Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 6787 3 пікір 25 Қараша, 2021 сағат 12:16

«Казахское дело»: Бейбіт Қойшыбаев (жалғасы)

Басы: «Казахское дело»: Бейбіт Қойшыбаев

«Ешкім еш уақытта қазақ және орыс халықтарының достығын, қазақ халқының Ленин партиясына деген сенімділі­гі мен сүйіспеншілігін жоя алмайды. Ұлт көрген көптеген қиыншылықтарға төзе отырып, адамдардың қолы осығын жетті, ғасырлар бойы достықтың қасиетті діңгегін қалады. Біздің еліміздің түрлі тарихи кезеңдерінде көрініс тапқан қа­зақ халқының жалпыға мәлім интернационалдық актісі тура­лы айтпай-ақ қояйын.

Тек көпшілікке мәлім емес мына бір фактіні ғана еске салғым келеді: Қазақстанда коллективтендіру кезінде партия совет қызметкерлерінің асыра сілтеулері нәтижесінде қазақ халқы екі миллионнан астам адамнан айырылған, тіпті со­ның өзінде де партияға деген, орыс халқына деген сенімін жоғалтпаған еді. Демек, біз бұл сенім мен сүйіспеншілікті қастерлеп, бағалауға тиіспіз. Өсіп келе жатқан ұрпағымыз­дың әкелерінің революциялық дәстүрлеріне адал боп, шын мәніндегі интернационалист болып өсуі үшін барлығын істеуіміз керек, бұл – біздің борышымыз...»

Шын мәнінде сол кездегі қазақ қауымы Ленинді барлық ұлттың күн көсемі деп таныды. Оның айтқандарын пір тұт­ты. Кеңес өкіметіне жанымен, тәнімен берілді. Кеңес үкіметі елімізде болған 31–33 жылдардағы алапат аштыққа тікелей кінәлі болса да, аңғал халық Ленин идеяларынан бас тартпа­ды. Кеңес үкіметінің дегеніне көнді. Рас, көнбей, көтеріліске шыққандар да болды. Бірақ олар қарулы күшпен аяусыз басып тасталды. Ең бастысы орыс халқына деген сенімін жоғалтпады. Қойшыбаев осы жайды залда отырғандардың қаперіне салды. Иә, сонда бұл мәселе де айтылуы керек еді. Бұл да Қойшыбаевтың назарынан қалыс қалмады.

«Интернационализмнің мәні мен мағынасын қарадүрсін түрде қабылдаудан бас тарту қажет, соған сәйкес ин­тернационалдық тәрбие жұмысының да схемалы түрде жүр­гізілуін тоқтату керек. ОК бюросы бұл мәселеде бізге дұрыс бағыт сілтеп отыр. Практикалық қызметкерлердің борышы – бұл іске творчестволықпен қарауында, шаблондарды алып тастап, ойлау жүйесін қайта құруында болып отыр. Ұлттық мәселеге формальды қарауға болмайтындығы жөніндегі Ле­ниндік талапты үнемі еске алып отыруымыз қажет. Ұлттық қарым-қатынастарда әдептілік сақтау – интернационализм принципі. Ленин үйреткендей, қаналып келген халықтар ұлт­тық намыс пен абыройға қатысты мәселелерге келгенде аса сезімтал келеді. Ол былай деді: «Өкпелі ұлтшылдар теңдік мәселесіне келгенде өте сезімтал, сол себептен немқұрайды болсын, әзіл ретінде болсын өздерінің жолдас пролетариат­тары арасындағы осынау теңдікті бұзушылыққа қатты көңіл бөледі. Бұл жағдайда саны жағынан азшылық болып табы­латын ұлт жағына кешірімділік пен жұмсақтықты азырақ та­нытқаннан гөрі, асырып танытқан дұрысырақ...»

Лениннің сөз-нұсқауында мін жоқ. Тек оның қоғамда орындалуы басқа. Әр ұлттың оқыған, білімді, ақылды ұлтшылдары бар. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасов және тағы басқалар солардың айғағы. Елдің, ұлттың жағдайын, мүддесін ел басқарған келімсек коммунистерден артық ойламаса, бір мысқал да кем түскен емес. Олар ұлттың мүддесі үшін күресіп, жандарын қиды. Көсем олардың өте сезімтал екенін орынды айтып, саны азшылық ұлттарға қайырымды болуды ескерткен. Қойшыбаев көсемнің осы сөзін ұстанып, «ұлтшылдар» деп жала жабылған жастарды қорғап бақты.

