Сенбі, 4 Шілде 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 41065. Жазылғандар — 13614. Қайтыс болғандар — 188
Қоғам 1449 12 пікір 29 Мамыр, 2020 сағат 13:30

Ақыл айтқыш, шен таққыш қалпымыздан өзгермедік

Қазақстанның білімі мен ғылымының деңгейі жоғары деп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Әңгімені еліміздегі балалар 100 пайыз мектеппен қамтылған деп бастаймыз да, оқушыларымыздың әлемдегі түрлі білім сайысында топ жарып жүргенін айтамыз, бастауыштан бастап ғылыми жұмыспен айналысатынын тілге тиек етеміз және әлемдегі оқушылар білімінен үздік он елдің ішіндеміз деп бөркімізді аспанға атамыз.

Баламыз бестікпен оқиды, түрік лицейінде, тереңдетілген мектепте, Назарбаевта деп паңқығанда жер әлемге сыймаймыз. Одан қалды түрлі деңгейдегі ғалымдар мен ғұламаларды тізбектесек төрткүл дүниенің білім меккесі осында ма деп қаласың. Ал, айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарар дегендей тау тау жинаған ғылымнан да, білімнен де еш пайда көре алмай келеміз. Құдды бір кітап арқалаған есектен айырмашылығымыз жоқ.

Өзіңіз саралап қараңызшы. Неше жылдан бері мектептен түлеп ұшып жатқан оқушылар үздік аттестат, қызыл аттестат, алтын белгі алып жатыр. Бірақ, елімізде зауытты былай қойғанда ине шығаратын цех жоқ, жусан, адыраспен, киікоты секілді мыңғырлаған емдік шөптерді өңдейтін лаборатория болмай отыр. Жер асты байлықтарымызды өз технологиямыз бен техникамыз шығарып жатқан жоқ. Барлығы шетелдік құрылғылар мен қондырғылар. Егер шетелден ешқандай инвестор келіп жер байлығын қазбай қоятын болса көмірді де қазып ала алмай көзіміз бақырайып отыратыны анық. Бұл бүгінгі сиқымыз емес, бұрыннан солаймыз.

Иә, қазақ сол бәз баяғы қалпынан өзгермеген. Ақыл айтқыш, шен таққыш, сөзге шешен, білімге бай, бірақ іске жоқ. Сонысымен де сорлап келеді. Бұл соңғы бір ғасырдағы көрініс. 

Басқасын айтпағанда коронавирус таралған кезде тігін цехтарымыз маска тігуге өздерін дереу бейімдей алмай, үзіліп-созылып зорға қол үйретті. Бетін аулақ етсін, шетелдік компаниялар жерімізден кен өндірмейміз деп түгел кетіп қалса, аштықтан қырылып қаламыз. Өйткені, қолымыздан түк те келмейді.

Ертеде билік құрған хандар бірін-бірімен таласып жүріп айналадан кеш қалды. Болмаса Сыр өңіріндегі білім иесі атанған ахундар мен ишандарға сан жетпейді. Сонда елін аман алып қала алмаған олардағы не білім? Олақ орыс деп менсінбеген көршіміз пулеметпен келгенде Ақмырза ахунның әскері қылышпен қарсы шапты. Осы ма біздегі білім мен ғылымның сиқы.

Қазір де сол, Қазақстан 100 пайыз сауатты ел, оқушыларымыздың басынан миы ағып жатыр деп жыртылып айырыламыз. Осы білім қоғамға пайда әкеліп жатыр ма? Қос-қос қызыл диплом былай тұрсын, қазір бес-бестен дипломы барлар бар. Ал, базарға барып мына тауарды Қазақстаннан шығарған деп айта аласыз ба? Жоқ. Тек болса шетелдің техникасымен тігіп, құйып, құрастырып шығарған бірдеңелерді көрсетерсіз. Бірақ, сол техниканы, ең құрығанда ине шығаратын құрылғыны өзіміз ойлап таба алмай жатырмыз ғой.

ІТ-технологиядан не жетістігіміз бар. Қараңыз, компьютер, ұялы телефон өндіруді айтпағанның өзінде Фейсбук, Ватцап, гугл секілді ғаламды үйірілдіріп қоятын қандай бағдарлама жасап шықтық. Ештеңе, ештеңе қолымыздан келмейді. Сонда миы ағып, қызыл дипломмен бітірген балалар қайда? Барлығы басшы не тендер арқылы мемлекет қазынасын соруды ғана ойлап жүргендей. Әрине, бұл пікірімен шегірткенің айғырындай қарсы шығатындар табылар, бірақ барлығы шетел технологиясымен жасалып жатқан соң оларды тыңдағың да келмейді.

