Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 2811 0 пікір 27 Желтоқсан, 2023 сағат 14:19

Атан түйенің жүгін көтерген «Көк түйме»

 

 

 

 

«Қазақ әдебиеті» газетінің (№46, 09.11.2012 ж.) сандарын ақтарып отырып, проза бетіндегі Ділдәр Мамырбаеваның «Көк түйме», «Ала жіп» және «Ине» атты алақандай-алақандай әңгімелері көзіме ыстық көрінді.

Оқуға асықтым. Үмітім селге кеткен жоқ. Автордың әңгімелері бірінен бірі озып тұр. Кейіпкері де көп емес, немересі Алуа мен әжесінің арасындағы сұхбат түрінде құрылған. Ырым-жырым мен салт-санаға жан бітірген. Оқиғасы қарапайым, тілі жаттық, ойы терең, тағылымы мол, жұлдыздай жымыңдаған көркем шығармалар. Жазушы ұсақ деталмен үлкен дүниені қотара, жеткізе жазған. Бұл кез келген жазушының қолынан келе бермейді. Бұл әңгімелерді жанрлық жақтан балалар әдебиетіне жатқызуға болады. Кенезесі кеуіп, арып-шаршап, жүрелеп отырып қалған бүгінгі балалар әдебиетіне бұлда болса мөлдір тамшыдай болып тамғанына қуанып отырмын. Әңгімелерді оқып отрырсаңыз балаларды ғана емес, кез келген ересек адамды өзіне тартып, ойландырары, толғандырарды...

«Көк түйме» деп аты айтып тұрғандай, Д.Мамырбаеваның алғашқы әңгімесі әжесіне немересі Алуаның: «Әже, мектепке сахналық қойылым қоятын болдық, соған әдемі көйлек тігіп беріңізші», – деген өтінішімен басталады. Оның әжесіне қолқа салауының да жөні бар еді. Себебі, әжесі шебер тігінші. Алуаның мектепке киіп баратын сәнді киімдерінің бәрі осы әженің қолынан шыққан. Әжесі немересінің айтқан талабы бойынша киім тігіп, түйме қадауға келгенде әже мен немеренің арасында бір келіспестік басталады. «Балам, түймеде кие бар. Бұрынғылар оны көз тимеу, сөз тимеу үшін де таққан. Кейіндеп ол сәнге айналып, қолында барлар қоңыраулы алтын, мерует түймелерді байлығын байқату үшін тақан», – деген әжесіннің ойын онша түсіне қоймаған Алуа ақыры әжесінің қобдишадағы түймелерін ақ матаның үстіне төктіреді. «Бірі – қар ұшқынындай, бірі – бүлдірген секілді, бірі раушан гүлінің өзіндей» түймелерге «қандай әдемі, қандай керемет!» деп таңғалған Алуа «сия түстес, жұқа, жылтыр түймені көргенде көңілі пәсейіп қалады». Осы жерге келгенде оқырман «қандай әдемі, қандай керемет!» деп алақайлаған Алуаның оттай көңілі неге пәсейді екен, көк түйменің қандай сыры бар? деген секілді сан сұрақтың жауабын табу үшін ары қарай әңгімені оқи түсері сөзсіз.

Аула бұл сия түстес түймені неге сақтап жүргенін әжесінен сұрайды, «Әр түйменің өз тарихы бар, тиіспе», – деп жауап береді әжесі. Осы сөзді айтып отырған кездегі әженің келбетін автор «Әжесі көк түймелерді алақанына салып, аялай сипалады. Жүзі жылып әжімдері тегістеліп кетті» деп суреттейді. Бұл суреттеуден әженің біркездегі естен кетпес қуанышқа толы, қызыққты шақтарын есіне салғанын сезіну қиын емес. Адам жанын елжіретітін осы көркем образды автор өте шеберлікпен орынды қолданған. Шыныменде бұл көк түйме Алуаның атасы әжесіне жаз кезінде сыйлаған көйлегінің түймесі болатын. Аруақ сыйлаған әженің көк түймені шалының көзіндей көріп бүгінге дейін сақтап келуінің сырын автор осылай жеткізеді. Сол себептен де көк түйме әжеге бір сәт болсада қуаныш сыйлайды, демеу болады. Одан айырылса не болмақ?!.

