Жексенбі, 8 Желтоқсан 2024
Саңлақ 3001 1 пікір 19 Қараша, 2022 сағат 12:11

Пенальти тебуден жарыс

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы

Жалғасы: Тұтас ұлтты қайғыртқан гол

Жалғасы: Альпі етегіндегі аула футболы

Жалғасы: Ұлы жаңалықтар уақыты

Жалғасы: Гарринчаның чемпионаты

Жалғасы: Ұрланып-табылған кубок

Жалғасы: 1970 жыл. Қош, «Алтын Нике»!

Жалғасы: 1974 жыл. «Тұтасқан футболдың» тұғыры

Жалғасы: Дер кезiнде құртылған мұрт

Жалғасы: 1982 жыл. Каттеначчо және қарсы шабуыл

Жалғасы: Майталман Марадона және... «Құдайдың қолы»


XІV ЧЕМПИОНАТ. 1990 ЖЫЛ. ИТАЛИЯ

Әлем чемпионы – Германия
Алтындатылған жүлденің иегері – Аргентина
Күміс жүлдегер – Италия
Қола жүлдегер – Англия

Дзенганың рекорды әлі құлаған жоқ

Футбол тарихында бұл турнир голдың тым аз соғылуымен және пенальтилер сериясының көптігімен есте қалды. «Ең қызықсыз чемпионат» деген баға алған турнирдің басқа емес, футболы мығым қорғанысымен ерекшеленетін елде өтуі де заңды сияқты. Доп додасына қатысушылардың барлығы да сол даңқты каттеначчо рухында өнер көрсетті. Есесіне, алаңның кез келген бұрышында әр доп үшін өліспей-беріспейтін айқас жүрді.

Каттеначчоның (итальян тілінде бұл сөз «бетон» деген ұғымды береді) негізгі авторлары – алаң иелері «А» тобында ойнады. Бұрын да тасқамал қорғанысымен танымал Италия құрамасының қақпасына гол соғу бұл жолы қиынның қиынына айналды. Олардың қақпашысы Дзенга бес ойын бойына бірде-бір доп өткізген жоқ. Тек алтыншы матчтың (ал бұл жартылай финал болатын) 67-минутында ғана аргентиналық Каниджа берік «бетонның» бір шетінен саңылау тапты. Сонда барып жұртшылық 517 минут бойына қақпасына гол соққызбаған Дзенганың ерлігін лайықты бағалап, оның финалдық турнирлерде рекорд жасағанын түсінді.

Италия кез келген чемпионатта жеңіп шығуды мақсат тұтатындықтан, өз жерінде өтетін турнирдегі жауапкершілігі тіптен жоғары болды. Тұтас ел Адзельо Вичинидің командасынан тек қана алтын жүлде талап етті. Мұндай кезде футболшылардың мойнына артылған сенім мен үміттің психологиялық салмағы тым ауыр болатыны анық. Сондықтан ба екен, қорғаныста пәлендей көп қиындыққа душар болмағанымен, «Скуадра адзурраның» алғы шептегі әрекеттеріне салқынқандылық жетіспеді. Алғашқы ойында Вичини шабуыл шебіне Виалли мен Карневалені шығарды. Бірақ қарсылас қақпасының құлпы еш ашылмай-ақ қойды. Голдан күдері үзіліп, не істерін білмеген бапкер алаңға тың ойыншы шығарғысы келді. Бірақ ол Карневаленің орнына ойынға Серена немесе Манчини сынды танымал шабуылшылардың бірін емес, құрамаға соңғы сәтте ғана шақырылған... Скиллачиді қосты. Мына қызықты қараңыз: матч 0:0 боп бітуге жақын қалғанда, жас футболшы күтпеген жерден есеп ашып, масқара бола жаздаған командаға жеңіс сыйлады. Екінші ойында да алғы шепке жіберілген әу бастағы жұптың жолы болмады. Соңғы турда негізгі құрам шабуылшылары толығымен өзгерді: алаңға Скиллачи мен Р.Баджо шығып, бір-бірден гол соқты.

Тағы да Фредрикссон, тағы да «Құдайдың қолы»...

