Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2415 0 пікір 4 Қыркүйек, 2023 сағат 13:04

Эрнест Хемингуэй. «Жат жерде»

Ernest Hemingway. The Strange Country (1927)

орыс тіліндегі аудармасы Л.Кислованікі.

Күзде соғыс әлі жалғасып жатты, бірақ  біз үшін соғыс аяқталған еді. Миланда күз өте салқын болатын және қараңғылық ерте түсетін. Электр шамдары  жанып, дүкен сөрелеріне қарап, көшеде серуендеу жанға жайлы еді. Дүкендердің сыртында көптеген жабайы аңдар ілініп, түлкі терілері қармен жапалақтап, түлкі құйрықтарын жел соғып тұрды. Сойылып мұздатылған бұғылардың ауыр еті жерге салбырап, түтілген кішкентай құстар желге тербеліп, қауырсындарын жел үрлеп тұрды. Күз суық еді, таудан жел соғып тұрды.

Біз бәріміз күн сайын госпиталға келетінбіз. Госпиталға қала ішімен әртүрлі жолмен жетуге болатын еді. Екі жол арықты жағалай апаратын, бірақ өте алыс жол болатын. Госпиталға көпірмен арықтан өтіп жететінбіз. Көпір үшеу еді. Көпірлердің біреуінде әйел талшын жаңғағын сататын. Қуыратын таба қасында жылы еді, сондықтанда қалтадағы талшын жаңғақтары ұзақ уақыт жылы болатын. Госпиталь ескіден келе жатқан өте әдемі ғимарат болатын, біз кіре берістегі қақпадан  кіріп, аула ішінен өтіп, қарсы тұрған жақтағы екінші қақпадан шығатынбыз. Аула ішінде күнсайын өлгендерді жерлеу рәсімінің үстінен өтетінбіз. Ескі ғимарат артында кірпіштен қаланған жаңа корпустар тұратын, біз сол жерде күн сайын кездесіп, бір-бірімізбен өте сыпайы сөйлесіп, денсаулық сұрап, үміт еткен құрылғы аппараттарға отыратынбыз.

- Мен отырған аппараттың жанына келген дәрігер:

- Соғысқа дейін немен әуестендіңіз? Спортпен шұғылдандыңыз ба? – деп сұрады.

- Иә, футбол ойнадым, – деп жауап бердім мен.

- Өте жақсы, - енді футболды бұрынғыдан да күшті ойнайтын боласыз,- деді.

Менің тізем бүгілмейтін, аяғым тіземнен бастап тобығыма дейін солып, аппарат тіземді бүгіп, велосипед тепкендей қозғалтуы керек болатын. Бірақ аяғым әлі де бүгілмеді, содан үнемі иілуге келгенде аппарат тоқтап қалатын.

Дәрігер:

- Мұның бәрі өте шығады. Сіздің жолыңыз болды, жас жігіт. Жақын арада сіз қайтадан бірінші дәрежелі футболшы боласыз, -деді.

Көршілес аппаратта майор отырды, оның қолы баланың қолындай кішкентай еді. Дәрігер екі белдік арасында орналасқан жоғары және төмен қозғалып, оның жансыз саусақтарына тиіп тұрған қолдарын қарай бастағанда, ол маған көзін қысып:

- Мен де футбол ойнайтын боламын ба, дәрігер? – деп сұрады.

Майор атақты семсерлесуші еді, соғысқа дейін Италияның ең үздік семсерлесушісі болатын.

Дәрігер өзінің кабинетіне барып, емдеуге дейінгі солып қалған қолдың суретін әкелді, ол майордың қолындай кішкентай еді, артынан сәл өсті. Майор суретті сау қолымен алып, өте мұқият қарап:

- Жарақат па? - деп сұрады.

- Зауытта жазатайым алған  жарақат, - деді дәрігер.

- Өте қызық екен, өте қызық, - деп майор дәрігерге суретті қайтарып берді.

- Енді көзіңіз жетті ме? –деді  дәрігер.

- Жоқ, – деп жауап берді майор.

Жас жағынан менімен шамалас үш науқас жүрді, олар күнсайын госпиталға бірге келетін. Үшеуі де миландықтар еді; олардың біреуі адвокат болуға әзірленіп жүрген, екіншісі - суретші, ал үшіншісі әскери болғысы келетін. Емдік процедураларды алғаннан кейін біз кейде «Ла Скала» театрының жанындағы «Кова» кафесіне баратынбыз. Біз төртеу болғандықтан, қысқа жолмен жүріп, жұмысшылар кварталының үстінен өтетінбіз. Олар бізді офицерлер болғандықтан жек көретін, олардың жандарынан өтіп бара жатқанда, шағын кабактардан: «Abasso gli ufficiali!»! [Құрыңдар офицерлер! (итал.)] деп айқайлатын.

