«Елімнің бостандығы үшін өлуге дайынмын»
Басы: Майдандағы Украина арулары: Маргарита Ривчаченко
Жалғасы: Майдандағы Украина арулары: Оксана Рубаняк
Жалғасы: Майдандағы Украина арулары: Александра
Жалғасы: Майдандағы Украина арулары: Қарлығаш
Украина әскерилері бірнеше айдан бері мемлекет тәуелсіздігін қорғау үшін жаумен шайқасып келеді. Олардың ішінде кез-келген қиындықты ерлермен бірдей жеңіп келе жатқан әйелдер де бар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Ирина Цыбух. Ол «Госпитальеры» батальонында ерікті парамедик және бесінші экипаж жетекшісі болып жұмыс істейді. Жасы- 24-те. Ирина өз командасымен бірге жараланғандарды соғыс даласынан эвакуациялайды әрі оларға толыққанды медициналық көмек көрсетеді.
– 24 ақпанда таңертең көзіңізді ашқанда ең бірінші не ойладыңыз, не істедіңіз?
– 24 ақпанның таңын мен Краматорскіде қарсы алдым. Ол жерде Донецк пен Луганск облыстарындағы балалар туралы фильмімнің тұсаукесерін өткізбекші болғанмын. Бұл фильмнің мақсаты – жергілікті және орталық билікті шалғай аудандарда тұратын балалар үшін инфрақұрылымды жетілдіруге шақыру. Біз фильмді Северодонецк қаласында, содан кейін Киевтегі «Жовтень» кинотеатрында көрсеткіміз келді. Бірақ соғыс барлық жоспарымызды күл-талқан етті. Қазір фильмде көрсетілген аймақтардың бәрін Ресей басып алды.
– Соғысқа бару туралы шешімді қалай қабылдадыңыз?
– Мен соғыс кезінде не істей аламын деп ойландым. Алдыңғы шептегі парамедик болсам, көмегім көбірек тиетінін түсіндім. Мен MARCH хаттамасы бойынша бәрін жасай аламын және америкалық жауынгерлік дәрігерлердің ең жоғары стандарттары бойынша көмек көрсете аламын.
– Бұл жердегі қызметіңіз қандай, күніңіз қалай өтеді?
– Біздің топ теңіз жаяу әскерлерімен жұмыс істейді. Біз украин жерін ресейлік басқыншылардан босатып жүрген, күшті операциялар орындайтын өте мықты жігіттердің қасындамыз. Мен күнде жұмысыма «бүгінгі күнім жаралы жансыз өтеді» деген нық сеніммен кірісемін. Бірақ, қазір майданның қызған шағы, сондықтан екі апта бойы тынбай кезекшілік етіп жүрміз. Біз үнемі байланыстамыз. Бізді рациямен шақырады, жараланған адам бар жерге барып, алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Содан кейін жауынгерді қауіпсіз аймаққа эвакуациялаймыз. Мен жараланған адамды медициналық эвакуациямен ауруханаға жіберемін.
– Сіздің бөлімшеңізде гендерлік кемсітушілік бар ма?
– Менің ойымша, әскерде бірінші қақтығыстан кейін гендерлік мәселе қалмайды. Қыз болғаным бірде-бір рет үшін шетқақпай көрген емеспін. Біз теңіз жаяу әскерлерімен тез тілтабысып кеттік. Олар біздің қолымыздан не келетінін көрді. Шайқас кезінде жауынгерлерді өте қауіпті аймақтардан эвакуацияладық. Мен үнемі жауынгерлердің қолдауын сезіп келемін, маған өз бауырларындай қарайды. Майданнан оралғанда, бәрі алғасын жаудырып жатады.
– Толыққанды соғыс кезінде сізді не таңғалдырды?
– Толыққанды соғыс өзінің ойына келгенді жасай алады. Ережесіз жекпе-жектегідей мұнда тоқтайтын жері жоқ. Басқыншылар өз жолындағы барлық нәрсені жайпап, қалалар мен ауылдарды қиратады. Содан кейін тірі қалған жергілікті тұрғындардан тамақ сұрайды. Бұл соғыста әртүрлі нәрсе болады. Қолыңнан жібермей, «Ресей әскеріне тастап кете көрме» деп жалына сұрайтын адамдар болады. Ұрысқа батылдықпен қойып кетіп, кейін жараланып, жаны көзіне көрінсе де сенімен әзілдесуге шамасы келетін жауынгерлер болады.
