Ұлт руханиятының рухты тұлғасы
Асыл сөз өнерінің құдіретін зерделеп, ана тілдің, ұлттық тіл білімі ғылымының, жалпы алғанда, қазақ руханияты көкжиегінің кеңеюі, келешегінің көркем болуы үшін қызмет етіп жүрген ғибратты ғалым, өнегелі ұстаз, тілші ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Қосымова Гүлбану Сейілбекқызының ғұмыр жолы өнеге мен ізгілікке толы.
Даналық пен парасаттың қайнарынан сусындаған зерделі зерттеуші Г.Қосымованың ғалымдық, ұстаздық, қайраткерлік биік болмысын, сан қырын бір мақалаға арқау етіп, ашып беру мүмкін емес. Қазыналы мекен Ақтөбеден түлеп ұшқан Гүлбану Сейілбекқызы қазақ жоғары білімінің қарашаңырағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (Қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – автор), одан кейін осы оқу орнының аспирантурасын үздікке тәмамдап, ғылым жолына бет бұрады.
1991 жылы «Қазақ эпосындағы фразеологизмдер» тақырыбында кандидаттық, 2003 жылы «Қазақ шешендік өнерінің негіздері және тілдік танымы» тақырыбында докторлық диссертацияларын сәтті қорғайды. Ізденіске толы, қажырлы ғылыми еңбектерінің нәтижесінде 2007 жылы профессоры атағын (бұрынғы ҚР БжҒ министрлігі, ЖАК (Жоғары аттестациялық комиссия) шешімі бойынша – автор) иеленді.
Түркі әлеміндегі жазулар тарихын, латын графикасы рухани жаңғыру баспалдағы екенін тілге тиек етіп, жоғары сана деңгейінде тереңнен түсінген ғалым латын графикасына байланысты қоғамдық ойға қордалы үлес, осы мәселелерге ұдайы үн қосып келеді. Түрлі халықаралық ғылыми конференцияларда латын әліпбиіне ауыстыру мәселесін түрлі аспектіде қарастырып, латын графикасын қолданудың барлық артықшылықтарын айқындады. Ғалымның зерттеу алаңы: қазақ тілі тарихы, түркітаным, шумерология, тарихи лексикология, грамматика, шешендік өнер, академиялық шешендік, педагогикалық риторика, латын әліпбиі сияқты өзекті әрі күрделі тақырыптармен қатар әдістемелік саланы қамтиды.
Қазақ шешендік өнерінің негіздері мен тілдік танымына тереңнен бойлап, сөз өнерінің қадір-қасиетін дәріптеген ғалым: «Ата-бабадан тараған өсиетті, қанатты сөздер бізге күні бүгінге дейін мұра болып жетті. Астарында мәні бар сөз қадірін қазақ халқы бағалаған... Қазіргі өркениетті заманда бірнеше тіл білетін қазақ баласы ана тілін де жетік білуі керек...» деп ұлттың жаны болған ана тіліміздің құндылығын, бүгінгі қоғамдағы айрықша маңызды рөлін көрсетеді.
Гүлбану Сейілбекқызы отансүйгіштік қасиеттерді бастапқы санатқа қойып, рухани құндылықтарды насихаттаған нағыз ұлтының жанашыры. Ата-бабадан тараған ғибратты, қанатты сөздердің өміршеңдігін жоғалтпай, келешек ұрпақты тәрбиелеуде қуатты құрал болатынын насихаттап келеді. Тіл – дүниетаным құралы, тілдің бойында оның арқауын құрап, негізін қалайтын ұлттық рухтың ізін айқындап тұратын рухани күш барын саралады.
