Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2928 5 пікір 25 Шілде, 2023 сағат 12:45

Смайыловқа Ашық хат: Біз бұны аяқсыз қалдырмаймыз!

Қазақстан Республикасының
премьер-министрі
Әлихан Смайыловқа,
ҚР Ұлтық банкісінің төрағасы
Ғалымжан Пірматовқа

А Ш Ы Қ  Х А Т

Құрметті мырзалар!

Парламент каникулда болғандықтан, регламент бойынша депутаттық сауал жолдау мүмкін емес екенін ескеріп, мен сіздерге Ашық хат жолдап отырмын. Менің шұғыл әрекетке баруымның себебі төмендегі мазмұндауға байланысты және оған сіздерден тиісінше жауап күтемін.

Елде тоғыз банк жабылады деген ақпарат тарады. Әрине бұл хабардың түпнұсқасы Үкімет пен Ұлттық банктен шыққаны даусыз. Бір жағынан елдегі көдедей көп банкілерді қысқартқан да дұрыс шығар... Екінші жағынан, егер «9 банкті жабу» туралы бұл жаңалықтың «жаны» болса, оның ел экономикасы үшін мүмкін болар зардабы мен халықтық қазынаның есепке алынбаған шығыны турасында Парламент Мәжілісінің депутаттарын ақпараттандыру қажет болады.

Бұл ретте жуықта «Жусан банкке» қатысты жұмбақ жағдайды үкімет мүшелерінің күлбілтелеп «реттеу» барысындағы үнсіздігі мен «құпиялыққа» сілтеме жасауына депутаттар ендігіде көніп отыра алмайтынын ескерткім келеді. «Жусанға» қатысты менің жолдаған депутаттық сауалыма сіздерден «мемлекеттік құпия» белгісімен жауап келді. Ал құпия құжаттармен жұмыс істеуге рұқсат болмағандықтан, мен ол жауаптың мән-мазмұнынан мақұрыммын. Онда недей жауап жазылғанын мен үшін рұқсаты бар менің әріптесім танысты. Сұрақты мен жолдаймын, жауапты құпиялап сіздер қайтардыңыздар: сонда ол кім үшін және не үшін жасалған құпиялық? Әділет министрлігінің вице-министрі білуге болатын құпияны Мәжіліс депутаты неге білмеуі керек?

Бірақ инсайдерлік ақпарат көздері арқылы маған біраз жәйт белгілі болды. Оның үстіне, «Жусан банкке» қатысты тарих тарқап біткен жоқ. Қалай десек те, заңсыз төленген жүздеген миллион доллар дивидендтер елге қайтарылуы тиіс.

Себебі – бұл миллиондар жалған шетелдік псевдо-инвесторлардың есеп-шоттары арқылы Назарбаевтың нақты отбасы мүшелері мен қоластындағы жақыбайлардың есеп-шоттарына аударылған. Бұл экс-президенттің қыздары мен күйеубалаларына, жиендері мен немерелеріне жұмыстан шығу төлемақысы (выходное пособие) сияқты болды да шықты. Ең бастысы – осы схеманың барлығын ойлап тауып, жүзеге асырған Кәрім Мәсімов үшін бұл «КНБ»-ның тергеу абақтысынан төленген ақы болды.

Осыған орай сіздер ендігіде бізге қайтарар жауаптың мазмұнына ерекше көңіл аударатын боламыз. Бұған дейін сіздер депутаттарға сырғытпа жауап берумен құтылып келдіңіздер. Бұдан былай олай болмайды, мәселен, мен сіздерден келген әрбір жауап, егер ол сырғытпа және жалтарма болса, оны жалпақ жұртқа жария етіп отыратын болам.

Сонымен, сіздерге жолданатын кезекті сұрақтар:

Біз – депутаттар 9 банкінің жабылу себебін және бұл әрекеттің бастамашысы кім екенін ресми тұрғыда білгіміз келеді.

