Ауылда ауру азайып келеді бірақ, жағдай әлі сауығып кеткен жоқ
Медицина ғылымының жетістігі күн санап артып келеді. Қауіпті дерттердің емі табылып, түрлі медициналық құрал-жабдықтар қолданысқа енуде. Десек те елімізде әртүрлі ауруға шалдыққандар саны азаймай отыр. Соның бірі - туберкулез ауруы. Бұл жұқпалы аурудың эпидемиясы облысымыздың көптеген аудандарында бой көрсетуде. Аталмыш індеттен Қызылқоға ауданы да шет қалып отырған жоқ.
Медицина ғылымының жетістігі күн санап артып келеді. Қауіпті дерттердің емі табылып, түрлі медициналық құрал-жабдықтар қолданысқа енуде. Десек те елімізде әртүрлі ауруға шалдыққандар саны азаймай отыр. Соның бірі - туберкулез ауруы. Бұл жұқпалы аурудың эпидемиясы облысымыздың көптеген аудандарында бой көрсетуде. Аталмыш індеттен Қызылқоға ауданы да шет қалып отырған жоқ.
Біздің Аслан Тұрсынғалиұлы ЕСЕНЖАНОВпен әңгімеміз осы сұрақ төңірегінде өрбіп, өзі басқарып отырған аудандық өкпе аурулары ауруханасының бүгінгі тыныс тіршілігі, жалпы денсаулық сақтау, медицина саласының өзекті мәселелері жайында болды.
-Аслан Тұрсынғалиұлы, соңғы уақытта ауданда туберкулез ауруына шалдығушылар саны өскені байқалады. Сіздіңше оның себебі неден деп ойлайсыз?
- Маман ретінде айтарым, туберкулез ауруы облыста соның ішінде біздің аудан деңгейінде кездесуі таңсық емес. Бұл ауру, негізінен, әлеуметтік ауру. Екіншіден осы ауруды тудыруда Қызылқоға жеріндегі Тайсойған полигонының зардабы да жоқ емес. Оның үстіне облыстың өзге аудандарына қарағанда Қызылқоға өңірі қысының ерекше суық болуы, оның үстіне көптеген тұрғындардың өз денсаулығына жауапсыз қарауынан осы аурудың тууына әсері бар дер едім.
Сондықтан облыс әкімдігінің шешіміне сәйкес «Халықты туберкулезге жаппай тексеру» ауданда жыл бойына жоспарлы түрде жүзеге асуда. Жылма жыл халықтың 94 пайызы жоғары флюорографиялық байқаудан өтеді. Оған қоса балаларды манту сынамасынан өткізуді 100 пайызға қамтамасыз еттік. Флюоро байқаудан халықты уақытында өткізуде аудан әкімі, округ әкімдерінің автотранспортпен, жанар- жағармаймен көмектерін атап өтуге болады.
Бұрынғы жылдары Атырау облысы осы аурудан республика бойынша эпидемиологиялық көрсеткіші өте жоғары облыстардың бірінен саналды. Ал біздің ауданымыздың көрсеткіші облыстық көрсеткіштен де жоғары болды. Десек те, соңғы жылдары бұл ауруды азайтуға қол жетті. Осы орайда ауданның медицина қызметкерлері мен жауапты мекеме, ұйымдарының бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесі болғанын айтуға тиіспіз.
- Десек те, ауданда осы ауруға қарсы күрестің қазіргі жайы қандай деңгейде дер едіңіз?
- Әрине, аудан көлемінде туберкулезбен ауыратындар баршылық. Соның ішінде бұл сырқатпен ауыратындар арасында балалар мен жасөспірімдер де болуы өкінішті. Бір көңілге демеу, осы аурудан шетінеген бала болған емес.
Бір айтар жәйт, тұрғындар арасындағы туберкулезге шалдыққандарды анықтау мақсатында жылжымалы флюорографты кеңінен пайдаланып отырмыз. Әрі дәрігерлердің білім деңгейін көтеру нәтижесінде емдеу жүйесінде оң істер баршылық. 2007 жылы емдеу орны 1-ші санатты бір фтизиатр дәрігермен толықса, биылғы жылы 2 дәрігер санаттылығын көтермекші. 2007 жылы туберкулез ошағындағы балаларды оқшауландыру үшін көрсеткіштері жоғары Ойыл, Сағыз округтерінен екі 20 балалық санториялық балабақша тобы ашылып, аудан бойынша балаларды оқшауландыруды 100 пайызға дейін жеткіздік.
