Біз – қазақ ежелден... (жалғасы)
Басы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Өзіңді-өзің тану тәжірибесінен
33.
Қазыбек бек әңгімелейді: «Қыс ортасында (1723 жылдың ерте көктемі болса керек – Б.Қ.) менің қарсылығыма қарамай, әкем Іленің оң жағалауына өтіп, Матайға бет алды. «Қалмақ шабуылы басталады» дегеніме қарамай: «Сонау Асыдан Төле би көшіп, Баянжүрек барғанда, ол немене, жау жайын біз құрлы білмейді дейсің бе?» – дегенді айтты. ...Қоян жылғы көкек айының басында (1723 жылы – Б.Қ.) Сеуан Рабдан Ертістен Сарарқаға көшіп жатыр екен деген хабар жетті. Елдің билері жиналып, сүр жесіп, біздің үйде біраз ақылдасты. Ешқайсысы басы менің әкем болып менің сөзімді тыңдамады. Арада он шақты күн өткенде Көктеңіз айналып кеткен қалмақтар Талас, Шу бойынан әрі қарай қалың Дулатқа шабуыл жасады деген хабар дүңкілдеп кетті. Одан екі күннен кейін қалмақтар Ташкентті алыпты, олар соғыссыз қарапты деген сөз де естілді. Қазақтың басын қосуға тиісті Болат хан (бұл кезде Болат хан өмірде жоқ – Б.Қ.) еш қайрат көрсете алмады деген сөз де жетті. Енді екі күннен кейін Алакөлді қыстап шыққан Төле Шуға қарай көшіп кетті деген сөз жетті. ...Оның ертесіне Көксу бойындағы Ысты Нұрмамбет биден: «Қалмақ қара-құрымдай қаптап келеді, Арқас Аңқайынан өтті», – деген хабар әкелді. Сол күні Шапырашты Тауасар биге Албан Сырымбет биден де: «Қалмақ Мұзарттан бері қаптап келеді», – деген хабар да жетті.
Тауасар би қателескенін біліп, баласы болсам да маған тілге келе алмады. Менің үлкен ұлым Қасқары сол кезде ат жалын тартып мініп он үшке келген болатын. Маған соны салды. «Тез Іленің сол жағына өту керек», – дедім мен. Ондағым Шапыраштының ең қою жері Лабастың бауырыңда, Іленің сол қанатында болатын. Шапырашты – аса жауынгер ел, оған: «Бақтияр, Бақтияр, Бақтияр!» – деп үш айғайласаң, тайлысы да, таяқтысы да қалмай тас түйін болып жиналады».
Оған «қаламды найзаға айырбастауға тура келді». Матай, Шаңқанай, Алтынеміл, Арқарлы, Текелі, Тоғаты, Бөгеті төңірегіндегі, ат жетер жердегі байлардың бәріне сәлем айтты. «Жылқысын аямай барлық кедей, жарлы-жақыбайды тегіс атқа қондырсын, кімде-кім төңірегіндегі елге көлік бермей, жаяу жау қолына тастап кетсе, ол – Дулат, Шапыраштының жауы, ісім сонымен түседі деген болдым. Бүйтіп айтуға құқығым да бар еді, өйткені мен оқудан келгенде «ауылдағының ауызы сасық» деп қарағандар қалмақ жеріне барып жылдан аса елші болып келген соң (мәтіннің ұзына бойындағы мәліметтерге қарағанда, ол жылдан аса емес, төрт-бес жылдай – 1718 жылдан 1723 жылға дейін елші болған-тын – Б.Қ.), енді менімен есептеспей тұра алмаған»[1].
Сонымен, елші, оқымысты, астроном Қазыбек Тауасарұлы ғұмырының отан қорғау жолындағы жауынгерлік кезеңі басталады...
Осы жерде мынаны еске ала кету орынды болмақ. Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқыйаннан өзіме шейін» кітабының екінші басылымын жарыққа шығара отырып: «Қаншама тарихи адамның, хан мен қараның, жан-жануардың, тау-тас пен өзен-көлдің, ауыл-аймақ, соғыс өткен сай-саланың аты аталады! – дейді шығарушы оның материалының байлығына сүйсініп. – Соншалық мол атауды бір-бірімен шатастырмау, жаңылмау тек өзі көрген, өзі естіген және көргенін көрген жерде, естігенін естіген жерде қағазға қолма-қол түсіріп жүрген адамның ғана қолынан келеді. Оларды өзі көрмеген, қасында болмаған адамның қаншама данышпан болса да есте сақтауы мүмкін емес»[2].
Шығарушының бағалауынша, жоңғар шапқыншылығының «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған аса қасіретті кезеңі кезіндегі тарихи тұлғалар мен батырлардың аты-жөндерін, ерліктерін тура мұндай дәлдікпен жазып суреттеген жазбаша тарих біздің қолымызда бұрын-соңды болған емес.
Қазыбек бек шығармасында, баспагердің талдауына қарағанда, Есім хан тұсындағы батырларды және үнемі Абылайдың өз қасында жүретін Байғозы, Баян, Оразымбет, Елшібек, Шынқожа, Жауғаш, Мәлік, Бердіқожа батырларды және Әбілқайыр қолындағыларды қоспағанда, Наурызбайдың төңірегінен табылатын 62, Бөгенбайдың маңынан 38, Қабанбайдың қасындағы 26 адамды, ал қалмақтардан 96 адамды нақтылап атайды. Біразының көрсеткен ерліктерін нақты баяндап, түрі мен түсіне, қылығы мен киім-кешегіне дейін суреттейді.
