Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2687 0 пікір 8 Сәуір, 2012 сағат 22:09

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

VI

Кәзен мен Ақылбайдың сол ескертуінен соң сабақтастар арасында жікшілдік жасырын сипатқа көшті. Қаншалық ашулы бөлінген жалпылық соғысқа айналмай, жеке тентектер арасындағы жанжал түрінде ғана өтіп жүрді.

Ең жақсы бір жәйіт меңгерушіге шағыстырудың азаюы еді. Тоқты Саматтың қазасынан соң мектептегі ұлттық оқушылар одан қабан көргендей ығысып, мүлде жиренетін болған. Класс бойынша қатты соққыға түскен Ынтықбайлар ғана жеген таяғы мен көрген-білгендерін бір рет сол қанқұйлы меңгерушіге Кәмен арқылы жеткізіпті. Онда да Ақылбай мен Кәзеннің ұлттық береке-бірлік жөніндегі нәсихатын айтудан тайсап, Қабен екеумізге артқан екен. Өлеңіміздің мазмұнын ханзушаға аударып: «рушылдық қазақ халқының тартып келе жатқан апиыны деген сөзді әр күні айтып жүреді. Бірлесіңдер, жауларың басқа дейді» деп қосыпты. Меңгеруші бұл шағымды бір үлкен хұжат қып сақтапты.

Қабен екеуміз жылдық сынаудағы мінез нәтижеміздің кемейіп кету себебін әркімнен сұрастырып жүргенімізде осы жәйтті естідік. Аударма жұмысымен тәртіп бөліміне жиі барып тұратын Асылқан анығын жеткізді маған: меңгеруші мінездемемізден алғашында он бес проценттен тартпақ болған екен. Кәзен мен Ақылбай жәйімізді жақсылап айтып жүріп сегіз процентке әрең түсіріпті.

VI

Кәзен мен Ақылбайдың сол ескертуінен соң сабақтастар арасында жікшілдік жасырын сипатқа көшті. Қаншалық ашулы бөлінген жалпылық соғысқа айналмай, жеке тентектер арасындағы жанжал түрінде ғана өтіп жүрді.

Ең жақсы бір жәйіт меңгерушіге шағыстырудың азаюы еді. Тоқты Саматтың қазасынан соң мектептегі ұлттық оқушылар одан қабан көргендей ығысып, мүлде жиренетін болған. Класс бойынша қатты соққыға түскен Ынтықбайлар ғана жеген таяғы мен көрген-білгендерін бір рет сол қанқұйлы меңгерушіге Кәмен арқылы жеткізіпті. Онда да Ақылбай мен Кәзеннің ұлттық береке-бірлік жөніндегі нәсихатын айтудан тайсап, Қабен екеумізге артқан екен. Өлеңіміздің мазмұнын ханзушаға аударып: «рушылдық қазақ халқының тартып келе жатқан апиыны деген сөзді әр күні айтып жүреді. Бірлесіңдер, жауларың басқа дейді» деп қосыпты. Меңгеруші бұл шағымды бір үлкен хұжат қып сақтапты.

Қабен екеуміз жылдық сынаудағы мінез нәтижеміздің кемейіп кету себебін әркімнен сұрастырып жүргенімізде осы жәйтті естідік. Аударма жұмысымен тәртіп бөліміне жиі барып тұратын Асылқан анығын жеткізді маған: меңгеруші мінездемемізден алғашында он бес проценттен тартпақ болған екен. Кәзен мен Ақылбай жәйімізді жақсылап айтып жүріп сегіз процентке әрең түсіріпті.

Жалпы нәтижеміздің тең жартысы болып есептелетін мінездемеміздің бұлайша төмендеуі бізге оңай тимеді: он неше сабақтан ортақ шыққан 94,95 проценттік нәтижемізге 52 проценттік мінез нәтижемізді қосып, тағы екіге бөлгенде 70 процентке құлдырап бір-ақ түсіппіз. Сонда да Ынтықбайлардан сәл жоғарырақ шыққанымызға қуандық.

Жақында үйімнен хат келіп еді. Хатты Нұрасылдың інісі Бағдарқанға жаздырған екен. Ол әке-шешемнің айтатын сәлемінен сырт бірсыпыра жайды баяндапты: жаңа үкімет орнаған соң қаладағы мұсылман тұрғындарға шаңзұң1 болып жуан жұдырық Кәкім сайланыпты да, шаңиолық2 құқығы кеңейіп, Күнтуған күшейген екен. Бұрынғы жүз басы, он басылар «баужаң», «жяжаң» деген атпен қайта тағайындалып, Кәкімнің қиямпұрыстары жеңген итше құйрықтарын көтере шығыпты. Олардың тісінен қашқан Құрышбек пен Нұрасыл ағалар күн жылына тау сағалай көшіп далдаланыпты.

«Қала тұрғындары бұрынғыдай емес, жік-жік болып, шөже қоразша тіктесе қалатын мінез көрсететін болып алды. Гоминданның аудандық бөлімшесі құрылғалы Жаңгүдейлер тіпті асқақтап кетті, балалары желге толы допша секіріп келіп соқтығатын болды. Мектептен қайтқанда жалғыз-жарым жүруді мүлде қойдық. Топтасып барып, топтасып қайтамыз. Солай болса да, жаңа үкіметіміздің аузы жақсы: «Шың Шысай қамаған ел адамдарының барлығын босатамыз, жастарыңды тұтқындамаймыз» дейтін үгіт ойға да, қырға да жүргізіліп жатыр». - Бағдарқан жағдайды осылай баяндай келе әке-шешемнің төте пікіріне көшіпті:

«Биыл жалшылықтың да жартымы азайып кетті. Жаяу саудадан дәнеңе өндіре алмай Биғазы шықты. Ақысы өнімсіз болса да, жалға тұрмаса болмайтын тәрізді. Биыл демалысқа келу-келмеу жөніңді өз ақылыңа салдық. Өз жағдайыңмен санасып көр. Үкімет жағы жол расхотына жәрдемдессе, сағынышымызды басу үшін келіп қайт. Ондай бір орай болмаса, тағы да өзің біл... Әйтеуір түрме туралы үкімет жақсы сөз айтып жатыр ғой, денсаулығыңды сақтасаң болды!» депті әке-шешем.

Осы сәлемді оқыған соң маған мықты бір бекім бітті: жаздық демалысқа қайтпайтындармен бірге күндік істеп, кірпіш құйып расход айырмақ болдым. Биыл демалысқа қайтпайтындығымды, өзімді өзім қамдап, жақсы оқи алатындығымды айтып, мен туралы ешқандай қам ойламауларын көп өтініп, үйге хат жаздым да, мектеп жатақханасында қалдым. Бірақ, сабақтастарымның бәрі қайтқанда, қабырғам тұтас сөгіліп бара жатқандай, бір түрлі жетімсіреген сезім баурай берді.

Біздің кластан менен басқа тағы екі оқушы қайтпай қалды: бірі, текестік қырғыз Түгелбай, ол да үйі алыстығынан жол расходы жетпей, менімен бірге кірпіш құюға, кірпіш табылмаса, күндік істеуге келісті. Енді бірі, жерлес болғанымен Ынтықбайларға болысбай, Қабенге сыбайлас жүретін момын ғана Момынбай атты сабақтас еді. Әкесі қамауда әрі ауру екен, «түрмедегілерді жақында босатады» деген сөз бойынша, босаса сүйемелдеп ала қайтайын деген үмітпен қалды ол.

Демалысқа қайтқандарды шығарып салған соң, Түгелбай екеуміз олардан қалған ескі шақайды, тозған киімдерді түгел жиып, сыпымыздың астына тықтық. Жұмыс істегенде бізден жұбын жазбайтын ең көнтерлі серігіміз солар болды ғой.

Ертеңіне-ақ үмітіміз маздап жана кетті. Бір гүй кетсе мың гүй келіпті дейтін құлжалық Юсуф Қасым да кедейліктен демалысқа қайта алмаған екен. Менімен келісе қалды. «Тышқан соғысындағы» сол сөзді айтқызған менің сөзім мен Тоқты Саматтың өліміне көрсеткен райым оған толық жағып, жақын сырласқа айналғанбыз. Оның үстіне текестік серігім жұмысқа темірдей шыңдалған, дәу жігіт еді.

- Жан күнде шешектемейді,- деді Юсуф Қасым, - Өзімізді тоздырмай, сенбі, жексенбі күндері дем алып істесек те пұл табамыз!

- Өлігіңе отырайын, кесек деген неменің күніне мыңын тастаймын!- деп Түгелбай ілесті де, үшеуіміз Үрімжінің батыс жақ шетіндегі «Хотангайға»1 тарттық. Құятын кірпіш сол күні түстен кейін табыла кетті: сол шеттен үй салмақшы бір ұйғырға сөйлесіп, Гоминдан ақшасы бойынша мыңына жетпіс сомнан жиырма мың кірпіш құйып беруге келістік. Кетпені мен қалыптары дайын екен. Құятын жерін көріп қайттық та, мектеп завхозына жалынып-жалбарынып жүріп тамақ расхотымызды айырып алдық.

