Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
3716 0 пікір 20 Ақпан, 2020 сағат 14:59

Елімізде тұрғын үй бағдарламалары көбейді

Елімізде азаматтарды тұрғын үймен қамту қызметі қарқынды жүргізіліп келеді. Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектің көлемі аз емес. Әсіресе, 2019 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көпбалалы аналарды баспанамен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы шыққаннан бері, қиыншылығы бар отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің көлемі артты.

Ақпан айының ортасынан бастап облыс, қала әкімдері халққы есеп беріп, кездесулер өткізіп жатыр. Аталған кездесулерде әкімдердің жасаған баяндамаларымен таныса отырып, азаматтарды тұрғын үймен қамту мәселесіне арнайы назар аудардық. Біздің байқауымызша, Президент пен Елбасының тапсырмасы бойынша, еліміздің әр аймағында мемлекеттің тиімді тұрғын үй саясаты жүргізілуде.

Енді елімізде жүргізіліп жатқан тиімді тұрғын үй саясатының жеткен жетістіктері мен нәтижелерін рет-ретімен баяндайық.

Ең алдымен барша қазақстандықтарға жақсы таныс 7-20-25 бағдарламасы жайлы. Бұл бағдарлама Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынғандықтан, үй алуды мақсат тұстқан отандастарымыздың көбі осы бағдарламаға үміт артатыны жасырын емес. 7-20-25 мемлекеттік бағдарламасы арқылы баспаналы болған қазақстандықтар да аз емес. Барлық есеп-қисабын жауапты органдар жариялап отырады.

Қазақстан Ұлттық банкінің ең соңғы есебіне сүйенсек, ақпан айындағы есеп бойынша құны 180,2 млрд теңге болатын 16 мыңға жуық өтінім қабылданыпты.

- «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде қарыз беруге 26 618 өтінім қабылданды «7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2020 жылғы 13 ақпандағы жағдай бойынша қарыз алуға 301,6 млрд теңге сомасына 26 618 өтінім қабылданды. Нәтижесінде 180,2 млрд теңге сомасына қарыз беруге 15 724 өтінім мақұлданды, - деп жазды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Ал ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың мәлімдеуінше, өткен айда елімізде 732 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Кезекті үкімет отырысында сөз алған министр Руслан Дәленов 2020 жылы қаңтар айында 732 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында 117 мың шаршы метр, Алматы қаласында 84 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, Маңғыстау облысында 85 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл еліміздегі қаңтар айындағы ең жоғары көрсетікіш көрсеткен үш өңір жайлы ақпарат.

Ел тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп отырған мемлекеттік кешенді бағдарламалардың бірі – «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы. Аталған мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бері өте қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағдарлама аясында көптеген тұрғын үй салынып, қаншама отбасы пәтер кілтіне қол жеткізді.

Атап айтқанда, былтырғы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 13,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Бұл көрсеткіш 2018 жылғы нәтижемен салыстырғанда 4,9 пайызға артық.

Ал биылғы жоспар бойынша, 15 миллион шаршы метр тұрғын үй салу қолға алынатын болады. Егер нақты санақ бойынша айтсақ, біз айтып отырған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 116 мың отбасы баспанаға қол жеткізген екен. Ерекше айта кетерлігі, бұл 116 мың отбасының 29 мыңы мемлекеттік инвестициялар есебінен құтты қонысына қол жеткізді. Атап айтқанда, 2019 жылдың мамыр айынан бастап есептегенде, 7 387 көп балалы отбасыға тұрғын үй берілген екен. Сонымен қатар, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы әр жыл сайын алты мың пәтер табысталып, жеті жыл ішінде қырық мың көп балалы отбасының баспаналы болу арманын орындау жоспарланып отыр.

Сөз басында айтқанымыздай, әкімдер халықпен кездесулерінде азаматтарды тұрғын үймен қамту мәселелері жайлы айтты. Мәселен 3 200 орындық Halyk Arena көпсалалы орталығында халықпен кездескен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев "Алматы жастары 3.0" тұрғын үй бағдарламасы іске асырылатынын мәлімдеді. Бұл бағдарлама бойынша, қала тұрғындарына 5 пайыздық несиемен баспана алуға мүмкіндік туады екен.

Өткен жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен "Жастар жылы" деп жарияланғанын білеміз. Атаулы жыл аясында еліміздің ірі қалалары - Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жастарға бір мыңнан аса жалдамалы пәтер берілген болатын. Бұл пәтерлер жұмыс істейтін, баспанасыз жастарды қолдау мақсатында дайындалған.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев халыққа есеп беру кездесуінде аталған бағдарламаның биыл да жалғасатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, қалалың әкімдік оңтүстік астанада жұмыс істейтін жастар үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасын әзірлеп отыр екен. Бұл бағдарлама бойынша үй алу үшін жұмыс істейтін, жасы 35 жастан аспаған жастар құжат тапсыра алады.

"Бұл бағдарлама төмен пайызымен ерекше. Яғни, 13 млн теңгеге дейінгі тұрғын үй несиесі жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен беріледі", – деді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Бұл бағдарламаның мән-жайы қысқаша мынадай: несиені қайтару мерзімі үш жылдан жиырма бес жылға дейін. Жыл мерзімі несие алуған азаматтың төлем қабілетіне қарай арнайы белгіленеді. Ал бастапқы жарна он пайыз деп бекітілген. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін әкімдік 10 милиард теңге, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 3 милиард теңге бөліп отыр. Тіпті бағдарлама арқылы баспаналы болғысы келген жастар жаңа үймен қатар, екінші нарықтағы баспананы да сатып алуға мүмкіндік алады.

Айта кетерлігі, "Алматы жастары 3.0" тұрғын үй бағдарламасы арқылы Журналистер, Мұғалімдер, Мәдениет, спорт саласының өкілдері, бюджеттік саланың жас қызметкерлері, ЖОО оқытушылары, Ғалымдар және дәрігерлер баспаналы бола алады.

Әкімнің есебіне сүйенсек, Алматы қаласында жалпы 8,4 мың көппәтерлі тұрғын үй бар екен. Бірақ халық саны жыл сайын өсіп бара жатқан оңтүстік астананың тұрғындарын бұл пәтерлер қамтамасыз ете алмай отыр. Атап айтсақ, қазіргі таңда Алматы қаласында 25 533 азамат тұрғын үй кезегінде  тұр. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда төрт жарым мың адамға артық. Қала әкімінің айтуынша, өткен жылы 3 162 мұқтаж тұрғын баспанамен қамтамасыз етілген көрінеді. Олардың арасында көпбалалы 520 отбасы және балалар үйінің 114 түлегі бар екен.

Осы бағыт бойынша биыл Алматы қаласында 3 810 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отырған көрінеді. Олардың қатарында мыңға жуық баспана "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында, 1 300-ден астам баспана Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы беріледі деген жоспар бар. Сонымен қатар, қаладағы 81 ескі үйді бұзып, ондағы тұрғындарды жаңа пәтерге қоныстандыру мәселесі де қолға алынып отыр.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2071