Қажығұмар Шабданұлы. Күрес (жалғасы)
ҮШІНШІ БӨЛІМ
КҮРЕС
І
Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!
Үшінші жылдық оқуға тоғызыншы ай туысымен-ақ үлгеріп жетіп едім. Сабақтастарымның Үрімжіге жақын маңдағы он шақтысынан басқа, алыс аудандағыларының ешқайсысы қайтып келе қоймапты. Сабақ ресми басталмай, мектеп қақпасы кеңірек ашылып тұрыпты. Нұрияны ертеңіне-ақ Күләннің үйінен таптым. Ақ жүзі алабұртып, таңертеңгі ақ гүлдей ашыла қарсы алды мені. Түпкі үйінің есігінен алдымен қол алысқан Күлән біздің көрісуімізді тамашалағысы келгендей тұрып қалғандықтан төрт қолымыз ғана айқасты. Ол менің қалай келгенімді сұрады. Жанарлы көкшіл көздерін кең ашып, барлық жайымды көзімнен танығысы келгендей, телміре қарады. Мен астық тасыған доңған арбасымен келгенімді айттым...
Дөрбілжіннен шыға қытай болып ала қойған доңған арбакешті жолхат тексерушілер кідіртпеп еді. Бірақ, қазақ арбакештерше далаға түнемей, ыңғай деңге түсетіндіктен мен үнемі арбаның үстінде болдым. Қайшылыса жүріп жатқан «сары аяқтар» дең жатақханасын бермейді, мені жолатпайды, қытайларды ғана қабылдап, түн бойы құмар ойнайды да, ұлар-шу болып арақ ішіседі. Ат күзетушіге жарыған арбакешім әр түні алаңсыз сауық құрып, күндіз жолда ұйықтау үшін божыны (тізгінді) маған ұстатып қояды.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
КҮРЕС
І
Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!
Үшінші жылдық оқуға тоғызыншы ай туысымен-ақ үлгеріп жетіп едім. Сабақтастарымның Үрімжіге жақын маңдағы он шақтысынан басқа, алыс аудандағыларының ешқайсысы қайтып келе қоймапты. Сабақ ресми басталмай, мектеп қақпасы кеңірек ашылып тұрыпты. Нұрияны ертеңіне-ақ Күләннің үйінен таптым. Ақ жүзі алабұртып, таңертеңгі ақ гүлдей ашыла қарсы алды мені. Түпкі үйінің есігінен алдымен қол алысқан Күлән біздің көрісуімізді тамашалағысы келгендей тұрып қалғандықтан төрт қолымыз ғана айқасты. Ол менің қалай келгенімді сұрады. Жанарлы көкшіл көздерін кең ашып, барлық жайымды көзімнен танығысы келгендей, телміре қарады. Мен астық тасыған доңған арбасымен келгенімді айттым...
Дөрбілжіннен шыға қытай болып ала қойған доңған арбакешті жолхат тексерушілер кідіртпеп еді. Бірақ, қазақ арбакештерше далаға түнемей, ыңғай деңге түсетіндіктен мен үнемі арбаның үстінде болдым. Қайшылыса жүріп жатқан «сары аяқтар» дең жатақханасын бермейді, мені жолатпайды, қытайларды ғана қабылдап, түн бойы құмар ойнайды да, ұлар-шу болып арақ ішіседі. Ат күзетушіге жарыған арбакешім әр түні алаңсыз сауық құрып, күндіз жолда ұйықтау үшін божыны (тізгінді) маған ұстатып қояды.
Жол бойы жалғыздық көрсем де, он күнде-ақ жеткенімді қосып айттым Нұрияға.
Нұрия үй амандығын, әлгі шаруаның қалай шешілгенін сұрады.
- Аманшылық. Өзімнің қалыңдыққа айналғанымнан басқасы ойдағыдай орындалды,- деп күрсіндім. Нұрияның жүзі қызғылт тарта сықылықтады да, Күлән аңыра сұрады:
- Қалыңдыққа?.... Қалай?...
