Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 6258 45 пікір 22 Қаңтар, 2018 сағат 09:06

Мәңгі елдің ресми жазуы – мәңгі өзгермейтін жеке-дара болуға тиіс

Ғалым Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ ұлттық жазу ауыстыру төңірегіндегі сауалдарымызға жауап берген еді. Оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

– Аманқос аға, Елбасы «Біз латын әліпбиіне көшуді бастаймыз» деп тапсырма берді. Бұл кеше ғана қозғалған мәселе емес, бірнеше жылдар бойы көтеріліп келе жатқан ұсыныс. Осыған байланысты өз пікіріңізді білдірсеңіз. Жалпы, әліпбиді латынмен алмастырғанда ұтатын және ұтылатын тұстарымыз қайсы? Біздің қоғам латын әліпбиіне көшуге дайын ба?

– Латын алфавиті – аты айтып тұрғандай латынның, яки жат жұрттың мәдениеті екенін көзге шұқып, көрсетіп тұр. Егер өзіңнің графикалық тілің жоқ болса, біреудікіне таңдау жасауға лажсыз көнесіз. Алайда әділетке жүгінсек, біз жер бетінде жазуы бар саусақпен санарлық өркениеттің өкіліміз. Ол – рулық таңбадан тұратын бағзы төрүк руникалық алфавиті. Әлемдік сөздік қорға енген «руна» атауы «ру, ұрықпен» байланысты төл сөзіміз. Беделді энциклопедиялық басылымдардың бәрінде бұл атаусөзге «құпия» деген мағына береді» деп түсіндіріледі. Себебі руна жазуының табиғаты құпияны сақтау үшін жаратылған. Ендеше, энциклопедиялық іргелі еңбектерде «руна» атауына қазақтың төл сөзі екеніне түзету енгізілуі тиіс. Әлемге аян сол төлтума таңбамызбен рухани мәдениетіміз ұшы-қиырсыз маң дала төсіндегі қадау-қадау тасбітікке мәңгі бәдізделген. «Тарихын тасқа жазған» деудің мәні осында. Бұл – бір.

