Сенбі, 29 Тамыз 2026
Әдебиет 1124 0 пікір 27 Тамыз, 2026 сағат 11:17

Парасатқа жол сілтер кітап...

Сурет: Автордың жеке архивінен алынды.

(2-бөлім)

Бұл мақала Дәулетбек Байтұрсынұлы ағаның «Еріксіз елден кету» кітабының «Публистикалық ой толғауларынан» тұратын 2-бөліміндегі мақалалардың мазмұнына жалпы шолу десем, болады. Мақсат, осы тақырыптар көтерген идеалар мен мәселелер әр қазақтың, әсіресе, қазіргі әрбір жастың жүрегінен өтіп санасына сіңсе, деген тілек еді. Қазіргі жығасы қисайған бөркімізді түзеп, тектік құндылығымызға қайта қайырылып, жүрер жолымызды оңалтуға тамшыдай болса да, әсер ететін кітап деп есептеймін!

Әуелі «Ұлттың жаны» атты мақаласында автор ұлттың тіл, діл, мінез, салт-дәстүр және тіршілік ету формасы мен ойлау жүйесі оның ұлт ретінде сақталуының өзегі екенін айтады. Алайда, ар-ұятын, иманын жанынан биік қойған қазақтың бұл күнде сол текті мінезінің қырпуы кетіп, қыры сынып өз табиғатына келгенде, кежегесі кейін тартатын кертартпа мінез тапқанын, басқаның қаңсығын таңсық көріп, дардаң дарақылық, қылжың-мылжыңға үйір, аты қазақ болмысы бөтен дүбараға айналғанына өзегі қан жылайды. Кешегі зипа бойының қадірін сақтап, құсни құлқынына, адал арына қылау түсірмей инабатты, ибалы қалпын сақтаған асыл ақықтай аруларымыз бен ақылы алпыс түйеге жүк болардай қадірі бөлек аналарымыздың бүгінгі ізбасары, ұлттың ұяты деген қыздарымыздың ұятты ескілік, ұятсыздықты мәдениет санап тәнін товарға айналдырып, қазақ қызының, ұлттың намысын аяққа таптап Мөңке баба айтпақшы,

Шаштары жалбырап,

Емшектері салбырап,

Қарап тұрған жігітке қыз артылған...

Заман келіп, мектепте бесіктен белі шықпаған қыз оқушылардың құндағынан қағынып түсік тастау сияқты ұятсыздықты да ар көрмейтін дәрежеге жетіп, жұрттың да оған көзі үйреніп еті өліп кеткенін, бұны тыюға үкіметтің де қауқарсыз боп шыққаны айтылады. Тіпті төбе құйқаңды шымырлатар күлкілі сорлы шешімдерін де білмейтін жұрт жоқ шығар?!.. Мұнысы адасқан Еліктің лағын аранға айдағандай қырын кеткені қисынсыздық. Оңған шешім болмақ түгілі, жас өскіннің тағдырын талқан етіп, қылтасын қыю екенін автор күйзеле тілге тиек етеді.

Ісжүзінде мұндай азғындық дерттің дауасы – Алладан келген ақиқат Құран мен Хадисте екенін, Қазақтың тәлім-тәрбиесі, дәстүр-салтының да, шариғат аясында қалыптасқанын, өкінерлігі, ұлтжанды зиялы деген бірсыпыра азаматтардың Ислам десе, төбе құйқасы құрысатындығын, ал иманды алып тастасаң, «Көк тәңірінің» де, «Көк бөрінің» де, түкке тұрғысыз боп Алладан алыстаған жерге оның нұры түспейтінін, мұндай Нұрсыз жолдың мәнсіздікке, тығырыққа тіреп, ағаттыққа ұрындыратынын айтып ашынады. Ағаның осы мақаласын оқып отырып Шерхан Мұртаза ағамыздың мынадай философиялық ой толғамы есіме келеді... «Темірді тат шірітеді, тат темірдің өзінен шығады. Адамды аздыратын жаман қылық та өзінен шығады. Ол да тат сияқты сабындап жуып кетіре алмайсың. Адамның жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Асыл кітап, адал кітап, ең бірінші – Құран. Одан кейін ұлы классиктер – Қазақтың ұлы жазушылары» дейді.

«Ұйқы мен азан» атты ой толғамында автор таңғы уақыттың берекесін өзінің бала кезден-ақ сезініп өскенін, қамсыз балалығында да таң азанда ұйықтап жатуға мүмкіндік болмағанын, үлкендермен бірге азанда тұрып анасына сиыр саудырып бұзау тарту, фермаға иінағашпен сүт тасу, машинамен сүт тартып, тезек теріп, отын жарып, су тасу, қыс болса қи ойысып, малға шөп салып, жем беріп, суару... дегендей сахарада малшы қауымның туындап жататын бітпес михынатын үлкендермен тең атқарып, қыруар жұмысты мектепке кеткенше күн шықпай тындырып тастайтындарын, осы бала жастан қалыптасқан еңбекқорлық әдет студент өмірінде де жалғасын тауып оқушылармен таң азанда жүгіру, таңғы гемнастика, тазалық дегендей сабаққа дейін болатын тәртіпті қимылдарды еске алады. Осындай еңбекпен шираған ритімді өмірдің арқасында кейін намазға тұру қиынға соқпағанын бала кезден жақсы әдет қалыптастырғанда жалқаулық дейтін дерттен аулақ болуға болатынын ескертеді.

Таңның берекеті жайлы Құран аяттары мен Хадисте ескертілгенін айтады. Пайғамбаымыздың (с.ғ.с) «Уа, Алла Тағала! үмметімнің таңғы уақытына береке бер» деген дұғасы бар екен. Сүйікті Хабибысының тілегін қабыл еткен Алла Тағаланың бұйрығымен періштелер әр таң сайын күн шықпай жер бетіне ризық шашады екен. Кім күн шықпай тұрса, ол несібеден үлесін алады, кім күн шыққанша ұйқыда болса өліге есептеліп ол несібеден құр қалады делінеді. Демек, күн шықпай тұрып бір күндік жоспарын жасап тірлігін бастаған жанға бұйырылған несібеде аз болсын, көп болсын береке болады. Бұл Пайғамбардың дұғасы, Алланың уәдесімен бекітілген ақиқат дейді. Автор таңғы уақыттың берекесі жайлы өзі өмірден түйген бір қызық мысал айтады. Қой жерге жарық түсе азаннан өреді, ол жылына бір рет төлдейді, көбіне жалғыз төл туады. Ал, Ит түнімен үріп, жерге ризық шашылатын таң азанда ұйықтап қалады. Ол үш айда бір күшіктейді және бір жолда бес-алтыдан күшіктейді. Сонда да, өсіп симай жатқан итті көрмейсің. Қайта қойды азығыңа тұтынып жатсаң да, мыңғырып өседі дейді. Демек, құт-берекенің құлпы таңда боп тұр ғой.