- Оны айтпаймыз, айтпаймыз!- деп Нұрия ерке жалынышпен ернін қызыл күлтедей бүре қойды.
- Қайтсеңдер де білмей қоймаспын,- деді Күлән есікке беттей күліп. Мен қайрыла сұрадым одан.
- Күләш, әлгі... сүркей жолаушы келді ме?
- Келмей-ақ керуен соғуын тілеп жүрмін!
Күлән шығысымен құшақтаса түстік...
- Кетеріңде айтып едім ғой не болса да сенімен тең көрерімді... айтпақшы әлгіндей сөзді... саған қиыншылық болып қалмасын дегенім...
Нұрия костюмының іш қалтасынан конверт алып ұстатты. Қабеннің хаты екен. Амандық сұраудан соң өз амандығы жайында қысқаша айта келіп: «Қалған ахуалды Нұрияштан естірсің, ең толығын ағаң жеткізер, ол да аман. Енді мықты... оқыңдар, мықты оқитын кезең осы... Бітірер жылдарың ғой!...» деп көп нүктелеп жазыпты.
Қолтығыма тығыла сүйеніп отырған Нұрия сыбырлап қана сұрады:
- «Ағаң» деген сөз бар ма?... Ол - Әлмен деген кісі екен. Маған Қабен аға ауызша ұғындыруды тапсырды: ол кісі осы күзде Ілеге, сонан соң Үрімжіге келіп қайтады, саған да жолығады деді.
- Қабен қазір не істеп жүр екен?
- Көтерілістің қаладағы жасырын қызметінде дейді. Өзі ашық айтпады, жеңгемнен ұқтым. Жағдай өте ауыр. Сақшының қолына бір адам түссе, қинап отырып көкітіп, көп адам ұстайды екен. «Ағаң да осыдан өлер ме екен!» деп жылады жеңгем.
- Өзің онымен бірге жыластың ба?
- Жоқ,- деп сыңқ ете түсті Нұрия, - онда ол үн салып, онан сайын жыламай ма? Мен оны қайрап, бекітуді ғана ойладым. «Халық бірлесті, мұнан соң тұтқындалғандарын тез құтқарып алады» дедім. Расында да сондай сияқты,- деп көзін кең аша қарады Нұрия маған. Бірақ, халықтың пиғылы тіпті қатты бұзылыпты. Ханзу көрсе-ақ көзі тұнып, өлтіре салғысы келетін болыпты. Қыр халқының көбі ат үстінде. Қай тобы партизан, қай тобы қарақшы екенін білу қиын, ала сапыран!... Қазақ көрсе-ақ сары аяқтар да солай: потайдан мылтық шақпағын қайырады, сөйтіп тұрып ата салғандары бар екен. Сататын малды айдап келген менің туыстарыма да сөйтіп шақылдатқанда ес-ақылым қалмай, алдыларына шауып бардым... Кеудемдегі мектеп значогын түрткілей беріппін, - деп сыңғырлаған Нұрия омырауыма бетін баса, қыстыға күліп алып, тамағын кеней жалғастырды сөзін. - Артымнан Қабен аға мен аудандық үкіметте істейтін бір құдамыз жетіп құтқарды. Алдыларында атпен бұлай шапқан адамды потайдағылар пулеметпен түтіп тастайтынын артынан Қабен аға түсіндірді маған....
Нұрияның бұл сөздерінен Алтайдағы шиеленіс Дөрбілжіндегіден көп қиын екенін түсініп едім. Кейінірек қайтқан сабақтастарым басқа аудандарда жағдай онан әлдеқайда қатерлі екенін айта келді. Кейбіреуі ханзудың жеті атасын жездей қақтайтын, қайтадан қытай деп атайтын болыпты.