Осындай маңызды деп білетін, басқа ешқайдан кездеспейтін деректер жайындағы өзі жүйелеген мәліметін айта отырып, шығарушы: «Мұндай тарихты, баға жетпес естелікті өз халқына өзі қыймай арамтер болғандар түбі өзінің қыйанатын тез түсінген сайын бұл кітәптің елге тигізер пайдасы да ертерек тие бастар еді-ау деп қана қынжыласың», – деген ренішін жария етеді.
Кітаптың алғашқы басылымы жарық көрісімен туған шуға орай, он бес жылдан кейін кітап қолжазбасының факсимилесін, сондай-ақ араб әріптерімен жазылған қолжазбаның тікелей оқылып, қазіргі әріппен көшірілген нұсқасын екінші басылымға қоса басып: «Ойласаң, нені таппайсың демекші, Ұлттық кітәпханаға, тағы басқа біраз ғылыми орталықтарға қолжазбаның көшірмесін таратып, оны баспасөз беттерінде жарыйалағанымызға қарамастан, – дейді шығарушы, – бұл кітәптің қолжазбасы жоқ, «кітәпті шығарушылардан басқа түпнұсқаны көрген де, ғылыми экспертизден өткізіп анықтаған да ешкім жоқ», – деушілер кезінде болды»[3].
Шығарушы осылай, көпшілікті оқушы қауым ішінде туған күдік жайынан хабардар ете отырып, содан соң, тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбековтің бір сұхбатында, «дау-дамайды көбейтпес үшін, бұл кітәптің арапша жазбасы мен кәзіргі жазба нұсқасын қатар беру дұрыс» болар еді деген пікірін ескергенін айтқан.
«Түп-тұқыйаннан өзіме шейін» кітабының жаңа басылымын шығарушы қоғамда туындаған сондай талап-тілектерге сай әзірлеген екен. Баспа, дау жоқ, кітаптың бұл жаңа басылымымен зерттеушілерге пайдасы тиетін үлкен жұмыс тындырған. Осы басылымды пайдалана отырып, зерттеушілердің болашақта қолжазбаның көшірме суреттерімен (факсимилесімен) тікелей танысу арқылы оның жазылу тәсіліне (қадым ба, араб-парсы әріптеріне негізделген төте жазу ма, әлде 40-шы жылдардағы көшірмеші екі тәсілді қоса пайдаланған ба, сондай-ақ тілі, сөз саптау стилі сықылды ықтимал талдаулардың бәрін еркін жүргізе алары сөзсіз...
«Түп-тұқияннан...» кітабын жазарда Матай атасының жазбаларына сүйенген Қазыбек бектің әңгімелеуінде жаңа деректер барын Т.Омарбеков те атай кетеді. Мәселен, дейді ол, Қазыбек бектің баяндауынша, Салқам Жәңгірді Сесеннің ұлы Қалдан өлтіреді. Ал қалмақ Батыр қонтайшы Қарасай батыр салған ауыр жарадан өледі. Ал басқа нақты емес, жалпылама деректерде Жәңгірдің қонтайшы батырға қарсы күресте өлгені айтылады[4].
Осы орайда көне жазба дереккөздерге сүйеніп жасалған ғылыми тарих мағлұматтарына көз жүгіртелік. Сондай зерттеулердің бірінде мыналар айтылады... Жоңғарлар 1630–1640-шы жылдары Батыс Жетісуда Шу өзенінің шығыстағы саласының жоғарғы жағында және оның сол жақ саласы Құрағаты алабындағы аса үлкен емес ауданда тұрып жатқан. Сол шақта Шудың жоғарғы жағында шығысқа қарай негізінен ойраттардың хошоут руы көшіп-қонып жүретін. Ал хошоуттар басында Батыр қонтайшының жақын досы және үзеңгілесі Очирту-Цецен хан (жоғарыда Сесен деп аталған – Б.Қ.) тұрған-ды. 1652 жылы ол біріккен қазақ-қырғыз әскери жасақтарына қарсы сәтті жорық жасады. Жүргізген соғысы нәтижесінде екі халықтың да сонда көшіп-қонып жүрген руларын оңтүстік-батысқа, Сыр аймағына ығыстырып жіберді де, жоңғар иеленетін жер-суды ұлғайтып, шекараны Шу мен Талас өзендерінің ортаңғы ағысына дейін кеңейтіп алды. Осы әскери жорық кезінде Цецен ханның 17 жасар ұлы Галдамба нойон (1635–1667) ерлігімен көзге түсті. Ол ауыр жекпе-жек кезінде атақты қазақ қолбасы Жәңгір ханды (1644–1652) найзамен әлде қылышпен жаралап, қатардан шығарды[5].
Демек, Қазыбек бектің «Салқам Жәңгірді Сесеннің ұлы Қалдан өлтірді» дегені тарихи шындыққа бұрыстау келеді. Рас, бұл жәйт естелік айтушының өз кезінен – кітап жазылған 1776 жылдан – ғасырдан астам уақыт бұрын өткендіктен де, ұмытылуы, адамдар атының шатастырылуы әбден мүмкін.