Тірлік дейтін сапарға құлқынсәріден құспен бірге оянып құлашыңды сермесең, сәждеде тұрып жаратушыңмен сырлассаң, жаяу жүріп тәніңді шынықтырсаң, кітап оқып ойыңды ұштасаң, жарты әлемді шарлап келгендей тәнің қунап, ойың түлеп өзіңді сергек сезінетінің шындық.

Қазір ғалымдар жер шарының өз өсін айлану жылдамдығы тездеп, уақыттың көрнекті қысқарып бара жатқанын айтуда, сол қысқа күннің жартысын ұйқымен өткізіп алғасын өмір дейтін аламан майданда қолтығыңды жазып, бүйірің қызып шаба алмайсың. Сосын, ештеңені тыңғылықты тындыра алмай мақсатыңды ақсатуың мұнда тұр. Натижесінде таразы басар құны жоқ, санда бар да санатта жоқ, сұйегі жасық алжуазға айналасың.

«Мақсат пен жетістік арасындағы көпір ол – тәртіп», «Еңбек – бар игіліктің бастауы болса, жалқаулық – бар жамандықтың анасы» дейді ғұламалар. Автордың алпыс жылғы өмір сапарының іздері еріксіз кеше мен бүгінді салыстырып ие болғанымыз қанша көп болса, айрылғанымыздың да көп екенін еске сап ойға қалдырады. Мақаланы оқып, бүгінгі қазақ қоғамында мақсатсыз бей-берекет өмір ағынымен ағып сүреңсіз күн кешіп ілім-білімнен де, матерялдық жағдайдан да кенде қап бос сөз, арзан ойын, құр атақ қуып өзін-өзі қор етіп жүргендер қаншама!..

«Үйден безуде» автор қазіргі заманның тағы бір дерті – ері-әйелі боп, баласы боп үйден безетін бір қасіреттің жалпы беттік болмаса да, салыстырмалы түрде етек алып бара жатқанын шын күйінішпен былай жеткізеді: «Осы кезде 4-5 баласымен әйелін тастап кететін еркектер көп. Не болмаса, күйеуі мен балаларын тастап кететін әйелдер де жоқ емес. Ал, ата-анасына құлақ аспай күндіз демей, түн демей дала безер боп тәрбиесіз бетімен кеткен бала тіпті көп. Тәрбие-тәлімсіз ақылы пыспай, бұғанасы қатпай қоғамда бейпіл кеткен бала, «еркіндік» деген осы деп адамшылықтан аттап азғындық жолға түседі. Улы шегімдікке тәуелді болып ардан аттап түрлі пәлеге, кесірге ұшырап өзін құзға итеріп қыршынынан қиылып жатқандар да жетерлік. Жыныстық нәпсі құмарлыққа салынып қатын-баласын жетім-жесір қалдырып әуейілікпен әуре боп жүргендер де өкінерлігі, аз емес». Осы жерде автордың ойына дәлелсіз болса да бір нәрсе қыстыра кеткім келеды. Қашан, кімнен естігенімді білмеймін... зинаға, құмарға, араққа үйір ата-ананың баласының тағдырында не бала сүйе алмау, не үйленбей қалу, не өмірі мақсатсыз тұман іспетті, кәсіпте жолы болмау сияқты бақытсыздық болады дегенді, естіп едім. Осыған ой жүгіртіп өзім білетін тағдырларға зер салсам, шынымен де қисыны келіп тұр. Алланың хикметі шексыз, Құран ақиқат. Онда еш нәрсе тектен текке ескертілмеген.

Ата-ана мен бала, ер мен әйел, ене мен келін арасында түрлі себеппен туындап жататын енжарлық қазақ қоғамы талқылайтын басты тақырыптың біріне айналғалы қашан?!.. Қай кезде болса да, бір-бірімен дүз-дөңбегі, дәм-тұзы жараспай бірін-бірі ағаш атқа мінгізіп қағынан жеріген құландай ұйтқып, оңғақ бұлдай тез айнып, теріс айлана кететін тезі қатты, көн көңіл тасжүректік жайлаған заманда кешегі дала акедемясына, данышпанына айланған, бір от басын емес, бір ауылды, бір руды тезге сап жөнге келтіріп отыратын, қаталдықтың астарында ұрпаққа үлкен жауапкершілік пен даналыққа сабақтасып жатқан ыстық мейір-махаббат жататын еді. Ар мен тәрбиені бәрінен жоғары қойған қайран ата-бабамның қасиетін сағынасың!.. Әруағын силап, іштей күбірлеп дұға оқисың!.. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кім жақынынан, туыс-туғанынан байланысын үзсе, Алла одан байланысын үзеді» дейді. туыс ол адамның өз таңдауы емес, Алланың әмірі, аманаты. Тамырынан ажыраған бәйтерек қалай тез солса, туысынан безінген адамның ғұмырында да береке болмайды. Себебі, бұл Құдайға қарсылық.

Өмір сүру қанша қиын болса да, мың себеп болса да, кездескен мәселені кеңеспен шешпей үйден безу жексұрындық, имансыздықтан екенін жүрекке иман ұялағанда қандай қиын іс болса да, шешімді жолын Алла өзі құлының санасына салып отыратынын айтады автор.

«Күй құдіретінде» автор бүгінгі қоғамның адамдарының жалпылай айтқанда талғам-танымының таяздығы сондай, мән-мағына, мәйегі жоқ жеңіл сөз, құлақ сарсытар елірме әуендерге елітіп, тойда болсын, көлікте болсын тыңдайтыны да билейтіні де сондай даңғаза дүниеге үйірсектік боп бара жатқанын айтып кейістігін жасырмайды. Діни хиссада әлмисақта такаппарлығымен Алланың лағнетіне ұшыраған Ібіліс жерге түсерде Аллаға өтінішін айтып сауал қойыты «Адамға құранды бердің, маған не бересің?» дегенде, Алла Тағала «Сенің Құраның той-томалақта айтылатын жеңіл ән, жеңіл өлеңдер» депті дейді. Автор қазақтың дәстүрлі әнін, терме-толғауын, жыраулар жырын, әсіресе, күй құдіретін әспеттеп «Күй адамның жан сарайын ашып, асыл сөз сананы байытып, рухты оятып, көңіл көкжиегін кеңейтеді» дей келіп, математик ғалым – Асқар Жүмәділ ағаның да «Есепке де шабыт керек, ал, мен ол шабытты қазақтың күйінен алам» деген сөзін өз козқарасына дәйек етеді. Домбыра, күй мектеп оқушыларына аптасына бірер сағат болса да, сабақ ретінде өтілсе, ұрпақтың санасындағы ұлттық кодты оятып, өз болмысына оралуына әсер етер еді, деген қазаққа деген перзенттік, азаматтық жанашыр тілегін айтады.

