«По пратаколу»
Тамыздың отыз бірі еді. Ертең бірінші қыркүйек.
Тып-тыныш, мамыражай қалпымызбен жаңа оқу жылына дайындалып жатқанбыз. Мектебімізді қалалық әкімшіліктің шолақбелсенділері басты да қалды. Жұрттар жұқа жейдемен быршып жүрген тамылжыған тамызда кастюм-шалбар киіп, онысы аздай, қылқынып галстук тағып алған шегірткенің айғырындай жігіттер. Көздерінде мазмұн жоқ, сөйте тұра өздерін паң сезінеді.
Өмірі хәлің нешік демек түгілі, зарыңды айтып барсаң жүре тыңдап, бір-біріне сілтеп құтылатындардың өз аяғымен келгеніне кішігірім ұстаздардың бәрі аң-таң қалды. Не боп қалды десек, алғашқы қоңырауға қала әкімі келмек екен. Алғашқы қоңыраудан соң акт залда ұстаздармен, оқушылармен кездесу өткізбек көрінеді. Қаламызға жаңа тағайындаған әкіміміз осы мектептің түлегі екен. Сол кісі өзім оқыған мектебіме барамын, жай-күйімен танысамын депті...
Ішкісаясат басқармасы дейсіз бе, білім басқармасы дейсіз бе, бәрінен екі-үш адамнан жүр. Мәдениет басқармасындағыларға не жоқ деймін. Аудандық білім бөлімінен екі-үш адам келіп еді, о бейшараларды басқарма басшысының орынбасары қайтарып жіберді. – Это не ваш уревень!-деп кесіп айтты.
Содан не керек шолтаң-шолтаң еткен шолақ белсенділер аядай мектебіміздің ішін алашапқын қылып жіберді. Әкім емес, президент келетіндей болды. Әкім келсе, жәй ғана кездесуге келеді. Мыналар тақ бір халықаралық форум өткізетіндей дауғырып жүр. Еден жуушы келіншектерден маза қашты. Қазір жуған жерін қайта айналып келіп тағы бір сүртіп кетеді. Терезелер айнадай жалтырады.
Шегірткенің айғырлары жауырды жаба тоқуды өлтіреді екен, енді. Пай-пай-ой. Басқарма басшылары мен олардың қосшылары мектептегі оқушы санынан асып кетті десек өтірік болар, мұғаләмдер санына жете қабыл болды. Не істеп жүргендерін өздері білмейді. Кей-кездері осы әкімшіліктегі мыңғырған адам не істейді деп ойлаушы едім. Сөйтсем, бір адам бір күнде істейтін болмашы жұмысты жабылып жүріп жеті күн істейді екен ғой. Оның өзін мандытпайды екен.
Мектебіміздің аядай ғана акт акт залынының сахнасындағы трибунаны біреуі келіп мына шетке қойса, екіншісі келіп ана шетке қояды. Одан қызметі жоғары біреуі ортаға қойдырады. «Та-а-ак, айтпақшы, ортада әкім отырады екен ғой, дұрыс, мына шетіне қойыңдар»,-дейді енді бірде үлкен бір шешім шығарғандай. «Кішкене қиғаш қойыңдар» дейді келесіде кесімді сөзін айтып. Мектептің завхозы болғандықтан оның бәрін мен істеп жүрмін. Бәрі бітті-ау дегенде әкімнің орынбасары келді. Қадағалауға.
Істеген ісін, атқарған шаруасын қайдам, жүрісі зор енді. Қызметінде шаруам жоқ, кастюм-шалбарды қатырыпты. Ит-ой, өзін байсалды ұстай ма деймін. Бәрін қарап, қадағалап жүр.
- Мына жерді әктеп үлгермейсіңдер, осы түстес мата іліп тастаңдар, мына жерді сырлағанмен кебе қоймас, бұл жерге банер іліңдер,-деді. Оның айтқанын қойындәптеріне жазып алып жүргендердің бірі: - Банерге қандай сурет салайық?-деді. Орекең (орынбасар) ойланып қалды. Оны асықпай кабинетке барып шешейік дер ме еді, уақыт тығыз. Тәжірибелі, білімді, парасатты адам ретінде бірден шешім шығарғысы келді. Бірақ қауақ басына ештеңе келе қоймады. Осындайда ой келмеген басының желке тұсын қасып жіберсе де болатын еді, қызметі жібермеді. Сұқ саусағын орта тұсынан майыстырып, үстіңгі ерні мен мұрнының ортасына қойды. Ойланған кейіп танытты.
- Ыбырай Алтынсариннің суреті қалай болар екен?-дегені сол еді, айналасындағылар шыбындап, шулап кетті.
- Болады.
- Өте дұрыс.
- Кел балалар, оқылық,-деген сөзін жазып қояйық.
