Көктоғай қозғалысын Оспан мен Ырысқан бастаған жоқ...
Ғазез Ақытұлы 1924 жылы 18-сәуірде Көктоғай ауданының Шәкүрті деген жерінде ғұлама ақын Ақыт Үлімжіұлының отбасында дүниеге келген. 1937 жылдан 1938 жылға дейін Ақыт қажыдан діни сауат алып, 1946 жылға дейін өздігінен құлшына үйренудің арқасында ғылыми жақтан толық орта мектеп дәрежесіне, ал діни жақтан жоғары мағлұматқа ие болады. Ғ.Ақытұлы 1938 жылдан 1950 жылға дейін ауылда бала оқытып, 1950 жылдан 1958 жылға дейін Көктоғай аудандық Мәдениет – оқу-ағарту бөлімінің басшылық міндетін атқарады. 1981 жылдан 1994 жылға дейін Көктоғай ауданы Саяси маслихаттың орынбасар төрағасы болып істеген. 1994 жылы зейнет демалысына шыққан.
Тұсау кесер өлеңдері есептелетін «Қамалды бұзған қайратты ер», «Есіл ер туралы жыр» қатарлы өлеңдері 1940 жылдары жазылса да баспа бетін көрмей, тек «Кеше кемдік, бүгін теңдік» деген өлеңі 1951 жылы, «Тіл жазу ғылыми жиынының қарарын қорғайық» деген мақаласы 1955 жылы қатысты басылымдарда жарық көреді. Қаламгер содан былайғы жерде поэзия, ғылыми зерттеу, аударма салаларында тынбай еңбектенеді. Оның «Салтанат» атты көлемді тарихи дастан және «Ән тербеген жүрек», «Ескі көз» қатарлы жүзге тарта өлең, толғауы жариялаған. Ақынның «Сарқыт» атты жинағы 2001 жылы Іле халық баспасынан жарық көреді.
Әдеби жасампаздықпен қоса ғылыми, тарих зерттеу істеріне де белсене араласқан қаламгер «Араб тілі мен қазақ тілінің ара қатнасы туралы», «Отбасынан басталып ортаға кеңейген Абай мектебі», «Ұмытпаймыз сені Асаға», «Әкем Ақытқа қатысты деректемелер» қатарлы он неше ғылыми мақаласы мен естелік, естемелерін жазып жариялаған. «Ақыт Үлімжіұлы» атты тарихи эссесі 2000 жылы Бейжіңдегі Ұлттар баспасы жағынан арнаулы кітап болып басылып шығады. Көрнекті діни қайраткер болу салауатымен ертеде-ақ діни қағидаларға, діндегі ғылыми негіздерге ерекше ден қойған қаламгер інісі Мақаш Ақытұлымен бірлесіп «Құран кәрімді» аударады. Ғазез Ақытұлы 2012 жылы 12-маусымда 90 жасында өмірден озған.
Бүгін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған Ғазез Ақытұлының «Көктоғай қозғалысы туралы» мақаласы, Қытай Саяси маслихат кеңесі Іле қазақ автономиялы облыстық комитетінің тарихи матриал зерттеу комитеті шығаратын «Іле тарихи материалдар» (ішкі жақта таратылатын) журналда (.№3, 1987 ж. 70-беттен, 96-бетке дейін) жарияланған екен. Мақалада айтылған кейбір тарихи деректерге сүйене отырып, біз мақаланың тақырыбын жоғарғыдай өзгертіп қойдық.
Көктоғай қозғалысы туралы
Байқасаң тарих – мұқит, өмір – толқын,
Тарихтың қазынасы сонша мол тым.
Жөңкіліп толқын болып өмір ақса,
Ұрланып кетер бірге жыл, ай, күн, түн.
Кіріспе
1. Бұл материалды бастан-аяқ осы ортада болғандығымнан көрген-білгендерім негізінде, басы қасында болмаған ақуалдарды нақ көрген-білгендерден ұғысу (ұғысқандарым оншалықты көп емес) негізінде, дәл табиғи қалпы бойынша жазып отырмын. Өйткені, бұл тарихи іс. Тарих шындықты негіз етеді, романтикалауды, өңдеуді, түс беруді көтермейді. Сондықтан, болымысты уақыт, орын, адам фактілері бойынша ортаға қоймақпын.
2. 1940 жылғы Көктоғай қозғалысы туралы ел аузында түрліше аңыз бар. Біреулер оны "бандылық әрекет" десе, енді біреулер "төңкерістік қимыл" деседі. Бір қозғалысы біреулер Есімқан бастаған десе, біреулер Ырысқан бастаған дейді. Оспан бастаған дейтіндер де бар. Сондықтан, осы қозғалыстың тарихи барысымен егдей-тегжейлі танысу керек деп ойлаймын әрі осы мәселеге тоқталамын.
3. Бұл жазғандарым қозғалыстың сыртқы көлеміне жасаған шолу ғана, нақты айқастарға, жеке адамдардың ерлік, ерекшеліктеріне бір-бірлеп тоқтала алмадым. Тоқталуға да қабілетім төмен, өмірім шекті, игерген материалдарым тым тапшы. Солайда, бұл жазғандарым қозғалыстық жалпы ауқымынан біршама құнды деректер береді деп сенемін. Мен бұл материалды төмендегі тоғыз тақырыпқа бөліп жаздым.
Қозғалыс алдындағы қоғамдық жағдай
Шынында Жин Шурын үкіметі құлағаннан кейін, 1933 жылы Шың Шысай билік басында отырды. "Қой терісін жамылған қасқыр" – Шың Шысай алғашында өз табиғатын бүркемелеп, біршама жақсы істер істеді. Айтайық, бірде-бір ғылыми мектебі жоқ аз ұлттарға алғашқы адымда жаппай бастауыш мектеп аштырып, аз ұлттардың оқу-ағарту ісіне мән берді. Аз ұлттардың орта, жоғары мектептерге оқушы жіберіп тәрбиелетті. Үрімжіде, Іледе, Қашқарда орта дәрежелі мектептер аштырды. Аз ұлттардың (ұйғыр, қазақ, қырғыз, моңғол) мәдени, ағарту ұйымдарын ұйымдастыртты. Іле – Үрімжі, Қашқар – Үрімжі тас жолдарын салғызды. Осы кезде Шынжаңдағы аз ұлт зиялылары болашақтан үміт күтіп, мәдени, ағарту істерін дамытуға күш сала ұмтылады. Сол кездегі ұлт қамын ойлайтын осындай зиялылардың Алтайдағы көрінекті өкілі, Шәріпқан Жеңісқанұлы Көгедайев еді.