Медицинада адам анатомясында 72 мың тамырдың 62 мыңы негізгі тармағы адамның физикалық және рухани күйіне жауап беретіні айтылады. классик әуендер, қоңыр үндер адамның қан айналысын дұрыстап жүйке-жүйесін тыныштандырып бойдағы енергия реттеледі дейді.

Музыка мен кванттық әлем бір-бірімен тербеліс және енергия арқылы тығыз байланысады. Дыбыс ол физикалық толқын, біздің құлағымыз осы дыбыс толқынын қабылдап оны электрондық тербеліске айландырып миға жібереді. Сөйтіп мидағы нейрондар мен электрондар сол әуен ырғағымен тербеліп белгілі биохимялық реакцияға түседі. Классикалық музыкалар ғажап математикалық үйлесімге және дұрыс жиілікке құрылған. Осындай үйлесімді, жүйелі әуен жиілігі – жүрек соғу жиілігі мен ми толқындарын реттеп қалыпқа келтіреді. Гармоня мен резонанс тудырып адам миында эндорфин, допамин сияқты бақыт гормондарының бөлінуіне әсер етіп, стрес гормонын ыдыратып, шаршауды басып, жанға тыныштық силайды екен.

Ахмет Жұбанов: «Күй қазақ халқының тарихы мен жан дүниесінің шежіресі» десе, Әбіш Кекілбай «Күй халықтың көкірек күйі, ғасырмен сырласқан тілі» дейді. Ал, музыка патшасы Бетховин «Музыка даналық пен философиядан әлде қайда жоғары жаратушыдан жеткен уахи!» депті.

Қош, енді Дәу ағаның «Қарттар үйі» мақаласына келейік. Автор қазақтың есте жоқ ескі заманынан жалғасып келе жатқан ұлттық дұниетанымы, киелі қара шаңырақ пен қаймағы бұзылмаған туыстық қарым-қатынасын, ұлтты ұлт етіп тұрған ұлы мектеп ретінде бағалайды. Бүгінгі тілмен айтқанда, ол – «Отбасы иниституты». Автордың қынжылатыны – сол ұлы мектептің қуаты азайып, қазақтың өз жанынан биік тұратын құндылықтары мен тектік болмысының адам танымастай өзгеріп бара жатқаны.

Екінші дүниежұзілік соғыстан кейін пайда болған қарттар үйі мен жетімхананың, бүгін тыныштық пен молшылық заманда да азаймай, қайта көбейіп бара жатқанына, жүрегіне мұз қатқан бейопа ұрпақтың көбейгеніне жаны күйіп, бұған себеп болған үш жағдайды атап көрсетеді. Шын мәнінде қараушысы жоқ қарттар. Қартайған ата-анасын қарауды ауырсынып қарттар үйіне балалары тастанды еткен қарттар. Өз еркімен қалап немесе бала-шағасына салмақ салғысы келмегендіктен қарттар үйіне баратын қарттар.

Дегенмен, автордың жанын күйзелтетіні – қарттар үйінің бар болуы ғана емес, соған алып келген сананың өзгеруі. Себебі, қазақ ең әуелі ана тілін, атаның батасын, әже өнегесін, әке ақылы мен ана мейірін, салт-сана мен адет-ғұрпты, туыстық байланыс пен жауапкершілікті сол киелі қара шаңырақ саясында үйренеді. Құт сол қара шаңырақта еді. Ғұмырына қорған Алладан кейін сол қара шаңырақ. Ата-анасының, қарттардың батасы еді. Содан мият тауып, ұлттық мінездің уызына жаритын. Қартын қастерлеп, жолаушы жүріп жолға шықса үлкенінен бата алар еді. Қартын қолындағы асыл қазынасы санар еді. Содан соң ұлттық болмысы бекіген адами тұлға қалыптасатын.

Алайда бүгін көп жағдайда бұл дәстүрлер әлсіреп, бұрын әке түтінін жалғап, ата-анасына пана болатын қара шаңырақ иесі кенже ұлдың орнына, қарттар жат ұрпақтың шаңырағында, яғни қыз қолында күн кешуге де мәжбүр болып жүр. Қыз жат жұрттың адамы деп, шетке қақпаса да, әулеттік билікті атасы басқаға шатыстырмайтын қазақ, енді жиенді жиен-немере дейтінді шығарды дейді. Автор мұны жекелеген отбасылардың ғана мәселесі емес, ұлттық сана мен рухани құндылықтардың әлсіреуі деп бағалайды. Себебі, қара шаңырақтың оты әлсіресе, ұлттың руханы жылуы да жоғалады... деген ой толғамын қалам мен қағазға ақтарады.

Ал, «Екі жәшік алма» да, автор атаққұмарлықтың салдарынан қазақ қоғамында бертін кездері құндылықты ақшаға айырбастап құлқынын құрт тескен жоғарғы билік, министрлік, ресми және бейресми қоғамдық ұйымдардың бір жапырақ қағаз, бес мысқал төс белгісі мен талай шақша бастарға даңғарадай қалпақ кидіре салу салтқа айналып, көңілге қонымсыз құрғақ атақ, арзан беделге бой алдырып, сатып алған салтанатына масайрайтындар көбейгенін көргенде жүрегің май ішкендей кілкіп қалатынын айтады. Ол үрдістің өзін де «Дүние жүзілік қазақ қауымдастығы» дейтін атағынан ат үркер қоғамдық ұйымның алыстан Ата-жұртына келіп еңбек сіңіріп жатқан азамат ретінде шақырып, алдағы уақытта марапаттап атақ беретіндерін айтып анкета толтыртады. Алайда, Дәу аға оның соңына түспейді. Алты айдан кейін қайта шақырып атақты алған-алмағанын сұраған олардың бұл сөзіне таңданған аға, алмағанын, ешкім шақырмағанын айтады. Әлгі шақырушы «Өзің қызықсың, біз жолдаған анықтама қағаз, анкетаң негіз ғой. Астанаға барып қатысты адамға жолығып, риза етсең, атағың дайын еді» дейді, беті бүлк етпестен. Дәу аға, «Маған ондай қуалап жүріп сатып алатын атақ керек емес» деп рахмет айтып қоштасады. Біраз күннен кейін өзінің оқытушы кезінде білім алған шәкірті хабарласып үйінің адресін сұрайды. Ұстазына екі жәшік алмасын алып амандаса келген шәкіртін ағынан жарыла қарсы алған Дәу аға, шәкірттің ұстазына деген шынайы құрметі мен сүйіспеншілігінің куәсі болған осы бір кішкентай сыйлықтың өзі үшін маңызы екенін ашық айтады. Әлгі аты алатаудай сатымсақ атақтан әлде қайда қымбат екенін жан жүрегімен тебірене еске алады.

