Бейсенбі, 12 Желтоқсан 2024
Әдебиет 632 1 пікір 10 Желтоқсан, 2024 сағат 14:23

Мұқағалиды қытайлар іздеп жүріп оқыды...

Суреттер: adebiportal.kz және автордың жеке мұрағатынан алынды.

Екі-үш күннің алдында белгілі аудармашы, жазушы Қайша Тәбәрәкқызының ұлы Өркен Серғазыұлының тік-ток парақшасынан ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қаздар қайтып барады» атты жинағын анасы Қайшаның қытай тіліне қалай аударылғаны туралы айтқан әңгімесін естіп қалдым. Ойды ой қозғайды демекші, Өркеннің бұл сөзі осыдан 16 жыл бұрын 2008 жылдың қаңтарында, Үрімжінің басытысындағы таяқ тастам жердегі Санжы қаласында тұратын Қ.Тәбәрәкқызына арнайы атбасын бұрып, сұхбаттасып қайтқаным есіме түсіп кетті. Қайша апайдың жолдасы Серғазы аға Қытайға белгілі суретші екен. Ол кісімен де жақын танысып, кең, берекелі дастарқанынан дәм татып қайтқан едім. Өркен ол кеде мектеп оқушысы болатын. Кейін ол Қазақстанға келіп жоғары оқу орнын бітіріпті, қазір Алматыда жұмыс істеп жүр екен.

1922 жылдың қысында жақсы араласып, сыйласатын бір ағам үйіне қонаққа шақырды, барсам, Қайша апайым сол үйде отыр екен. Қонақтан қайтарда екеуіміздің жолымыз бір болып, жол-жөнекей әңгімелесіп қайтқаным бар. Әңгіме арасында, – Қайша апай, сізбен он шақты жылдың алдында сухбаттасып едім, тағы бір сұхбат жүргізсем қалай болады? – деп едім. «Жо, жоқ, Әлімжан! Қазір сухбат бере алмаймын. Біздің елдегі жағдайды білетін шығарсың, оның үстіне мен қазір Қытай жазушылар одағының мүшесімен, «кәсіптік жазушы» деген атағым бар. Қазір маған бір жылда пәлен мың әріптік аударма жасау немесе жазу міндеті жүктелген, соны орындауым керек. Бұрынғыдай шетелдің тілшілеріне сұхбат бере салатындай жағдай қазір жоқ... Балам Өркен екеуіміз бір Қазақстандық белгілі жазушының романын қытай тіліне аударып жатырмыз. Біткен соң елге қайтамын, сен Қайша апайыма не болған деп ренжи көрме» деп күлді. Осылайша ол кісімен сұхбаттасу орайына қол жеткізе алмай кетіп едім.

Осыған байланысты, аудармашы Қайша Тәбәрәкқызмен жүргізген ескі сұхбатымызды сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Сұхбаттың жылы ескілеу болғанымен, бірақ кейіпкеріміздің айтқан әңгімелері әлі ескірген жоқ.

Жазушы, аудармашы Қайша Тәбәрәкқызы

Мұқағалиды қытайлар іздеп жүріп оқыды...

Қайша Тәбәрәкқызы 1957 жылы 7 қарашада Санжы облысы, Құтыби ауданының Торғайты ауылында зиялы отбасында дүниеге келеді. Бастауыш мектеп пен университеті де ханзу тілінде оқып, филология мамандығынан білім алған ол кіндік қаны тамған Торғайты ауылында екі жыл бойы қазақ тілін үйреніп, қазақ тарихы және қазақ мәдениетімен танысады. Өз ұлтына деген  сүйіспеншілігі терең оянған Қайша қытай мен қазақ ұлтының мәдениетін салыстыра зерттеп, оның асылы мен жасығын айыра бастайды.

Қ. Тәбәрәкқызы 1978 жылдан 2002 жылға дейін Санжы облыстық әкімшілігінде 24 жыл жұмыс істеген кезінде 12 мәрте озат қызметкер мәртебесіне ие болып, Шыңжаң бойынша үздік 20 аудармашының қатарына көтеріледі. Ал 1983 жылдан бастап қолына қалам алады да, шығармаларын ханзу тілінде туындатады. «Аруақтар адам арасында», «Жаным жәзирада», «Мәңгілік сарын» атты повестері жарық көріп, жұртты қатты елең еткізеді. Ол Қытай мемлекеттік төртінші кезекті «Тұлпар» бәйгесінің повесть жүлдесін, Қытай мемлекеттік жетінші кезекті «Тұлпар» бәйгесінің әдеби аударма жүлдесін, Шыңжаңдағы «Тәңір тау» әдебиет көркемөнер бәйгесінің шығармашылық және аудармашылық жүлделерін жеңіп алады. Біз аудармашы, қаламгер Қайша Тәбәрәкқызына Қытайға барған сапарымызда жолығып әңгімелескен едік.