Ынтықбай мен Шақандар қатты сағынғандықтарын айтып кезек-кезек құшақтаса көрісті менімен. Мектептегі қазақ оқушылардың бәрімен, тіпті бұрын өздері жек көретін ұйғыр сабақтастармен де шындап шүйіркелесіп, тым үйірсек болысып қалыпты.
Ең соңынан келген Серәлі Шақанмен тіпті қызу кездесті. Серәлі мен Түгелбайдың келгенін естіп, жатақхана есігінен жапырлай шығыппыз. Серәлі күлімсірей келіп құшақтағанда дәу Шақан солқ-солқ жылап қоя беріп еді. Онысын көре сала Серәлі еңіреп жіберіп, иығынан қойып қалды.
- Ұр, ұра түс мен ақымақты!.... Өзің таңдаған бүйірімнен-ақ ұршы! - деп солқылдады Шақан.
- Енді сен ұр мені! - деп Серәлі тұқыра кемсеңдеді де, бір тізелеп отыра кетті. Сида Серәліні Шақан мойнымен тақымынан қапсыра құшақтап, көтере жөнелді.
- Ішшу... Ей Салық, нәрсесін кіргіз жатаққа!
- Мына мінездеріңді ұқсам бұйырмасын,- деді Оралқан маған қарап, көзін жұма, жуан қарнын солқылдата күлді, - өздерің қалайдан-қалай жылауық, бауырмал болып қайтқансыңдар мұнша!
Бір жағымда тұрған Тілеуқанның домалақ мұрны жыбыр ете түсті:
- Саясаттың былтырғы шіріген жұмсақ сабанын таусып жүріп, мына Оралқандар ешнәрсе ұқпапты-ау әлі. Біз биыл қалың өскен қалақайға аунап қайттық. Өне бойымыз дуылдап бара жатқан соң сабақтастарымызға қасытқанымыз емес пе?
Кәменнің даңғырлаған үнін естіп, жалт қарадық. Әудем жердегі бізге тетелес класс жатақханасының алдынан жағалап келеді екен. Дүмдей болып семіріпті өзі.
- Өй, әлгі Серәлі ме?... Тым сағынысып қалғансыңдар ма, қалай, құшақтан құшақ болып жатыр ғой?!
Оралқан үндемей қалды да, Тілеуқан қайырды жауабын:
- Жылқы мінездес жануар емеспіз бе, ертең-ақ тістесіп, басыңызды ауыртамыз Калаусы!
Кәмен алшаң басып, кісіліктене өтті алдымыздан. Қайтып келгелі кездеспесем де такаппар қабағын байқаған соң маған да «кісілік» біте қалып, үнсіз жөнелттім. Тілеуқан қушыкеш мінезімен елең ете түсті де, әлгі сөзінің соңын сыбырлай жалғастырды.
- Ей, ешкі мінездес болудың пайдасы бар екен. Қой мінезді болудың қорлығын осы жолы көп көрдім. Қойды бауыздағанда қыр ете түсіп қана қоя салмай ма? Әлепетсіз өлетін болған соң да сол бейшараны көп жейді екенбіз. Ешкі бақырауық болғандықтан ұры қорқады ғой. Адамның да дәл солай бақырып-шақырып, шұрқан шаша өлуі жақсы сияқты. Біздің Морида қытай көп қой. Гоминдан оларды дәл қазақтай оңай өлтіре алмай жатыр, өліммен қорқытады екен олар; бір-екеуін атып еді. Атыларда-ақ ойбайға басып, оқ тигенсоң да шырқырап, бүкіл қалашықты бір-ақ жиды. Қабырғамызды қайыстырды айқай. Біздің қазақтарша бекер тырая салған жоқ!...