Бірақ, кейінгі кезде Шың Шысай өзінің ежелгі тегін әшкерелеп, жыртқыштық табиғиғатына басып, Шынжаңдағы аз ұлт халықтарына рақымсыз саясат қолданады. Аз ұлттардың көзі ашық адамдарын жазықсыз тұтқындап, нендей бір "Жапон жиянгерлігінің құйыршығы" деген сылтаумен ат қойып, айдар тағып, оларға жалған дело тұрғызды. Ол кезде аз ұлт халықтары Жапон жиянгерлігінің не екенін де білмеуші еді. Жендеттігі қозған Шың Шысай ақырында аз ұлттардың көптеген зиялылары мен беделділерін қойша көгендеп, түйеше матап, олардың аузында мақта тығып, дағарға салып, аузын буып тірідей көму, ұра қаздырып, ұраға итеріп түсіріп көміп тастау, токке ұстау, ұрып-соғу қатарлы жантүршігерлік, фашистік тәсілмен азаптап өлтіртті. Ел ішіндегі қару-жарақты қидай сыпыртып алғанмен қоймай, құрал-жарақты адақтау сылтауымен халықты қан қақсатты. Құрал жоқ деген адам жазалы болып қолға алынды. Сондықтан, бұл таңертең бар адамның кешкі өміріне, кешқұрым бар адамның ертеңгі өміріне көзі жетпейтін, бір шыны суды да күрсінусіз іше алмайтын, дүбір шықса үрейі ұшатын, жан біткеннің бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұратын мүшкіл кезі еді. Бұл кез фонтанша атылғалы тұрған Көктоғай қозғалысына жүкті болатын. Демек, Шың Шысайдың террорлық саясатына қарсы шаралар көтерілістің толғағы да пысып жетілген-ді.
Қозғалыс туылудағы нақты себептер және қозғалыстың басталу жағдайы
1. 1938 жылы Шың Шысай ең алдымен Алтайдан Мәнкей Мәмиұлы, Қалел Бітімішұлы, Шабдан Әбдікерімұлы, Кәрім, Сәлім, Қамбар сияқты ұлт беделділерін ұстады. 1939 жылы күзде Үрімжідегі моңғол, қазақ, қырғыз құрылтайына шақырған болып бүкіл Алтайдағы ел басшыларын ұстады. Бұл айтылуда "құрылтай" делінгенімен, іс жүзінде адам ұстауға құрылған тор болды. 1939 жылы 11-айда осы "құрылтайға" бара алмай қалған Шіңгіл ауданынындағы ру біліктілерінен Баянбай, Байқадам, Дөнен, Бөкейқан, Сақсайбай, Жақсыбай қатарлы адамдар үйлерінен ұстап әкетілді. Осыған дейін Көктоғай мен Шінгілдегі көкірегін кең керінеген халықтық "ықы демі" ішінде еді.
Осының артынан, алдында Үрімжіге шақырылғанда ауру жағдайымен бара алмай қалған 71 жастағы Ақыт қажы Көктоғайдың Шәкүрті деген жеріндегі үйінен, баласы Қалман Көктоғайға шақыртумен бара жатқан жолында Қаратүңкеден ұстап әкетіледі. Ақыт сол кезде ел ішінде ең абыройлы адам еді. Ақыт ұсталған күн жұма күні болып, Ақытты ұстауға келген әскерлер жұмалыққа жиналған адамдарды мешітке қамап алады. Осы жамағаттың арасында Ақытпен құрдас Айтуған молқы Иманбай деген шал бар еді. Есімқан осы Иманбайдың баласы болатын. Ақыттың ұсталарын білген Иманбай мешіттегі адамдарды "Алла дейтін жамағат" деп Ақытты қорғап қалуға бастап, орнынан ұшып тұрады. Көпшілік те орындарынан дүр етіп ұшып-ұшып тұрады. Осы кезде Қайып молқы Нұрпейіс деген адам "Көпшілік, қолымызда темірдің сынығы да жоқ. Ақ қар, көк мұзда бір кісі үшін қырыламыз ба?" – деп айқайлайды. Бұрын бүлік көрмеген ел сынапша толқып барып тағы тойтарылып қалады. Сонымен, түс ауа Ақыт ұсталып, Шәкүртіден Өндірқараға (Үліңгір өзенін бойлап) қарай алып жүріледі. Мешітке қамалған жамағаттан бағанағы Иманбай шал атына мініп, құлдай шауып келіп Өндірқарадағы баласы Есімқанға (Есімқан Айтуған молқының ру басшысы болатын) және өзінің сөзі өтетін адамдарға хабарлайды. Нәтижеде Есімқан бастаған 60 дай адам Ақытты алып қалу үшін түнімен қамданады. Есет молқы Шәти деген шал: "Бір кісі үшін қыс ішінде ел қырылар, тоқтаңдар", – деп басу айтады. Бастан көп іс өтпеген момын ел, бірі ары тартса, бірі бері тартып, түйткілсіп қалады. Осы кезде "бүлік" тудыру мақсатында болып жүрген Есімқан бастаған 60 дай адамның тізімдігі тыңшылар жағынан Сақшы мекемесіне және ел ішіндегі қару-жарақ "жиушылар" үйірмесіне мәлімденіп те болады.
Ақыттың ұсталғанына 10 күн өтпей, Керім деген ұйғұр және Иора деген ханзу (орыстан әйел алғандықтан солай аталған, ханзуша аты Жушанжың) сақшылар келіп Ақыттың 800-ден артық кітабын, құранын және жазба өлеңдер жинағын мұсадыралап 3 түйеге артып алып кетеді. Мұның артынан Есімқан бастаған "бүлік" жоспарлаушылар да қолға алынуға айналады.
2. Осы жағдайды алдын ала сезген Есімқан жаудан бұрын қимылдап, алдымен сол кезде ел ішінен тыңшы тәрбиелеп жүрген Керім, Жақып (бұл екеуі Ақытты ұстап, үйін мұсадыралауға мұрындық болған) деген екі ұйғұр сақшыны Айтуған молқы ішіне сіңген әрі қазақтан қыз алған Барат деген ұйғырдың үйінен ұстап алып, байлап қояды да, жоғары-төмен адам жүргізбей, жан-жаққа қатынайтын "тілді" кесіп тастайды. Сол күні түнде 20-30 дай адам топтап, Зағобадағы Есет молқы Оқан деген зәңгінің үйіне қонып жатқан Көктоғай әкімі Шүй Ырлин және Үрімжіден келген Жуиюанжаң дейтін адам бастаған 7 адамдық қызмет группасындағыларды 1940 жылы ақпанның 1-күні түнгі сағат 3 мөлшерінде құр қолмен ұстап, өлтіріп, олардың қару-жарағын олжаға түсіреді. Бұлар кележатқанда Оқанның ұлы Тәбітай мен әкімнің шабарманы Қамиланға кезігіп қалып, оларды өздеріне еріксіз қосып алады да, Оқанның есігіндегі қабаған итін Тәбітайға ұстатып қояды. Сөйтіп, олар үйге кірерде ит үрмей қалады. Жоғарыдағы сегізінің ішінен 18 жастағы Қыранбай деген қазақ бала ғана тірі қалады. Өлген алтауынан Шүй Ырлин ғана жан мылтықпен бір тал оқ шығарады. Екінші оқты шығарғанша Қапас Тіркесұлы, Еңсеген Шағалақұлы қатарлы 2-3 жігіт оны бассалып, тырп еткізбей байлап алады. Соның арасында сырттан кірген жігіттер оны далаға сүйреп шығып өлтіріп те болады. Ал басқалары тиіттей де қарсыласа алмай, үрейленіп өздіктерінен құлай береді. "Бүлік" туа салысымен Есімқан Шіңгілдегі шақабай руының басшысы Ырысқанға, молқы руынан Зәтелбайға Шағалақ деген ауыл басын астыртын жібереді, Нүсіпбай Медібайұлын Қарабұлғындағы қарақас руының белдісі Ақтекеге аттандырады. Нүсіпбай Қарабұлғынға барысымен Ақткені және Сәйіп Қалелұлын қолға алғалы Сарноғай атты қазақ бастаған бірнеше сақшы да келе қалады. Нүсіпбайдан мән-жайды ұққан Ақтеке, Сәйіптер Сарноғай бастаған үш адамды сол арада өлтіріп, Есімқанмен ұштасады. Бұл жолғы қимылға бірінші болып қоян-қолтық араласқан Сәйіп Қалелұлы болды. Сонымен, "бүлік" атанған бұл қозғалыс, ілезде-ақ мұқым Көктоғай елін шарпиды. Қысылып тұрған жалпақ ел "қыл бүлдіргесіне қас қылмағанда осыншалық жауыздық істеген Шың Шысай үкіметі адамын өлтіріп, құралын тартып алғанда оңдырма? Онанда "не көру, не өлу" деп қотарыла қозғалды. Нәтижеде Қарабұлғын, Сартоғай аралығындағы Көтоғай елі, Шіңгілдегі көп санды ел бұл қозғалысқа түгелдей қатнасады.