«Тарихшылар арасында Есім ханның қашан қайтыс болғаны туралы да ортақ пікір жоқ. Көпке дейін ол, әдетте, 1628 жылы қайтыс болды деген пікір басым болған еді, – дейді Т. Омарбеков. (Алайда бұндай пікірдің басым болуы қисынсыздау сияқты, Есім ханның 1645 жылы қайтыс болғаны 1974 жылғы энциклопедияда анық көрсетілген – Б.Қ.)[6]. – Бірақ оның баласы Жәңгір 1635 жылы да әлі сұлтан аталады. Егер Есім хан 1628 жылы өлсе, оның баласы Жәңгір 1635 жылы сұлтан емес, хан аталар еді ғой... Қазыбек бек Есім ханның науқас болуына байланысты 1640 жылдан бастап қазақты Жәңгір сұрай бастағанын айтады. Тарихшы Ә. Хасенов өзінің «Қазақ тарихының бес мың жылдық баяны» деген кітабында Есім ханның 1645 жылы қайтыс болғанын нақты атап көрсетеді... Егер осы деректі қабылдасақ, 1640 жылы Есім ханды ауру деп көрсеткен Қазыбек бек шындыққа жақын болып шығады...».
Бұл жерде тағы да Қазыбек бек кітабындағы хижрамен (мұсылман календарымен) көрсетілген уақыттар оқиғалардың юлийлік күнтізбемен (христиан календарымен) белгіленген мерзіміне сәйкес келмейтінін ескерте кеткен жөн тәрізді...
Т. Омарбеков қолжазбадағы жаңа деректер хақындағы пікірлерін одан әрі: «Зая-Пандиты хроникасы 17 жасар қалмақ Қалданның Жәңгірді өлтіргенін растайды, яғни Қазыбек бек атап көрсеткен осы дерек басқа құжаттар арқылы дәлелденіп отыр», – деп сабақтай түседі. – Қазыбек бек деректеріндегі қалмақ Қалдан Бошықтудың өміріне байланысты мәліметтер де қабылданған тарих деректерін теріске шығармайды. Қазыбек бектің айтуынша, Қалдан Қытайдан жеңілген соң, күйінгендіктен өзін-өзі жарып тастайды, ал басқа деректерде ол у ішіп өледі[7].
Осы жерде Т. Омарбеков «Зая-Пандиты хроникасы» деп сілтеме жасаған еңбек пен оның авторы және еңбектің мазмұнына қатысты деректер келтіре кетелік. Зая-Пандита (1599–1662) – Жоңғария мен Шығыс Моңғолиядағы буддизмді уағыздаушы, моңғол жазуын реформалаған кісі[8]. ХVІІ ғасырдағы жоңғар ағартушысы және әдебиетшісі. Ол өз заманында ойрат жазуын жасап, ойрат әдебиетінің негізін салған адам. Бар өмірін ойрат халқын біріктіруге арнаған, жоңғар тарихы мен мәдениетінің барысына ықпалы тиген, қоғамда елеулі орыны бар тұлға болған. Оның жеке шежірешісі Раднабхадра ұстазының көзі тірісінде «Ай жарығы: Зая-пандита рабждамның тарихы» деген тақырыппен қолжазбасын жаза бастаған. Раднабхадраның бұл еңбегінде ағартушы Зая-Пандитаның өмірбаянымен қатар, Жоңғар хандығының Галдан-Бошокту хан билік құрған кезіне қатысты мәліметтер бар[9].
Галдан-Бошокту хан (немесе жоғарыда «Түп-тұқиян...» бойынша келтірілгендей – Қалдан Бошықту) 1671–1697 жылдары жоңғар билігінде болған. Оның билік құрған кезі ойрат шонжарларының өзара кикілжіңдері ушыққан бұлғақ кезеңге сай келді. 1667 жылы Жоңғарияның Батыс Жетісудағы сыртқы шекараларды қорғау жүйесінің негізін салған, әлденеше рет ойраттардың халық әндеріне арқау болған Галдамба нойан кенеттен (өгей шешесінің әмірімен уландырылып) өлген болатын. Содан басталған тартыстар ХVІІ ғасырдың соңына дейін созылған. Сондықтан да сол шақтағы қалмақ қарауыл жасақтарын тікелей басқарғандардың есімдері тарих ғылымына белгісіз болып келеді[10].
Осы ретте ХVІІІ ғасырдың куәгері Қазыбек бек кітабының сол кезең шындықтарын аша түсудегі мәні арта түсуге тиіс. «Қазыбек бектің тарихи өмірбаяндық еңбегінде Шапырашты Қарасай және арғын Ағынтай батырлардың қайтыс болулары, Қанжығалы Бөгенбай батырдың, арғын Олжабай батырдың, Қаракерей Қабанбай батырдың, Өтеген батырдың, албан Хангелді батырдың, Бөлек батырдың туған жылдары туралы нақты мәліметтер бар. Сондай-ақ Тәуке ханның, Әбілмәмбеттің, Абылайдың таққа отыруларына қатысты деректерге де осында кездесеміз». Сондай-ақ, бұл еңбектен, «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабына зерттеуші ретінде пікір білдіруші ғалымның ойына қарағанда, қазақ батырларының қалмақ батырларымен жекпе-жектері, қазақтардың ұрыстарды өзіндік ретпен ұйымдастыру тәсілдері, басты-басты жоңғар-қазақ шайқастары туралы да біраз тың мағлұматтар алуға болады[11].
Конференцияда осыларды айта келе, Қазыбек бек еңбегінің көптеген тарихи деректерді қозғауы және жеке тарихи тұлғалар туралы автордың өзіндік көзқарастары тарихымыздағы кейбір даулы мәселелерді айқындай түсуге көмектеседі деген ой да жария етілді. Сондай мәселелердің бірі ретінде – «өз дәуірінің ірі мемлекет қайраткері, Ордабасыда үш жүздің әскеріне қолбасы болып сайланған қайшылықты тұлға Әбілқайыр туралы» осы еңбектегі пікірлерді ескеру жағы да сөз болды.