Көп себебі бар бұл жайтты Тілеуқанның күлкі үшін сыңар жақты баяндап тұрғанын ұқсам да, түзету айтып қойғым келді:
- Ханзу мінезі жалпылық жақтан ешкіге мүлде ұқсамайды ғой, өзімізді де түгелімен қой мінезді деуге болмас; шошқа, сиыр, ит мінезділеріміз жоқ па, ешкі мінезінен де тым тақыр емес шығармыз, бір шыдамас ешкінің мың шыдамдыны нақақ ұстатып шыжғыртатынын көріп жүрміз ғой? Қуым, ешкі мінезін көксей көрме, ыстыққа да, суыққа да шыдамай шыжбалақтап, күні бұрын өлерсің!
- Малдың шонжары - сиыр, - деді Оралқан, - сиыр сүйегін көрген бір сиыр өкіріп-бақырып жүріп, сол аумақтағы бар сиырды бір-ақ жимай ма? Қасқырдан қандай қорғанғыш!...
- Гоминданды да қорқытатын сол мінез ғана, - деп қостым мен. - Ынтымақпен ұйысқан күштен қорықпайтын жолбарыс жоқ. Ешкіше бақырып қорқытайық дей көрме!...
Сабақтастар арасында өлім жайлы әңгіме көбейе берді. Әр ауданды көріп келгендер өз аудандарындағы ашынышқа толы, аянышты өлімдерді күрсіне, өкси әңгімеледі. Туған елі үшін құрбандыққа жарап, халық жүрегінен өшпес орын, өлмес тірлік таба батырлық өліммен өлгендер баршылық екен. Кейбірі тіпті жаза алаңында күрескерлікпен әндетіп-ұрандатып, өз дастанын өзі жаза жығылыпты.
Сұлубай, Бүркітбай сынды ерлердің сондай әндері елге найзағай жарқылындай, дауыл екпініндей тез тараған екен. Біздің сабақтастар бір-бірінен лезде-ақ үйреніп, мектеп жатақханасын, бүкіл Үрімжі көшесін жаңғырықтырды. Бір ғажабы, ашықтан ашық өз атымен, өз сөзімен айтылып жүрген сол әндерді ешқандай сақшы, ешқандай қару-жарақ тия алмады. Тектеп, тергеуші Кәмен сияқтыларға: «кімнен тарағанын қайдан білейік, әйтеуір елдің бәрі айтып жүрген халық жыры» дей салып, әндете береміз.
Халық жүрегін ешқандай тажал тоқтата алмайтындығын осыдан түсінгендей болдық.
- Өлсең осылай алал өліммен, адамша - азаматша өл!- дейді біздің сабақтастар бір-біріне.
- Ең жиркенішті, ең арам өлім Кәмендердің өлімі болады, әлі көресің, жігітім,- деп кіжіне сыбырлайды.
- Кәмендейлердің ең масқара бір өлімін өз көзіммен көрдім,- дейді біреу сыбырлап, - осындай біреуін көтерілісшілер шолғыншылары аңдып жүріп өлтіріпті де, екі езуін құлағына жеткізе тіліп, өз тәнін өзіне тістетіп көшеге тастап кетіпті. Басқа адамды бұлай жазаласа жауыздық деп атаймыз ғой, халықты үкімет сақшысына нахақтан қырғызып жүрген Тәйниді «мәлімдеген аузың осы ма?» дегенді ескерте бұлай жазалаудың несі жауыздық?!
- Иә, халықтың кекті қаһары осы дәрежеге жетіп отыр ғой!... Өлетін жағдай келе қалса, басқаларды шарпымай, өзіміз ғана өлгеніміз жөн!...
Сабақтастар жиылып болысымен оқу ресми басталса да, күнделікті сабақ кестесі Гоминданның жалған ғылмы мен саяси нәсихатына тіпті толып кеткенін, өткен жылдағыша өз мүддемізге сай кітаптарды оқуға уақытымыз жетпейтінін байқастық.