Демек, Көктоғайда ең алғаш қозғалыс бастаған Оспан да, Ырысқан да емес, тек Есімқан Иманбайұлы, қосымша Ақтеке би. Сондықтан, Есімқанның туған жері – Өндірқарадағы ел аузында сол кезде Есімқанды жоқтап жазған кейбір жоқтаулардан мынандай үзінділер сақталуда:
"Қайраты қайтпас болаттай,
Дұшпанын кеткен оңалтпай.
Қаруы тасты қақ жарған,
Халқына жауды жолатпай.
Қамалды бұзған қайран ер,
Ажалың кетті-ау оралтбай!
Көтеріліс жасадың,
Бастап шығып еліңді.
Жер қаптырып жауыңды,
Шәннің[1] басы бөлінді.
Аудандық үкіметке, қоғам қауіпсіздігін сақтау мекемесіне жасалған шабуыл және Сүлеймен батыр
Көктоғай әкімі өлтірілген кезде жоғарыда айтылған Керім, Жақыптар ел ішінен бір қанша ұсақ тыңшы тәрбиелейді. Бұл тыңшылардың көбі басшылары Керім, Жақыптар өлтірілісімен қозғалысшы халық жағынан қолға түседі. Соладың арасында шеруші руынан Сүлеймен, Әубәкір деген екі адам болады. Осы аралықта қозғалған халық бір қарарға келіп, қолына найза, шоқпарын алып, партизандық соғыспен Көктоғайдағы аудандық үкімет пен Қоғам қауіпсіздік сақтау мекемесін алуға бел байлайды. Өйткені бұл екі орын алынса, біріншіден, аудан негізінен азат етіледі, өріс кеңейеді. Екіншіден, қолға түсетін құрал-жарақтармен жасақтар қаруланады. Сонымен, Есімқан, Ақтекелер бастаған 200 дей партизан ақ қар, көк мұзды қыс ішінде Көктоғайға аттанады. Дәл осы кезде "барлық күш Көктоғай Қоғам қауіпсіздігін сақтау мекемесінде, мен оның ішкі сырына қанықпын, сондықтан партизанды мен бастап барамын" деп талап қояды қолға түскен Сүлеймен. Бірақ, қозғалысшылар (мұнан былайғы жерде тілге жеңіл болсын үшін халық жағы "қозғалысшылар" деп жазылады) оны сеніп жібере қоймайды. Нәтижеде Көктоғайға барған партизандар аудандық үкіметі алғанымен, біріншіден, онда қару-жарақ мол, Көктоғай Қоғам қауіпсіздігін сақтау мекемесін ала алмайды. Партизандардан Мәуя, Сатыш, Қарас Қобдабайұлы құрбан болады. Партизандар Көктоғайдан сәтсіз оралғанда, Шың Шысайдың Шіңгіл мен Моңғолия шекарасында тұратын Ырысбек бастаған шекара қорғаныс атреті (биянчадүй) қозғалысты тұншықтыра салмақ болып, 200 дей адамымен Бұлғынды құлдап келіп қалады. Қозғалысшылар аттарын жаңалап олардың алдынан шығуға қамданады. Осы кезде бағанағы Сүлеймен: "Жауға барып ел кегін аламын, күнәмді жуамын, қоя беріңдер мені, өлсем шаһид, өлтірсем ғазы боламын", – деп тұрып алады. Есімқан мен Ақтеке оған рұқсат етеді де, босатып қоя беріп, әрекетін сырттай бақыламақ болады. Сөйтіп, қозғалысшылар Сартоғайдағы шақабай руының тәйжісі Нәзірдің қыстауы маңында, Жаушоқы деген жерде шекара қорғаныс атретінің 200 ге тарта адамымен айқасады. Өз талабы бойынша астына ат, қолына мылтық берілген Сүлеймен бір қысаңнан тосып, әбден таяп келгенде жаудың 20 неше адамын санап отырып атып, жайратып салады. Алды оққа ұшқан жау жалт беріп қашқанда, "қашқан жауға қатын би" дегендей, қозғалысшылар қуа соғып, найза, шоқпармен жаудың 50-60 адамын өлтіріп, 80 түйе жүгін, 50 дей мылтығын олжаға түсіреді. Осы соғыста Шіңгіл шақабайынан шыққан Мұса Тұрықбайұлы да өзінің мергендімен көзге түседі. Сүлеймен тегінде қыста шаңғы мініп таудан тиін атса, Мұса ойдан қарақұйрық, бөкен атып дағдыланған мергендер еді. Осы,жолы қозғалысшылар жағынан Түркістан Зәмбіұлы, Ыбырайқан деген екі жігіт оққа ұшып құрбан болады да, басқадай ұлықаусар шығын болмайды. Бұрын "шпион" атанған Сүлеймен содан бастап "батыр Сүлеймен", Мұса "мерген Мұса" атанады. Сүлеймен беттеген жақтағы жау қасқыртиген қойдай болады да қалады. 1940 жылғы атағы жер жарған Сүлеймен батыр мен Мұса мерген, міне, осы адамдар.
Шағанірге, Моншық, Бұлғын айқастары, Қаптық сапары, Теректі Арғылтай арпалысы
Жоғарыдағы Сүлеймен, Мұса бастаған Сартоғай айқасынан кейін, ел жүрегі тағы да ерлене түсті. Бірақ ақ қар, көк мұза қатын-қалаш, бала-шағасымен қозғалған ел барар жер, басар тау таба алмай, Үліңгір өзенін өрлеп, Сартоғайды, Шағанірнені, Моншықты басып, Бұлғынға дейін көшіп барады. Осы кезде Шың Шысайдың осызаманғы қарулармен қаруланған ресіми атты әскері көшкін елге оңтүстік бүйірден келіп айқасады да тұрады. Енді бір жағынан, оларды аспаннан аэроплан келіп пулеметпен, бомбымен атқылайды.