«Даңқ ол – Ақымақтың тәбеті» дейді. «Айдағаны бес ешкі ысқырығы жер жарар» демекші, кейде қазіргі қазақ қоғамы алып сахнада комедия ойнап жатқанға ұқсайды. Бір сөзді тағы қайталағым келеді: "Өмірді өмір сүру үшін емес, шебер рөл ойнау үшін» сүретіндей.

«Суицит» – бұл мақалада автор сыртқы және ішкі себептерден бірнеше нақты мысал келтірген. Біреуі өзіне қол салған әйелдің туыстары мен жігіт туыстарының арасындағы дау-дамайға шоу ұйымдастырған теле арнаның шақыруымен өзі куә болған оқиға желісі. Екінші, жын иектеп қораға жіп байлап асылмақ болған келінінің бөгде қимылын сезген атасының төбедегі жіпке ешкіні асып, келінін аман алып қалып есін жиғызған оқиға. Үшінші, жеңгенің табасына шыдамай өз кеңірдегін жанқалтасындағы бәкісімен орып жіберіп мерт болған жігіт оқыйғасы. Мейлі бұлардың қайсысы болсын иманның әлсіздігінен дейді автор.

Кейде медицинада, психологта емін таппайтын өмірден суынған, өмір сүруге құлшынысынан айырылған, дегбірсіз, мазасыздық жанын жайлаған адамды құтқаратын тек қана жалғыз жол ол – иман. Құран қағидасы мен Хадис тәлімі дейді. Иман қаны мен жанына сіңген адамның еш қашан өзіне қол салмайтынын, адамның жан дүниесін шыңдайтын жалғыз сенімді жол – иман және Ақиқат жолы екенін айтады. Алла Тағала ақылды да иманды да рухани жүректің ішіне қойған. Бұл Құранда «Ақыл жүректе, олардың жүректері бар ақылды алмайтын» делінген. Жүректің уәзірі ақыл, негізгі рөл ақылда. Егер иман ақылға шамын жақпаса, оның жолына нұрын түсірмесе, онда адам бойындағы ақылдың рөліне таласатын нәпсі жеңсе, жолдан адасуың бек мүмкін. Автордың бұл ой толғамын Шал ақынның мына бір шумақ өлеңімен сабақтауға болады.

Иман – қой, Ақыл – қойшы, Нәпсі – бөрі,

Бөріге қой алдырмас ердің ері.

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Жоламас ешбір пәле, шайтан, пері.

Абай атамыз айтатын адам бойындағы үш ұлы қасиет «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» осы үшеуі кем болғасын адам басында сергелдең сенделіс пен опық жер өкініш көп болатын сияқты. Бүгінде нұрлы ақыл иесінен иманның жарығы түспеген суық ақыл иесі көбірек. Мылтықсыз майдан іспетті мына қоғамда жараланбай, жазым болмай өмір кешудің жалғыз құралы да сол Абай атамыз айтқан Құранмен азықтанған үш қасиет сенің сауытың да, қаруың да, нұрлы жолың да сол болмақ!..

«Еркек мұғалімдер неге жоқ?» тақырыбындағы мақаласында автор бүгінгі күні мектептегі ер мұғалімдердің азайып әйел нұғалімдердің көбеюі балалардың мінезі мен тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер ететінін айтады. Автордың пікірінше, ұл бала өскен ортада әкенің, ер мұғалімнің үлгі-өнегесі аса қажет. Ал, бізде ұл бала балабақшадан бастап мектепке дейін көбіне әйелдердің тербиесімен өседі. Бұл ер азаматқа тән қасиеттердің әлсіреуіне әкелуі мүмкін дейді. Өкінерлігі мемлекетіміздің оқыту жүйесіндегі әлсіздік, еркек мұғалімдердің аздығы яғни ер-әйел оқытушылар теңгерімсіздігі, білім сапасының әлсіздігі сияқты көңіл толмас олқылықтарды келтіріп шығарады.

Мұның себебі, біріншіден, мемлекет тарапынан оқытушы мәртебесі көтерілмеген, еңбек ақы төмен. Екіншіден, ер-әйел оқытушының теңгерімсіздігіне мән бергісі келетін ешкімнің жоқтығы. Үшіншіден, мемлекет қаражатымен оқыған мамандардың өз орнын таппағандығынан дейді. Осындай сапасыз тұқым сеуіп өнім ала алмаған диқандай, бидай емес бидайық, күріш емес күрмек өсіргендей қуыс кеуде жігерсіз, майда мінезділеу ұрпақты өсіріп жатқанымызды жасырмайды. Мұның дәлелі, армядан қашу, онда болып жатқан жан түршіктірер айуандық сұмдықтар, қызтекеше қылымсып қызыл ала киініп сахнадан бой көрсетіп жүрген ер адамның психикасына хат мінезді жігіттердің, ұзағанда желіде күпиетін «диван батырлардың» қатарының артуы...

Ұлттың болашағы сапалы білім, мықты тәрбие және ер азаматтардың оқу-ағарту саласына көбірек келуіне байланысты дейді автор. Бұл мақала шынымен мені бала тербиесінде әкенің, ер ұстаздың маңызының қаншалық зор екені жайлы ойландырған мақала болды. Ол білім беру жүйесіндегі бүгінгі мәселелерді ашық көтеріп, шешім іздеуге шақырады. Ұстаздың адамгершілігі, білім деңгейі мен оқыту метотикасы, ксілігі мен балаға үлгі бола алуы өз алдына. Алайда, «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» бала 18 ге келіп адам ретінде қалыптасқанша еститіні, көретіні, тәрбие алатыны әйел болғасын оның бойына әйел қасиеті қылаулап қонып бойына сіңетініне көз жұма алмаймыз дейді.