Өткен ғасырдың 20-шы жылдары латын алфавитіне көшуге қарсы болған Алаш арыстарының идеясымен кеңестік билік мүлдем санасқысы келмеуі қазақты ашықтан-ашық орыстандыруды көздеді. Мың жылда бір туатын Алаш ақылмандарын қызыл империя нақақтан-нақақ «халық жауы» ретінде көзін жойып, мәселені оңай шешті. Ахмет Байтұрсынұлы қарсыластарымен арадағы пікірталаста ағылшындардың латын алфавитіне негізделген емлесін «ит» деп жазып, «шошқа» деп оқитын» жазу деп сынап, ғылыми дәйекпен уәжді бағасын берді. Ағылшын білімпаздары да жазуының жетілмеген кемшін тұстарын талай рет қозғаған. Бірақ, сол кемшілікті түзеу-күзеу ғасырлар бойы қордаланған құнды тарихи-мәдени ақпараттан демде айырылу қаупі болғандықтан ағылшындар саналы түрде бір әріпін де қозғаған жоқ. Бұл ұлттық мүдде тұрғысынан өзін ақтаған ғылыми байлам болды. Біздің кәсіби тілші ғалымдарымыз «латын алфавитін алу – заман талабы» дейді. Ресми алфавитін саясат өзгерген сайын ауыстыра беру – сол халықтың өткен тарихи жады мен рухани болмысын жою, дәстүр сабақтастығы үзілуі мен тілдің асыл табиғатына жасалған қастандық. Зады, мемлекеттің ресми әліпбиіне байланысты бұл ұстаным – ұлттық қауіпсіздік пен мүдде тұрғысынан пайымдауға өресі жетпейтін ғалым атын жамылған шалағайлардың зиянкестік әрекеті. Мәңгі елдің ресми жазуы – мәңгі өзгермейтін жеке-дара болуға тиіс. Демек, Алаш арыстары соңғы демі таусылғанша латын алфавитіне қарсы тұруында не сыр барын бүгінгі таңда кәсіби деңгейде парықтауға құлықсыздық тарихи үдерістен сабақ алмаудың салдары.
Кеңес одағы ыдырасымен төрүк тілдес республикаларда латын алфавитіне көшу мәселесі екінші мәрте көтерілді. Отқа май құйғандай бұл идеяның бірден лап етуіне Түркия ғалымдары себеп болды. Түркияның діттегені кеңестік қызыл империяның қамытынан босанған төрүк тілдес ұлыстарды жақындастыратын ортақ рухани дәнекер латын алфавиті деп үміттенді. Түркияда өткен ғылыми бас қосуға қатысқан төрүк тілдес тәуелсіз республикалардың ғалымдары эйфорияның буымен бұл алдамшы идеяны байыптамастан бірден іліп әкетті. Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан латын алфавитіне өтуді дереу қолға алды. Қазақстаннан барған Ұлттық Ғылым Академиясы жанындағы Тіл білімі институтының директоры, академик Әбдуәли Қайдари латын алфавитіне көшудің жобасын мерзімді баспасөз бетінде жариялады. Сол – сол-ақ екен, тілші ғалымдар арасында қазақ қоғамына бөтен жұрттан сіңген жат қылықтан арылуға, тілдің, ділдің тазаруына кирил алфавиті кінәлі деген сыңаржақ түсінік қалыптасты. Расында, қазақ тілінің табиғатына сәйкес жазу тәртібі, емлесі, үндестік заңы Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Халел Досмұхамедұлы кезінде ғылыми жөндігіп, реттелген, сөйткенмен қызыл империяның жүргізген «Тіл құрылысы» саясаты әдейі бұрмалап, өз ыңғайына бейімдеді. Міне, осы қазақ тілінің ғылыми ереже-қағидаларын қисынын келтіруден гөрі «төрүктекті ұлыт пен ұлысты біріктіреді» деген латын алфавитіне көшу идеясы отандық ғалымдарға әлдеқайда тиімді көрінді. Ұлт тағдырының болашағы шешілетін мәселенің байыбына барып, мәңгі елдің мәңгі графикалық тілін таңдауда стратегиялық кешенді түрде жан-жақты қыр-сыры зерттеліп, зияткерлік ғылыми сараптамадан өтіп, даналықпен пайымдалған тұжырым жасалуы шарт еді. Бірсыпыра ғалымдардың қазақ дыбысына сай келетін латын әріпін таңдауымен бар мәселе шешімін табады десек мүлдем қателесеміз. Латын алфавитіне көшу – бір адым ілгері жылжып, төрт-бес адым кейін шегіну.

Біріншіден, «латын алфавитіне қазақтар көшеді, орыстілділер кирилде қала береді» деу «ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» дегендей мемлекеттің тұтастығы мен бірлігіне сызат түсіретін, қоғамды алаауыз ғып, екіге жарып тынатын қауіпті құбылыс.

Екіншіден, «латын алфавитіне көшу арқылы батыс елдерінің озық технологиясын меңгеруге мүмкіндік туады» деу – қазақта мый жоқ, «дайын асқа тік қасық» көшірінді халық дегенмен пара-пар.

Үшіншіден, латын алфавиті күллі төрүк әлемін біріктіреді деген жалған идея, қайта рухани бөлшектенуді тереңдетуге негіз болады. Бірсыпыра білгіштердің «саяси шешім шықты, латынға көшу түбегейлі шешілді, ендігі мәселе латын алфавиті жобасының тілімізге лайықты нұсқасын алу қалды» деп өрекпуі қазақ тілінің тағдырына бейжай қарағандық. Латын алфавитіне көшуге саяси шешім шығару үшін ұлыттық мүддеге сай болуы тиіс. Қай саясаткер аузындағы тілін жұлдыртып, басқа тіл салуға келіседі. Ендеше, ұлттың графикалық тілі де сондай екенін түйсінетін сана керек. Сосын біреу «от пен суға түсті» деп, от пен суға түсуге бола ма?! Ширек ғасыр бұрын латынға көшкен өзбек, түрікмен, әзербайжан ұшпаққа шыққан жоқ. Бірыңғай тұтас отырған әзербайжан елінде жастардың ана тілі мен орыс тілінің орнына ағылшын тілді ұрпақтың өсу динамикасы мамандарды шошытып отыр. Ал бізде «үш тұғырлы тіл саясатымен» қатар ресми алфавитімізді латынға көшірсек, бабадан мұра болған қазақ тілімен мәңгі қош айтысуға тура келеді. Және орыс тілді қазақ билігінен құтыла алмай отырғанда, ағылшын тілді қазақ билігі мәңгі тұғырынан таймайтын болады. Мемлекеттік тілді мемлекеттік деңгейге көтеру – мемлекеттің өз құзырында. Мемлекеттік тілі шықпаған мемлекет – мүгедек. Бас қалай ұйғарса, аяқ-қол солай қозғалады. Гәп – баста болып тұр ғой!.. 

