Сынақтардан кейінгі сынақ: заң заманға сай болуы керек
«Семей ядролық сынақ полигоны туралы» Заңға заманға сай өзгерістер мен толықтырулар енгізген жөн». Мұндай ұсынысты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеп отыр. Жалпы, әкім мырзаның мәлімдеуінше, халық қалаулылары осыдан тұп-тура 20 жыл бұрын қабылданған аталмыш заңға өзіндік өзгертулер мен толықтырулар енгізуге ыңғай білдіруі керек. «Себебі қолданыстағы заң көнеріп қалғалы қашан!»
«Семей ядролық сынақ полигоны туралы» Заңға заманға сай өзгерістер мен толықтырулар енгізген жөн». Мұндай ұсынысты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеп отыр. Жалпы, әкім мырзаның мәлімдеуінше, халық қалаулылары осыдан тұп-тура 20 жыл бұрын қабылданған аталмыш заңға өзіндік өзгертулер мен толықтырулар енгізуге ыңғай білдіруі керек. «Себебі қолданыстағы заң көнеріп қалғалы қашан!»
Сондай-ақ аталмыш заңға қатысты полигон аумақтарын сауықтыру мақсатында ядролық сынақ болған өңірлерде экстремалды туристердің саяхатын ұйымдастыру жайы да сөз болды. Бұған қатысты «экзотика мен шым-шытырық оқиғаларға, қаупі жоғары аймақтарға бас тігіп саяхаттауды қалайтын саяхатшыларға Семей полигоны аймағын зерттеу тым қызықты, сондықтан полигон аймақтарында экстремалды туризмнің өркендеуіне жол беру керек» деген мамандар да табылды. Әрине, бұған дейін «Семей ядролық полигон аймақтарының 95 пайызын халық шаруашылығына пайдалануға беруге болатыны» жайлы мәселе көтерілгенде біраз дау-дамай туындаған-ды. Ақыры ғалымдарымыз бар, мемлекеттік орган өкілдері бар, «бұл мәселені мемлекеттік тұрғыда зерттеу керек» деп барып, аптығымыз басылған-ды. Ендігі кезекте полигон аймағында экстремалды туризм саласын өркендету жайы сөз болуда. Ал бұл үрдістің келешегі қаншалықты үмітті? Ядролық полигон аймағын зерттеуде мұндай тәсілдерді пайдалану қаншалықты тиімді?
Дерек пен дәйек
Негізінен, дерекке жүгінсек, Семей ядролық полигонында бірінші жарылыс 1949 жылғы 29 тамызда, соңғысы 1989 жылғы 19 қазанда болды. Осы жылдар ішінде полигонда 470 атом сынағы жүргізіліп, сол кездерде 606 ядролық жарылыс, оның ішінде әуеде - 90, жер бетінде - 26, жер астында 354 жарылыс жүргізілді. Олардың жинақталған тротилдiк баламасы 17,7 мегатонна болды (!) Жер бетіндегі және әуедегі ядролық жарылыстарға арналған қарулар 1963 жылға дейін шығарылды.
Әуе мен жер бетінде жүргізілген 55 жарылыстың радиоактивті бұлттары және жерасты жарылыстарының 69 газ фракциясы полигон шегінен тыс жерлерге тарады. Дәл осы 124 жарылыс Қазақстан аумағының шығыс бөлігін радиациямен ластады. Полигонда ядролық жарылыстан басқа, химиялық жарылыс заттарын қолдана отырып, 175 жарылыс жүргізілді. Соңғы заряд 1995 жылғы 31 мамырда химиялық жару әдісімен жойылды. Жалпы, полигонның аумағы 18,54 мың шаршы шақырымды алып жатыр және 39 пайызын - Павлодар облысы, 54 пайызын - Шығыс Қазақстан өңірі және 7 пайызын Қарағанды облысы иеленген. Бұған қатысты сарапшылардың бағалауы бойынша, «Семей полигоны маңайындағы радиацияға ұшыраған жерлердің нормаға келуі үшін кемінде 300 жыл керек»...
Қасіреттің буы тарқаған жоқ...
Сөйтіп, Семей полигоны аймақтарын жалпы қолданысқа беруге, ол аймақтарда өндіріс ошақтарын құруға, ауыл шаруашылығын өркендетуге, аймақты зерттеу мақсатында туристерді тетікке қосуға мүлде қарсы қауым «Семей жеріндегі қасіреттің буы әлі тарқаған жоқ, сондықтан мұндай ұсыныстарды қолдаудың мүлде қажеті жоқ» десті.
Хакім СУЕРБАЕВ, химия ғылымының докторы, профессор:
- Ғылыми деректерге жүгінсек, плутоний-240 изотоптары табиғи жолмен - 6500 жылдан кейін, плутоний-239 изотоптары 21 мың жылдан кейін ыдырайды. Ал плутоний-241 ыдыраған кезде жаңа альфа-сәулесі түзіледі, америций-241 изотоптарының төндіретін қаупі жыл сайын тек өсе береді. Егер плутонийдің бір бөлігі адам ағзасына түссе, сүйек тінінде - 80 жыл, бауырда 40 жыл өмір сүреді екен. Барлық тірі жасушаны өлтіріп, олардың табиғи қасиетін жойып, бұзуға әкеліп соғады. Ал осындай деректерге анық қол жеткізе отырып, сол аймақтарды қалайша халықтың қолданысына береміз?! Бұған қатысты айтарым, Семей полигоны аймағындағы қайғы-қасіреттің буы әлі тарқаған жоқ. Семей халқы оның зардабын әлі тартып отыр. Сондықтан ол елдегі полигон аймақтарына инвестиция салуға мүлде қарсымын.
