Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5407 0 пікір 27 Мамыр, 2009 сағат 09:01

Балалар театры атына заты сай ма?

Іссапармен Мәскеу қаласына жолымыз түсіп, Н.И.Сац атындағы балалар музыкалық театрының спектаклін көру мүмкіндігіне ие болдық. Рас, театрға сәл кешігіп келгенбіз. Неге десеңіз, кассадан қойылымға билет табу мүмкін болмады. Алматыдан Мәскеуге аз ғана уақытқа келгенімді айта жүріп, театр әкімшілігінің рұқсатымен ішке әзер кірдік. Театрдың ат шаптырымдай үлкен залы балаларға, ата-аналарға лық толы екен. Кезекші қосымша орындық әкеліп, мен де көпшілікпен бірге назарымды сахнаға аудардым. Спектакль алдында театрдың жауапты қызметкері, Н.И.Сацтың қызы Роксана Сац кіріспе сөз сөйледі. Бұл театрдың тарихында бұрыннан қалыптасқан дәстүр екен. Балаларға ұғынықты тілмен опера мазмұнын, шығарманы көріп, тыңдау ерекшелігін, жас көрермен өзін залда қалай ұстау керектігін түсіндірді. Осындай тәрбиелік мәні зор әңгіменің әсері болар, екі сағаттан артық уақыт жүрген спектакль үстінде залда басы артық күбір-сыбыр мен жүріс-тұрыс байқалмады. Көрермен назары орыс халық ертегісі негізінде жазылған Н.Римский-Корсаковтың “Сказка о Царе Салтане” операсынан ауытқымады. Тамаша музыкамен өрнектелген ертегі-операның орындалуы мен сахналық шешімі, әрине, бөлек әңгіме.

Амангелді МҰҚАН, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, театртанушы.

Іссапармен Мәскеу қаласына жолымыз түсіп, Н.И.Сац атындағы балалар музыкалық театрының спектаклін көру мүмкіндігіне ие болдық. Рас, театрға сәл кешігіп келгенбіз. Неге десеңіз, кассадан қойылымға билет табу мүмкін болмады. Алматыдан Мәскеуге аз ғана уақытқа келгенімді айта жүріп, театр әкімшілігінің рұқсатымен ішке әзер кірдік. Театрдың ат шаптырымдай үлкен залы балаларға, ата-аналарға лық толы екен. Кезекші қосымша орындық әкеліп, мен де көпшілікпен бірге назарымды сахнаға аудардым. Спектакль алдында театрдың жауапты қызметкері, Н.И.Сацтың қызы Роксана Сац кіріспе сөз сөйледі. Бұл театрдың тарихында бұрыннан қалыптасқан дәстүр екен. Балаларға ұғынықты тілмен опера мазмұнын, шығарманы көріп, тыңдау ерекшелігін, жас көрермен өзін залда қалай ұстау керектігін түсіндірді. Осындай тәрбиелік мәні зор әңгіменің әсері болар, екі сағаттан артық уақыт жүрген спектакль үстінде залда басы артық күбір-сыбыр мен жүріс-тұрыс байқалмады. Көрермен назары орыс халық ертегісі негізінде жазылған Н.Римский-Корсаковтың “Сказка о Царе Салтане” операсынан ауытқымады. Тамаша музыкамен өрнектелген ертегі-операның орындалуы мен сахналық шешімі, әрине, бөлек әңгіме.

