Ұларбек Дәлейұлы: "Қаламгер ең алдымен саясаткер болуы керек"
Әдебиеттің ай мүйізді, арқар кеуделі ағабуыны жастарды, олардың шығармаларын сынап, мінегенде ілікке алғысыз ететін әдет бар. Ал жастар ағаларына өкпелі. Өйткені олардың алдыңғы буыннан көрген мейірі аз. «Дат, тақсырдың» бүгінгі кейіпкері қаламгер ағаларына назын айтады, қоғамға, ел саясатына өкпесін ағытады.
- Ұларбек, қоғамда «Астана шенеуніктердің қаласы» деген сөз қалыптасқан. Ал сол Астанаға ақындар жерсінбей жүр деген сөз бар ғой...
- Әрине, Елорданың сіресіп қалған шенеуніктер қаласы екені баршаға мәлім. Орда маңына бара қалсаңыз, Астананың ақпандағы аязы сияқты, адамдардың да жүзінен ызғар есіп, жаныңды мұздататыны жасырын емес. Сол суық қабақтан қазақтың ертеңгі тағдырына деген көзқарастың, ерімеген қыраудың сұлбасын сеземін. Ал ақындардың жерсінбейтіндей еш негізі жоқ. Қазақстанның барлық жерінде қанат жайған қымбатшылық, жемқорлық, заңсыздық мұнда да бар. Алматыда соққан жел мұнда да соғады, Алматыға жауған жаңбыр мұнда да жауады. Тек бала кезінен қалыптасқан Алматыға деген махаббаттына қиянат жасағысы келмейтіндер мұнда үйренісе алмағанын көлденең тарта беретін болса керек.
- Оны сұрап отырған себебіміз: Астанаға көшіп барған біраз жас қаламгерлер Алматыға қайтып келгенін білеміз. Қалай ойлайсыз, оларға Арқа жайлы болмады ма, жоқ әлде тас қаладан тасбауырлық көрді ме екен?
Әдебиеттің ай мүйізді, арқар кеуделі ағабуыны жастарды, олардың шығармаларын сынап, мінегенде ілікке алғысыз ететін әдет бар. Ал жастар ағаларына өкпелі. Өйткені олардың алдыңғы буыннан көрген мейірі аз. «Дат, тақсырдың» бүгінгі кейіпкері қаламгер ағаларына назын айтады, қоғамға, ел саясатына өкпесін ағытады.
- Ұларбек, қоғамда «Астана шенеуніктердің қаласы» деген сөз қалыптасқан. Ал сол Астанаға ақындар жерсінбей жүр деген сөз бар ғой...
- Әрине, Елорданың сіресіп қалған шенеуніктер қаласы екені баршаға мәлім. Орда маңына бара қалсаңыз, Астананың ақпандағы аязы сияқты, адамдардың да жүзінен ызғар есіп, жаныңды мұздататыны жасырын емес. Сол суық қабақтан қазақтың ертеңгі тағдырына деген көзқарастың, ерімеген қыраудың сұлбасын сеземін. Ал ақындардың жерсінбейтіндей еш негізі жоқ. Қазақстанның барлық жерінде қанат жайған қымбатшылық, жемқорлық, заңсыздық мұнда да бар. Алматыда соққан жел мұнда да соғады, Алматыға жауған жаңбыр мұнда да жауады. Тек бала кезінен қалыптасқан Алматыға деген махаббаттына қиянат жасағысы келмейтіндер мұнда үйренісе алмағанын көлденең тарта беретін болса керек.
- Оны сұрап отырған себебіміз: Астанаға көшіп барған біраз жас қаламгерлер Алматыға қайтып келгенін білеміз. Қалай ойлайсыз, оларға Арқа жайлы болмады ма, жоқ әлде тас қаладан тасбауырлық көрді ме екен?