Мұның біріншісі – Шағанірге айқасы. Бұл жаудың аспаннан да, жерден де күштеп келген кезі болатын, бұл кезде жауға қарсы ақыл құрайтын Есімқан, Ырысқан, Ақтеке сияқты басшылар қатары қалыптаса бастады. Сүлеймен, Мұса бастаған батырлар бір жағынан қылп еткенін ұшырып, жауды бас көтертпей атқыласа, тағы бір жақтан мылтықсыз партизандар қолдарына найза, шоқпар алып айқасады. Бұл айқасқа Шың Шысайдың белді әскери ақылшысы – "сары атты Жаукен" деген чамбас орыс қолына жалаңаш қылыш алып қозғалысшылармен қоян-қолтық араласады. Жасы елуден асқан Қабанбай молқы Нұрсал деген шал оны бос мойын шоқпармен ұрып өлтіріп, астындағы атын, мойнындағы құралын алады. Шың Шысай жақ оның атын атап, аэропланмен қағаз тастап, тірі болса қайтарып беруді неше рет талап етеді. Қозғалысшылар жақтан аэроплан бомбысынан қаза тапқан бірер-саран шал-шақпыт, қатын, баладан басқа үлкен шығын болмайды.
Екінші – Моншық айқасы. Бұл жолы мидай тақырда аспаннан аэроплан, жерден атты жау атқылап, қатын-балаға тисуге айналғанда, бір жақтан мергендер тағы да алғашқы әдіспен бас көтертпей, атқылап, біржақтан партизандар құр қол айқасады. Сөйтіп, жаудың бетін қайтарып, бірқанша мылтық, 30-40 ертоқымды ат, бірнеше пулемет олжаға түсіреді. Осы жолғы қоян-қолтық айқаста жауға қарсы шапқан Зәтелбай, Ноғайбай, Тоғыз, Дағыстан қатарлы жеті адам оққа ұшып ерлікпен құрбан болады. Бұлар алдыңғы реткі айқастарда, жауға шабуылдауда да, жұршылықты ұйымдастыруда да жұрт көзіне түскендер еді. Сондықтан олардың қазасы өз отбасыларына ғана емес, бүкіл халыққа ауыр қайғы болып сезінеді.
Үшіншісі – Бұлғын айқасы және Қаптық сапары. Бұл жолы жазумен батыл айқасса да елдің алды сыртқы Моңғолияға таяп қалады. Сыртқы Моңғолия әскер шығарып, келе жатқан елді атқылатады. Сонымен екі жаудың ортасында қыспақта қалған елдің қатын-баласы жау қолына түседі де, азаматтар ел алдынан қойылған өрттен қашып шығып, сыртта партизандық соғыс жүргіздеді. Бұлардың дені (мөлшерімен мыңдай адам) Балтікке, Қаптыққа шығып кетеді. Бұлардың арасында Есімқан, Ақтеке, Ырысқан, Мұса мергендер бар еді. Сол кезде он жастағы мен де ағаларыммен бірге осылардың ішінде кеткен болатынмын. Қатын-балалармен бірге қалған Татай Қалымұлы, Шағалақ, Шәти, Еңсеген, Мысырқан, Масайт, Қасен зәңгі (Айтуған), Қабдылбақы, Тоқтамұрат қатарлыларды Шың Шысай үкіметінің адамдары ұстап әкетеді. Қақыш зәңгі, Шінгілбай, Шәкер билерді Моңғолия қолға түсіреді. Шәкер би нақ майданда қарсыласып жүріп құрбан болады. Ал, Сүлеймен бастаған шеруші руының жүздей адамы өзен сағалап, із жасырып, Сартоғай, Шәкүрті жақта қалып қояды да, негізгі жау Бәйтікке, Қаптыққа шыққан көп сүрдектің соңына түсіп, соларды қуып кетеді. Бұл сапарда Бәйтік жаққа шыққандар жаумен қаша жүріп соғысып, алды Қаптыққа дейін барады. Күндіз аэроплан бомбысынан қорғанып, тау-тасқа тығылумен болып, түнде ғана жол жүруге тура келгендіктен, екінші жақтан ат арып, азық таусылғандықтан, аштық пен ұйқының, шаршап-шалдыққан жаяулықтың азабын бірдей меңдетіп, қозғалысшылар қатты қиналады. Сонымен бұлар Есімқан, Ырысқан, Ақтекелердің бастауымен Қаптықтан Бәйтікке қайта оралады. Осындай жағдайда, сыртқы Моңғолияның Қытай шекарасына өткен 30 дай әскері Жағышынши деген жерде қозғалысшылардың алдын тосады. Мұса мерген бастаған бірқанша жасақ олардың алдынан қарсы шығып, от қою, қоршап алып атқылау жолымен түгелдей қырып тастайды. Ең соңында жасырынып қалған біреуі Мұсаны түрегеліп айқайлай бергенде атып жібереді де, ардагер Мұса сол жерде ерлікпен құрбан болады. Қозғалысшылар Бәйтіктің кіші Қарағайты деген сыбызғыдай сайында қалың жаудың қамалауында қалып, аспаннан бір жолда жеті аэроплан келіп бомбылайды. Ақтеке би, Ақанай Ақытұлы, Сәйіп Қалелұлы аэроплан оғынан жараланады. Екі адам өледі, осындай мүшкіл жағдайда, Есімқан, Ырысқан бастаған қозғалысшылар аспан мен жерден бірдей тоғысқан қоршаудан сытылып шығып, жаудың екі аралықтағы Дабысын деген жердегі күшті әскери базасынан көктей өтіп, Армантыға келеді. Марқұм Ақтеке дәл осы күнгі жорықта іштей тиген оқтың ауыр зардабынан ат үстінде жан үзеді. Бірақ ол жан тәсілім болғанға дейін қыңқ еткен үн шығармайды. "Түсіріп демалдырайық па?" деген адамдарға: "Маған бола жауда қалмаңда, тоқтамай тарта беріңдер" деген бір ауыз тілге ғана келеді. Осындай қайратты да қарт басшының сүйегін жолда қалдыруға қимаған қозғалысшылар осынау бір аттың жалы, түйенің қомы, қылыштың жүзі, найзаның ұшы дегендей жағдайда, оны Сартоғайдағы туыстарының қабырстандығына әкеліп жерлейді. Ақтеке би мен Мұса мергеннің өлімі ел арқасына аяздай батады, сонымен Алтайға қайтадан беттеген босқындар Сартоғайдан Шәкүртіге құлдап келіп сол жерде бекініп жатқан Сүлеймен тобымен табысады. Мұнда екі күн тынығып жатып, енді қуғыншы жау келгенше Алтай тауына шығып кетпекші болып, күні-түнімен жүріп қазіргі Қаратөңке ауылының Теректі кенттіне орналасқан Теректі Арғылтайдың алқымына жетеді. Бұл жерде Секпілтай үстіртіне шығатын Ағдол деген жалғыз ауыз тар сай бар еді, мұны кейбіреулер "Шағдол аузы" деп те атасатын.