«В» тобындағы ойындар сенсациямен басталды: әлем чемпионы Аргентина доданың беташар матчында Камеруннан ұтылып қалды (0:1). Түркіменстанда туып-өсіп, кейін Самарқанның «Динамосында» ойнаған Валерий Непомнящий жаттықтырған африкалық команда топта ғана емес, жалпы чемпионатта тамаша ойын көрсетіп, жанкүйерлер жадында өшпестей із қалдырды. Матч тағдырын шешкен жалғыз голды шабуылшы Омам Бийик соқты. Оның айып алаңына әуелеп келген допқа қатты секіргені сондай, тіпті жерден емес, акробаттардың серіппесінен аспанға ұшқандай әсер қалдырды.

Өкінішке қарай, камерундықтар тек жақсы қырымен ғана емес, тым дөрекі ойынымен де «көзге түсті». 61-минутта оң қапталмен құйындатып келе жатқан Каниджаны Кана Бийик шектен шыққан тәсілмен қарсы алып, қалпақтай ұшырды. Француз төрешісі Вотро ойланған жоқ, бұзақыға бірден қызыл карточка көрсетті. Ойынның соңғы минуттарындағы Массингтің әрекеті де футбол, қала берді спорт ұғымынан алшақ жатқан болатын. Нәтижеде Камерун құрамасы кездесуді 9 ойыншымен аяқтады.

Осы турдағы КСРО – Румыния матчы да жұрт күтпеген нәтижемен аяқталды (0:2). Бірінші гол Дасаевтың қателігінен соғылды. Оң қанаттан айып алаңына енген Лэкэтуш орта тұсқа пас берердей сыңай танытты да, соған иланып, бейғам қалған қақпашыны қап дегізіп, допты бергі бағананың түбінен торға ытқытып жіберді. Ал екінші голдың соғылуына тікелей уругвайлық төреші Кардельино ықпал етті. Әуелеп бара жатқан допқа жете алмайтынын білген қорғаушы Хидиятуллин оны қолмен тоқтатты, бұл кезде ол айып алаңының сыртында еді. Бірақ уругвайлық қазы күтпеген жерден 11 метрлік нүктені нұсқады! Сөйтіп, Лэкэтуш өзінің екінші добын соқты.

Сосын іске «КСРО-ның жендеті» – 1986 жылы Бельгияның офсайдтан соғылған голдарын есептеп жіберетін швед төрешісі Фредрикссон мен... «Құдайдың қолы» кірісті. Аргентинамен ойынның 10-минутында Протасовтың баспен соққан добын қақпаға кіріп бара жатқан жерінен Марадона... қолымен қайтарып жіберді! Фредрикссон мұны байқамай қалды (әлде байқамағансыды). Осы сәтте аргентиналық қақпашы Пумпидо бағанаға соғылып, иығын жарақаттап алды. Ойынды жалғастыра алмайтыны белгілі болған соң (енді қайтып бұл чемпионатта алаңға шығудан күдерін үзгені кейіннен анықталды), оның орнына қосалқы қақпашы Гойкоэчеа шықты. КСРО футболшылары екінші таймда тайлы-таяғымен алға ұмтылып, ойынның басым бөлігін қарсы қақпаның алдында өткізсе де, жолы болмады.

Екі ойында да жеңіліс тапқан Лобановскийдің жігіттері 1/8 финалға шығудан сонда да күдерін үзген жоқ-ты. Егер олар соңғы ойында Камерунды төрт доп айырмашылығымен ұтса, ал Румыния мен Аргентина өзара тең ойнамай, кез келген біреуі жеңіске жетсе – КСРО құрамасы 3-орыннан-ақ келесі кезеңге өте алар еді. Кеңес командасы өз міндетін мүлтіксіз орындады. Бірінші таймда-ақ Протасов пен Зыгмантович бір-бірден доп соғып үлгерді. Африкалықтарды да орыс бапкері жаттықтырғанын ескерсек, ел арасындағы «екі жақ келісіп ойнады» деген күмәнді еш негізсіз дей алмас едік... Расында да, екінші таймда Заваров пен Добровольский есепті еселей түсті. Ойын 4:0 боп аяқталды, бірақ Аргентина мен Румыния да өздері үшін тиімді нәтижеге қол жеткізді (1:1). Сөйтіп, КСРО құрамасы бәрібір төртінші орында қалды, ал қалған үш команда келесі кезеңге өтті.

