Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5581 0 пікір 7 Сәуір, 2012 сағат 10:43

Еркін Рақышев, кинорежиссер: «Біздің зиялы қауым – «ГОВНО»!

Қазақтың жанына жазылмас жара болған Жаңаөзен оқиғасы, бұйырса, кино тілінде сөйлейтін болады. Жүрегі жұртына бұрып тұратын, ойы сергек режиссер Еркін Рақышев бұл мәселені қолға алуды өзінің азаматтық борышы деп біледі. Janaozen.net сайтына берген сұхбатында ол былай депті: «Жаңаөзен жайлы орыстың «Новая газета» деген газетінде мақала басылды. Сонда Кенжебаев деген азаматтың қайғылы қазасы жайлы жазылады. Қызы босанып, немересін көруге бара жатқан Кенжебаевты омондар ұстап алып, адам төзгісіз әдіс-тәсілдерімен қинаған. Іш құрылысы зақымданған Кенжебаев ертесіне дүние салған. Бұл оқиға маған қатты әсер етті. Оқып отырып көзіме жас алдым. Бұл - дайын сценарий. Сол бір адамның өмірімен бүкіл Жаңаөзен оқиғасын көрсетуге болады. Сценариін жобалап қойдым, бүгінгі таңда оны түсіруге мен білек сыбанып кірісіп кетсем де, шындығын айту керек, ақшам жоқ, үкімет маған ақша бермейді мұндай жобаға. Бірақ жоспарымда бар, Жаңаөзендегі болған оқиғаны халыққа киноның тілімен жеткізу менің азаматтық борышым деп санаймын! Алла нәсіп етіп, сәтін салса, Жаңаөзен жайлы кино түсіремін!».

Біз де осы хабарды ести сала, қазақжанды азаматпен тілдесуге асықтық.

- Еркін мырза, өз киноларыңыз төңірегіндегі айтыс-тартыс, дау-дамайдан жалыққан жоқсыз ба?

Қазақтың жанына жазылмас жара болған Жаңаөзен оқиғасы, бұйырса, кино тілінде сөйлейтін болады. Жүрегі жұртына бұрып тұратын, ойы сергек режиссер Еркін Рақышев бұл мәселені қолға алуды өзінің азаматтық борышы деп біледі. Janaozen.net сайтына берген сұхбатында ол былай депті: «Жаңаөзен жайлы орыстың «Новая газета» деген газетінде мақала басылды. Сонда Кенжебаев деген азаматтың қайғылы қазасы жайлы жазылады. Қызы босанып, немересін көруге бара жатқан Кенжебаевты омондар ұстап алып, адам төзгісіз әдіс-тәсілдерімен қинаған. Іш құрылысы зақымданған Кенжебаев ертесіне дүние салған. Бұл оқиға маған қатты әсер етті. Оқып отырып көзіме жас алдым. Бұл - дайын сценарий. Сол бір адамның өмірімен бүкіл Жаңаөзен оқиғасын көрсетуге болады. Сценариін жобалап қойдым, бүгінгі таңда оны түсіруге мен білек сыбанып кірісіп кетсем де, шындығын айту керек, ақшам жоқ, үкімет маған ақша бермейді мұндай жобаға. Бірақ жоспарымда бар, Жаңаөзендегі болған оқиғаны халыққа киноның тілімен жеткізу менің азаматтық борышым деп санаймын! Алла нәсіп етіп, сәтін салса, Жаңаөзен жайлы кино түсіремін!».

Біз де осы хабарды ести сала, қазақжанды азаматпен тілдесуге асықтық.

- Еркін мырза, өз киноларыңыз төңірегіндегі айтыс-тартыс, дау-дамайдан жалыққан жоқсыз ба?