Төртінші – Теректі Арғылтай айқасы. Қозғалысшылар Теректі Арғылтайға жетісімен Шіңгіл жағынан Қайырқын деген кезеңшені асып, Қарасеңгірді бөктерлей қара нөпір жау да келіп қалады. Бұрын көрген қозғалысшылар алдын ала қарманып, жаумен түске дейін айқасады да, негізінен жаудың бетін қайтаруға айланғанда, Төңкеде бекініп жатқан қалың жау Теректі босағасындағы Тұрғы-Тұрғының бәрін алып болып, Қозғалысшылар екі жақтан келген жаудың ортасында қалады. Ер азамат қан майданда сыналатын бір күн болды. Осы күні жауға қарсы оқ боратып, қоян-қолтық араласқан азаматтардан Қымбыл Шүкімұлы, Нұрпейіс, Кәлей Шайқиұлы батырлықпен құрбан болады. Дәл осындай өмірмен өлім арасындағы қысылтаяңда Сүлеймен батыр бастаған бір топ адам өздеріне қанық қиын жамжолмен орта Арғылтайдың ішіне түсіп жауды артынан соғады. Жау күші екіге бөлініп, екі жаққа бірдей төтеп бере алмай өздігінен қашып түсуде мәжбүр болады. Мұны көрген алғы шептегілер орайды қолдан бермей, ерлене қуа соққылап, жаудан Абронды түгелдей босатып алады. Сонымен, 100 ден артық жауды өлтіріп, 10-15 құрал түсіріп, Шоғдолдың ішін өрлеп, Секпілтайға шығып кетеді. Осы айқаста ақыл жағынан тиянақ болып, ел көзіне көбірек түскен Ырысқан Ноғайбайұлы болды. Ал, Есімқан осының алдында Оспанды (көпке мәлім Оспан) ертіп, бірқанша адаммен Шәкүртіден бөлініп кетіп, Сұпты Күртіні басып, Қадыраты – Құйға шығып кетті.
Теректі Арғылтай айқасының ертеңгі күні алдыңғы топтан ат іздеймін деп жүріп бөлініп қалған Ибәт Ақытұлы мен тағы бір жолдасы Шың Шысай әскері жағынан қозғалысшыларға өкілдікке жіберілген Нұғазы Мәсәлиұлы, Қали Тоқтағанұлы, Раушан Қисықұлы сияқтылармен кездесіп қалып, олардың "таныстыруымыз бар, барсақ жау тимейді" деген тіліне сеніп қалып, Жолшыбай қирайсоқ болып қырылып жатқан жаудың үстінен түседі. Ашынған жаудың тірі қалғаны бұлардың барлығын қылыштап өлтіріп кетеді. Бұлардың тастан жиылған қабырлары қазір Теректінің батыс жағындағы жазықтың ортасында Тәкіл деген екі егіз төбенің бауырында "мен тарихтың куәсі" дегендей үнсіз мелшиіп тұр.
1940 жылғы Ертіс басы және Арал айқастары
Қозғалысшылар дені Ырысқан, Сүлеймен басшылығында Секпілтайда бір күн ерулеп, ат тынықтырып. Тұрғынның басымен Ақбұлақ Көңгейтіге шығады. Бұл жерлердің жалпы атауы "Ертіс басы" деп аталады. Шың Шысайдың негізгі күші Көктоғайда (қазіргі Кен районында) тұрақтап тұрып, көбінде осы Ертіс басындағылармен алысады. Ертіс басындағы қозғалысшылар 1940 жылы сәуір, мамыр айларының аралығында Шың Шысайдың негізгі әскерін Ақбұлаққа екі ай бойына өрлетпей қояды. Қысаң жерден тосып санап ату, Тұрғыны алдын ала иелеу, жауды ішке кіргізіп алып қыру сияқты әдістермен жауды ойсыратып тастайды, олжаға қыруар қару-жарақ түсіреді. Көп жағдайда жаудың өліктерінің сүйегін жиуға да мұрсасы келмейді. Жауға соққы беруде Сүлеймен ең бірінші болып көзге түседі. Жаудың алдынан Сүлеймен кетіпті десе, қалғандары алаңсыз болатын жағдай қалыптасады. Ұйымдастыру жағында Ырысқан ерекше күш шығарады. Шеруші Кәдірбай оған ақылшы болады.
Ал, Арал жақтағы Есімқан, Оспандар Көктоғай Сарсүмбе (қазіргі Алтай қаласы) аралығындағы қатынас жолды үзіп тастайды. Оспан бастаған бір топ қозғалаңшы бір ретте жаудың 90 түйе азық-түлігін, бірталай қару-жарағын олжаға түсіреді де, Оспанның батыр атағы содан тартып шыға бастайды. Сонымен Есқан, Оспан басшылығындағылар Аралдағы айқасқа қатнаспаған, қарақасты негіз еткен, Зейнел үкірдай бастаған қосынды өзіне қосып алып, күшейе түседі. Мамыр айында Ертіс басындағылар Аралдағыларға келіп қосылып, Көктоғай шұңқырында Шың Шысай жақтың қолында қалған қатын-баланы құтқаруға кіріседі[2]. Күш топтап, жаумен жаз бойы айқасады.
Жауды Қуидың көктұмсығына шығармай қояды. Жау тауға өрлесе болды аузы-мұрны қан болып, кемінде 50-60 адамнан, 30-40 құралынан айрылып, шұңқырға домалап түсетін жағдайға тап болады. Осы кезде Сүлеймен, Оспандарға тығыз сәйкесіп, жауға жайрата соққы беретін Сымағұл, Сейтқазы, Жапан, Келес, Қапас, Зейнел, Сәйіп, Қасейін, Самырқан, Насиық қатарлы батырлар қосыны қалыптаса бастайды. Ел көңілі ерлене түседі, тіпті малшылар да бағып жүрген малын тастай салып соғысқа қашып келіп қатнасады. Жаңылмасам Қуидың солтүстік жақ ашасының басы болса керек, біздің ауылмен шеруші Шарбақбайдың ауылы қатар қона қалған, бие байлаулы кез. Сүлеймен батыр бірқанша жігітпен келіп сол ауылда түстеніп отыр дегенді ести сала, атымды ерттеп мініп, сол ауылға мен де тарттым. Сүлеймен сәлемімді алысымен-ақ мені шақырып алып, өз жағына отырғызып, "Молда бала, бүгін бізге қажы атаңның (Ақыт ақынды айтпақшы) қисаларын айтып бер, жау-жашылықта көңіліміз бір көтеріліп қалсын", – деді. Мен жатқа білуші едім, не айтарымды біле алмай қысылып тұрғанымда үй сыртынан, "Ойбай! Ауылдың шетін жау шауып қалды!" деген дауыс естілді. Қолында найзалы, мылтығы бар Сүлеймен үйден қоянша ыти жөнелді. Мен атыма мініп ауылға қарай жөнелдім. Қарасам, құлдилата шапқан Сүлейменнің қарасы үзіліп болыпты, мен үйге жеткенше мылтық даусы бес рет "тарс, тарс" ете түсті. Артынан "Мұхаммет, Мұхаммет!.." деген ұран жауып кетті. Байқасам, жанның бәрі құлдай шауып барады екен. Солармен ілесе құлдап келсем, Сүлеймен ауылдың аяқ жағындағы бір кішкене төбешікте отырыпты. Аяқ жағында жаудың үш адамы жайрап жатыр. Алды оққа ұшқан соң, жау қайта қашқан екен. Біз қасына бара бере басында күлапарасы, мойнында ақ шыты бар, жұпыны киінген Сүлеймен ақбоз атпен қашқан жауды құлдилата қуа жөнелді. Сөйтсек, сол күні бір қарауылдың адамы ұйықтап қалыпты да, жау аяқ жақтағы бір ауылға басып келіп, басқаларға ілесіп қаша алмай қалған, екі көзі көрмейтін Ботажан деген кемпірді өлтіріп, сонан енді өрлеген екен. Менің көзім Сүлейменнің қимыл-әрекеті сағымдай көрініп кетті. Сөйтіп, осы жазда келген жаудың құты қашып, көбі қырылып тынды. Қозғалысшылардан Насиық, Ерғазы, Ақатай (Сымағұл батырдың інісі) қатарлы адамдар құрбан болғаннан тыс, ел үлкен шығыннан аман болды.