Туберкулез ошағындағы және туберкулезге бейім балалардың барлығын жазғы лагерьге барып демалуына жағдай жасалынды. Жасқайрат, Мұқыр селосынан туберкулездің ашық түрімен ауыратын екі адамға үй берілді.
-Сөз орайында аурухананың бүгінгі материалдық – техникалық базасы, медициналық құрал- жабдықтармен қамтылу жайлы не дейсіз?
Ал осы тұрғыдан келгенде біздің ауруханамыздың материалдық базасы талап тұрғысында деу қиын. Салынғанына қырық жыл болған аурухананың қазіргі жайы мәз емес. Тозығы жетіп, ескірген. Оның үстіне ауруханадағы қазіргі медицина құрылғыларының алынғанына көп болды, кейбір аппараттар пайдаланудан қалып отыр. Оларды осы заманғы медициналық аппараттармен алмастыру қажет. Орынның жоқтығынан осы ауруға шалдыққан балалар мен жасөспірімдерді облыс орталығына жіберіп, емдетуге мәжбүрміз.
Біздегі тағы бір проблема, ол маман дәрігерлердің жетіспеушілігі. Облыстан шалғай жатқан аудан болғандықтан мұнда мамандар келіп жарытпайды. Сырттан шақырғанның өзінде оған баспана, басқа да әлеуметтік жағдай жасалуы керек. Қазіргідей қиын кезеңде сырттан келетін маманға жағдай жасауға қол қысқалығы алдыңды орайды. Сондықтан, мүмкін болғанша жергілікті жастарды медакадемияларға арнайы оқуға жіберіп, мамандардың орнын толықтыруды ойластырған жөн секілді.
- Сонда ауданда аурухананың материалдық базасын жақсартуға мүмкіндік жоқ па?
- Мүмкіндік бар. Елбасымыздың «100 мектеп пен 100 аурухана» салу жөніндегі бағдарламасы бойынша ауданымызда өкпе аурулары ауруханасының жаңа ғимаратын салуға қол жетті. Бүгінде аурухананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Сәтін салса алдағы уақытта аурухана пайдалануға беріліп, ауданда өкпе ауруларының алдын алып, азайтуға толық мүмкіндік туады деген есептеміз. Болашақ жаңа аурухана осы заманғы шетелдік медициналық аппараттармен жабдықталынбақ. Мұның өзі ауданда туберкулез ауруын асқындырмай, ауыздықтауға мүмкіндік береді деген сенімдеміз.
- Аслан Тұрсынғалиұлы, тұрғындарды аталмыш аурудан сақтандыру бағытында нендей кеңес берер едіңіз?
- Туберкулез ауруынан сақтанудың алғы шарты денсаулықты дұрыс сақтауға және әлеуметтік ахуалға, табиғи ортаның тазалығына байланысты екені дәлелденген. Тәні сау адамның денесіне түскен құрт ауру тудыра алмайды, адамдардың туа біткен иммунитеті бар және жаңа туған нәрестеге одан соң 1 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға туберкулез вакцинасы БЦЖ қолданылады. Ал қант диабеті, асқазан аурулары, қан аздық, жүйке ауруы, маскүнемдік, нашақорлық, т.б. аурулар мен әдеттер туберкулез ауруын «жамап» алуға бейім. Бұл аурудың бүйрек, сүйек, буын, көз, ми қабыршағы, жыныс мүшелерінен табылуы да әбден мүмкін.
Түйіп айтқанда, адамдардың денсаулығы мына жайттарға тәуелді көрінеді. 15 пайыз - медицина, 20 пайыз - әлеуметтік жағдай, 15 пайыз - экологияға, қалған 50 пайызы өзіңді қалай күтіп жүре алуыңа байланысты. Олай болса үлкенді-кішіміз болып өз денсаулығымызға баса көңіл бөлгеніміз жөн.
Ғ.ЗИНУЛЛИН.
«Атырау» газеті 18.05.2009 жыл
http://ag.atyrauakparat.kz/