Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 2395 0 пікір 23 Мамыр, 2022 сағат 14:33

Бастық айтты

Кейде, қай деңгейдегі болсын, мемлекеттік қызмет құлағында жүрген жандардың көрген күнін ойлағанда кәдімгідей жаның ашып кетеді. Керісінше, сыртқа шығарып баттитып айтпаса да, олардың сіз бен бізді «Осы байғұстар шынымен қалай күн көріп жүр екен?» деп іштей мүсіркейтіні сияқты. Бұл екі жақ ешқашан ортақ ойдың аясына бірігіп, табысқан емес. Әрине, оларды ақыл, ой, өре, білім, парасат жағынан біртекті құбатөбелдер қатарына қоя алмас едік. Ішінде небір марғасқалар жүр. Сол үшін бәрін бір дойырмен шықпырта беру дұрыс бола бермейді.

Сізге ұнай ма, менің бұл ойыма қосыласыз ба, жоқ па, ол жағын білмедім. Өз басым бұлардың денін бойына белгілі бір қасиеттер мен бейқасиеттер тобын жинақтау арқылы дараланған қоғамдағы ерекше типтер қатарына жатқызуды жөн көремін. Несін айтасыз, сонау Ақордадан бастап ауыл әкімдігінің дәлізіне дейінгі аралықтағы сан түрлі нәрсені - мемлекеттік деңгейдегі ірі әрекеттер мен кәдуілгі тұрмыстық мәселе арасындағы шым-шытырықтың бәрін біліп, естіп, көріп, сезіп, оның айналасындағы тағы талай дүниенің күнде куәсі болып жүрген соң іштері қамба толы қанар қаптай болып кетсе де қасқалардың аузы мықтап буулы ғой. Кейде сол - екінің бірінде кездесе бермейтін әлгі мызғымас «қасиетіне» риза боласың.

Иә, қандай да болсын қызмет тұтқасын ұстап тұрған кезде олар өзінің үстінен қарайтын, әйтеуір шыбын қағуға қауқарлы басшыдан асып өз бетінше пікір айтып, бастамашы болып, артық-ауыс әңгіме, сөз, шешімге араласа бермейді. Тым жуас қоңыр болсаң, ол да қиын. Әрине, бұл олардың білімсіз, әлсіз, дәрменсіз халінен емес, әкімдік дәлізінде ежелден қалыптасқан жартылай әскери жазылмаған заң солай. Өздерін буддалық жаңғырудың («просветленный») жоғары деңгейіне жеткен ерекше қауымнан санайтындардың дені осы жерде.

Кейде тіпті семіз қыздай серпіп сілкіп, үстінен қайдағы жоқ жуынды мен күресінді шелектеп қотарып жатқанда да мыңқ етпейді ғой, шабаздар. Бұл не деген шектен шыққан шыдам? Сондықтан да, әкімдік табалдырығын көрген «баланы» ол жерден босаға көрмеген шала қарпылғанмен салыстыруға һәм оларға еш өкпе артуға болмайды. Біздің ауылдың жалпақ тілмен айтқанда, бұлар жасынан «жалмауыз» болады.

Әрине, ол бұлардың бәрін бірдей сабырдың суына тоғытып алғандықтан пайда болған иммунитет емес, әрине. Оның үстіне ол типтерге міндетті түрде «солай бол» деп жанын қинап жатқан да жан баласы жоқ. Ақиқатына бақсаңыз, «Бастық айтты» деген жалғыз ауыз сөз жетіп жатыр. Осы стереотип-дағды бәрін шешеді. Естіді, болды, саулы інгендей қайқаң ете қалады, қасқалар. Әрі қарай көп арамтер болып қажеті шамалы. Бұл морзалық кодты түсінбеген кешшенің қызметтік ғұмыры тым қысқа. Жо-жоқ, кетірмейді, өз еркіңмен кетіп тынасың. Ондай кезде әліптің артын баға алмай, сотқа жүгінетіндер бар. Олай етсең, өмірдегі алғашқы һәм соңғы қателігің сол болуы бек мүмкін. Өйткені, олай етуге мүлдем болмайды, әрі қарай жөнді өмір сүргің келсе. Дұрысы - дымыңды білдірмеген!

Қалай десек те, қандай деңгейде болсын, белгілі бір қызмет атқарып, билік тұтқасын ұстап тұрған кезеңде олар әңгіме, сөз былай тұрсын, сынық мәлімет көзін сыртқа шығармауға тырысады. Керісінше, естігенін естігендей жұта береді, қылғытып жұта береді. Қайтіп шашалып өлмейтінін бір Құдайдың өзі білсін. Осы жағына таңым бар. Бірақ адам баласы соның бәрін бойына сіңіріп, тұтып, ұстап тұра беретін бүтін емес қой. Бұйырса, көп адам заңды зейнетке шығып алған соң, мойындағы қамытты сыпырған кезден бастап тегенемен төккендей етеді. Бірақ, көнерген мәліметтің кімге, не орынға керегі бар дейсің? Қанша жыл бойы қанына қатып қалғасын шығар, ол да оңай жібіп, ақтарыла алмайды. Дегенмен, біздің қоғамда қандай нәрсе болсын, іліп шығарудың тетіктері жасалған.

Асылы, адамнан айла аспаған ғой. Оңаша қалғанда олардың да саусақ бүгіп жылын, күнін, әрбір сәтін санап, әлгі молдалар айта беретін күнді күткендей зейнет күнін күтетінін біле бермейсіз ғой. Көп адамға сол зейнет күнін көру бақыты бұйырмайды. Қатаң тәртіпті түрме, итжеккендегі ауыр жұмыспен салыстыруға келмес, ол сәл-пәл артықтау болар. Десе де олар қызметтік ғұмыр аясында соған өте қатты ұқсайтын ерекше күйді кешумен жүреді. Түйе сойғанда ғана көретін қуырдақтай, айтылмаған мәлімет қатарының қандай түріне болсын сол күнді көрген жаннан бір қарық болып қалуыңыз бек мүмкін.

Берік Жүсіпов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5411