Кейде госпиталдан  бізбен бірге бетін қара жібек бинтпен байлаған бесінші науқас бірге жүретін; оның мұрны жоқ болатын, бетін түзетіп, емдеу керек еді. Ол Әскери академияны бітірісімен соғысқа аттанған екен, майдан шебіне түскенде бір сағаттан соң жарақат алған. Содан бетін емдегенмен, ежелгі текті әулеттен шыққандықтан дәрігерлер оның мұрнына дұрыс пішін бере алмапты. Ол Оңтүстік Америкаға кетіп, сол жерде банкте қызмет етті.  Бірақ бұның бәрі артынан болды, сол кезде біз ешқайсымызда өміріміздің қалай болатынын білмейтінбіз. Біз тек соғыстың әлі жүріп жатқанын, бірақ біз үшін соғыстың аяқталғанын білетінбіз.

Бетін қара жібек бинтпен байланған жас жігіттен басқамыздың ордендеріміз бірдей еді, ол орден алу үшін майдан шебінде көп болмаған еді.

Ұзын бойлы, өңі жүдеу, адвокат болуға жиналып жүрген жас жігіт Ардитти полкінің лейтенанты еді, бізде орден біреуден болса оның осындай үш ордені болатын. Ол ұзақ уақыт бойы  өліммен бетпе бет келген офицер болғасын, өзін бізден оқшау ұстайтын.Бізде өзімізді оқшау ұстайтынбыз, өйткені бізді ауруханада кездескеннен басқа ештеңе жақындастырмайтын. Біз «Кова» кафесіне бара жатқан кезде қаланың ең қауіпті қараңғы жерлерінен өтетінбіз, көшеге кабактардан жарық түсіп, әржағынан ән шырқалғаны естілетін, біз көше қиылыстарынан өткенде адамдар тротуарларда  жиналып тұратын, біз оларды жолдан өту үшін итеріп, ысыруға мәжбүр болдық, біз мынау адамдар сезінбейтін, басымыздан басымыздан кешкендер  жақындастыратынын, мынау адамдар бізді не үшін жек көретінін, бізді неге түсінбейтінін сезіндік.

Бәрі «Кова» кафесінде түсінікті болды, кафе жылы және әдемі еді, аса жарықта емес еді, кешке таман у- шуға айналып, келушілер темекі түтініне көміліп, үстелдерде әрқашан қыздар отыратын, қабырғада түрлі түсті журналдар ілінген еді. «Кова» кафесіне келушілер үлкен патриоттар еді. Менің ойымша, сол кезде Италияда ең үлкен патриоттар кафеге келуші қыздар болатын, иә, олар қазір де патриоттар шығар.

Басында менің серіктерім менің орденіме көздері түсіп, сыпайылықпен қызығушылық танытып, не үшін алғанымды сұрады. Мен оларға мақтау қағазын көрсеттім, онда салтантты түрде: «fratellanza» және «abnegazione» [«бауырластық» пен «жанқиярлық» үшін (итал.)] деген сөз тіркесі жазылған еді, ал шын мәнінде, егер осынау теңеуді алып тастаса орден маған американдық болғаным үшін берілді дегенді айтып тұрды. Осыдан кейін олардың маған деген көзқарасы шамалы өзгеріп, енді, мен оларға таныс адамнан гөрі дос көріндім. Мен оларға бұрын дос едім, енді олар мақтау қағазын көргеннен кейін мені өздерінің адамы деп санауды қойды. Олар өздерінің ордендерін мүлдем басқа жағдайларда алған еді және олардың оқиғасы да басқа болатын. Иә, мен жарақатым үшін  алдым, бірақ менің жарақатым уақиға салдарының нәтижесі екенін бәрі жақсы білді. Бірақ мен өзімнің орденіме ұялмадым, кейде бірнеше коктейльден кейін менде олардың ордендерін не үшін алғандарын көз алдыма елестеттім. Алайда, түнде суық жел астында бос көшелердің бойымен келе жатып, құлыпталып жабылған дүкендер қасынан өте беріп, жарық шамдарға жақын жүруге тырысып, ешқашанда мұны айтуға батылым жетпесе де, өлуден өте қорқатынымды білетінмін, көбіне түнде, төсекте жатып, қайтадан майданға түскенде не болатынын  ойлағанда, өлуден қорқатын едім.

Ордендері бар үшеу аңшы қырандар сияқты еді; мен қыран емес едім, бірақ ешқашанда аң ауламағандарға менің қыран сияқты көрінуім мүмкін еді; бірақ олар - үшеуі - мұны жақсы түсініп, артынан бірте-бірте біз араласпадық.  Майданда бірінші күні жараланған жас жігітпен, біз дос болып қалдық, өйткені енді ол өзінен не шығатынын білмеді; сондықтанда олар оны өздерінің адамы деп санамады, ол маған ұнайтын, мүмкін одан да қыран шықпас еді.

Бұрын әйгілі семсерлесуші болған майор батырлыққа сенбейтін және біз құрылғы аппараттарына  отырғанда  менің грамматикалық қателіктерімді түзейтін.

Ол бірде менің итальян тілінде жақсы сөйлейтінімді мақтап, біз ұзақ уақыт итальян тілінде сөйлестік. Мен итальян тілі маған шындап шұғылдануға тым жеңіл екенін, маған бәрі оңай сияқты көрінетінін айттым. - Иә, солай ма, - Онда сіз неге грамматикаға көңіл аудармайсыз? - деді майор. Біз грамматикаға назарымызды салғанда, көп ұзамай итальян тілі өте қиын болып шықты, грамматикалық ережелерді басыма қондырғанша мұны майорға айтуға қорықтым.

Майор госпиталға уақытында мұқият келетін. Меніңше, ол бір күнде жібермеген сияқты, бірақ аппаратқа сенбейтін, бірде майор мұның  бәрі бос әуре екенін айтты. Аппараттар сол кезде жаңалық еді, оларды бізге сынау керек болатын. «Ақымақтың ойлап тапқаны, бос сандырақ, бұдан басқа ештеңе жоқ», - деген майор. Сол күні мен италиян тілі сабағына дайын болмадым, майор менің адамзат баласың алдында ұятты екенімді, өзін менімен шұғылданып жүрген ақымақ адам екенін айтты. Майор кішкентай бойлы болатын. Ол орындығында тік отырды, оң қолы аппаратта болатын, ол алдындағы қабырғадан көз алмай, саусақтары тұрған белдіктер жоғары және төмен тырсылдармен қозғалып тұрды.

- Соғыс аяқталған соң не істемекшісіз, егер де соғыс түбінде  бір аяқталатын болса? - деп сұрады ол. - Тек грамматиканы ұмытпаңыз.

- Америкаға  қайтамын.

- Сіз үйлендіңіз бе?

- Жоқ, бірақ үйленетін ойым бар.

- Иә, ақымақ, адам үйленбеуі керек, - деді майор қатты ашуланып  тұрғандай.

- Неге  «Signer  maggiore»?

- Мені  «signer  maggiore»  демеңіз.

- Адам неге үйленбеуі керек?

- Үйленбеуі керек, үйленбеу керек! - деді ол қатты ашуланып, - егер адам бәрінен айыралатын болса, онда картаға бәрін тікпеуі керек. Ол жоғалтпайтын нәрсені табуы керек.

Майор ашуланып және ызалынып сөйледі, бір нүктеге қадалып отырды.

- Неге ол міндетті түрде жоғалтуы керек?

- Жоғалтады, - деді майор, қабырғадан көз алмай тұрып.  Солыған қолын белдіктерден жұлып алып, бар күшімен аяғына соқты. «Жоғалтады»,- деп айқайлап жіберді. – Менімен дауласпаңыз!  Медбикені шақырып: «Қарғыс атқыр мынау нәрсені тоқтатыңыз», - деп айқайлады.

Содан соң майор жарықпен емдейтін және массаж жасайтын басқа бөлмеге кетті. Мен оның дәрігерден телефон соғуға рұқсат сұрап, артындағы есікті жапқанын естідім. Ол қайтадан бөлмеге кіргенде, мен басқа аппартта отырдым. Оның үстінде плащы мен басында кепкісі бар еді. Ол менің жаныма келіп,  иығыма қолын тигізіп:

- Кешіріңіз, мен дөрекі болсам,  - деп,  ол  сау қолымен менің иығымнан сипап - Осы жаңа ғана менің әйелім қайтыс болды. Кешіріңіз, мені, - деді.

- Құдайым-  ау, неткен қаза,  - дедім, қайғысына қатты қиналып. Ол ернін тістеніп, қасымда тұрды.

- Бұл өте қиын, мүмкін емес, – деп, ол жанымда  терезеден көз алмай  тұрды. Содан кейін жылап жіберді – Тіпті сенгім келмейді, -  деп, дауысы үзілді. Содан жылағанын қоймастан, басын көтеріп, ешкімге қарамастан, жасаураған көздерінен су болған бетімен, ернін тістеп, әскери тік тұрып, аппараттардың жанынан өтіп, бөлмеден шықты.

Дәрігер маған майордың әскери қызметке жарамсыз деп танылғаннан кейін үйленген өте жас әйелі өкпе қабынудан қайтыс болғанын айтты. Ауру бірнеше күнге созылыпты. Әйелді өледі деп ешкім ойламаған. Майор госпиталға үш күн келген жоқ. Содан кейін әдеттегідей уақытта мундирі жеңінің ұшын қара шүберекпен байлап келді. Осы уақыт ішінде қабырғаларда аппараттармен жүргізілген емдеуге дейінгіжәне одан кейінгі барлық жарақаттардың үлкен суреттері ілініп тұрды. Майордың аппаратының алдында емдеуден кейін қалпына келген қолдардың үш суреті бірдей ілулі тұрды. Дәрігердің бұл суреттерді қайдан алғанын білмеймін. Мен осы аппараттар бірінші бізді емдейтін шығар деп ойлайтынмын. Бірақ майорға бұл суреттер ешқандай үміт сыйламады, - ол суреттердің жанында терезеге қарап тұрды.

1927 жыл.

Аударған Салауат Кәрім

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5359