Орекем қайта ойланды.
- Елбасының оқушы балалармен түскен суретін қойсақ ше?
- Ол да жөн екен.
- Мынауыңыз да жақсы шешім.
Қолдаушылары бастарын изей жөнелгенімен, Оркеме бұл ойы да онша ұнамады.Саяси қате жіберуге болмайды. Орекем қатты толғанды. Елбасының суретін қойса, бүгінгі негізгі президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қайда қалады. Қасым-Жомарт Кемелұлының суретін қойса, кетпей жатып мені шеттеттіңдер ме деп Елбасы өкпелеп қалады. Былай тартса арба сынады, былай тартса өгіз өлгелі тұр. Арбаны сындырмай, өгізді өлтірмей өтуге өмірлік тәжірибесі мен білім-білігі сәл ғана жетпей тұр. Тағы да ойланып алғаны дұрыс. Екеуінің бірге оқушылармен түскен суреті тағы жоқ. Тоқаев или Назарбаев? Назарбаев или Тоқаев? Тоқаев или Назарбаев? Назарбаев или Тоқаев? Тоқаев или Назарбаев? Назарбаев или Тоқаев? Коллаж жасаса қайтеді? Тағы болмайды. Келеке қылғандай болармыз. Бас кетеді. Ал бас екеу емес. біреу ғана. Оның өзі болмашы нәрсеге жетпей тұр. Ойлана келе Әл-Фарабидің, Абайдың, Ыбырайдың суретін қатар қоймақ болды. Оны ішкі саясат басқармасындағы басшыға табыстады. Ол Қалажарнама мекемесіндегілерге тапсырып жатты. Орекем «дизайны дайын болғанда маған бір көрсетіп алыңдар» деп, пысықтап қойды. Бейшаралар-ай, соның өзін неше өзгертер ме екенсіңдер.
Бәрін пысықтады. «Әкім мына жақтан келеді. Бірінші қатардағы ұстаздармен амандасады. Бірінші қатарға құрметті ұстаздарды отырғызыңыздар. Жақсы киініп келетін болсын». «Анау тақпақ оқитын оқушыларыңыздың киімін қадағалаңыздар!» Анау-мынау, көди-сөди. Екі сөздерінің бірі по пратаколу.
Қойшы, құрсын, әйтеуір барлық шаруа шешілген сияқты. Жоқ, бітпепті. Бәрі Орекемнің желпініп тұрып; - іші ыстық екен, ә,-дегеннен басталды.
- Кондиционер жоқ па?-деді, шолақбенсендінің бірі мектебіміздің деректіріне қарап. Деректіріміз сабырлы кісі еді.
- Жоқ! Болған емес,-деді.
- Қалай осы уақытқа дейін қойылмаған.
- Ақша бөлінбеген.
- Спонсорлар тартпағансыздар ма?
Деректіріміз үнсіз қалды.
Енді кондиционердің жыры басталды. Орекең өзінен кейінгілерге «өздерің шешіңдер» деп бірауыз тапсырма берді де кетіп қалды. Енді одан кейінгі бастық маңғаздана қалды. Анаусы бір жаққа, мынаусы бір жаққа хабарласты. Ақыр аяғында біреулер залдың төрт бұрышына төрт кондиционер әкеліп қоятын болды. Әрқайыссы жүз мың теңгеден. Бір күнге ғана. Онда да по пратаколу бір жарым сағаттық жиналысқа бола. Жоқ. Төртеу аз болады, ортасына тағы екеу, алтау қосыңдар. Алты жүз мың теңге. И бит тваю, мәәә, терім. Менде қайбір қол орамал бар дейсіз, бұрқ ете қалған терімді алақаныммен сүрттім. Мыналарың жынды екен. Екі сағат дегенде алаулатып кондиционер қосқыштар жетті. Ары қарап, бері қарап тұрды да мектептің тоғы көтермеуі мүмкін деді. Қалай көтермейді, трехфазка ғой. Сонда да көтермеуі мүмкін.
- Дұрыс!-деді, тағы бірі. Дұрыс айтады. Көтерген күннің өзінде осы ауданда свет өшіп қалуы мүмкін. Сондықтан қосымша тоқ көздерін қарастырайық.
Тоқ беретін дәу камаз бар екен. Қорабының орнына орнатылған нән қондырғы арқылы бензин жағып, орнына тоқ береді екен. Сол келетін болды. Әрине тегін емес. Үш жүз мың теңгеге. И бит тваю, мәәәә терім. Тағы сүрттім. Қанша сорлы болсам да, менің де кеудемде жан бар ғой, құлдан да бір сөз дегендей:
- Соның бәріне бекер әуре боласыздар. Түнде терезені ашып қояйық, таңғы салқынмен жел қағып тұрады,-дедім.