Алуа көйлегіне көк түймеден басқа қызыл, жасыл, сары, жылтырақ түймелерді талдап алып, көйлегінің өңіріне қадап, мектебіне киіп барады. Түймелер асыл тастай жарқырап, киіміне өзгеше сән береді. Қызыл гүлдей құлпырады. Мұғалімдер мен оқушыларға да бұл көйлек өте ұнайды. Құрбылары да осындай көйлек тіккізіп кигілері келетінін Алуаға жапа-тармағай айтады. Ал Алуа болса әжесінің шеберлігіне мақтанады, масайрайды. Қойылымы біткен соң үйге тез жеткен Алуа бәрін жіпке тізгендей әжесіне түгел айтып береді. Бірақ оны әжесі өзінің шеберлігінен емес, қайта түймелердің киесінен екенін мына аңыз арқылы Алуаға айтады:

«Балам, ол өңіріңе қадалған түймелердің қасиетінен шығар. Атақты Мұхтар Әуезов атаң көптің алдына шығып сөйлерде Құнанбайдың шапанының түймесін алақанына қысып тұрып сөйлейтін болыпты. Сонда жаңылыспай, ағыл-тегіл әңгіме айтады екен. Кейін оны қызы Ләйлаға «атаңның аруағы сені қолдап жүрсін» деп беріпті. Ол кісі де ғылыми атағын қорғағанда уысына тас қылып ұстап тұрыпты. Сөз өзінен-өзі құйылып жатқандай әсерде болыпты. Кейіннен осы түймеге көз салдырып, алқа жасатып, өмірінің соңына дейін мойнынан тастамаған екен», – дейді әжесі. Мұны оқып отырсаңыз, өмір бақи отбасы-ошақ қасында отырған тігінші әже емес, керісінше оқыған, тоқыған, біліміді, парасатты ХХІ ғасырдың әжесін елестету қиын емес. Әуезов туралы аңызды кейіпкерінің аузына салған автордың шеберлігіне тәнті болмасқа шарамыз жоқ. Қалай десекте, бұл аңыз аруақ сыйлаған қазақ халқына жат емес. «Әуезовтың өзі аруақты пір тұтқанда, басқамыз қайда барамыз» деген ой санамызға сап ете түсері сөзсіз. Данышпан ақын Абайдың өзі: «Тәтемдей болу қайда маған!» (Абай әкесі Құнанбайды «тәте» деп атайқан екен) деген сөзін еске салады.

Осы уақытқа дейін түймелерге мән беріп, олар туралы ойланып көрмеген, тіпті қажетті зат деп те қарамаған Алуа бұл аңызды естігеннен кейін керексіз бұйымдай шашылып, қараусыз жатқан түймелерге жанашырлықпен қарап, олар туралы ойланатын болады. Өткен жолы әжесінің қобдишасынан шыққан көк түймені жек көрегені есіне түсіп қатты ұялған ол көктүймені кәдеге жаратқысы келіп әжесінен сұрайды. Бірақ автор Алуаның әжесін және бір қолайсыз жағдайға ұшыратып әңгіменің өзегін, тамырын одан армен тереңдете түседі. «Ол кісі көңілсіз ойға беріліп кеткен бе, қабағы шытылып, жүзіндегі әжім тереңдеп, қайта-қайта күрсініп қойып, үнсіз отыр» деп әженің келбеті мен көңіл күйін суреттейді. Шынымен де бұл кісіні ауыр ойға салған не нәрсе екен. Әлде көзінің қарашығындай қорғап, сақтап жүрген көк түймесін жоғалтып алған жоқ па? деген сұрақ немересі Алуаны ғана емес, оқырманын да мазалайтыны ақиқат. Сөйтсек, әженің жас кезінде жігіті сыйға тартқан жүзіктің лағыл көзі түсіп қалыпты. Жігіті сыйлаған көйлектің көк түймесін қиып алып сақтап жүрген әжеге саусағындағы жүзігінің лағылын жоғалтып алудан ауыр, қиын нәрсе бар ма?! Автор әже үшін сүйген жарынан қалған заттың уақыт өткен сайын қадір-қасиетінің, құнының арта түсетінін бейнелеу арқылы, бүгін үйленіп ертең ажырасып жататын бүгінгі жастардың тұрақсыз махаббатын сын тезіне алады.