Жұмыс таңертеңіне ерте басталады. Бұрын кірпіш құйып көрмеген маған бұл жұмыс алғашында машақат көрінгенімен, екі дәу өндіріп жіберді де, үш күн ішінде-ақ елпек кірпішшінің өзі боп төселіп шыға келдім...

Белгісіз жағдаймен үйіне қайтпай қалған Кәмен, әр күні кеште менің жатақханама келіп қайтып жүрді.

- Биыл қызметке шығатын жылым, қайда бөлетінін білуге қалдым,- дейді өзі.

Бөлген жерін оқу-ағарту меңгермесі адресіңе жолдай салмай ма, биыл бітіргендердің көбі солай келісіп үйіне қайтты ғой?

- Менің осы жерге қалғыш ойым бар, тіленіп те жүрмін.

- Тәртіп меңгерушіге жақынсың; ханзуша оқыдың. Әлде қашан естіген шығарсың, сені осы мектепке алып қалатыны сөзсіз ғой?

- Жоқ, бізге келгенде көзсіз меңгеруші сұмырайыңа сенбеймін!

- Тек!- дедім мен, - итағатшыл басыңа лайықсыз теріс сөз сөйлеме... Осыныңды естісе мойныңды жұлып алады меңгеруші!

- Сен деп қана айтып отырмын ғой Биға, басқаға емеуірінімді де білдірмеймін. Лаужаңның1 нағыз қанышер екенін көріп жүрмейміз бе?!

Меңгеруші туралы бұл сөздер мені шырғалау-шырмау үшін айтылып отырғаны түсінікті еді, мен үшін Ынтықбайлармен ұрысқан болып жүрген бұл тыңшы сол Ынтықбайлармен бірлесе көрсетіп, Қабен екеумізді жылдық сынауда соғып кетпеді ме!... Құйрығын бұлаңдатып тағы жетіпті. Сол «сұмырай қанішеріне» мені тағы жазып бермек қой!... Жәдігөй қашан да күле келеді!

«Ол қанішер болса, Қабен екеумізді одан да сұмырай қанішер санап көрсеттің бе? Қанішер деп алып, біздің қанымызды соған ішкізбексің бе!»- деген оймен түйіле қарадым. Бірақ, артын байқағым келді - «Менен тағы не іздер екен?!»

- Кәме, меңгеруші саған ешқашан қаншерлік қылған емес, өз қамқорыңды өзің даттама!- дедім төмен қарап. - Өзіңе жазығы жоқ адамды жамандасаң, жазығы бар адамды қайтпексің?... Бұл мінезіңді көтеруге болмайды, өзіне айтып қоярмын!

- Ал, қойдым Биға, қойдым!- деп саңғырлай күліп алды ол. - Бірақ, өзің мені түсінбейді екенсің, мен өз басымды ғана сыйлағанды жақсы көре берем бе?... Көпшілікке істегенін көріп жүріп көрмейтін не едім мен сонша!

- Не болсаң, сол бол, әйтеуір меңгерушінің жазығы жоқ саған!... Мен де өз мінезімді таныстырып қояйын, әрқандай адамның дәл өз қалпында көрінуін жақсы көремін!

Кәмен бұл сөзіме жіп таға алмағандай аңтарыла қарады маған. Мен төсегімді салып шешіне тұрып сөйледім енді:

- Жұмыстан шаршап келдім, ұйықтайын!

- Сенбі, жексенбі күндері дем алатындықтарыңды естідім. Ертең сенбі ғой, қайда барасың?

- Ешқайда... өзенге иә көлге барып кір жуармын.

Кәмен қайтып кетті. Өзенге де, көлге де сермеуім ізімді шалдырмау үшін еді. Қасымдағы Момынбай бүгін түрмедегі әкесін іздеп барса, қақпа алдындағы күзетші шақылдап, қуып жіберіпті. Құндақбай тұрған түрмеде екен. Жаңа Кәмен келердің алдында ғана соны айтып жасып отырған. «Түрмедегілерді босатамыз деп жар салуы қалай, бұрынғыдан бетер маңына жолатпауы қалай?!» Сабақтасымды ерте барып жолықтырса Құндақбайдан осы жайды да сұрағым келіп отырғанмын.

Таңертең ертерек тұрып, тамақты асханадан іштік те, қалтарыс көшедегі сол түрме қақпасына бардық. Қала формында жақсы киінген қазақ қызы қақпа қарсысындағы дауал түбінде тұр екен. Бізге қарап жымиды да:

- Жолықтырмайды екен!- деді. Менің сабақтасым арсалақтай барып қол алыса кетті онымен:

- Нұряш, қашан келдің?

- Жарты сағаттай болды. Әкеммен жолығып, қайтаратындай болса бірге кетейін деп едім. Күзенше шақылдап, есігіне де жолатпай тұр!

Қыз күліп жіберіп, күміс қоңыраудай сыңғыр-сыңғыр ете түсті де, тиыла қалды. Күле түссе екен дегендей, бағдарлай қарадым. Жалт-жұлт еткен тұп-тұнық, көкшіл көзді ақ сары қыз екен. Ал қызыл алмадай бетінің бояуы аса шебер суретшінің жаққан кіреміндей сұйылып барып, қызғылт сары, одан ақ сары түске алмасыпты. Сәскеден көтерілген күннің ыстық аптабында тұрса да, жазық маңдайы ашық жағадан аумағымен көрініп тұрған тоқ алқымы күн шалмағандай, нұрды ұялтқандай аппақ, бар бітімі жарасымды жаралған, тал шыбықтай жаңа өспірім бойжеткен екен. Омырауындағы знашогына қарағанда Нүй шуеюаннің оқушысы сияқты.

«Сіздер» деген сыпайы сөз тіліме қалай үйіріле кеткенін білмеймін. - Әнеу жерге таман, алысырақ тұра тұрыңыздар, қақпаны мен барып қағайын, танысым бар еді, алдымен соны шақырып сөйлесейік!

Олар көне кетті де, алыстай берді. Мен қара қақпаға келіп ұрып-ұрып қалдым.

- Сүй?!1- деп аржағынан сақ ете түсті бір ханзу сақшы.

- Мен, Құндақбайды шақырып беріңіз!- деп ханзушаладым. Ол зірк етіп бір-ақ тойтарды:

- Құндақбай жоқ!

- Бар! - дедім мен батылырақ үн шығарып. - Мен оның інісімін. Мені шақырған!

Мұнан соң зіркіл естілмеп еді, шақырған екен. Құндақбай шыға келді де, өткендегі әдісімен мені құшақтай амандасты. Әлгі қыз бен сабақтасым бізге қарай жүрді. Мен күбірлеп қана сұрадым:

- Кіруге бола ма, ағай?

- Мына жаңа келгендерің тым дүлей. Мен айтып, сөзге көндіре алмайтын болып қалдым!- деп Құндақбай жауабын бейғам ашық үнмен қайырды. - Ұлттықтардың ешқайсысын кіргізбейді. «Іздеп келген адамдарыңмен сыртта сөйлесіп, сырттан қайтар!» деп маған әдейілеп ескерткен!... Мыналар кім? - деп сұрады қыз бен жігітті нұсқап.

- Менің сабақтастарым. Осы түрмеде әкелері бар екен, соған жолығуға келді.

- Е, е, көргемін, келіп жүрген балалар екен ғой. Бірақ, кездестірмейді!- деп Құндақбай мені қолтығымнан ала аяңдады. Жолай ол екеуіне де ым қағып, қақпадан ауашарақ барып тоқтады. - Ұлттықтардан ешкімді жолықтыруды қойып тұр!

- Ағай, әкелерімізді түрмеден босатады деп естіп едік,- деп қыз сөйлеп кетті. - Сол үшін үйге демалысқа қайтпай күтіп жүрміз. Босатса бірге қайтпақпыз, қашан босатар екен?

- Сыртқа ғой ондай сөзді сөйлеп жатыр. Бірақ, ол сөз біздің қақпамыздан әлі кірген жоқ. Естуімше, түрмеден босатылатын адамдарды ұлттық ұйымдарға тапсырып, солардың кепілдігімен шығармақ. Бізді қойып, енді қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымын айналдырғандарың жақсы!

- Ағай, тым болмаса бір-екі ауыз сәлемімізді жеткізіп бере ме екенсіз?!- деп өтінді қыз.

- Олай болса, қысқа ғана жазыңдар, сыртына аттарын анықтап жазыңдар, мен жең ұшымен жеткізіп берейін!

Екеуі дауал түбіне отыра қалып, хат жазуға кірісті.

- Садуақас ағайға сәлем айтыңыз! -дедім мен. - Естіген шығар, Қуат демалысқа қайтты. Ұйым қарауына шыға қалса мен осындамын, іздеп, сұрастырып тұрайын.