«Біз қаласақ та, қаламасақ та, әдептілікті бұзу – ұлттық намысты төмендету боп саналады. Жасыратыны жоқ, бұл күндері де, одан бұрын да қоғамдық транспортта, көшелерде біз бірқатар керілдесулердің куәлері болдық, онда ой-өрісі тар адамдар, әрине, қоғамның ең азғын мүшелері, байырғы ұлт өкілдерін кеміте сөйлеп, революцияға дейінгі атауларды еске алып, сыйламаушылық танытты. Міне, осы саяси сауат­сыз адамдар пленум шешімін мақұлдай қоймаған жастарды «бүкіл орыс халқына қарсыласты» деп ұқты. Өкінішке қарай, осы үйдің өзінде де біреуді солай қорлауға құмар болғандар­дың да сөздерін естідік, яғни «тек ұру ғана емес, екінші рет қайталамас үшін өлтіру де керек еді» дегендер де болды...»

«Батылдық білекте емес – жүректе». Баз біреулердің ас бөлмесінде отырып күбірлеумен ғана шектелетін наразылығын Қойшыбаев Жоғарғы Кеңестің саяси жиынында ашып айтып отыр. Орыстардың кейбір саяси сауатсыздары астамшылыққа бой алдырып, қоғамдық орындарда, транс­порттарда «калбиттер, сендер өз тілдеріңде шүлдірлемей, орысша сөйлесіңдер» дегенін естіген намысшыл қазақ жастарының олармен керіскені де рас. Қойшыбаев астарлы сөзімен сондай жағдайларды меңзеп, ұлттық намысқа тиіп жүретіндерін айта отырып, шерушілердің алаңға шығуына осындай астамшылықтың да себепші болғанын жеткізген. Тіптен өзі қызмет ететін Жоғарғы Кеңес ғимаратындағы кей­біреулердің «...екінші рет қайталамас үшін өлтіру де керек еді» деген зұлымдық сөзін де беттеріне шыжғырып басты. Сонау елуінші жылдардан бері коммунистердің осындай саяси жиындарда мұндай өзекті өртеген ұлттық мәселе ай­тылып па еді? Жоқ! Міне, бұл Қойшыбаевтың аузынан ащы запырандай болып шығып отыр. Сол уақытқа дейін қазақ жастары құқайдың көкесін көрсе де, төзімділік танытып кел­ді. Ұлтаралық теңдік пен сыйластық сөз жүзінде ғана екен. Менсінбеу, кемсіту, қорлау, табалау. «Шыдамның да шегі бар».

Тау-кен инженері Өскенбай Құлатайұлы алпысыншы жылдарды еске алып: «Ащысай түсті металдар комбинаты­ның директоры В.И. Логинов мені Кентаудан 200 шақырым жердегі Байжансай кенішіне жіберді. Шахтада телім марк­шейдері болып орналастым. Әдепкі келген кезде бірден көзге түскен жағдай: кеніш, бөлім, шахтаның басшылары, кеңседе отырған қызметкердің барлығы шовинистік көзқарастағы басқа ұлттың азаматтары екен. Қазақтар тек жердің астын­да ауысым шеберлері, қара жұмысшылар болып шықты. Жоғары білімді біздің жігіттер осы кенішке келгелі 5-6 жыл болса да, ауысым шеберінен әрі көтеріле алмай, шеттетіліп жүргенін көрдім. Екі қазақ маманы қазақша сөйлесіп тұрса, орыс әріптестерінің бірі ала көзімен атып: «Говорите на человеческом языке», – деп жекіп кетеді. ...Қазақ халқы небір қиыншылықтарды басынан өткізді емес пе. Отызыншы жылдардағы қолдан жасалынған ашаршылық, 37–38 жыл­дардағы репрессия, 1986 жылғы жастардың көтерілісі – қа­тып қалған режимді бұзды, бүкіл кеңес үкіметіне қозғау салды», – дейді. Ардагер кен инженері Исахан Жұмабаев былай дейді: «Өздеріңіз білесіздер, Одақ кезінде қазақша сөйлесең: «Неге қазақша сөйлейсің? – деп тиісе кететін. – Неге орысша сөйлемейсің?». Біздерді менсінбейтін. Себебі біз орысшаға шорқақтау едік. Мені «подъемға» аға электрик қызметіне қояйын деген кезде комбинаттағы Резник деген бас энерге­тик маған: «Қазақтан еш уақытта электрик шықпайды. Сен әуре болмай-ақ қой», – деді енжарлық танытып. Зейнеткер Қайырбай Сейілханов: «Үшеуіміз Мәскеудегі түсті-метал­дар министерлігінің жолдамасымен келсек те, комбинаттағы кадр бөлімінің басшысы: «Сендерді біз жұмысқа шақырған жоқпыз. Біздің өз мамандарымыз жетеді. Сендер сол жолда­ма берген жерге қайтыңдар», – деді емес пе», – дейді. («Елу жылда – ел жаңа» естеліктер жинағы. Алматы, 2017 жыл).