Алуа енді әжесінің лағылын қалай тауып берер екен? деген сан сұрақ көз алдыңа көлбеңдейді. Әжесінің көңілін көтеру үшін Алуа әжесінің: «Түгел қарап шықтым, әуре болмай-ақ қой, шаңсорғыштың өңешіне түсіп кетті-ау, шамасы» дегеніне  қарамай үйдің бұрыш-бұрышынан іздеуге кіріседі. Алуа түймелер салынған қобдыйшаны ала беріп, ішіндегісін байқаусызда шашып алады. Автор түйменің шашылғанын былай суреттейді:

«Түймеден нөсер жауғандай болды, Қызыл, жасыл, сары, ақ көбелектер үйге толып кеткендей. Бірақ бәрі көңілсіз секілді. Жылтырақ сары түймелерде жарқырамайды. Жылтыр сия көк түйме ұнжырғасы түскен адамдай секеңдеп төсектің астына кіріп барады. Көз жазбау керек, әйтпесе ол да бір қалтарысқа кіріп кетіп табылмай қалуы мүмкін. Ол жоғалса әжесі аурып қалады. Атасы сыйлаған көйлектің түймесі ғой. Алуа жата қалып төсектің астына қарады. Сия көк түйме әлдебір затқа тіреліп, қырынан жатыр. Қол жетер жерде емес. Алуа етпеттеп жатып, қолын созды. Түймені қатқыл затпен бірге алып шықты. Алақанын ашып еді, әлгі зат көзін қысып, ойнақылана жалт-жұлт етті. Тағы секіріп кеткісі келгендей алақанының бір шетінен екінші жағына домалай кетеді. Біреу қытықтап жатқандай жарқырай күлетін секілді. Алуаның жүрегі дүрсілдеп кетті. Әжесінің қасына жеткенше асықты».

Жазушының түймелердің төгілгенін, сол сәттегі Алуаның көңіл күйі мен қимылын сурету арқылы. Шығарманың тартымдылығын одан ары арттыра түскен. Енді не болар екен? деп алаңдап отырасың. «Жылтыр сия көк түйме ұнжырғасы түскен адамдай секеңдеп төсектің астына кіріп барады» деген суреттен көк түймеге жан бітіп, бір денеде бірге болған лағылдың жоғалғаны оған да ауыр тиген секілді. Алуаға болысып өзі іздеуге кіріскендей... «Көз жазбау керек, әйтпесе ол да бір қалтарысқа кіріп кетіп табылмай қалуы мүмкін» деген Алуаның көңіліндегі күдік пен қорқынышын өте әдемі берген. Өйткені, көк түйме жоғалса әжесі аурып, төсек тартып жатып қалуы ғажап емес. «Алақанын ашып еді, әлгі зат көзін қысып, ойнақылана жалт-жұлт етті» бұл суреттен Алуадан бұрын лағылдың қуанышында шек жоқ секілді. Әрине, лағылдың емес, Алуаның қуанышында шек жоқ еді. «Тағы секіріп кеткісі келгендей алақанының бір шетінен екінші жағына домалай кетеді. Біреу қытықтап жатқандай жарқырай күлетін секілді. Алуаның жүрегі дүрсілдеп кетті. Әжесінің қасына жеткенше асықты». Алуаның не күлерін, не жыларын білмеген көңіл күйін автор лағылды суреттеу арқылы өте әдебі жанды сурет салған. Көркем әдебиеттің өмірден бір саты жоғары тұратынын осыдан көруге болады. Әңгіменің тақырыбын «қара түйме», «ақ түйме», «қызыл түйме» деп қоюға да болар еді ғой. Бірақ автор қазақ халқының көк түсті «көк тәңірі» ретінде аса қадір тұтатынын ұмыт қалдырмағандай.