- Енді лаусылар былжырап тұрған сағаттың өзінде-ақ ұрлап оқымасақ болмас,- деп сыбырладым Ынтықбайға, - ол үшін өлім туралы осы әңгімелерді пайдаланып, алдымен өз арамыздағы жеңіл ауыздарды мықтауымыз керек...
Мұны Ынтықбайдан естіген Шақан партасынан атып тұрды, мұғалім кірмеген бір сағатта.
- Сабақтастар, екі жылдан бері бір-бірімізді шағыстырып, аңдысып жүріп оқи алмай қалдық. Енді біреуімізді әкем шағыстырса да міне!- деп жұдырығын білеп-білеп қалды.
- Ендігі шағыстырушыларға жұдырық жазасы аз болар!- деп Ынтықбай үстемелей сыздықтатып еді, Серәлі түрегеліп, жазалау заңын жариялай салды:
- Естідік қой, жансыздардың қалай жазаланғанын! Ендігі шағымпаздар езуін кім тіліп... тістетіп кеткенін өзі де сезбей қалатындығында дау жоқ!
- Енді ондайлардың езуі желкесіне жеткізіле тілініп тістетіледі,- деп Салық қызарақтай кесетті. - Былтырғы өз істегенімнен қазыр өзім қорқатын болдым, енді түсінген шығармыз! Онан да уақыт тауып, білім алатын жолда ғана жүрейік!
Формуламен айналысып отырған Омарқан Салықтың сөзіне күліп жіберді.
- Ендігі оқуларың салпаңқұлақ икісті қос нөлге айналдырып, ортасына бір тік сызық қоя салу болғаны ма!
- Сөзді мәнсіз күлкіге айналдырмалық!- деді Қуат Омарқанға ренжи қарап.
- Аузымыз күйіп болды ғой,- деді сонсоң. - Ендігі шағымпаздыққа қатал шара қолданатын уақыт жетті! - Жақсырақ оқулары үшін ондайлардың жазасын ашық ескертіп қоюлары дұп-дұрыс!
Ханзу тілін оқытатын Кәменнің сағаты жеткен бір күні:
- Енді ептеп төбелесе отырайықшы,- дедім мен, - тым татулық жақпаушы еді ғой бізге.
Тілеуқан қу тілдесе кетті Серәлімен. Салық тілеуқанға ара түскенси шаңқылдағанда Серәліні Түгелбай жақтағансып серпіле тұрды орнынан.
- Атаңның оуызын... ілелік неңдерді алды сенің!
- Ей қырғыз, ей, ... қыс!- деп Салық та атып тұрды. Әкеңнің кеңірдегін...
Кәмен кіріп келіп, үстелді бір қолымен таяна жымиғанда, ірі денелі Түгелбай іштегі күлкісін сездірмеу үшін түксие қалшылдап, аузынан көбік шаша гүрілдеді.
- Наймандікін ғажап болуп, енді қырғыздікі қалды ба?.... Жалғыз деп бөзек қылабысын, шықшы былай, атаңдың гөріне тығайын!...
Кәмен оқушыларының өзі «шығарған» тілдеріне сүйіне тамашалап тұрғанда есік қағылды. «Қойыңдар!» деген ыммен қолын сілтеп қалған Кәмен шалқақтай барып есік ашты да біреумен қол алысып амандасты. Бөтен адам келгенін білген біз де өтірік төбелесті тоқтата қойып, жым-жырт бола қалып едік, аз күбірлескен соң Кәмен қағаз ұстаған қолымен ымдап мені шақырды да:
- Міне, Биғабіл деген оқушымыз осы,- деп таныстырды. Бейтаныс қызыл шырайлы жігіт маған қол ұсынды. Кәмен оны таныстыра жалғастырды сөзін. - Бұл кісі газет редакциясында істейді. Сені «Шинжяң газеті» тілшілікке тартқан екен. Тілшілер мәжілісіне шақыра келіпті. Еріп бар да мәжіліс бітісімен тура қайт, ұқтың ба?... Тәртіп меңгеруші солай рұқсат етіпті...