Біз тағы да білгіміз келеді: бұл банктерге бұрындары үкіметтен қаржылық көмек («сауықтыру») көрсетіліп пе еді? Қашан және қанша көлемде?

Біз білейік: жабылатын банктер және олардың қожайын-акционерлері көрсетілген көмекті бұған дейін мемлекетке қайтарып па еді?

Тағы да біле жүрейік: бұл банкілердің алғашқы иелері кім болды, кейіннен олар кімге/кімдерге сатылды немесе жабылар алдында кімнің иелігіне өтті?

«Жусанға» қатысты айтар болсам, біздер – депутаттар үкіметпен арада екіжақты жасалған келісім-шарттың мәтінімен танысқымыз келеді. Келісімнің толық тексі Абылқасымова ханым басқаратын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде сақталуы тиіс. Нақты осы агенттік және Абылқасымова ханымның жеке өзі «Жусанды» үшінші тұлғаның мүддесі үшін иеліктен толық шығаруға (отчуждения) келісім берген.

Бірақ бұл «үшінші тұлға» – ешқандай тұлға емес, ешқандай беделді халықаралық инвестор да емес. Олар Кәрім Мәсімов пен Әділет министрлігі халықтық қаражатты ұлттық әл-ауқат қоры мен ұлттық корпорациялардан «Жусанға» тып-тыныш көшіру үшін таңдап алынған адамдар.

Бірақ «тып-тыныш» болмады, «Жусандағы» шетелдік жалдамалы менеджерлер дау шығарып (кімнің ықпалымен екені мәлім), қазақстандық үкіметке шантаж жасай бастады. Содан, үкімет депутаттарға көрсетуден ұялатын (бәлкім қорқатын) осындай масқара келісім жасасуға мәжбүр болды (тағы да кімнің ықпалымен?).

Біз тағы да білгіміз келеді: бұл келісімге қандай шетелдік юридикалық тұлғалар қатысты? Бұл келісім бойынша орасан зор сыйақы немесе өтемақы алатын «G42» деген жұмбақ ұйым қайдан пайда болды?

Маған және менің әріптестеріме айтылған уәж бойынша, құпиялықты сақтау ел экономикасын дамыту және әлемдік нарықтан инвестиция тарту үшін қажет екен. Бірақ экономика мен инвестордың сенімінен бұрын, «Жусанды» Ғалымжан Есеновтің иемденгені әлдеқайда маңызды болғанын біз біліп отырмыз.

Біз бір мәселені түсінуіміз қажет: бұған дейін бірнеше банкіні тақырға отырғызған Есенов мырзаны Ұлттық банк, қаржы нарығын реттеуші агенттік және Үкімет қандай себеппен «Жусанның» иесі етіп тағайындады? Тіпті бұл банкті ол қандай уағда-шартпен иемденді? Оның «Жусанды» жымқыруға жұмсалған қаражаты қайдан және қалай пайда болғанын кім тексерді?

«Есі түзу» ешбір елде мемлекеттік реттеуші органның келісімі берілмейінше, ешқандай да банкінің сатуылуы үмкін емес. Егер «Жусан банкі» негізгі бақылаушы иегерін (акционерін) алмастырған болса, яғни ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұндай сауда-саттыққа келісім берді деген сөз.

Премьер-министр мырза!

ҚР заңнамаларында «қылмыстық жолмен алынған кірістерді жария етуге (тазалауға) қарсы» талаптар бар. Сол сияқты қолданыстағы заңдарда банкирлер үшін міндетті «мінсіз іскерлік беделді» (безупречная деловая репутация), кәсібилігі мен адалдығын анықтауды қажет ететін «еншілес тұлғалар» (аффилированные лица) туралы түсінік енгізілген. Осының бәрі бірнеше банкінің «түбіне жеткен» біздің жас банкир Есенов мырзаның бойында бар ма?