Құндақбай «жеткіземін» дегендей басын изеді де, күбірлей сөйледі:

- Бауыр, бұрынғыдан да сағырақ жүруге тура келеді. Мынау күліп тұрғанымен тиіп тұратын жау!

Қыз бен жігіттің дайындап әкелген қағаздарын алып, сымының жан қалтасына екі қолын сала бас изеді де, жөнеле берді түрмеші. Үшеуіміз үлкен көше жаққа тарттық.

- Көп рахмет сізге! - деді қыз маған былай шыға бере. Жаңбырдан кейінгі ашылған аспандай тұнық көзін бір төңкеріп қалды. Мен қарағанда сол әдемі көздер бал-бұл жанып, ұзын кірпіктер лып-лып қағылды да, төмен қарап кетті. - Сіз болмасаңыз бүгін де тіл қатыса алмай кетеді екенбіз!

Өзім құрметтейтін адамға көрсететін ұяңдығым ұстап, мен үнсіз тұқия бердім. Қатар жүріп келеміз. Ортамызда сып-сыпайы сөз бастап, таныстық әңгіме қозғай берді Нұрия. Әдепті де, ашық та, көрегенді қыз екені байқалады. Сабақтасым әлгінде өздері оңаша тұрғандарында мені тәуір таныстырып қойған сияқты. Өзінің Қабенмен немерелес туыс екенін, өз үйі тауда болғандықтан, Қабеннің үйінде тұрып оқып, Алтайдан орталау мектеп бітіріп келгенін айта келіп, әкесінің тұтқындалу себебін де сөз етті.

Нұрияның әкесі Оспанмен құдандалы екен. 40 жылдың жазында Алтай сақшысы сол жақындық жайын біліп, сондай байланысы бар бірнеше ел адамымен бірге оны Оспанға елшілікке салыпты. Жұртты тыныштандыру, таудан түсу жайындағы «келіс сөзді» Оспан қатал тойтарып: - Қайтыңдар! -депті турасынан. - Есімқандарша алдап түсіріп, қырғызбақсыңдар ма? ...Біздің кімімізді алмады қолға, кімді алдамады?!... «Ақылсыз басқа тасырайған көз бітер, дуасыз ауызға сылдыраған сөз бітер», қорсылдап келіп сиқырлық қылмай, өздерің қосылыңдар бізге, әйтпесе жандарың барында жоғалыңдар!

Бұл сөзге Нұрияның әкесі күліп жіберіп, «рас-ау!» деп қалыпты да, шығып жүре беріпті. Елшілер тобы тағы да жауаптасып, үкіметтің «кеңшілік қамқорлығын» айтып жатқанда, бұл кісі атын ерттеп те қойған екен. Қалаға қайтып келісімен қолға алынып, 1941 жылдың жазғытұрымында Үрімжіге айдалыпты.

Осы жайды баяу ғана баяндап тынған Нұрияны момын сабақтасым арқадан қағып қалды:

- Бұл - құйыршықтың қызы!

Бұл - сөзге сыңғырлай күлген Нұрияға көзім тағы да тоқтай қалды білем, тұнық көгілдір көз тағы да төңкеріліп түсті де, толқып-толқып кеткендей болды. Сол толқынды қалпын бұзбай жауап қайырды:

- Маған жезде келеді бұл. Біздің ауылдың қызын алған соң бәрімізді жамандайтын болыпты. Әпекемізді ұзатпай тұрғанымызда, осы былтыр ғана мөлмеңдеп тұратын мүсәпір еді, енді мықтысынуын!...

Нұриямен бірге нүй шуеюаннің қақпасына келіп қалғанымызды бір-ақ білдік. Мен тұра қалып, хайыр-қош айта бастап едім, Нұрия қолтығымнан ұстай алды:

- Жатақханаға кіріңіз, күн ыстық, тым болмаса бір-бір шыны шай ішіп шығыңыздар!..

Ана-мына сылтау айтқаныма болмаған соң, ыңғайсыздана көніп, ілесе бердім. «Біздің жатақхана сияқты адамдары кеткен апалаң-топалаң жатақханада бізді күтуден қиналып қалар» деген күдікпен Нұрияның өзін аяп едім, оным бекер екен. Жақында ғана ақталып, тас кірпіш едені жуылған, тап-таза екі кроватты үй болып шықты. Гүлді бөкебай одеяло жабылған кроваттың бас жағындағы арқалы орындықты нұсқады маған. Қарсы кроваттың аяқ жағындағы бір орындықты менің қатарыма қойып, жездесін отырғызды.

- Сабақтастарымыз кетпеген кезде, осында төрт қыз тұрушы едік... Тар еді онда, екеу ғана қалған соң ақтап, тазартып алдық!- деді Нұрия. Хотандық бір сабақтасымен ғана қалған екен. Оның бүгін туысқаншылап кеткенін айтты да, костюмын шешіп тастап, қысқа жеңді қызыл кофтасымен ғана сыртқа шығып кетті, ақ білегі мен қоңыр жібек шолкиді ағартып тұрған тоқ балтыры, жұп-жұмыр алқымы көзімді бұлдыратып, ақ сазандай жалт бере сырғи жөнелді. Қылдырықтай аш беліне түскен қос қоңыр бұрымы бұлаң ете түсті есіктен. Кроваттың төменгі жағындағы үстел үстінде қоңыр былғары чемодан тұр. Жарқыратып, таза сүртіпті де, жуған киімдерін дәзмал (үтік) салып қаттап, соның үстіне қойыпты.

Жатақханасына қыста келгенімде Халима да осындай пысық көрініп еді. «Ие, бірақ ол қыршаңқы сонсын әдейі істейтіндей сезілетін, жасанды қылығын байқатып алушы еді ғой. Кәрі сайқал жасана-жасара жүрді де, жалп ете түспеді ме «сары пагонға!» деймін ішімнен. - Оның жаңа жылда мектептен шығып алып, сол пагонға тиіп кеткенін есіме алдым. - «Оқу емес, жігіт іздеп келген екен ғой сонда!»

- Сені бағана жеткізіп-ақ таныстырдым,- деп күлімсіреді Момынбай, - біздің балдыз қалай екен?

- Не қалайын сұрайсың, жақсы!..  Ал, мені не де...

Нұрия көк шаугімімен шай алып кірді де, сөз үзіліп қалды. Чемоданын алып, кроватқа қойды да:

- Жездетай, үстелді көтерісіп жібер!- деді сабақтасыма күлімсірей қарап. Үстелді ортаға қойып сүртті де, дастарқан жасады. Қант, кампит, прандік, бауырсақ, сары май жеп шәй іштік. - Сіздің Қабен ағамен, мына жездеммен сабақтас екеніңізді естідім, демалысқа неге қайтпай қалдыңыз? - деп сұрады менен.

- Әке-шеше кедей, үй алыс, Дөрбілжінде... әрең жеткен Үрімжімді қимай қалдым.

Қыз маған бағдарлай қарап қойып, демін соза алды.

- Келер жылы жазда бір байқап көремін ғой.

- Әкем шықса демалысқа барып қайтам ғой деп жүр едім. Жақын арада шығар ма екен?

- Үкімет жариялағалы көп болды, сол сөзінде тұрса уақыты жетті ғой; қашанға дейін тіл емізе бермек!... Ал, әкеңіз тез арада шыға алмай қалса, қайтасыз ба?

- Шыққанша күтемін де... сағынып кеттім! -дегенде көкшіл көзі мөлдіреп, жасауырай қалды. Ар жағынан лықсып келе жатқан ауыр өксуді тоқтатуға тырысты білем, шынысына төніп алып, тез-тез ұрттады шайын. - Әкемде туысқан іні де, ұл да жоқ,- деп қайта күлімсірей қарады көз астымен. - Біз үш-төрт қызбыз. Мен - үшіншісімін... үйдегі үлкені менмін, алдыңғы екі әпкем.... кеткен.

- Ол екеуінің бірі сенде ме?- деп күбірледім сабақтасыма. Нұрия естіп қойып, күліп жіберді:

- Жоқ, туған әпкемді мұндай ынжыққа берем бе, мұның алғаны - біздің жақын туыстың қызы.

- Е...е,- деді Момыным асау қалжың титығына тиіп кеткендей, - өзіңді қосалқылыққа аламын әлі, ынжықтың кереметін сонда көресің!

- Қыртпай отыр!- деп қалды қыз, күлімсіреген бойы қызараңқырап.

Жезде қанша момын болғанымен балдыз алдында мойын сала жүгірмей ме. Менің Момыным батылдыққа енді жетті:

- Ән салшы, ей, Нұрия!... Мына қыз қиын әнші! -деп қойды маған бір қарап. Іле-шала мойнын қыз жаққа бұрып, мені мақтай жөнелді. - Біздің Биғаш та әнші, саған ерсін!

- Солай ма?- деп қыз, «шын ба?» дегендей қарады жездесіне.

Момынбай жан қалтасынан апыл-ғұпыл қойын дәптерін іздеді.

- Солай тұрмақ, мұның өлеңін көр, сен!