«Газет қызметкері» қақпадан шыға күлімсірей ымдап мені велосипедке мінгестіре жөнелді, ешқандай тіл қатпады. Қарашаның күңгірт сұр бұлты мен сүркей лебі менің ойыма өзіндей ызғары бар күдік тудырды. «Меңгерушіден төте сұрап әкеткен бұл қай сұмырай екен?... Қалай да тыңшылыққа тартатын бір орынға апарар-ау!... Әлде, тілшілік деп алдап апарып Мұсатайдың кебін кигізе қоймақ па екен?.... Жоқ, Нұрияштың алдында қара бет болып тірі жүре алмаспын. Мұсатай бола алмаспын!» деген сертті күдікпен алдымды бағдарлай отырдым. Расымен-ақ газетхана жаққа зырылдатты... жоқ, газетхананың сыртына қарай тартты ғой бұл, осы жақта бір түрмесі бар ма еді? ... «Өзін велосипедімен бірге тоңқалаң асыра жөнелсем қайтер?!...»
- Бауыр, тынышсызданып келесің бе?- деп қалды бейтаныс «газетші». - Бұл көшеде қатер жоқ!... Жолымыз тегіс дегенім ғой... Міне, жеттік!... Мектебіңе қайтқанда «тілші болдым» дей бер! Қазір тілшіде тізім де, белгі де, тіпті қызмет те жоқ.
Шым-шытырық тар көшедегі аласа ғана жүдеу тамы бар, кішкене есіктің алдына әкеліп, мені түсіре салды «қызметкер».
- Осы үйге кір, бір туысқаның бар екен, шақырып жібер деп маған біреу тапсырып еді. - Осыны айта сала артына бұрыла жөнелді.
Әйтеуір астыртын бір сыр барын мөлшерлегендей болдым да: «не де болса сырт көзге шалынбай сүңгиін»,- деп, тар есіктен зып бердім. Кішкене ғана аулада жалғыз семьяның екі бөлмелі үйі бар екен. Күңгірт ауыз үйде күйбеңдеп қазақ кемпір отыр.
- Сәлеметсіз бе, шеше?- деп амандаса кіріп едім, аңыра қарап ауыз жыбырлатты. - Шеше бұл кімнің үйі?
- А...а!- деп құлағын қалқалады кемпір. Төргі үйден ағаш төсектің сықыры естілді.
- Құдайға шүкір, құлақтан тұлдырмыз!- деген таныстау үн шықты да қиуы қашан кішкене есік ашылып, ірі ақ тістері жарқ ете түсті. Әлменнің тісі сияқты. Бірақ бет шырайы мен білетін сіріңке қара емес, семіз қара күрең, кең кеуделі керме иық екен. Өжеттігін бейнелей шүңірейген шұңғыл қара көзі мен түкті қара қасы да соныкі екендігіне екінші, үшінші дәлел бола қалды да құшақтаса түстім...
Төргі үйдегі тозғын ағаш төсекке қатар отыра қалып, қазақтың кесімді де, келте сөзімен асығыс қана жай-жапсар айтыстық. Сонан соң ол ірі мәселелерге тоқ етер шолулар жасады: Оспан батырдың алты-жеті жылдан бері бұрынғы-соңғы үкіметтерге қарсы жүргізген шайқасы «алға басар идеялы болмағанымен», халықтық көрініс жағынан «батырлық күрес» саналатынын, «жоғары программасы соқырлық» болғанымен, «алдамшылыққа, ұлттық езгіге, тұтқындауға ымырасыздығы көрегендік» екенін, сөйтіп, «өзінің надандығынан әлдеқайда жоғары, нағыз халық батырына лайық іс» істеп келгенін тұжыра айтты.
