Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Білгенге маржан 17748 21 пікір 18 Сәуір, 2017 сағат 12:18

Жаңа қазақ әліпбиі немесе латын жазуына «Ахметше» көшу

Бұл жазбагердің (А.Сейітұлы) монографиялық еңбегі  «Жаңа қазақ әліпбиі керек» деген атаумен 2000 жылы, 25 қазанда «Ана тілі» газетінде (№25)және 2005жылы «Қазақ тарихы» (№1) журналында  қысқаша мазмұнда жарияланған болатын. Латын қарпіне көшу мәселесі талап санатына ие болғандықтан, тіл жанашырларына ойтүрткі болар деген ниетпен сол мақаланы толық мәтінде жариялап отырмыз.

 Жаңа қазақ әліпбиі немесе латын жазуына «Ахметше» көшу

 

  1. Тіліміздің қазіргі қоғамдағы жағдайы

“Қазақтың тілі соншалықты мол. Ләкін қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әм анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе.”

  Ыбырай Алтынсарин

 

Жасыратыны жоқ, «кеңестендіру» саясатының XX ғасырдың 70-жылдары Қазақ Республикасында қатты күш алғаны белгілі. Алдымен қазақтың қалаларын «орыстандырды». Сол себептен, ана тілімізді алғашқы менсінбеушілер қала қазақтары болды. Өйткені олар   сол тілді игергендіктен, дүниені сол тіл арқылы танығандықтан, соның шырмауынан шыға алмай қалды. Кеңес билігі қазақтың қалаларындағы жергілікті халықтың санын арттырмау саясатын ұстанды.

Екіншіден, олардың тілді менсінбеу себебінің түп төркіні одан да тереңде. Мәселен, Кеңес Одағы кезінде қазақтарға қалада тұруға шектеу салынды, олардың тек 20 пайызына ғана рұқсат етілді. Ал сырттан келгендер болса, төмен қызметтерге қабылданды, баспанасы болмады. Сол себепті қалалықтар оларға үстем көзқараспен қарады. Ал ауылдан келген қазақтың балалары ортаға бейімделу үшін қисыны келсін, келмесін басқа тілде шүлдірлей бастады. Құдайға шүкір, тәуелсіздік жылдары жергілікті халық өз елінде негізгі өндірістің жұмысшы күшіне айналды. Олардың зиялы қауым санатына көтерілу деңгейі де қарқындап дамып келеді. Дегенмен, күні бүгінге дейін билік сатыларында тәуелсіз жылдары дүниеге келсе де қазақша бір ауыз сөз қақпайтын, не шала сауатты будан буынның өкілдері де кезігіп қалады. Олар әу баста ана тілін бойына сіңірмеген соң, рухани кембағал болып қала беруде. Тіпті осы тәуелсіздікпен түйедей құрдас жиырма бес жастағы жастардың қазақша білмеуін немен және қалай түсіндіруге болады?! Қазақтың тілі туралы сындарлы еңбек жазған алаш азаматтарының бірі Х.Досмұхамедұлы (1883-1939): «Жасында ұлт мектебінде дұрыстап оқыған адам ана тілінің заңын ұмытпайды, бөтен тілдің сөздерін ана тілдің заңымен айтамын деп шатасады» - дейді. Ал, дәл қазіргі ұрпақ оқуды өзге тілде бастап, кейіннен ана тілде сөйлеймін деп шатасып жүр. Сондықтан, бұл мәселе әліпби таңдаумен ғана шешіле салайын деп тұрған жоқ. Ол үшін алдымен 1957 жылы іргесі қаланған “Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерін” өзгерту керек.

Бүгінгі күні латиницаға өтуге мұқтаждық бар. Латиницаға көшу мәселесі бірінші болып тәуелсіздік алған жылдары бір көтерілді. Қазақ қоғамы екінші мәрте аталмыш мәселені 2005-2007 ж.ж. тағы бір көтерді. Елбасы «2025 жыл» деп нақты мерзім белгілегеннен кейін, «латын әліпбиіне көшкен дұрыс па, бұрыс па?» деген сауал төңірегінде 20 жыл бойы жүрген көкезу талқылау тыйылып, бұл маңызды іс бір табан ілгері басты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауды жүктеді.

 

 

  1. Тiлiмiздiң сенiмдi сақтаушысы – үндестiк заңы

 

“Ел тiлiнiң бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады”

                                          Халел Досмұхамедұлы

 

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы Тiл туралы заңы қазақ тiлiне мемлекеттiк мәртебе берсе де, тура сол заңда орыс тiлiнiң ресми түрде қатар жүретiндiгiн һәм көрсетедi. Саяси тұрғыдан алып қарағанда тәуелсіздіктің алдыңғы жылдарында әлгi шешiм де дұрыс шығар деп қабылдадық. Алайда жиырма жылдан асса да мемлекеттік тіл ресми тілмен теңесер емес.

Егер әлемдiк болып саналатын орыс тiлiмен тайталаса, иықтаса отырып, қазақ тiлiн қажетiмiзге жарата алсақ, һәм осы тiлге елiмiздегi жүзден аса ұлт өкiлдерiн қарата алсақ, онда тiлдiң әлемдiк деңгейге көтерiлгенi. Демек, алдымызда қазақ тiлiнiң бәсекелестiк қабiлетiн арттыру мәселесi тұр... Бұл уақыт күттiрмейтiн маңызды мәселе. Өйткенi, жас мемлекет үшiн уақыттың әр сәтi жауапты. Сол жауапкершiлiктiң жүгi баршамыздың мойнымызда екендiгiн ескерiп, бiз де қалыс қалмай, тiлдi дамытудағы нақты ұсыныстарымызды оқырман қауымға жеткiзудi жөн көрдiк...

Бiздiң ойымызша, қазақ тiлiн өзiнiң лайықты мәртебесiне шығартпай отырған бiр ғана кедергi бар. Ол кедергi-кириллица (ғылыми көзқараспен қарағанда, қазiргi әлiпбиiмiз кириллица негiзiнде емес, таза орыс әлiпбиi негiзiнде құрылған). Санамызға әбден орнығып алған орыс әрiптерiнен арылмайынша ана тiлiмiздiң екiншi дәрежеде қала беруi заңдылық.