Дедім дегенде әлі деп болған жоқ едім. деп келе жатыр едім, діттеген жеріме жеткізбей тоқтатты. Жапшы аузыңды, бейшара дегендей қылды. Не шара, өздерің біл дедім.
Сонымен камаз келетін болды, мыналар суытқышты қосатын болды. Ертең таңғы жетіде осында болайық деп тарқасты. Олар кете салысымен әкірәндікке табыстап мен де кеттім.
Ертесі күні аналардан бұрын жетейін деп алты елуде желпілдеп жеттім. Сөйтсем, кешегілер үйірімен үш тоғыз болып тұр екен. Ұйықтамаған ба деймін. Акт залдың іші салқындап тұрған шығар. Тіпті жайлаудың таңындай жанға жайлылық сыйлап тұруы да мүмкін ғой. Әкеңнің тақ басы. Акт залдың есігін ашып қалғанда ыстық леп бетті шарпыды. Мынаусы несі? Сөйтсек, ана алғаны ас болмағыр немелер кондердің екі құрылғысын да ішке орнатып кетіпті. Бір құрылғы сыртта, бір құрылғы іште тұру керек қой. Сырттағы таза ауаны ішке, іштегі ыстық ауаны сыртқа айдауы тиіс құрылғы да акт залынан орын алыпты. Сонымен ми батпақ болған. Ыстығы ештеңе емес, сасып кеткен.
- Сен не қарадың?-дейді маған.
Мен не қараушы ем, футбол қарайтындай фанат емеспін, ютюбтан прикол қарадым,-дейін дедім де қойшы дедім.
- Оған мен жауапты емеспін,-дедім.
Ана бейшаралардың түрінен түр қалмады. Не істерлерін білмеді. Мен былай шығып алып тырқ-тырқ күлемін. Әй, сорлылар-ай. Осынша сорлағанда менен сексен мың теңге артық аларсыңдар-ау. Тума-туыс, дос-жарандардың ортасына бара қалғанда акиматта істейтін адам ретінде нән болып отыратын шығарсыңдар иә. Солар мына сорлылықтарыңды көрсе ғой.
Қойшы, құрсын, айтсаң әңгіме көп. Қысқасын айтқан жиналыс басталды. По пратаколу. Осы сөзді жаттатты мына немелер. Әкім мен мектебіміздің директоры екеуі сахнада отыр. Керек болып қаласың осында отыр деп, мені де бір шетке қонжитып қойған. Шыбын ызыңы естілерлік тыныштықта жиналыс өтіп жатты.
Бір кезде мектептің завучы келіп; - Хадиша Орынтаевнаның (деректірдің) жағасы қисайып қалыпты, түзеші, теледидарға түсіреді ғой,-деді. Шынында қатты қисайып, нашар көрініп тұр екен. Дәліз арқылы кіратын шеттегі бөлек есіктен сахнаға барып, деректірдің құлағына жақындап жағаңызды түзеңіз дедім. Соны айтып, сыртқа шығатын есіктен дәлізге шыққаным сол еді шолақ белсендінің бірі алдымнан шықты. Түрі қашып, қбағы шытылып кеткен. Оқты көзімен ата қарап: - ты что далбаев што ли, сахнада не істеп жүрсің?-деді. Кешелі-бері жұқарған жүйкем сыр берді. Ананы жағасынан алдым. Ауылдың қазағы болғасын орысшам шамалы, онша көп боқтық сөз де білмеймін. Білетінім сол иоптываймайт. Жағасынан алып тұрып:
- Ей, иоптывайымайт, бәленшебас артыңды айырам,-дедім.
Менен ондайды күтпесе керек, қалшылдап кетті. Бұға беретіндерге сұға беріп жаман үйренген неме ғой, өзінікіне сұғылып кете жаздағанда арты қылпылдап кетті.
- Аузыңа ие бол,-деді.
- Акиматта істеп жүрген сен аузыңа ие болмағанда, мектепте жүрген мен ие болуым керек пе, пошел нақ үй,-дедім де сыртқа шығып кеттім. Үйіңе қайт дедім ғой. Сыртқа шықтым да, еден жуушылардың отыратын кабинетіне барып, қара шай құйып іштім.
Әкім келді, кетті. Бәрі дұрыс. Мыналар алашапқын қылды. Бірақ, әкім бұның бәрінен хабарсыз еді. Арамтерлердің терін қойшы, желге ұшқан ақшаны айтам да. А, айтпақшы, біздің мектептің спонсорлар әперген әп-әйдік дыбыс ұлғайтқыш апаратын менсінбей, 200 мың теңгеге сырттан әкелгені тағы бар.
Бәрін бүлдіретін шолақ белсенділер. По пратаколу...
Бейбіт Сарыбайдың жазбасы
Abai.kz