- Бірақ, санасы толық, қабілеті жоғары ақылшы болмағандықтан, көтеріліс тізгінін мықтап ұстай алмай, бұлаңшылыққа жол беріп қойған зор қателігі де бар. Бұл қателіктерді Дәлелқан түзетіп жатыр!- деп бір кідірді Әлмен.
- Басқа аймақтар тыныш па? - деп сұрадым.
- Саған негізгі айтпағым сол жағдай. Гоминданға қарсы көтеріліс бар аймақта, бар ауданда қоздап келеді. Шинжяң тауларының бәрінде де бар. Ең зор ошағы Алтай мен Іле аймағында, бұлар өзара байланысып, осы жуықта ғана «Шығыс Түркістан халқының төңкерістік комитеті» деген атпен төңкерістің басшылық органын құрды. Оның қазіргі программасы - Шинжяңдағы Гоминдан үкіметін жойып, халықтық демократиялық үкімет орнату болып отыр.
- «Шығыс Түркістан» болса ... Шинжяңдағы мұсылман ұлттардың үкіметі болғаны ғой?
- Иә, бірінші кезеңде осылай атамақ.... Қазіргі ауқым төңкерістің осы сипатын ғана қабылдатып отыр.
- Сонда... орта ғасырдағы «мұсылман» мен «кәпір» соғысы болмақ па?!
- Олай болмайды. Мұндағы халықтың да, ұлттардың да басым көпшілігі мұсылман ғой. Басқа діндердегі моңғол, сібе-солаң, орыс ұлттары Гоминданға қарсылығы бойынша мұсылмандарға өздіктерінен бірлесіп кетті. Бұлай бірлесуді үйреткен «ұстаз» - Гоминданның өзі. Гоминданның зор ұлтшылдығы Шинжяңдағы осы ұлттардың бәрінде де ханзу ұлтына қарсы жауығушылық тудырды. Ұлттық байланысты қатты ушықтырғаны соншалық, халық көтерілістерінің бәрі түгелімен «қытайға қарсы» атпен от алып отыр. Қазіргі Шинжяң төңкерісі бұл ұрансыз Гоминданды жоя алмайды. Бұл ұранды қоса тұрмайынша халық жұртшылығы бізді қолдамақ емес.
- Сонда, бүкіл ханзу халқына, еңбекшілеріне де қарсы болғанымыз ба? Чын танчиулерде ханзу емес пе еді?... Олай болғанда Жұңго Гұңчандаңы қалай қарамақ, Совет коммунистері қалай қарамақ?!.... Біз сонда қалыптасып келе жатқан халықаралық екі лагердің қайсысына сүйенбекпіз?!
Әлмен қарқылдай күліп, менің иығымнан қағып-қағып қалды да құшақтай алды:
- Биғанім! ... бауырым!... Өткен жылғы ахуалыңды Қабеннен толық естіп едім. Зор ұлтшылдық соққы мен зор ұлтшылдық таратқан менингиттің арасында жүріп-ақ, интернационализм оқыпсың-ау өзің!... Жақсы оқыған шовинизм уын дарытпайтын мұндай қызыл жүрек Шинжяңның қанша адамында бар дейсің қазір? ...Мен де сенің осы пікіріңді сөйлегенмін. Осы пікірдегілердің бірнешеуімен қанаттасып, осылай айтысқанбыз. Алтай жотасында да, әнеу күні ғана Іле бойында да осылай айтыстық. Төңкерістің негізгі басшылығы да осылай қарайды, мұның дұп-дұрыс. Бірақ халықтың қазіргі талабын бірден тойтару үлкен хауіпке соғады. Қанды кектерден туылған бұл жойымпаздықты шектеу үшін уақыт шарты және үлкен шеберлік керек. Ол тізгінделеді әлі. Біздің төңкеріс, қазірше Гоминданға - қытайға қарсы деген ұран көтергенмен әрине, бүкіл қытай халқына емес, Гоминданға ғана қарсы, әділетті ту етеді. Марксизммен дамиды, сотциализм лагеріне сүйенеді. Негізгі тетік діншілдердің қолында емес, нағыз еңбекші халық ұлдарының, яғни біздің қолда болмақ!...