Қазақ тiлiн үйренгiсi келетiн шетел азаматының не қазақ тiлiн бiлмейтiн өз азаматтарымыздың «әп» дегеннен тiлашардан бiлетiнi мынау: - “Современный казахский алфавит составлен на основе русской графики и состоит из 42 букв. Из них 32 буквы обозначают те же звуки, что и в русском языке”.

Ол ол ма: «Благодаря русскому языку в лексику казахского языка вошла много слов путем калькирования и прямого заимствования. В развитии, усовершенствовании казахского литературного языка ярко заметно большое и благотворное влияние современного русского литературного языка...» – деп, қазақ тiлiндегi орыс әрiптерi мен сөздерiнiң ықпалын, басымдығын түрткi етiп, әлемге жар салуда. Ауыз ашпай жатып, «бiреудiкi» һәм «бiреуден» деп басталып жатса, кез-келген адамның (әсiресе жастардың) қазақ тiлiне деген қызығушылығы арта қоймасы анық. Бiр кездерi «Караван» газетiнде басылып шыққан, Алматыда оқып жүрген бiр үндi студентiнiң: «Қазақ тiлi әр тiлдерден алып құрастырылған» деп жариялаған жаңсақ пiкiрiн осы кириллица туғызса керек. Қазақ әлiпбиiнiң орыс әрiптерiнiң негiзiнде құрылғаны былай тұрсын, тiптi орыс тiлiнiң көптеген ғылыми-техникалық және саяси-қоғамдық терминдерi ешбiр өзгерiссiз, ешқандай заңдылықпен санаспай, тура сол қалпында ене берген. Бiр айта кететiн жайт, сол орыс тiлiнен енген барлық сөздердiң тегi орыстiкi емес. Мысалы, президент, конституция, цивилизация, функция, коммунизм, капитал, профессор, институт, т.с.с. толып жатқан орыс сөздерiнiң тегi латыннан шыққан. Тек орыс тiлi жат сөздердi қабылдағанда мiндеттi түрде өзiнiң тiл заңдылығына сәйкес етiп өзгерту арқылы енгiзедi. Онда неге сол латын сөздерiн қазақтың дыбыс заңдылығына бағындыра отырып, тiкелей қабылдамасқа?

Жалпы қазіргі қазақ тілінің күйі танымастай бейшара қалыпқа түскен. Өйткені, тіліміздің  - дыбыс заңдылығы бұзылған, ұлттық сипаты қиратылған. Ахмет Байтұрсынұлы көрсеткен қазақ тілінде 9 дауысты, 19 дауыссыз бар. Ең дамыған тілдердің әріп саны қашан да 26-28 –ден аспаған. Бұл ұстаным бізде де болды. Кириллицаның келуімен киелі сингармонизм заңы бұзылып қазақ тіл білімі аса күрделеніп кетті. Сол үшін біз бір нәрсені жақсы түсінгендігіміз абзал: кириллицадан арылу – қазақ халқы үшін емес, өзінің киелі дыбыс заңдылығынан айрылып қалған қазақ тілі үшін аса қажет болып отыр. Ал қай таңбаға көшу керек екендігі, ол – екінші мәселе.

Кез-келген бiр тiлдi шұбарлау үшiн сол тiлдiң дыбыс заңдылығына бағына қоймайтын бiр әрiптi енгiзсе болғаны. Ендеше, сан ғасырлар бойы өзiншелiгiн, ерекшелігін барынша сақтап келген қазақ тiлiне кеңестiк дәуiрде ондаған орыс әрiптерiн енгiзуде үлкен саяси астар болғандығы айдан анық. Кеңестiк дәуiрдiң (XX ғасырды солай атаса да болады) 30-ыншы жылдары қазақ халқының «қаймағының» сүзiп алынғандығын ескерсек, онда 40-ыншы жылы кириллицаны кiмдердiң қабылдағанын да түсiну қиын емес. Соңғы алпыс жыл iшiнде -  ë, ц, ч, щ, э, ю, я сияқты орыс әрiптерi мен олардың жiңiшке және айыру белгiлерi қазақ тiлiне өте күштi синтаксистiк ықпал жасап, оның дыбыс заңдылығын шайқалтып, екпiн тұрақтылығын бұзып, төл әрiптерiн шетiнен ығыстыра бастады. Осы төл әрiптерiмiзбен болған уақиға, кезiндегi патшалы Ресейдiң, Кеңес үкiметiнiң қазақ халқын шұрайлы жерiнен айырып, бiрте-бiрте құнарсыз иен далаларға ығыстыру саясатын ерiксiз еске түсiредi. Екеуiнде де бiр ғана «қолдың» таңбасы жатыр...

Санасы уланып, құлдыққа ұрынған қандасымыздың бірі – Владимир Нүсіпханов («Известия Казахстан», 15.10.2002) туған тілі туралы өз пікірін былай білдіреді: «Казахский язык – это язык застолья, песен и айтысов. Он был у нас на кухне, там и останется. Так зачем надевать на высохшее дерево праздничные букеты. Там должен висеть венок».    Астапыралла!..

Құдайға шүкiр, жер тұтастығын сақтадық, ал тiл тұтастығын, оның өміршеңдігін сақтауымыз үшiн, ең алдымен, кiрме әрiптерден арылуымыз қажет. Лингвистикалық тұрғыдан келетін болсақ, қазақ тілінде бір фонемаға бір дыбыс жүреді. Қазіргі қазақ тілінде қосамжар орфография жүріп отыр. Төл сөздерді жазар болсақ, қазақтың төл әріптері қолданылады да, ал кеңес заманында кириллицамен кіргізілген кірме сөздер қазақ тілі дыбыс заңдылығымен еш санаспай, орыс тілінде қалай жазылса, дәл солай беріліп келеді. Ең сорақысы, тәуелсіздік алған жылдары да жаңа нарықтық-экономикалық, саяси-әлеуметтік терминдер орыс тілінің түпнұсқасынан ауытқымай, сол қалпымен өзгеріссіз енгізіліп жатыр. Сол үшін жаңа кірген атауларға, бірінші, қазақ тілінен баламасының табылғаны абзал. Болмаса, екінші, кірме әріптердің орнын төл әрiптердің басқаны ләзім. Мысалы: бюджет – бүджет, цемент – семент, университет - үніверсітет, компьютер – көмпүтер, Аляска – Аласқа, т.с.с. болып, кiрме сөздер түгелiмен үндестiк заңына бағынып, бiрыңғай халық тiлiнiң қорын толтырар едi. Бұл – бiрiншi қажеттiлiк.