1940 жылғы Көктоғай бітімі
1940 жылы жазда Шың Шысайдың негізгі күші күйреді. Көтерілісті әскери күшпен тоқтата алмай амалсыз қалған Шың Шысай енді жұмсақ тәсілге басып, бітіп арқылы тыныштандыруды ойластырды. Сөйтіп, ол қолға алынған басшылардан Бұқат Бейсіні, Жанымқан қажыны, Рақат Қалелұлын қайнатасы Шу Зұңжұңға қосып Көктоғайға жібереді. Шу Зұңжұң (Шу тиңжаң деп те аталады) өзі Көктоғайда қалып, Бұқат, Рақаттарды Аралдағы қозғалысшыларға өкіл етіп жібереді, сондай-ақ "өткендегі іске кешірім, қандай талап болса да орындалады. Енді тыныштықпен бағынса ғана болғаны" деген үндеу шығарады. Бұл қозғалысшылардың жаздай Алтай тауын сағалап жан бағып, енді ақ қар, көк мұзда қатын-баласымен жүріп жан бағуы, жаумен айқасуы қиынға соғып бара жатқан кезі еді. Сондықтан, Есімқан, Ырысқан қатарлы басшылар көпшілікпен ақылдасып, төменгі талаптарды (есімде қалғандары) орындау шартымен бітім жасасбақ болады:
- Ақыт қажы, Қалел бастаған тұтқындағы адамдардың бірін қалдырмай қайтару.
- Өткенгісін қузастырмауға толық кепілдік ету.
- Қолдағы қару-жарақ халықтың өзінде болу.
- Алдағы қыста азық-түлік, киім-кешек мәселесіне үкімет қамқорлық ету.
- Ақыт қажының бұланған діни кітаптарын түгелдей қайтару т.б.
Осы талаптар Шу Зұңжұң арқылы Шың Шысайға жеткізілген соң, Шың Шысайдың бекітуімен 1940 жылы қыркүйек айында бітімге қол қойылады да, қару-жарақ қана жартылай тапсырып алынатын болады. Нәтижеде қолдағы адамдардан Қалел, Қалман, Нәзір, Шәріп қатарлы тірі қалған Көктоғай, Шіңгіл адамдары, Ақыт қажының бұланып кеткен 816 кітабы қайтарылып беріледі де, басшыларына бірден ғана құрал қалдырып, басқасы түгелдей жиналып алынады. Осы жолғы бітімде қызмет көрсеткен делініп Бұқат Алтай әкімшілік мекемесінің басшысы, Жанымқан оның орынбасары, Рақат Көктоғай ауданы әкімінің орынбасары, Көксеген Шіңгіл ауданы әкімінің орынбасары, Кәдірбай Көктоғай аудандық Қоғам қауіпсіздігін қорғау мекемесінің басшысы (дучасы), Қайым Шіңгіл аудандық Қоғам қауіпсіздігін қорғау мекемесінің басшысы болып сайланады. Ақыт қажы, Баянбай, Байқадам, Дөнен қатарлы адамдар денсаулығы оңалып, ауруханадан шыққан соң қайтып келеді деп ұқтырады. Бірақ, бұлар кәріліктің және түрме азабының қыспағынан сол кезде-ақ қайтыс болып кетеді.
Дегенмен, сол кездегі жағдайдан қарағанда, бұл кез Шың Шысайдан есе алған, бір қысты тыныштықпен өткізген бір жыл болады. Ырысқан осы кезде ауру болып, Шың Шысай жақтың ауруханасында емдеу өнім бермей (бұл туралы халықта күмән бар), осы жылы қыста 37 жасында қайтыс болады. Сөйтіп, есеңгіреген күнде ес болып, елі үшін ерлік көрсеткен есіл ер дүниеден арманда қайтады.
1941 жылғы қозғалыс
1941 жылы қыс өтіп, ел жайлауға қайқайғанда Көктоғайға жергілікті халықтың раздығынсыз Бәймұрзы бастаған Кеңес одағының экспедицияшылары келіп орналасып, асыл тас қаза бастайды. Тағы бір жағынан, бұрынғы Ақыт бастаған қолдағы адамдар қайтарылып берілмейді. Осы екі іске наразы болған Көктоғай халқы Қалел, Қалман, Есімқан, Рақат, Шәрилердің бастауымен тағы да қозғалады, жауға екі ай бойы сілейте соққы береді. Жау өлігі Қуидың ішінде ат көпір болып қалады. Жаралылары азықсырағанда оққа ұшқан аттың етін жей бастайды. Бірақ, алдыңғыдан тәжірибе қорытқан жау барлық күшін шоғырландыра отырып дайындық көреді; қозғалысшылар да бұрынғыдай емес насаттану, бойға сену құбылыстары туылады. Дәл осындай кезде, Сүлеймен Таршаты деген жердегі соғыста оққа ұшып, қозғалысшылар омыртқасы опырылғандай ауыр қайғыда қалады. Сонымен жұрт арасында ыдыраушылық туылып, Әділқан, Әбдірақбандар мұқым қарақасты Шың Шысайға бағыну жолына бастап кетеді де, Қалел, Қалман, Есімқан, Оспан, Зейнел, Шәрилердің қатын-балалары және де жау қолында қалып, өздері салт қашып шығады. Шың Шысай қайнатасы Жу Зұңжұңды Алтайға тағы да жібереді. Жау Зұңжұң Сарсүнбе қаласында тұрып, Сарбұлақтағы Қаратас мектебінде әскери штаб құрып, қашып шыққандарға Жанымқан қажыны салады. "Бес уақыт намаз, үш уақыт оразасы" бар қажының сары құранды кеудеге ұрып тұрып ең алдымен Қалелді сендіреді. Сонымен, Қалел қайтып баруға бет алғанда Шәріп бұған наразы болып, Жанымқанға еріп келген Әділқанға (бұрын бағынып кеткен би) мылтық ала жүгіреді де, қарақас пен шеруші арасында алалық туылады. Ал, Қалман мен Есімқандар бөлек кеткен Оспанға Қалманның інісі Ақанайды жіберіп ақыл салғанда, Оспан өзінің бағынбайтындығын және басқаларды өзімен бірге болуға зорламайтындығын білдіріп қайтарады. Сонымен алдымен Қалел өз балалары Рақат, Сәйіптерді бастап бағынып кетеді. Артынан Қалман, Есімқан, Шәрилер де нарау болып қайтып барады. Бұлар үйлеріне барысымен Қаратас мектебіндегі аймақтық сақшы басшысы Ли Хұңиұң (ұйғыр тілін білетін ханзу) мен Жанымқандар осы басшыларды жиынға шақырып: "Алтайдағы Шу Зұңжұңға жолығып қайтыңдар, ол кісі сендерді айырым қабылдамақшы" деген сылтаумен қоршауға алып, Алтайға алып кетеді. Сөйтіп, олардың бір жағынан күш көрсетуі, бір жағынан алдағы арқылы Қалел, Қалман, Есімқан, Рақат, Шәри, Зейнел, Құмар, Боранбай, Қақыш, Нақыштай, Ыбырайқан, Кәріпбай қатарлы 13 адам осы жолы қолға алынады да, бағынбаған Оспан қасына Келес, Сүлеймен (шақабай), Зейнел Тіркесұлы, Шерзиман қатарлы бірқанша адамды ерткен бойымен Қобының құмына кіріп кетеді.