– Ғалымдарымыз ұсынып отырған латын әліпбиі нұсқаларына көңіліңіз тола ма? Артықшылықтары мен кемшіліктері қайсы?

– Мүлдем көңіл толмайды. Себебі бұл мәселемен айналысып
жүрген ғалымдардың алфавит таңдаудағы басты принципі түбегейлі дұрыс айқындалмаған деп есептеймін. Мәселен, Жапония, Корея, Израйль, Үндістан, Қытай, тағы басқа мемлекеттер алфавитін латынға ауыстырмай-ақ технологиялық дамыған, әлемдік озық елдердің алдыңғы легінен орын алады. Ол мемлекеттер ұлттық өркендеуін жарнамалайтын рәмізі төл жазу дәстүрін брэнді ретінде мақтаныш тұтады. Кез келген елдің төл алфавиті – сол халықтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-сырым, сана-сезім, мінез-құлқынан бөліп қарауға әсте болмайтын ажырамас бөлшегі, негізгі мемлекеттік атрибуты. Оны пайымдай алмайтын ғалым – ғалым емес. Біздің де өзгеге ұқсамайтын ұлттық руникалық төлтума алфавит нұсқамыз бар екені мәлім. Ол жазуымыздан ажырап қалуымызға сыртқы күштердің пәрменді ықпал еткені ақиқат. Өкініштісі, сол рухани мұрамызға тарихи мұрсат туғанда пысқырып та қарамайтын қоғамдық ғылыми сананың қалыптасуы – ұлттық мұратымызға қайшы келіп тұр. Демек, латын алфавитіне көшуді жан-тәнімен ұсынушылар ұлт мүддесі, мемлекет қауіпсіздігімен санасқысы келмей қатерлі жолға айдап салушылар. Латынды қолдаушылар – қазақты жаһанданудың қақпанына итермелеп отырғанына ғылыми әлеуеті, өре деңгейі жетпей отыр. Осы жылғы «Ана тілі» газетінде (№20 (1382) 18–24 мамыр) тілші-ғалымдар Өмірзақ Айтбайұлы, Ерден Қажыбек, Әлімхан Жүнісбектің «Қазақтың ұлттық ен-таңбасының (кодының) бірі – ұлттық жазу» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласы жарияланды. Лингвист ғалымдардың мақала атын оқығанда тұтығып қала жаздағанымызды жасырмаймыз. Сөйлем конструкциясын былай қойғанда, «қазақтың ұлттық ен-таңбасы» ұғымының кодқа қандай қатысы барын қай қазақ түсінеді. Сосын латын қаріпті қазақ жазуын «ұлттық жазу» дегенге бөтен жұрт мүсіркеп қарары күмәнсіз.

Мақаладан бір үзік оқылық: «...Оған дәлелді алыстан іздемей-ақ, орыс жазуының үлгісімен қалыптасқан қазіргі ұрпақ тіліне көңіл бөлейікші. Күні-түні үйде де, түзде де көз алдымызда тұрған орыс жазуы жекелеген қазақша дыбыс түгілі, тіліңді де ұмыттырып жібере жаздаған жоқ па?», – дейді. Ата-бабадан қалған «қара қытай қаптаса, сары орысты әкеңдей көрерсің» деген мәтел еріксіз ойға оралды. Өйткені орыс жазуын тұтынатын кеңістікпен латын жазуының алатын ауқымы жер мен көктей екені көзі қарақты жанға түсіндіруді қажет етпейді. Рас, кирил алфавитіне лайықталған қазақ жазуының емле ережесінен арылсақ та ақпараттық кеңістігінің тілімізге тигізер зиянды ықпалы тоқтай қоймайды. Соңғы жылдары қазақ тілі табиғатынан ауытқып, орыстың аударма тіліне айналып барады дейтін байбалам баспасөз бетінде жиі көтеріліп жүргені аян. Енді латын қарпін алған жағдайда әлемдік ақпараттық кеңістік нөсердей жауған ағылшын тілінің құрсауынан қазақ тілінің табиғатын қалай қорғаймыз деген сақтықты неге ойланбасқа. 