Ядролық отын банкін құрсақ қайтеді?
Жалпы, Семей полигоны аймағын сөз еткенде мамандарымыздың бір парасы ядролық отын банкі турасындағы ұсыныстарын қоса қаузады. «Ядролық отын банкі - тек Қазақстан үшін ғана емес, әлем бойынша қажет нәрсе» дескен мамандарымыздың қайсыбірі нақ осы ядролық отын банкі идеясын іске асыруға Семей полигоны аймағы өте қолайлы жер екенін алға тартуда. Бұл ретте Ұлттық ядролық орталық Ядролық физика институтының ғылыми істер жөніндегі директорының орынбасары Насурлла БӨРТЕБАЕВ:
- Қазір осы ядролық отын банкінің мүмкіншіліктері мен ерекшеліктері туралы жиі айтылып жүр. Өзіңіз жақсы білесіз, біздің елімізде Семей полигоны аймағы бар. Ол жерде үлкен ірі жарылыстар болғандықтан, аталмыш полигон аймағында сол жарылыстардан қалған әртүрлі радиоактивті қалдықтарды сақтайтын қоймалар бар. Семей полигонының бір ерекшелігі: онда қалдықтарды сақтайтын қоймалар уақтылы жасалып қойған. Мәселен, бізде медицинада ампулалық радиоизотоптық материалдар қолданылады. Осы препараттарды уақыты өткеннен кейін бір жаққа апарып, көму керек. Осындай медицинада қолданып жүрген ампулалардың 50 мыңға жуығы қазірде сол Семей полигоны аймағының қоймасында сақтаулы. Сондай-ақ өнеркәсіпте қолданып жүрген радиоактивті қалдықтарды да сол жерге апарып, сақтап, көміп отырмыз. Еске сала кеткен жөн, Ақтаудағы тоқтатылған БН-350 реакторының ядролық қалдықтары да толығымен осы Семей полигонындағы сақтау қоймаларына көшірілді. Демек, бізде ядролық отын қоймалары бар. Біз көп елде мұндай мүмкіншіліктің жоқ екенін ескеруіміз керек. Бұл деген - нағыз коммерциялық жоба. Ядролық отын банкін атом өндірісі саласындағы тағы да бір пайда табудың көзі деп білуге болады. Бұл - ядролық өндірістің пайдалы бағыттарының бірі. Өз басым Семей полигоны аймағы осы банктің жұмысын ұйымдастыруға қолайлы аймақ деп білемін, - дейді.
Әлемдегі ашық-шашық полигон...
Негізінен, мамандардың пайымдауынша, осы полигон аймақтарын пайдалану турасында ойды шығарып жүргендердің бағамдауынша, полигон аймағында тұрып жатқан елдер сол жерді тұрғылықты мекен етті. Тіпті сол елде қайсыбір қауым «кезінде ашық-шашық жатқан полигон аймақтарына жылқыларымызды жайғанбыз, қазір де олар сонда жайылып жүр, ол жылқының қымызын бүкіл ел ішеді, етін біраз қауым азық етеді, сондықтан да сол бұрынғы полигон аумағынан жер алып, оны құжатпен заңдастырсақ, жөн болар еді» дейтін де көрінеді. «Міне, полигон аймақтарын халық шаруашылығына беру мәселесі осыдан барып туындады» дейді мамандар. Әйтсе де ғалымдардың дені Семей полигоны аймағы әлем бойынша ең ашық-шашық жатқан полигон екенін, нақ қазір полигон аймақтарын пайдалануға бергеннен гөрі, осы аймақтарда тұрып жатқан жұртшылыққа төленетін жәрдемақыны еселеп көбейту керектігін баса айтуда. Өйткені аймақ тұрғындары полигон аймақтарында тұрып, радиациямен уланғаны үшін бүгінде болмашы жәрдемақы алуда. Мәселен, Жапонияда ядролық бомбаланған жерлерді мекен ететіндерге үш деңгейлі көмек беріліп тұрады. Біріншісі - округтік әкімшілік, екіншісі - штаттық әкімшілік, енді бірі - федералды әкімшілік тарапынан. Үшеуі де - мемлекеттік мекеме. Сондай-ақ жапондарда осы аймақтарда тұратын тұрғындар басқа жаққа қоныс аударып кетіп, туған жеріне қайта айналып келсе, елде тұрмаған жылдардағы өтемақысын даулап алуға құқы бар. Ал біз полигонның зардабын көрген жандарды шөміштен қағып, олар өзге қалаға қоныс аударса, болар-болмас жәрдемақысын төлеуден бас тартамыз.
Әрине, игерілмей жатқан полигон аймақтарына инвестиция салу ұсынысы ойланарлық екені даусыз. Семей полигонына салынатын инвестиция өзін-өзі ақтай ма, жоқ па - оны болашақ көрсете жатар. Бірақ бүгінгі күнмен қарасақ, бізге, ең алдымен, сол елдің жұртын жәрдемақымен жарылқап алған жөн тәрізді...
«Абай-ақпарат»