- Олардың Алматыға қайтып кетуіне себеп көп. Өздерінен сұрасаң, «баспанамыз болмады, суық екен, қымбат екен...» деген сияқты сылтауларды айтады. Бұл үш кедергі де Алматыға барсаң алдыңда тұратыны шындық. Оны талдап жатудың қажеті де жоқ. Өз басым мұнда келгелі үш жыл болды. «Алматыңа кет!» деп шаламен ұрып қуған ешкімді көрмедім. Ауа райына да, мұнда мекен еткен халықтың жай-жапсарына да қанығып, үйренісіп кеттік. Ал шенеуніктердің бюрократтығы, тасбаурылығы менің жеке өміріммен қатыссыз...
- «Тасбауырлық» дегеннен шығады, біздің елдің ақын-жазушылары өз шығармаларын оқитын қазағына тасбауыр болып бара жатқан жоқ па? Мәселен, барша қазақтың қайғысына айналған Жаңаөзендегі жағдайға байланысты билікпен жаға жыртысуға, елінің мүддесін қорғауға әл білдірген ешкімі болмады-ау!..
- «Ешкім болмады» деуге келмес. Жан айқайын шырылдап айтқандар болды сол тұста. Жаңаөзендегі ауыр жағдай кезінде біздің зиялы қауым үшке бөлінді. Біріншісі биліктің емеурінін елпек баладай қағып әкетіп, «Олар бұзақылар, Тәуелсіздік тойының шырқын бұзған қазанбұзар, әумесірлер» деп жер-жаһанға жария салды. Екінші топ заманның қабағын бағып, үйлерінде тыныш отыра берді.
Үшінші топ, (көп бөлігі жастар) өз ашу-ызасын, ашық көзқарасын өлеңдері мен мақалалары арқылы білдірді. Олардың қаһарлы дауысы ғаламтор беттері арқылы қорлық көрген, жігері сынған халыққа жетіп жатты. Жаңаөзен оқиғасы қазақ халқының жүрегіне ауыр дақ салды. Бұл - біздің ұлттың осы ғасыр басындағы ұмытылмас қасіреті, ауыр қайғысы. Оны уақыт та, мұхит та жуа алмайды.
- Әрине, кейбір Алашқа араша түсуге жарамаған қаламгерлер: «Біз шығармашылықпен ғана айналысамыз, Жаңаөзен - қоғамның шаруасы», - деп халқын қансыратқан саясаттан жалтарады. Ақындар қоғамдағы адамнан неге алыстап бара жатыр деп ойлайсыз?
- «Мен шығармашылықпен ғана айналысамын, саясаткер емеспін» дейтін қаламгерлер, әрине, көп. Өз басым мұны біздің қоғамдағы зиялы қауымның басты қателігі деп қабылдаймын. Қаламгер ең алдымен саясаткер болуы керек. Бұл билікке таласу деген сөз емес. Өз ұлтының басына қара құйын үйірілгенде үйінде тығылып жатып, елде тыныштық орнағанда сахнаға шығып, ауызы көпіріп, елін сүйгіш бола қалатын аға-апалардан қазіргі көзі ашық жастардың жүрегі айнитын күйге жетті. Ұлтын анасындай сүйген қаламгер - ол анасын басын тігіп қорғай да білуі керек. Байлығың шетке ағылып, тілің мен туың әлдекімнің табанында тапталып, ұлтыңның жүрегінде қан ұйып жатқанда «жапырақ сыбыр етті, сезімім қыбыр етті...» деген сияқты бозөкпе, шатпақ жыр жазудың қажеті жоқ.
Мына ғалам, махаббат, жеке адамның күйініш-сүйініші онсыз да жырланып жатыр. Біздің алдымызда махаббаттан да үлкен, жеке басымыздың қамынан да маңызды ұлттың қасіреті тұр. Бұндай кезде кім-кімнің болса да бойкүйездікке, бас пайдасын ойлайтын бақай қулыққа баруына құқы жоқ.
Жазушылар одағының мүшелік куәлігін қалтасына салған 700-ден астам ақын-жазушының 70-і бірігіп, жұртты ұйыстырып, ұлттық құқымызды сұрар болса, билік біздің төбемізге дәл бұл күнгідей секірмес еді.