– Біз ХХ ғасырдың өзінде 2–3 рет әліпбиді ауыстырдық. Осы барыста ұлытымызға тигізген пайдасы мен зияны қандай болды?

– Әрине, зияны шаш етектен екені даусыз. Ұлттық рухани қазынамыз талан-таражға түсті, жасанды сауатсыздыққа ұрындырды, дәстүр сабақтастығы үзілді, тарихи жадымызды өшірді. Этникалық мәдени-рухани өркендеуімізге тежеу жасаған тұсау болды; тіліміздің органикалық даму табиғаты не түрлі эксперименттерден жапа шекті. Ұлттық мыйымызды қайта-қайта ауыстырудан мыйғұла болып қала жаздадық. Қысқасы, қазақтың өр рухын өшіру үшін ұлыт ретінде тұтас жойып жібермек болған дұшпанның түпкі мақсаты орындалмады. Десек те «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың қайтадан есін жинауы оңайға соққан жоқ. Бүгінгі таңда біздегі ұлттық маңызды мәселелердің дер кезінде шешімін табуына халықтың мыйын күшпен ауыстырған өткен дәуірдегі «алфавит ауыстыру» саясатының зардабы барын жасыруға болмайды. 

– Сіз бір мақалаңызда «түрүк халықтарын бiр-бiрiнен ыдыратып, бөліп жiберуде жазу үлгiсінiң үлкен рөлi болғанын» айтқансыз. Сізше, қазіргі кезеңде түрүк жұртының басын біріктіруге қандай жазу үлгісі тиімді деп ойлайсыз? 

– Қазақ елі азаматтық тарихында бірнеше алфавит ауыстырғандығы мәлім. Сол алфавиттерді ауыстырудағы саясаттың шалығы толық зерттеліп, тиісті ғылыми қорытынды шығарылған жоқ. Энциклопедиялық іргелі ғылыми еңбектерде қазақтың төрүктектес ұлыт пен ұлыстарға ортақ төлтума жазу үлгісінің, яки алфавиттің иесі екендігі нақты сипатталмай келеді. Мұндағы мақсат адамзат мәдениетіне жасампаздықпен күннің көзіндей жарығын шашып, ағартушылық миссиясын орындаған әлемдегі саусақпен санарлық жазу авторларының бірі емес, бірегейі біздің ұлтымыздың еншісіне тиетіндігін біліп жүру. Еліміздегі тіл тарихы мәселесімен шұғылданатын ғылыми зерттеу институттарында кәсіби рунолог ғалым түгіл төрүктанудың іргетасы тасбітіктерді зерттейтін арнайы бөлім де жоқ. Жалпы білім беретін орта мектептен бастап жоғары университетке дейін ұлттың төлтума руника жазуын оқытатын бірде-бір пәннің болмауы – рухани қазынамызға деген құрметтің қаншалықты екенін көрсетеді. Сонда өзінің төл жазу мәдениетінен бейхабар ұрпақ өткен тарихын қайтіп біледі. Тарих факультеттерінде ұлттың төл жазуы оқытылмаса, тарихшы мамандығын алғаннан не пайда?! Демек, руникалық жазу мәдениетімізді игерудің маңызды құралы. Руника жазуын қолдану мыңдаған жылдық тарихымызбен ұштасуға жол ашады. Әлемдік контексте қазақ ұлытының алатын орны мен тарихи рөлін айқындауға шынайы мүмкіндік туады. Бізді қасақана жаңадан құрылған жас мемлекет санайтын көрші елдің басшысы В.В. Путиннің, тұқырту мақсатымен, мысқылдап, «қазақтың жазуы болмаған» деп, мысымызды басып тастау пиғылымен жөнсіз бөскен В.В. Жириновский сияқты сайқымазақ саясаткерсымақтың пікірлерін теріске шығарып, қайта Ресейдің алып елге айналу тарихы мен жеткен жетістігіне Дала өркениетінің ықпалы мен қосқан үлес салмағы айырықша екендігін мойындатар еді. Сондай-ақ, гәп – руниканың графикалық кескіні төрүктекті ұлы пен ұлыстың рулық таңбаларынан құралғандығында. Яғни әрбір рудың ортақ мәдениетке қосқан үлесімен бірге ол таңбаларға таңылған ақпарат тұтастай алғанда белгілі ғылыми жүйеге құрылған құпия ілімді, құпия доктринаны білдіруінде. Демек, қолданыстағы басқа алфавиттер сияқты руника әріптердің шартты белгісінен құралмайды, әрқайсысы идеографиялық мағына үстеген кодты білдіреді. Міне, әрбір таңбаның криптографиялық мағынасын білу – дүниетаным көкжиегін арттырып, логикалық ойлау қабілетін шыңдайтын, қисындауға тәрбиелейтін, ұлттық психологиялық, этникалық ерекшелігін танытатын, даналық мектеп. Руникалық графика тілі – ойды, идеяны астарлы бейнелейтін симметриялық өлшемге құрылған. Руника жазуын меңгеру арқылы символ атаулының астарындағы ойды оп-оңай түсінуге мүмкіндік туады. Руника жазуын алған жағдайда рухани шекарамыз берік қорғанға айналады. Яғни кім көрінген біздің ішкі ақпараттық құпиямызды аша алмайтындай құлыптаулы сақталады. Ең бастысы руника жазуын меңгеру виртуалды ойлау жүйесін қалыптастырып, ұлттық зияткерлік өре деңгейін сапалық жаңа белеске көтереді. Ұлыттық болмыстың имиджін асқақтатын композитор, конструктор, биотехнологияны ойлап табатын инженерлер, қорғаныс мәселесін оңай шешетін ғалымдар көбейеді, тілдің табиғи дамуының сенімді қорғанышы қызметін атқарады.

