Әбдібек Дәурен. Шоқындыру саясаты
Кезінде әлемнің жартысын жаулаған, ерлігін де, ат тізгінін де мұхит атырабына апарып тіреген Шыңғыс қаған өзі жаулап алған ел мен жерге екі түрлі ең әділ саясат ұстанған екен. Бірі - жаулап алған елінен салық мөлшерін ешқашан 10%-дан асырмаған болса, екіншісі - жергілікті жердің діни сеніміне қысым жасамаған. Бірі - әлеуметтік-әлеуеттік мәселе болса, екіншісі - рухани-танымдық мәселе. Шыңғысханның жергілікті халықтың діни танымына қиянат жасамауының өзі көреген саясат еді. Әйтпесе, жаулап алған қауымға жаулап алушы қауым өз діні мен ділін еңгізуге емсінетін. Кейбір әлемдік опаттар мен апаттар діннің кесірінен болды: крест жорықтары, Испаниядағы инквизиция, кейбір Африкалық тайпалардың магиялық түсінікке бой ұруы, Еуропадағы мыңдаған әйелдер отқа өртелуі, Қытайдағы «мәдениет революциясындағы» дін өкілдері мен лама тайпасының қырғынға ұшырауы, француздар дін десе дөкір мінезіне басатын дөкейлігімен талай ғалым-ақындарын құрбандық еткен жоқ па, конкистаторлар деп атап жүрген еуропалық ұлттардың Америка үндістерін үрім-бұтағымен жойып жіберуі, Азияны «жарық нұрға бөлеуші» Кеңестердің қылышынан қан тамған саясатынан сөлекет болған бейкүнә ұлттар мен ұлыстар ... Ал Шыңғысхан болса: «Халықтың дініне тиіспе, өзін жеңгенмен де, сенімін жеңе алмайсың», - деп даналық танытты. Ал орыс отары болса, мұсылман қауымын шетінен шоқындырумен болды (қазіргі түркі халықтары соның дәлелі), христиан басшылар билік құрған Рим империясы өзі жаулаған тайпаларға христиан дінін енгізумен болды. Тек, ислам дінін ұстанған азуын айға білеген Осман түркілері ғана дін басқыншылығын тұтынбады.
...Қазақ - дінді терең түсініп, танымына сіңдіре білген халық. Орыс отаршылдығы қазақты дінінен айыра алмасын білген көрінеді. Алайда өз дінін қазақтың өзіне қару қылып қолданған. Дін миссионерлік саясаттың өзегіне айналды. Қазаққа іргені жақындату үшін, қазақ дүниетанымына жылыстау үшін исламды иінтірек етті.Мәселен, Екатерина ІІ қазақ даласында ислам дінінің таралуына кедергі келтірмеген, Құран кітаптарын аударып, бастырып, таратқан. Бірте-бірте осылайша халықтың сенім-сезіміне иектей еніп ие болғаннан кейін өз жасырған жасқанбай жарақтап өз әрекетіне, жымысқы саясатына көшті. Шала-шарпы білімі мен білігі бар дүмше татар-башқұрт молдаларын қазақ арасында «сауат ашуға» жіберді. Татар молдалары: «Алланың бар екені хақ болса, патшаның айтқаны - уәжіп», - деп сарнаумен болды. Яғни, Құдайдың бар екені рас болса, патшаның айтқаны - заң, деп тәпсірледі.«Патша ағзам қандай дін ұстанса, оның құзырындағы бұқара да сол дінге кіруі керек екендігін, дәлелдеуге тиіс» еді. Көсемнің, елбасының елге билік құруын Тәңірдің несібесі деп білетін халыққа осылайша патша жарлықтары кедергісіз тараумен болды. Бұл саясатты қазаққа туыстығы жағынан жақын халықтар арқылы жүргізді, алайда бұл шариғат жаршыларының насихатына халық зәру емес еді, халық арасында халық ақындары арқылы ауызша тараған діни дастандар мен қисса-хикаяттар халық өз рухани нәрін сусындатып, дүниетанымын кеңейтіп отыратын.
Патша өкіметі бір жағынан исламды пайдалану арқылы саясатын жүргізсе, бір жағынан «ұр да жық» шоқындыру саясатымен де айналысты. Патша өкіметі халықты, жерді зерттеу мақсатында деген желеумен поптар басқарған шоқындыру саясатын жүргізуші экспедицияларды аттандырумен болды. Олар халықты қарумен де, уағызбен алумен де қорқытты. Иса пайғамбардың діні дұрыс екенін, Құдай - бір, ол адамзатқа христиан дінін ортақ етті деумен болды, ал егер христиан дінін қабылдамаса, ақырзаманның орнайтынын айтумен азғындырып отырды халықты. Көшпенділер дүниетанымында жоқ ақырзамандық (эсхатологиялық) таным-түсінікті, керсінше, мәңгілікке, мәңгілік өмірге ұмтылыс танымын өшіріп, орнына ақырзамандық түсінікті егіп, халықты әбден азғырғандай, Асаннан басталған мұң-шердің соңыөз елінің орыс отарына ұшырап, азатынын «зар заман» ақындары - ақырзаманға балаумен болды... Еуропалықтар қара құрлыққа Інжілді «аманаттап» беріп, жерін тартып алғаны тәрізді, орыс отары да қазаққа Інжілді табыстамақ болды.