Кейбiр тiл мамандары халқымыздың шет тiлдерiн теткусiз еркiн сөйлеуiн қазiргi 42 әрiптiң арқасы деп, бiр жақты әрi қате тұжырым айтып, кiрме әрiптердi барынша сақтап қалғысы келедi. Жоқ! Бұл мүлдем олай емес. Қазақтардың шет тiлiн еркiн сөйлеуi – олардың гендiк затына байланысты. Тiптi ана тiлiн бiлмейтiн орыс тiлдес қандастарымыз да кез-келген шет тiлiн өте таза сөйлейдi емес пе?!

Бiр нәрсенiң шындығын дәлелдеу үшiн бұрынғы жазба деректерге, мәшһүр адамдардың айтқанына жүгiну дәстүрi – бағзы заманнан келе жатқан ғылыми үрдiс болғандықтан, дәлел ретiнде атақты орыс түркiтанушысы Василий Радловтың (1837-1918) мына сөздерiн келтiре кетейік:

«Қазақтардың ақыл-ой қабiлетiнiң зор екенiне барған сайын көзiм жете түсуде. Қандай әсем сөйлейдi. Айтқысы келгенiнiң бәрiн тез түсiндiрiп, қарсыласының сөзiне де шебер тойтарыс бере бiледi. Тiптi балаларының ақыл-есi өте тез жетiледi...»

Қазақ тiлi – сөз қорына өте бай тiлдердiң бiрi. Балама болатын қазақ сөзi жетерлiк бола тұра, кiрме сөздердi ережеден тыс қабылдай салу – денi дұрыс тiлдi қорлау деген сөз. Қазақ тiлi өзiнiң тарихи да табиғи тазалығын сақтағанда ғана әлемдi өзiне қызықтыра алады. Ал тiлiмiздiң сенiмдi сақтаушысы, ол – үндестiк заңы. Ертеректе енген араб-парсы сөздерін айтпағанда, орыс тілінен енген сөздердің өзі де аралас буын қалпынан ажырап, бірыңғай (жуан яки жіңішке) буын болып қалыптасты: бәтеңке (ботинка), бөрене (бревно), кәмпит (конфет), нөмір (номер), сәтен (сатин) т.б. Бұлай болатын себебі, аралас буынды сөздер тілдің ілгерінді-кейінді қозғалуын қажет етеді, ал тіл үндестігі сол тілдің неғұрлым аз қимылына, үнемді және бірқалыпты қозғалысына негізделген.  Сондықтан, кеңестiк дәуiрде ретсiз енiп кеткен және әлі күнге шейін тәртіпсіз кіріп отырған кiрме сөздердiң тiлiмiзге әкелген бейберекетсiздiгiн бiр қалыпқа келтiру үшiн, осы бiр қатаң заңдылық қайта салтанат құруы тиiс. Ахмет Байтұрсынұлы морфем, буын, тасымал емле-ережелерін керемет бір қалыпқа салып кеткен. Сол заңдылықтарды қалпына келтіру - қазіргі ғалымдардың еншісінде. Бұл – екiншi қажеттiлiк.

 

  • Дәйекше – дыбыс заңдылығын қадағалайтын реттеушi

 

“Қазақтардың тiлi – исламның бүлдiрушiлiк (екпiн тұрақсыздығын айтады. А.) әсерiне ұшырамай, түпкi таза түрiн – түркiлiк сипатын сақтап қалған тiл. Рас, оған да бiрен-саран жат сөздердiң енгенi байқалады. Бiрақ ол сөздер, қазақ тiлiнiң үндестiк заңына бағынып, бiрыңғай халық тiлiнiң қорына қосылып кеткен”

В.В.Радлов

 

Кеңес дәуірінен күні бүгінге дейін беталды енiп жатқан барлық кiрме сөздер үндестiк заңына бағынуы тиiс. Ал, ендi ол қалай жүзеге аспақ?

Тiл тарихын бiлмей, тiлдi дамыту мүмкiн емес. Сондықтан, жауапты бұрынғы жазба деректермен ұштастыра отырып табуымыз ләзiм...

1937-38 ж.ж. қуғын-сүргiннiң құрбаны болған қазақ әдебиеттану ғылымының негiзiн салушы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы шыққан «Қазақ» газетiнiң тұңғыш санында былай деп жазады: «...Өзiмiздiң елiмiздi сақтау үшiн бiзге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшiн, ең алдымен, әдебиет тiлiн өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзiнiң тiлi, әдебиетi бар ел ғана жарай алатындығын бiз ұмытпауға тиiспiз. Бұл мәселеде бiздiң халқымыз оңды емес. Осы күнi орыс школы мен татар мектептерiнде оқып шыққандар қазақ тiлiн елеусiз қылып, хат жазса, өзге тiлде жазып, қазақ тiлiнен алыстап барады. Бұл, әрине, жаман әдет. Егер тiлге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, бiздiң ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тiлмен де, сол тiлге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгi қоштасқанымыз деп бiлу керек. Егер оны iстегiмiз келмесе, осы бастан тiл, әдебиет жұмысын қолға алып, өркендететiн уақытымыз жеттi».

Ахмет Байтұрсынұлы - өзiнiң бүкiл саналы өмiрiн қазақ жазба тiлiн лексикалық шұбарлықтан, басқа тiлдердiң синтаксистiк ықпалынан тазартумен айналысып, қазақ тiлi ғылымын дамытқан iрi ғұлама. Егер бiз, Ахмет Байтұрсынұлы құрған әлiпбиiне өте мұқият зер салып қарайтын болсақ, онда қазiргi халқымыздың тiрелiп отырған тiл мәселесiнiң шешiмiн сол ғалым XX ғасырдың басында-ақ шешiп кеткенiне ғылыми түрде толық көзiмiз жетедi. Ол үшiн алдымен, Ахмет Байтұрсынұлының араб графикасынан алып жасаған әлiпбиiне (төте жазуына) назар салайық:

 

Қазiргi

әлiпби

Төте

жазу

Қазiргi

әлiпби

Төте

жазу

Қазiргi

әлiпби

Төте

жазу

1 А а 15 Қ қ 29 Ф ф
2 Ә ә 16 Л л 30 Х х
3 Б б 17 М м 31 Һ һ
4 В в 18 Н н 32 Ц ц
5 Г г 19 Ң ң 33 Ч ч
6 Ғ ғ 20 О о 34 Ш ш
7 Д д 21 Ө ө 35 Щ щ
8 Е е 22 П п 36 ъ
9 Ë ë 23 Р р 37 Ы ы
10 Ж ж 24 С с 38 I i
11 З з 25 Т т 39 ь ﺀ (дәйекше)
12 И и 26 У у 40 Э э
13 Й й 27 Ұ ұ 41 Ю ю
14 К к 28 Ү ү 42 Я я

 

*Көне әлiпбиге В, Ф, Х, Ч әрiптерiн тiл ғылымының дамуына қарай гуманистер кейiннен енгiзген. Асылында, дауыссыздардың үндестік заңына тигізер еш зияны жоқ.