– Қайша Тәбәрәкқызы, сіз әдеби аударманы алғаш қай жанрдан бастадыңыз?

– Мен 1974 жылдан 1976 жылға дейін Құлжа қаласындағы партия мектебінің аударма курсында оқыдым. Аталмыш мектептің кітапханасында 1950-1960 жылдары жарық көрген Қазақстанның орта мектеп оқулықтары көп еді. Онда Айша деген апай жұмыс істейтін. Ол кісінің баласы көп еді, ылғи қарбалас жүретін. Кітап оқыйтын 5-6 қыз Айша апайға көмектесеміз деп барушы едік. Ақиқатында күнде кітап ұрлайтынбыз. Бір әдебиет оқулығында 5-6 әңгіме бар екен. Қазір есімде қалғандары – «Мақпал қыз» бен «Біртал өрік». Осы оқулықтағы әңгімелерді ханзу тіліне тәржімамалап Санжы облысындағы ханзу тілінде жарық көретін «Дүнген әдебиеті» журналына жібердім. Бір қызығы – аты-жөнімді жазудан қашып, Санжыдағы белгілі аудармашы Қазыкен деген кісінің есімін жазып жібердім.

– Сонда ол кісі сіздің тәржімелеп жібергеніңізден хабарсыз ғой?

– Хабарсыз еді. Бұл ой Қазыкен ағаның аты тұрса, тезірек жарық көрер деген үлкен үміттен туған еді. Өйткені Қазыкен аға ол кезде Қытайға белгілі аудармашы еді. Менің аудармамды білмей қалуы да ғажап емес еді. Редакция Қазыкен ағаның мекен-жайына қаламақы жібермей ме баяғы. Сонда Қазыкен аға «Мен бұл журналға матриал бермеп едім. Бұл – ненің құрметіне келген қаламақы» деп аталмыш редакцияға телофон шалса, «Сіздің аударған әңгімелеріңіздің қаламақысы» деген жауап алады. Кейін сұрастыра келіп, менің аударып жібергенімді білген Қазыкен аға: «Қайша жан-ау, көпкөрім тәржімалапсың, менің атымды жазғанша өз атыңмен жібере бермедің бе, оның не?» деп күлгені бар еді. Тұңғыш аудармам осылайша Қазыкен ағаның атында жарық көрген болатын. Содан кейін ұялмай-ақ өз атыммен әңгімелер, повстер, тарихи, ғылыми мақалар және өлеңдер аудара бастадым.

– Белгілі қоғам қайраткері, жазушы, ғалым Сұлтан Жанболатовтың тарихи романы «Елжау Күнбиді» қытай тіліне тәржімалапсыз. Бұған қалай батылыңыз барды?

– Жазушы, ғалым Сұлтан Жанболатовтың «Елжау Күнби» романының мазмұны – ұланғайыр. Ертедегі мен бүгінгіні, Қытай мен шетелді, қоғамдық ғылым мен жаратылыстық ғылымды қамтыған тарихи роман. Бұл туындыда Үйсін елінің ерлігі мен елдігі, көркейіп-гүлдену барысы және Үйсін елінің Күнбиі Елжаудың ақыл парасаты ашылады. Осымен бір уақытта екі дерек – Батыс Ханның патышасы Хан Удидің ұлы еңбектері мен сыртқы планеталардың адамзат мекеніндегі түрлі қимылдары жарыстырыла суреттеледі. Сондықтан әуелгі нұсқаның идеялық  мазмұнын, сезімдік бояуын, стилдік ерекшелігін оқырмандарға жақсы жеткізу жеңіл-желпі шаруа емес. Мен романды қайталай оқығанда қоғамдық білім мен өмір тәжірибемнің таяздығын терең сезіндім. Өйткені романда 2000 жылдың аржағындағы тарихи әңгіме баяндалғандықтан, естімеген және түсіну қиын көптеген сөздер мен терміндер кездесті. Автор өзі пайдаланған материалдарын маған берді. Былайша айтқанда, автордың бірнеше он жыл зерттеп, пайдаланған материалдарының қауызын аршып тастап, дәнін ылғап жұтып, аударманың сәтті болуы үшін негіз қаладым. Бар дайындығым осымен бітті. Мұндай тәржімалау жұмысы айырықша ауыр болса да, аудармашының табатын олжасы да аз болмайды екен.

