніміз - бір дилетанттың ақылынан адасып тапқан нәрсесі. Жедел уәкіл мен тергеушіні бір тұлға ретінде біріктіру үшін, қылмыстық модельді де батыстық ыңғайға сай қайта өзгерту керек. Сот тергеуінің ауқымын кеңейту керек. Қылмысты зерттеудегі соттың рөлін өзгертіп, прокурор мәртебесін ықшамдау керек. Қазір біз өзеннің ортасында тұрып қалдық. Бір шетінен, соттарды батыстық үлгі бойынша өзгерттік те, қалғандарын сол күйі қалдырдық. «Реформаторларымыз» тұншығып қалды, ұрандарын түсіріп тастап, бұға қалды.
- Соңғы уақытта Қазақстанға діни экстремизмнің қаупі төнді деушілер көбейді. Бұл туралы не айтасыз?  
- Өкінішке қарай, ол рас. Бірақ көрші мемлекеттердегідей дәрежеде емес. «Шаһидтер» шыға қоймас, бірақ шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдануы тиіс. Атеизмнен түк білмейтін, сананың социалистік үлгісінен бейхабар жастар өсіп жетілді. Псевдоисламдық идеялар мен әдебиеттің бақылаусыз тарауы, ашықтан-ашық соғысқа шақыру, шіркеу мен мемлекет арасындағы шекараны сызып тастауға ұмтылу, мемлекеттік құрылымдардың әрекетсіздігі, шын мәнінде, құлшылық жасаушылардың пікірін елемеу дегендеріңіз діни экстремизмнің негізгі себебі мен салдары. Біздің бәріміз де Құдайға сенеміз. Әрқайсымыз әр түрлі. Уақапшылар мен фундаменталистердің серкелері араб ағарту мектептерінің түлектері. Олардың бәрін біздің көзімізше өз қатарларына қосып алып жатыр. Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топқа желеу боларлық себептер толығымен жойылған. Бірақ соңғы уақытта байқалған көптеген әрекеттер тәртіп сақшыларының енжарлығын көрсетсе керек. Бірақ бізде ұйымдасқан қылмыстық топпен күресу тәжірибесі бар да, діни экстремизммен күресу тәжірибесі жоқ. Діншілдердің қылмыстық әрекетінің бәрін жиһадқа балай беруге де болмайды. Бірақ бұрын басталған процестің зардабын бағаламай қалуға тағы да болмайды. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы да терроризмге қарсы тиімді жұмыстар атқарып жатыр деп сенімді түрде айта алмаймын.
- Қазақстанда жанкешті-содырлар дайындалуы мүмкін бе?
- Егер лаңкестік әрекет ұйымдастыру Норвегияда мүмкін болса, Қазақстанда қалайша мүмкін емес? Бірақ бізде ең үмітсіз экстремист үшін де лаңкестік әрекет жасайтын алғышарт жоқ. Елде кімді, не үшін жаруы керек?  Сөздің соңында былай дегім келеді: әрине, әрбір оқырманның көкейінде «Ішкі істер министрі, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болғанда қайда қалдың? Бұл проблемаларды неге шешпедің?» - деген сияқты заңды сұрақ туындайтыны рас. Тарихи уақыттың әрбір бөлігі жаңа мәселелер ұсынады. Яғни, бұл жаңа проблеманы енді сонымен айналысатын адам шешуі керек...

Сұхбаттасқан  Торғын Нұрсейітова
«Zakon.kz» сайтынан ықшамдалып алынды

http://jasqazaq.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5467