Қытай гидросаясатын кушейтуге кірісті
Күнделікті күйбең тірліктің шырмауынан шыға алмай, «Байтал түгіл бас қайғы болып» жүрген қарапайым қазаққа дәл қазір елдің экологиялық ахуалы соншалықты өзекті көрінбегенімен, мұның салдары келешекте айықпас дертке айналары талассыз. Суы тартылып, жағасынан тонналап тұз көшкен Арал теңізінің адам төзгісіз ахуалы ендігі жерде Балхаш көлінің басына төніп тұр. Бәріне баяғы Қытай кінәлі.
Серік ҚАРАБАС
Күнделікті күйбең тірліктің шырмауынан шыға алмай, «Байтал түгіл бас қайғы болып» жүрген қарапайым қазаққа дәл қазір елдің экологиялық ахуалы соншалықты өзекті көрінбегенімен, мұның салдары келешекте айықпас дертке айналары талассыз. Суы тартылып, жағасынан тонналап тұз көшкен Арал теңізінің адам төзгісіз ахуалы ендігі жерде Балхаш көлінің басына төніп тұр. Бәріне баяғы Қытай кінәлі.
Серік ҚАРАБАС
Кен-байлығымызды алдына жайып салып, меймандос көңілмен қарсы алып отырған Қытай көршіміз су мәселесіне келгенде сараңдық танытты. Шетелдік ақпарат көздерінің айтуынша, бастауын Шыңжан өлкесінен алатын екі бірдей ірі өзен Ертіс пен Іленің суын пайдалануға байланысты Қытаймен Қазақстан арасында бірқатар қарама-қайшылықтар туындай бастаған сияқты.
2007 жылдың соңына қарай Пекинде өткен Қытай-Қазақстан бірлескен комиссиясының 5-ші сессиясында екі тараптың өкілдері шекаралық өзендерді пайдалану мен сақтау проблемаларын талқыға салған-ды. Біздің делегацияны бастап барған Ауыл шаруашылық министрінің орынбасары Айтжанов мырза өзінің әріптесі, ҚХР су ресурстары жөніндегі министрінің орынбасары Цяо Йонг деген сабаз бастаған қытайлық мамандармен бетпе-бет отырып, қызу әңгіме жүргізген. Басты тақырып – Балқаштың жағдайы. Ертіс пен Іле өзендерін пайдалану турасында 2008-2009 жылдарға арналған жоспар да жасалған. Бірақ, өкінішке орай бұл кездесуден еш нәтиже шыққан жоқ. Екі елді байланыстырып жатқан екі ірі өзенннің тағдыры күрмеулі күйінде қала берді. Тек аңқау қазақты үркітіп алмау үшін қытайлықтар жылы сөйлеп шығарып салған. Себебі, энергетикалық көздерге тапшы Қытай мемлекетіне Қазақстан аспаннан Құдайдың өзі бере салған «батпан құйрық» еді. Айтқандай-ақ, «Маңғыстаумұнайгаздың» 50 пайыз акциясын сатып алу арқылы елдегі өндірілетін мұнай шикізатының үштен біріне қол жеткізген олар, алдымен газет-журнал шығарып, артынан қытай тілін қазақ-орыс тілдерімен қатар кеңінен қолданысқа енгізе отырып өзінің әлімсақтан бері көздеп келе жатқан қарусыз жаулап алу саясатына кірісті. Экономикасымен дүние жүзін бағындыруды мақсат еткен Қытай қазақ даласын игеруге лап қойды. Қарыз берді, қаражат құйды. Мұндай «жомарттыққа» мәз болған біздің биліктегі арамтамақтар тұзы бетіне шығып, жағалауынан суы қаша бастаған Балхаштың күйін ұмытып кетті. Ал, 16,4 шаршы шақырым аймақты алып жатқан жер бетіндегі ең ірі көлдердің бірі саналатын Балхаш адамның қолымен жаңа апат аймағына айналды. Көл жағасына орналасқан өндіріс орындарының зиянды қалдықтарымен улануы жетпегендей, Іленің суы деңгейінен төмендеп кетті. Неге дейсіз ғой, өйткені, Шыңжан-Ұйғыр автономиялық аймағында өндіріс және ауыл шаруашылық саласын дамыту жолға қойылған. Аталған салалар суды мол көлемде қажет ететіндігі6 айтпасақ та түсінікті шығар. Жалпы, Балхаш көлінің 80 пайызға жуығы Іленің суынан құралады десек, аталмыш өзеннің 70 пайызы Қытай өлкесіндегі ірілі-ұсақты өзендерден жиналады екен. Сол себепті Арал теңізі үшін Сырдария мен Әмудария өзендерінің маңызы қандай болса, Балқаш үшін Іленің суы одан да маңызды.
Қытайдың құрсауынан құтылу қиын
Мұны қоршаған ортаны қорғауға атсалысып жүрген азамат Мэлс Елеусізов мырза да мойындайды.
