Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жыл қорытындысы 7274 39 пікір 31 Желтоқсан, 2020 сағат 18:47

Қазақстан. 2020 жыл...

Дәл бір жыл бұрын, 2019 жылдың 31 желтоқсанында президент Тоқаев биылғы 2020 жылдың басталуымен барша Қазақстан халқын құттықтады. Сол дәстүр бойынша бүгін де сағат тілі түнгі он екіге жеткенде президент Тоқаевтың биылғы жылды қорытындылаған һәм жаңа күнтізбелік жылдың басталуымен құттықтаған бейне жолдауы эфирлерден көрсетіледі.

«Өткен жылғы өкпе жоқ» деуші едік, жыл сайын... Биылғы жыл шын мәнінде, біз үшін ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығы үшін де қалтарысы мен бұлтарысы, қиындығы мен қиғылы көп жыл болды. Бірақ, біздің қазақ әр жылдары қандай қиындық көрсе де, жылдың жаманы жоқ. Сондықтан: «Тышқан жылы – тыныштық, сиыр жылы – сыйлық», деп жақсыға жориды.

Бүгін, Тәуелсіз Қазақ елі бірер сағаттан кейін тышқан жылына қол бұлғайды. Қош айтысқалы отырған 2020 жыл елде ғана емес, бүкіл әлемде одағай оқиғаларға толы болды. Осы жерде жылдағы әдетімізбен өткен жылды қорытындылап көрелік...

2019 жыл

Әуелі, былтыр дәл осы күні президент Тоқаев не деп еді? «Біз кез келген сыннан сүрінбей өтіп, зор табысқа бірге жетеміз деп сенемін», деп басталған былтырғы құттықтауда биылғы жылдың жоба-жоспарын айтқан еді. «Конститцияның 25 жылдығын атап өтеміз», деген. «Ұлы даламыздың даңты тарихын жан-жақты дәріптеуге ерекше көңіл бөлеміз», деген. «Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы мемлекеттік масщтабта аталып өтіледі», деген. «Халықтан биік, халықтан жоғары тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ. Қазақстан өркениетті, дамыған елдердің қатарына қосылуы керек. Осыдан өзге тура жол да жоқ», деген. Сөйтіп, биылғы жылды «Еріктілер жылы», деп жариялаған.

2020 жыл

Өтіп бара жатқан 2020 жыл оқиғаларға толы күрделі жыл болды. Ол оқиғалар бірде саяси шешімдерге әсер етсе, енді бірде мемлекеттік басқару жүйесіндегі қордаланған көп мәселенің бетін ашты.

ХАЛЫҚ САНАҒЫ

Үшінші мегаполисте халық саны көбейген

2020 жылдың басты жаңалығы басқа-басқа емес, халық санағы болуы керек еді. Өйткені, соңғы санақ 2009 жылы өтті. Одан бері бақандай 11 жыл. Негізі жалпыхалықтық санақ 2019 жылы өтуі тиіс болған. 2019 жылы өкімет сан санап, санақ жүргізуден қорықса керек. Әйтеуір, 2020 жылға бір шегерді. Сосын 2021 жылға екі шегерді. Сол жоспар бойынша халық санағы 2021 жылдың қазан айына жоспарланған...

АЙСҰЛТАННЫҢ АЙТҚАНДАРЫ 

Айсұлтан Рахат Тоқаевтың билікке қалай келгенін айтты

«Facеbook» желісін дүр сілкіндіріп, ел саясатшыларын бір, қоғамшылықты екі шулатқан Айсұлтан Рахат болды. 2020 жылдың қаңтарынан бастап, өзінің отбасына, Қазақстан билігіндегі бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты екіұшты мәлімдемелер жасады. Өзіне әлдекімдердің қастандық жасайтынын, Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаев өзінің атасы емес, әкесі екенін т.б. айтып елді шулатты. Бұл мәлімдемелерге қатысты Назарбаев әулеті пікір білдірген жоқ. Ал 2020 жылдың тамызында Айсұлтан Рахат Лондонда қайтыс болды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, оның жүрегі тоқтап қалған.

ҚОРДАЙДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС

Қордайдағы қақтығыс бойынша 59 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды

Ал ақпанда Жамбыл облысына қарайтын Қордай ауданында қазақ-дүнген қақтығысы болды. Әуелде тұрмыстық кикілжіңнен басталған жанжалдың соңы ұлтаралық сипат алды. Бұл аймақтағы этносаралық проблемалардың осы уақытқа дейін жылы жабылып келгенін әшкереледі.