 

Бұл әлiпбиде ерекше көзге түсiп, қызығушылық тудыратын бiр таңба бар. Ол – дәйекше (жiңiшкелiк белгiсi). Дәйекше – тек буындардың жiңiшкелiгiн бiлдiретiн белгi ғана, десек те, Ахмет Байтұрсынұлы оны әрiптер санағына кiргiзген. Неге?

Қазақтың сөздерi бiрыңғай жуан буынды, не бiрыңғай жiңiшке буынды болып келетiндiгiн ескерсек, онда дәйекшенiң ең алдымен осы тәртiптi қатаң қадағалайтындығын байқаймыз...

 

Жуан буынды сөздер

(дәйекшесiз)

Жiңiшке буынды сөздер

(дәйекшелi)

айбат - ﺍﻴﺑﺎﺕ әйбәт - ﺃﻴﺑﺎﺕ
тыс - ﺗﺪﺱ тiс - ﺗﺌﺱ
бас - ﺑﺎﺱ бәс - ﺑﺄﺱ
ұн - ﯘﻦ үн - ﯝﻦ

 

Яғни, дәйекше – үндестiк заңының орындалуының қатал бақылаушысы. Ешбiр кiрме сөз оны айналып өте алмайды. Дәйекше -  қазақ сөзінің үндесім әуезін, морфем құрамын, буын тәртібін бұзып жазуға еш мүмкіндік бермейді. Ендеше, сол дәйекше қазақ тiлiне енер болса, ол керемет бiр сүзгi қызметiн атқарады да, келесi мәселелер жедел түрде өз шешiмiн табар едi:

  1. Кеңес дәуiрiнде тәртiпсiз ене берген мыңдаған кiрме сөздердiң осы сүзгiден өтпей қалары анық. Бұл жағдайда, ол сөздердiң не қазақша баламалары табылады, не дәйекше оны үндестiк заңына сай өзгерiске ұшыратады. Һәм заман талабына байланысты енiп жатқан түрлi ғылыми жаңа терминдердi де осы дәйекше жүйелi бiр тәртiпке бағындырады.
  2. Тiптi осы дәйекше қазақ тiлiнiң қорына енген, алайда үндестiк заңына бағынбай кiрген ескi араб-парсы сөздерiнiң бiразын қайта түрлендiрiп, оларды да дыбыс заңдылығына мойынсұндырады:

 

Буын үндестiгi бұзылған араб тiлiнен енген кейбiр сөздер Сүзгiден өткендегi өзгеретiн түрi
қате

қадiр

мұғалiм

қазiр

ләззат

кiтап

қауiпсiздiк

қарiп

қажет

қата

қадыр

мұғалым

қазыр (кәзiр)

ләззәт

кiтәп

қауыпсыздық

қарып (әрiп)

қажат (кәжет)

 

  1. Көне орхон-енесай жазба ескерткiштерi (VI-VIII ғ.ғ.) түркi жұртының санскритi екендiгi тарихтан мәлiм. Осы көне орхон жазуында әрiптер жуан және жiңiшке болып бөлiнедi. Бұл ерекшелiк әлемдегi басқа тiлдердiң ешқайсысында кездеспейдi. Мiне, орхон жазуының осы бiр заңдылығын түркi тiлдерiнiң iшiнде қазақ тiлi барынша сақтап қалған. Ал, дәйекше болса, осы киелi де көне тәртiптi қалпына келтiруiмен қатар, болашақта оның бұзылмасына да зор кепiлдiгiн бередi.
  2. Күрделi сөздердi құрастырғанда, бұл дәйекше оларды не бiрыңғай жуан, не бiрыңғай жiңiшке буынды жәй сөздерден құру керектiгiн талап етедi. Тiптi күрделi сөздi әртүрлi буынды сөздерден құру керек мәселесi туындаған жағдайдың өзiнде де – дәйекше оларды не сызықша арқылы бөлiп жаздырады (зейнет-ақы, кемпiр-қосақ, әлеумет-тану, т.с.с.), не болмаса бiреуiн фонетикалық өзгерiске ұшыратады. Мысалы: бұл+күн – бүгiн, бел+бау – белбеу болғаны сияқты, жарым+ес – жәрiмес, жан+күйер – жәнкүйер, бiр+ыңғай – бырыңғай, т.с.с. болып түрленiп, буын үндестiгi қатаң сақталады. Сондықтан осы сүзгi қазiргi кезде етек алған қазақ тiлiндегi кiрме сөздерге балама табудағы науқаншылыққа қатты талаптар қою арқылы тiл мамандарына бiршама ой салар едi... Қорыта айтқанда, дәл қазiр қазақ тiлi Ахмет Байтұрсынұлы көрсетiп кеткен дәйекшеге аса мұқтаж болып отыр. Бұл – үшiншi қажеттiлiк.                    

 

  1. Латиница – заман талабы

 

“Кеңсе тiлi қазақша болмай, iс оңбайды...”

                                                                               Cәкен Сейфуллин.

 

Бiрiншi, мынаны ұмытпағанымыз жөн... Ең жақсы жазу, ол - әрiптерiнiң саны аз, ал дыбыстарының саны көп жазу. Әрiп – ол дыбысты жазбаша түрде белгiлейтiн таңба ғана. Сондықтан таңба қолдануға қолайлы, жазуға ыңғайлы болғаны ләзiм. Ағылшын әлiпбиiнде 26 ғана әрiп бар. Бiрақ сол әрiптер 44 дыбыс бередi. Ал, бiздiң әлiпбидегi 42 әрiп – 37 дыбыс ғана бередi. Оның iшiнде басы артық кiрме әрiптер де жетерлiк. Тағамды талғаусыз үстi-үстiне жей беретiндердiң ауруға шалдығатыны сияқты, тiлiмiз де өзiне қажетсiз артық әрiптердi шамадан тыс қабылдап-қабылдап, дертке ұрынып отырғаны рас. Ендеше, қазiргi кириллица келешекте керек пе?

