Алаштықтар аударған 300 кітаптай шығарма табылды
«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден». Тұтас ұлттың тағдыры таразыға тартылған тар кезеңде, аттың жалында, түйенің қомында жүріп Алаш зиялыларының атқарған қызметі ұшан-теңіз. Ұлт бостандығын күзеткен «Алаш» партиясын құру, «Қазақ» газетін ашу, «Педагогика», «Психология» сынды әртүрлі жанрдағы еңбектер жазу, ағартушылықпен айналысу – тізе берсек шыға береді.
Бүгінгі таңда зиялылардан қалған тағы бір көл-көсір еңбек табылып отыр. Бұл – әлем жауһарларынан түзілген 300 кітаптай аударма еңбек! Аз ғана шоғыр бірігіп, бірер жыл ғана жұмыс істеп жабылған кешегі Ұлттық аударма бюросының қызметін атқарыпты! Міне, ғажап! Қалай таңданбассыз? Табына бас имеске еш шарамыз жоқ!
Осы тұста Алаш аманатын ардақтап, аударма жұмысының басы-қасында жүрген Айбек Нәби мырзамен тілдесудің сәті түскен еді.
– Алаш қайраткерлерінің аудармаларымен алғаш қашан таныстыңыз?
– «Отбасы хрестоматиясы» деген қор құрып, осы сериямен кітаптар шығарып жүрдік. 2016 жылы көлемді фольклорлық, ғылыми кітап жазу үшін ғылым академиясының архивіне кірдім. Сол жерде «Жан-Кристоф» деген кітапқа көзім түсті. Қазақша кітап, бірақ латын хәрпінде екен. Көрдім де, кейін оқырмын деп жайыма жүре бердім. Кейін 2020 жылы жұмысқа бір ерікті (волонтер) келіп бізге көмектескісі келетінін айтты. Мен баяғы «Жан-Кристофтың» электронды вариантын іздеп көрдім. Сөйтсем «Kazned» деген сайтта электронды нұсқаcы бар екен. Сілтемесін беріп, еріктіге осы кітапты теріп берші дедім. Кейін оқып көрсем тілі бай, әрі жатық, балаларға арналған қызықты шығарма екен. Кенет маған осыларды шетінен шығарып отыру жайлы ой келді. Кітаптардың біразының тізімін жазып, министірлікке, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жібердік. Өйткені «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мақсаты осындай құндылықтарды жаңғырту емес пе? Бірақ олар ресми айтпағанымен, өзімізге «Егер Алаштың аудармаларын ел оқитын болса, ұлттық рухы оянып, көшеге шығып кететінін» айтты. Яғни бізде «Алаш» деген идеядан әлі қорқыныш бар. Басқа да орындарға бардық, бәрі де арқамыздан қағып, жылы сөзбен шығарып салып отырды. Сосын ойланып, бұл кітаптарды өзіміз шығарайық деп шешім қабылдадық. Бірінші кітапты шығаратын кезде әлеуметтік желілерге жазып, жұрт болып ақша жинайық деген ұсыныс айттым. Бірінші кітапты осылай шығардық. Екінші кітаптарға адвокат Абзал Құспан деген жігіт демеуші болып, көмек етті.
– Алаш қайраткерлерінің әлем әдебиетінің жауһарларын аударудағы басты мақсаты қандай болды екен?
