Қазақстаннан қашқандардың саны 1600-ден асыпты
«Ұлттық санаққа бөлінген қыруар қаржыны қымқырып кеткен Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаева Араб Әмірліктерінде бой тасалап жүр». Кеше Мәжілісте ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель осылай деді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қылмыскерді ұстап беру туралы келісім қашқын қылмыскердің бірқатарын бұғаулауға жол ашады.
«Ұлттық санаққа бөлінген қыруар қаржыны қымқырып кеткен Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаева Араб Әмірліктерінде бой тасалап жүр». Кеше Мәжілісте ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель осылай деді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қылмыскерді ұстап беру туралы келісім қашқын қылмыскердің бірқатарын бұғаулауға жол ашады.
Қазына қаржысын жымқырғандар Әмірлік секілді жайлы жерде бой тасалап жүр ме, жоқ әлде, бой жазып жүр ме, ол жағы бізге мүлдем белгісіз. Өйткені дәл осы статагенттіктің бұрынғы басшысына қатысты гу-гу сөзден ешнәрсе түсініп болмайтындай еді. Бірде экс-басшы Анталияда жүрген болса, екінші бір жағдайда сот органдары оны қамау туралы ешқандай санкция болмағанын, сондықтан да Мешімбаева ханымның Мәскеуде жайбара-қаттанып жүргенін айтқан. Оның тұрып жатқан мекенжайы да сот органдарына белгілі болып шыққан еді. Сонымен бірге, халықаралық іздеудің кейіннен, кешеуілдетіп жария-ланғаны да адамды кәдімгідей күйдіретін. Дегенмен «ештен кеш жақсы». Оның үстіне, құқық қорғау органдарын қайран қалдыра қашып жүрген бір Мешімбаева ғана емес. Сондықтан да Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімнің маңызы зор екендігі айтпаса да түсінікті. «Интерпол мәліметтеріне сәйкес, Араб Әмірліктерінде Қазақстанның әділқазысынан қашып жүрген жеті қылмыскер бар екендігі анықталды. Олардың арасында Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы да бар. Ол ұлттық санаққа бөлінген 750 млн теңгені талан-таражға сал-ды деп айыпталған болатын. Одан басқа, «Какаду» ЖШС-нің бұрынғы директоры да бой тасалап жүргені белгілі болды. Ол Астанадағы «Қыпшақ» тұрғын үй кешенін салу барысында жарты миллиард теңгені қымқырған еді», - дейді Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель. Прокуратура өкілінің айтуынша, жайлы жерде жайбарақат жүрген барлық қылмыскерлерді ұстап беру туралы талап Әмірлікке жасалған. Алайда мұндай талаптар еш қаралмағанға ұқсайды. «Ресми емес дереккөзден алған ақпаратымыз бойынша, ондай қылмыскерлерді ұстап беру туралы мәселе бүгінгі келісімді қабылдаған соң қаралып қалуы бек мүмкін», - деп қайырды Меркель мырза
Құжаттың сипаттамасына келсек, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісім 2009 жылы Елбасының сапары барысында Әбу-Дабиде жасалған болатын. Келісім бойынша екі мемлекет бір-біріне сұрау салу арқылы өз аумағында жүрген қылмыскерлерді ұстап беруге міндеттеледі. Сонымен қатар құжат бойынша қашқындарды ұстаудан бастап, оны өтінген елдің құқық қорғау органда-рының қолына тапсыру үдерістері толық қамтылады. Дегенмен келісімге сәйкес, сұрау салушы тараптардың іздестірген адамы саяси сипаттағы қылмыспен айыпталса, әлгінің нәсілі, діни ұстанымы, азаматтығы немесе саяси сенім белгілері бойынша қудаланғаны белгілі болса, сондай-ақ Қазақстан сұрау салған азаматқа ресми Арабстан саяси баспана берсе, ондай қылмыскерлер қайтарылмайды. Келісімнің қылмыскерлерді «аулауға» қатысты маңызын ескерген депутаттар заң жобасын бірауыздан қолдап, мақұлдаған болатын. Ал депутат Орал Мұхамеджанов құжаттың маңыздылығын түсіндіре келе: «Заңды қалауынша бұзып, ел байлығын жымқырып кетіп болмаса басқа қылмыс жасап, кейіннен жылы теңіз жағалауына жайғасып алып, «ал маған енді не істер екенсіңдер?» деп бізге шекесінен қарап, жайбарақат өмір сүріп жатқандардың саны былтырғы жылы 1600-ден асыпты», - деді. Оның айтуынша, ондайлардың 1558-іне - мемлекетаралық, алтауына халықаралық іздеу жарияланғанымен, табылғаны - 176-ақ адам. Яғни оннан бірі ғана. «Сонымен қатар ондайлардың ізіне түсу қандай қиындық тудырса, оларды жазалау үшін елге әкелу - одан да қиын мәселе. Бұл қиындық Қазақстан мен әдетте қылмыскерлер паналайтын елдердің арасында ұстап беру туралы келісімнің жоқтығынан туындайды. Демек, келісімді ратификациялау ел мүддесіне қызмет етеді», - дейді Орал Мұхамеджанов.
Әлгі «Мешімбаева мәселесіне» тағы оралсақ, 2009 жылы ұлттық санаққа бөлінген қаражат жымқырылып, кейін осыған қатысты қылмыстық істің басы қылтия бастағанда статагенттік басшысы Анталияға ұшып кетіп, содан оралмаған болатын. Ресми Анкарамен арада ұстап беру туралы келісім бар екендігін ескерген болуы керек, кейіннен Мәскеу кетіп, әбден іздеу жолданғанда қайда кеткені туралы ақпараттан құқық қорғау органдары мақұрым қалған еді. Енді, міне, Араб Әмірлігімен қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісім жасалса, сол елде жүрген қазақстандық қылмыстылар ондай келісім жоқ, басқа да елдерге «ұшып» кетуі әбден мүмкін екенін де естен шығармасақ етті. Иоган Меркельдің сөзіне сенсек, осыған ұқсас ұстап беру туралы келісімді Қазақстан, Қытай, Түркия, Моңғолия, Корея, Литва елдерімен жасаған.
Қазақстанның қазынасына қол салғаны бар, басқа да ауыр қылмыс жасағандары бар, көптеген қылмыскер, негізінен, Еуропа елдерінде шоғырланғаны бізге ресми емес дереккөзден белгілі. Кеше ғана қайда екендігіне іздеу салған Храпунов та, елге бүлік салған Әлиев те, алаяқтық жасаған Әбіләзов те Еуропада жүр. Ендеше, Еуропа елдерімен де осындай келісім керек-ақ. «Дегенмен Еуропалық Одақ Қазақстанның сот төрелігі туралы төрт конвенцияға қосылғанын қаламай отырғандықтан, біз бүгінгі күні Еуропа елдерімен де осындай екіжақты келісімдер жасауды қолға алып жатырмыз», - дейді Иоган Меркель.
Депутаттар алдағы аптада ел аралап, жұртшылықпен жүздесуге аттанады. Содан болуы керек, Мәжілістің кешегі отырысы сүреңсіз өтті. Жиынның мазмұнын ашып тұратын бірде-бір депутаттық сауал бұл жолы жолданбады.
Қанат ҚАЗЫ
«Алаш айнасы» газеті