34.
«Қазақстан тарихының» 3-томындағы «Қазақ халқының ХVIII ғасырдың 20-жылдарындағы жоңғар басқыншылығына қарсы Отан соғысы» деген екінші тарауда мынандай жолдар бар: «...1716 жылы Цеван-Рабтан өз әскерлерінің негізгі бөлігін қазақтарға қарсы аттандырды. ...Тәуке хан елшілерінің Сібір губернаторы М. Гагаринмен келіссөзінде 1716 жылы Ресейдің әскери көмегі туралы мәселе қойылды. Қазақ елшілері ханның 20–30 мың адамнан тұратын әскері бар екенін хабарлады. Ал егер Сібір губернаторы бұған өз әскерін қосса, жоңғарлар жеңіліс табатын еді. Сол жылы Қайып ханның елшілері де сондай ұсыныс жасады. Алайда Сібір губернаторы келіспеді. Келесі 1717 жылы соғыс оқиғалары одан әрі жалғасты. Соғыс қимылдарының негізгі шоғырланған жері Аягөз өзенінің бойында болды. Қазақ жасақтары мен жоңғарлар арасында шайқас басталды. Жоңғар әскерлері шығыс жақта жүрген еді. Қазақтардың басым күші Аягөз өзеніне әкелінді. Табысқа жетуді әскер санының басымдығы, тұтқиылдан шабуыл жасау қамтамасыз етуге тиіс еді. Шынында, әскер саны жөнінен қазақтар басым болатын. Бұл жорықта қазақ әскерлерінің саны 30 мың адам болды»[12].
Қазыбек бектің естелігінде жоңғарлар мен қазақтардың арасында осы 1717 жылғы Аягөз өзені аумағында болған соғыс қимылы жайында былай делінген: «1095-тауық жылы (тағы да датадағы сәйкессіздікке назар аударуға тиіспіз: 1095+622=1717, яғни бұл датаны көшірушілердің бірі қарабайыр есеппен – 1717 жылдан 622-ні алып тастау арқылы хижрашаны шығара салған, егер бұл мұсылманша датаны автор қойған болса, ол біздің жылсанағымыздың 1684 жылына сәйкес келген болар еді. Алайда автордың ондай дата қоюы мүмкін емес, егер түпнұсқада шынымен дата қойылған болса – онысы міндетті түрді хижраша 1129 жыл деп тұрар еді – Б.Қ.) Аягөзде қалмақпен қатты ұрыс болды. Аягөз маңындағы наймандар мен жалайырларға олар қатты тиді. Қазақ қолын Қайып басқарды. Бұл – Тәукенің ұлы. Осы соғыста Әбілқайыр да болды дегенді естідім. Бірақ ол жолы оны көрмедім. Екі күн сіреспен өтті. Қалмақтар ағаштарды кесіп, биік өре жасап, қазақты соның үстінен тұрып атты. Келесі күні қазақтар түнімен жетіген жамбастағанша ағаштан қалмақтардікінен де биік бірнеше мұнара тұрғызып, енді қазақтар олардан асып түсті. Екі күн бойы қазақ оғы осы мұнарадан атылып тұрды»[13].
Осы деректі 2010 жылы шыққан ресми тарих кітабындағы мынандай сөздердің растайтынын байқаймыз: «Қазақ қоныстарына басқалармен бірге арнайы жіберілген Борис Брянцев Сібір губернаторы М.Гагаринге былай деп жеткізген: «Ал бірінші үйде Құттыбай мырза Қазақ ордасының қалмақтармен соғысы туралы былай деді: қалмақтарға 30 000 адамнан тұратын қазақ әскері аттаныпты, соғыста оның өзі де болған, Янгус (Аягөз деген атау бұрмаланып жазылған тәрізді – Б.Қ.) деп аталатын өзен жанында олар мың адамдай қалмақтарды кездестіріп, олармен кешке дейін соғысқан, түнде қалмақтар ағаш кесіп, ағаштан жал-қорған жасап, тосқауылда отырған, ал қазақтар болса қалмақтардікінен де биік жал-қорған жасап, сол жал-қорғаннан қалмақтарды екі күн атқылаған».
Сібір губернаторына берілген баянхатта оның қазақ ішіне жіберілген арнайы өкілі: «...үшінші күні басқа жақтан тағы да бір жарым мыңдай қалмақ әскері келіп, олардың көшін шапқан, ал қалмақтардың қаншасы немесе олардың қанша адамы өлтірілгенін ол (Құттыбай мырза – Б.Қ.) білмейді», – деп хабарлады.
Тайталас екі күнге созылған. Шайқас Аягөз өзенінің бас жағындағы орманды өңірде өткен. Үшінші күні таң ата көп қалмақ келіп, қазақтарға шабуыл жасады. Қазақ әскері «оларды жаяу атқылады, қалмақтар болса оларға ат үстінен өршелене шабуыл жасады, ал қазақтар оған төтеп бере алмай, қаша жөнелді де, оларды қалмақтар жарты күн қуып, адамдарын қырып тастады».
Сақталған түрлі тарихи құжаттарға қарағанда, сол шайқасқа 3 мыңдай қазақ атысқан. Түнде олардың жартысы өзеннің қалмақтар тұрған жағына өткен, ал келесі күні түсте оларға сегіз жүз адам болатын қалмақтар шабуыл жасап, төрт жүздейін қырып тастаған. Қазақтар өзеннің екі жағына жүктерін тастап, бытырай қашқан. Сөйтіп, «Аягөз өзені маңындағы шайқаста көптеген қазақ сарбаздары қаза тапты»[14].