Осы жерде Омар Жәлелдің радиоға берген бір сұхбаты есіме түсті. Әйел адамның тәрбиесімен өскен ұл ержеткен соң өзінен үлкен әйелмен үйленеді дейді. Себебі, оның санасына біреуге қорған болам деген сенім орнамаған, ол өзіне қорған іздейді дейді. Мінеки, автордың бұл көтеріп отырғаны қандай толғақты мәселе!.. Сондықтан ұл оқушыларға еркек мұғалімдер ауадай қажет.

Автор Қазақстанда 1991-жылдан бастап құрылған, бұрын КТЛ (Қазақ Түрік Лицейі), қазір БИЛ (Білім Иновация Лицейі) оқыту жүйесі бойынша білім беретін мектептен қазыр 28-і барын, онда ер оқушылар мен қыз оқушылар бөлек оқитынын, ер оқушыларға еркек мұғалімдер, қыз оқушыларға әйел мұғалімдер сабақ беретінін айтады. Бұл мектептің халқаралық және республикалық білім олимпядасында Қазақстан бойынша үш мың мектептің нәтижесінің 80 пайызын иелейтінін айтып отыр. Нақтырақ айтсам, 3000 мектептің үлес салмағы 20 пайыз, 28 мектептің үлесі 80 прайыз болып отыр.  Дәтке қуат мұнартқан тұманды теңізде теңіз жағалауынан жылтыраған маякты көрген матростай желкенді осы жарыққа бұру керегін насихаттайды.

Автор «Қайран елім» атты тарихи шолу сипатындағы мақаласында қазақтың түп атасынан қазірге дейінгі тарихына қысқаша шолу жасап ат басын қазақтың бүгінгі тағдырына тірейді. Жаһанды дүр сілкіндірген жер-әлемге дала өркениетінің үлгісі болған, алтыннан сауыт киінген сақ бабамыз, қыздары да ержұрек ат үсті жауынгері сармат бабамыз, қытайға еріксіз ұлы қорғанды салдырған «Тәңірдің қылышы» атанған Хұн имперясы, өркениеті шалқып жылқы мәдениетін әлемге әйгілеген Үйсін мемлекеті, түркі тілінің алтын діңгегін орнатқан Қыпшақ тайпалар одағы немесе хандығы, Моғол (Моңғол емес) хандығы... сияқты тарихтың әр кезеңінде әр түрлі аталған ұлыстық, хандық, имперя құрған ата-баба тізбегі белгілі билік мерзімінен кейін тарих сахнасынан көшіп отырды және осы тарихи желі бойында ұлы жүздің бір бөлігі Бақтярлар өзі жаулап алған парсыға сіңді, оғыздар Осман имперясын құрды, Шыңғыс хан мен Құбылай хан жорығына қатысқан көптеген түркі тайпалары қытай, Үндістан және басқа өңірлерге кетіп сол халықтарға сіңіп кетті. Қазақ хандығы құрылғасын Өзбек, Ноғай ұлысы, Қарақалпақ боп бөлініп кеткен ұлыстар енді қайта қазақ боп оралмасы белгілі дейді. Автор қазақ тарихы жайлы толық та тұжырымды сауатты сараптама жасапты. Осыдан соң автор ХХ-ғасырдағы қазақ басына келген нәубет – Кеңестік биліктің тарих сахнасына шығып халықтан малын тәркілеу, күшпен коллектив ұйымдастыру, өткен ғасырдың 31-32 жылғы ашаршылық қырғыны, 37-38 дегі қуғын-сұргын, 2-дүниежүзілік соғыс, кейінгі жылдардағы қытайда жүріліп жатқан тіл, діннен айыру – ұлтсыздандыру саясаты... Осының бәрі қазақтың саны мен рухани кұш-қуатына орасан зор зиян келтіргенін айтып көкірегін удай ашытатын өкінішті күйін жеткізеді әрі тарихтан сабақ алып тіл мен дінді ұлттық болмыс салт-дәстүрді сақтап қалу арқылы ұлтты сақтап қалуға халық боп жұмылу керегін ескертеді.

Өткен тарих ол – Ұстазың, болашаққа бағдар Мектебің. «Жеті атасын білмеген ұл жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмеген ел жетесіз» дейді. Тағы бір ғұлама «Өткенді ұмытқандар оны қайта бастан кешуге мәжбүр» дейді. Черчилдің мынадай сөзі бар екен: «Өткенге неғұрлым алыс көз жіберсең, болашақты солғұрлым анық көресің» деген.

Тарих – қиянаттан қырқылған жадымызды жалғап, зұлмат пен зияндықтар тұмшалаған ұлттық кодымызды ояту. Тарихты білу – өткеннің қатесін қайталамай, ертеңге дұрыс бағдар таңдауға керек. Баба рухын бойға сіңіріп, ел тізгінін қолымызда қымтап ұстап, Шылдың құмَалағындай шашылмай, түркі жұртының қара шаңырағы – қазақ елінің іргесін кеңейтіп, бауырын бауырына тартып ырысын еселеп, өркениет көшінен өз сүрлеуін сَалып, әлемдік держауадан өзіне лайықты орнын ойып алуы үшін керек.

«Сапарға шығыңдар»

Бұл мақаласында автор «Сапарға шығыңдар Алланың хикметін көресіңдер» деген мазмұндағы Пайғамбрымыздың (с.ғ.с ) өсиеті адам баласын сапар арқылы Жаратушының шексіз құдіретін тануға шақырады. Ғұламалар айтқандай, ақиқатқа ұмтылған жан Алланың үш кітабын қатар оқи білуі керек. Біріншісі – он сегіз мың ғаламға мөрін басқан жаратылыс кітабы. Екіншісі – адамзаттың ғибратқа толы тарыхы, яғни Адам. Үшіншісі – мәңгі мұғжиза Құран кәрім. осы үш кітабтың сырын ұққан жан өзін тану арқылы табиғатты, табиғатты тану арқылы ұлы Жаратушысын таниды. Сондықтан сапар – адам Алланың хикметін сезініп рухының кемелденуі үшін, танымының тереңдеуі үшін, жүректің хаққа бір табан жақындай түсуі үшін керек дейді.