Оспан бастаған қозғалыс
Оспан Көктоғай қозғалысына 1942 жылдан бастап мұрагерлік етеді. 1942 жылдың басынан 1943 жылдың күзіне дейінгі бір жарым жылдан астам уақытта, ол бірде 6-7, бірде 20 неше адаммен жазда тауға шығып, қыста құмға кіріп, Шың Шысайдың "банды жоғалту армиясы" делінетін үш полк әскерімен қаша жүріп соғысады, алдырмайды. Осы барыста Оспанға екі рет оқ тиіп, екі ретте де жаралы болып сауығады. 1943 жылы ол өзін қолға алғалы келген екі сақшыны өлтіреді. Оспанға қосылған Сәйіп Қалелұлы соғыста оққа ұшады. Оның үстіне 1941 жылы Кеңес одағы мен Германия соғысы басталған соң, Шың Шысай Кеңес одағымен қарым-қатнастын үзіп, Жаң Жиешімен (Жаңкейші) барыс-келісін жиілетуге мәжбүр болады да, соның салдарынан халықты бұрынғыдай қысып ұстаудан қалады. Сондықтан, халық Оспан бастаған қозғалысшыларды "банды бұлап кетті" деген сылтаумен ат-көлік, азық-түлікпен қамдап отырады. 1943 жылдың күзінде Бүркітбайдың бастауымен ат, азық іздеп шыққан бірнеше адамды Құстайболат, Тұрдықан зәңгінің Дөрбілжінде (қазіргі Бәйтүңде) Гоминдаңға ұстатып бергенін былай қойғанда, қалған көп санды халық оларды көмек беріп қорғайды. Қазіргі көпке әйгілі Бүркітбай әні – Бүркітбайдың Әнес деген ақын ағасы (әкі көзі кемтар шал) Бүркітбайдың Тұрдықанға айтқан өлеңі екен деп маған мына бір шумақ өлеңді айтып берген еді:
"Атадан тумай кеткен Тұрдықан би,
Бұл сөзге шыдамасаң бұтыңа си.
Бел бейісі, Мәнкей менен Бұқат қайда?
Көріп ең Гоминдаңнан сен қашан сый?!
1943 жылдың күзіне жеткенде, Шың Шысай Кеңес одағынан мүлдем бет бұрды, Кеңес одағының Көктоғайдағы экспедициялары қуаланды. Сондықтан, Кеңес одағымен тыныстас Моңғолия Қамқаш деген (Айтуған молқы) қазақты Оспанға жіберіп, Оспанға көмек ретінде қару-жарақ бере бастайды. Оспан тобы содан бастап көбейе түседі. 1943 жылы желтоқсан айында Шың Шысай Үрімжідегі Қалманды, Шәриді, қазақ оқу-ағарту ұйымының басшысы Махмұт Шөкемәнин деген Шағаніргедегі әскери базаға алып келіп, алдымен Шәри мен Махмұтты Оспанға өкілдікке жібереді. Оспан бағынғаны сол, Махмұтты Моңғолияға өткізіп беріп, Шәриді жібермей алып қалады. Мұны көрген Шың Шысай үкіметі Қалманды Оспанға жібермей, Үрімжіге қайтарып әкетеді. Осы кезде Оспан Шіңгіл мен Моңғолия шекарасы – Бұлғынды қыстаған болатын. 1944 жылы қыста осы орында Моңғолия мемлекетінің басшысы Шойбалсынның өзі Оспанға келіп бетпе-бет кеңес айтып, дем беріп, көптеген құрал-жарақ (пулемет, мина сияқты) жәрдем еткендігі сол маңдағы қазақтардың бәріне мәлім. Содан бастап Оспан атынан жазылған үндеулерде "Алтай ұлт азат ету соғысы кеңесінің басшысы Оспан батыр" деп қол қойылатыны есімде. Сонда осындай бір ұйым құрылған мүмкін деп ойлаймын. Іле-шала, Моңғолия бір түнде бірнеше тік ұшақ соғыс аэропланын шығарып, бомбаның астынан алып, жер бетінен Оспанға қарасты Рақым, Кәмел, Қапас, Сұлубай, Тоқтыбай қатарлы партизандар атқылап, Шың Шысайдың сол кездегі қарулы күші болған Шағанірдегі базасын бір күнде-ақ тас-талқан қылады. Сонымен Шың Шысай армиясының аудан қалашығындағылары ғана болмаса, басқалары түгел күйреп кетеді. Шың Шысай армиясы жағынан Боғдаға айдалып бара жатқан Шіңгіл елін Тоқтыбай, Сұлубай бастаған партизандар айырып алып қалады. Ал, Көктоғай елі айдатпастан өздігінен Оспанға қосылып кетеді.
1944 жылы Оспан Шіңгіл, Көктоғай елін өзіне қосып алғаннан сырт, маңызды аудан қалашықтарына қоршап шабуыл жасап, алдымен Шіңгіл қалашығын босатып алып, онан соң Көктоғай қалашығын қоршауға алады. Осы кезде Оспанның және шақабай Сүлейменнің қатын-балалары Көктоғай қалашығында мырза қамақта болатын. Шың Шысай әскері осы жылы жазда оспанның 6 баласын, Сүлейменнің әйелі Қойтықты 3 баласымен, келінімен қоса, 11 адамды қылыштап өлтіреді. Ең аянышты жері сол, Оспанның Кәрі деген баласын шешесінің көзінше 20 метрлік тереңдіктегі зынданға тірідей тастайды. 18 жастағы қызы Кәбила мен 14 жасар ұлы Ойдолланы да көзінше қылыштап өлтіреді. Оспанның әйелі Мемей қылыш сермелісімен майданнан тұра қашқан бойы барып өзенге қойып кетеді. Оны көріп тұрған алыстағы қараушылар судан құтқарып алады.