Тарихқа үңiлсек, Ежелгi Рим жаулап алған Еуропа елдерiне ғылым мен мәдениетiн латын тiлiнде таратса, орта ғасырлардағы Араб Халифаты шығыс елдерiне дiнi мен мәдениетiн араб тiлiнде енгiздi. Батыс елдерi өз әлiпбилерiн латын әлiпбиiнiң негiзiнде құрса, шығыс елдерi төл әлiпбилерiн араб графикасынан алып жасады. Киелi Iнжiл латын тiлiнде басылып шықса, Қасиеттi Құран араб тiлiнде сөйледi. Орта ғасырларда Еуропа ежелгi грек ойшылдарының еңбектерiн араб тiлiнен латынға аударып таныса, атом ғасырында шығыс халықтары озық технологияны латын тiлiнен алып үйренуге мәжбүр. Осылайша ғасырлар бойы таласа-тартыса келiп, Батыс пен Шығыс, Латын мен Араб ғылым-мәдениет жолындағы жарыс туын кезек алмаса ұстап, күллi адамзатқа «ортақ мұра» атанып, қызмет етуде. Мiне, осы екi тiлдiң алғашқысының әлiпбиiнде 24 әрiп қана болса, кейiнгiсiнде 28 әрiп. Ал, осы екеуiнiң де екi мың жылдан аса ғұмыр кешiп, бәз-баяғы қалпында сақталуының басты себебi әліпбилерінің тұрақтылығында болып отыр.

Көне қазақ әлiпбиiнде де дыбыстарды белгiлейтiн таңбалар қазiргiдей көп болмаған. Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әлiпби – қазақ жазу тарихындағы ұлы жаңалық. Қазақ тiлiнiң емле тұрақтылығы осы әлiпбимен ғана сақталады. Тек сонда ғана қазақ тiлiнiң грамматикасы мен емлесi (орфографиясы) бiр iзге түседi. Сондықтан, болашақта Ахмет Байтұрсынұлы анықтаған дыбыстық жүйенi ұстануымыз керек. Ол үшiн, қазiргi заманғы ғылым тiлiнiң ағылшын екендiгiн, һәм латын графикасын түркі әлемі түгелдей қолданып отырғандығын ескере отырып, араб графикасынан алып жасаған А.Байтұрсынұлының әлiпбиiн дәл сол қалпында, тек латын графикасымен белгiлеуiмiз қажет. Сонда қазақ жазуында үндестiк заңы үстемдiк ететiн кемел әлiпби пайда болады.

Екiншi, бiз латын қарпiне көшер болсақ, онда ағылшын әлiпбиiндегi 26 әрiптен басқа бiрде-бiр артық таңбаны алмай көшуiмiзге болады. Сараптамалы талдау жасасақ, осылай көшудiң мынандай маңызды жақтары бар:

  1. Егемендi ел болып, өз қалауымызбен ел ордасын таңдап алғанымыз сияқты, төл әлiпбиiмiздi  де өз қалауымызбен таңдағанымызға тарих куә болмақ;
  2. Латиницаға көшу арқылы бiз бүкiл түркi халықтарының ортақ жазуға көшу ұстанымын құптаймыз;
  3. Компьютерлік бағдарламалардың үнемі жаңарып, түлеп отыратындығын ескерсек, 42 әрiптiк кириллицаға орасан зор қаражат жұмсағаннан гөрi, 26 әрiптiк латиницаға шығындалу әлдеқайда ұтымды;
  4. Латын қарпі негізінде құрылған сингармоалфавит тiл тұтастығын сақтайды;
  5. Латиница ел келешегi – жастарымызды компьютерлiк бiлiмдiлiкке, әлемдiк (ағылшын) тiлге етене жақындастырып, ынтасын арттырады;
  6. Латын әрiптерi өз аталуында берiлгендiктен, шетелдiктердiң қазақ тiлiн үйренуi әлдеқайда жеңiлдейдi;
  7. Латын таңбаларының әлемде үстемдiк ететiндiгiн ескерсек, олар елiмiздегi етек жайған орыс әрiптерiн лезде меселiн мес қылып басып тастайды да, қызарғанға құмар келетiн кейбiр жастарымыздың ынтасын қазақ тiлiне бұрады (Бұл “орыс тiлiн үйренбе” деген сөз емес, мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеру мағынасында айтылған пiкiр);
  8. Бүгінгі жас буын ұялы байланыс болсын, ғаламторда болсын, жалпы телекоммуникация құралдары да латынға әлдеқашан «көшіп» қойғанын ескерген жөн.

 

Бiр сөзбен айтқанда, кез-келген нәрсенiң алты жағы болады: алды-арты, оңы-солы және үстi мен асты. Мiне, осы алты жағынан да алып қарағанда, латын таңбаларының қазақ тiлiне дәл қазiргi уақытта аса қажеттiлiгi айқын байқалады. Латиницаны тек Еуропаның төл әлiпбиi деп қарамау керек, ол – жалпы адамзатқа ортақ мұра. «Латын» деген ұлыс жоқ. Сондықтан «бiреудiкi» деп тiлге тиек ететiн жаттығы да жоқ. Ендеше, сол латын қарпiне көшiп, түркілердің ортақ  графикасына iлесетiн уақыт келді.  Ал, бұл – төртiншi қажеттiлiк болмақ.