Амангелді МҰҚАН, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, театртанушы.
Бұл жерде бізді театрға келген жас көрермендер үшін жасалған мерекелік көңіл-күй қатты қызықтырды. Ғимараттың балалар музыкалық театры деген атына заты сай екен. Театрдың негізін қалаған Наталья Сацтың идеясымен берер тәлімі мол ішкі көркем безендірілуі, барлығы бүлдіршіндерге ыңғайлы. Бұл орта “театрға бару мереке, театр – тәрбие мектебі, театр – тәлім, рухани азық алар храм” екенін шынымен-ақ еске салды.
Баланың аты бала. Қай жерде жүрмесін жүгіріп, секіріп ойнауға бейім. Театр ұжымы кішкентай көрерменнің осындай ерекшелігін ескерген. 15-20 минуттық үзілісте балалар фойеде орналасқан арнайы жасалған бұрыштарда, бөлмелерде өздерінің көңілі қалаған істерімен, ойындарымен айналысуға мүмкіндік бар. Әр алуан экзотикалық құстардың әні, әртүрлі гүлдердің жасыл желекке малынып тұруы бұл ортаның экологиялық атмосферасының бүлдіршіндерге қолайлы¬лығын дәлелдей түскен. Кең холлға шыға берісте отыра қалып қойылымнан алған әсерлерін көркемдеп, қағаз бетіне түсіруге не қажеттің бәрі алдын-ала дайындалған. Міне, өздері көрген спектакльден алған әсерлері мен ойларын балалар сол сәтте-ақ қағаз бетіне түсіріп жатыр. Арнайы бөлмедегі рояльдың маңына топтасқан балалар да өздерінше мәре-сәре. Кеңестік дәуірден құлаққа сіңісті болған “Бар жақсы балалар үшін!” деген ұранның бұл театр шаңырағы астында толығымен іске асқандығына көзіміз жетті. Осы ертегідей балалар әлемінің ортасында жүріп бәріне қызыға, қызғана қараған біздің көкейімізде “біздің балалардың халі қалай?” деген сұрақ тұрды.
Қазақстанда да дәл осы мақсатта жұмыс істеу үшін құрылған, кезінде Мұхтар Әуезовке армандай болып көрінген Балалар мен жастар театры (ТЮЗ) алғашында орыс, кейін қазақ труппалары болып қырқыншы жылдардың екінші жартысында есігін айқара ашты. Бұлай деуіміздің өзіндік себебі бар. 1930 жылы Мәскеуде өткен Жазушылар одағының кезекті пленумынан кейін М.Әуезов “Будем писать для детей” атты мақала жазды. Онда жазушы: “Ко мне часто обращаются с просьбой прислать детскую пьесу. На нее необходимо ответить не письмами, а произведениями. Но такого ответа у меня нет и тут мало сказать, что я чувствую смущение перед этими детьми. Внутренне я никогда не отказывался от этого замечательного, благодарного вида литературного творчества, наоборот, ношу в себе желание написать причем даже конкретно, и детскую повесть, и пьесу для детей”, – деген болатын. (М.Әуезов. Шығармаларының 50 томдық толық жинағы, 16 том. Алматы, “Жібек жолы”, 2004.) Бұл қазақ кәсіби драма театры өз еңсесін жаңадан көтеріп жатқан, балаларға, ересектерге деп жіктеп бөле-жару туралы сөз қозғаудың ертелеу кезі. Соған қара¬мастан, балаларға арналған шығармалар жазу жайлы айтылған ойынан ғұлама жазушының сол кездің өзінде Қазақстанда балаларға арналған арнайы театр құру мәселесін алғашқылардың бірі болып көтергендігін көреміз. Оның: “Я охотно поработал бы и над детской пьесой, но отсутствие ТЮЗа у нас, отсутствие как бы проверочного участка, соответственно требованиям которого формировалась бы детская пьеса, задерживает писателей в их работе над детским репертуаром”, – деген пікірі де біздің бұл ойымызды айқындай түседі. Бұл театр республикада түбінде құ¬рылуы керек, бірақ қашан ұйымдас¬ты¬рылары белгісіздеу шаруа болатын. Орыс ағайындардың: “Не было бы счастье, да несчастье помогло” дегеніндей, балалар театрының керегесі Қазақстанда ойламаған жерден қиын-қыстау кезеңде қаланды.
Екінші дүниежүзілік соғыс қызу жүріп жатқан кезде Алматыға жер аударылып келіп, опера театрының режиссері болып қызмет атқарған тамаша ұйымдастырушы Наталья Сац балалар театрын ұйымдас¬тыруды қызу қолға алды. Алғашқы сәтінен бастап М.Әуезовтың театрдың бой көтеруі¬не қосқан үлесі зор десек, Н.Сац өзінің кітабында былай дейді: “Я не думаю, что есть человек, который бы лучше, чем он, знал и больше любил историю культуры Казахстана. Он ценил людей, которые искренне хотели и умели приносить пользу родине, и с момента строительства театра для детей и юношества Казах¬стана я обращалась к нему постоянно как к сокровищнице знаний. Он охотно вошел и в художественный совет нашего театра, смотрел спектакли, поразительно глубоко анализировал наши пути-дороги. ... он стал подлинным вдохновительем организации в ТЮЗе труппы на казахском языке”. (Новеллы моей жизни. Москва, “Искусство” 1984.) Сөйтіп, қиын кезде елінің болаша¬ғын, ұрпағының ойлы, зерделі азамат болып өсіп жетілуін ойлаған ел ағаларының қызу араласуымен кездескен әр түрлі кедергілерді жеңе отырып, қазақтың қара домалақтары үшін берер тәлім мен ұлағаты мол екі бірдей театр (орыс, қазақ труппа¬лары) ұйымдастырылып, жұмысын бастап кетті.