– 1922 жылы Әлихан Бөкейханды Мәскеуге жер аударады. Яғни Мәскеуден басқа бірде-бір елді-мекенге шығармайды. Енді бұлар алдында Алаш үкіметін құрғанымен, большебиктер бұл идеяның күл-талқанын шығарды. Мемлекет құра алмайтынын білген соң, стратегияны екінші жаққа ауыстырып, ағартушылық бағытқа көшеді. Елді ағартып, ұрпақтардың санасын оятып, қайтадан тәуелсіздік үшін күресеміз деп жоспарлайды. Осы идеямен 1922 жылы Әлихан Бөкейхан қасына Мағжан Жұмабаевты алады. Мәскеуде халықтар достығын насихаттауға арналған «Интернационал» деген баспа ашылып, сол жерде қазақ бөлімін ашады. Бөлімнің бастығы болып Нәзір Төреқұлов барады. Төреқұлов қасына Әлихан мен Мағжанды қызметке алады. Биографиясы «нашар» болғандықтан Әлиханды жоғары қызметке қоймайды, бірақ баспаның негізгі жұмыстарын Әлихан мен Мағжан атқарады. Олар қазақ баласы оқуға тиіс шамамен төрт жүзге жуық кітаптың тізімін жасайды. Маңызды кітаптар көбіне Мәскеуде ғана болғандықтан өздерінің несібесінен жырып кітаптар сатып алып, Қазақстандағы бұрынғы алашқа мүше болған зиялыларға бір-бірден жіберіп отырады. Мәселен, Абайдың баласы Тұрағұл Джек Лондонның «Киш» шығармасын және «Мартен Иден» деген үш жүз беттік еңбекті аударған. Аударып болғасын қайта Мәскеуге жіберіп, оны редакциялап, баспадан шығарып отырған. Тұрағұл «Мартен Иденді» аударып жатқан кезінде НКВД-ның адамдары келіп алып кетеді. Тұрағұлдың естелігінде «Мартен Иденді аударып жатқанымда НКВД-ның адамдары келіп алып кетті, содан шығарманы жоғалтып алдым» дейді. Аударма жұмысы 36-37 жылдарға дейін жүрген, сонда 12 жыл ішінде көптеген кітаптарды аударып үлгерген. Жүсіпбек Аймауытовқа бір Алаштың зиялысының жазғаны бар, сонда «Мәскеуде Әлихан мен Мағжан бірігіп кітаптар аударып жатыр екен, сен де өзіңе бір кітап алсаңшы» деп хат жазады.
– Аударма кітаптар сол кездегі қазақ жұртшылығына жетіп отырған ба?
– Әу баста латынша шыққан кітаптар әрі кетсе он мың тиражбен шығуы мүмкін, бірақ таралды ма, таралмады ма, білмеймін. Бірақ бір нәрсе анық: Одаққа мәселен он бес ел мүше болды. Кеңес өкіметі кезінде Алаш ардагерлерінің арынды мінезі мен алапат қимыл-әрекетіне қарап, Лениннің өзі «екінші моңғол шапқыншылығы» деп айтқан. Яғни он бес одақтың ішінде өте көзі ашық, зиялы, еркін ойлай алатын Алаш азаматтары болған. Қазір «Баянауылдан пәленбай академик шықты», «мына жерден мұнша ғалымдар шықты» деп жатады. Сол жиырмасыншы жылдардан бері қарай туған зиялылардың барлығы осы алаштықтар аударған аударма кітаптарды оқып шыққан деп айта аламын. Мысалы өзбектерді алып қара, әзірбайжанды, армияндарды алып қарасаң да, ол кезде алаштықтар секілді интелекті шоғыр болмаған. Кеңес өкіметі кезінде қазақтарды мойындады ғой. Қаныш Сәтбаевтың өзін алып қарасаң, ғылымға қандай жарылыс жасады. 60-70 жылдары ғылымда, әдебиетте үлкен дүмпу болды ғой, Жұмагелді Тәшенов, Өзбекәлі Жәнібековтерді айтпағанда. Осы кісілердің бәрі біз айтып отырған аудармаларды оқыды деп айта аламын. Содан олар көзі ашық, көкірегі ояу азаматқа айналды. Мұндай буын өзбектерден де, украиндардан да шығуы керек еді. Бірақ, жоқ қой. Егер Әлихандар сол кезде ағартушылықты бастамағанда қазіргі біздің жағдай бұдан төмен болар ма еді?! Кеңес кезінде қазақтардың білім деңгейі орыстардан кейінгі екінші орында болды. Осының бәрі Әлихан бастаған алаштықтардың арқасы.
– Қазір қанша кітап баспа бетін көрді? Қандай авторлар бар?
– Бір жылда сегіз кітап шығардық. Өзіміздің мүмкіндігіміз жеткенше, бүкіл мәселе қаржыға келіп тіреледі.
– Алаш зиялылары аударған кітаптарды қайтадан басып шығаруға қалтасынан қаржы жұмсайтын меценанттар жоқ па қазір?
