Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
2360 1 пікір 16 Қаңтар, 2023 сағат 18:33

«Рахат» саудагерлері: Жағдайымыз Украинадағыдай...

Басқыншы Ресей Украинаға соғыс ашып, қалаларында қанқасап жасағалы бір жылға жуықтап келеді. Осы уақыт ішінде Ресей әскері бейбіт халықтың тұрғынжайларын талқандап, бүтіндей қалаларды үйінді-қирандыға айналдырғанын әлем жұрты көріп, біліп отыр. Әсіресе, Кремль стратегтері Украинаның инфрақұрылымдарына аяусыз соққы жасап, Киев бастаған ірілі-ұсақты қалаларды жарық пен жылудан айыруға тырысуда.

Қазір Киев және өзге қалалар қосалқы генераторларға мұқтаж. Соны ескерген әлемнің өркениетті елдері Украина халқына генераторлар жолдап жатыр. Бұл санатта Қазақстан да бар. Қазақстан Украинаға 41 дана генератор жолдаған. Жалпы Украинаға 2022 жылы гуманитарлық көмек ретінде берілген генераторлардың саны 354 мыңнан асқан.

Бұл күні-түні гүрсілдеген оқ пен оттың ортасында өмір сүріп жатқан Украина халқының жағдайы. Ал Алматының «барахолка» аталып кеткен алып базарындағы, соның ішінде бес жылдан бері «рейдерлікпен» күресіп келе жатқан «Рахат» базарындағы саудагерлер ешқандай соғыссыз-ақ, айдың-күні аманында, сақылдаған сары аязда, жергілікті басшы-қосшылықтың құқайынан генератор қосып отыруға мәжбүр.

Біз жуырда «Рахат» базарына барып, ондағы 300-ге тарта саудагердің жағдайын біліп қайттық.

Көкебаева ханымның құқайынан бір жылдан бері жарықсыз, жылусыз отырмыз!

Тамара Жұбандықова, саудагер-кәсіпкер:

- Мен осы «Рахат» базарында кәсіпкермін. Осы базарда 20 жылдан бері жұмыс жасап, отбасымды асырап келемін. Қазір базарда 300-ге жуық кәсіпкер бармыз. «Жаңа Қазақстан» деп жатырмыз. Бірақ, біз қазір жарықсыз, жылусыз отырмыз. Бізге Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева келді де, жарығымызды кесіп тастады.

Осы заманда жарықсыз отыру дегенді сіз қалай түсінесіз? Қазір білесіздер, аяз қысып тұр. Жарықсыз, жылусыз отырып сауда жасау деген қаншалықты қиын екенін білесіз бе?! Әкім ханымға айтарымыз біреу ғана – біздің жарығымызды қайтарып беріңіз!

Әкім Гүлнар Көкебаева бізге осыдан бір жыл бұрын келіп, наурыз айында болуы керек: «Сендерге бір ай уақыт беремін. Егер бір айда базарды босатпасаңдар, жарықтарыңды өшіріп тастаймын», - деп қоқаңдап кетті. Біз неше жылдан бері осы базарда жүріп, саудамызды сатып келеміз. Бір айда босата алмайтынымызды айттық. «Бұл біздің заңды орнымыз. Біз уақытылы салық төлеп отырмыз. Біз өзімізге артылған жауапкершіліктерден жалтарып жатқан жоқпыз. Бізде барлығы заңды. Ендеше неге базарды босатуымыз керек? Біз кәсіпкерлерміз. Бізді солай келіп, қоқан-лоқымен қуып шығуға құқыңыз жоқ», - дедік әкімге. Ол: «Жарайды», - деді де кетті. Ал ертеңіне жанына адамдар алып келіп, жарықты өшіріп тастады. Әкімнің мұнысы қалай? Содан бері жарықсыз, жылусыз отырмыз. Бүкіл базар болып жалға генератор алдық. Күн сайын қаншама ақшамыз сол генераторға кетіп жатыр. Сол кеткен ақшаның орнына біз мына базарды заманауиландырып, жөндеп алар едік қой...