Менің ойымша, «Жусан банкінің» төңірегіндегі барлық жұмбақ жағдайлар және 9 банкінің кенеттен жабылуы «Кітапхананың» бұрынғы лас тарихын жасыру әрекеті мен болашаққа миллиондаған доллар қор жинақтап алудың амалынан басқа ештеңе емес. Президент Тоқаевтың әкімшілігін халықаралық арбитраждық соттар арқылы «қорқыту» – анығына келгенде, Назарбаев қоры мен Ұлттық қордың нақты тонаушыларын жасырып қалудың айла-әрекеті. Бұл – бос әурешілік!

Осындай афералық айланың жүзеге асуына жол бермеу үшін, депутат әріптестеріме тоғыз банкінің жабылу процессін бақылайтын уақытша комиссия құруды ұсынамын.

Осы орайда Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов мырзаға да құлаққағыз жасаймын.

Бізге – депутаттарға тиісті органдар мен ведомстволарға депутаттық сауал жолдап, сырттай ғана бақылаушылық рөлде қалуға болмайды! Біз ортақ және заңды тәртіп қалыптастыратын заңдар қабылдайтын орган екенімізді өз сайлаушыларымызға дәлелдей білуіміз керек. Бұл Парламент пен оның депутатына деген шынайы сенімді орнықтыру үшін қажет. Ал шенеунік мырзалар Парламент пен депутаттар дайындаған заңдардың шеңберінен шықпауы тиіс.

Сондықтан 9 банкінің жабылуы мен «Жусан банкінің» қызметіне бақылау жасайтын қысқа және нақты заң жобасын дайындап, оны жедел арада қабылдауды ұсынамын. Бұл заңмен біз Ұлттық банкке «Жусанға» сырттан басқару енгізу міндетін тапсырамыз, ал Үкіметке – Абылқасымова бикені қызметінен алу талабын қоя аламыз.

Тоғыз банкінің жабылуы – нарықты реттеуі тиіс Абылқасымованың бастамасы, оның қызметі лайықты бағасын алуы керек! Реттеуші органның жаңа жетекшісі нарық субъектілерімен, депутаттармен және ел қоғамымен ортақ тіл табыса білуі тиіс! Біз қазір ұрланған активтерді елге қайтару жөніндегі президент Тоқаевтың стратегиялық мақсатына кереғар – елден жылыстатылған активтерді клептократтар офшорлар мен Батыс банкілеріне тығып жатқан қылмыстық әрекетке үкімет ықпал етіп отырғанын алаңдаушылықпен қарап қана отырмыз. Басқа іс-әрекет жасауға дәрменіміз жоқ.

Мәселен, халықтың көзін ала бере, үкімет елдің ең бір құнды активі – Степногор тау-химия комбинатымен бірге орасан зор уран кенішінің қолды болуына мүмкіндік берді. Бұл активтің құны бірнеше миллиард доллар еді. Ресейлік «Росатом» оны небәрі біржарым миллиардқа алды.

Осы сауда-саттықтан Қазақстан немесе, тым құрығанда, «Қазатомпром» қанша үлес ала алды? Нөл! Қазақтың уран байлығынан оны өндірген комбинат тесік тиын алмады! Бұл актив бүгінде Александр Клебанов пен оның ұлын, Дариға Назарбаеваны және оның күйеуін, балалары мен күйеубалаларын, Василий Анисимов деген әлдебір Хорватия азаматын байытып жатыр.

Құрметті Үкімет мүшелері, министрлер, мемлекеттік агенттіктер мен ұлттық корпорациялардың басшылары, олигархтар мен әкімшіліктің шенеуніктері!

Сіздердің кесірлеріңізден Степногор комбинаты мен қолды болған әлемдегі ең бай уран кенішінен қазақ халқы көк тиын пайда көрмеді! «Жусан» жалмаған және басқа банкілерге сіздер жұттырған бірнеше миллиард доллардан қазақ халқына ештеңе бұйырмады.

Біз бұны аяқсыз қалдырмаймыз!

Құрметпен,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Ермұрат Бапи

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364