Бетімнің дыз етуінен жүзімнің қызарғанын байқап төмен қарай бере бұрылып күбірледім:

- Оны көрсетіп қайтпексің, ырылдасқанымыз әшкереленіп қалады ғой!

Қыз менің бұл сөзіме аңырып қарап күлімсіреді. Момыным дәптерін ашып, жініге ұсынды қызға:

- Мына өлеңмен біздің ақындарымыздың мойнын астынан келтірді! Тоқтай тұр, - деді сонан соң, енді алып оқи бастаған Нұриядан дәптерді қайта жұлып алып, бас жағын ашып ұстатты. - Алдымен басындағы өлеңдерді оқышы! Қара тақтада үлкен айтыс болған. Биғабілдің қалай сойғанын сонда түсінесің!

Момыным шаугімді жерден ентіге алып, «ішпеймін, қайтайық» дегенімді тыңдамай, екеуміздің шынымызға шайды баса-баса құйды. Шынтағын дастарқанның дәл ортасына тірей еңкейіп, ондағы айтысқан авторларды, өлеңнің шығу жайын таныстыра отырды сонан соң.

Қыз күле оқып шықты да, ойланып қалды.

- Ынтықбай, Салық ағалар сондай ма екен, ей?!

- Сондай ма екенің не, солардың бүлігінен қысы бойы бас ала алмадық. Өзге жерліктердің, әсіресе мына Биғабілдің үстінен шағым жүргізіп, бар кітабымызды мектеп бастығымызға алғызып қоя жаздады. Сонда да осы Биғабілдің жауабы құтқарып қалды бізді.

Нұрия мен туралы мақтауды елеусіз қалдырғанси берді. Менің содан қысылып отырғанымды білгендей. Ол жайын маған қарамай қоюынан аңғардым да, сол сезгірлігі үшін де жақсы көріп отырдым.

Қабен аға да жақсы-ақ айтқан екен! Сонысына үшеуінің бірдей жабылып, аузына келгенін айтқаны несі?!

- Биғабіл осы өлеңін сол үшін жазып еді. Бұған ешқайсысы жауап жаза алмады да, бұл келіп партасына отыра бергенде Шақан артынан келіп, басына қойып жіберді!

- Ұйба...й!- деп қалды қыз.

- Сонан соң бәріміз жабылып, үшеуін итше тепкіледік...

- Жә,- дедім мен шәй ішіп болғанымды білдіріп,- көрісе салып ақындығымызды да, батырлығымызды да айтып болдық, енді қайтайық!

- Жоға,- деді қыз төмен қарап,- мынаның айтып отырғаны ғой, қызық екен!... Отырыңыздар асықпай!- деп орнынан тұра шәугімді алып, менің шыныма ұмтылды. Мен рахмет айтып, шыныны бермей қойдым.  - Және бір шыны құйып қояйын!

- Жоқ, рахмет, көп іштік!

Момыным тағы да селт ете түсті:

- Үй, мен екеуіңе ән салғызайын деп отырып, әңгіме айтып кетіппін ғой! Айтыңдаршы қане, екеуіңді өзім бір салғастырып көрейін!

Кейінгі сөзіне ыңғайсызданып, Нұрия еңкейіп алды да, мен тұқыра түстіп:

- Нұрияш айтса ғой тыңдағышым бар, өзім айта алмаймын!

- Жоқ, менің де ұялшақтығым ұстап қалды!- деп қыз қызара күлімсірегенде мен орнымнан тұрдым:

- Олай болса, қайтайық!... Ұстамаған кезінде естірміз!

Сықылық қаққан қыз да орнынан тұрды:

- Қайтасыздар ма енді... жездеке, мына дәптеріңді мен алып қалайын, ертең келгендеріңізде аларсыздар.

- Ертең келетінімізді қайдан білдің?

- Сабақ жоқ, боссыздар ғой, әр күні келіп тұрарсыздар!

- Алсаң ал, бірақ ешкімге көрсетпей өзіме тапсыр!...

Нұрия бізді қақпа алдына дейін шығарып сала келді де келіп тұруымызды тағы өтінді.

- Мен ғой сенбі, жексенбісіз босай алмаймын!- дедім мен.

- Басқа күндері не істейсіз?

- Бір-екі сабақтаспен бірлесіп жиырма мың кірпіш көтеріп алғанбыз, соны құямыз.

- Кірпіш?!

- Иә, расход айыра жатайық дедік.

Қыз ойланғандай біраз қарап тұрып барып үн қатты:

- Онда... ертең жексенбі... келіп тұрыңыздар! Әкем туралы қазірше қазақ ұйымына ғана барып сұрастырып тұрамын ғой, солай ма?... Басқа уақыттың бәрінде жатақханада боламын.

- Зеріккенде сіз де біз жаққа барып тұрыңыз, мына жездеңіз екеуміз бір жатақханадамыз.

Қыз бас изегендей ғана күлімсіреп тұрып қалды да, біз қайтып кеттік.

- Албасты бассын сені!- дедім былай шыға бере. - «Екеуіңді салғастырып көрейін» дегенің қай шатқаның?... Сол сөзіңнен ұялып, ән салмай қоймады ма?

- Е...е... солай деппін-ау, иә!... Бәсе, неқып қылымси қалды десем!... Сөйтсе де осы жолы бір көргенде-ақ саған мықтап сүзілдірдім-ау деймін. Әй, өзің де пәлекетсің ғой, кірпіш түгіл боқ құямын десең де, Құдай біледі, қандай безер қыз болса да, көзін бір сүріндірмей қоймассың-ау!... Бірақ, жігітім байқа, біздің балдыз қиын. Талай сиқыр төніп оқығанда да саусағының ұшын ұстатқан емес. Күліп тұрғанымен ішінде такаппарлығы зор.... Мұның әнін естісең!... Былтыр осы жаққа жүрерде Алтай «құлыбын» бір күңірентті бұл бұлбұл!..

Момыным балдызын жатақханаға жеткенше мақтады. Мені қиын ұшпадан бір ұшырмақ сияқты. «Бірақ, ұш дегенге ұша жөнелетін күйім қайсы менің?!... Қыз деген құйын сияқты, бір соғуын соғып қалса да, бұлт етіп өз ыңғайы келген жаққа жөнеле беретін көрінеді ғой. Оған ұшып, қаңбақ бола бермеймін! Ағалар үйленіп, өз тұрмысым сол құйынды бұлтартпай үйіре алатын жағдайға жетіскенінде бір-ақ көрмеймін бе! Бұл масқаралықты қой енді, Ынтықбайлар онан әрі күліп, біздің қарындас аузына теуіп кетті деп жүрмесін!» - Осылай ойладым да сабақтасым балдызының құнын асырған сайын басыла бердім...

Ертеңінде таңертең орнымнан тұрып, жуынып жатқанымда Кәмен жетіп келді:

- Кеше кір жуып болған шығарсың Биғаш, жүр енді, мен сені бір сейілдетейін, тамақты көшеден іше саламыз.

- Бүгін сабақ пысықтаймын, Кәме!

- Ойбо...й, жас басыңнан жүрегің өліп қалған неткен жансың?! Өзі жаздық демалыс, өзі жексенбі!... Қой мұныңды, ісек те емес тоқты кезіңде қартаюыңа сені қоймаймын! Менімен бір рет бірге жүруге осынша неге бұлдана бересің, кісінің көңіліне келетін істі қыла бермеші, жүрші!

Бұл сөзге басқа жал айтуым қиынға соқты. Тым қиын да болмас еді-ау, бірақ, осы иісші менен не іздеп жүргенін білгім келді. Күле көндім де ере жөнелдім. Жаңа киініп жатқан Момынбай көзін бір қысып қойып:

- Осы ұзын көшеден табысармыз, мен де шығамын!- деп қалды.

Кәмен екеуміз Совет азаматтары клубының қарсысындағы аспұзылға кіріп, самса жеп, шәй ішіп шықтық.

- Енді қайда барамыз? -дедім.

- Қазақ-қырғыз ұйымына кіріп шығып, төмен құлдаймыз, анау күнгі айтқаным есіңде бар ма, соны көрсетемін.

Онысы қалыңдық көрсету болса керек, ана жолы бір айтқанында бармай қалып едім ғой. Мен әйелді көп көрген, кезеген кәрі мыстандай-ақ, «сен бір сынап көр» деген сонда! Ол немесінің қандай екенін бір көргенде қайдан біле қоймақпын, бір сұлуын көрсетіп, мақтанбақ шығар, әлде, сол көрсетуінің астарынан мені анықтап көрмек шығар, мейлі!» деп қатарласа бердім. Үлкен көшеден Бахуланға қарай ойысатын бір бұрма көшенің аузынан өте бере тұра қалды Кәмен.

- Кітап дүкеніне кіре шығайықшы!- деді сыбырлап қана.

- Қайдағы кітап дүкені?!

- Әлгі... кітап сатып беретін дүкенші?!

- Кітап сатып беретін дүкен бар ма?