Осы тағылымды өзек еткен автор ақ білектің күшімен, ақ найзаның үшымен аманат болып жеткен ұлы даланың көз сүріндірер көркі мен сайын сахараның сұлу табиғатын, әсем көрінісін ерекше тебіреніспен, перзенттік мақтанышпен әсерлі сезіммен ақ қағазға суреттейді. Шарын шатқалына жасаған сапарында алып жартас бетінен арнайы қашалғандай белгілі нұктеден айқын көрінетін дулығалы батырғың тұлғасын табиғаттың тылсым ғажайыбы ғана емес, ұлы Жаратушының шексіз хикметі мен құдіретінің айғағы деп қабылдайды. Осылайша автор оқырманын туған жердің әр бір тасы мен тауын, сайы мен саласын Жаратқан иенің құдіретін паш етіп тұрған ашық кітабындай оқуға насихаттайды.

«Қарапайым сауат» атты еңбегінде автор мұсылман болмысындағы «Ыхлас пен Ихсан» мәселесіне тоқталады. Ыхлас – барлық істі тек Алланың ризалығы үшін орындау болса, Ихсан – Алланың ардайым көріп тұрғанын сезініп өмір сұру екенін, ғибадаттың тек намаз, ораза, зекетпен ғана шектелмей адамның бүкіл өмірі Алланың ризалығына бағытталуы керек екенін айтады. Автор айтпағын дәйекті түсіндіру үшін мынадай тағлымы терең мысал келтіреді.

Ұстаз шәкірттеріне бір-бір тауық беріп «Ешкім көрмейтін жерде тауықты бауыздап келіңдер» деп бұйырады. Тоғыз шәкірті тауықтарын бауыздап әкелсе, бір шәкірті тауығын бауыздамай тірі әкеледі. Ұстазының тауығыңды неге бауыздамадың?.. деген сауалына «Қайда апарсам да, бәрі бір Алла көріп тұрады екен» – деп жауап беріпті. Осы арқылы Ихсан – мені Алла барлық жерде көріп тұрады» деп жүрекпен сеніп өмір сүру. Бұл шын мұсылмандық екенін автор құптай түседі. «Адам бар жерде ұят санаған істі, Адам жоқ жерде де істеме» дейтін даналық сөз бар.

Бұл мақала бізге мұсылмандықтың сыртқы амалдар ғана емес, ішкі дүниемізді де адалдыққа, жауапкершілікке тәрбиелеу екенін ескертеді. Жүрек тазалығы мен шынайылыққа ерекше мән береді. Ықлассыз жасалған амалдың сауабы кем болатынын, ал Ихсан дәрежесіне жеткен адамның мінезі де, ісі де көркем болатынын дәлелдейді.

Осы мақаланы оқып отырып біздің көп жағдайда адамдарды басшылыққа алып кететінімізді ойладым. Заң принсиптері, адамдар, бақылау камерасы... қойшы әйтеуір мүддемізге әсер ететін сыртқы бақылауға көбірек мән беріп ішкі бақылауға сәл қарайтынымыз өтірік емес. Ал, Алланың көрнеуді де көместі де көруші, білуші, естуші екенін ұмытып қалғанбыз немесе жүрекпен бекітпей «Тілде бар да, ділде жоқ» өзгені деп өзімізді алдап жүрген ақымақтығымызды сезінбейміз. Әрине, сыртқы бақылауға бағыну тәртіп, ал, ішкі бақылауға бағыну – ол ар, автор айтып отырған осы Ихсан шығар?!..

Қазіргі біраз қауымның Ыхласы ауып ынтызар боп ебін келтірем деп еліктеп «харизма» деп жүргені мен түсінгені де еліктеген қылық, жасанды даралық емес, Алладан ештеңені жасыру мүмкін емесін терең түсінген адамның шынайы қалыбы. Өз ісіне жауапкер адалдық және махаббат – Автор айтып отырған ыхылас пен ихсан. Біреудің алдында үлкейіп, біреудің алдында кішірейіп, бірде байдың бірде атақтың, бірде батырдың... қойшы түрлі образға еніп түрлі бет перде киіп әлекке түспу адамдық мінез емес. Адам қандай жағдайда да бір қалыпты болады.

Әлеуметтік желілерге қарап отырсаң, көп адам өмірді сүру үшін сүрмей, рөл ойнау үшін өмір сүретін сияқты. Өтіріктерден, өсектерден, жүрегін Аллаға емес, адамдар мен дүниелікке байлап жанына тыныштық таппай сандалыста жүргендерге автор жүректің тыныштық мекені осы Ыхлас пен Ихсанда жатқанын айтады.

«Кіндік пен Сырға » атты мақалада: Автор бүгінгі қоғамның жастарының киінуі, сыртқы образындағы оғаштықтарды тілге тиек етіп сыртқы образдың ішкі жан әлеміне салқыны мен сәулесі түсетінін, ер баллардың сырға тағуы, қыздардың көйлегі қысқарып кіндігі ашылуы, бұл ұлттық мәдениет, әдеп, иба-инабаттың әлсіреп жат мінездің қалыптасуына соқтырып бара жатқан ұлт құндылығына кереғар қылықтың бірі екенін, «бұл менің еркім, дене өзімдікі,  не кием өзім білем» дейтін бейпіл кеткен еркіндік адамның ішкі ұятына көлеңкесін түсіретінін, бара-бара еті өліп көзі үйреніп одан сорақысына барудан қымсынбайтын бейәдеп ұятсыздықтың етек алып кеткенін де ашық айтады.

Қазақ халқы эстетикаға ерек мән берген халық. Қыздарының әсемдігін әспеттеп, салтанатын асырып, бар жарқыраған асылын аз күндік «қонағым» деп қызға арнаған халық. Бірақ, әсем сұлулығын ибасына, ұятына сидырған халық. Ал, ер азаматтың, сән-салауаты бөлек әлем. Жігіт киімі ат үстіне ебдейлі атан жілік жігіттердің айбынын, шым болаттай ширыққан қуатты денесін, ер мінезін айшықтап асырар бұлғары етік кемер белбеуімен, кісесімен сәнді болған. Сырғамен емес, сырға тағып әйелше майысып майырылып тұру көзге де көңілге де қораш масқара қылық.