Алайда қазақ осынау бәтуасыз шоқындыру саясатына үнемі қарсылық көресетумен болды. Қазақтың ата-бабасы осы күнге дейін жеті халықтың шапқыншылығын көрсе де, өз дін-ділінен, рухани танымынан танған емес. Ал шоқындыру заманында Қошке Кемеңгерұлы өз еңбегінде иманы күшті қазақтың рух асқақтығын «Дүниеге қызығып орыс қалаларындағы қазақ жұмыскерлерден, ашаршылық жылдарда өлім халіне жеткендерден, рудан пана таба алмай қалаға тығылған ғашық жарлардан бірен-саран шоқынғандар болды. Бұлардың ішінен де көбі біраз жыл тұрып, сахараны сағынып, қайтадан қазаққа шығып кетті. Миссионерлердің ашық үндей бастағанынан Семей облысынан Қытай шығып кеткен елдер, Кіші жүзден Бұқара, Хиуа, Кіші Азия, Түркияға шығып кеткен ауылдар болды», деп бағалады. Қазақ отарлаушылар ойлағандай надан емес еді, сар даланы сарбауыр болып кезіп жүргенімен даланың кеңдігіндей ойлай алатын, барлай алатын халық еді, мұны өзгелер түсінбеді. Қазақ қасарысумен болды. Шоқынған тек тексіз кедейлер еді, кейін сол кедейлер кеңес кезінде де әспеттелген еді, алайда сол тұл тақыр кедейлердің өздерінің тәубесі күшті еді. Өз дүниетанымына сәйкес келмейтін христиан дінін ұстануға қазақ жетесіз еді, миссионер Филарет Синьковскийдің жазбаларында былай делінген: «... Жаңа шоқындырылғандардың өмірін бақылаудан көрініп отырғанындай, олар өздері қабылдаған дінге барынша немқұрайлы қарайды және оны тереңірек игеруге мүлдем құлықсыз еді». Әрине, әлеуметтік себептер де бар, алайда бұл дін халықтың санасына селтеу сала алмады, шындығы - сол. Қазақ қоғамын жан-тәнімен сезіне алатын қазақы рухтағы Алашордалықтар да шоқындыру-миссионерлік саясатына барынша қарсы тұруға тырысты. Шоқындырудың басты мақсаты түсінікті болар: қазақты орыстандыру, ал егер шоқындыруға көнбесе, онда күшпен халықты жер бетінен жойып жіберу, Америкалық үндістерді қан қасап қырғынға ұшыратқаны тәрізді. Бірақ қазақ қарсылық көресеткен себебі шоқындырудың келесі сатысына аяқ басты, күшпен шоқындыру (крест жорығы), ал одан кейінгі саты халықты геноцидке ұшырату (кеңес кезіндегі қолдан жасалған геноцид).
Сонымен ақыры қазақты исламнан қабырғасын қақыратып бөлшектеп ала алмасын толық түсінген патша өкіметі енді орта ғасырлардағы мұсылман әлеміне, Иерусалимге, қарсы дін соғысын жасаған крест жорығындай қазаққа да«ажырық соғысын» (Т. Жұртбай) ұйымдастырмақ болды. Бірақ Тәңірі қазақты төбесінен тұтып тобасынан қақпады, тарих тарантасы өзге тізгінге телінді. Алайда қазақ шоқындыру шырғалаңынан аман қалғанымен, одан зор нәубет нәлеті төніп келе жатқан еді. Ол - құдайсыздық дәуірі, атеистік заман залалы еді. Имперализм дәуірінен басталған құдайсыздық дәуірі қазаққа да келіп жетті, неміс философы Ф. Нишце ХІХ ғасырда айтқан «Құдай өлді» заманы келді. Жетпіс жыл қазақ даласында дарвинизм дүрілдеп тұрды. Халық санасына материалистік сана ғана сіңдірілді. «Дін-апиын» ретінде ғана сипатталды. Бірақ он ғасырлық ислам мен көшпенді философиясының синтезінен сүзілген қазақ сана-сезімі сүзектей созылып болсын, тарамыстай тырмысып болсын өз ата дінінен атқұйрығын кесе қоймады, сақтап қалды танымын. Екі жарым ғасырлық сана соққысынан есеңгіресе де есін елінен жазбады. Бүгінде ата дінімізге қайта қауыштық.
Алайда дінімізге оралсақ та оңала алмай отырмыз. Қазірде қоғамымызда діни мәселелер өршіп те, керісіп те тұр. Осынау діни мәселелердің тууының негізгі себебі - өткен ата-бабамыздың ислам дінін ұстанған дүниетанымын дұрыс тұжырымдай алмай, түйсігіміз арқылы (қанша дегенмен рухани кемтар ұрпақпыз ғой ата-баба философиясын әлі дұрыс түсіне алмай отырған) сезіне, түйсіне алмау кесірімізден...
Біз өз рухани игілігімізді игере алмай жатқанымызда мұсылман әлеміне жасалып жатқан рухани шабуылдар енді басқа форматқа көшті. Енді мұсылман тұтастығын ішінен іріту арқылы, ішінен от салу арқылы рухани «ұрыс» жасалуда, себебі мұсылмандардың бірлігін бұзып, өз дінінен оңайлықпен айыра алмайтынын батыс толық түсінді.
Дәл осы сияқты орыс империализмі де, өзгелер де қазақты ата дінінен адастыра алмайтынын түсінде де өз ішінен ыдыратуға, басқа мұсылман миникеңістіктерін әкеліп тықпалауда. Нәтижесінде қоғамның дін тұрғысынан бүгінде бүтіндігі бүлінді. Мұсылмандардың дінін өз ішінде бөлшектеп, 73 тармаққа бөліп бір-біріне қарсы қоя бастады. Исламды мұсылманның өзіне де, әлемге де жеккөрінішті ете бастады. Ал бізде сонау орыс отарының елдің ділін, дінін өзгерпек болған миссионерлік саясаты мемлекеттік заңымызға дейін ауыздықтап алды. Ғалым Тұрсын Жұртбай «Діни наным, сенім бостандығы туралы» қабылданған заңның Ресейдің миссионерлік шоқындыру саясатының қаулысының көшірмесі екенін, тек формасы басқа екенін айтады. Демек, сонау ғасырлардан басталған миссионерлік әлі жалғасуда ғой және бұл миссионерлік біз ойлағаннан да орасан әсер ету позициясында.
Қазақ дінді тұтынғанмен, хадисте де, Құранда да ескертілгендей аса қатты берілмеді, діни догмалыққа салынбады, фанатик болмады, алайда аса парасаттылықпен ұстанды. Көшпенділерді қанша зерттесе де тегі бөлек, көшпенділер дүниесін «ыстық сезімімен» түйсіне алмайтын Радловтар қазақтың діннің кейбір қағидаларын тұтынып, кейбір қағидаларын ескермейтінін айта келіп, бұл халықты шоқындыру оңай деп ойлады. Бірақ та тарлан тарихтың өзі бұл теорияның теріс екенін дәлелдіп берді, қазақ әлі күнге дейін (Құдайға шүкір!..) дінін айырылмады. Соған қарамастан, сол айырылмай үдерісіне сай миссионерлік те жалғаса, жандана түсті. Түркістанды «Екінші Меккеге» балаған әрі исі түрік нәсілдестердің осынау құтты қонысты байырғы ата жұртының қара шаңырағы деп таныған текті халық Түркістанды әрі қара шаңырақ, әрі діни орталық санады. Ата-баба қонысына қаншалықты серт болса, ата дінге де сонша мәрт еді. «Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге ауыстырам дей құр әурешілік», - дейді қазақты тін түйсігімен түйсіне алатын Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы. Және де солай түйсіне отырып араб әліпбиіне негізделген төте жазуды жасады.
Ата-бабамыз қабылдаған ислам діні 1250 жыл бойына қазақтармен бірге жасасып келеді...Демек, дінді жүрегімен қабылдай білген ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы жер үшін қалай күрессе, дін үшін де дәл солай күрескенін тарихтан біле отырып қалайша бүгін өз дінімізден өзегімізді өзгертпекпіз. Ал сол орыс ойраңында омақаспаған қазақ бүгін тәуелсіздік жылдарында осалдық танытып, ойға оралмас ожар азғындыққа барып отырғанына таңым бар. Сол орыс идеолог-миссионерлері орындай алмаған істі бүгінгі қазақ өз қолымен жасап-жасқап отыр. Жоғарыда айтқанымдай, қоғамымыздағы діни мәселелердің көбі - өз ата-бабамыздың діни түйсігін дұрыс түсіне алмай жатқанымыздан. Себебі қазақтың өміршеңдік мәдениеті мен тұрмыс-қаракеті мұсылмандықпен өлшенген еді, исламға қайшы келетін танымы болмады, болған таным-түсініктердің өзі уақыт өте уақталып отырды, не исламға сіңісіп кетті. Осынау таным-түсінігі табиғаттың тылсымындай тылсым жататын ұлы халықтың дүниетаным көкжиегі даланың дархан кеңдігіндей кемел еді. Осынау тарихтың талай талапай тезінен өткен текті ұрпақ әлі де өз түйсігін оятып, алыстан ойлайтын қырағылығына басып өз ата дінін өзіне қайтарып аларына, бөлшектемей тұтатынына сенемін... Себебі қанда бар тектілік тегін үзуі мүмкін емес...
«Abai.kz»