- Білмейсің бе?! ...Өздерің алып оқып жүрмейсіңдер ме? Басташы, мен де алып оқиын деп едім!

- Жоқ, бізде кітап жоқ. Былтыр күзде аға оқушылардан алып оқыған едік, кейін табылмайтын болды. Өзің білсең көрсетші маған.

- Жүр онда іздеп көрейік.

Тағы да біраз құлдап Совет азаматтары ауруханасының қақпасына келдік.

- Осында дейді, басташы қайсы үй екен!

- Ей, Кәмен, білмейтін жайым үшін мені сынай берме, білетін болсаң өзің баста, барып көрелік, білмесең әурелеме, өзім кітап іздеп жүргенім жоқ!

- Онда, кейін бір іздеп табармын, жүрейік! Менен іздейтін мәселесінің бірі осы екенін енді түсіндім. Қазақ-қырғыз ұйымының алдына жеттік.

- Алдымен осында кірейік!- деп Кәмен қақпаға бұрыла бере төменгі жаққа қарап тұра қалды. - Келе жатыр, келе жатыр, осы жерден тосайық!

- Кім?

- Әнеу күнгі айтқанымшы, есіңде бар ма?- деп, жаңағы аспұзылда айтылғанын ұмытып тағы қайталады. Суретке түсетін адамша сары мешпетінің жаға-жеңін түзеп, оң жағына жыға тараған сарғыш шашын сылай түсті. Сымының жан қалтасынан қол орамалын алып, мұрнын сүртті. Бір түрлі жаңа іс бастайтын адамша ресми жігерге келгендей, сарғыш өңі сұрғылт тарта түсті.

Төменгі жақтан, көшенің оң жағымен келе жатқан әртүрлі жүрістегі әйел затының қайсысы екенін бір Құдай мен осы Кәмен білмесе, мен қайдан білейін. Тұспалдап тани алмаған соң өзім жыға танитын Кәменімнің жүз құбылысын аңдумен болдым.

- Осы қызды сен мұқияттап байқашы!- деп сол жақтан көз алмай күбірлегенде өңі сәл қызғылт тартты. Сирек қасы дір ете қалып, шашы басып тұрған тар маңдайы жиырылып барып жазылды. Амандасуға ыңғайланғандай, тамағын кенеп қалғанда, оның кірпік қақпай қадалған нысанасына жалт қарадым. Кешегі Нұрия көзіме оттай басыла қалды! Кешегі киімін ауыстырып, ақ кофта мен қызғылт-сұр юбка кигендіктен, алысырақтан тани алмаппын. Қыз ұмтыла барып амандасқан Кәменнің қолынан қолын тез айырып маған ұсынды.

- Танымайтын шығарсың, Нұряш, бұл - біздің мектепке былтыр күзде келген жаңа оқушы, аты Биғабіл!- деп сонан соң қызды таныстыра жөнелді. - Мына бойжеткен біздің Нұрия атты бикеш, Нүй шуеюанда оқиды!

- Танысатын шығармыз,- деп күлімсіреді қыз,- көріскенбіз!

Кәменге айтқан өтірігімді ашып, кеше көріскенімізді айта салар ма екен деп едім, оны қозғаған жоқ, әңгіме амандық сұрасуға ауып кетті.

«Қалыңдығы осы Нұрия болғаны ғой, кеше қайтып келе жатқанда, қыздарды құйынға теңегенім есіме түсе қалып, «бәсе!» дедім ішімнен - «жаңбырдан кейінгі ашылған аспандай тұнық» көз қаншалық тереңсінгенімен, жездесінің айтқанындай, «ешкімге қол ұшын ұстатпау» қайда, әлдеқашан маталып, қалыңдық болып та кеткен қыз екен ғой... Япыр-ай, мына сұмырайға қалыңдық болуын қарашы өзінің! ...Қой сүйкімдім, маған ұшқын атпай-ақ қой енді! «Сұлудың жүзі алдауға бейім» деген мақалды естіп жүрген «нәресте жігіт», құйын желі айдауға бейім екенін де біліп болды, домалай қоймас!»

Кәменнің жалбақай сұрауларына бір-бір сөзбен ғана жауап айтып тұрған Нұрия маған жаутақ-жаутақ қарай берді. «Қой, сүйкімдім...» деген оймен дарытпай, биіктеп қарадым. «Мыстаным сынай түссін» дегені ме, әлде одан басқа қыры бар ма, Кәмен арзан сөзін алтындай жарқыратып, жаудыра түсіп еді. Нұрия тыңдағысы келмегендей, маған бұрылып алды:

- Жездем қайда?

- Жатақханада.

- Мен Сандұңбидегі1 бір сабақтасымның үйіне кетіп барамын. Жездем біз жаққа бүгін бармақ еді, мені іздеп алыс жол жүріп қалмасын, сіз тезірек айтып қоямысыз?!

- Өзіңіз жолдан кіре кетпейсіз бе?

- Тым асығыспын, жатақханасын да білмеймін!

- По, ылғи асығып жүретінің-ай, сенің!- деп Кәмен кимеледі. - Күләннің үйіне барарсың. Өзіңді іздеп келе жатыр едік. Сен сонда бар да Күләнді ертіп шық, біз бірге барып, таяу жерден тоса тұрайық!

- Жоқ, тоспай-ақ қойыңыз, Күлән екеумізді бір ұйғыр сабақтасымыз қонаққа шақырған!- деп Нұрия жөнеле берді.

- Қап!- деп қалды Кәмен. Нұрия жеделдете жүріп алыстай бере кілт кідірді де:

- Биға!- деп шақырды мені. Онан соң кері бұрылып асықпай жүріп келіп тоқтады да, өзіне беттеп келе жатқан маған (Кәменге естірте) дабыстап сөйледі. - Биға, ренжімесеңіз, менімен бірге жүріп, жездемді жатақханасынан шақырып берсеңіз!- дегенше мен де жетіп бардым. Нұрияның шырайы енді сәл қызғылт тартты да, тұқыра күлімдеп, күбірлей сөйледі. - Кеше жездем екеуіңізді бүгінге шақырып қалып едім ғой. Бүгін сіздің келмей қалатыныңызды біліппін, өзім ертіп қайтуға келе жатыр едім. Кәменге өтірік айтпасыма болмады. Бұл желімді қалай жабыстырып алғансыз?!

- Алдымен сіз өзіңіз жабыстырып алған желім екен ғой?!

Қыз күліп жіберді.

- Оның жайын жол-жөнекей естірсіз. Анаған «жатақханаға барып шығамын»,- дей салыңызшы!

- Ой, Кәме,- дедім артыма қайрылып,- мен барып мына қарындасқа Момынбайды тауып берейін, асығыс жұмысы бар екен!

- Мен де барамын онда!

Қыз оған іле жауап қайырды:

- Сіз әуре болмай-ақ қойыңыз!

Бері жылжи түскен Кәмен мына сөзден соң қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымына қарай теңселді.

- Кәме, «мұқияттауды» ұмытпаспын, ә!- деп Нұриямен бірге жүре бердім.

- Мақұл,- деп қарқылдап күлгенсіп ол қалды,- мен ұйымнан күтемін, тез кел!

Нұрия көзінің қиығымен күлімсірей қарап, күдіксіне сұрады менен:

- Не дедіңіз?... Мұқияттауыңыз не?

- Өзінің «мұқияттап байқашы» деген өтінішіне қайтарған жауабым ғой.

- Кімді мұқияттап байқа деп еді?

- Сізді.

Қыз күліп жіберді, сыңғыр-сыңғыр ете түсіп бір іркілді де, тағы күлді.

- Не үшін мұқиятта дейді мені?

- Сіз оның қалыңдығы екенсіз ғой,- дегенімде қыз маған аңыра қарап алып, басын төмен сала шытынып қалды, - түнеу күні айтқан,- деп жалғастырдым сөзімді, - жаңа келе жатып тағы өтінді. Жақсы-жамандығыңызды, қалыңдық болғаныңызға дейін мұқияттап айыра алмай жүрген сияқты.

- Осыған да жеткен бе бұл суайт!

- Сіздің сол қалыңдық екеніңізді кеше білмеппін. Мұқияттаудың сәті енді түсті.

Қызда қатты күлкінің қыстығуы бардай, тағы да іркіп-іркіп күле берді:

- Сіз маған осы жағын айтып алып, ашықтан-ашық сынамақсыз ба?... Олай болса, мен өзімді жобішенкіде түсіндіре қояр ма екем?

- Әйтеуір, Құдай басқа салған соң, шамамызша мұқияттап көреміз де!

Қыз онан сайын қыстығып, онан сайын күлді.

- Олай болса, қиналмай-ақ жамандай беріңіз мені,- деп, күлкісін тия, шындап сөйледі енді,-жерлестігін айтып танысып, біздің жатақханаға бір-екі рет барған. Мен де сыйлай күткемін. Сонымды жақтырып қалғандыққа санаған екен ғой! Енді құтыла алмай жүрмін, өзі тәйни екен. Көрсе-ақ ағаш желімдей жабысып, әр нені айта беретін болды. Сізге де сауап керек шығар, қалай жамандасаңыз да осыдан мені құтқарыңызшы!