Құранда да «Ерге ұқсаған әйелге, әйелге ұқсаған еркекке лағнет болсын» деген Аят бар. Алла жаратқан табиғатты бұзу, әуелі Аллаға қарсылық. Алланың жаратылысында мін жоқ. Тек «Арияйым бітсе, дарияйым бар» деп, біз адамдар бір былықтан бір былықты тудырып Алланың аманатына қиянат жасаймыз. Оның ұлы жарасымы мен шектеулерін бұзамыз. Адасып бара жатқанымызды ескермейміз.

«Махаббат пен егоизм» де, автор жеке бастың, ер-әйелдің махаббаты дініңнен, ұлтыңнан биік болмау керек дейді. Әрине, ер мен әйелдің арасындағы жақсы көру сезімі адамға алмисақтан берілген си. Автор мынадай хиссаны келтіреді. Адам атаға Хау ананы серік етерде Алла Тағала Хау ананы адам ата ұйқылы ойау жатқанда қабырғасынан алып жаратты. Ояу кезде алмағаны жарын ауырсынудан жек көріп кетер деді. Ұйқыда алмағаны оянғанда жақындық сезімі болмай танымай қалмасын деді.

Автор және мынадай бір қызық эксперимент әңгімені қыстырады. Жапонияда бір еркек баланы 18 ге келгенше жер астында тәрбиелейді. Бірақ оған ер-әйел жайлы мағлұмат берілмейды. Ол 18 ге келіп жігіт болған соң оны жер бетіне шығарып көзге көрінген дүние мен жаратылыстарды таныстырады. Жасы өзімен шамалас толысқан сұлу қызды көрсетіп оны «Адам жейтін жолбарыс» деп түсіндіреді. Кеште жер астындағы мекеніне келгесін, «Бүгін көргендеріңнен нені жақсы көрдің?» дегенде, жігіт «Адам жейтін жолбарысты жақсы көрдім» депті. Демек, бұл адам атадан жадымызда сақталған адам бойына алла салған түйсік. Дегенмен, бұл сезім асыл дініміздің, Алланың ахиқат жолының шектеулеріне және ғасырлар сүзгісінен өтіп ұлттың сипаты, өмір сүру дағдысы, сара мәдениеті болып қалыптасқан салт-дәстүріне қиғаш келмеуі шарт дейді. Әулеттік ұстаным қағидасы бар, қазақта «тең теңімен», «бай мен бай құда болса арасында жорға жүрер, кедей мен кедей құда болса арасында дорба жүрер, бай мен кедей құда болса бір бірінен айырыла алмай зорға жүрер» деген сияқты даналық ойдың өзегін қоғамдық, туыстық қарым-қатынастың негізгі қағидасын, мәдениетін ұлттық көдексі болған – мақал-мателімен, шешендік, билік шешімдерімен халық өзі қоржынына салып қазынаға айналдырған, ақылына бағдаршам еткен. Қалың мал да «қыз жат жұрттық» деп есептейтін халқымыздың қызды біреудің аманаты деп мәпелеп, қырық үйден тиым сап жауапкершілікпен тәрбиелеп өсірген ата-анасына деген құрмет, ізеттің, еңбегінің өтеуі ретінде, си-сипатпен жүрілетін жол-жоралғы салты. Қыз отбасы да қыздан алған қалың малды малданған емес, қайта "Қыздыкінің қиығы жоқ", «Қыздың малын қынға сүрт» деп алған малын екі жастың шаңырағын құрып, уығын шаншып мұкамалын толықтауға тірліктеріне жағдай жасауға өз малымен қосып жұмсаған. Былай қарасаң қыз төркінінің алғанынан бергені көп.

Кеңес кезінде қазақтың бұл құнды, асыл салтының бәрі ескілік саналып санаттан қалды. Неке еркіндігі жолға қойылып нәпсі қалауы, өзімшілдік еркіндік алды. Атеист социялизм сорақы арам идеасын өткізу үшін ақын жазушыларға мол қаржы беріп, өз идиялогясын тықпалап, ұлттық салт-дәстүрді қаралайтын неше түрлі романдар мен дастандар жаздырды дейді автор.

Сондай жымысқы саясаттың салдарынан ар-ұятты, ақ жолды ұстанған текті ұлт тегінен айныды. Сөйтіп, ата-анасының пікірімен санаспайтын, дін мен дәстүрге пысқырмайтын ұрпақ өсіп аты қазақ, заты басқа ұлт болып қалдық. Тіл, дін бүлінсе, територия бұзылса, шаруашылығың шатқаяқтаса, ұлттың осы төрт алтын діңгегі құласа, онда ұлттың ұлт болып қалуы ертегі әңгіме дейді.

Неке еркіндігі деген әдемі әділ тіркестей көрінгенімен бүгінгі қоғамның қасіретіне айланған зинаның етек алуы, жетім мен жесірдің көбеюі апат. Оның өзегінде ата-ананың жауапкерсіздігі бар. Өзімшілдікке құрылған неке еркіндігі жайлап барады дейді автор.

Осы мақаладан кейін менің есіме от басы құндылығы жайлы Омар Жәлелдің шалқар радиосына берген бір сұхбаты түсті. Сол сұхбатты тауып қайталай тыңдадым, керемет сұхбат. Дәулетбк Байтұрсынұлының ойымен тығыз жымдасып жатыр.

Омар Жәлел сөзінің бір жерінде Абай даналығынан ситат келтіріп, «Сезім бар жерде махаббат жоқ, құмарлық қана бар. Ал, махаббат – ақылдың ісі»  дейді. Құмарлық тоят тапқан кезде адам нысаннан айнып шыға келеді, сұлулыққа көз тоймай ақыл тою керек. Достаевскийдің «Әлемді сұлулық құтқарады» дегені, ол жанның сұлулығына қаратылған. Парасатты ата-бабамыз өмірдің осы заңдылығын терең түсінген. Сондықтан, Қазақ «қыз таңдасаң кәріні, ат таңдасаң жасты жібер» деп неке ісін ақылы толмаған, қаны қызу жасқа емес, нәпсісі сөнген, қаны суыған, өмірлік тәжірибесі мол көкірегі ашың ақсақалдарға тапсырған. Қазақта «қыз көру» дейтін дәстүр болған, ұл ержетсе, қыз бөйжетсе «кемтігімді толтыратын, өшкенімді жандыратын, тұқымымды асылдандыратын не жақсы келін таңдап келем, не кеткенімнен келмеймін" деп алыс аманат жолға артындағы елмен бақұлдасып, серттесіп аттанатын болған дейді.

Жақсы әйел ол – ару,  ары таза деген сөз. Ақылды әйел ол адал жар, өмірлік серік. «Әйел ерге шықпайды, ол босағаға шығады» дейді халық даналығы, қандай үлкен аманат!.. Қандай үлкен жүк және зор мәртебе десеңші!..