Мүбәрактар қарсыластарын емес, комментаторларды әбіржітті

«С» тобында өнер көрсеткен Бразилияның сапындағы 22 ойыншының 15-і Еуропа клубтарында ойнайтындықтан, бұл жолғы команда стилі ұлттық ерекшеліктен сәл алшақ болды. Қарт құрлық командаларынан прагматизмді жақсылап үйренді ме, әлде күшін кейінге сақтады ма, әйтеуір Себастьян Лазарони баптаған ұжым үш ойында 4-ақ доп соқты. Тағы бір атап өтерлік жайт: дүбірлі додаға тұңғыш рет қатысқан Коста-Рика құрамасы ойламаған жерден шотландықтар мен шведтерді жерге қаратып, 2-орын алды.

«D» тобынан екінші сатыға Германия, Югославия және Колумбия өтті де, Біріккен Араб Әмірліктері тек оларға ұпай үлестірумен шектелді. Карлос Алберто Паррейра жаттықтырған араб командасы өзгелерді тек... құрамында Мүбәрак текті 6 ойыншының бар екені арқылы ғана таңдандыра алды. Расында да, БАӘ командасының ойынынан репортаж жүргізуге тиіс телекомментаторларға жанымыздың ашығаны анық: «Доп Халид Мүбәракта, ол Хусейн Мүбәракқа тастады, оң қапталда Нассер Мүбәрак бос тұр, бірақ Хусейн пасты оған емес, сол жақтағы Фейсал Мүбәракқа берді» – олардың арабтардың ойынын суреттеуі, жуықтап алғанда, осындай болғаны рас-ты...

Немістердің аяқ алысына қарап-ақ болашақ чемпиондардың ойынын көргендей әсерде қаларыңыз анық еді. 90 минут бойы қарқынын бір ірікпеген олар Еуропадағы мықты ұжымдардың бірі саналатын Югославияны талқандап тастады. Бас бапкер Ф.Беккенбауэр 1986 жылғы чемпионаттан соң, шау тартқан «шалдардың» біразымен қоштасып, орнына Клинсманн, Колер, Хесслер, Ройтер секілді жас таланттарды шақырған-ды. Бұрынғылардан тек Феллер, Маттеус, Бертольд, Бреме және Литтбарски ғана қалған-ды. Міне, осы жастық жалын мен салқынқанды тәжірибе керемет үйлескен ұйымшыл ұжым бар қарсыласынан басым түсіп, ақтық сынға қарай заулап келе жатты.

«Е» тобында да өзгелерге ұпай үлестіргіш бір «жомарт» команда болды (Оңтүстік Корея). Әлсіз қарсыласты кезек-кезек ұтқан Испания, Бельгия және Уругвай футболшылары келесі кезеңге жолдама алды.

«Ғ» тобында Ирландия құрамасы тәртіпті қимылымен тәнті етті. Рас, атақты ағылшын маманы Джекки Чарльтон баптаған команда бірде-бір ойында жеңіске жеткен жоқ. Алайда мұндай дүбірлі додаға тұңғыш рет қатысса да, азулы қарсыластарының ешқайсысынан жүрексінбей, батыл ойнады. Жалпы, бұл топтағы алты кездесудің бесеуі тең аяқталды. Тек соңғы турда Египетті тізе бүктірген Англия құрамасы топ жеңімпазы атанды. Ұпайлары да, доп айырмасы да бірдей Ирландия мен Голландияның 2-3-орындарды қалай бөлісетіні жеребе арқылы анықталды. Құрамында ван Бастен, Гуллит, Франк Райкаард, Р.Куман секілді жарық жұлдыздары бар, 1988 жылы Еуропа чемпионы атанған «қызғалдақтар елінің» құрамасы сөйтіп 3-орын алды да, 1/8 финалда... Германия командасына тап келді.

Милла мен Стойковичтің ерлігі

Жалпы, немістер мен голландықтардың өзара матчы қашанда тартысты өтеді. Бұл жолы да солай болды. Әсіресе немістердің қарқыны керемет еді. Бүкіл ойын бойына айқын басымдық танытқан олар сол артықшылығын қай-қайсысы да жанкүйер жүрегін селт еткізер екі әдемі голмен түйіндеді. Біріншісінде Клинсманн сол қапталдан Бухвальд әуелетіп тастаған допты баспен дәл соқты. Екіншісінде Бреме айып алаңының бұрышында тұрып қиғаштай тепті. Әуелде далаға ұшқандай көрінген доп шиырылып барып қақпаның арғы бұрышына қойды да кетті. Матч бітуге бір минут қалғанда Колер өз айып алаңында ван Бастенді аяғынан шалып құлатты да, Р.Куман есеп айырмасын қысқартты – 2:1.