 

  1. Жаңа қазақ әлiпбиi

“Бұрын ұлтшылдықпен күрессек, енді

ұлтсыздықпен күресіп жатырмыз”

Ғабит Мүсірепов

 

Сонымен, Ахмет Байтұрсынұлының жасаған әлiпбиiн тек қана компьютердің пернетақтасында бар латын таңбаларына ауыстырсақ, ол былай болар едi:

  1. 25 латын әрпiмен (Х-тан басқа) 25 қазақтың дыбысын белгiлеймiз:

 

Латын әліпбиінің 1 нұсқасы:

 

Қазiргi

әлiпби

Жаңа

әлiпби

Қазiргi

әлiпби

Жаңа

әлiпби

Қазiргi

әлiпби

Жаңа

әлiпби

1
А а
A a
15
Қ қ
K k
29
Ф ф
F f
2 Ә ә 16
Л л
L l
30
Х х
 
3
Б б
B b
17
М м
M m
31 Һ һ
H h
4
В в
V v
18
Н н
N n
32 Ц ц
5
Г г
G g
19
ң
33 Ч ч
6
Ғ ғ
Q q
20
О о
O o
34 Ш ш
7
Д д
D d
21
Ө ө
35 Щ щ
8
Е е
E e
22
П п
P p
36 ъ
9
Ë ë
23
Р р
R r
37 Ы ы
I  i
10
Ж ж
J j
24
С с
S s
38 I i
11
З з
Z z
25
Т т
T t
39 ь
‘ дәйекше
12
И и
26
У у
W w
40 Э э
13
Й й
Y y
27
Ұ ұ
U u
41 Ю ю
14
К к
C c
28
Ү ү
42 Я я

 

  1. Ағылшындағы (компьютердегi) «`» апостроф белгiсiн дәйекше етiп аламыз. Сонда жуан дауысты а, о, ұ, ы әрiптерiне дәйекше қойсақ, тиiсiнше төрт жiңiшке дауысты дыбыс шығады:

 

латын әрiптерi а – а` o –o` u – u` ii`
қазақша аталуы а - ә о - ө ұ – ү ы – i

 

 

  1. Дәйекше белгiсi төте жазудағыдай к (с), г (g), е (e) әрiптерi бар сөздерге қойылмайды. Мысалы:

 

кiлем – cilem       гүл – gul       ермек – ermec

өкiл – ocil            өгiз – ogiz     өрен - oren

 

  1. Қазақ тiлiндегi h әрпiнiң емлесiн ашып алған ләзiм. Себебi, h әрпi араб тiлiнен енген санаулы сөздерде ғана кездеседi. Сондықтан, h әрпiнiң айтылуы араб тiлiндегi ﻫ дыбысымен бiрдей болуы шарт. Ал, ﻫ дыбысы  кеуденiң iшiнен шыққан ауаның көмейде жеңіл үйкелуі арқылы шығады. Сондықтан, араб тілінде ﻫ дыбысы һәрекеттерді (қысқа дауыстыларды) жіңішке етіп шығартады. Ағылшын тіліндегі һ дыбысы да «жұмсақ» дыбысталады.  Егер осы емленi ұстансақ, онда h әрпi к, г әрiптерi сияқты тек жiңiшке дауыстылармен келiп, үндестiк заңы тағы да өз ұстанымын бекiтедi. Бұл жағдайда  -   бiрiншiден, h таңбасы тұрған сөздерге дәйекше қойылмайды, екiншiден, тiл үндестiгiне бұрыннан илiкпей, ала-құлалық тудырып жүрген көптеген кiрме  сөздердi h әрпi заңдылыққа орай бiрыңғай жiңiшке буынды етiп, өзгертiп жаздырады.

Мысалы:

-Араб тiлiнен енген сөздердiң үндестiк заңына бағынуы былай болмақ:

құрмет – hurmet (hүрмет)

құдiрет – hudiret (hүдiрет)                                                                                                                                                                 

 қошемет – hoshemet (hөшемет)

 рахмет – rahmet (рәhмет)

 шаһар – shahar (шәhәр)  

 жиhаз – jihaz (жihәз)       т.с.с. 

*Ертеректе оңтүстік өңірде қара халық «құрмет» деген сөзді «үрмет» деп дыбыстаған.

 

Нәтижесінде қазақ тіліндегі қатаңдар мен ұяңдар сегіз жұпты құрайтын болады:

 п-б, ф-в, к-г, қ-ғ, т-д, ш-ж, с-з, х-һ.

 

  1. Жазбада сөздiң бiрiншi буынына ғана төте жазудағыдай дәйекше қою арқылы сол сөздiң жiңiшке буынды екендiгiн көрсетуге болады:

Жуан буынды сөздер

Жiңiшке буынды сөздер

бас – bas

бәс – b’as

нар – nar

нәр – n’ar

тор – tor

төр – t’or

сол – sol

сөл – s’ol

сұр – sur

сүр – s’ur

тұз – tuz

түз – t’uz

тыл – til

тiл – t’il

тыс – tis

тiс – t’is

 

  1. х, ш, ч, ң дыбыстарын екi әрiптiң тiркесi арқылы беремiз:

 

     х – kh                   ш – sh                        ч – ch                               ң – nh

 

хабар – khabar     шынар – shinar     Чикаго – Chicago (Чiкәгө)       аң – anh

ахлақ – akhlak      шөл – sh’ol           Карачи – Carachi (Кәрәчi)      жаңа – janha

 

  1. Қазіргі кезде емле ережелері мен оқулықтарда қолданылып келе жатқан и, у әріптерінің әуелгі кезде -ый, -ій және -ұу, -үу қосарларын белгілеу үшін енгізілгені белгілі. Бірақ уақыт өте келе олар оқулықтарда дауыстылар деп аталып кетті. Бұл емледегі и мен у-дың дауысты деп аталуы қазақ тіліндегі бірнеше заңдылыққа нұқсан келтіруде. И, у әріптері сөздің орфоэпиясын ауырлатып қана қоймай, буынға бөлуде де оралғы болып жүр. Мысалы, бу, би деген сөздерге тәуелдік жалғауын жалғасақ, буы, биі деп жазылады да, қазақ тілінің бірнеше заңдылығы орындалмай қалады. Біріншіден, дауысты дыбысқа тәуелдік жалғауы -сы, -сі түрінде жалғанудың орнына -ы, -і болып жалғанады. Екіншіден, екі дауысты (у мен ы, и мен і) қатар келіп тұр. Үшіншіден, бірінші буыннан басқалары дауыстыдан басталмауы керек еді, бұлардағы екінші буын ы мен і-ден басталады. Ереже бойынша у, и әріптері бар сөздер буындалмайды, тасымалдау үшін бөлшектенеді. Ал сөздер буынға бөлінуге тиіс. Тағы да қайшылық. Асылында, қазақ тілінде дауысты и мен дауысты у деген болмаған. А.Байтұрсынұлы бұл екі әріпті «қысқа дауыстылар» деп атаған. Яғни, олар дауыссыз ғана бола алады: тау, тай, қырау, балақай т.с.с. Қазақ тілінде ұзын у мен ұзын и-дің жоқ екендігін алаштық ғалым - Елдес Омарұлы та айтады. Сол үшін оларды төте жазудағыдай ұу, үу және ый, ій қосар дыбыстары ретінде қарастырсақ, онда тіл заңдылығының тіреліп отырған қайшылығынан құтыламыз. Қазіргі тіл мамандарының бірі, филолог Әлімхан Жүнісбеков «Қазақ тілінде дауысты и мен дауысты у деген болмайды, дауыссыз й мен дауыссыз ў ғана болады. Оларды ұў, үў және ый, ій қосар дыбыстары ретінде қарастырайық, сонда барлық қайшылықтан құтыламыз», – деп құптайды.