Алаштың зиялысы Алихан Бөкейхан айтады: «Мұрат білімнен шықпайды, өйткені Ібіліс жұмақтан білімсіздігінен қуылған жоқ. Елге қызмет ету, ол – білімнен емес, мінезден» дейді.  -Сонда біз қазір интелектуалды моныстрларды дайындап жатырмыз,- деген еді Абайтанушы ғалым Омар Жәлел бір сұхбатында. 

Негізі білімді Пайғамбарымыз с.ғ.с екіге бөліп көрсетеді. Біріншісі бастағы білім. Ол көпшілікке арналған. Яғни, пайдасыз білім. Екінші білім бар, жүректегі білім. Ол пайдалы білім, дейді. Сонда қазіргі біздің мектептер жүрекке түспейтін тек баста ғана сақталып тұратын білімді беріп жатыр ма. Мұндайда дана Абай:

-Ақылмен ойлап білген сөз,   

Бойыңа жұқпас сырғанар.

Ынталы жүрек сезген сөз,

Бар тамырды қуалар.

Ән салар, жатқа алар,

Түбінде құр қалар, - дейді. Иә, бұл біздің инесі мен қағаз қыстыратын скрепкасын шетелден әкеліп, бәрінен құр қалып отырған данышпандар секілді. Ал Мәшһүр Жүсіп болса «Білімнің бірінші пайдасы өзін өзгерткені, ал өзгерте алмағаннан жақсылық күту бос әурешілік» дейді. 

Біз қай білімімізбен өмірді жетілдіріп, қоғамды жылжытып жатырмыз? Қай техника мен технологияны алға тарта аласыз. Демек қазақтың «Оқыған мен тоқығанның екеуі екі бөлек» дегені осы ғой. Бізде оқыған көп, бірақ жүрекке тоқығандар болмай жатыр. Әбдуррахман әс-Сағди «Көп оқыған адамсың, үлгі тұтар ісің жоқ. Кітап артқан бір есек, түк білмейтін надансың» десе, Абай:

- Интернатта оқып жүр

Талай қазақ баласы –

Жаңа өспірім, көкөрім,

Бейне қолдың саласы.

Балам закон білді деп,

Қуанар ата-анасы,

Ойында жоқ олардың

Шариғатқа шаласы,-деп білімнің тек басқа қаланып, жүрекке түспей жатқанын айтқан еді. Яғни, тілі сайрап тұрғанмен оны еш жүзеге асыра алмайтынын сынаған. Шынында солай болды да шыға келді. Атқа ер салуды, ауыздық тағуды біздің бабаларымыз шығарды, шалбар кию мәдениеті бізден басталған деп мақтанғаннан өзге ештеңе жоқ. Абайдың заманында солай, әлі солаймыз.

Енді қайтпек керек. Жапония секілді оқушыларды бесінші сыныптан соң басқарушылық қызмет, ғылым білім саласы және жұмысшы топ деп бала икеміне қарай бөліп оқытамыз ба? Жо-о-қ. Олай етсек жалған намысқа құмар қазақ баласын тек басшылық қызметке дайындайтын сыныпқа оқытады. Қабілеті мен білімі болсын, болмасын сөйтеді. Өйткені, менің балам басшылық жасайтын оқушыларды дайындайтын сыныпта оқып жатыр деп мақтануға керек-ті. Содан соң нағыз байшікештің балалары ғана биліктің басына барады. Ал, расымен жүрегіне ілім түскен елжанды жарлының балалары қара жұмыста қала бермек. Ендеше бұдан шығар жол қайсы?

Бұл үшін ғылым мен білім ізіне түскендердің айлығы көбейсін, барлық жағдайлар жасалсын. Ойлап тапқыштардың туындылары қолданыста неғұрылым көп жүрген сайын оған мемлекеттен сыйақылар тағайындалып отырсын. Мемлекеттік қызметтегі қызметкерлердің айлығы түсірілсін, оларға шектеулер көбейсін. Дүние-мүлкі мен жүріс-тұрысы, ағайындарының мүлкі есепке алынып отырсын. Айлығынан артық күдік тудырған мүлік, қаржы тексерусіз тәркіленсін. Сол кезде мемлекеттік қызметке тек елдің жағдайын жақсартамын деген адамдар ғана келеді. Қазіргі ғылымға өз үлесімді қоссам деген адамдар ғана ғылымға келіп жатқандай. Сонда сыбайластықпен күресудің қажеті жоқ болып қалады.

Қара жұмысшылардың мәртебесі көтерілсін, арасынан үздіктер шығарылып, насихатталып, олардың ішінен қалаулылар тағайындалсын, тұлғалар жасалсын. Сонда аул шаруашылығы дамиды. Қызметке тұрам деп ешкім ұрынып, сыбайластық жасамайды. Міне, сонда ғана білім мен білік елді дамытады. 

Сәкен Алдашбаев

Abai.kz

12 пікір