- Қалыңдығымды мұқияттап бер деп жабысқалы көп болған. Олай болса, сізді сынатып алу үшін емес, басқа бір қырымен айтып жүргені болды!... Бүгін көшеге шықпаймын деген еркіме қоймай, жығыла жабысып ертіп шықты.

- Сізге Ынтықбайлар қатты өш екен ғой, сол себеппен мені емес, сізді өзі «мұқияттап», орға жыққалы жүрген шығар. Естуімше, нағыз қандестің өзі сияқты. Мұнан соң жақын жүрмеңіз!... Бүгін өзім келмесем, біздің жатақханаға... барсаңыз да осы пәлемен бірге барады екенсіз. Онда мен тымырайып алар едім де, әніңізді ести алмай қалады екенмін... Оқу тоқтап, сабақтастарым қайтқалы ішім пысып, зерігіп жүрмін. Бүгін ән естіп, бір жеңілдеп қалатын болдым!

- Мен ән салуға емес, тыңдауға барайын, әнші емеспін!

- Мақұл, бірақ мен мұқияттаушы емеспін,- деп күлді Нұрия, - әлгі Күлән деген сабақтасым да біздің жатақханада тосып отыр...

Момынбай алдымыздан шыға келді. Кәменнің алыстан шолып келе жатқаны байқалған соң із тастап сырт көшемен жөнелдік... Нұрия «мұқияттаушы емеспін» деді ғой, менің де мұқияттарлық жағдайым жоқ екені белгілі. Әйтеуір бүгін де жаздың кешегідей жайма-шуақ, жақсы күні екенін сезінемін. Әсіресе Нұрияның көзі көріп келе жатқан аспанымнан да жадыраңқы, аса тұнық, тым көңілді көрінеді...

Бау-бағы болмаса да жұмбақ себеппен ұжымақтай көрінген кешегі жатақханаға тағы келдік. Кроватта керіліп, кітап оқып жатқан тағы бір аппақ қыз атып тұрды, реңі Нұриямен ұқсас болса да, табиғаттың бұған да берген бір ерекшелігі бар сияқты, сәл тұқыра қарайтын тікшелеу қара көзі күлімдеп, ұшқын ата тұрды. Нұриядан жуантұғырлау, сәл аласарақ көрінгенімен, желіге байланбаған күйлі құлын мүсінді, қаншалық бір тоға жігіт болса да, жонынан сылай түскісі келетіндей қыз екен.

Біз де жымия қарап амандастық. Бірімізді бірімізге Нұрия таныстырды. Күләннің осы мектепті биыл, жақында ғана бітірген, бұрын құтыбилік, қазір үрімжілік қыз екенін ұқтық.

Молла алдындағы шәкірттей ибалы қалпымызбен, дүниедегі бар оқушының әдеп-ұятын арқалағандай ауырлай келіп отырдық. Келіншекті - балалы сабақтасым осы қыздардың беті ашылмаған келініндей-ақ менен ары тұйықтала түсті. Қыздар шай мен дастарқан дайындығында жүргенде:

- Ей, Момыным,- дедім сыбырлап, - балдызың тағы да «ынжық» деп, борбайыңнан түртіп қалмай тұрғанда өжеттеніп ала қой!... Балдыз деген басынып алса қиын, өзіне соқтыға бер!

Момынбай серги қалды, өзі де «ынжық» дегізуден әбден ерқашты болғандай.

- Балдыз, ей балдыз,- деп қалғанда Нұрия жалт қарады, - мұнда келіп, тіземе біраз отыршы, шәйді сонан соң ішерміз, әпекеңді сағынып жүрмін!

Нұрия оған таңданғандай қарап алып, маған сөйледі:

- Жаңа бірдеме деп сыбырлаған сияқты едіңіз, қайрап қойдыңыз-ау деймін, әйтпесе бұл ынжыққа мұндай өнер қайдан бітті?!

- Жоқ, ойбай, өзімді қайрайтын біреу таба алмай қиналып отырмын. Жала жаба көрмеңіз! Жездеңіздің сүйегінде барын білмейді екенсіз-ау!

Бұл сөзіме Күлән сүйінгендей, ашыла күлді. Расында өзімді баса қалған ояңдық бұлтынан серпілу үшін қайрап едім, еңбегім бекер кетпегендей, дастарқан жайылып, шай құйылған соң ойын-әзіл сөз ойнақшып шыға берді.

Нұрия күле жалғастырды сөзін:

- Мені жездеммен сүзістіріп қойып «мұқияттау» үшін қайрағаныңызды біліп отырмын.

- Жоқ, оныңыз жаңсақ болар, өзімді мұқияттағысы келмейтін адамды мұқияттайтын жынды емес шығармын!

- Ей, қыз, әпекең мені былтырдан бері қанша қайрағанын білмейсің бе, жала жаппасаңшы елге! Қазір мен қылшылдап жүрмін!- деп кіріскен жездесінің сөзін елеусіз қалдырған Нұрия маған бағдарлай қарап, сөзімнің төркінін іздеді:

- Сіз бағанағы бір сөзімді көңіліңізге алып қалған сияқтысыз ғой?!

- Жоқ,- деп мен тұна түскен көгілдір көзге баға қарадым, - қандай санамен болса да, бір-біріне назар салмайтын адам болмаса керек. Солай да қадағалап мұқияттаспауды жақсы көремін. Сол сөзіңізге дән ризамын!

Ойлана қалған Нұрияның назарын тізелесіп отырған Күләннің сұрауы бөлді:

- «Мұқияттау» дегенің немене, қайдан шыққан сөз?- деп күбірледі ол көзі күлімдей түсіп. Нұрия оның құлағына қолын далдалай сыбырлады да, Күлән сықылықтап күле берді.

- Ақымақтық қой мұнысы!- деп тына қалған Күләннің көзі менің көзіме ұшыраса кетті де, лып өтіп Нұрияның көзіне тоғысты. Қосыла тағы сыңғырлады қос қоңырау.

- Нұрияш, бізге де айтсаңшы өздерің күле бермей! -деп Момынбай аңқиып еді. Нұрия шай құя отырып жауап қайырды:

- Құлағыңа алтын сырға жездетай!... Саған лайық сөз емес, естімей-ақ қой!

- Е, жастар арасындағы сөз болса, қойдық. Осы күлкілеріңнен жарылқасын!... Ішімді пысырмай өлең айтып беріңдерші онда!

- Өлең бастан басталмай ма, отағасы, өзің баста!

- Өлең кәрінің не теңі, жастар бастайтын!... Ауылдың алты ауызы деген де бар емес пе?!

- Кәртейіп ала қоюында да мән бар екен-ау, қуын өзінің!- деп қойып, Күләнға қарады Нұрия. - Ал, тілеген «алты ауызын» айтып-ақ берейікші!

Нұрия «Ағажай» әнін үйіре төңкерілтіп бастай жөнеліп еді, Күлән қосыла кетті. Екеуінің бірге айтып машықтанғандығынан ба, иә үн, саздарының табиғи ұқсастығынан ба, бір ғана күміс көмейден шыққандай сылдырап, бір ғана сыбызғыдай сорғалай жөнелді. Екінші шумағын айтқанда ғана аңғара бастадым, ән әуені өрлегенде Нұрияның үні айқындалып, тым айшықты, әсем толқиды екен. Асуға өрлеген сайын жазылатын тұлпар бауырындай, аспандаған сайын қайқаятын қыран қанатындай тым өрісті үн сияқты. «Қыз Жібектің ақмаралына» жеке бір жіберіп алар ма еді өзін!.. Өзі де нағыз ақ марал ғой, білер ме екен?!... оны білмесе «Гаккуді» өтініп көрейін!... бірақ, оған жеке айтқызудың жөнін қалай келтіруге болар?!...»

«Ағажай» айтылып бола бергенде осы ойға кетіппін де, мелшиіп отырып қалыппын. Күләннің күбірінен оянғандаймын:

- «Мұқияттап» отыр,- деп ол күбірлегенде, маған Нұря да бір қарап алып, Күланға қосыла сыңғырлады.

- Жоқ, әндеріңіз есімнен тандыра жаздада... «Ақмаралды» айтып жіберіңізші!

Мен Нұрияға ғана қарап өтіндім де, ол ыңғайсызданғандай қызара күлімсіреп тойтарды:

- Олай әсірелесеңіз, айтпаймыз.

- Сізді әсірелегенім емес, өз әлсіздігімді айтқаным ғой.

- Ал, айтып-ақ берші!- деп Күлән құптады. - Өтінді ғой, «ер мойнында қыл арқан шірімес».

Мына сөзімен қу қыздың өзіме тұзақ тастай қоюынан қысылыңқырап едім. Нұрияның сөзі тынысымды кеңіткендей сезілді.

- Олай болса, сіз де қосылып айтыңыз, менің білетінім толық емес қой деймін.

