Әшімбаевтан Дементьева озды...
Дүниежүзілік екінші соғыста Қазақстан Маскеудің артқы шебіне айналып еді. Орыстың стратегиялық маңызы бар саласының бәрі қазақ жеріне көшірілген. Қазақ орыс жерін қорғау үшін кеудесін оққа төсеп, жанын пида етіп, аузындағы асын жырып берген. Казірде сол тарих қайталанып жатқандай...Ресейден ағылған орыс көшінің толқыны басылмай тұр. Әлем назарын аударған түйткілді мәселеге көптің пікірімен бірге, ресми биліктің де позициясы, нақты қимылын білу маңызды. Президент Тоқаев елімізге ағылып жатқан Ресей азаматтарына қатысты ойын айтқаннан кейін Үкіметке тіл бітті. Еуразия экономикалық одағының келісім-шарттарын алға тартып, моблизациядан қашқандарға заң аясында жағдай жасалатынын жеткізді.
Бұрыннан шатқаяқтап түрған экономикалық, әлеуметтік мәселелерге қиындық тудырып тұрған Тәуелсіздік кезеңдегі ең ауқымды орыс көшіне мейлі Үкімет болсын, мейлі Парламент болсын, бірінің аузына бірі түкіріп алғандай Еуразия экономикалық одағын алға тартқаннан басқа, ел иланатындай тұшымды жауап айта алмауда. Тіпті, кей депутат түндегі тойдың әсерінен арыла алмай жүргендей "келгендерге құрақ ұшпасақ қонақжайлығымыз қайда?" деп пікір білдіріпті.
Президенттен кейінгі екінші лауазым иесі саналатын сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та саяси біліктілігін көрсеткісі келгендей, тағы да сол Ресей басшылығындағы одақты алға тартты.
Жақында Елорданың атын ауыстырдық. Ата Заңға да өзгерістер енгізіліп, саяси жаңаруға қадамдар жасалып жатыр. Жаңа Қазақстан құру - ішкі реформаны ғана білдірмейді. Сыртқы саясатта да жаңа бағыт айқындаудан көрінеді. Ресей ықпалындағы қаптаған одақтар мен ұйымдарға Назарбаев билігі кезінде қол қойылғаны белгілі. Ендеше ол келісімдерге де бүгінгі уақыт тезімен, Жаңа Қазақстан көзімен қарайтын уақыт жетті. Ескі келісім-шарттар қазақтың көсегесін көгертпейді. Қазіргі қымбатшылықтан да құтқармайды. Билік пен халықтың арасын алшақтатады. Жаңарған Грузин елінің соғыстан қашқан орыстарға ұстанған позициясы бізге үлгі болса, кәні!
Грузияның кеденшілері "соғысқа қарсымын", "Путин агрессор" деуге батылы жеткен Ресейліктерді ғана кіргізіп жатыр екен. Экс-президенті Сакашвили де: "Орыстың көбеюі елдің демографиясына әсер етеді", - деп мәлімдеді. Біздің шенділердің өзгеден несі кем?! Ел ойлағанды, біздікілер де ойлай алады, Тіліне де тұсау жоқ. Бар болғаны саяси батылдық жетпейді. Мұндай жалтақтықтың шенділерге саяси ұпай, азаматтық бедел әпермесі анық
Сенат төрағасына қарағанда, Мәжіліс депутаты Дементьева Наталья ерледі. Бақай есепке жүйрік кей жерлестеріміздің пайдакүнемдігіне өкініш білдіріп, қандастарына "қазақ елінде тұрам десең тілін біл, салтын құрметте" деп үндеу сөз айтты. Келімсектерге "Шаңыраққа қара" деп қазақы мінез танытты. 30 жыл қазақ тілі деп зарлағандардың жарапазанынан Натальяның сын сәтте айтқан осы бір ауыз сөзі өзекті болып тұр.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz