Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2954 0 пікір 19 Мамыр, 2009 сағат 11:57

«КТК» кімнің сойылы?

немесе Рахат Әлиев Қазақстанға қайтып оралса...

Қазақстандағы электронды ақпарат құралдары тіл туралы, діни сенім туралы, адам құқына қатысты, т.б. Конституциямен бекітілген заңдарды кез келген уақытта белінен баса берсе де, жазылмаған бір жарлықты бұлжытпай орындап отырудан танған емес. Ол заң – билікке мәймөңкелеу деп аталады. 2001-2002 жылдары Әбләзовқа қарасты «Таң» телеарнасы ҚДТ қозғалысының жаршысы болып, Назарбаев отбасын әшкерелегеннен соң-ақ, билік ауызы күйген баладай болған.  Радио-телеарна атаулының қожайындары мен басқарушыларына дереу және қатаң түрде қойылған жалғыз талап мәңгілік жұмыс істейтіндей көрінген...

Оспан РАҚЫМБЕК

немесе Рахат Әлиев Қазақстанға қайтып оралса...

Қазақстандағы электронды ақпарат құралдары тіл туралы, діни сенім туралы, адам құқына қатысты, т.б. Конституциямен бекітілген заңдарды кез келген уақытта белінен баса берсе де, жазылмаған бір жарлықты бұлжытпай орындап отырудан танған емес. Ол заң – билікке мәймөңкелеу деп аталады. 2001-2002 жылдары Әбләзовқа қарасты «Таң» телеарнасы ҚДТ қозғалысының жаршысы болып, Назарбаев отбасын әшкерелегеннен соң-ақ, билік ауызы күйген баладай болған.  Радио-телеарна атаулының қожайындары мен басқарушыларына дереу және қатаң түрде қойылған жалғыз талап мәңгілік жұмыс істейтіндей көрінген...