«Бұл күндердің оқиғалары көрсеткендей, барлық қатар­дағы адамдар біріне-бірі мүлдем қарама-қарсы ұғымдардың жігін ажырата алмаған екен, демек, интернационализм мен шовинизм, патриотизм мен космополитизм ұғымдарының, сондай-ақ ұлттылық пен ұлтшылдық ұғымдарының екі қиырда жатқанын, бір-бірінен алшақтығын дұрыс түсінбе­ген. Көп адамдардың санасында бұл ұғымдар арасына теңдік белгісі қойыла салған секілді...»

Желтоқсан көтерілісі осы уақытқа дейін жарияланбай келген, көп қордаланған әлеуметтік мәселенің бетін ашты. Үкімет басшылары Қойшыбаев атап көрсеткен жоғарыдағы саяси термин атауларының сол кезге дейін жігін ажырата алмай, бәріне баяғыша көзқараспен қарап, жаңаша тұрғыда сараламағанын алға тартты. Ол одақтық биліктің 1937 жылмен 1986 жылдың арасында кеңестік қоғамда ұлттық сана­ның қаншалықты өскенімен санаспағандарына қынжылы­сын ашық білдірді.

«Болған жағдайларға толық тоқталуға қазір мүмкіншілік жоқ, сонда да мына бір фактіні есте сақтау мақсатында кел­тірсек. Бұл – халыққа білім беру органдарының жұмысын­дағы кемшіліктерге қатысты. Ешкімге де құпия емес, орыс тіліндегі мектептерде «Қазақ тілі» пәні формальды түрде жүргізіледі, негізінен, қазақ балалары ғана оқиды. Басқала­рының ата-аналары, сондай-ақ мұғалімдер де баланың ба­сын «қажет емес тілмен қатырудың қажеті жоқ» деп есептейді. Сөйтіп, біз байырғы, жергілікті халықтың тілі мен мәдениетін құрметтеу сезімін тәрбиелеуден бас тартамыз, мұның өзі партия саясатының интернационалдық ережесіне қарама-қайшы...»

Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар тек елімізге «қазақ» басшы болғанын талап етіп қана қойған жоқ, «тіл» мәселесін де қозғады. Оның түп негізі білім беру саласына байланысты екенін Қойшыбаев баса айтты. Расында орыс мектеп­терінде «Қазақ тілі» пәні өз мәнінде оқытылмайтыны, оған мұғалімдер ғана емес, республикалық, қалалық, аудандық оқу бөлімінде отырған жауапты қызметкерлердің немқұрай­лы қарайтыны ешкімге де құпия емес еді. Қойшыбаев сол сыйластықтың негізі жергілікті ұлттың тілі мен мәдениетін құрметтеу сезімінде жатқанына, партия саясатының интер­националдық ережесін өрескел бұзғандық болып табылатынына залда отырғандардың көздерін жеткізгісі келді. Ал олар құлақ асып, міз бақпаса, амал қанша.

«Халықтың оңай жараланатын ұлттық сезімдеріне нұқ­сан келтіретін болса, ұлтшылдық көріністермен жүргізілген күрес тиімді болмайды. Партияның ұлы державалық шови­низм мен жергілікті ұлтшылдыққа қарсы күресінің тарихын, шовинизмнің ұлтшылдықты тудыратындығы туралы пар­тияның түсіндірмесін еске алайықшы. Бұл уклон қалдықта­ры, өкінішке қарай, қазір де орын алып отыр. Сондықтан, біріншіден, мынаны есте сақтау қажет – ұлттық сезімдерді ескере білу мен жарамсақтану мүлде екі бөлек нәрселер. Екіншіден, әр уклонға қарсы, мейлі, ол үлкен ұлт өкілдерінің ұлтшылдығы болсын, кіші ұлт өкілдерінің ұлтшылдығы болсын, оларға қарсы партия даналықпен үйреткендей, сол ұлттың коммунистері қарсы күресті. Бізге мұны есте ұстау қажет. Менің сана-сезіміме қазақстандық орыс жазушының Жазушылар одағының пленумында айтқан сөздері қатты әсер етті. Оның сөздері интернационализмді схемалы түр­де түсінуге қарсы бағытталған болатын. «Республикада көп ұлттар тұратын ауылдар бар, – деп еді ол. – Қайсысына бар­масаңыз да, бір-бірімен қатар тұратын қазақ міндетті түрде екі тілді, неміс – үш тілді, ал орыс – бір ғана тілді біледі. Өзімізді-өзіміз дәріптеушілік, «біз кереметпіз» деген ой біз­ге өз уақытында Сүлейменовтің атақты кітабын дұрыс қа­былдауға мүмкіншілік бермеді.

Ұлттардың жақындасуы мен қосылуы туралы партияның Бағдарламасында жазылған. Бірақ партия мұның тарихи ұзақ процесс екендігін жоққа шығармады. Алайда біздер, іс жүргізіп отырған қызметкерлер, ұлттарды сіңістіріп қосуға ұмтылатындығымыз соншалықты, кей кездері өз жұмыста­рымызда дәлелсіз, асығыс қадамдар жасаймыз...»

Мызғымас Кеңес өкіметі неге құлады? Осы сұрақ күні бүгінге дейін әлеуметтік желілерде талқылануда. Олардың біразы экономиканың құлдырауына байланысты десе, біра­зы Мәскеудегі саяси ойын тартысына тірейді. Меніңше, олай емес. Кеңес өкіметі құрамындағы ұлттық республика­лар талай қиыншылықтарды бастан кешті. Алапат аштықты, қуғын-сүргінді, жойқын соғысты көріп, барлық қиын­шылықтарға төтеп берді. Еңкейіп барып, еңселерін қайта көтерді. Ұлттар тек бір-ақ жайға қанша тырысса да шыдас бере алмады. Орыс ұлты мен мемлекет басқарған шовинистік пиғылдағы басшылардың ұлт сезімін қорлаған көзқа­растарына шыдаған жоқ. Кеңес өкіметін құлатқан осы жай. Кеңес өкіметі басшылары ұлттардың сезімдерін құрметтей алмады. Өзара сыйластық содан бұзылды. Осы жайды әлгі құдайына қараған орыс жазушысы дұрыс аңғарған.

«Ұлттарды жақындастыру мен қосудағы асығыстық ха­лықтар арасындағы сенімнің толық және түбегейлі қалып­тасу ісіне зиянын келтіруі мүмкін. Ленин атап көрсеткендей, халықтар арасындағы берік, мызғымас одақты бірден орна­та салу мүмкін емес, сенімсіздік туғызбас үшін, оған үлкен төзімділік танытып, абайлап қол жеткізу керек...»