- Ағабуын қаламгерлер жастар шығармаларын сынағанда «ұлттық рух жоқ», «азаматтық үн жоқ» деп жатады. Ал өзіңіз сол жазушылардың ұлтқа, елдегі азаматтар тағдырына аяныш білдіргенін байқай алдыңыз ба?
- Бұл жерде көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен, алдыңғы үлкен буындағы көптеген ағалардың жастарды көрсе кірпідей жиырылатындары шындық. Жастар - өздерінің заңды жалғасы екенін, «Ат тұяғын тай басар» заңдылық барын сезінгісі келмейді. Шалкиізше айтқанда, «Жапырағы жасыл жау терек, жайқалмағы желден-дүр» деген қағиданы түсінбейтін сияқты ма дейін десең, атақ пен ат-шапан үшін қулық-сұмдыққа, алдау-арбауға келгенде алдына жан салмайтындары көп.
Өз буынымды мысалға алар болсам, қалам ұшына ұлттық рухты ту етіп ілген, жанарына жасын отын түнеткен жігерлі, асқақ мінезді шайырлар баршылық. Олар тек бір ауыз жылы сөзге, маңдайынан сипайтын мейірлі алақанға зәру. Материалдық қиындық кім-кімнің де басында бар.
- Жаңаөзен демекші, janaozen.net ақпараттық порталында жарияланған мүшәйраға қатысу үшін өлең бердіңіз бе?
- Жоқ, ол мүшәйраға өлең бермедім. Желтоқсанның аязында, Жаңаөзенде маңдай терінің өтемін сұрап, кеудесін оққа төсеген қазақтың тағдырына күйініп, «Жаңаөзендік құрбандар құлыптасына» деген өлең жаздым. Сол күні ғаламтор беттерін қайта-қайта парақтап, түні бойы ұйықтамадым, қай жерден тағы қандай пәле шығып, қай жерде тағы қандай оқтар атылар екен деген қорқыныш бойымды биледі. Аллаға сыйынып, тілек тілеумен болдым. Сосын таң ата осы өлеңім жазылды. Ескерте кететін бір нәрсе: бұл жырды мүшәйра үшін немесе әлдеқандай бір атақ-абырой үшін жазбадым. Кеше сол janaozen.net порталының бір журналисі хабарласты. «Өлеңіңізді өзіңіз оқып, камераға жазып, бізге жіберіңіз, Жаңаөзен жайлы жыр жазғандардың барлығын толықтай жинап, мұрағаттап жатырмыз. Көп адам оқып жатыр. Өзіңіз оқып берсеңіз, кейін де керек болады ғой. Ел де көрсін», - деді. Мен келістім.
Ал егер сол мүшәйрадан жүлде алып жатқан жағдайда сол жүлдемді Жаңаөзен қырғынына ұшыраған халыққа көмек ретінде құрылған қорға ойланбай бере салар едім. Бұл ойымды мүшәйраға қатысушы әрбір ақын қолдайды деген сенімдемін. Маған керегі - сол өлеңдер бір қазақтың болса да жігерін жаныса деген ғана ой.
- Ал мүшәйра десе, Астанадағы аға-көкелеріне қоңырау шалып, жаға жыртысып жүріп жүлде алатын көп ақын Жаңаөзен мүшәйрасына келгенде үнсіз жатыр ғой...
- Олардың үнсіздігі түсінікті. Өйткені Жаңаөзен болсын, басқа болсын, елімізде билік тарапынан қазаққа жасалып жатқан қандай да бір қиянаттар жөнінде қарсылық өлең жазсаң, биліктің назарына ілініп қалуың бек мүмкін. Олардың көзіне бір ілігіп қалсаң, одан келер зардап та түсінікті. Алдыңда күтіп тұрған жақсы қызметтен, не болмаса әлдебір биік деңгейдегі әдеби сыйлықтар мен стипендиялардан қағылып қаларың сөзсіз.