Оспан РАҚЫМБЕК

Алайда, осыдан тып-тура екі жыл бұрын күйеу бала қайын атамен шекіскен кезде қыз-күйеуге сеніп тапсырған ақпарат құралы Президенттің өзіне қарсы шапты. Көрнекті саясаткерлер өлтірілгенде, банкирлер ұрланғанда селт етпеген «КТК» Рахат ӘЛИЕВтің жалдамалы көмекшілері тұтқынға алына бастағанда жар салып, ойбайға басты. Қоғамдық пікірден араша күтті. Сан жылдар бойы түрлі сайқал ойындардан шаршаған қоғамдық пікіріңіз, қызығы сол, селт етпей қойды. Әлиев құйыршықтары өздері жұртты қалай бас салып заңсыз қамаған болса, оның қайын атасынан бұйрық алған полиция оларды да дәл солай абақтыға тоғытты. Алматыдағы «Республика алаңы, 13» ғимаратында пұт болып орнаған, жердегі Зевстей – Рахаң, сансыз сыбайласын тастап, шетелге қашып құтылды, немесе екі жаққа қатар ойнап үйренген қызыл жағалылар әдейі құтылтып жіберді... Сол кезде Әлиев пен НАЗАРБАЕВАға қарасты медиа-империя астынан су шыққандай көрінген. «Хабарды» жүз күнде ұлттық меншікке қайтарамыз» деп күпінген ЕРТІСБАЕВ сөзі және бар, шынымен де, тұтас мемлекеттің бүкіл телевизия жүйесін меншіктеп алған президент балалары ұрлықы дүниесін қайта құсар деп үміттенгенбіз...
Бекер екен. «Хабар», «Ел арна», «Қазақстан Тудейлер» мемлекет меншігіне қайтқан-дай болды... Бірақ, қандай бағамен? Бір кезде жүз теңгесін де шығындамай иеленіп алған «Хабарды» жүз миллион жасыл қағазға, мемлекетке (яғни, сіз бен біз байғұсқа) қайта сатқан бикештің кім екенін бүкіл жұрт біледі...
Ал Әлиевке, оның жақтастарына ара түсуде алдына жан салмаған «КТК» арнасының жыры мүлдем бөлек. Әуелде, Әлиевті тыныштандыру науқаны басталғанда оған президент әкімшілігінің қызметкері Арман ШОРАЕВ деген азамат басшылыққа келген. Мемлекет ішінен мемлекет құрған «тәтті жұптың» тамырларын бір кессе, президент кеңсесінің өкілі ғана кесетіндей көрінген. Ашулы қайын атаның қаһары өзіне қарсы тіл безеген телеарнаны тітіретіп жіберер дескенбіз. Алданыппыз! Аршындап бастаған Шораев мырзамыз да президент әкімшілігіне Дариға ханымның қамқорлығы арқылы жақындаған һәм «КТК-ға» да сол кісінің ұсынысымен келген «десант» екен. Яғни, «КТК-ны» Рахаттың кезінде басқарып, алқағанын көкке көтеріп, қарғағанын көрге тыққан баяғы КЛЕЩЕНКОВ, ПЛАТОНОВтардан  Шораевтың айырмасы шамалы болып шықты. «Жапалақпен тасты ұрсаң да, таспен жапалақты ұрсаң да - жапалақ өледі» деген осы екен...
Біздің елде айдаһардың жұмыртқасы жасырылған сандықтан да жұмбақ, жеті қабат жердің астында, жетпіс есіктің арғы жағында сақталатын бір құпия бар. Ол – АО-лардың, акционерлік қоғамдардың құпиясы. Мәселен, дәл осы «КТК» ның акциясы бүгінде кімдікі (немесе кімдердікі) екенін ешкім білмейді. Бұрын Рахат пен Дариғаларға тиесілі болғанын айтып келдік. Өздерінің де жасырғаны шамалы. Ал Рахат президентпен кетіскелі: «КТК» «Қазақмысқа» 200 миллион долларға сатылыпты!» деген ақпарат бір рет дүңк еткен. Содан соң сырт бейнесі жедел өзгерген «КТК» аббревиатурасы эфирден берілгенде: «К» таңбасын -  Ким, латынша «V» таңбасын – Владимир деп оқуға болатынын әшкерелеген «ҚАЗАҚСТАН» апталығы болатын. Әлиев жариялаған әйгілі «телефон әңгімелерінде» «Время» басылымының басшысы МЕЛЬЦЕР мен «бас зейнеткер» Владимир НИ дауыстары «КТК-ны» саудаға салатыны да есте. «Ваке, мені білесіз ғой, мен ол телеарнадан конфетка жасаймын» дейтұғыны бар Мельцердікіндей жылпос дауыстың. Ендеше, біз тәрізді жорамал құрушы жұрт бұл арнаның қазіргі акция пакетінің бір бөлігі кәрістер тобына тиесілі деуіне толық негізі бар. Бәлкім, бақылаушы пакет те осы мысшылар қолында... Ал мойнына адам қанын арқалаған, сыртынан қырық жылға сотталған, әрі құдіретті әйелінен еріксіз ажырасқан, Қазақстаннан мүлдем алыста жатқан Әлиевтің ел ішіндегі ақпарат құралдарында өз ықпалын сақтауын қалай түсінуге болады?
Бұл телеарнада екі жылдан бері Рахат Әлиев туралы бірде-бір сюжет берілген жоқ. Ақтайтын да, даттайтын да (Қайта, Дариғаға, «Нұрбанкке» қатысы бар болмашы жаңалықтың өзі жүйелі түрде, әспеттеліп көрсетіліп отырады). Мұны компания басшылары мен кейбір жұрт этикаға байланыстыруы мүмкін. Яғни, кеше соған тиесілі болған БАҚ бүгін ол туралы теріс ақпарат бергені ұят деуі мүмкін. Алайда, бүкіл мемлекетті дүр сілкіндірген оқиғаны әдейі көрмей, айналып өтуде этикадан бөлек тағы бір себептер көзге ұрып тұр. Мәселен, бүгінде «Портрет недели» ақпараттық сараптамасын жүргізетін Артур Платонов ежелден бері Әлиев тапсырысын орындауымен «қазақстандық Доренко» атағын иеленген жан, «біздің телекиллер» деуге лайық жалдамалы журналистің бірі һәм бірегейі. Ал жақында оппозиция көсемдерінің сотында куәгер болған, қазір «КТК-ның» заң бөлімінің жетекшісі болып мұртын балта шаппай отырған В.ТАРАҚАНОВ деген мырзаның бір кезде ЖАҚИЯНОВтарға қарсы «Ертістің жабайы жағасында» атты деректі фильмімен Әлиевке, билікке тамаша қызмет істеп бергені тағы бар. Мұндайлар көп, өте көп деуге де болады... Сондықтан, кеше Әлиев шекпенінен шыққан адамдардың телеарнада, т.б. жерлерде жауапты орындарда әлі күнге дейін отыра беруі НАЗАРБАЕВтың Әлиевке ашқан майданын мағынасыз қылып көрсетеді. Сендірмейді...
Әрине, «бір кезде қандықол, кәззап қылмыскерге жақын жүріпсің» деп дәлелсіз бас салып жұртты түрмеге тоғыту, қуғындау жалпы әділетке жат. Бірақ, біздің биліктің логикасына салсаңыз, назарбаевтық логикаға салсаңыз, бұл кешірім – нонсенс. Авторитар басшыға қарсы шығып, соғысып алып, соңынан жақтас-сыбайластары жалғанды жалпағынан басып жүрген бүлікші әлемде кемде-кем болар...
Осыны көріп отырып, құдды ертең, трибунал кескен қырық жылы да кешіріліп, әйелімен қайта табысып, жоғалған банкирлер өздері аң аулап жүріп қаңғып кеткен болып шығарылып, бар күнәсінен пәк, періштедей қалқып, Рахат Әлиев елге қайтып келетін сияқты көрінеді де тұрады... Ал Әлиев қайтып оралса, немесе, Назарбаев билігі сыр беріп таққа талас басталса (ондай күн алыс та емес) әңгімеміздің тамыздығы «КТК» телеарнасы ғана емес, «Первый канал - Евразия», «НТК», «HIT-TV» сияқты бүгінде ақша табудың ғана құралы болып отырған көптеген түбірі күмәнді электронды БАҚтар саяси белсенділігі  артып шыға келері, және кімді мақтап, кімді даттары бесенеден белгілі. Ал ондай атты күнді Әлиевтердің енді жібермесі анық.