Жеке айтып қиналмай, мұндай бұлбұлға ере кету қарғаға да сәтті орай ғой, мақұлдық білдіріп қосыла кеттім. Бірақ, оның шалығына ілесіп, шарықтау шегіне бірге шығу қайда, өрлей бергенде жарты дауысқа түсе қойдым да, өзі күткен сынды кезеңде «мұқияттап» тыңдай ілестім. Тұспалым дұп-дұрыс шықты, тотыдай сыланған осы бір әнді одан әрі құлпыртып, құйылтып жібереді екен.

- Сіз матившыл екенсіз,- деп қойды өзі маған төмендей қарап. - Төмен алған даусыңыз өте келісіп шықты.

- Бұлбұлға ілескен қарға да бақытты болар?!

- Әне,- деп ол және ыңғайсыздана күлімсіреді,-тағы да асырып жібердіңіз.

Мұнысы қылымсу емес еді, мақтаудан расында да қатты қысылатыны байқалды.

- Енді Күләштің «Гәккуін» өзіміздің Күләш орындаса қалай, көпшілік?- деп едім, балдыз бен жезде құптай жөнелді. Күлән іркілмей бастады да, Нұрия қосыла кетті. Маған «сен де қосыл» дегендей тұңғыш рет «сен» деп атағандай болып жұмыртқадай жұп-жұмыр иегін көтеріп қалды, өзімсінген достың батылдық шырайы жарқ ете түсті. Айнадай тұнық көзінен өзімді көргендей қадала түсіп қосыла жөнелдім.

Екі қыз бұл әнді де тамаша орындады.

- Ал,- деді Күлән көзін маған күлімдете қадап,- «Ауылдың алты ауызы» айтылып болған шығар. Енді «қонақ кәдесін» тыңдайық!

Мұндай әнші қыздардың қасында отырып жеке ән орындаудан көрі алқымнан ала буындыруды жеңілірек көретін мен бұл жолы сол ауырды жеп-жеңіл көтеретіндей рай байқаттым; әлгінде қыздардың бастаған әніне ілесуім де, шынымен балқуым да шабыттандырғандай. Әсіресе қыздар тәлімсімей орындап отырғанда менің тартынуым тым оғаш болады ғой, «Айнамкөзді» іркіліссіз көтере жөнеліп едім, Құдайым қолдап, аруағым жебегендей Нұрияшым қосыла кетті де, шырқатып әкетті. Бұл ән жәннәттің кәусарындай тәтті сезілді өзіме.

Ән аяқтаған соң бажайлағанымда қыздардың жүзі де албырап, бал-бұл жанып кеткендей көрінді. Бұдан соң да бірнеше әнді қосыла айттық. Өмір қасіретін шертетін мұңлы «Дүние-ай» мен «Япыр-ай» да, махаббат-құштарлықтың құлақ күйі - «Айттым сәлем қаламқас» пен «Көзімнің қарасы» да айтылды. Бәрінде де Нұрия төтенше ынтамен, айрықша нақышпен мұратына жеткізе толқытады. Әнге қалмай ілесіп, бірдей толқытып отырған Күләннің жүйрік көзі Нұрияның мұншалық ықыласынан әлде не іздегендей күлім қағып, екеуміздің жүзімізге кезек аунайды. Бірақ, мен Нұрияның ән өнеріне берілген үлкен дарын қызуынан басқа дерек аңғарғаным жоқ. Оның «сізден» «сенге» көшкендей, төтенше жақындық білдіргендей қарасын да «өнер сүйгендіктің нысаны» деп ұйғардым.

Қыздардың күні бұрын пысырып, дайындап қойған еті бар екен. Қазақ салтымен төртеу ара бір табаққа әзіл-қалжың рахатына бөге отырып, жеп болған соң, Момынбай екеуміз қайтуға ыңғайландық. Қақпа алдында шығарып салмақ болған Нұрия менімен именіссіз-іркіліссіз, ескі досынша немесе аға-бауырша қолдаса жүрді.

- Мен басқа күндері қазақ-қырғыз ұйымына, одан Күләннің үйіне барып қайтып тұрамын. Ал, сенбі-жексенбі күндері... Сіздерді күтіп, жатақханада боламын, үзбей келіп тұрыңыздар!- деді.

- Кәменше зеріктіріп алмасақ?- деп сыбырладым құлағына таман еңкейіп. Қыз сәл қызарыңқырай күлімдеді:

- Зеріктіру келіп тұрудан емес, келіссіз сөзден ғой, сіздер... зеріктірмессіздер!... Уатып, тербететін әндеріңіз бар екен. Бүгін бір сергіп қалдым.

- Зеріктірмеу жағынан уағда берейік, бірақ бізді келген сайын қонақша күтпеуге уағда беремісіз?

- Болсын!- деді қыз сыңғырлай күліп. - Одан қысылсаңыз қарасумен-ақ «қонақ қылып» тұрайын.

- Мақұл, онда.

Момынбай кірісе кетті:

- Мен бір шарт қосайын, сенбі күні сен барып тұр бізге!

- Желімі бар қақпаның алдынан өту де қиын,- деп қыз маған қарап күбірледі,- мен бармайын!

- Желімің не?- деп қадалған жездесін мен жетектей жөнелдім.

- Мақұл дей сал Момыным, жүр.

Сабақтасымды қолынан жетелей жөнелсем де, кешегідей емес, артымда бір қымбатты дүнием қалғандай қайрылып қарағым келе берді. Қарасам сезіктендіріп -  «зеріктіріп алармын» деген оймен мойнымды зорға көндіріп, жүз метрдей алыстағанда жалт қарағанымды сезбей қалыппын. Қыз қозғалмай қарап тұр екен. Тез қайрылып, жеделдете жүрдім. Тағы да соншалық ұзап барып, тағы да қайрыла қараппын, Нұрия әлі тұр. Жатақханасында қалған тағы бір қонағын ұмытып кеткен секілді. Енді қарамауға өзімді мықтап көндіргендей-ақ едім, бұрылатын көшенің мүйісіне жеткенде қайта қайрылып тұра қалыппын. Қыз әлі қарап тұр, бұл жолы «қош» дегендей, оң қолын көтеріп қалып, екі қолын желкесінен айқастыра керілді. Жүрегім шым ете түскендей сезілді өзіме.

- Біздің балдыз қалай екен, бәлем?- деп Момынбай күлімсірегенде бір-ақ біліппін, момыным тым қу екен, менің күйімді байқап келе жатыпты. Бетім ду ете түсті де үнсіз жүре бердім...

Нұрияның жатақханасына осыдан соң әр аптада барып тұрдық. Қосылып ән салыстық, қосарланып қатар отырыстық, қосыла күлістік. Сондай достықтан өзге рай көрсетіспедік. Құштарлығымыз қоштасып айрылысқан соң алыстан ғана жарқылдасады да, жақын келіскенде жасырына қалып, көздердің түбінен ғана ұшқындап қояды.

Нұрия қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымына келген кездерінде Кәмен екі-үш рет құсбегіше шырғалап шақырып көріпті де «түспей», ыңғайға көнбей қойған соң әтешше қанат сүйреп, алдын тоса беретін болыпты. Оған тоқтар түрі көрінбей қойғаннан кейін, соңынан еріп, қалмай қойыпты бір күні. Мектеп қақпасына дейін еріп келіпті. Жатақханасына баса көктеп кірерге, енді қырғиша түспек мінезге келгенін байқаған Нұрия қақпа алдында тұра қалып, ақыл сөзбен қайтара алмапты да үзілді-кесілді бір-ақ тойтарыпты:

- Аулақ кет, жабыспа!- депті жалғыз-ақ. - Аттаушы болма осы қақпадан, оқушы қыздар алдында масқараңды шығарамын!

- Нұрияш-ау, менің не жазығым бар еді?!... Жатағыңа кірейікші, түсінісейікші!

- Кірмейсің енді, келмейсің мұнда!... Сыртымнан не деп тон пішіп жүрсің, мен білмеймін бе!... Қашан қалыңдық болыппын мен саған!... Жоғал, көзімнен, қара жүз!

- «Қалыңдығың» не айтып тұрған?! Кім айтты?

- Кімнің аузын жаппақсың, бәрі айтты!... Бар қыздың көзінше бетіңе күйе жағармын, масқараланбайын десең енді келуші болма!

Нұрия сол сөзбен жатақханасына тартыпты да, Кәмен сүмірейіп артына қайтыпты.

Бұл жәйтті сол аптаның сенбісінде Нұриядан естіп қайтып едім, кешінде жатақханама Кәмен жетіп келді. Бұрынғы әдетімен күле келіп, әр нені сөйлеп отырды да, өзінше елеусіз ғана етіп Юсуф Қасымның жайын сұрады. Оның құлжалық екенін ғана білетінімді айттым.

- Бұрыннан дос екен десем... басқа ұйғырлармен мұндай жақындығың жоқ қой, қалай етене бола қалдыңдар?

- «Етене болғаның» қалай?

