Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 5894 0 пікір 27 Шілде, 2022 сағат 15:59

Қазақ қыздары қолға қару алуы керек пе?

Қазақстан әскерінде қанша нәзік жандылар қызмет етеді? О баста оғаш естілетін сауал болса да, еліміздің әскерінде 12 мыңнан астам нәзік жанды қызмет етеді. Олар әскери саланың түрлі ауыртпалығын көтеріп жүр. Әскери медицина саласынан бастап, мергендерге дейін нәзік жандылар барын айтуға тиіспіз.

Қазақстан нәзәк жандыларды міндетті әскери шақыртуға жүктемеген елдің бірі. Алайда әлемде қыздарды қарулы күштер қатарына шақыру тәжірибесі кеңінен тараған елдер жетерлік. Олардың өз себептері бар. Мысалы бүгінде Украинада Ресейдің басқыншылығына қарсы соғысушылар арасында 50 мың жауынгер нәзік жанды бар.

Әлем елдеріне назар аударайық. Норвегия өзінің қарулы күштеріндегі әйелдердің орнын мақтан тұтады. Норвегияда әлемдегі бірінші әйел суасты қайық капитаны бұл лауазымға 1992 жылы келді. БҰҰ армиясындағы алғашқы әскери қолбасшы және алғашқы әйел – Әскери-әуе күштерінің басшысы да Норвегия азаматы. Теңдік құқықтарға ғана емес, міндеттерге де қатысты: 19 бен 45 жас аралығындағы әйелдер мен ерлер де әскерге шақырылады. Қызметке 60 000-ға жуық үміткердің 8 000-ы жыл сайын іріктеледі. Норвегия Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) 2017 жылдың 8 наурызында жолдаған құжатта, елде әйелдердің әскери қызметке шақырылуы маңызды екенін және әскерге шақырылушылар қатаң критерийлер бойынша іріктеледі деп жазылған.

Норвегияда 2002 жылы әскерге шақырылған әйелдер 3,2% болса, 2020 жылы - 33% болды. Норвегияда қорғаныс министрі қызметін де әйелдер атқарған сәттер аз емес.

Швеция жынысына қарамастан міндетті әскери шақыруды орнатқан Норвегиядан кейінгі екінші еуропалық мемлекет саналады. Норвегиядағы сияқты, Швецияда да әлеуетті әскерге шақырылушыларды іріктеудің күрделі процедурасы бар және олардың қызмет ету мерзімі жеке белгіленеді. Әскердегі қызметіне байланысты шақыру мерзімі 7 айдан 15 айға дейін болады. 2019 жылғы мәліметтер бойынша Швеция әскерінің 17 пайызын әйелдер құрайды.

Фин әйелдеріне 1995 жылы қызмет етуге рұқсат етілді. Дегенмен бұл міндетті емес, тек әйелдердің қалауы бойынша іске асады. Фин армиясындағы әйелдердің үлесі шамамен 2,5% құрайды, бірақ бұл елдегі әйел сарбаздардың шамамен 70% офицерлік дайындықтан өткен. Яғни ұрысқа және кез келген төтенше жағдайға дайын деген сөз.

Германия әйелдерге жауынгерлік позицияларда қызмет етуге рұқсат берген еуропалық армиялардың соңғысы болды, бұл 2001 жылы іске асты. Осы уақытқа дейін әйелдер негізінен дәрігерлік және әскери оркестрлерде жұмыс істеді. Олар соғыс қимылдарына қатысу мүмкіндігін тек сот шешімі арқылы ғана иемденді. 2011 жылдан бастап неміс армиясы ерлерді міндетті түрде шақыруды келісім-шарт жүйесінеауыстырды. Бірнеше жылдан кейін Ангела Меркель әскерге шақыруды қайтару туралы талқылауды бастады, ал кейбір заң шығарушылар әйелдер үшін де жыл сайынғы әскери қызметті енгізуді ұсынды. Идеяны көпшілік құптамады. Бірақ жыл өткен сайын әскер қатарында әйелдер саны артып келеді. Бүгінде неміс армиясында 23 мыңнан астам әйел қызмет етеді.

Америка Құрама Штаттарында әйелдерге 2014 жылдан бастап кез келген әскери қызметте қызмет етуге рұқсат етілген және олар барлық жеке құрамның орташа есеппен 16% құрайды. Қалай болғанда да, бұл әскердегі әйелдердің рекордтық көрсеткіші. 1975 жылы әйелдер елдегі ең көрнекті әскери академия Вест Пойнтқа да түсе алмайтын еді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде армияда әкімшілік қызметтерді әйелдер атқара бастады. Сол кезеңнен бастап АҚШ әскерінде әйелдерді түрлі лауазымға тағайындау біртіндеп іске аса бастады. Гендерлік теңдікті арттыру үшін АҚШ әскері фитнес талаптарының өзгеруін талқылап жатыр, оның ішінде әйелдер үшін физикалық дайындық талаптарын жеңілдету мәселесі де бар.

Израильде 18 жасқа толған барлық азаматтар міндетті әскери қызметтен өтеді. Әйелдер екі жыл, ерлер үш жыл. Әйелдер некеде болса, жүкті болса, балалы болса немесе діни көзқарасы бойынша әскери қызметке шақырудан босатылуы мүмкін. Әйелдер байланыс қызметінде, электронды техникаға қызмет көрсетуде, парашют құрастыруда, нұсқаушы, кеңсе және әкімшілік қызметтерде жұмыс істейді. Олар әскердің барлық салаларында қызмет етеді және көпшілігі (көбінесе ұзақ мерзімді қызметте) офицерлік шендерді алып, жауапты қызметтерді атқарады. 160 мың Израиль әскерінің 35 пайызын әйелдер құрайды.

Аустралияға ауыссақ. 1899 жылы Жаңа Оңтүстік Уэльсте алғашқы аустралиялық армияның медбикелік қызметі құрылды. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін олар сонда ғана қызмет ете алатын. 1940 жылы Аустралия әйелдерінің ұлттық қызметі немесе WANS құрылды. Оқу-жаттығуға әуе шабуылы және алғашқы әскери жаттығулар, алғашқы медициналық көмек, мылтық ату, сигнал беру және механика кіреді.

2011 жылдың қыркүйегінен бастап әйелдер Аустралияның қарулы күштеріндегі кез келген лауазымға, соның ішінде жауынгерлік қызметке өтініш бере алады. Сидней университетінің мәліметі бойынша, әйелдер ел армиясының 14 пайызын құрайды. Аустралияда міндетті әскерге шақыру 1973 жылы жойылды. Бірақ соған қарамастан әскерге баруды қалайтындар саны жеткілікті, олардың ішінде әйелдердің де саны басым.

Бұл әлемдегі бірнеше елдің ғана мысалы. Барлығы дерлік дамыған елдер. Қаруы қуатты, қаржысы көп, идеологиясы мығым. Алайда соған қарамастан, олар әйелдердің қарулы күштер қатарында болуы аса маңызды деп санайды. Қазақстан қоғамында да соңғы жылдары әйелдерді әскерге шақыруға рұқсат ету бойынша қоғам тарапынан ұсыныстар айтылуда. Шешім қабылдау биліктің еншісінде.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5268