ТАБАНСЫЗ КІМ? АХМЕТОВ ПА, ТӘЖИН БЕ?..

Ресей қашандағыдай шала бүлінуде. Тбилисиде көшеге шығып кеткен оппозицияны қолдап, Михаил СААКАШВИЛИге ағаш оғын атқылап әлек. Грузияда әскери оқу-жаттығу жиынын өткізуге кіріскен НАТО қимылын ресми Мәскеу неге екенін, арандату деп түсінуде. Тәуелсіз елдің сыртқы саясатын өздеріне тәуелді еткісі келетін орекеңдер бұл жиынға алты елдің қосылмай қалғанын ауыз жаппай айтуда. Алтаудың арасында Қазақстан да бар.
«Біздің тәуелсіздігіміз басты байлық» деп әншейінде шіренгенде  үзеңгібауын үзе жаздайтын Президент мырза дәл осы істе қаншалықты тәуелсіз бола алды екен? Ресей мен Грузия арасы былтыр тамыздағы қақтығыста бұзылған бетте, ең алғашқылардың бірі болып бұл елдегі үлкен инвестициялық жобаны жауып тастаған Қазақстан болатын. Батумидегі порт құрылысынан бас тартқанбыз. Каспий мұнайын Шығыс Еуропаға шығарудың төте жолын ұсынып отырған Грузия сынды әріптестен, өзіміздің экономикалық мүддемізге мүлдем қайшы болса-дағы ада-күде аулақ қашқанбыз. Енді әскерді заманға сай модернизациялау міндеті, «Еуропаға жол», еуропалық беделді ұйымға төраға болу сияқты басым бағыттарымыз бар дей тұра, Грузиядағы НАТО жаттығуына қатыспай қойдық. (Әуелде бұл жаттығуға қатысамыз деп тіркеліп, сұранған өзіміз болатынбыз). Неге екенін, бұл әрекетті Қорғаныс министрі Даниал АХМЕТОВ мырза да, Сыртқы істер министрі Марат ТӘЖИН мырза да түсіндірген жоқ. Әншейінде жортып жүрген израильдік кәсіпкер мен вице-министр, генералдар бірігіп алып оңды-солды шаша беретін  миллиардтар жетпей, дағдарыс буып қалды ма, басқа себеп болды ма, айтылмады.
Мәймөңкеден ада мәскеулік шенеуніктер Қазақстанның тайқып шыққанын өз пайдасына жаратып, ашық насихатқа көшті, ал біздің Ахметов пен Тәжиндер ең болмаса, «табаныма тікен кіріп кетті, әйтпесе, басып озар едім» деген тәрізді далбаса сылтау айтуға да жарамай әлі отыр.

БРАУНҒА САЛҒАН ҚЫЛБҰРАУ

Британдық «Dayli Telegraf» басылымы парламент депутаттарының қазына қаражатын жеке басына жаратқаны туралы әшкере мақалалар жариялап жатыр. Бір депутат ел ақшасын жекеменшік үйіндегі электр лампочкасын ауыстыруға жұмсаса,  Премьер-министр Гордон БРАУН үй сыпырушымен есептескенде мемлекет қалтасына қол сұққан екен.
Мемлекеттік қызметкерлер туралы маңызды құжатқа қол жеткізген журналистер шабуылының қаттылығы сондай, әшкере болған бірнеше депутат өмірден түңіліп, өз-өздеріне қол жұмсаудың аз-ақ алдында жатқан көрінеді. Ал қалғаны ортақ қазандағы қаражатты жұмсауда «қызметтік қажеттілік» және «жеке мұқтаждық» деген аражіктерді ажыратудың қиын екенін, жүйенің тозғанын алға тартуда. Кейбіреуі, шамасы өз ақтығына аса сенімді қалаулылар болса керек, «мұндай маңызды құжаттың баспасөз бетіне қалай шыққанын Скотланд Ярд анықтауға тиіс» деп, журналистермен шайқасуға кірісіпті. Ал «Dayli Telegraf»-тың ресми басшылығы: «Еліміздегі заң бойынша, біз ақпарат көзін көрсетуге міндетті емеспіз, ал бұл ақпарат мемлекет үшін аса маңызды деп есептейміз» деп мәлімдеуде.
Осындайда ел қаражатын әкесінен қалған еншідей еміп жатқан нұротандық депутаттар еске түседі. «Құпия құжаттарды жариялады» деп айыпталып, түрмеде отырған газет редакторы Рамазан ЕСІРКЕПОВ мырза да тек қана аянышқа лайық.
Ал сәл қиялдап, ағылшындық дәстүрді бір сәт өз жағдайымызда елестетіп көрсек: «Егемен Қазақстанның» басшысы Сауытбек АБДРАХМАНОВтың Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Нұртай ӘБІҚАЕВ, Аслан МУСИН, Ахметжан ЕСІМОВтердің артық жұмсаған ақшасын есептеп, айпарадай қылғаны,.. апырай, Сауытбек мырза тым қаһарлы көрінеді екен...

«ҚАЗАҚСТАН» апталығы, №18 (258), 14-мамыр, 2009

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450