– Өкінішке орай, жоқ. Кітап шыққан соң сатамыз да, соның ақшасымен келесі кітаптарды шығарамыз. Мәселен, алғаш «Жан Кристовты» шығарып, содан түскен қаржыларға басқа кітаптарды шығардық. Яғни, бірінші кітап екінші кітапты сүйреп кете береді. Сосын жұрт оқу үшін кітаптың бағасын қымбаттатқан жоқпыз. Бірінші кітаптар 500-600 теңгеден сатылды, қазір ең өсірдік дегенде 800 теңгеге шықты. Бұл аудармаларға Алаштың аманаты, мұрасы ретінде қарадық, шығару парызымыз секілденді. Сосын да бағаны көтеріп пайда табуды көздеген жоқпыз. Кітаптың авторларына келетін болсақ, барлығына жуық бүркеншік атпен берілген. Мысалы Мюнхгаузенді Жақып деген кісі, «Жан-Кристофты» Ысқақ, «Кишты» Рақым деген бүркеншік есіммен береді. Неге бүркеншік атпен бергенін түсінемін, себебі 1933 жылдардан бастап алаштықтар қудалана бастады. Шығармалардың бәрін мүмкіндігінше басқызбауға тырысады. Егер ол жерде Әлихан Бөкейханның аты тұратын болса, онда кітапты алады да, жойып жібереді. Мәселен «Ғ.Себеп» деген автор жүр. Одан бөлек Мопассоннан аударылған шығармаларда «аударған Ғали Орманов» деп тұр. Бірақ Ғали Ормановтың көп томдық шығармаларынды бұл еңбектер жоқ. Яғни ол заманда Ғали Ормановтар кішкене бала болғасын, соның атымен беріп жіберген болуы мүмкін. Егер Ғали Орманов аударса, кейінгі көптомдық кітаптарында тұру керек еді. Аударма басқармасының басшылары Әлихан мен Мағжан болса да, бұлардың есімдері ешбір кітапта жоқ.
– Әлихан Бөкехайнның жеке аудармаларының өзі бірнеше том шығатын секілді?
– Иә, Әлиханның аудармалары біршама. Бір нәрсені мойындауымыз керек: Лев Толстойды, Оскар Уайлдты, Мопассанның кітаптарын ең алғаш аударған – Әлихан Бөкейхан! Сондықтан Әлиханның аудармаға қосқан үлесін арнайы атап, түсін түстеп айтуымыз керек. Бұлай көбіне айтылмайды.
– Алаштықтардан неше аударма кітап қалды?
– Алдын ала жоспарлап, санын анықтап көрдім, сонда алаштықтардан 300 кітаптай аударма еңбек табылды. Бұл НКВД-дан аман қалған кітаптар ғана. Сосын бір кітапты үлкен төрт жүз беттік том деп есептемеуіміз керек. Ол заманда кітаптарды бір-екі шығарманы топтастырып, жазуын үлкен етіп, ішіне міндетті түрде суреттер енгізіп шығарған. Сонда біздің кітапқа салсақ, бір кітабы жүз беттің о жақ бұ жағындай болады. Ойлап қараңыз, 1928 жылдан бастап аштық жүріп жатыр, оның үстіне «қашан алып кетеді» деген үрей де бар, осындай аумалы-төкпелі кездің өзінде Алаш ардагерлері ғажап іс тындырып үлгерген.
– Газетіміздің алдағы нөмірінде Әлихан Бөкейханның Мопасоннан аударған екі әңгіме жарияланды. Өте сапалы, қазақы танымға сай аударылған.
– Ол кезде ерекшелік дейміз бе, аудармалар ұлттық сарынға салып аударылған. Оның алдында қазақ даласында нәзиралық дәстүр болды. Яғни кез-келген шығарманы бір рет оқып алады не тыңдайды да, қайтадан өз ойымен жазып шығады. Бұл аудармаларда да сол сарын байқалады. Мен Тұрағұл «Мартен Иденді» әрбір сөзін аударып отырды деп ойламаймын. Ол кітапты бір-ақ рет оқиды да қайтадан түсінгенін мақал-мәтелдермен араластырып отырып жазып шығады. Ал қазіргі аудармашылар сөзбе-сөз аударам деп калькаға ұрынады. Сосын ол кітапты ешкім оқымайды. Жасанды, жаны, рухы жоқ аудармалардың көбеюі сондықтан.
– Тұрмағамбеттің «Шахнаманы» аударуы, Абайдың аударма дәстүрі де нәзиралық үлгіге жақын емес пе?
– Иә, Шәкәрім де Пушкиннің «Дубровскийін» өлеңмен жазып шыққанын айтуға болады.
– Алаштықтардың аударма жөнінде алысқан хаттары бар ма?