- Негізінде «тасты жеміс беретін ағашқа ғана атады» емес пе? Сол дау-дамайлардың дәл ортасында жүрген менің фильмдерімді халық көріп жатыр. Бұл дегеніңіз - жұрттың көңілінен шықты деген сөз. Ал егер менің туындыларым қызықсыз болса, қандай да бір қоғамға қажетті проблемаларды көтермесе, ол фильмдерді ешкім де елемес еді. Ешкім де киноларымды сөз-көкпарға салып, сынға алмас еді! Әйтпесе аты бар да, заты жоқ талай фильмдердің шығып жатқанына ел куә ғой. Осы жерде айта кетейін, сынаудың жөні осы екен деп, кейбіреу біліп, енді бірі білгішсініп сынайтынын қайтерсің! Бұл не сонда, көштен қалмау ма?! 5 жылда 10 шақты кино түсіріппін. Аллаға шүкір, барлығы халық көңілінен шығуда. Мен үшін ең бастысы осы!

- Бірде «Қазақфильм» басшыларының бірі: «Қазір «Қазақфильмде» екі проблема бар. Оның біріншісі - Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі, екіншісі - Еркін Рақышев. Рақышевтiң кинолары - қазаққа жағылған жала деп есептеймiн», - деген екен баспасөз бетіне берген сұхбатында. Осыған қандай уәж айтасыз?

- Шынымды айтсам, «Рақышевтiң кинолары - қазаққа жағылған жала деп есептеймiн» дегенді естімеппін. Бірақ кім айтса да, ол - қате пікір. Иә, алғашқы киноларымда кемшіліктер болмады емес - болды. Бірақ олар негізінен қаражаттың жетіспеушілігі мен техниканың әлсіздігінен болған еді. Жақында ғана Тұрар Рысқұлов жайлы деректі фильм түсіріп, аяқтадым. Бұл жолы басшылардың осы киноға берген бағасы мен көзқарасы өте жоғары деңгейде болды. Осы жерде айта кетейін, кино әлемінде фильмнің шынайы бағасы фестивальда орын алғанына қарап емес, сол киноны қанша көрермен көргеніне қарап бағаланады.

- Айтыңызшы, Еркін Рақышевпен елдің ұлттық кинокомпаниясы алысардай, араларыңызда не бүлініп еді?

- «Қазақфильммен» айтысатындай ешнәрсем жоқ сияқты... Кезінде менің киноларымды жаппай жамандағаннан кейін, мен де қарап жатпай, ол жақтағы режиссерлердің еңбектеріне «әділ бағасын» бергенім рас (күліп алып). Ал бүгінде «Тұрар Рысқұлов» деректі фильмі мен «Айша» атты сериалымызды бірігіп шығардық. Қазір бірігіп жұмыс істейміз. Кейбір білмейтін дүниелерді Сатыбалды Нарымбетов сияқты ағаларымыздан үйренудемін.

- Дегенмен, қаншама жылдық тарихы бар, заманауи озық технологиямен жабдықталған, қаншама режиссері, қаншама әртісі, соларды дайындайтын оқу орны бар мемлекеттік мекеме қыруар қаржыға ешкім көрмейтін кино түсіретіні сізге қалай әсер етеді?

- Шынын айту керек, бүгінде «Қазақфильмде» үлкен қозғалыс пайда болды. Бұрынғыға қарағанда көптеген кинолар шығаруда. Дарынды жас режиссерлар келіп жатыр. Мәселен, Ақан Сатаев, Фархад Шарипов! Егер мен «Қазақфильмді» жамандасам, Ақан Сатаевты жамандаған болып шығамын. Бірақ мен Ақанды жамандай алмаймын. Өйткені Ақанның фильмдерін жоғары бағалаймын. Осы жолы оның «Мың бала» түсірілімінде болдым. Мұндағы ойым, күндердің күнінде тарихи кино түсіре қалсам, керек болар деген үміт қой. Сондықтан басқа салалармен салыстырғанда бүгінгі қазақ киносына тәубе дейік! Өйткені қазір біреулер өзінің түйедейін көрмей, өзгенін түймедейін сөзбұйдаға салуға шебер. Мәселен, қазірде қазақ киносы нашар деп баға беретіндер көп. Ал солар қазақтың қай нәрсесін жақсы дей алады. Жақсы деп баға беретіндей бізде не бар? Өзіміз шығаратын бір зат бар ма? Қарап отырсаңыз, үйдегі телевизор, тоңазытқыш, ыдыс-аяқ, киімдеріміз, дәрі-дәрмек, ішетін ас-ауқат... бәрі шетелдікі, кеңсеге келсек, компьютер, ксерокс, ұялы телефон... шетелдікі. Тіпті көшедегі көліктерді айтпағанда, «гаишниктердің» қолындағы таяғына дейін біздікі емес екен. Сұрадым, бақсам, ол таяқтарды кәріс елінен сатып алады екенбіз. Көрдіңіз бе? Сонда біз не, таяқты да жасай алмаймыз ба? Жасай аламыз! Бірақ билікте отырған жемқорларға оны сатып алған тиімді. Бұл дегеніңіз сұмдық қой!