Этникалық қатынастар, этносаралық түсіністік пен достық шынайы сезімдерден гөрі кешегі Кеңес дәуірінен мұра болып қалған құрғақ насихаттаушылық пен жалаң ұрандардан құрылғаны осы Қордай оқиғасынан анық көрініс берді. Анклав ретінде өмір сүріп келе жатқан этностардың тұрмыс-тіршілігі, таным-түсінігі, тарихқа, мемлекетке көзқарасы әртүрлі болғандықтан, олардың жас ұрпақтары қазақ қоғамының құндылықтарына толыққанды бейімделіп кете алмағанын көрдік. Көз жеткіздік.

Қордай оқиғасы елімізде мемлекеттік тіл мәселесінің өзекті екенін тағы бір көрсетті. Қазақстан 130-дан астам ұлт пен этностарға ортақ мекен бола алғанымен, қазақ тілі осы кезге дейін олар үшін ортақ тіл бола алмағаны аса өкінішті.

Елімізде бейбіт заманда қан төгілді. Ресми ақпар бойынша, осы қақтығыстар кезінде 11 адам қаза тапты. 164 үй мен сауда орны, 100-ге жуық көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 120-дан аса қылмыстық іс қозғалып, 51 адам жауапқа тартылған.

ДУЛАТ АҒАДІЛДІҢ ҚАЗАСЫ

Қоғам белсендісі Дулат Ағаділ тергеу изоляторында қайтыс болды — новости на сайте Ак Жайык

Азаматтық қоғамның белсендісі болған Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қайтыс болды. Осыған байланысты қоғам белсенділері бірнеше мәрте наразылық акциясын өткізді. Ресми деректер бойынша, Дулат Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болған.

МҰХТАР ЖӘКІШЕВ БОСТАНДЫҚҚА ШЫҚТЫ

Мұхтар Жәкішев бостандыққа шығады | |

10 жылдан аса уақыт бойы түрмеде отырған «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев шартты тұрде түрмеден босап шықты. Ол 2009 жылы ұсталып, 14 жылға сотталған еді.

2013 жылы қазан айында құқық қорғаушылар алянсы Мұхтар Жәкішевті саяси тұтқындар тізіміне қосты. 2018 жылы құқық қорғаушы, қоғам белсендісі Бақытжан Төреғожина желідегі парақшасында Жәкішевтің денсаулығы мен отбасы туралы жазба жариялады. Ал 2018 жылы жүрек-қан айналымы дертіне шалдыққан Мұхтар Жәкішевке үшінші топтағы мүгедектік берілген.

COVID-19 ІНДЕТІ ҺӘМ БҮКІЛӘЛЕМДІК ПАНДЕМИЯ 

коронавирус — новости и статьи | MMR

2020 жылдың наурызында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 індетінің жаппай таралуына байланысты пандемия жариялады.

«Қытайдың Ухань қаласында ашқұрсақ бір қытай тірі жарқанатты жеп қойыпты», деп басталған коронавирус індетіне, оған байланысты жарияланған дүниежүзілік карантинге қатысты ел ішінде алып-қашпа әңгіпмелер әлі де айтылып жүр. Біреулері: «Бұл әлемді билеуші алпауыттардың астыртын ойыны», десе, енді біреулері: «жүз жылдықта бір болып тұратын Құдайдың кәрі», деген пікірлерге сенеді. Ал әлемге әмір айтуға әсіре бейім елдер (АҚШ, Қытай, Ресей т.б.) коронавирустың таралуына бір-бірін айыптады.

БЕКШИН: «НАКОНЕЦ-ТО»... 

Жандарбек Бекшин стал главным санврачом Алматы

Сөйтіп, ел ішінде әлемге әсте-әсте таралып жатқан індет Қазақстанға да келуі мүмкін деген болжамдар айтыла бастады. Осы кезде күллі Қазақстан жұртшылығына бұрын-соңды есім-сойы елге беймілім болып келген Жандарбек Бекшин деген «батыр» шықты. Шықты да, желідегі қаңқу сөздердер шаршаған кейіппен: «11-і мен 16-сы аралығында «наконец-то» коронавирус келеді», деп сөйледі. Сөйледі де жұрттың күлкісіне қалды.