«Біз бұл проблеманы бұрыннан бері көтеріп келеміз. 2000 жылы Табиғат одағы алғаш рет Балхаш форумын өткізіп, жиын барысында көлдің экологиялық ахуалын жан-жақты көрсеттік. Арнайы екі томдық кітап та шығардық. Сол кездегі біздің жасаған болжамдарымыз айны-қатесіз орындалып жатыр. Бұлайша жалғаса берсе Балхаш көлі Аралдың кебін киеді. Айталық, Арал теңізінің кеуіп қалған жағасынан ұшқан тұз таудағы мұздықтарды ерітуде, нәтижесінде ауа райы өзгеріп, ғаламдық жылыну көрініс бере бастады. Мұның өзі өте қиын жағдай. Енді бұған Балхаш келіп қосылды. Қайта, Аралдың маңында елді-мекен көп емес, онда тек балықшылар ғана тұрады. Ал, Балқаш бассейнінің аумағында 3 млн. адам қоныстанған, экологиялық апат орнаса бұлардың барлығы басқа жаққа көшуге мәжбүр болады», - дейді эколог маман. Мэлс Елеусізовтің айтуына қарағанда, Қытай мемлекеті әлі күнге су ресурстарын пайдалану жөніндегі халықаралық конвенцияға қол қоймаған. Сондықтан Іле мен Ертіс өзендерінің суын қалай қолданам десе де, еркі өзінде. Дей тұрғанмен, Табиғат одағының басшысы егер Балқаштың суы тартылып, жағасынан тұз көтеріле бастаса, мұның зардабы Қытайды да айналып өтпейді дегенді ескертеді.
«Қапшағай су қоймасы салынғалы бері Іленің деңгейі 2,5 метрге төмендеді. Қытай ауыл шаруашылық саласы мен өндірісті дамыту үшін бұл өзеннің бойына бөгендер салмақ, егер олай болған жағдайда Іленің суы мүлдем азаяды. Сол себепті Балқаштың мәселесін тез арада шешу керек. Екі елдің өкілдері үстел басына отырып, шешпесе басқа жол жоқ», - дейді Елеусізов мырза.
Сонымен қатар, Қазақстанның шығысындағы ірі өзен Ертістің де ертеңі бұлыңғыр. Ауыл шаруашылығы мен кәсіпорындарды дамытуға құлшыныс білдіріп отырған Қытай суы мол Ертістің бойына да жағалай бөген орнатпақ. Тіпті, кейбір дерек көздері өзен суының жартысынан астамын көршіміз ауыл шаруашылығы жұмыстарына пайдалануға бұрып алмақ деген әңгіме шыққандығын растайды. Қалай дегенмен де, еліміздің күре тамыры Іле мен Ертіс құрып кетудің алдында тұр. Бұл турасында осыдан бірнеше жыл бұрын Мұрат Әуезов былай деп болжам жасаған: «Жетісу, Шығыс және Орталық Қазақстан аймақтарына экологиялық, әрі экономикалық орасан зор апат әкелетін Қытай тарапынан жоспарланған шекаралық өзендердің басым бөлігін иелену әрекеті, қытайлық экспансияның маңызды формаларының бірі... Даулы аймақтардың проблемасын шекаралық өзендердің мәселесімен бірге кешенді түрде шешу керек еді. Бұлай болмады, нәтижесінде Қазақстан өз мүддесін қорғауда мықты һәм бұлтартпас дәлелдерден қол үзіп қалды».
Әуезов мырзаның айтқаны айдай келді. Біздің ел қазір Қытайдың қас-қабағына қарап отыр. Несін жасырамыз, қазаққа бұйырмаған қазба-байлық солардың еншісінде. Ел экономикасын қолдарына ұстатып қойдық, қаржы-қаражатты да қытайлар басқаруда. Жақында юаньді айналымға енгізгелі жатырмыз. Қытай тілін әспеттеп төрімізге шығардық, баспасөзін мемлекеттік тіркеуден өткізіп бердік. Басқа нең қалды?! Қарусыз-ақ басып алу деген осы емес пе! Іле мен Ертістің суын бұрып алып, тамшы татырмай қатырса өзіңнен-өзің Қытайдың аяғына жығыласың. Міне, әңгіменің ұшы қайда жатыр. Осыны бек түсінген олар әуел баста қазақты қармаққа іліп ұстаған. Енді бұдан шығу бізге әсте қиын. Оның үстіне Астанадағы қу құлқындар бүкіл шикізатты «сыйға» тартқаны былай тұрсын, дағдарыс кезінде қарыз алып, мемлекетті жіпсіз байлады. Қашсаң да құтыла алмайсың. Жалпақ тілмен айтсақ, мұндайды «құлдық қамыты» кигізілді дейді. Жетпіс жыл орыстың отарында езілген қазақ, өзін-өзі (дұрысы, мемлекет басындағы көкелер) Қытайдың құрсауына лақтырды. Арты қалай болар екен?..
«ҚАЗАҚСТАН» апталығы, №18 (258), 14-мамыр, 2009