Қазақтың сапасын көтеру үшін әйелдің аруын, аттың тұлпарын таңдаған, жердің шұрайлысына қоныстанған бабаларымыздың дүние танымын қайта қалпына келтіруіміз жерек. «Осы да болады» дейтін қалақ принсипті, қырсыздықты қою керек. Өйткені ол өмірге сүруге қайшы. Өмір қашан да жоғары және биіктік тудырып отыру керек дейді Омар Жәлел мырза. Сөз соңын Бұхар жыраудың мына жырымен түйіндегім келеді.

Жал-құйрығы қаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз.

Қалың малы арзан деп,

Жаманнан қатын алмаңыз.

Жабыдан айғыр салсаңыз,

Жауға мінер ат тумас.

Жаман қатын алсаңыз,

Топқа кірер ұл тумас.

Дәулетбек Байтұрсынұлының «Алыптар ойы» атты мақаласында, автор әуелі ақындар жайлы Құран аятын келтіреді. «Ақындарға азғындар ереді. Рас олардың ойпаттарда қаңғырып жүргенін көрмедің бе? Рас, олар істемеген істерін істедім деп айтады. Бірақ, Иман келтіріп ізгі іс істегендер, Алланы көп зікір еткендер басқа» деп келеді. Аяттың тәпсірін былай түсінуге болар: Жазғаны ақиқатқа байланбай өтірікке, қисынсыз артық әсіреге, азғындыққа жетелеп адастырар дүние болса, онда бұл ақындардың хәлі қаңғырыс, өте қиын болатынын, Хақты тапқан ақындардың қастерлі екенін айтқан дейді. Автор ақиқат жолында бір өзеннің екі саласындай ойы тоғысқан Абай мен Мұқағалидың «Алланың өзі де рас сөзі де рас», «Бірігіңдер әлемнің мұсылманы» атты егіз төлдей екі өлеңін салыстырып, бұл екі өлеңді имандылық пен дүниетаным тұрғысынан тану қажеттігін айтады. Ол Қарасаздағы Мұқағали оқуларында көтерген ойын жалғастырып, ақынның жүрегіндегі сенім мен шығармасын бір-бірінен бөліп қарауға болмайтындығын дәлелдейді. Қара-ауылда өткен Абай мен Қара-сазда өткен Мұқағали – Алланы тану, адамды сүю, әділетті болу, иманды сақтау жайлы санасы бір арнада тоғысқан екі алып. Екеуінің де мақсаты – адамды рухани кемелдікке, Жаратушыны сүюге және адамзатқа қызмет етуге үндеу дейді.

Осы мақаланың айтарын ақ иық ақын Мұқағали Мақатаевтың ақын жайлы өлеңімен түйіндегім келеді.

«Дүниеге ақын келгенде»

Дүниеге ақын келген шақта қайратты,

Шаттанды да табиғат,

Шартарапты жайнатты.

Қайратты ақын: «Менікі» деп, бір үн қатты айбатты.

Қызғаншақ,

такаппар,

Ымыраға келмейтін,

Адам жаны алайда,

Атып тұрды: «Ақыным, менікі» деп қалайды.

Екеуінің қолын алып,

ақын сонда ардақты,

Ортасында тұрды дағы,

Екеуін де жалғапты.

Тұр ол бүгін дәнекер,

Тұр ол міне қашаннан,

Адамзат пен табиғат бірігуі үшін жасалған.

Оларды ақын жібермейді,

табыстырмай қоймайды.

Екеуін де, қауыштырып,

Шаттануды ойлайды.

Иә, ақын жаны да, қаламынан түлеп ұшқан аққу жыры да, табиғаттай тазалыққа, ақиқатқа апара алса, онда ақын автордың сөзімен айтқанда: «Мәңгі Хаят Алла» өз құлдарының ішінен таңдап шоқтығын биік, Мерейін үстем етіп, аузынан маржан төгілтіп, қаламынан қасиет тамшылатып сүйіктілерінің қаламын Абілхаят суына малып, сарқылмас рухани әлемінің зәмзәмдай таза, өлмес жырлар тудыртып халықты табиғаттай тазалықпен етене өтуге тәрбиелейтін тұлға етіп жаратады екен.

Мың жылдықтардың мұрасы мен аманатын арқалаған тамыры тереңде, бұтағы ғарышқа тұтасқан алып бәйтеректей қазақ дейтін өміршең халқым алып самұрықтарының алтын жұмыртқасын бұтағында құндақтап, баптап, жыланның айыр тіл, аңырайған көмейінен сақтап түлете берсін!.. Алланың рахымымен алып бәйтерегіміз көкке бой соза берсін деп тілейміз!..

Сонымен «Еріксіз елден кету» атты кітаптың алғашқы әңгіме-эссе 1-бөлімі мен соңғы публистикалық ой-толғаулар 2-бөліміне көзқарасымды жазып шықтым. Біз кейде әдем әдебиеті мен даналардың айтқандарын сүзіп алысқа кетіп қаламыз. Сөйтсек, бізге, қазаққа керекті асыл арналар аяғымыздың астында ағып жатады екен. Көп жылдан бері көріп, пікірлесіп бірге қатар келе жатқан Дәулетбек ағаның адамдығы мен кісілік келбетіне көңіл бөлемізде, оның жазбаларына жақындамаған екенбіз. Сөйтсек, ол жазған кітаптардың ашылмаған парақтарында айшықты ойлар мен көркемдіктің қайнары тұнып жатқанын көрдік. Сондайда біздің пәлен ағаны «танимыз» дегеніміз әншейін жәй сөз ғана болып қалады. Кітапты оқып шыққан соң қаламгерді тыңнан танып, тереңіне көз жеткізгендей болдым. Қаламды қолға алып көзқарасымды білдіріп, оқырмандық ойымды ортаға салайын деп едім, мақала ұзарып барады. Осылайша өзімнің де, үндес, армандас, бағытымыз бір жолаушы екенімізді аңғардым.

Ақын, аудармашы, жазушы Дәулетбек Байтұрсынұлы ағамызға шығармашылық жетістік тілейміз. Өйткені ол кісі ұлт жазушысы. Кітабын қолына алып оқыған адам өзі ойламаған тосын олжаларға кездесері сөзсіз!..

(соңы)

Айгүл Нұрыш, этнограф, жазушы

Abai.kz

0 пікір