Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 2866 3 пікір 27 Қазан, 2022 сағат 13:42

Еңбек ер атандырады

Кешегі келмеске кеткен Кеңес Одағын қанша күстаналап, қаралағанмен заманында оның да өзіне тән артықшылықтары болып еді-ау. Ол кезде біз бала едік, солай болсақ та кісі еңбегін бағалауға байланысты шарапатты шаралардың шет-шепірін көзіміз көрді. Тіпті, кеңестік кезең адамды еңбегіне қарай бағалаудың ғажап үлгісін жасады десе болады. Әрине, ол дәуірді айтса, қызыл түс көрген испанның бұқасы құсап шоршып түсетіндер де жетіп артылады. Әңгіме ол жайында емес, әрине. Десе де, жақсы нәрсені жақсы деп айту – парыз!

Кейінгі кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев біршама ел ардақтыларын «Қазақстанның Еңбек Ері» Алтын жұлдызымен марапаттағанының куәсі болдық. Былайғы жұрт «Бекежан» бейнесінде танитын актер Асанәлі Әшімов, «Әлия» деген жалғыз әнмен әлемді аузына қаратқан әнші Роза Рымбаева, «Жайлаукөл кештері» туындысын бас қосқан жерде екінің бірі айтатын композитор Ілия Жақанов, бар саналы ғұмырын қазақ тілінің мәселесіне жұмсаған ақын Мұхтар Шаханов, осы Алтын жұлдыз кеше ғана кеудесін жарқыратқан жазушы Дулат Исабековты кім кемітеді? Дұшпаны болмаса, досы кеміте алмайды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ бұл тізім тым аз, көп деп жүргендер аман болсын. Ал менің үнемі көңілімде тұратын, ойымды он орап жүретін бір әттеген-ай бар. Шіркін, осы ерендерге әлгі атақ кемі он-он бес жыл бұрын берілгенде ғой. Неге? Адам баласы еселі еңбегінің жемісін еңкейіп, егде тартпай тұрып жегенге не жетсін?

Қош, сонымен, сол айта беретін Кеңес Одағы тұсында еңбегін тым ерте, тіпті мектеп қабырғасында оқып жүргенде де бағалаудың ғажап үлгісі болыпты. Міне, соның жарқын мысалы. Әуелі «Еңбек Ері», кейіннен «Социалистік Еңбек Ері» деген жоғары атақты Одақтас он бес Республика арасынан Қазақстан егемен ел атанғанға дейін 20747 адам алса, соның Қазақ ССР-не тиесілі болғаны 1803 атақ. Аталмыш жоғары марапатты РСФСР мен Украинадан кейін көп иеленген біз екенбіз. Содан жаман болдық па? Негізгі айтайын дегенім де ол емес еді. Шарт бойынша «...присваивается лицам, которые своей особо выдающейся новаторской деятельностью» деп белгісі бекітілген сол атақ 1949 жылы мектеп жасындағы үш оқушыға: мақта жинағаны үшін деген желеумен тәжік балалары Махмуд Ишназаров пен Турсунали Матказимовқа, сондай-ақ шай жапырағын өнімді терген еңбегін ескеріп грузин қызы Нателла Челебадзеға беріліпті. Міне, саясат, қоғам мүшелерін буыны қатпай тұрып жаппай еңбекке баулудың идеясы мен жалпыға арналған, алысқа бағдарланған озық идеологиясы. Ал біз атақ алған жасқа «Тіреп тұрған біреуі бар шығар?» деп дүр ете түсеміз. Десе де, ол әңгіменің айтылар жері бұл емес.

Ал енді Жаратушы жалғыздан басқа тіреп тұрған ешкімі жоқ, қазақ ұлтын, Қазақстан мемлекетін күллі жер шарына, әлем жұртына әйгілі еткен ғасырда туатын құбылыс әнші Димаш Құдайбергеннің әлгі мақта тергіш тәжік балалары мен шай жапырағын жинағыш грузин қызынан қай жері кем? Оны айтасыз, Кеңес Одағы тұсында әлгі атақты үш дүркін алғандар да болды ғой. Біздің Димаш сол «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын үш мәрте иеленуге лайықты еңбегі ересен ереннің бірегейі. Қазақта дәл осындай екі Димаш болса, бұлай демеген болар едім. Егер біз қазақты кісінің еткен еңбек, төккен терін дер кезінде бағалайтын өркені өскен жұрт қатарынан есептесек, осы Алтын жұлдызды Димаш Құдайбергеннің кеудесінен көргім келеді.

Бұл күнде заманның келбеті өзгерді, оған қоса түсінік атаулы да басқа арнаға бұрылды. Олай болса, біз де өзгерейік, таным-талабымызды өзгертейік, ағайын. Димаш, онсыз да еңбегімен әлем жұрты алдында ер атанған оғлан. Енді тек соны Қазақстан Республикасы президентінің ресми түрде бекітуі ғана қалып тұр. Болатын елдің ұлдары бірін бірі батыр дейтін. Басқаны білмеймін, ұлтына өнерімен өнеге шашқан Димашжан нағыз батыр, өз саласының новаторы – Еңбек Ері! Құдай дүние дидарында жоқ ерекше өнермен жарылқаған балаға «Еңбек Ері» атағын қимайтын несі бар?!

 

Берік Жүсіпов

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270