Блокпосты выставлены в закрытых на карантин райцентрах в Северо-Казахстанской области

Бешин айтса-айтқандай-ақ, 13 наурызда Қазақстанда алғаш рет коронавирус фактісі тіркелді. 2 адамнан індет анықталды. Қазақстанда Төтенше жағдай жарияланды. Ол бойынша, Қазақстан аумағына кіріп-шығу шектелді. Шекара жабылды. Қалааралық қатынастар шектелді. Қатаң карантин жарияланды. Блок-бекеттер орнатылды. Қоғамдық іс-шаралардың барлық түріне, сауда және ойын-сауық орындарының қызметіне тыйым салынды. Базарлар жабылды. Мектептер мен ЖОО, балабақшалар онлайн режимге көшірілді. Қашықтан жұмыс істеу режимі енгізілді.

Шынын айту керек, коронавирус пандемиясы елдегі Денсаулық сақтау мен цифрландыру саласындағы біраз былықтың бетін ашты.

БІРТАНОВ. ЦОЙ

Биртанова сменил Цой на посту министра здравоохранения

Індетпен күресті Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастаған. Біртановтың кезінде ДСМ-ның коронавирусқа қатысты болжамдары қате болды. Әуелде, елде індет жұқтырушылар саны 3,5 мыңнан аспайды деген. Одан кейін, бетперде, дәрі-дәрмек жетіспеушілігі пайда болды. Ауруханаларда төсек орны, өкпені жасанды желдету аппараттары мен дәрі тапшылығы қатты сезілді. Тіпті, жұрт дәріханалардан парацетамол, аспирин, цитрамон секілді дене қызуын түсіруге арналған қарапайым дәрілерді таба алмай қалды.

Маусымда министр Біртанов қызметінін алынды. Оның орнына Алексей Цой жайғасты. Ал тамызда Біртановтың орынбасары болған Олжас Әбішев «бюджет ақшасын жымқырды» деген күдікпен қамауға алынды. 3 қарашада Біртановтың өзі де қамалды.

Бүгін - Жалпыұлттық аза тұту күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда. Cоңғы мәлімет:

Covid-19 (ПЦР+):

154 720 адам жұқтырған. 412 475 адам жазылып шыққан. 2262 адам қайтыс болған.

Covid-19 (ПЦР-):

45 723 адам жұқтырған. 33 083 адам жазылып шыққан. 499 адам қайтыс болған.

13 шілде Қазақстанда пандемия құрбандарын еске алу күні деп жарияланды. 

Әлемде. Соңғы мәлімет:

82 миллион адам жұқтырып, 1,8 миллионы қайтыс болған.

42 500 ТЕҢГЕЛІК КАРАНТИН ҺӘМ АСҚАР ЖҰМАҒАЛИЕВ 

Асқар Жұмағалиев Қазақстанның Нидерландтағы елшісі болып тағайындалды - Қазақстан жаңалықтары | STAN.KZ

Президент пәрмен бергеннен соң, Үкімет өйтіп-бүйтіп 3 миллионға жуық адамға 42 500 теңгеден үлестіретін болды деген әңгіме әлемжеліні әп-сәтте шарлап кетті. Төтенше режим төрт қабырғаға қамаған тар кезеңде тұрақты табысынан айрылып, ас-ауқатқа ақша таппай жатқан ағайынға аз да болса көмек еді, бұл. Президент - тапсырды. Үкімет: «мақұл», - деді. Бюджеттен қаражат қарастырылды. Енді кезек - атқарушы органдарда.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрілігіне қарайтын, оның сол кездегі басшысы Асқар Жұмағалиев жауапты бұл сала электрондық қызметтерді дұрыс жүргізе алмады. 42500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемге өтінім қабылдайтын сервистер бастапқыда бірнеше күн жөнді жұмыс істемеді.

Әуелде, «egov», деді. Кейін «кілт» сұрады. «2 мың теңге төлеу» туралы талап тағы шықты. «42500.enbek.kz» деген сайт тежеліп, ол тұрды. Қысқасы, алдыңғы жылғы 21 мыңның жыры қайталана бастады. Тек, бұл жолы берілетін сомасы секілді, соңындағы шуы да екі есе көп болып шықты.

ИНТЕРНЕТСІЗ ОҚУШЫ ҺӘМ ОНЛАЙН САБАҚ 

Сондай-ақ қашықтан оқыту кезінде елді мекендерді интернетпен қамту мәселесі қағаз жүзіндегі деректерден мүлде алшақ екені әшкереленді.

Бүкіл Қазақстанның оқушыларын онлайн оқыту үшін әуелі сол 2,5-3 миллион оқушы интернетпен қамтылуы керек. Ал бізде интернет қала және қала маңындағы елді-мекендерде болғанымен, шалғай жатқан ел-жұртта ол атымен жоқ. Оған, әуелі министрліктің өзі дайын болмай шықты. 2,5-3 миллиондай оқушы мен 1 миллиондай мұғалімді бір мезетте интернетке отырғызу үшін педогогикалық база болғанымен, техникалық ресурс жоқ. Демек, әлгі бүкіл мектептерді компютермен жабдықтап, қуатты интернетпен қамтып жатырмыз деген рапорт та, Қазақстанды адам сенгісіз қарқынмен цифрлық жүйеге өткізіп жатырмыз деген жұтаң есеп те жалған боп шықты.

Айтпақшы, 2018-2022 жылдар аралығында осы «Цифрлы Қазақстан» деген мега жобаға бюджеттен 141 миллиард теңге бөлінген екен. Жеме-жемге келгенде бір сыныптың 30 оқушысы бір уақта бір жүйеге кіре алмады. Оны министрдің өзі де мойындады. Жұмағалиев 20 шілдеде министр қызметінен босатылды. Осымен тәмам.

МАҚТАРАЛДАҒЫ АПАТ

Су тасқыны: Түркістан облысында апаттан келген шығынды есептеп жатыр

Қатты жауын-шашын мен дауылды желдің салдарынан Өзбекстанның Сырдария облысында Сардоба су қоймасы жарылды. Нәтижесінде, оның суы Түркістан облысы аумағына өтіп, бірнеше ауылды: Жеңіс, Жаңа тұрмысты су басты. 5 мың адам эвакуацияланып, Түркістан облысында Төтенше жағдай жарияланды.

«БОРАТ»

МИД Казахстана ответил на жалобы из-за фильма "Борат 2" - РИА Новости, 25.10.2020

Айтпақшы, осы күзде «Борат» фильмінің жалғасы шықты. Британдық комик Саша Барон Коэн ойнайтын фильмнің премьерасы қарсаңында Сидней қаласындағы «Bondi beach» жағажайында «Бораттар» шеруі өтті.Онда Қазақстанның Мемлекеттік туы ілініп тұрды. Жағажайдағы тырдай жалаңаш адамдардың жанында қазақтың көк байрағының ілініп тұрғаны әлеуметтік желі қолданушыларының ашу-ызасын тудырды.

ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ

Наурызда Парламент сайлауы бола ма? Ресейлік БАҚ Қазақстандағы Парламент сайлауына неге араласады? | “Адырна” ұлттық порталы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындады. Сайлау 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін болып, сайлауалды дода басталып кетті. Оған ҚР Орталық сайлау комиссиясында тіркелген 5 саяси партия қатысатын болды.

ДУМА ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ДЕГЕНДЕРІ

Ожидаем адекватной оценки Госдумы - казахстанские депутаты о заявлениях Никонова и Федорова: 14 декабря 2020, 20:13 - новости на Tengrinews.kz

Ал желтоқсанда Ресей Мемлекеттік Думасының үш бірдей депутаты Қазақстан жеріне сұқтанып сөйлеп, территориялық тұтастығымыз бен Тәуелсіздігімізді мойындамайтынын айтты. «Қазақстан территориясы – Ресей мен КСРО-ның сыйлығы», «Қазақстан жерді қайтаруы тиіс» деген жау шақырған сөздерді Вячеслав Никонов, Евгений Федоров пен Владимир Житриновский РФ федералдық арналарынан айтты.

Мұхтар Тілеуберді қазақстандық дипломаттарды кәсіби мерекесімен құттықтады

РФ президенті Владимир Путиннің бұл үштігіне қатысты қазақ қоғамы өре-түрегеліп, наразылық білдірді. ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей елшілігінің өкілін шақырып, наразылық нотасын табыстады. Артынша, министр Мұхтар Тілеуберді де БАҚ-қа сұхбат беріп: «Олардікі – қысыр сыйырдың қыңырлығы», деп мәлімдеді. Айта кетейік, Ресей Думасының депутаттары соғыс тілеген сөздерін әлі тоқтатқан жоқ.