Егер Шекспир тіріліп келіп, қаймана қазақтың қанға шомылған қаралы тағдырын көрер болса, он ғасырға жүк боларлық қасіретті, ұлы трагедия жазар еді. Өкінішке қарай, «біздің Шекспирлер» бұл жағынан мүлде үнсіз қалуды орынды деп тапқан сыңайлы...
Осы сұхбаттың мүмкіндігі арқылы бір айта кетейін дегенім - жеке тұлғалардың немесе облыс, аудандардың бәленбай жылдығын миллиондап қаржы шашып өткізіліп жататын ақындар айтысын осы Жаңаөзен қасіреті төңірегіне неге бұрмасқа?!
Азуын айға білеген, ауызымен құс тістеген айтулы ақындарымыз халыққа көңіл айтып, жыр толғаса, ел рухы бір серпілер еді. Сонан соң сол айтыстан алған жүлделері мен айтыс өткен сарайларға жиналған халықтың қалтасынан түскен ақшаны Жаңаөзенде зардап шеккен отбасыларға арналған қорға аударса, арысынан айырылып, арманда боздап қалған ата-әжелер мен жетім-жесірлердің өмірге деген құштарлығы бір көтеріліп қалар еді-ау, шіркін!
- Сол Жаңаөзен қырғыны үшін құзырлы орындар оралмандарды да бір түйреп өтті. Жалпы, билік жақтан қазақты алалау, ұлттың ішін іріту саясаты жүріліп жатқан сияқты. Мәселен, кеше ғана Алматы облысының Ақсу ауданына қарасты Ақын Сара ауылында оралмандарға қатысты қылмыстық оқиға орын алып, оның ашылмауы - бәрі ел ішін бүлдіріп, қазақты Ақорда жасап жатқан мемлекеттік саясаттан аулақтау сияқты. Әйтпесе қазаққа іші жылымайтын Кеңес үкіметінің кезінде қаншама қаракөз елге сіңісіп жатты, ал қазіргіміз қай сойқан?..
- Биліктің қазіргі жүргізіп отырған саясаты бойынша ойласақ, шеттегі бес миллионнан астам қазақтың ендігі тағдыры қыл үстінде тұр. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақ еліне қарай жөңкілген қазақ көші, қай сайтан ұрғаны белгісіз, аяқ астынан түсініксіз жағдайда доғарылды.
Өз басым бұған қазақ ұлтының ежелгі күшіне еніп кетуінен қауіптенген әлдебір сыртқы күштердің ықпалы ма деп ойлаймын. Соңғы кездері әр облыстарда оралмандарға жасалып жатқан қысымдардың, түрлі қылмыстық істердің орын алуы көбейіп кеткенін БАҚ арқылы естіп, біліп отырмыз. Бұл жағдайлар шеттегі қазақтардың қорқынышын тудырды. Осындайда арғы бетте тұратын бір ағамыздың: «Мұндағы екі миллиард қытайдың ішінде жүріп, қазақ атынан айырылмаған туысының Қазақ еліне барып, қытай атанып кеткені» жайлы әңгімені ашулана баяндағаны есіме түседі.
Түрлі кедергілер жолын кесіп, онсыз да тоқырай бастаған көшке президенттің 2010 жылы Алматы облысы Қызылағаш ауылына барғандағы: «...Біз оралмандарға қолдан келген көмегімізді жасадық, әлі де жасап жатырмыз, бірақ оралмандар елге ешқандай еңбек сіңірген жоқ» деген сөзі нүкте қойған сияқты.
- Ұларбек, туған жеріңізді сағынғанда Өр Алтайдың ақшұнақ аязын өлеңдеткен ақынсыз. Сол Алтайдың арғы-бергі жағындағы қазақ ауылдарының ахуалынан не хабарыңыз бар?