1/8 финалда Бразилия құрамасының жолы болмады. Аргентинамен кездескен олар 90 минут бойы тынбай шабуылдап, Гойкоэчеа қорғаған қақпаның бүкіл бағанасы мен маңдайшасына теңбіл доппен «мөр басып» шықса да, бәлекетті торға түсіре алмай-ақ қойды. Ал 81-минутта Марадонаның тамаша пасынан соң Таффарелмен жекпе-жек шыққан Каниджа бразилиялықтардың үмітін біржола үзіп тынды.

Камерун – Колумбия кездесуінің тағдырын тағы да 38 жастағы шабуылшы Милла шешті. «Тағы да» дейтін себебіміз: африкалықтар топтық турнирде румындарды да аталмыш ардагердің қос добының арқасында тізе бүктірген болатын. 1/8 финал кезеңінде қарсыластар 90 минут бойы бір-бірінен айласын асыра алмады. Ал 106-минутта Милла екі қорғаушыны жолда қалдырып, қарсыластың айып алаңына енді де, нысананы дәл көздеді. Арада үш минут өткенде алаңның ортасына дейін шығып ойнауға әуес колумбиялық «тәуекелшіл» қақпашы Игита өзімен допқа таласпаққа ұмтылған Милланы алдап өтпек болды да, одан айрылып қалды: бос қалған қақпаға тура шапқан шабуылшы екінші голды соқты.

Италия құрамасы өте тартысты өткен ойында Уругвайды 2:0 есебімен тізе бүктірді. Алғашқы кезеңде «айды аспанға бір-ақ шығарған» Коста-Рика командасын Чехословакия футболшылары 4:1 есебімен ұтып, жерге қайта түсірді (Скухравы үш доп соқты). Екі рет айып соққысын керемет орындаған югослав Стойкович испандықтарды еліне ерте қайтарды. 119-минутта Гаскойнның әуелетіп берген добын жерге түсірместен торға бағыттаған Платтың голы Англияны шаттандыра қуантып, Бельгияны өкінте сан соқтырды. Ирландықтар мен румындар үшін қосымша уақыттың өзі аздық етті, ойыннан соңғы пенальти сериясында Тимофтэнің соққысын қайтара алған қақпашы Боннер өз командасына жеңіс сыйлады.

Пенальти ұстағыш Гойкоэчеа

Ширақ басталған плей-офф кезеңі ширек финалға келгенде қайтадан сұйыла бастады. Басты назарда нәтижені ұстауға құмар командалар алға ұмтылар алдында да арт жаққа бір қарап алуды әдетке айналдырды. Әуелгі ойындарда бақытын шабуылдан іздеген Германияның өзі Чехословакиямен кездесуде қорғанысқа көп көңіл бөлді. Пенальтиден соғылған жалғыз голды қанағат тұтқан немістер екінші таймда бұрынғыдай есепті еселей түсуге ұмтылған жоқ. Италия өзі секілді тылының беріктігімен белгілі Ирландияны әрең ұтты. 1986 жылғы чемпиондық құрамының негізгі бөлігін сақтаған Аргентина болса, тағы да сүреңсіз ойын көрсетіп, сұмдық іш пыстырарлық кездесуде югославтарды ұта алмады. Бұл жолы оларды қақпашы Гойкоэчеаның пенальти қайтарғыш қасиеті құтқарып қалды.

Ал Камерун – Англия матчы чемпионаттағы ең тамаша ойын болды. Есепті ағылшындар ашты: Пирстің сол қапталдан қолмен өлшегендей дәл берген добын Платт таза британдық стильде баспен торға дөп қадады. Бірақ бұдан соң ойын тізгіні африкалықтарға көшті. Олардың қарқыны әсіресе кездесудің екінші бөлігінде алаңға Милла шыққан соң үдей түсті. Бұл жолы камерундық ардагер өзі гол соққан жоқ, есесіне, ойынның нәтижесін жалғыз өзі жасай жаздады. Әуелі айып алаңына андыздап еркін енген ол ағылшын қорғаушысын ойын ережесін бұзуға мәжбүрледі: 11 метрлік нүктеден Кунде мүлт кеткен жоқ. Арада үш минут өткенде ол жанына қарсыласының үш бірдей ойыншысын жинап алып, допты оң жағынан бөлектене берген Экекенің алдына тастай салды – 2:1. Лезде-ақ есептің асты үстіне шықты!

