Бойкоттан пайда жоқ дейтіндерге!
1960 жылдың 1 ақпанында афроамерикалық төрт студент Гринсборо қаласындағы Вулворт (Woolworth’s) атты шағын дәмханаға кіріп, кофеге тапсырыс береді.
Алайда, даяшы қара нәсілді жігіттердің тапсырысын қабылдаудан бас тартып, дәмхананы босатуларын сұрайды. Төрт қара нәсілді студент аталмыш дәмхана жабылғанша орындарынан тапжылмайды. Оларды қуып шығуға ешкімнің хақы жоқ еді.
Келесі күні дәмхананың үстелінде тұнжыраған 12, үшінші күні 60 қара нәсілді отырды. Ал төртінші күні олардың саны 400-ге жетті. Дәмхананы түгелдей афроамерикалық қара нәсілділер «жаулап алды», тіпті сыймағандары сыртта тұрды. Бұл жағдайға алаңдаған Вулворт басшысы дабыл қақты! Жағдай ушыға берсе, дәмхананы жабудан басқа амал қалмас еді.
Осы жайттан кейін бүкіл елдегі афроамерикалықтар қарсылық білдіре бастады. Сөйтіп, АҚШ ғимараттарында нәсілдік ережелердің күші жойылды.
Ақырында, төрт жылдан кейін, яғни, 1964 жылы нәсілдік бөлектеудің көзін жойған атақты «Азаматтық құқық туралы Заң» (Civil Rights Act) қабылданды. Бұл - түсіне, жынысына немесе ұлтына қарап кемсітуге тыйым салған АҚШ-тың азаматтық құқық пен еңбек заңнамасы.
Суретте дәл сол «Гринсборода тапжылмай отырғандар».
Әлемді төрт-ақ адам да өзгерте алады.
Ұсынған: Мақпал Сембай