Д.Мамырбаеваның екінші әңгімесін «Ала жіп». Автор бұл әңгімесін Алуаның әжесінің ұршық иіріп отырған жерін суреттеуден бастайды. «Ала жіпті аттауға болмайды» дегенді кім білмейді, бәріміз білеміз. Бірақ көркемдік деңгейге жеткізіп кім жазды? Бүгінге дейін ешкім жазған жоқ, оны бүгін жазушы Д.Мамырбаева жазып отыр. Ол жазып қана қоймай балалар әдебиетіне жаңа форма, жаңа истиль енгізген шеберлігімен ерекшеленеді. Не жазса да, неден бастаса да басынан аяғына дейін қиюластырып, тігісін жатқызып, жұп-жұмыр да көркем дүниені көз алдыңа жайып салатыны көзге ұрып тұр. Автордың бұл әңгімелері біреуді бақылауынан, қиялдауынан туған емес, қайта өзі көріп, қолмен ұстап жүрген өмір шынндығы көркем образбен, шымыр кестелеуінен дүниеге келгені анық. Өйткені жазушы кешегі ана, бүгінгі әже (газеттегі суретіне қарап айтып отырмын, – Ә.Ә) болуы әбден мүмкін.

«Ала жіп» әңгімесі әженің ұршық иіріп, жүнді шүйкелеуден басталуының өзі «ала жіптің» шикі заты қалай дайындалып, қалай есілуінен дерек беріп тұрған жоқ па?! Бір кереметі әже мойнындағы иір-қиыр тыртығына немересі Алуаның көзінің түсуінің өзі жазушы қиялынан туды ма, әл де өмірде болған ба? деген сан ойға жетелейді. Әрине, әңгіменің тақырыбы «Ала жіп» болған соң солай жазуға тура келген шығар. Қалай болғанда да жазушы бұл жерде өте тапқырлық, шеберлік көрсеткен. Әже мойнындағы тыртықтың да ала жіпке қатысы барын автар өте әдемі жеткізеді. Алдымен жазушы ұршық иірген әжені қалай суреттегенін оқып көрелік:

«Әжесі ұршығының ұшын етегіне сүйкеп кеп қалғанда, от алған машинадай зыр қақты. Шүйкелеп, саусағына іліп алған жүні баланың басындай изеңдеп, иірілген жіпке қарап үңіледі. Әжесінің мойнындағы иір-қиыр тыртығы қалтақ-құлтақ етіп қозғалған сайын бүлкілдеп, шандыр болып қалған теріні тартқылайды. Кәрі ағаштың бұтағындай болған тамырлары адырайып-адырайып тозғанын аңғарады. Бір көрген, көзі үйренбеген бөтен бала әжесінен «бөжей ме» деп қорқар еді. Алуа болса осы кірпігі кіржиіп жүретін әжесінің ішіне кіріп кете жаздайды. Бар еркелігін, бар тентектігін қыңқ демей көтеретін әжесін жақсы көрмегенде кімді жақсы көрсін».

Жазушының бұл суреттеуін оқып отырып, шыны керек өзімнің әжем есіме түсіп кетті. Балалық шағыма сапар шегіп келгендей көңіл күйде болдым. Тіпті, немерелерің бірін көтеріп, бірін жетектеп жүрген ауылдағы шемемді бір түрлі аяп кеттім. Бірақ әжелер немересі үшін «шаршадым, шалдықтым» деп өмірі айтқанын естімейсің. «Осылар аман болсын, алдыларынан ақ күн тусын, өмірде таршылық көрмесін, бақытты болсын!» деп жатса-тұрса айтып Құдайға жалбарынып жүретінін қайтесің. Бейне әжелер немерелері үшін көп жасағысы келетін сияқты. «Адам – ұрмағымен мың жасайды» деген сөз бұрыннан айтылған жоқ па?! Сондықтан бұл «Ала жіптегі» «әже» жалғыз Алуаның әжесі емес, барлық қазақ балаларына ортақ әже. Өйткені жазушы «әжені» сондай көркемдік биіктікке көтерге алған.