Г.Қосымова ұзақ жылдық зерттеуінде шешендік тілдің логикамен байланысын, шешендіктегі сөз бен ұғымды, шешендік танымдағы пайымдаудың рөлін, шешендік сөздің сапалық белгілерін, шешендік сөздің мазмұндылығын, сөздің дәлдігі мен ойдың айқындылығын, тіл тазалығы, тілдің көрнекілігін, қазіргі шешендіктегі сөйлеудің түрлері сияқты тағы басқа әртүрлі тақырыптарды қарастырды. Ғалым халық мұрасының негізгі тетігі саналатын шешендік өнердің қыр-сырын жетік меңгерген жан. Оған ғалым еңбектеріндегі кешенді зерттеулер куәлік береді. Мәселен, сонау шешендік өнердің ғылым ретінде қалыптасуы кезеңдерін, атап айтқанда, ежелгі грек, рим шешендігі, ежелгі Қытайдағы және үнділердегі шешендік сөйлеу әрекеті, Ресейдегі рационалды риториканың қалыптасуынан бастап, қазақ шешендік өнерінің қалыптасуы тарихын ғылыми деректермен зерделеді. Ежелгі түркі шешендігіндегі сөйлеу үлгілері, көне түркі шешендігіндегі сөйлеу тәсілдері, орта ғасыр түркі шешендігіндегі даналық сөздерді теріп, билер шешендігіндегі тапқыр сөздер мен ақын-жыраулар шешендігіндегі көркем тілді кестеледі. Синонимдердің шешендік өнердің маңызды компоненттері екеніне баса назар аударды. Асыл сөзді қастер тұтқан Г. Сейілбекқызы қазақ тіл білімінің қалыптасуы мен даму тарихында ешкімге ұқсамайтын айшықты қолтаңбасын қалдырып келеді.
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Г.Қосымова түркологияның бағыт-бағдарын саралап, тілдің тарихын дәуірлеудің теориялық негіздерін жан-жақты зерделеді. Оның зерттеу нысанына шумерология және түркітаным мәселелері, түркітану ғылымының қалыптасу тарихы, түркі тілдерінің даму кезендері және қазақ тіліне қатысы, шумер мәдениеті мен жазу түрлері, түркі тілдерінің негізгі ерекшеліктерін сипаттайтын заңдылықтар мен тілдік құбылыстар жайлы түсінік, Алтай тілдер теориясы, тарихи атаулардың танымдық мәні, көне түркі тіліндегі атаулардың семантикалық даму жолы, ежелгі тілдермен түркі тілдерінің байланысы жатады.
Адамзат өркениетіндегі түркі мәдениетінің орнын теориялық тұрғыдан негіздейтін әлемдік гуманитарлық ғылымдар жүйесінің басты бөлігі-түркітаным екендігі ақиқат. Бұл әлемдік мәдениеттің алтын тұғырына айналып, адамзат тарихында сүбелі орын алатын түркітаным мәселелері дегдар ғалымды бейжай қалдырмай, сан жылдық ғылыми ізденістеріне арқау болды. Ізденімпаз, жаңашыл ғалымның төккен тері, түркі дүниесінің қарыштап дамуына қосқан зор үлесі лайықты құрметке ие болды.
2017 жылды түрік бауырластар «Түрік тілі жылы» деп жариялағанын білеміз. Осыған орай, аталмыш жылдың мамыр айының 21–27 жұлдызы аралығында Түркияның Анкара қаласында Түркі ұлыстарының VIII Құрылтайы өтті. Оған отыздан астам елден үш жүзге жуық ғалымдар қатысып, ғылыми мәні терең баяндамалар жасады. Халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шараға қатысқан оншақты ғалым Түркия елінің Президенті Реджеп Тайып Эродганның қолынан «Түркі ұлыстарының тілін дамытуға сіңірген еңбегі үшін» марапатын алды. Олардың арасында Түркия, Англия, Германия, Оңтүстік Корея, Әзірбайжан және Қырғызстан ғалымдары бар. Қазақстаннан осы марапатты Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, тілші ғалым Г.Қосымованың иеленгенін құрметпен әрі мақтаныш сезіммен атап өткім келеді. Бұдан бөлек мемлекеттік бірнеше марапаттардың да иесі. Атап айтсақ, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР «ЖОО-ның Үздік оқытушысы» (2007), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Үздік оқытушысы» (2013), «Ғылым мен білімге сіңірген айрықша еңбегі үшін» (2016), «Ы.Алтынсарин» атындағы (2017) төсбелгілердің иегері. Мұндай құрмет, марапаттарға адал, қажырлы еңбек пен табанды ізденістердің нәтижесінде қол жеткізді. Бұл хәкім Абай айтқандай, «ғиззат-құрметтің өзі іздеп тапқанының» нақты дәлелі деп білеміз.
Ғалымның «Қазақ тілінің қуат көзі – латын әліпбиі» атты ғылыми әлеуеті жоғары, мәні терең бағдарламалық зерттеуі бүгінгі қоғамның сұранысына жауап беретін құндылық. Сонымен қатар профессор «Сөз киесі» бағдарламасына үнемі сұхбат беріп, қоғамдағы көкейтесті мәселелер төңірегінде келелі пікір білдіріп, осындай қордаланған өзекті мәселелердің шешімін табуына үлесін қосып, бағыт-бағдар беріп, атсалысып отырады.