«Бұл да төңкерістік зор кеңеспен ашылған, ғылымилығы бар жол екен!» деп, іштен мойындай сұрадым Әлменнен:
- Үрімжі не істеу керек деп ойлайсыздар?
- Үрімжі аймағы, әрине, бізбен бір дене ғой... Жергілікті ұлттар жөнінен осы қаланың өзі ыңғай оқушылар мен жұмысшы, қызметкерлер қаласы, төңкерістің қайратты қолы осында. Гоминдан бұған сондықтан да қатты шұқшиып, қанды тұяғымен бүріп, тыпыр еткізбей отыр. Оның үстіне ірілі-ұсақты қытай буржуазиясы ең көп орналасқан қала. Демек, бұл қаладағы іс қатал сақтықты талап еді. Ұйымдастыру ісі тізімге, азды-көпті бас қосқан жиынға сүйенсе-ақ, үлкен сәтсіздікке, қырғынға ұшыратады. Сондықтан, бұлай ашық ұйымдаспауға тиісті!... Қатарға қосылған жауынгер өзін қабылдаған адам мен өзі қабылдаған адамнан басқа ешбір кісіні танымауға тиісті!... Биған, және есіңде болсын: сабақтастардың арасында күні бұрын көңіліңе бүккен жандарың болу керек, соған дайындала жүр!... Сыр-сипатын іс жүзіндік әрекетінен мұқияттап толық игеру ұйымдастырушының ең негізгі қабілеті есептеледі. Бірақ, ұйымдасудың ашық сөзі болмасын!... Дер кезінде сені бір адам, тек бір ғана адам табады. Пікіріңді соған ғана айтып, соның айтқанымен ғана істейсің!
Әлмен осылай сөйлеп келіп, маған ойлана қарады. Мен толық ұққанымды, сырға әрқашан, әрқандай жағдайда да берік болатындығымды айтқанымда, ол басын изеп-изеп қалды.
- Өзіңді қорғауға тиісті жерде алға шығып көрінуші болма! Әсіресе, шпион-тыңшылардан сақ бол!... Өсу жолыңды Қабеннен, сонан соң Ақылбайдан естуім бойынша, солай болар деп сенемін!...
Әлменнің қасынан өз қуатымнан артық бағаланып, ауыр міндет арқалайтынымды түсініп шықтым. «Туған елімнің еркіндік-теңдігі үшін әрқандай ауырлықты болса да көтерер, бәріне көне білер кезеңге жеттім ғой!» - осылай мығым басып ойлай алатын дәрежеге келгеніме де қуандым өзім.
Әділетті тергеушім, іздегеніңіз Гоминданның қылмысы емес, әрине менің қылмысым ғой. Осы тарауды оқи келе қаһарлы қолыңыз қалтырап, соңына келгенде бас жағыңыздағы қылышқа жабыса түскен-ақ шығар. Шағын санды ұлтқа ұлттық-теңдік, еркіндік көксеу қандай әділетке сиюшы еді; ол, кертартпа буржуазияның кері төңкерістік ұраны емес пе!
Менің қанқұйлы образым көзіңізді қанға толтырса да қылмысым өзіңізді әлі тойдыра алған жоқ. Солай болса да, қолында құдіреті бар адамның көңілінде сабыры болуға тиісті. Сабыр етіңіз, қылышқа жерік қылмысым енді қылтыңдап келеді! Қылт еткенді қиып түскеннің бейімі көрінгенімен мейрі қанбақ емес. Көптен көп күттіріп қаталатқан қылмысыңызға қандырып-ақ өлейін, соңын күтіңіз! Айтқызып болмай ажал шартының да толмайтыны бар емес пе, сабыр, сабыр!
(жалғасы бар)
"Абай-ақпарат"