Немереге не жауап?
Бүгін 1941 жылғы 22-маусым дейік.
Левитан соғыстың басталғанын радиодан хабарлады.
Содан бастап бүткіл ел өз ой жүйесін, тұрмысын, өндірісін, ауылшаруасын, оқу-білім, мәдениетін... күрт өзгерткені белгілі.
"Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!" деген сөз ұран болды. 1418 күн қанқасап қырғынға төтеп бердік. Одан кейін де ауыр болмаса, жеңіл болған жоқ.
Бірақ бастысы, жағдайға сай адамдар өзгерді. Ой жүйесін, қарекетін өзгертті...
Біз ше?
Не өзгерді, не өзгерттік, кім өзгерді, қалай өзгерді?
Сол бұрынғы сүрлеу-соқпаққа қайта түсіп, соғымның етін жеп, сорпасын ішіп, сүйегін кеміріп жатырмыз ба?
Басты мақсат не?
"НұрОтанды" сақтап қалу ма? Отанды сақтап қалу ма?
Біздің стратегиялық мақсатымыз не?
Мәслихаттар мен Мәжіліс, Сенат пен Сот, президент пен үкімет, прокуратура мен адвокатура, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп құрылымдары, қорғаныс пен шекара, сайлау жүйесі, банктер мен кредиттер, холдингтер мен ұлттық компаниялар, мәдениет пен спорт, білім мен ғылым, заңдар мен ережелер — бәрі-бәрі орнында, баяғы ескі сүрлеуіне қайта түсіп, сол таз қалпына қайта оралса, онда несіне күшендік?
Нені тәрк еттік, неге ұмтылдық?
Иә, түсінемін. Бір күнде өзгермейді.
Бірақ, отыз жыл ішінде өзін өте тиімсіз етіп көрсеткен құрылымдарды құрт пен күйе түскен құрым киіздей сыртқа шығарып, отқа тастамас па?
Біз кәсіподақтарды, адвокатураны қолжаулық етіп алдық.
Дәрігерлер мен мұғалімдерді қолға қарайтын еттік!
Дәрігер емші емес, жемші болды.
Ұстаз ұстанымшы емес, қолға су құюшы болды.
Шекарашылар мен кеденшілердің көзін көрмейтін, құлағын естімейтін еттік.
Спортшы тәнін шыңдап, намысын қайраудың орнына допинг тұтынуға көшті. Алмас намыс емес, алтын медаль көкейтесті болды.
Мәдениет Димаштарды тұншықтырумен келді. Талай Ерік Құрманғалиевтерден айрылдық.
Халық қалаулылары жағдайды халыққа емес, өзіне және өзеуреушілерге жасап, көз бояуда әккі болып алды.
Ғылым гранттары, тендерлер қолды болып келді.
Ғылым мен техника кенжеледі. Мешел күйге түсті.
Тыңдаушысы, демеушісі, іздеушісі селдіреген соң, философия мен құқықтық ой құлдырады.
Біздің елде адвокатура институты мықты болса, азаптаулар мен қинаулар осынша ауқымды болмақ түгіл, еш болмас еді.
Адвокатура неге мықты емес?
Сот тәуелді болды. Адвокатураның өзін бөз, сөзін сөлкебай құрлы көрмеді. Содан.
Құқық қырық жамау. Содан.
Заңдар озбыр, олпы-солпы. Содан.
Неге?
Билік бір партияның монополиясында болды. Парламентті сол партия түзді. Сол парламент белден баса заң түзді. Конституциялық кеңес заң талқылауда аса бір кеңшіліктерге жол берді.
Сол бір партия коммунистік партия тәрізді тайраңдады. Бір адамның өзіне, отбасына, әулетіне, солардың қаржылық, материалдық, нәпсілік мүдделеріне қызмет етті.
Коммунистік партия қайда?
Оған не болды?
Егер расында партия деген ұлы күш, саяси күш болса, біздегі билік партиясы ел алдына шығып, халықтан кешірім сұрап, саяси сахнадан кетуі тиіс. Партия мүшесі болған, әсіресе, оның басшылығында, мәслихаттық, парламенттік тізімінде болған азаматтардың халық алдында арылу науқаны жүргені жөн.
Бір кезде праймериз жариялаған "НұрОтан" бүгінгі ахуалда өзін саяси банкрот деп жарияласа, жөн болар ма еді?
Ондағы жөні түзу, жібі бүтін, сөзінің салмағы бар, аузының дуасы барлар жаңаша ойланып, жаңаша саяси орта жасақтауы керек.
Басшысы кеткен, басшылығы ыдыраған, төбеден еңіске құлдилап бара жатқан арба сияқты селкілдеп, шындығында шашылып қалған құр дене кімге тұтқа болмақ?!
Бүлінгеннен бүлдіргі алма дейді.
Саяси құрылымның негізі билік партия жүйесі түбегейлі өзгерсе, қалған дүние дөңгелене бастайды.
Бұл нақты біреуге қарсы айтақ емес, доғал найза шошайтқан шикі шабуыл емес. Дүрмекке ілесу емес. Мыстан іздеу науқанына шақыру емес.
Басқа келген ойдан түзілген сөз. Керегін алыңыздар.
Кеше ғана #фашизмді жеңген біздің елде тұтқындалғандарды #азаптау, #қинау жүріп жатқаны масқара жағдай.
1937-нің тақсіретін әлі күнге сезініп, тарихын әлі қопарудамыз.
1937-нің субъектілерінен немерелері жауап талап етуде.
1986, 2011 мен 2022 жылдардың да өз кезегі келеді.
Біз, бүгінгі буын, балаларымыздың алдында емес, немерелеріміздің алдында жауап береміз.
Әркім немересі алдында жауап береді. Мұны тарих дәделдеген. Біз көзімізбен көріп отырмыз. Әуелі немере атасынан сұрай бастады. Ақыры, міне...
Өйткені, біз балаларымыз үшін тек асыраушымыз. Яғни, жем беруші ғанамыз. Олар біздің жалақымыз бен жағдайымызды бағалайды. Ал немере үшін атасының абыройы мен беделі қымбат.
Отыз жыл деген балаң билікке келіп, немерең сенен жауап сұрайтын мерзім екен.
Мен де осыны болашақ немерелерімнің алдындағы жауаптың салмағын сезіп жазып отырмын.
Болат Сыздық