Өкінішке қарай, 83-минутқа дейін азулы қарсыласын ұтып тұрған камерундықтар матч соңында және қосымша уақытта өз айып алаңында екі рет тәртіп бұзып, қолда тұрған жеңістен айрылып қалды. Екі пенальтиді де Линекер сәтті орындады. Баспасөзде бұл жеңілістің мынадай да себебі бар екендігі жазылды: футбол құрамасын Италияда екі аптадан артық уақытқа қалдыру кедей елдің бюджетіне аса ауыр тиетіндіктен, ұлттық федерация басшылары... Англиядан әдейі ұтылып, ертерек елге қайтуды бұйырыпты!

Жартылай финалдық қос кездесу де футбол емес, пенальти тебуден жарысқа айналып кетті. Италия футболшылары Аргентинамен ойынды өте әдемі бастап еді. 17-минутта Джаннини мен Виалли допты кереге әдісімен қақпақылдап әкелді де, алғашқысы кейінгісіне баспен керемет пас берді. Шабуылшы таяу жерден құшырлана-ақ теуіп еді, қалай екенін өзі ғана түсіндіре алар, Гойкоэчеа қолымен қайтарып үлгерді. Бірақ Скиллачидің наны да – осылай кері серпілген доптар емес пе? Қашанда қажет нүктеден табылатын ол салқынқандылық танытып, допты торға дәл бағыттады.

Аргентиналықтардың таразы басын теңестіруге мүмкіндігі аса көп болған жоқ. 67-минутта да олардың гол соға қоюы неғайбыл еді. Алайда бұған дейін еш мүлт кетпеген Дзенганың қателігі италиялықтардың бағын байлады. Марадона допты сол қапталмен оза шапқан Олартикоэчеаға беріп еді, ол әуелетіп айып алаңына тастады. Ол жерде Каниджа тұрған, доп тура соның басына келді. Егер қақпашы орнында тұра бергенде аргентиналықтың соққысы оның оңай жеміне айналған болар еді. Қас қылғанда, Дзенга өзі жете алмайтын допқа тұра ұмтылды. «Не түлен түртті екен...» деп осындайда айтылатын болар. Ақырында ол жолда ауаны қармап қалды да, одан секунд бұрын Каниджаның төбесін жанап өткен ала доп асықпай барып торға түсті... Ойыннан соңғы пенальти сериясында Гойкоэчеа тағы да ерлік жасады.

Марадона ренжісе де, Германия жеңіске лайық еді

Германия – Англия кездесуі тең дәрежеде өтті. Екі команда да финалға шығу үшін барын салды. Алайда бір-бірінен басымдығын байқата алмады. Амал жоқ, жеңімпазды тағы да ойыннан соңғы пенальтилер анықтады. Неміс футболшыларының бірде-бірі мүлт кеткен жоқ, ал ағылшындардан Пирстің тепкен добын Иллгнер ұстаса, Уоддлдың соққысы қақпадан биік кетті.

Финалда тағы да Германия мен Аргентина кездесті. Өкінішке қарай, осыдан төрт жыл бұрынғы ғажайып кездесудей емес, бұл жолғы матч тартысты болса да, мазмұнды өтпеді. Рас, Карлос Билардоның командасы финалда құйын-перен немістердің тегеурініне 85 минут төтеп берді-ақ. Төтеп бергенде, тек өз қақпасы алдында ұйлығысып, неміс футболшыларының ойынына кедергі жасауды ғана білді. Ол аз болса, дөрекілігімен Кодесаль Мендестің төзімін тауысқан екі ойыншысы алаңнан қуылып кетті. Төреші матч бітуге 5 минут қалғанда олардың қақпасына сәл күмәнділеу 11 метрлік белгіледі (айтпақшы, бұған қатты наразы болған Марадона марапаттау рәсімінде ФИФА президенті Жоао Авеланждың қолын алудан бас тартты). Гойкоэчеаның пенальти ұстаудың теңдессіз шебері екенін білетін Бреме допты әдейі қақпаның тура бұрышына бағыттады. Соққының бағытын бағамдаған қақпашы жанұшыра ұмтылса да жете алмады.