- Мен туған Өр Алтай кезінде сол жақтағы қазақтардың шұрайлы мекені еді. Бала күнімізде қытай көрсек қызықтап, соңынан еріп алатынбыз. Ал қазіргі жағдай мүлде басқаша. Коммунистердің «Батыс өңірді ашу» деген зор стратегиялық жоспарына сәйкес миллиондаған қара қытайлар ежелгі түркілердің тұқымы - қазіргі қазақтардың тарихи мекені Алтай, Іле, Тарбағатай тауларына қара құртша қаптады. Қазақша мектептер жабылып, үкімет қызметі мен әртүрлі бизнестер жасау үшін қытай тілін толық меңгеру талабы қойылды.
1985 жылдардан бастап жүргізілген «жоспарлы туу» саясаты қазақтың құнарлы тамырына балта сілтеді. Қыз баланы ұрпағым деп санамайтын, дүниені ақшамен ғана өлшейтін атеист қытайларға жалғыз бала ғана рұхсат етілді, сосын олар жүкті әйелдерінің ішіндегі шарана ұл бала болса ғана тууына мүмкіндік жасады. Енді содан бергі уақытты есептесеңіз, 1985 жылдары туылған бала 27 жасқа, үйленетін кезге келді. Ішкі Қытайды меңдеген «әйел затына қажеттілік» апаты батыс және оңтүстік, солтүстік шекара өңірлерді мекендеген аз ұлттардың басына қауіп әкелді. Кезінде қытай жігітіне еріп, қашып кеткен жалғыз қызын өз қолымен атып тастаған қазақ басшысы туралы аңыз бұл күнде әр қазақтың есінде. Ендігі жағдай тіпті қорқынышты.
- Айтпақшы, тіршілік тауқыметін тартқан ауыл адамына барып, «Ой-хой, Астанам!» деп өлең оқып жүрген ақындар барын білеміз. Өзіңіз азаматтық поэзиядан не пайым айтасыз?
- Бұл сұрағыңа сөзден гөрі өлеңге орын берген жөн сияқты...
Тебінгісін тер басқан,
Бұқадай мойынын алты
қарыс шел басқан,
Жолбарыстай шұбардың
Ақ таңға белін талдырып,
Төскейдегі ордалы
жылан тобының,
Іргесінде алаң ұйқысын
қандырып.
Ақ шатырдан айбалтасын
ала ұшқан
Ата жауының тілерсегін
қидырып,
Айдарын кесіп,
Ай тұмсық көн етігін
сүйдіріп.
Әлпештеген ай жүзді
һәм күн көзді
Арушасын олжалап,
Қас жүректі қалмақтың
басын дорбалап.
Арқар мүйізді ала садақ
асынып,
Жаудан алған мың
жылқысын
Күн астына жасырып.
Айғыр мініп ажыр-ажыр
белдерден,
Бұланай таудың барысын Ала мысықтай өңгерген.
Бұлдыр да бұлдыр
Күн өтті-ау,
Күн өтті-ау біздің
ерлерден.
Бетегелі Сарыарқаның
белінде,
Бейбарыс кеткен
берекенің жерінде.
Қызтеке туды қыран деп
күткен құрсақтан,
Жылан боп туды...
(Жатырына кілең құл
шапқан!)
Отызында орда емес,
қора маңынан ұзамай,
Қырығында қырда мас
боп жүр ағай...
Кеше тіпті Папа алдында
құлдай сүмеңдеп,
Қымызым түгілі, қызымды
қойыныңа тігем деп.
Сорлы қазақтың намысын
нандай илеген,
Абайдың тілін қырасау
темірмен түйреген.
Тұз артқан құнан өгіздің
басын ұстауға жарамас,
Сұлбасында сансыз
жұрттың реңі аралас.
Ауызына иман кірмеген Ұлы Пайғамбар жасында,
Қимасын Хиуаға сатқан
қарттың асында
Телпектер айтты төрелік...
Жын төгілген Күлтөбенің
басында.
- Әңгімеңізге де, адуынды, астарлы өлеңіңізге де рақмет!
Жұқамыр ШӨКЕ,
«D»
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 17 (145) 18 сәуір 2012