– Сіз тәржімалаған «Елжау Күнби» Қытайдың қай баспасынан жарық көрді?

– Қытайдың әйгілі баспаларының бірі «Қауым» баспасынан жарық көрді. Сізге бір қызық айтайын. Үрімжіге іссапармен келген «Қауым» баспасының директоры Уаң Шаухуамен келісімшартқа отырып, романды баспаға беріп жіберсем. Автор Сұлтан Жанболатов мен аударған нұсқаны Бейжіңде тұратын Әкпар Мәжітұлына (Ә.Мәжітұлы қытай тілінде шығарма жазатын белгілі қазақ қаламгері. Ә.Ә) ала барып: «Мына тәржіманы бірер баспа орнына көрсет, басуға пейілі түсетін болса, сөйлесіп көр», – депті. 5-6 күннен кейін Сұлтан ағаға Ә. Мәжітұлы телофон шалып, ол өзінің аударманы ұнатқанын айта келіп: «Шығарманы «Жазушы» баспасы көріп, қызығып қалды. Аудармашының қаламы жүйрік, әдебиеттік деңгейі жоғары екен. Шығарманың тілі шұрайлы шығыпты, біз басамыз, келісімшарт жасасайық, шақыр дейді» депті. Сонымен, әйгілі екі баспаның тәбеті тартып, соңында «Қауым» баспасына бұйырып, «Елжау Күнби» ханзу оқырмандарына осылайша жол тартты.

– Аталмыш романды қытай оқырмандары қадай қабылдады?

– Өте жылы қабылдады.

– Соған қарағанда Сіз осал қаламгер болмадыңыз ғой?

– «Өлмейтін туынды бар, өлмейтін аударма жоқ». Бұл – әдеби аудармамен шұғылданған аға буындарымыздың бізге қалдырған өрелі өсиеті. Әрқандай әдеби туындыны әйгілі аудармашы тәржімаласан, аты онша белгісіз аудармашы тәржімаласын, тек салыстырмалы түрде қарау қажет. Бірақ теңдесі жоқ, мәңгі өлмейтін аудармаға айналуы мүмкін емес. Осыған ұқсас мен де «Елжау Күнбидің» қайта тәржімалануын армандаймын!

Ақын Мұқағал Мақатаевтың Шынжаңда шыққан кітаптары.

– Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін қытай  тіліне тәржімалапсыз.  Мұқағалидың өлеңін аудару сіздің ойыңызға қалай келді?

– Мұқағалидың өлеңдерін тәржімалағанда мен Санжы облыстық әкімшіліктің Хатшылар басқармасының бастығы болып жұмыс істеші едім. Біздің басқармада Мұратбек деген қазақ жігіт бар еді. Қашан көрсем, қолынан бір сары тысты кітапты қолынан тастамай оқып жүретін. Бір күні:

– Ей, Мұратбек, қолыңдаңы кітапты тастап, жұмыс істесеңші! – дегенім сол екен, ол:

– Апай, мынау Шыңжаң жастар-өрендер баспасынан шыққан «Қаздар қайтып барады» деген өте керемет кітап. Авторы қазақстандық Мұқағали деген ақын. Сіз оқысаңыз жылайсыз, – деді.

– Мені жылататындай қазақта қандай ақын бар?! Қазір мен жиналысқа кіргелі тұрмын. Мен шыққанша 5-6 өлеңін таңдап қой, – дедім де, жиналысқа кіріп кеттім.

Жиналыстан шықсам, Мұратбегім ақынның біраз өлеңін дайындап отыр екен. «Ал, оқы» дедім. Мұратбек оқи жөнелді. Алдымен «Соқпақ», «Поэзия», одан кейін «Махаббат диалогы», одан кейін «Бабалар сіздерге рахмет»... Оқып жатыр, оқып жатыр... Құдай-ай, недеген керемет!

– Мұратбек, тоқта! Мына үкіметтің жұмысын қоя тұрайық, – деп есікті ішінен құлыптап,  – Сен өлеңді оқып отыр, мен сөзбе сөз қытай тіліне тәржімалайын, – дедім.

Сөйтіп, екі сағат он минутта алты өлеңді тәржімалап болдық. Болғанша көзімнің жасы сорғалап ағып тұрды. «О, тәубе, қазақта да осындай өлең жазатын керемет ақын бар екен ғой! – деп таңғалып. Әрі Мұратбекке:

– Ертең таңертең Хатшылар басқармасында жиналыс болады. Автордың атын жазбай, өлеңдерді көбейтіп, қытайларға таратып берейін, – дедім.