Руника – тілдің дыбыстық жүйесін қаз-қалпында бейнелеумен қатар ұлттық жаратылыс табиғаты мен дүниетаным ерекшелігін, даналық ойшылдығы мен жасампаздық мұратын, өре деңгейі мен қиял ұшқырлығын графикалық құлыптаулы сақтайтын таңбалар жұмағы. 

Руника алфавиті – ұлттық патриоттық сезімімізді көтеріп, қазақ тілінің беделін асқақтататын, басқа жұрттың зор құрметпен қарауына санасын тәрбиелейтін, тарихымызға тереңдеп баруға жол ашатын магиялық қасиеті бар.

Руна жазуы – ұлтымызды құлдық санадан арылтатын құдіретті күш.

Руна жазуы – күллі төрүкке ортақ ұлттық графикалық ойлау пішіні. Қазақ руна жазуын алар болса, бірден 200 миллионға көбейеді. Өйткені барша төрүктекті ұлыт пен ұлыс қара шаңырақ қазақтың айналасына топтасып, соңынан сөзсіз ереді. 

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлыттық кодыңды сақтай білу» деген болатын. Руна жазуы – қазақтың менін танытатын ұлттық генетикалық коды мен рухани жаңғыруының кілті. 

Руника – тәуелсіз қазақ елінің графикалық символы. 

Руна жазуы – дегеніміз Қазақ. Қазақтың рухани әлемін, дүниетанымын чипке салып қойған дизайндық, графикалық төлтума қолтаңбасы. Бізге жауласқан империялардың бәрі қазақтың қанындағы ақпаратты жою мақсатында рулық жүйесін бұзып, рулық таңбаларын құртуға бар күшін салды. Туралап келген бұл апаттан Тәңір қорғап қалды. Халқымыздың ойшыл ақыны Қадыр Мырза Әлі цензураның үстемдік құрып тұрған дәуірінде аса шеберлікпен санаға саңылау тауып:

«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра,
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!
Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана...», – деп қазақ айта алмайтын сыр мен шердің домбыраның қос ішегінің астарына жасырылғанын әдемі меңзеген. Міне, Қадекеңше «нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – Руна жазуы» десек қылаудай да ақиқаттан ауытқымасымызға сенеміз. Әлбетте, руна жазуын орта мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде оқытудан бастаса ешқандай қиындықсыз өтуге дайындық болар еді.

Сұхбаттасқан Жұмаділ Жарқынбек

Abai.kz

45 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053