- Әрине, бүгiнгi қоғамды жегідей жеген жемқорлық дерті әмбеге аян. Ал сіз бұдан басқа қандай қасіретке қатты қиналар едіңіз?

- Біз әлемдегі 50 елдің қатарына ілігеміз деп талпынып жүрдік қой. Бүгінде онымыздан ешнәрсе шықпайтын болғаннан кейін қойдық қой деймін...

- Неге олай дейсіз?

- Өйткені біз қоғамдағы әлеуметтік мәселелерде әлем мемлекеттерінің алдыңғы қатарынан орын алып қойғанбыз. Мәселен: суицидтен, нашақорлықтан, маскүнемдіктен, жемқорлықтан, туберкулез, жүрек қан тамырлары ауруынан өлетіндерден алдыңғы қатардамыз. Ал шетелге бала сатудан 15 миллион ғана халқымыз бола тұра, 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың алдына шығып кетіппіз. Бұдан артық қандай жетістік керек енді? Бұл - айтылғандары, ал айтылмағаны қаншама! Тоқ етері - адамды адамдық қасиеттерден бездіретін жаман іс-әрекеттерден біз алдыңғы қатардамыз. Қазір үкіметіміз: «Ана мен бала өлімінен неге ең алдыңғы қатардамыз?» деген сауалға жауап іздеп әлек. Олар бүгінде аш-жалаңаш жүрген студенттен ертең қандай денсаулығы мықты ана күтіп отыр сонда?

Біз бай мемлекетпіз. Оған дәлел - «Хабар» мен «Қазақстан» телеарналарындағы жаңалықтар! Қарап отырсаң, кеудеңді мақтаныш кернейді! Қуанасың! Жастар біздің болашағымыз дейміз. Бірақ сол бай мемлекетте студенттер тойып тамақ ішпейді! Алматыда ең аз дегенде 500 теңгеге тамақтану керек. Егер студент күніне 3 рет тамақтанса, бір жарым мың теңге, яғни 10 долларды құрайды. 30 күнге шақсақ - 300 доллар! Ал біздегі студенттердің алатыны - 100 доллардай. Оны мүлде алмайтындар да бар. Жатақханамен барлық студент қамтамасыз етілмейді. Оның жолын, киімін, пәтерақысын, анаусын-мынаусын қосқанда, кемінде айына 600 доллар! Ал ата-аналары көмектеседі десек, көбінің ата-анасы ауылда жұмыссыз отыр. Жарайды, біз бай мемлекет болмасақ, мен түсінер едім.

Бірақ қорғасын, барий, хром шығарудан әлемде бірінші, марганец, күміс, ураннан екінші, темірден үшінші, мұнай өндіруден жетінші орындамыз ғой! Ал осмий, рений деген сирек кездесетін металдар тек біздің елден ғана шығады. Бұл металдардың 1 грамы 100 мың доллар тұрады. Біз оны тонналап шетелге сатудамыз. Ал ақша қайда? Біз адам басына шаққанда әлемде ең бай мемлекеттердің біріміз. Бірақ болашақ ана болатын бүгінгі студент жастарымыздың жартылай аш-жалаңаш жүргені анау. Сондықтан осындай жағдайды біле тұра, неге бізде ана мен бала өлімі көп деп таң қалудың қажеті жоқ.

- Мұның шешімін табу үшін сонда не істеу керек деп ойлайсыз?