 

  1. Қазiргi қазақ тiлiне енген артық кiрме әрiптердiң болашақта болмайтындығын ескерсек, әзiрше оларды қазақ тілінің өз заңдылығына сай екi, не үш әрiптiң тiркесi ретiнде көрсетуге болады: ц – тs, я – iya т.с.с.

 

  1. 9. щ әрпiнiң қазақ тiлiнде тек үш сөзде ғана келетiнiн назарға алсақ, оны да екi ш (sh) әрпi тiркесiмен беруiмiзге болады:

 

                ащы – ashshі, тұщы – tushshі, кеще – ceshshe

* Асылында, Семей өңірінде айтылып жүрген “ашты”, “тұшты” диалектісі дұрыс сияқты. (А.)

 

  1. э әрпiмен енген кiрме сөздердiң барлығын қазақтың төл е әрпі арқылы өзгертуге болады:

 

      электр – електiр, Эверест – Еверест, энергия – енергійе т.с.с.

 

  1. х(икс) әрпi ағылшын тiлiнде екi әрiптiң (кс) орнына қолданылады. Бiз де х әрпiн жуан буынды сөздерде – «қс», ал жiңiшке буынды сөздерде – «кс» боп келетiн әрiптер тiркесiнiң орнына қолдансақ, оның екi ұтымды жағы бар: қазақтарды еуропа тілдерін меңгеруде және шетелдiктердi қазақ тiлiн үйренуде шатастырмайды.

 

 

Мысалы:

 

Жуан буынды сөз
Жiңiшке буынды сөз
жақсы – jaxi бөксе – boxe
тоқсан – toxan сексеуiл – sexewil
ақсақ – axak өлексе – olexe
Ақсай - Axay жексенбi – jexenbi

 

 

  1. Үндестiк заңын жетiк бiлетiн азаматқа (төте жазудағыдай) дәйекшенi мүлдем қолданбай жазуына да болады...

 

Ал, егер дәйекше мен графемаларды құп көрмеген жағдайда, «бір дыбысқа бір әріп» қағидасын ұстансақ, онда түріктің дауысты  ö,ü,ı әріптері мен ğ, ç, ş дауыссыздарын және немістің ä (ә) дыбысты умлаутын (түрікменде де бар), түрікменнің ň (ң) дыбысын еш кедергісіз қабылдауға болады. Яғни, ә,ө,ү жіңішке дауыстылардың үстіне екі диакритикалық нүкте қойылады:

Латын әліпбиінің (графемасыз) 2 нұсқасы       

 

Қазiргi

әлiпби

Жаңа

әлiпби

Қазiргi

әлiпби

Жаңа

әлiпби

Қазiргi

әлiпби

Жаңа

әлiпби

1
А а
А а
15
Қ қ
Q q
29
Ф ф
F f
2 Ә ә
Ä ä
16
Л л
L l
30
Х х
Х х
3
Б б
B b
17
М м
M m
31 Һ һ
H h
4
В в
V v
18
Н н
N n
32 Ц ц
C c
5
Г г
G g
19
Ң ң
Ň ň
33 Ч ч
Ç ç
6
Ғ ғ
Ğ ğ
20
О о
O o
34 Ш ш
Ş ş
7
Д д
D d
21
Ө ө
Ö ö
35 Щ щ
8
Е е
E e
22
П п
P p
36 ъ
9
Ë ë
23
Р р
R r
37 Ы ы
I ı
10
Ж ж
J j
24
С с
S s
38 I i
İ i
11
З з
Z z
25
Т т
T t
39 ь
12
И и
26
У у
W w
40 Э э
13
Й й
Y y
27
Ұ ұ
U u
41 Ю ю
14
К к
K k
28
Ү ү
Ü ü
42 Я я

*Жоғарыдағы диакритикалық нүктелері арқылы қазақтың төл әріптерін таңдағанда,осыған дейінгі қабылданған туысқан түркі халықтарының латын әріптері ескерілді.

 

Графемасыз қазақ әліпбиі – 34 әріптен құралады.

Ал ендi, құрметтi оқырман, жоғарыдағы жаңа әліпби мен оның ережелерiн пайдалана отырып, мына ұлағатты сөздерді өз бетiңiзбен оқып көрсеңiз, латын таңбалары арқылы да қазақ тiлiн үйрену мен жазудың еш қиындық туғызбайтынына ақиқи түрде көзiңiз жетедi:

 

  • XX ğasırğa şeyin türictiň tilin azdırmay asıl qalpında alıp kelgen, til tuwrasındağı abıroy men alğıs qazaqqa tiyis. Atanıň azdırmay bergen mulkin qolımızğa alıp bıt-şıtın şığarsaq, ol unamdı is bolmas.

                                                          Axmet Baytursınulı (2 нұсқа бойынша)

 

Мiне, ағайын, бiздiң ұсынып отырған кемел әлiпби осындай. Дәлiрек айтсақ, бiздiң ұсынысымыз Ахмет Байтұрсынұлы жасаған төте жазуын латын таңбаларына ауыстыру ғана...