Хатшылар басқармасында меннен басқа 14 қытай хатшы бар. Бәрі ақын, жазушы ғой. Ертесі ақ қағазға көбейтіп алған Мұқағалидың өлеңдерін бәріне үлестіріп бердім. Әлгілер оқып алып, «Недеген керемет өлеңдер, қайсы өлкенің ақыны?» – деп таңдай қағысты. «Кімнің өлеңі, қайсы өлкенің ақыны?» деп қазбалап сұрап отырғандықтары – қытайдың атақты ақындарының бірінің өлеңі деп дәмеленіп отырғаны ғой баяғы.

– Ей, бұлар – қазақстандық «Мұқағали Мақатаев» деген ақынның өлеңі, – десем. Қытайлар:

– Мұқағали деген қазақ па? – деп шу ете түсті.

– Иә, мен сияқты кәдімгі қара қазақ.

– Үй, о немелер де өлең жаза ала ма екен?! – демесі бар ма?! Төбебелеріне жай түскендей.

Ханзулардың осы сөзінен кейін, қаса қана Мұқағалидың өлеңдерін тәржімалап, Қытайдың ең таңдаулы 5-6 журналына жарияладым. Қытай оқырмандары іздеп жүріп оқыды десем, артық айтқан болмаспын. Кейін Мұхтар Шахановтың өлеңдерін таныстыра бастадым. Енді осы өлеңдерді кітап етіп шығаруға бір баспа өтініш білдіріп отыр. Құдай қаласа алдағы жылдары М.Мақатаевтың «Қаздар қайтып барады» атты бұл жинағы қытай тілінде басылып шығатын болады.

М.Мақатаевтың қытай тіліне аударылған «Қаздар қайтып барады» кітабы.Шынжаң жастар-өрендер баспасы. Үрімжі. Мамыр, 2011 ж.

– Өзіңіз ақынсыз ба?

– Мен әдебиетке 1983 жылы өлеңмен келгенмін. Бейжіңде қытайдың атақты аудармашысы бар, Фы Ли деген. Шекспирді қытай тіліне тәржімалаған жазушы. Соның: «Прозаны аударатын адам жазушы болу керек, ал поэзияны тәржімалайтын адам, сөзсіз ақын болу керек» деген сөзі әлі есімнен кетпейді.

– Сізді Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын ханзу тіліне аударып  жатыр екен деген хабар естідік.

– Оныңыз рас. «Абай жолын» тәржімалауды 2004 жылы Мұрат Әуезовтың рұхсатымен бастағам. Қазірге дейін 1-ші томын тәржімалап болып, 2-ші томын еңсеріп қалдым.

– Аталмыш эпопеяны сізден бұрын Қабай деген аудармашы тәржімалап еді ғой.

– Дұрыс айтасыз, Қабай екі томын 14 жыл тәржімалаган. Өкініштісі аударманың көркемдік деңгейі өте төмен. Сол үшін де таралымы 1000-ақ дана болды. Біріншіден, Қабай қазақ емес, екіншіден, ол әдебиетші де емес. Бірақ Қабай «Абай жолына» түрен салып, бізге жол ашты. Сол себепті Қабайды құрметтеймін.

– «Абай жолына» кірігуге Қабайдың аудармасының нашарлығы әсер етті ме, жоқ басқа себептер болды ма?

– Ол да бар. Ең басты қозғау салған кісі – бұрын ШҰАР-да жоғары лауазымды басшылық қызмет жасаған, қоғам қайраткері Жәнәбіл Сымағұлұлы болатын.

– Демек, кітап сәтімен тәржімаланып болса, баспа да дайын ғой.

– Баспа дайын. Шаңхайдың Әдеби аударма баспасымен келісімшартқа отырдым. Бұған кететін қаржы – 110 мың юань. Менің баспаға берешегім – 60 мың юань.

– Қай жылы бітіріп болмақшысыз?

– Құдай қаласа 2012 жылы бітіремін.

Аудармашы Қ.Тәбәрәкқызы жұбайы Серғазы Байжұмаұлымен бірге. 7 ақпан, 2008 ж.

– Басқа қандай кітаптар тәржімаладыңыз?