Алуаның «Әже, сенің мойныңдағы иір-қиыр жара неден болды?» деп қойған сұрағына Әжесі: «Сенің әкеңді от пен оқтың ортасындағы Ауғаныстан соғысына әділетсіз жолмен бауырымыздан жұлып әкеткенде мойныма бұршақ салып тілеу тілегенмін. Қылдай есілген ала жіп қиып кеткен ғой. Тәндегі жара неғылар дейсің, жазылады ғой» деп жауап береді. Ауланың сұрағынның жөні бар, бала өзі таңғалған нәрсені білгісі келіп сұрайтыны заңды. Тіпті, бала айтпасыңа да қоймай сұрайтыны бар. Оған ерінбей жауап беруге дайын болу керек. Мойынға таққан жіптің «ала» екені өз алдына, әженің баласы аман оралғанымен, қанша жүздеген әженің немерелері Ауғанстан жерінде оққа ұшып, қаншасы із-түзсіз жоғалып кеткенін ойласаң жүрегің қан жылайды. Отан қорғау жолында мерт болса оның жөні бір бөлек, ал бейбіт жатқан Ауған еліне барып соғысудың өзі көзге ұрып тұрған «әділетсіз, басқыншылық соғыс» екенін мойындауымыз керек. Бұл жерде әже «әділетсіз соғыс болмасын, сарбаздар босқа қан төкпесін» деп әлемге жар салып жатқандай...

Ала жіптің қазақ тұрмысындағы ырымға тікелей байланысты екенін одан ары аша түсу үшін автор Алуа мен әжені тұсау кесу тойына апарады, бөпенің тұсауын әжесіне кестіреді. Есік алдындағы әдемі текемет пен көз жауын алардай болған құрақ көрпенің үстінде отырып дауыстары қатқылдау шығып, ұрсысып қалған екі ақсақалға әжесі ала жіптің екі ұшын ұстатып: «Болды, дау осымен біті, шешілді», – деп үш рет айтып, жіптің ортасынан кесіп жіберуінің өзі қандай керемет ырым. Шыны керек, мұндай ырымның бар екенін өз басым білмейді екенмін. Сөйтсек, қазақ ырымында өкпелескен екі адам бұдан кейін тату жүрсін деп ала жіп ұстатып, оны кесіп мәмілеге келтіреді екен ғой.

Әңгіменің соңында Алуаға әженің «Маса» ертегісін айтып береді. Маужырап ұйықтап қалған Алуа түс керіп, түсінде ақсақалды қарияның: «Екі әлемді қосып тұрсың балам» деген сөзін естіп оянуының өзі кім-кімгеде ой салары хақ.

Д.Мамырбаеваның соңғы әңгімесі «Ине» деп аталады. Тақырыпты көрген кез келген адам «ине» деп те әңгіме жаза ма екен деген шолақ ойда болары хақ. Үйткені күнделікті тұрмыста әйелдер қолданып жүрген (бұл заманда қолданбайтындар қаншама), түкке тұрғысыз зат қой ол. Сол түкке тұрғысыз затыңызға абай болмасаңыз не өзіңізге, не балаңызға, не үйіңіздегі мысыққа зардабын тигізіп қоятын кездері де болады екен. Егер осы әңгімені дұрыстап оқысаңыз, иненің қадір-қасиетін білетін боласыз. Және оны абайлап пайдаланатын боласыз. Әңгіме былай бастылады:

«Мысығының мияулағаны миын шағып жіберді. Аузын жаппай, үдемелете түсті. Түгі теңбіл, көзі жап-жасыл мысығы жотасын күжірейтіп қалған. Дауысы жалынышты. Қыбырлап тыным таппайтын мысығының мына түріне аула шошып кеті». Шынымен де бұл мысыққа не болды екен. Не болушы еді кесте тігіп отырған Алуаның ұқыпсыздығынан инесін мысығы жұтып қояды. «Ине адамның денесіне кіріп кетсе тамырды қуалап отырып жүрекке қадалады» дегенді естенмін бар, онда тірі жандының бәріне кірсе солай болары хақ. Мұны автор инені мысыққа жұтқызып нанымды қолдана білген. Мысықты өлтіре салуға да болар еді. Бірақ ол Алуаның күнде қасынан қалмайтын жан серігі ғой. Өлтіре салуға Алуаның дәті қалай барсын?! Әжесінің де оған бара қоюы екі талай. Осыны автор былай бейнелейді:

«Мал дәрігері алдымен мысығын рентегенге түсірді. Ине бүйрегіне қадалыпты. «Келіссеңіздер ота жасап алып тастау түк емес», – деді. Мысығының түгі жығылып, дауысы әлсіреп қалған. Көзі сондай жалынышты. Қатты қиналғаны аңғарылады. Дәрігер ағай отаны жылдам жасады. Инені әжесінің қолына ұстатты». Мұны оқып отырып мысық екеш мысық та, өмір сүруді қалайды екен ғой. Он сегіз мың ғаламды жаратқан Құдайдың құдыретіне шек келтіра алмайсың. Осыны ойлағанда мысық тұрмақ құрт-құмырысқаны да аяп кетесің.

Дәрігерге келудің алдында Алуа жылауға шақ тұрып әжесіне: «Иненің осындай жамандық әкелетінін білмеппін», – деп кесте тіккен жіңішке инесі енді қолына түссе сындырып тастау ниетіне келген. Бірақ әжесі Алуаның ол ойынан қайтарады. Сондаға қалай қайтар ған? Автор бұған да өте нанымды, өте қызықты ине туралы оқиғаны әженің аузына салады. Әрине, бұл автордың шеберлігі демеске амалымыз жоқ. Оған қалай нанбайсыз, қалай иланбайсыз?!

Әжесі кезінде Американың президенті Линкольн таққа отырып сенат алдында ант берер кезінде ақ сүйектер табынан шыққан бір депутаттың оны мұқалтпақшы болған әңгімені айтады. Овтор оны мына диалог арқылы шебер баяндайды.

«Линколын мырза, сіз әкеңіз екеуіңіз біздің отбасына аяқ киім тігіп беру үшін келгеніңізде инелеріңізді ұмыт қалдырып кетіпсіздер. Бүгін сіздің президент болуға аныт беретін күні соны әдейі әкеліп тұрмын. Шыққан тегіңіз ді ұмытпаңыз, – деп әкесі аяқ киім тіккен инені Линкольнге ұстатады. Ол осы сөзімен, бір кезде ұмыт қалдырған инесі арқылы көптің алдында кемсіткісі келген Линкольн оған:

– Аныт берудің алдында әкем туралы айтқаныңыз өте орынды болды. Әкемнің жаны көркем, қолы шебер еді. Ол тіккен аяқ киімді ешкімде тіге алмайтын. Оның шеберлігіне жете алмайтын, дегенмен әкем тіккен туфли аяқтарыңызды қысса ине дайын, қайта тігіп бере аламын, – деп әкесінің инесін әкеліп берген депутатқа рақметін айтады».

Кейбір оқырман Амрика призидеті Линкольннің бұл әңгімеге не қатысы бар? деуді ғажап емес, әрине, инеге қатысты болғаны үшін осы деталды қолдануға тура келген. Екіншіден, етікші болсын, кім болсын қарапайым отбасынан ел басқаратын ұлы тұлғалар шығатыны табиғи заңдылық дегенді балалар санасына сіңіруді мақсат еткен. «Не істесең де керегіңе жарап, өмір сүруіңе қолайлық тудырып отырған затыңды аяла, ұқыпты ұста, оның қадір-қасиетін біл, абай болмасаң өзіңе зардабын тигізіп қоюы да әбден мүмкін» деген жазушылық парызын орындап отырған жоқ па?

Әдебиеттің өзі адамға үлкен ой салатынын, сол арқылы жаман ойдан арылып, жақсы ойға жетелейтінін ұмытпағанымыз жөн. Қаламыңыз мұқалмасын Ділдәр әкпе! Осындай сап алтындай шығармаларды сізден әркез күтеміз.

Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329