АБАЙ 175

К празднованию 175-летнего юбилея Абая разработали единый логотип | informburo.kz

Сөзсіз, коронавирус пандемиясы мен экономикалық дағдарыс қос бүйірден қысқан биылғы жыл қаншалық ауыр өтті десек те, елішілік және халықаралық деңгейде атқарылған шаруалар аз болған жоқ. Солардың барлығын дерлік жіпке тізіп отырмасақ та, биылғы жылдың тағы бір басты оқиғасын ерекшелеп айтуымыз керек! Ол – Абайдың 175 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту.

Президент пәрмен беріп, Абайдың 175 жылдығын мемлекеттік масщтабта атап өту тапсырмасы қойылғаннан кейін, арнайы мемкомиссия құрылған. Ол биыл атқарылуы тиіс 500-ге тарта іс-шараларды келісіп, бекіткен. Сонымен, Абай жылында, Абай тойында не істелді?

Токаев открыл новый памятник Абаю в Семее

1. Ең басты шара - «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция (Тараз қаласы).

2. «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» атты халықаралық конференция (Нұр-Сұлтан қаласы).

3. Абай шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржі­ма­ланды.

4. «Абай» телесериалы түсірілді. Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсірілді.

5. Мем­ле­кет­тік сыйлық енді «Абай атын­дағы мем­лекеттік сыйлық» деп аталады. Ақын тойына орай Республикалық және ха­лық­аралық деңгейде театр және музыка фестивальдары өтті. Биылғы бәй­гелер Абай шығармашылығына ар­на­лды. Әдебиет және өнер саласын­дағы үздік шығармаларға берілетін мем­ле­кет­тік сыйлық енді «Абай атын­дағы мем­лекеттік сыйлық» деп аталатын болды.

6. Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтары» құрылды. Абайдың тұлғасы мен мұра­сын ұлық­тау шетелдерде де жалға­сты. Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбри­­та­ния­да­ғы және басқа да мемлекеттердегі Қазақ­­станның елшіліктері жанынан «Абай орталықтары» құрыды.

7. Ақ­шоқы елді мекеніндегі Құнанбай Өскен­­байұлы әулетінің қорымы абаттанды­ру жұмыстары жоспарланған.

8. Семей қаласын әлеуметтік-эко­но­ми­калық тұрғыдан кешенді дамыту жұмыстары қолға алынды.

Семей әуежайына Ұлы Абайдың есімі берілді | SN.kz - жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары

9. Жидебайда «Абай мұрасы» атты жаңа ғи­марат салынды.

Сонымен қатар Абайдың «Жиде­бай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мә­дени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру қолға алынды.

10. Семей қаласының әуежайына Абайдың аты берілді.

10 тамыз Абай күні - YouTube

Бұлардан бөлек, шет елдерде Абайға арналған ескерткіштер мен саябақтар ашылды. Семейде, «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» деген ескерткіш ашылды. 10 тамыз – Абай күні деп жарияланды.

Түйін. Өтіп бара жатқан жылдың азды-кем оқиғаларына шолу жасаған болдық. Осылайша, тағы бір жыл тарихқа айналып барады. Әлем және ел ішіндегі ірілі-ұсақты оқиғаларға толы болған 2020-шы жылдың да күнтізбесі жабылып жатыр.

Айта берсек, әңгіме көп, тізе берсек, тізіп айтар естелік көп. Енді, алдан тек жақсылық, үміт күтетін қазақы қалпымыздан аумай, Жаңа жыл жарылқасын дейміз! Әр шаңырақ шаттықтан шалқысын! Жаңа жылда жасасын, асқақтасын Алаш!

Абзал Құспан: БҰҰ-дан Қазақстан билігіне нота жолдауды талап етемін

Нұргелді Әбдіғаниұлы

P.S. Біз бұл мақалада өтіп бара жатқан жылдың қоғам қызу талқылаған оқиғаларын еске түсірдік. Біз айтпай кеткен, ұмыт қалдырған оқиғалар болса, пікір қалдырыңыз, қадірлі оқырман!

Abai.kz

39 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036