– Болуы мүмкін. Мен бұл саланы түбегейлі зерттеп жүрген маман емеспін. Егер бір ғалымдар шығып зерттеп қарайтын болса, көптеген дүниені табуға болады. Біз тек қолжазбаларға кезігіп, соларды шығаруды жолға қойдық.
– Мұны неге ғылым академиясы арнайы қолға алмайды?
– Қолға алса да үкімет қабылдамауы мүмкін. Себебі ол жақта көбіне орыс тілді қазақтар отыр. Олар ұлтшылдық дегеннен қорқады.
– Кітаптардың сатылу деңгейі қалай?
– Жақсы. Әзірге біртіндеп өтіп жатыр. Еуропада, Түркияда бір дәстүр бар. Кітап оқымаған бала түптің-түбінде билікке келсе, тиранға, дінге келсе, догмаға ұрынады. Түркияда мынадай дәстүр қалыптасқан. Балаға кішкентай кезінен мектепте оқып жатқан тұсынан жүз кітапты мойнына артады. Он бірінші сыныпты бітіргенше ол әлгі тізімдегі кітаптың бәрін оқып тауысуы тиіс. Атестат алатын кезде оқушы сексен кітап оқыса, оған сексен деген балл, ал он кітап оқыса, он деген балл қояды. Енді оқушы жоғарғы оқу орнына не жұмысқа тұрған кезде оны арнайы сұхбатқа шақырады. Сонда жаңағы оқыған кітаптары жөнінде сұрақ-жауап алады. Мәселен жиырма кітап оқыса, осылардың ішінен арнайы сұрақтар қойып баланы тексереді. Жұмысқа тұратын адам да, оқитын адам да осындай әдеби-мәдени кітаптар жөнінде жауап береді. Жүз кітаптың ішінде адамды арнайы толеранттыққа тәрбиелейтін жиырма кітап болады. Яғни біреудің дініне, ұлтына тиіспейтін қасиетке ие болуын қамтамасыз етеді. Бұл кез-келген мекемеге керек дүние, өйткені жұмысшы ертең жанындағы адамдардың сеніміне, ұлттық көзқарасына қол сұқпауы тиіс. Яғни сол кітаптарды жете оқығанын білсе, оны толерантты адам деп бағалайды. Екіншіден, Қазақстанда бір мәселе бар. Бала мектепті бітіріп шыққанда қандай мамандық иесі болатынын білмейді. Қандай оқу орнына барып сынақ тапсырарын білмей аласұрады. Еуропа мемлекеттері жаңағы жүз кітаптың ішіндегі отыз шақты кітапты мамандыққа байланысты етіп қояды. Мектепке барған баланың ішінде дәрігерлік, инженерлік немесе музыкаға бейімділік секілді қасиет болады. Ол Құдайдан берілетін қасиет. Жалпы бала кітаптың ішінде қандай құндылықтар тұрғанын қайдан біледі? Жаңағы жүз кітаптың ішінде мәселен, бір инженердің тағдыры жайлы оқиғаны оқып, оның сол мамандыққа деген құлшынысы артады. Мұны мұғалім де байқап, ата-анасына баласының инженерлікке қабілеті барын айқындап, өздері де баланы сол арнаға қарай дайындайды. Өзім Түркияда болғанда осы жүйені көрдім. Ал Қазақстанда он бірінші сыныпқа дейін бала ешбір құнды кітапты оқымауы мүмкін, оның ішіндегі бейімділікті ешкім бақылап та жатпайды. Он бірді бітірген соң ата-анасы баланы бір ЖОО-ның заңгер дайындайтын факультетіне бере салады. Қазақстанда ең көп мамандық юрист пен экономист. Бірақ сол салада нақты қызмет етіп отырғандар өте аз. Факультетті бітіреді де, күзетшілік қызметке тұрады. Өйткені оның ішінде экономилық салаға бейімділігі жоқ. Есесіне баланың бойында дәрігерлік, муызканттық, жазушылық қабілет болуы мүмкін. Бұдан адам да, мемлекет те дамымайды. Жалпы, жоғарыдағы жүйені мемлекеттік білім беру жүйесіне енгізсе, еліміздің дамуына оң әсер етер еді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Батырхан Сәрсенхан
Дереккөзі: «Қазақ әдебиеті» газетінің 4-ші санында жарияланған сұхбат.
Abai.kz