- Конституцияны өзгерту керек! Конституциядағы: «Қазақстанның жер асты мен үстіндегі байлығы қазақ халқына бірдей тиесілі» деген бірінші бабын: «Байлық тек билік басындағылар мен олардың туған-туыстары, құда-жегжаттарына, нағашы-жиендеріне, көңілдестеріне, оның туысқандарына, ұры- қары мен шпаналарға тиесілі» деп өзгерту керек. Сонда заң орындалады. Орындалмайтын заңның не қажеті бар бізге. Мұны бастама көтеріп, халық талқысына салу керек. Кең байтақ жеріміз бен байлығымызды қорғап қалған биліктегілердің ата-бабалары ғана ма екен?! Олардың аталары жоңғарлармен соғысып жатқанда, менің атам Қойгелді батыр ұйықтап жатып па, әлде Майямиде демалып жатты ма?

Қарапайым халық өте кедей тұрмыста қайыршының күнін кешуде. Әйтеуір қарттарымыздың зейнетақыларын жыл сайын көбейтіп, 200 долларға жеткіздік. Жақында Американы басып озамыз. Білесіз бе, олар айына иттерінің тамағына 200 доллардан аса қаржы жұмсайды екен. Ал біздің байғұс қарттарымыздың көбі осыған да жете алмайды. Жапония, Франция, Норвегия, тағы басқа елдерде зейнеткерлікке 63 жаста шығады дейді. Бірақ ол елдерде зейнеткерлікке шыққан соң, 20-25 жыл өмір сүреді дегенді айтпайды. Ал бізде ер адамдардың орташа жасы - 58 жас. Мұның бәрі тұрмыстың нашарлығынан туындап жатқан мәселелер. Ал оны жою үшін қазаққа тиесілі байлық әділ бөліну керек! Немқұрайлылығымыздың арқасында бүкіл билікті солар шешеді деп, билікке беріп қойдық. Билік халыққа қызмет ету керек, ал бізде, керісінше, халық билікке қызмет етіп отыр. Мұның зардабын қарапайым халық қана көруде. Кешегі жаңаөзендіктердің жағдайы - осының бастамасы.

- Қоғамды осылай бей-берекетсіздікке әкелген не деп ойлайсыз? Адасқанды жөнге салатын, қағынғанды тезге салатын күш-қайрат кімнің қолында деп ойлайсыз?

- Қоғамды рухсыздану жайлаған. Жастар өтірік айту, алдау-арбау, қорқақтық, жігерсіздік, намыссыздық, жағымпаздық сияқты қасиеттерді бойына сіңіруде. «Чтобы завоевать государство, не обязательно воевать с ним, достаточно развратить его молодежь» деген қытайлықтардың қанатты сөзі бар. Біздің үкіметтің жүргізіп отырған осындай саясаты жақсылыққа әкелмейді.

Осы орайда мен айтар едім, қоғамның қазіргі жағдайына ең бірінші - зиялы қауым кінәлі. Зиялымыз деп жүрген біраз азаматтардың немқұрайлықтарының арқасында қоғамда осындай келеңсіз жайттар орын алуда. Егер оянбасақ, осылай маужырап жүре берсек, ертең мұнан да сорақысы болмасына кім кепіл?! Демек, Лениннің: «Интеллигенты - это говно» дегеніне мен де қосыламын. Бұрын түсінбеуші едім, қазір екі қолымды төбеме көтеріп қосыламын: Біздің зиялы қауым - «говно»!

- Еркін мырза, осындай сөздеріңіз арқылы біреулердің шамына тиіп аламын деп қорықпайсыз ба?

- Шын ұлт мүддесін қорғап, қолдап жүрген ұлтшыл азаматтар менің сөзіме шамданбайды. Олар біледі, бұл сөздің оларға қатысы жоқ екенін. «Адам үшін ең қадірлі де қастерлі ұлтының атын алып, енді қазақ деп аталмаймыз, ондай ұлт болмайды» деген кезде де сужүректілігі мен жағымпаздылығынан билікке бір ауыз сөз айта алмаған интеллигенция кім болу керек, «говно» болмағанда! Оны өздері де жақсы біледі. Ал мен  ұлттың қайғы-қасіретіне немқұрайлы қарайтын адамдардан қорықпаймын. Себебі олар қорқақтар мен жағымпаздар. Олар менен қорықсын!