Оспан Көктоғай қалашығына ғана емес, Алтайдың батыс аудандарына партизандық жорық жасайды. Осы жылғы партизан басшылары Келес, Жылқайдар, Кәмел, Қапас, Нұрғожай қатарлылар еді. Күзде Жылқайдар бастаған партизандар Қаба, Жеменей елін уақытша Кеңес одағына өткізеді де Кәмел, Нұрғожай бастаған партизандар Алтай. Буыршын елін Моңғолия арқылы (бір бөлімін Ертісті өрлетіп) Шіңгілге көшіріп келеді. Енді бір бөлім партизандар қосыны Фукаң, Жемсары, Шонжы, Мори қазақтарына жорық жасайды. Сонымен 1944 жылы күзде Боғда тауының қазақтары да Шіңгілге көшіп келе бастайды. 1944 жылы жазда Кеңес одағы мен Моңғолиядан Оспанға бірқанша ақылшы келгенде солардың ішінде Алтай қаласынан 1942 жылы жоғалып кеткен Дәлелқан Сүгірбаевте бар еді. Ол Оспанның орынбасары әрі ақылшысы болып тағайындалады. Сыртқы Моңғолиядан да бірқанша партизан көмекке келеді. Бірақ, барлық ел бір ауданға жиналғандықтан, төменгі аудандардан келген елдің малы қыста жұтқа ұшырайды да, малы жұтаған ел қыс ішінде өз мекендеріне жасырын көше бастайды. Сарбас Жүкейдің елі қайта көшкенде, оларды қуып барған Кемел батыр мен Қуанышбайды сарбас Әбікей деген адам атып өлтіреді. Әбікей де олардың құны үшін табанда өлтіріледі. Осы қыста Манат бастаған Бурылтоғай партизандары Гоминдаңға тізе бүгіп кетеді. Деседе, 1945 жылы жазда көтеріліс қайтадан ұлғаяды да, Шың Шысайдың Көктоғай қалашығындағы негізгі әскері қаладан қашуға мәжбүр болады. Дәлелқан бастаған партизандар Алтай қалашығына шабуыл бастайды. Осы соғыста Сымағұл батыр, Қасейін, Жаңбырбай, Жапан қатарлы мықты азаматтар құрбан болады.
Нәтижеде Алтайдағы Оспан, Дәлелқан басшылығындағы қозғалыс осы кезде Іледен басталған Шығыс Түркістанның ұлттық төңкерісіне ұштасып, жеңіске жетіп, Алтай босатып алынады. Оспан Алтай әкімшілік мекемесінің басшысы, Дәлелқан оның орынбасары болып белгіленеді. Осыдан бастап Дәлелқан ұлттық армияның генерал-майорлық міндетін үстіне алады. 1941 жылы қолға алынып кеткен 13 адамнан қалған, Шәри бастаған 6 адам ғана 1944 жылы қайтып келеді (Қалман түрмеден қашып шығады). Басқаларынан Қалел, Есімқан, Рақат, Құмар, Зейнел, Боранбай қатарлы 7 адамды Шың Шысай өлтіреді.
Оспанның төңкеріске опасыздық жасауы
1944 жылы Жаң Жиешінің қатыны Сұң Милиң Шынжаңға келіп Шың Шысайды арбап ауыстырып кетіп, оның орнына У Жұңшың, Сұң Шилан бастаған Гоминдаң әкімшілігін орнатады. Бұл әкімшілік халыққа Шың Шысайдан көрі кеңірек саясат қолданады. Өйткені халықты қысып ұстаса Шығыс Түркістан ұлттық төңкерісіне қосылып кетеме деп қорқады. 1945 жылы күзде Шығыс Түркістан жақ Гоминдаңмен 11 тармақты тыныштық бітімін жасады. Сахараға үйренген адам болғандықтан, 1946 жылы Оспан қалада тұра алмай, Көктоғай ауданының Арал деген жеріне көшіп шығады. Дәл осы кезде, 1946 жылдың маусым айында Кеңес одағының экспедициялары қайта келіп орналасады. Оспан мұнан хабарсыз болады. Оның бер жағында Оспан діншіл болғандықтан, Кеңес одағы дінді жоғалтады деген танымға келеді де, Кеңес одағынан іргесін аулаққа салу үшін қамданады. Оспанның бұл райын байқаған Дәлелқан 1946 жылы тамыз айында қазіргі Көктоғайдың Қуи деген жерінде Оспанмен өзі келіп кеңес өткізеді. Кеңеске ел басшылары түгел қатнасады. Бірақ, Кеңес одағының экспедицияларын қайтаруды басты шарт еткен Оспан райынан қайтпағандықтан, Дәлелқан генерал үміт үзіп Алтайға қайтып кетеді. Осының артынан Оспан, Қанатбай мен Құрманды Үрімжідегі Сұң Шиләнға жіберіп, Гоминдаңмен қарым-қатынас орнатады да, Шығыс Түркістанмен байланыс үзіп, Шығыс Түркістанның ұлттық армиясымен соғысады. Оспанның Гоминдаң жаққа өтуіне Көктоғай, Шіңгіл елі ішінен Қалман, Нәзір, Уатқан, Шәрилер наразы болады, тіпті кейбір шайқастарда Шығыс Түркістан армиясына болысады. Сондықтан, 1948 жылы Оспан Қалманды Гомидаң армиясына ұстап береді.
Қорытып келгенде, Оспанның бірде "оң", бірде "сол" болған опасыздығы қоғам ауқымының зор беталысын өзгерте алмады. Ал, 1940 жылдан басталған Көктоғай қозғалысының ардагер басшылары Есімқан, Ақтекені, Ырысқанды, Қыран батырлары Сүлейменді, Мұсаны, тағы сол сияқтыларды жұрт ауызға алмай тұра алмайды. Ұлттық езгіге қарсы тұру жолында ыстық қанын төккен, бостандық-теңдік алу үшін ғазез жанын қиған мұндай есіл ерлердің аттарының ізінен, қылыштарының жүзінен, мылтықтарының үнінен туған тың еңбектер болашақ тарих архивіне, төңкерістік мәдениет қоймасына қастерлене қойылып, халқымызды, әсіресе ұрпақтарымызды ерлік күреске, отанның ұлы бірлігін қорғауға тәрбиелейтін болады.
[1] Шәннің - шиянжаңның (әкімнің) деген мағанада.
[2] Қозғалысшылар Көктоғайдан кеткенде Сақшы мекемесінің Жау фамилиялы басшысы қол астындағы Рақыш, Мұқаметқали, Сақаба, Айтбай, Сыдық, Шәкірғали қатарлы бейуаз он неше үйлік қазақты қылыштап қырып тастайды. Сондықтан қалған қатын-бала да сорадың аяғын құшама деп алаңдайды.
Ғазез Ақытұлы,
"Іле тарихи материалдары" журналынан (No3, 1987 ж.) кириллге аударып, дайындаған Әлімжан ӘШІМҰЛЫ.
Abai.kz