5-экипажымыздың батырлардың өмірін сақтауға деген ұмтылысы жүректі тебірентеді. Мен олардың тындырған істеріне қарап қуанамын.
– Қазір сіздің рухыңызды түсірмей тұрған не?
– Рухымды көтеретін екі нәрсе бар. Біріншісі-мен өмір сүрудің ең жақсы нұсқасын таңдадым. Мен жаңа ғылыми дәреже алу үшін халықаралық бағдарламада жұмыс істеп немесе Украинаның білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін гранттық жобаны басқарып жүрсем болатын еді. Бірақ елім болмаса, мұның бағасы көк тиын. Сондықтан осы елдің азаматтарын құтқару – басты міндет. Екіншіден – теңіз жаяу әскерлері. Мен өзі өмірімді қатерге тігіп, олармен бірге соғысқа аттанғанды құрмет көремін. Олардың үмітін ақтағым келеді.
– Украинаның болашағынан қандай перспективаларды көресіз?
– Украин ұлтының қалыптасуы соғысты бастан кешуге, үйімізді тастап, майданға аттануға себеп болғаны әрине, өкінішті. Бірақ ешкім өзін қазіргідей түсінбеген. Менің ойымша, біздің болашағымыз зор. Украина әрқашан еркін болатын, әрқашан мүмкіндіктер ортасы болды, бірақ біз соны қазір ғана түсініп отырмыз. Соғыс аяқталады, біз жеңеміз, содан кейін бәрі өз-өзіне келе бастайды. Әркім өз ішіне үңіледі. Өзінің өмірдегі мақсатын айқын білетін азаматтары бар ел дамиды.
– Соғыстан кейін өміріңіздегі не нәрсені мәңгілікке өзгертесіз?
– Мен соғысқа дейін де осы елді сүйдім, осында тұрып білім беруді дамытып, балаларға мүмкіндік жасағым келетін. Сондықтан соғыс менің мақсатымды тек тағы да айқындай түсті. Таңдауымның дұрыс екеніне көзімді жеткізді. Сол мақсатқа жету үшін тірі қалғым келеді.
– Украиналықтар мен әлемге не айтасыз?
– Әлем украиналықардың батылдығын бағаласа деймін, өйткені бұл – халықтың өз бостандығын қорғауының ең жарқын үлгісі. Біз демократия, теңдік, бостандық үшін, Украинада емін-еркін жүру үшін күресіп жатырмыз. Сол үшін өмірімізді қиюға бармыз. Әлемде ешкім маған келіп «сенің қоғамың тым әскери» деп айта алмаса деймін. Менің ешқашан соғысқа қатысқым келмеді. Айналамда болып жатқан нәрсенің бәрін жек көремін. Тағдырымда мұны көруге тиісті емес болатынмын. Мен саяхаттап, балаларға білім беру жобаларын жасап жүргенді жақсы көретін қызбын. Ешқашан парамедик болуды армандамадым. Бірақ Ресейдің агрессиясы Отанымды қорғауға мәжбүр етті.
Мен Францияда немесе Испанияда тұратын кез келген қыз сияқты жас қызбын. Біздің айырмашалық – мен сүйетін елдің шекарасына тоталитарлық режим шабуыл жасады. Мен саяхаттағанды ұнатамын, бірақ өз елімде өмір сүргім келеді. Сондықтан мен Отанымды қорғаймын, елімнің бостандығы үшін өлуге дайынмын.
Мен құрметтейтін либералды әлем біздің қазіргі күш-жігерімізді бағалағанын қалаймын. Біз де солар сияқты либерал және бейбітсүйгіш бола алар едік, бірақ бола алмаймыз, өйткені Ресей режимі бізді жоймаққа тырысып жатыр.
Айжан Темірхан
Abai.kz