Еменжан Марванов, саудагер-кәсіпкер:

- Мен осы базарда 1997 жылдан бері кәсіп жасап келемін. Былтыр наурыз айында Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева келіп біздің жарығымызды өшіріп кетті. Кейін анықталғандай, ол әкімнің базарды бүйтіп алуға құқы жоқ екен. Әкімнің қандай заңға сүйеніп, базардың жарығын өшіріп тастағанын ешкім білмейді. Жарық Үкіметтікі ғой. Заң бойынша бізге жарық берілуі керек. Мен сол 1997 жылдан бері күні бүгінге дейін мұндай заңсыздықтарды көрген жоқпын. Біз заңды кәсіпкерміз. Құжаттарымыз түзу. Салық төлеп отырмыз. Біздің сауда үйлеріне барып отыруға күшіміз жетпейді. Біз мұнда адал жолмен отбасымызды асырап отырмыз. Үкіметке алақан жайып отырғанымыз жоқ.

Наразылыққа шығамыз! Басқа амалымыз қалмады!

Нұрбол Махмұтов, базар қызметкері:

- Мен осы базарда 25 жыл болды, жұмыс жасап, отбасымды асырап отырмын. Міне, 5 жылдан бері базарға қатысты сот істері жүріп жатыр. Қазір кейбір шенділердің қомағайлығынан базардағы саудагерлер, кәсіпкерлер осындай қиын жағдайға қалып отыр. Өкімет бізді қысып жатыр. Жетісу ауданының әкімі келді де: «Базарды босатып беріңдер. Оның орнына басқа дүние саламыз», - деді. Онан соң, келіп жарығымызды өшіріп тастады. Қазір жарық жоқ. Генератормен отырмыз. Қазір күн суық. Суымыз да қатып жатыр. Қазір қайда баратынымызды да білмей қалдық. Сотқа барсақ, былай жібереді. Прокуратураға барсақ, тағы анаған-мынаған сілтейді. Біз бұлай жалғаса берсе, базардағы халық болып наразылыққа шығамыз. Бізде басқа амал қалмады.

Сот билік басындағылардың қолшоқпары болып отыр!

Жәмила Төленова, заңгер:

- Алматыдағы Рахат базары кәсіпкерлері үшін бүгінгі ең өзекті мәселе – электр жарығы. Өткен жылдың 30 наурызында Жетісу ауданы әкімі Гүлнар Көкебаева келіп: «Бір айдың ішінде базарды босатыңдар. Бұл жерге «ТКМ» фирмасының жер пайдалану туралы өтініші қанағаттандырылмайды», - деп қоқан-лоқы жасағаннан кейін, базар электр жарығынан ажыратылды.

10 айда талай өзгеріс жасауға болатын еді. Бірақ, қазір біздің кезігіп отырған мәселеміз – энергетика саласындағы заң уақытынан кешеуілдеп тұр. Біздікіндей қиын жағдайдан шығатын жол заңда көрсетілмеген. Заң бойынша электр жарығымен қамтамасыз ету үшін жердің меншік немесе пайдалану құқын анықтайтын құжат керек. Бізде бұл дау сот қарауында. Жер мәселесіне қатысты бағаны сот берер. Ал электр жарығына келген кезде ең бірінші – өз қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған аудан әкіміне кәсіби баға беру керек! Қазір кәсіпкерлерді 18 млн теңдеден артық шығынға ұшыратып отырған әкімнің әрекеттеріне баға беру керек деп арыздандық. Ал ол «қылмыстық құрам жоқ» деген негізбенен номенклатуралық іске жіберіліп жатыр. Бұл деген не? Бұл – Алматы қаласында құқық қорғау органдары әкімдердің заңсыз әрекеттеріне баға беруге дайын емес деген сөз!

Заңдық күшіне енген  2019 жылғы соттың шешімі әлі күнге дейін орындалмай келеді. Қылмыстық кодекстің 430-бабы бойынша жер қатынастары басқармасының бастығы мен оның орынбасарының үстінен қылмыстық іс қозғау туралы берген шағымымыз да номенклатурада. Біздің елде – ең жоғарғы билік – сот билігі. Егер соттың шешімі орындалмайтын болса, онда неге сот табалдырығын тоздырып жүрміз?..

Ал айдың күннің аманында 300-ге жуық кәсіпкерді электр жарығынан айырып, өз кәсібін атқаруға толық мүмкіндік бермейтіндей жағдай жасап отыр. Бұл Алматы секілді Қазақстандағы ең ірі бизнес орталықта орын алып отыр.

Бұл жайт бойынша бейбіт шеру өткізуге 31 мәрте хабарлама бердік. Бұл хабарламалардың барлығы қараусыз, аяқсыз қалдырылып отыр. Махатма Ганди атындағы паркте біз бейбіт шеру өткізуді сұраған күні «іс-шаралар өтеді» деп кері қайтарылып келеді. Ал сол күні, сол уақытта паркте ешқандай да шаралар өткізілмейді.