– Қытайдағы 37 ақын, жазушының таңдамалы еңбектерін қытай тіліне тәржімаладым. Бастыларын айтар болсам: ақын Таңжарық Жолдыұлының «Таңдамалы өлеңдер жинағы», жазушы Шәміс Құмарұлының «Ертіс кілкіп ағады» романы және «Қазақ халық ертегілері» қатарлы еңбектерім қытай оқырмандарын тәнті етті. Бұлардан сырт, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қалың елім – қазағымды» аудардым. Ал Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың «Құзбасындағы аңшының зары» деген еңбегін тәржімалап Шыңжаң жастар баспасына бергеніме биыл 5 жыл болды. Өкінішке қарай, әлі жарық көрмей отыр. Себебі, баспа кітаптағы келіспеген жерін қысқартып тастау талабын қойып отыр. Мен ол ұсынысқа келісім бермей отырмын.

– Басқа баспаға беріп көрмедіңіз бе?

– Шаңхай Әдеби аударма баспасы сұрап еді, оларға бермей отыр

– Неге?

– Өйткені баспа мен менің арамда заңды келісімшарт бар.

– Кино, телефильмдерді аударуға қатысасыз ба?

– Әрине, қатысамын. Қытайдың фильмдерін қазақ тіліне, қазақтың фильмдерін ханзу тіліне тәржімалаймын. Қазақстанда жасалған «Көшпенділер» фильмін мен қытайшалағам.

– «Шоқ жұлдыз» деген оқу орталығын ашыпсыз. Аталмыш оқу орны туралы айта кетсеңіз?

– Менің жолдасым Серғазы Байжұмаұлы – Қытайға белгілі суретші. Отағасымен ақылдаса келе Санжы қаласынан «Шоқ жұлдыз» атты оқыту орталығын аштық. Орталықта қазақ балаларын қазақ тілінде оқытуды негіз етіп, компьютер, орыс тілі, ханзу тілі, ағылшын тілі, сурет мамандықтары бойынша қызмет етеді. Қазірге дейін талай ханзу, ұйғыр, қазақ балаларын түлетіп ұшырдық. Олардың жетпіс пайызы өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр, алды Қазақстанға жол тартты. Ал Қазақстаннан келіп қытай тілін оқып жатқан жастар да бар. Тұрмысы төмен отбасының балалары мен мүгедек балаларға қамқорлық жасап, олардан оқыту және жататын орын ақысын алмаймыз. Оқыту орталығында жоғары оқу орнын бітірген 18 қызметкер жұмыс жасайды.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп атамыз қазақ бекер айтпаған ғой. 2008 жылы сәуір айында, әдеби шығармаларды қазақ тілінен қытай тіліне аударуу жолында тырбынып жүрген 14 талантты аудармашының басын қосып «Шоқ жұлдыз» әдеби аударма орталығын құрдым. Орталықтың мақсаты – қазақ ұлтының классикалық шығармаларын, ауыз әдебиет үлгілерін қытай тіліне тәржімалап, қазақ мәдениетін қытай ұлтына таныту және мықты шәкірттер тәрбиелеу.  Себебі, Қытайдағы қазақтар атом жарып, зымыран ұшырып отырған жоқ. Өзіне тән ұлттық өнеркәсібі де болмаған. Осындай бола тұрып қазақ қалайша өзге ұлтпен иық тіресіп келеді? Өйткені, қазақ мәдениеті  керемет қасиеттерге ие. Бұл қасиеттерді оның әдебиетінен, музикасынан аңғаруға болады. Біз бұларды зерттеп жүйелеп, өзгелерге білдіруіміз керек.

Қайша Тәбәрәкқызының отбасымен бірге түскен сурет. Санжы қаласы, 7 ақпан 2008 ж.

– Аталмыш орталық алғашқы жұмысын немен бастап отыр?

– Қазақстанның 15 таңдаулы ақынының өлеңін тәржімалаудан батадық.

Әр ақынның 10 өлеңі жинаққа кіреді. Қазір 7 ақынның өлеңдерін тәржімалап болдық. Қалған 8 ақынды саралап жатырмыз.

– Жеті ақын кімдер екенін айтасыз ба?

– Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Нұрлан Оразалин, Жәркен Бөдешев.

– Кітап дайын болса, қай баспадан жарық көрмек?

– Орталық Ұлттар баспасынан жарық көреді.

– Оқырмандарыңызға соңғы айтар тілегіңіз?

– Екі елдің достығы ұзағынан болып, мәдени, рухани байланыстар жиілей түсуін тілейміз. Мәдени байланыстар қазақстармен ғана шектеліп қалмай, ішкі қытайға да жетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінге дейін шыны керек, қытайлар қазақ мәдениеті мен әдебиетінен хабарсыз болып келді. Ал біз Қазақ елі мен Қытай арасына рухани алтын көпір салмақшымыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы,

Алматы – Санжы – Алматы.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1671