Сөйтіп, Германия құрамасы үшінші рет әлем чемпионы атанды. Және алтын жүлдеге лайық өнер көрсетті. Олар топтық кезеңде 4-4-2 схемасымен ойнаған болса, плей-офф кезеңінен бастап, 3-5-2 тактикалық жүйесіне көшті. Аугенталер – либеро (артқы орталық қорғаушы) болса, Колер мен Бухвальд оның сәл алдында орналасты. Қос қапталдағы Бертольд пен Бреме қорғанысқа да, шабуылға да бірдей араласты. Бұрын артқы шепке көп қарайлайтын Маттеусті бұл жолы Беккенбауэр алға жылжытып, диспетчер ретінде сәтті пайдаланды. Оған Литтбарски мен Хесслер сенімді серік бола білді. Қос шабуылшы Феллер мен Клинсманн үш-үштен доп соқты.

ОЙЫН НӘТИЖЕЛЕРІ

Финалдық турнирге 24 команда қатысты.

52 ойын өткізілді, 115 доп соғылды (орта есеппен 2,21 гол).

«А» ТОБЫ

Италия – Австрия – 1:0, АҚШ – Чехословакия – 1:5, Италия – АҚШ – 1:0, Австрия – Чехословакия – 0:1, Италия – Чехословакия – 2:0, Австрия – АҚШ – 2:1

«В» ТОБЫ

Аргентина – Камерун – 0:1, КСРО – Румыния – 0:2, Аргентина – КСРО – 2:0, Камерун – Румыния – 2:1, Аргентина – Румыния – 1:1, Камерун – КСРО – 0:4

«С» ТОБЫ

Бразилия – Швеция – 2:1, Коста-Рика – Шотландия – 1:0, Бразилия – Коста-Рика – 1:0, Швеция – Шотландия – 1:2, Бразилия – Шотландия – 1:0, Швеция – Коста-Рика – 1:2

«D» ТОБЫ

БАӘ – Колумбия – 0:2, Германия – Югославия – 4:1, Югославия – Колумбия – 1:0, Германия – БАӘ – 5:1, Германия – Колумбия – 1:1, Югославия – БАӘ – 4:1

«Е» ТОБЫ

Бельгия – Оңт.Корея – 2:0, Уругвай – Испания – 0:0, Бельгия – Уругвай – 3:1, Оңт.Корея – Испания – 1:3, Бельгия – Испания – 1:2, Оңт.Корея – Уругвай – 0:1

«Ғ» ТОБЫ

Англия – Ирландия – 1:1, Голландия – Египет – 1:1, Англия – Голландия – 0:0, Ирландия – Египет – 0:0, Англия – Египет – 1:0, Ирландия – Голландия – 1:1

1/8 ФИНАЛ

Камерун – Колумбия – 2:1 (қосымша уақытта), Чехословакия – Коста-Рика – 4:1, Бразилия – Аргентина – 0:1, Германия – Голландия – 2:1, Ирландия – Румыния – 0:0 (пен. 5:4), Италия – Уругвай – 2:0, Испания – Югославия – 1:2 (қосымша уақытта), Англия – Бельгия – 1:0 (қосымша уақытта)

ШИРЕК ФИНАЛ

Аргентина – Югославия – 0:0 (пен. 3:2), Италия – Ирландия – 1:0, Камерун – Англия – 2:3 (қосымша уақытта), Германия – Чехословакия – 1:0

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

Италия – Аргентина – 1:1 (пен. 3:4), Германия – Англия – 1:1 (пен. 4:3)

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

Италия – Англия – 2:1

ФИНАЛ

Германия Аргентина 1:0

8 шілде. Рим. «Олимпико» стадионы. 73 603 көрермен. Төреші Кодесаль Мендес (Мексика).

Германия: Иллгнер, Бертольд (Ройтер, 74), Аугенталер, Колер, Бухвальд, Бреме, Маттеус, Литтбарски, Хесслер, Феллер, Клинсманн.

Аргентина: Гойкоэчеа, Серрисуэла, Симон, Руджери (Монсон, 46), Лоренсо, Сенсини, Басуальдо, Трольо, Бурручага (Кальдерон, 53), Марадона, Дезотти.

Гол: Бреме, 85, пенальтиден.

Ескерту алғандар: Трольо, Феллер, Марадона.

64-минутта Монсон, ал 87-минутта Дезотти алаңнан қуылды.

Сұрмергендер

Скиллачи (Италия) – 6 доп, Скухравы (Чехословакия) – 5, Маттеус (Германия), Милла (Камерун), Мичел (Испания), Линекер (Англия) – 4.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1553