Ұлағатты ұстаз ретінде білім берудің барлық деңгейінде (бакалавр, магистратура, докторантура) дәріс беріп, шәкірттерін ұстаздық пен ғылым жолына даярлау үстінде. Ғалымның мақсаты – қазақ ғылымының өркендеп тамыр жайып, әлемдік бәсекеде тең дәрежеде иық тірестіріп тұра алатын білімді, білікті маман, тұлғалар тәрбиелеу. Профессор Г.Қосымованың жетекшілігімен бірнеше шәкірттері кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғап, PhD докторы дәрежелерін иеленді.
Ғалымның ғылыми-әдістемелік қызметі жемісті жетістіктерге толы. Г.Қосымованың екі жүзден астам ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы. Жақын және алыс шет елдерде өткізіліп тұратын ғылыми іс-шараларға (құрылтай, симпозиум, конгресс, халықаралық ғылыми конференцияларға) белсене қатысып тұрады. Шетелдік ғалымдармен бірлесіп жазған үш ұжымдық монографияның авторларының бірі. Жоғары оқу орнына арналған бірнеше оқу құралдарының («Қазақ тілінің тарихы, 2007», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы, 2013», «Тілдің тарихын дәуірлеудің теориялық негіздері, 2015», «Шешендік өнердің негіздері, 2018», «Тарихи атаулардың этимологиясы, 2018», сондай-ақ Жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы бойынша жазылған «Қазақ тілі» (5 және 7 сыныптар); «Қазақ тілі мен әдебиеті» (6, 8, 9, 10, 11сыныптар) оқулықтары мен «Әдістемелік құралдардың» (мұғалімдерге арналған) авторы.
Саналы ғұмырында сәулелі шуақ шашып, нәзік жанына осыншама ғылымның ауыр жүгін арқалап, әрқилы қырын сан салада зерделеген профессор өз мамандығының майталманы. Қашан көрсеңіз де шабыттанып, шаршамай ұлттық, мемлекеттік, қоғамдық мәні зор іс-шаралар мен бастамалардың бастапқы сапындағы болмыс иесі. Сөзінен бұрын, ісі алдында жүретін ізденімпаздығына, өткірлігі, табандылығы мен тапқырлығына, үнемі сергек сана биігіндегі жаңашылдығына таңдай қағып, таң қаласыз. Ұлтының, руханиятының жанашыры, жүрегі елім деп соғатын халқымыздың маңдайалды қыздары Гүлбану Сейілбекқызындай болса керек-ті.
Тілші ғалымның ғылыми, қоғамдық, азаматтық бағдарлы жолының айшықты мақсаты – туған тіліміздің өркен жайып дамуы, мәртебесінің асқақтауы. Осындай ұлы мұрат жолындағы еңбегі үшін 2023 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің тарапынан «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Табиғаттың өзгермейтін заңына бұр бетіңді,
Қай кезде де туған тілің, туған анаң секілді.
Бабалардың арманы бар мына қызыл гүлдерде
Олар елін, тілін қорғап жанын қиған бұл жерде..., деп ақын М.Шаханов жырлағандай, «Қай кезде де туған тілің, туған анаң секілді» деген өмірлік асыл қағиданы адами биіктік, ұстаздық, ғалымдық жолының негізгі темірқазығы ретінде ұстанған Г.Сейілбекқызының ғибратты ғұмыры қоғамға, жас буынға тағылым. Г.Қосымованы көрнекті ғалым ретінде ғана емес, ең алдымен, халқына жанашыр, қоғамдағы түрлі өзекті мәселелерді көтеріп, олардың оң шешімін табуына әрдайым мұрындық болып, атсалысып жүретін ұлттық мұраттың иесі болған тұлға ретінде білеміз әрі құрметтейміз.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деген тамаша тәмсіл мақала кейіпкері болған ғалым, ұстазға арналғандай. Тілші ғалым Г.Сейілбекқызы айналасындағы жандардың жүректерін жылы сөздерімен шуаққа бөлеп, рухты сөздерімен жігерлендіріп, қайрап жүретін рухты болмыс иесі.
Тілші ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Қосымова Гүлбану Сейілбекқызындай кең жүректі ұлағатты ұстаз, парасатты ғалым, берісі ұлтының, арысы түркі әлемінің игілігі үшін қызмет етіп жүрген ұлт рухының рухты өкілін әрдайым мақтан тұтамыз әрі бұл тұлғамен мақтанамыз!
Д.Мұхамадиев,
филология ғылымдарының кандидаты
Abai.kz