- Бірлесіп кірпіш құйып, көрісе қалғанда, күлісе қолдасып жүретіндіктеріңді айтқаным ғой.

- Бір мектепте сабақтас болған соң, ең кемінде түс таныс болмай ма? Түс таныстардың құятын кірпіш іздеп жүріп іс таныс бола қалуы қиын ба?... Соншалық көп ұйғырдың біреуінің таныстығын қимаймысың маған? Мұның несін сұрадың?

- Сендей тұйық жігіттердің жақындығы жоқ ұйғырмен қойындасып кетуін ғажапсынып сұрағаным ғой!- деп қарқылдай күлді Кәмен, «мені іздейтіні осымен екі болды» деп мен түйдім ішіме. Орнында шалқалап жатқан Момынбай сыртқа шығып кетіп еді.

- Әншейін сөз ғой,- деп Кәмен «жуа салды» бұл тергеуін. - Жә, Биға, сен әлгі Нұриямен өте таныс екенсің?

- Біздің Момынбайдың балдызы екен ғой, сонымен бірге жүргенде көшеде бір кездескенбіз.

- Қандай қыз екен өзі, жиы кездесіп тұрады екенсіңдер!

- Алғалы жүрген сенен жиі кездесіппін бе?... «Қалыңдығым», «сен бір көрші», «мұқиятташы» деп жүріп, енді «көп көріп қойыпсың» дегенің қалай?!... Көрмесем «көрмедің» десең, көрсем «көп көріп қойдың» десең, қай бабыңа көнейін енді сенің?

Кәмен су жұқпас пішінге келіп күле сөйледі:

- Биғабіл, сен күлдіргіге айналдырып барасың! Әнеу күні менің алдымнан көпе-көрнеу жетектеп әкеттің ғой, сонда «мұқияттауды ұмытпаспын» деп маған уәде беріп кетіп едің, қалжыңды қойып, сонда не сөйлескендеріңді айтшы маған! Қалай-қалай сөйлестіңдер, қалай екен өзі?

- Онда мен жатақхана қақпасына дейін ғана ілестім. Енді мұқияттайын дегенімде алдымыздан Момынбай шыға келіп, сонымен кетті. Мен жатағыма кіріп, онан соң Бахуланға бардым. «Қалайын» сол қалайлап, сол мұқияттаған шығар, Момынбайдан сұрашы!

- Бахуланда кімдікіне бардың?

- Тоғайдікіне бардым. Қара ағаштың саясында сабақ пысықтадым.

Қара ағаштың саясы айтылғанда Кәменнің сары жүзі өңіп, сұрғылт тартты да, үнсіз түйіліп отырып қалды. «Нұрияны сол саяға апарып, кешке шейін мұқияттаған екен» деп ойлады білем, «олай болғанда, оған менің қалыңдығым дегенім айтылмай ма, Нұрияны қатты өшіктіріп қойған осы» деген тұжырымға келген сияқты.

- Әзәзіл екенсің-ау өзің,- деп қалды бір уақытта,-  арамызға бүлік болып кірген сен екенсің!

Бұл сөзіне ызам қатты келгенімен «алдағы күзде бізге мұғалім болып тағайындала қалса арқамнан ала түсер» деген ой түсіп, келе қалған қатал сөзімді тия қойып, баяулай сұрадым:

- Не істеппін? - Ол үндемей қалды. - Тыңда Кәмен, екеуіңнің араларыңа сұғынып, әзәзілдік етейін деген титтей де ниетім болған емес. Бұл жерге қыз іздеп келмегендігімді өзіңе де айтып едім ғой... Сол қызды «мұқияттап сынап бер» деп өзіңнен әлдеқайда тәжірибесіз менен не мақсатпен өтіне бердің, соны айтшы?!

- Мақсатым сені Нұриямен таныстыру, сол арқылы қасындағы Күләнді саған қиюластыру еді, жаман ба?!

- Құб, мен сұрайын енді... оқуды бітіріп, қызметке шыққалы отырған Күләнға жаңа келген менен басқа лайық кісі табылмады ма? - Кәмен жауап қайырмады. - Үйлену түгіл ата-анасын көріп қайтуға ақша таба алмай жүрген жалаңаш кедей баласын сол Күләныңа қызықтырудан не пайда көздедің, соның шындығын айтшы? - Кәмен тағы да жауапсыз ыржия түсті. - Өзіңе ешқандай жазығы жоқ меңгерушіні менің алдыма келіп не мақсатпен боқтадың?

- Ойбо...й, қайдағы сұрақты жаудыра бермеші маған, арамызда қалжың да, шын да бар ғой!

- Мені неше күннен бері тергеуге алып келесің, қалжың болсын, шын болсын, бәріне шын жауап беріп жатырмын. Енді менің сұрауыма сен де шын жауап беруге борыштысың, әлі бірнеше сұрауым бар, тоса тұр!...

- Жә, болды Биғабіл, қойшы енді, достық әзілге соншалық бүлінгенің не?

- «Әзәзілсің» дегенің әзіл ме? ... Меңгерушіні маған жамандауың да әзіл ме?... Мұның менің адал жауаптарыма арам ойыңмен от алып күйіп кете жаздағаныңнан шыққан «әзәзіл» «әзіл» болса, менікі шын сұраулар, кім әзәзіл екен?... Жауап бермесең осындай бірнеше сұрауымды бір-ақ қосып меңгерушінің алдында жауап аламын!

- Болды, болды, кетейін енді! Түсің бұзылып барады, төбелесіп қалатын сияқтысың,- деп Кәмен орнынан тұрып, кетуге ыңғайланды, мен қолынан ұстай алдым.

- Осы сөзіңнің өзі де әзәзілдік. Өтірік сөзде қадір, шын сөзде содыр болушы ма еді? Шындықты айтудан басқа титтей ашу көрсетпесем, қайтып «төбелесіп қалатын сияқтымын?» Жауаптан жалтару үшін тапқан әзәзілдігің бұл! Тұра тұр!... Мені мақлұқ екен деп ойламағайсың, қия басқаның маған аян, қия басқаның түгелімен әзәзілдік!... Соңыма осынша түсетін не жазығым бар еді менің? Ұстап алған қылмыстыңдай күндіз-түні қалайша тергей бердің мені?!... Табан астымнан ор қазып жүргеніңді айқын түсінемін мырза, бірақ, сен де өзіңді өзің түсініп ал! Сол үшін ғана, жәбірлеп алу үшін емес, жақсылық үшін ғана айтпақшымын: сен, «ет пен терінің арасында» көрінбей жүретін әзәзіл емессің, қыбыр еткеніңнен көрініп жүретін ең дөрекі-дөкір әзәзілсің! Бұл ниеттен кешпесең өзіңе ешкімнен жақсылық келмейді!

Кәмен шығып жүре берді де, орындарына келіп тыңдап отырған Түгелбай мен Момынбай күліп жіберді.

- Бұл өлігіңе отырайынға жақсы айттың!

- Сауап болды!- десіп күлді екеуі.

 

Әділетті тергеушім, қылмысымның бұл бөлімінде бастан-аяқ ала бүлік қозғаушы болғандығым баяндалды ғой. Әсіресе осы соңғы тарауында өзімді тіпті ашық әшкереледім. Адал құл Кәменнен қалыңдығын айырып, әзәзілдікпен тартып әкеткенімді байқаған шығарсыз? Тартып әкеткен емей немене, Кәменді бет бақтырмай тойтарғаныма екі апта өткен соң Нұрия үйіне барып қайтуға менен рұқсат сұрады. «Әкем түрмеден тез уақыт ішінде шыға алмайтын сияқты, үйге барып бір апта болса да дем алып қайтсам қалай?» деп менімен ақылдасқаны - рұқсат сұрау емей не болмақ? «Жарым ай ішінде-ақ қайтып келермін» деген мөлшерін де айтып қайтты.

Мұны «қалыңдығым» деп жүрген Кәменге айтпай маған айтуы сол қалыңдықты менің тартып алғандығымның ғана емес, сіздің логика бойынша, тіпті, заңсыз-жасырын некеленуімнің талассыз дәлелі емес пе?

Кәменнің кім екені сізге тайға таңба басқандай айқын ғой. Ол сол дәуірдегі зор ханзушылдықтың адал қорғаушысы, қандес үкіметтің адал құлы, теңдік тілегендерге қойған бақылаушы көзі, ұстаушы қолы еді.

Сондай адал құлдың мұрындықтау алдындағы қалыңдығын тартып әкеткен және оның итпелеушілерін ит етінен жек көретін қылмысты мен боламын... Мұны да шекесінен шерте отырып тарихи қылмыс қатарына қосатындығыңызға сенемін!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»



1 Шаңзұң (ханзуша) - саудагерлер бастығы.

2 Шаңио (шяңио) - ауыл бастығы.

1 Хотангай (ханзуша) - Хотан көшесі.

1 Лаужаң (ханзуша) - Жаң екең.

1 Сүй (ханзуша) - кім.

1 Сандұңби - Үрімжідегі жер аты.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391