Ал соғысқа қатысушының естелігінде осы кезең жөнінде былай делінеді: «Бір кезде қалмақтар бізге лап қойды. Олар тұрған бізге қарамай, ілгері кетті. Олардың артынан қазақтар қуды. Бірақ қазақ қолы аз болса да, біз есемізді жібермедік. Екінші жағынан, біздің өзімізде иттифақ болмай, Әбілқайыр ғаскерін бұрын алып кетті. Қайып пен Әбілқайырдың арасының жамандығы қазаққа шығын әкелді. Соғыс осымен бітті»[15].
Алайда Әбілқайыр хан 1718 жылы орыс патшасына жазған хатында мынандай сөздер айтқан еді: «...Мұндағы Қайып хан аман-есен. Мұндағы шеткі ұлыстағы біз де аман-есенбіз. Қалмақтармен соғысқанша, таутекемізді атып, аңымызды ауласақ болар еді. Жөргектегі бала ержеткенше соғыспай, бейбіт, жамандықсыз өтсек деп едік»[16].
«Тәуке ханның кезінде, оның басқаруының соңына қарай, қазақ рулары арасында өзара келіспеушілік пен талас-тартыс басталды», – деп жазды «Қазақтардың орыс бодандығын қабылдауы» жайындағы очеркінде Ресей империясы Торғай облыстық басқармасының аға кеңесшісі И.Крафт. Оның айтуынша, «осы ішкі бұлғақтарды көрші халықтар пайдаланып қалуға» тырысып жатты, ал мұндай бұлғақтардың бой көрсетуіне «Тәукенің тірі кезінің өзінде, шамасы, оның қартаюы себеп болған шығар, оған тең билеушілер етіп Қайып пен Әбілқайырдың хан сайлануы» да сылтау болғандай. Автор хандық биліктің бірнеше тұлға арасына бөлінуі олардың мемлекетті басқаруда басымдық мәнге ие болу үшін түрлі астыртын бәсекелестік пен қастық әрекеттерге итермелеуі ықтимал екенін айта отырып, қазақтарға батыстан еділдік қалмақтардың, солтүстіктен башқұрттар мен сібірлік казактардың, ал шығыстан жоңғарлардың тарпа бас салуларын осы жағдаймен түсіндіргісі келеді[17].
Бүгінгі ғылыми тарих жетістіктерімен таныс біздер ол заманғы саяси құрылымдағы өзгеріс тап осы патша чиновнигі айтқандай себеппен ғана емес, басқа да елеулі жағдайларға байланысты орын алғанын білеміз. XV жүзжылдықтың ортасында негізі қаланып, екі жарым ғасыр бойы қилы шиеленістер мен шапқыншылықтарға төтеп беріп, іргесін кеңейте, бірде әлсіреп, бірде күшейіп отырған қазақ мемлекеттілігі XVІІІ ғасырдың басында жаңа сапаға бет бұрған-ды. Бұл кезде, қалыптасқан ахуалға байланысты, соның ішінде патшалық чиновнигі жоғарыда атаған себептер де бар, Жайықтан Ертіске, Оралдан Алатауға дейін жайылып жатқан алып аумақты басқару ісін оңтайландыру өзекті мәселеге айналған болатын.
Үш қиырдағы үш өлкені бұрынғыша үш наместник тағайындау арқылы билеу оң нәтиже бермеуге айналды. Бірінен бірі алыс жатқан, өзіндік тарихи-саяси, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері жеткіліктің аймақтарды жедел басқару ісін, жағдайға орай шұғыл шешім қабылдау мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін, өз іштерінен халық қалайтын, әскери қолбасшылық қабілеті мойындалған тұлғалардан әміршілер сайлату қажеттігі туды. Сөйтіп әр жүзге жеке хан сайланды, олар жан-жақтан тарпа бас салмақ боп төнген қауіпті дер кезінде сейілтуге сақадай сай тұру үшін керек-тін.
Үш жүздің үш ханы болуы жалпықазақ ханы Тәукенің қолын ұзартты, олардың ешқайсысы да Тәуке-ханның тағына көз алартқан жоқ. Тәуке-хан қайтыс болғаннан кейін де оның орнына жалпықазақ билеушісін сайлау өткізілген емес. Үшеудің біреуі – жасына, сіңірілген еңбегіне қарай аға хан деп танылатын дәстүр қалыптасты. Тәуке дүниеден өткеннен соң ондай лауазым әуелі Қайып-ханда, одан Әбілқайыр-ханда болды. Жоғарыда тілге тиек болған қазақ-қалмақ соғыстарында Әбілқайыр-баһадүр әрі Кіші жүздің ханы, әрі қазақ хандары ішіндегі абыройы асқақ, жолы үлкен, жеке басының қаһармандығымен халық сүйіспеншілігіне бөленген, аға хан ретінде танылған тұлға болатын.
«Енді ойраттардың бар арманы қазақ елінің түстігін түгел басып алу еді. ...хан ордасын алса, барлық қазақ қолымда болады деп қарады», – дейді Қазыбек бек. Ол өз жасағымен «Шамал хан қолын өкшелеп қуа отырып» «ат басын Сайрамға тірегенде» алдарынан Жолбарыс ханның шабарманы шығады... «Біз қаңтарда Шымбасқа келгенде, Шона-Лаузан Асыны (Қазыбек бектің Асы деп отырғаны Түркістан қаласының ежелгі атауы болса керек, оны біздің анықтамалықтарда Йасы деп жазады, әрі ол 1598–1645 жылдары ел басқарған Есім хан кезінен бастап Қазақ хандығының орталығы болды да, Йасы қаласы сол шақтан Түркістан қаласы деп атала бастады[18]. Міне осы ХVI ғасырдан Түркістан аталатын көне қазақ астанасын ХVIІІ ғасыр куәгері неліктен сол кездегіше атамады, тым болмаса, неліктен ескі атымен Йасы деп емес, бұрмалап, Асы деп атады, бұл түсініксіз – Б.Қ.) алған екен, бірақ Әбілқайыр қолды бастап Асыны да, ондағы қалмақ қолындағы 30 ұлыс елді қайтып алған. Көкбарақ батырдың, Балдан жансыздың айтуына қарағанда, ойраттар бар күшін Асы маңына жинамақ, бұл шайқас оларға да, қазаққа да сын болмақ. Осыны білген қазақтар 1104-жылқы жылы Асының түстік шығысында, кейін Ордабасы аталып кеткен жерде, кеңес құрды»[19].
Осы орайда тағы да еске сала кетуге тура келеді, Ордабасы құрылтайы 1726 жылы өткені мәлім. Жоғарыдағы «1104-жылқы жылы» деп көрсетілген «хижралық» мерзім сол христиан жылсанағы бойынша белгілі 1726 жылдан мұсылман календары басталған 622 жылды алып тастаумен, яғни көшірме жасаушы оқиғаны әңгімелеушінің сол заман өкілі екенін «дәлелдей» түсуі үшін, ай календарының ерекшелігін ескермей, қарабайыр жолмен, қолжазбада жоқ, яки онда христианша берілген датаны (1726-ден 622-ні шегеру арқылы: 1726–622=1104) хижраға қолдан қиыстырғаннан кейін ғана пайда болған.
Ал хижраның 1104 жылы қазіргі календарьдың 1693 жылына сәйкес келеді. Егер Қазыбек бек мұсылмандар қолданысындағы нақты күнтізбені пайдаланған болса, онда осынау мұсылманша терең білім алған автор Ордабасы жиынының датасын 1138 жыл деген цифрмен таңбалаған болар еді. Бұл жерде де, өкініштісі, көне қолжазбаны көшірушілердің әлдебірінің әлдебір оймен бұрмалаулар жасауға тырысқаны тағы да анық байқалады.
Ордабасы деген жер – Бадам өзені маңындағы биік қырқа. Осы жерде 1726 жылдың күзінде бүкілқазақ съезі өткізілді. Сол кездерде басқыншы жауға қарсы барлық қазақ руларын біріктіру жөнінде мейлінше белсенді түрде Әбілқайыр хан және оны қостаған сұлтандар мен билер кең саясат жүргізе бастаған. Съезге Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс хандар, сұлтандар, Төле би Әлібекұлы, Қаздауысты Қазыбек би, Әйтеке би бастаған түрлі рудың билері, даңқы шыққан қолбасшылар мен батырлар шақырылған[20].
Оқиғаға тікелей куә болған Шапырашты Қазыбек бектің айтуынша да, «бұған Үш жүздің игі жақсыларының бәрі жиналды». Алайда автордың одан кейінгі мына: «Бұған себепші болған үш басты жыландай үш жаққа қараған хандар да емес, сол кездері ұлық хан саналатын Болат та емес...», – деген сөздері дұрыстығына күмән туғызады. Өйткені бұл кезде «ұлық хан саналатын» – Болат емес, жоғарыда айтқанымыздай, Әбілқайыр болатын, ал Болат 1723 жыл шамасында өмірден өтіп кеткен, әрі онда ұлы хан, аға хан дәрежесі болмаған-ды, ол Орта жүздің ғана ханы еді. Съезге келген хандардың тарихи дәлелденген дерек ретінде «Қазақстан тарихынан» алып жоғарыда келтірілген тізімінде оның есімі жоқтығы да бұған дәлел болса керек.
«Түп-тұқыйаннан өзіме шейін» кітабының авторы Ордабасы жиынын шақыруға себеп болған «қазақтың үш данышпаны Үйсін Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүз Әйтеке би еді», – дейді. «Бұл билерді заманында-ақ осылай атаған. Төлеге үйсінді қосып, Қазыбекке ұруын қоспай, Қаз дауысты деген сөзді қосып айтатын, ал Айтықты Әлімнен шыққан немесе Төртқара демей, Кіші жүз Әйтеке дейтін. Міне, осы үш би Ордабасыға жиналмай тұрып-ақ өздері келісіп нараду тапқан». Бұл мағлұматтарға шүбә келтірмейік, бірақ одан әрігі: «Сөйтіп, жиынды Болат ханға ашқызды. Сөзіне, ісіне қарағанда, Болат хан ел басқаруға лайықсыз, бодалақтап бос ескен арқандай кісі екен. Жігерсіз адам көрінеді маған. Жиынды ол бастағанымен, сөз де, байлам да, бар билік те қазақтың үш биінде болды», – деген сөздер, ол тұста өмірде жоқ ханға Ордабасы құрылтайын ашқызу және оны сыпаттау жайындағы жолдардың тарихи шындыққа сәйкес еместігін дәлелдей түседі.
«Үлкен кеңестің аяғы Әбілқайырды үш жүздің қолына қолбасшы етіп сайлады, – деп жазады Қазыбек бек, – бірақ оны қазақтың бәрінің ханы деп жарияламады»[21].