Үндестік заңы – киелі заң. Ол – қазақ тілінің жаны. Үндестік заңы бар болса, қазақ тілі де бар. Үндестік заңы жоғалса, қазақ тілі де жоғалады. Егер қабылданар жаңа әліпби үндестік заңын ескермей, дәл қазіргі қолданыста жүрген әліпбидің кебінін кисе, онда жаңа графикаға көшу – өз маңыздылығын жоғалтады. Кеңес жылдарында қазақ тілінде 13 дауысты бар деген филолог та, 14 дауысты дыбыс бар деген ғалымдарымыз да, тіпті 15 дауысты бар деген ағаларымыз да түрлі «академиялық» деңгейлерге жетіп жатты.  Сол үшін, ғылыми академиялық атақтарын «кириллицамен» қорғаған кеңестік «тіл аталары» жаңа әліпбиге көшерде тағы бір шалыс қадам жасамай, тіл абыройы үшін өз лауазымдарын құрбандыққа шалса, тіл тұнығын сақтауға үлес қосса, кейінгі ұрпақтың алғысы мен дұғасынан басқа айтары жоқ. Ғасырлар бойы үндестігін сақтап келген тіл жеке ғалымның ой-пікіріне емес, бүткіл ғалымдардың керісінше, тіл заідылығына бағынғаны ләзім.

 

  1. Түркi сөзi – төл сөз

 

«Ана тілімнің байлығын паш ететін мың бәйітті жатқа оқуға бармын»

Омар ибн Хаттаб (р.а.)

 

Әр тiлдiң өзiне тән санаулы дыбыстары болады. Бүкiл сөз қоры сол төл дыбыстарынан ғана құралады. Алайда, ғылым болса уақытпен жарысып өрбiп барады. Соған байланысты қазақ тiлi де заман ағымынан қалыс қалмауы үшiн ғылыми жаңа сөздердi аудармай-ақ сол қалпында қабылдауға тырысып бағуда. Бiрақ, жаңа сөз енер болса, оны да iшкi дыбыс заңдылығы өзiне бағындыра қабылдауы тиiс.

Жаңа термин қабылдау – тiлдегi сөз қорының кедейлiгiнен туындаған мәселе емес. Ол – уақыт талабына сай тiлдiң даму заңдылығы...

Айталық, халықаралық болып саналатын ағылшын тiлi сөздiгiнiң жарымынан артығы – роман сөздерi. Француз тiлiнiң 30 пайызы арабизмнен, ал 30 пайызы германизмнен тұрады. Түрiк сөздiгiнiң 40 пайызын араб терминдерi құраса, кәрiстердiң сөз қорында 75 пайыз қытай сөзi бар. Ал орыс тiлiнде басқа тiлдерден енген кiрме сөздердiң үлес салмағы одан да көп. Бiрақ, онысы үшiн осы тiлдердi ешкiм де сынға алып отырған жоқ. Сондықтан, бiз де кiрме сөздерге (әсiресе, ғылыми терминдерге) балама таға бермей тiлiмiздiң заңдылығына мойынсұнған сөздердi қалдырғанымыз жөн.

Бiз – бiр кездерi әлемдi дүрлiктiрген түркi халқының бiр буынымыз. Буыны болғанда қандай! Түркi халқының тарихы қазақ жерiнен бастау алады. Ендеше, бiз – аға буынбыз. Сондықтан, бiздiң ел бүкiл түркi жұртына ағалық ақылын, туыстық талабын қоя алатын дәрежеде болуы тиiс. Ал, бұл жерде тiлдiң ықпалы аса зор рөл атқарады. Тiлдiң түркiлiк сыйпаты неғұрлым сақталса, соғұрлым алты алашты өзiне баурап, әлем жұртшылығын өзiне қызықтырады. Осыны ұмытпауымыз керек.

Қазақ тiлi – толымды тiл. Қазақ тiлiнiң иiлгiштiгi мағынасы жағынан қысқа да қонымды жаңа сөздер шығаруына зор мүмкiндiк бередi. Алайда, осы тамаша қасиеттi - тiл мамандарымыздан балама табуда көре алмауымыз өкiнiштi-ақ. Бәлкiм, тiл ағасына ойы ұшқыр айтыскерлермен, бiлiмi кәмiл ғұламалармен, көптi көрген абыз ақсақалдармен жиi ақылдасқаны жөн болар. Одан қалды қаны бiр, дiнi бiр, тiлi бiр туысқан ағайындарымыздың да сөздiк қорына үңiлсек, қазақ тiлiнiң қоры сан мыңдаған түркi сөздерiне толатындығы сөзсiз. Түрiктер петролды қазақтың ескi “мұнай” деген сөзiмен, қазақтар офицердi түріктің “сұбай” деген атауымен атаса, екi туысқан халық сол бiр бабалар аңсаған ортақ түркi тiлiн, түркi жұртын құруға бiр адым iлгерiлейдi емес пе?

Бiздiң ойымызша, кiрме сөздерге балама табудың мынандай реттiлiк шарттары болуға тиiс:

- Ең бiрiншi, кiрме сөздiң баламасы қазақ тiлiнiң өзiнен табылғаны жөн;

- Табылмаған жағдайда, екiншi, баламаны туысқан түркi сөздiктерiнен iздестiрген ләзiм;

- Осы екеуiнiң және тек қана екеуiнiң мүмкiндiгi жетпесе ғана, үшiншi, кiрме сөздiң өзiн тiл үндестiгiне бағындыра отырып, қабылдағанымыз дұрыс.

Түркi тiлi - өз тарихын тасқа қашап жазған көне тiл. Түркiнiң қайта өрлеп, гүлдену дәуiрiнде сөз қорын бiрiктiрсек, бұл қадам төрткүл дүниедегi түркi халықтарының бiрiгуiнiң нышаны болмақ. Сондықтан, алғашқы батыл қадамды бiзге бастамаққа керек.

 

 

(Жазбагер – Алматы облысы, Қапшағай қалалық мешітінің бас имамы, дінтанушы, Алдажар Сейітұлы, байланыс тел: 8-7052690000, 8-/727/3981333)

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Ахмет Байтұрсынов, Тіл тағылымы. Алматы – 1992 ж.
  2. Әмеди Хасенов, Тіл білімі. «Санат» баспасы, Алматы – 2003 ж.
  3. Байынқол Қалиұлы, Қазіргі қазақ тілі. Алматы – 2004 ж.
  4. Сапархан Мырзабеков, Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. «Сөздік-Словарь» баспасы, Алматы – 1999 ж.
  5. Р. Барлыбаев, Қазақ тілінде сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы. «Мектеп» баспасы, Алматы – 1968 ж.
  6. Қирабаев С., Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. – Алматы: Білім, 1998ж.
  7. Джусупов М.  Фонемография А.Байтурсынова и фонология сингармонизма.-Ташкент: Узбекистан, 1995 г.

Алдажар Сейітұлы 

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

21 пікір