Кеңестер Одағының басшылығына кімдер келіп, кімдер кетпеді? Одақтың Никита Хрущев секілді басшысы ұлттардың жақындасуы тек орыс тілі мен мәдениетінде деп, соны өзінің дәуірінде шұғыл жүзеге асыруды қолға алған. Ол Кеңестер Одағын бір тіл, бір ел қылып, мызғымас Одақ жа­сауға жанын салып ұмтылды. Асығыс шешімдер қабылдады. Бірақ жасандылыққа қанша тырысса да, ұлттарды ұлттық сипатынан айыра алмады. Ақырында ұлттар өз алдарына тәуелсіз ел болып шыға келді. Өйткені тарих өз үкімін жаса­ды. Өзгелердің ұлттық сезімдерін құрметтемеу мен ұлттық мәдениетін жоққа шығару біртұтас ынтымаққа әкелмейтінін, мәңгілік ел болмайтынын көрсетіп берді.

«Ал қамшылау саясаты тіптен де бұған жат. Бұл күндері қаумалап құрықтау кезінде қолға түскен барлық коммунис- тер мен комсомолдар сөзге келместен партия мен комсо­молдан шығарылуда. Жауапқа тарту, жолдастық соттар жүр­гізілді, ал бостандыққа жіберілмегендерді нағыз сот үкімі күтіп тұр. Біз қатардағы партия ұйымы емес, республикалық Жоғарғы Кеңес Президиумы аппаратының партия ұйымы болғандықтан, өз тарапымнан мынандай ұсыныс енгіземін:

Демонстрацияға қатысушылардың істерін қараған кезде теріс пікірді алып тастау қажет, болашақ үшін жақсысы да, дұрысы да – жазалау емес, оқыту және тәрбиелеу.

Тәртіп сақшылары қатарында ерекше ынтамен қару жұм­саған солдаттарды, милиционерлерді, сақшыларды, сон­дай-ақ қалалық тоғышарлар мен бұзақыларды қатаң түрде жауапқа тарту қажет. Сонымен бірге олармен интернацио­налдық салада тәрбие жұмысын жүргізген жөн.

Түйіні мынадай: республика партия ұйымы ОК-нің, Ми­нистрлер Кеңесінің, Жоғарғы Кеңес Президиумының үндеу қабылдау фактісінің өзі дұрыс. КОТА хабарламаларында бұл құбылысты реттілікпен түсіндіріп, партия даналық танытты.

Біздің міндетіміз – халықтар достығын одан әрі нығайту, коммунизм жолында партияның жанына қалың бұқараның барлық топтарын одан әрі тығыз топтастыру».

Иә, желтоқсан көтерілісінде жастар жапа шекті. Адам шығыны да болды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тер­геушілері 850 адамды, ал прокуратура мен ішкі істер министрлігінің тергеушілері 5324 адамды қамауға алып, жауапқа тартқан. Кәсіпорындарынан 319 жұмысшы шығарылып, 406 адам БЛКЖО қатарынан, 52 адам КОКП-ға мүшелігі­нен айырылған. Қаншама студенттер жоғары оқу орында­рынан қуылды. Кейіндеу жүзден астам жігіт пен қыздар сот үкімімен әр жылдарға кесіліп, екеуіне өлім жазасы берілді. Сондай-ақ алаңда әскерлер, милициялар және жасақшылар­дың соққысынан ауыр және жеңіл жарақат алғандары қан­шама. Жастармен шайқаста олар да аз шығынға батқан жоқ. Жарақат алғандар саны айтарлықтай көп болды. Бейбіт Қой­шыбаевтың өз тарапынан ұсынғандары да батылдық. Ол ше­рушілерді жазалау емес, оқыту және тәрбиелеуді айта оты­рып, әскерилерді, милиционерлерді, сақшыларды және т.б. жауапқа тартуды ұсынған. Ол тап осындай ұсыныс жасайды деп кім ойлаған? Олар Мәскеудегілердің келісімімен әске­ри генералдардың бұйрығын бұлжытпай орындағандар ғой. Ал жоғарының бұйрығына кім қарсы тұра алады? Жанынан безіп, жүрек жұтқан біреу болмаса. Ия, қазақта ондай жан бар екен. Ол – Бейбіт Қойшыбаев! Бұл оның тасқыны күшті ағысқа қарсы жүзіп, шындық үшін шыбын жанын да аянып қалмағанын көрсетеді. Империялық саясатты ұстанғандар оның ұсынысын қайдан қолдасын. Қайта жиналыста өре түрегеп, өзін қаралап, сау басына сақина салды.

Жалғасы бар...

Көлбай Адырбекұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371