Осы жерде қазақ билеушілері жайында тарих ғылымында түрлі зерттеулер нәтижесінде дәлелденген деректерді келтіре кету орынды сияқты.
1715 жылы Түркістан қаласында қазақтың ұлы ханы Тәуке қайтыс болды. Бұл қаза жайында Әбілқайыр хан бірінші болып Сібірдегі өкімет орнына хабарлады. Ол сонау қаралы хабар айтқан хатында бұдан былай Тәуке ханның барлық хандар ішіндегі ағалық өкілеттілігі, ұлы хан, аға хан ретіндегі лауазымы Қайып ханға ауысқанын көрсетті. Қайтыс болған Тәуке ханның жоғарғы лауазымына өзінің мұрагер болғанын Тобылдағы Сібір губернаторы М.П. Гагаринге келесі жылы жеке елшілерін жіберген Қайып ханның өзі растады[22].
Тәуке ханнан кейін көп ұзамай, 1717 жылы, Орта жүз билеушілерінің бірі және Икан қаласының қожайыны Тұрсын хан дүние салды. Одан бір жарым жылдай уақыт өткенде, 1718 жылы, аға хан мәртебесіндегі Орта жүзді және Кіші жүздің бір бөлігін билеуші Қайып хан қаза тапты. 1719 жылы Ұлы жүзде Абдолла хан қайтыс болды. Ол көшпенділерді өзінің туған бауыры Қарабақпен бірге басқарып келген еді.
Орта және Ұлы жүздердегі осы билеушілердің өлімінен кейін билікті олардың үлкен ұлдары мирас етті. Олар Әбілқайырға қарағанда, Жошы тұқымдары ішіндегі атақты тұқым бұтақтарына жататын. Сөйтіп, Ұлы жүз тайпаларын 1720 жылдан бастап Абдолла ханның ұлы Жолбарыс хан (1690 – 1740) басқарды. Ол әкесі тәрізді, тұрақты ордасын Ташкентте ұстады, ал жаз жайылымы аймақтың оңтүстік өңірінде, Шыршық пен Арыс өзендерінің алқаптарында, сондай-ақ Ташкент пен Түркістан аралығындағы орындарда болды.
Орта жүз аумағында біраз уақыт 1715 жылдан шамамен 1723-24 жылға дейін Тәуке ханның үлкен ұлы Болат хан билік жүргізді. Ал жоңғар шапқыншылығы басталған уақыттан бастап билікте оның інісі Семеке хан болды (1724 – 1738). Ол шақта Семеке ханға найман мен арғынның біраз рулары, қыпшақтар қарайтын. Ал Тұрсын ханның ұлы Күшік хан (1718 – 1750) найман тайпасының садыр руын басқарып, Қаратауда, Талас пен Арыс өзендері аралығында, Жоңғар хандығына тақау жерлерде және Сайрам қаласы маңында көшіп-қонып жүретін.
Хан лауазымын иеленген жоғарыдағы тұлғалардан басқа, сол ғасырдың 20-шы жылдары Орта жүз бен Кіші жүздің кейбір сұлтандары дала өлкесінде елеулі саяси ықпалға ие болған еді. Бұлардың қатарында Тұрсын ханның екінші ұлы Барақ сұлтан (1750 жылы өлген) болды. Оның басқаруында найманның көпшілік рулары және қоңыраттың бір бөлігі бар-тын. Болат ханның ұлы Әбілмәмбет сұлтан да беделді еді, ол Арғын тайпасының көп бөлімшелерін және найман мен қоңыраттың бірер тобын басқарып жүрген. Уәли сұлтанның ұлы жас Абылай сұлтан (1711 – 1780) да жақсы көзге түскен. Абылай сұлтан ол шақта арғын құрылымы ішіндегі үлкен ру атығайды басқарған-ды. Ал Қайып ханның ұлы Батыр сұлтан (1771 жылы өлген) Кіші жүздің бірқатар руларын басқаратын.
«Қайып пен Әбілқайырдың арасының жамандығы қазаққа шығын әкелді» дейтін Қазыбек бектің пікірін тарихи құжаттар соншалықты растай қоймайды.. Өйткені 1715 – 1718 жылдары Әбілқайыр хан мен Қайып хан Қазан және Тобыл қалаларында отырған Ресей губернаторларымен көптеген мәселелер бойынша хат жазысып тұрған. Сол тұста екі арада жиі-жиі елшілік алмасу тәжірибесі орныққан. Келіссөздердің негізгі тақырыптары екі жақтағы тұтқындарды өзара алмастыру тәртіптерін келісу, қазақтар мен Ресей бодандары – қалмақтар, Жайық және Сібір казактары, башқұрттар – арасындағы әскери қақтығыстарды ретке келтіру, сондай-ақ орыс көпестерінің аймақтағы қазақ халқымен сауда байланысын дамыту үшін қажет оң ахуал жасау және сауда керуендерінің қозғалысын қауіпсіздендіруді қамтамасыз ету мәселелері болатын[23].