- Қазақстанның саясат технологиясы мен мәдениеттің басшылары Борат тудырған жағымсыз имиджді жойып, елдің жағдайын жақсы етіп көрсету үшін, бюджеттен қыруар қаржы бөлдіріп жатыр деген хабарды естідіңіз бе?

- Естімедім. Егер рас болса, ақшаны босқа шашу деп түсінемін. Қазақстанның имиджі батыста Боратсыз да қалыптасқан. Біздің қандай жағдайда екеніміз интернет арқылы бүкіл әлемге аян. Меніңше, біз өзімізді жақсы жағынан көрсеткіміз келсе, әділетті қоғам орнатуымыз керек. Яғни шетелге өзімізді танытатын жарнаманың ең тиімді жолы - Қазақстанның шығарған өнімі болуы керек! Өкінішке қарай, бүгінгі таңда қазба байлықтан басқа ештеңе шығармаймыз. Бізде бәрі керемет, жақсы деп жалаң ұрандатып тойлатуды, ешкімге қажет емес конференцияларға ақша шашуды тоқтату керек. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өттік. Шетелдік жұлдыздарға миллиондап шаштық. Одан да осы тәуелсіздік үшін жанын құрбан еткен Алаш қайраткерлерінің, қазақ арыстарының бүгінгі ұрпақтарына неге көңіл бөлмеске?! Мен білемін олардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын. Масқара!

- Киноға оралсақ... Авторлық киноға, жеке кинокомпанияларға мемлекет тарапынан тапсырыс, қаржылық қамқорлық бар ма?

- «Тұрар Рысқұлов» деректі фильмін мемлекет қаржыландырды. Сондай-ақ «Астанаға көктем кеш келеді» фильмім де үкіметтің тапсырысы бойынша 30 мың долларға түсірілген еді. Әрине, екі сағаттық кино үшін бұл аз ғой. Осы жерде айта кетейін, түсірген кинодан ақша табу - мен үшін мақсат емес. Білесіз бе, егер киномнан көрермен өзіне бір қажетті нәрсе алса, көкейіне түйсе, сол мен үшін - жетістік, ол мен алатын ақшадан артық дер едім.

- Бүгінде қандай іспен айналысып жатырсыз? Киноөндіріске қандай олжа салмақсыз?

- Биыл ашаршылыққа 80 жыл толмақ. Сондықтан ашаршылық жайлы деректі фильм түсіруді қолға алдым. Өкімет қаржыландырады деген үмітіміз бар. Қазақтың жартысына жуығы аштан қырылған тарихи оқиғаны көпшілігіміз білмейміз. 1921,1932 жылдардағы ашаршылық неден болды, әдейі жасалды ма, неге, қандай саясатпен жасалды? Неге миллиондаған қазақ шетелге қашты? Осы мәселеге жете мән бермей келеміз. Қазақтарды сталиндік тоталитарлық режим аяусыз қырып жатқан кезде, қазақ деген ұлттың жойылу қаупі төнген кезде, шетелге барып бас сауғалаған, соған мәжбүр болғандар жайлы тарихты неге ұмытамыз?! Қазақты, өз ұрпағымызды сақтайық, заман оңалып, аман болса, балаларымыз туған елге қайтар деп, көшкен ата-бабаларымыздың ұрпақтары бүгінгі оралмандар емес пе? Осы киноны түсіру үшін көп іздендік. Мәскеуде ФСБ-ның мұрағатынан көптеген құпия құжаттарды айқайласып жүріп алдық. Нәтижесінде көп шындықтың бетін аштық. Алла қаласа, фильмді осы жазда көрермен назарына ұсынамыз. Бүгінде 20 жылдықты тойлатып жүріп, аштықтан 3 миллиондай құрбан болғандарға арнап бір ескерткіш те орната алмадық. Өкінішті...

Әңгімелескен -

Ардақ Иманбекқызы,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 15 (143) 04 сәуір2012 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394