Жергілікті атқару органы мен оған бағынышты органдардың ісіне баға берсек, біздің елде олар өзгеріске дайын емес. Олар әлі ескінің сойылын соғып отыр.

Генератордың күшімен, жағармай сатып алып, күндіз-түні соның басында күзетіп отырмыз. Біз қазір сонау тоқсаныншы жылдардағы күйге түсіп отырмыз. Жағдайды шешетін кім? Бұл сұрақтың жауабын біз 10 ай бойы таппадық.

Қазір біз Үкіметтен, депутаттардан заңға өзгеріс енгізіп, тығырықтан шығатын жол тауып берін сұраймыз. Немесе «Алатаужарық» пен «Рахат» базары арасында тікелей келісімшарт жасалып, жарықпен қамтылатын мүмкіндік жасалса дейміз. Бірақ, бұл мәселені кім шеше алатыны тағы белгісіз.  Әзірге біздің алып отырған нәтижеміз – табалдырық тоздыру ғана. Жауапкершілік алып, мәселенің мән жайына барайын деп отырған бірде-бір лауазымды тұлғаны көрген жоқпыз.

Осы дау басталған кезде Қазақстан президентіне үндеу жариялағанбыз. Ол үндеу тиісті органдарға жолданғанымен, тағы да аяқсыз қалды. Одан бері 5 жылға жуықтап келеді.

Қазіргі электр жарығымен қамтамасыз ету бойынша айтар датымыз – еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бағытталады.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

«Қаңтар оқиғасы» естан шығатындай уақыт өткен жоқ. Сол кезде төгілген қан кеуіп үлгерген жоқ. Сізге қаңтар кезінде жалған мәлімет берген билік басындағы адамдардың өзгеріске деген ниетін біз байқап отырған жоқпыз. Дәл осы «Рахат» базары кәсіпкерлерінің басына туып отырған күн Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі кәсіпкерлердің басында бар екенін кәміл сенімдіміз. Осы мәслені өзіңіз бақылауға алып, жауапты адамдарға тапсырма берсеңіз. Өйткені, халықтың төзімі шексіз емес. Бұл тек наразылықты үдетпесе, шешімін таппаған мәселенің басқа жолға түсуі өте қиын.

«Рахат» базарының 300-ге жуық кәсіпкері Қазақстан Республикасының толыққанды азаматтары. Біздің елдегі Ата Заңда көрсетілген бүкіл құқықтар мен заңды мүдделерін қорғауға кедергі болатын әкімшілік тосқауылдар көп. Бұл тосқауылдарды қойып отырған мемлекетік тұлғалар өз әрекеттеріне баға бере алмайды. Мынадай тосқауылмен біз ертеңгі күнге сенімді қадам басуымыз екіталай. Жер-жерде болып жатқан биліктің әрекеттерінің бәрі Сіздің жолдауыңызға кереғар. Біздің алдымызда тұған бір ғана мәселе – біз еліміздің президентін тыңдауымыз керек пе, әлде жергілікті шолақбелсенділердің айтуымын жүруіміз керек пе?

Мен қазір, Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның алдында өз-өздерін өртеп жіберген азаматтарды жақсы түсініп отырмын. Өйткені, бұның барлығы шарасыздықтан болған соңғы амалдары. Біз 300 кәсіпкер тек заң аумағында әрекет етіп отырмыз. Соның өзінде тосқауылдың күші үдемесе, кеміп тұрған жоқ. Өйткені, жеке амбициялар күшті. Бұл амбицияларды жою – тек заң үстемдігі болған кезде ғана жүзеге асады. Тек осы кезде ғана әділдікке қол жеткізе аламыз. Ал заң үстем болуы үшін – шашырап жатқан заң нормаларын бір жүйеге келтіру керек. Біздің Үкімет басындағы  заң шығарушы органдардың қасында ертегідегі Күлбикенің өгей шешесі мейірімдірек.

Біз қажетті заңды табу үшін алтын іздеушілердей ізденеміз. Неге заң тек жекелеген топтардың мүддесіне қызмет етеді? Неге заң жалпы халықты қорғамайды? Сот билігі неге тек билік басындағылардың ғана қолшоқпары болып отыр? Бұл сұрақтардың барлығының дәл қазір жауабы жоқ. Сондықтан да, біз қазір Президенттен көмек күтеміз.

Abai.kz

1 пікір