Мұндай тікелей байланыстар орнатуға себеп болған жәйттер қатарында Әбілқайырдың 1715 жылы Қазан губерниясындағы башқұрт еліне, башқұрттың қазақ ауылдарына шапқыншылық жасаулары жатқан-тын. 1717 жылы Әбілқайыр хан Қазан губерниясына қарасты коңсылар жерін тағы да шабуылдап, Жайық казактарымен және Жайық маңындағы башқұрттармен ара-қатынасты күрделілендіріп жіберді. Сондықтан да тұтқындарды екі жақты келісіммен азат ету, сауда байланыстарын жандандыру мәселесін шешу зәру әрі өзекті бола түсті. Осындай жағдайды реттеу мақсатымен 1718 жылы Қайып І Петрге мәңгі бітімгершілік пен одақтасуды ұсынған грамота жолдады[24]. 1718–1719 жылдары Тобылда үш қазақ елшілігі болды, сондай-ақ Тобыл мен Қазаннан қазақ хандары Қайып пен Әбілқайырға 1717–1718 жылдары бірнеше елшілік келді[25].
Қайып хан мен Әбілқайыр хан (өзінің қол қойғанына куәлік ететін жеке мөріндегі жазу бойынша – Абу-л-Хайр-бахадур-хан ибн Хаджи-султан[26]) Ресеймен елшілік байланысты тұрақты жағдайға келтіре отырып, сол 1717–1718 жылдары император І Петрмен жоңғарға қарсы әскери-саяси одақ құруға тырысты. Олардың мұндай ниетіне Сібір губернаторы М.П. Гагариннің Тәуке, Қайып, Әбілқайыр хандарға І Петрдің ерік-жігеріне сәйкес жолдаған хаттарында ұдайы жоңғар қонтайшысының жаугершілік жоспарлары ұлан-ғайырлығын айтып, оған төтеп беру үшін орыс үкіметінен қолдаушылық іздегендері дұрыс болмағы жайында ой тастап отыруы себеп болған-ды[27].
Сібір губернаторы Гагариннің қызметінен кері шақырып алынуы, сондай-ақ Тәуке ханның қайтыс болуы, Қайып ханның қаза табуы, одан кейін кең көлемде тұтанған жоңғар-қазақ соғысы саяси сахнаға Кіші жүз ханы Әбілқайыр-баһадүр-ханның айбынды да күрделі тұлғасын жеке-дара алып шықты.
Әбілқайыр-баһадүр-хан ақсүйектер тұқымының кіші бұтағынан еді, бірақ қазақ қоғамындағы хандардың соғыс кездеріндегі әскери жетекші ретінде танылатын әлеуметтік мәні осы билеуші, жаужүрек қолбасшы және саясаткерді шапшаң жоғары көтерді. Ол Қайып хан қайтыс болғаннан соң өзімен замандас қазақ хандары ішіндегі ең жасы үлкені болып қалды. Кемеліне жеткен және тәжірибелі қолбасшы екені бұл кезде әбден мойындалған болатын. Оның үстіне, көшпенді жұрттың танымал ел басы еді. Оның екі әйелі, төрт ұлы, екі қызы, көптеген бауырлары бар-тын. Әлеуметтік мәртебесі өсіп, аға хан ретінде мойындалғандықтан, 1719 жылы Әбілқайыр Арал теңізі маңындағы далаға тіккен ордасынан күллі отбасымен Түркістан қаласына көшті.
Осында, Қазақстанның оңтүстігінде, жоңғар жаулап алушыларының 1723 жылғы шапқыншылығы басталғанға дейін, Ташкентті, Түркістанды және соларға қарайтын калашықтар мен елді мекендерді иеленіп тұрды әрі олардан хан қазынасына белгілі дәрежеде табыс түсіріп отырды. Әбілқайыр ханмен бірге Кіші жүздің бірқатар рулары көшіп келіп, Түркістан шаһарының далалық аймақтарына қоныстанды[28].
[1] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін... – 923–924-бб.
[2] Баспадан//Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. – Алматы, 2008. – 14-6.
[3]Баспадан//Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. –А., 2008. – 15-6.
[4] История Казахской ССР. Т.2. - 289-б.; Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын...– 16-б.
[5] Аныракайский треугольник... –42-б.
[6] Қазақ Совет энциклопедиясы. 4-т. –А., 1974. –201-б.
[7] Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын... – 17-б.
[8] Большой энциклопедический словарь. – Москва, 1994. – 454-б.
[9] Едилханова С.А. Казахско-джунгарские взаимоотнашения в ХVII–ХVIII веках. –А., 2005. –22-б.
[10]Аныракайский треугольник... – 46-б.
[11] Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын... – 17-б.
[12] Қазақстан тарихы. 3-т. – А., 2010. – 127-б.
[13] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. – А., 2008. – 921-6.
[14] Қазақстан тарихы. 3-т. – А., 2010. –127–128-бб.
[15] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. – А., 2008. – 921-6.
[16] Қазақстан тарихы. 3-т. – 127-б.
[17] Из истории казахов. – А., 1999. – 377-б.
[18] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 8-т. – А., 2006. – 575-б.
[19]Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. – 933-6.
[20] Қазақстан тарихы. 3-т. – 138-б.
[21] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. – 933–934-6б.
[22] Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик... – А., 2007. –156-б.
[23] Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик... – А., 2007. –153–157-бб.
[24] Из истории казахов. – А., 1999. – 378-б.
[25] Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик... – 154-б.
[26] Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик. Изд. 3-е, испр. и доп. – А., 2007. –124-б-тен кейін орналастырылған жапсырмалардың 2-бетінде.
[27] Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик... – А., 2007. –155-б.; Из истории казахов. – А., 1999. – 378-б.
[28] Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик.... – 160-б.
Бейбіт Қойшыбаев
(«Рух-Сарай», 5-том, «ҚазАқпарат» баспасы, 2012 ж.)
Жалғасы бар...
Abai.kz