Содан бері негізгі арқалар жүгі мен атқарар қызметі атауынан айқын көрінетін Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрының тарихы бүгінде алпыс жылды артқа тастапты. Жеткіншектерді бала бақшадан, мектеп жасынан бастап рухани құндылықтарды игеруге тәрбиелеуге атсалысқан болып, басында осы бағытпен жұмыс істей бастаған балалар театры бүлдіршіндердің көзайымына айналып, жақсы қойылымдармен көріне алды. Осы аралықта көп шаруа тындырған театр кейіннен академиялық деңгейге көтерілді. Республикалық, халықаралық бәйгелерге қатысып, оза шапқан театр ұжымының жұмыстары мамандар назарына ілікті.
Бірақ бұл жетістіктердің барлығы театр¬дың тікелей ұстанған саласы мен бағыты бойынша емес еді. Өйткені, өзінің басты ұстанымына айналған балалар репертуа¬рына жеткілікті мән бермеген ұжым ата-ана мен мектеп мұғалімінің жетегінде болатын кішкентай бүлдіршіндердің сүйікті тұрағына айнала алмады. Бұл әр жылдар¬дағы театр репертуарындағы спектакль¬дерден көрініс тапты. Әріптесіміз, театр зерттеушісі Бақыт Нұрпейіс өзінің “Қазақ¬тың жастар мен балалар театры” атты монографиясында жастар театрының өзін¬дік ерекшеліктерін, репертуарлық саясатын саралай келіп: “1970 жылдардан 1986 жылға дейін балабақша бүлдіршіндері мен төменгі сынып оқушыларына арналған бірде бір премьера жарық көрмепті. Осыдан-ақ театр өзінің негізгі міндетінен алшақтап, тоқырау торына іліккені көрініп тұр”, – деген ой айтады. Бұл түсінген адамға көп нәрсені байқатып тұр. Өкініштісі, театр аталмыш кезеңнен кейін де өзінің тікелей міндетін орындаудан бойын аулақ салуында. Мәртебесі бөлек өзге театрлар секілді тиіп-қашып сахнаға әкелген қойылымдары театрдың негізгі репертуарлық бағыт-бағдарын айқындап, балаларға арналған дүниелердің саны мен сапасына оң өзгеріс әкеле алмаған.
Республикадағы барлық театрлардың репертуарында балаларға арналған спек¬такль¬дер азды-көпті қойылып келеді. Сол елуге жуық театрлардың ішінде жалғыз әкем¬театр ғана өзінің академиялық биігінен кішкентай бүлдіршіндерге, балалар шығармаларына күні бүгінге дейін иілмей келеді. Оларға бұл сала академиялық дең¬гейін түсіретін немесе аяққа тұсау болатын тәрізді. Алматыда арнайы балалар театры жұмыс істей бастаған соң барлық эксклю¬зивтік құқықты “жомарттық жасап”, солар¬ға бере салған болар деген де ой келеді. Жастар театры ашылғанға дейін балалар үшін бірде-бір спектаклдің қойылмағанына репертуарда болған спектакльдер тізімінен көз жеткіздік. (Қазақ театрының тарихы, І том, Алматы, “Ғылым” 1975.) Ал осы басылымның екінші томында берілген ре¬пертуардан бір-екі ғана балалар спектаклі¬нің атауын кездестірдік. Театрдың бұрынғы жетекшісі, Т.Жаманқұлов балалар репер¬туары болғанын, Әзекеңнің (Ә.Мәмбетов¬) жетекшілігі кезінде Тұқаң өзі талай балалар қойылымына қатысқанын айтады. Ал, өзі директор болған кезде осы сұранысты қанағаттандыру үшін ашылған “Сезам” театры кейін жеке отау құрып бөлініп шығып, барлық қысқы, жазғы демалысы кезінде театрда балалар қойылымдарын көрсеткені де есте. Алайда, қазір әкем¬театрдың шаңырағының астын паналап, репертуарлық саясатын өз қалауынша нарықтық қатынасқа сай жүргізетін бұл жекемен¬шік коммерциялық театр. Ұстанған бағыты жаңа жыл мерекесінде (наурыз емес) лазерлі шоу қойылым жасап, мүмкіндігін¬ше көп пайда тауып қалу. Ал бас театрдың репертуарында тұрақты жүретін балаларға арналған спектакльдердің болмауы себепті кішкентай көрермендердің бұл театрға салған ізі жоқ. Осы салаға республиканың бас театрының жеткілікті мән бермеуі де театрлар арасында бәсекелестіктің бол¬мауына, жаңа драмалық шығармалардың жеткілікті қойылмауына алып келген. Қалыптасқан бұл дәстүр сіресе қатқан сеңдей көбесі сөгілмей жалғасып келеді. Тәуелсіз ел болған бүгінгі кезең бүлдір¬шіндерге эстетикалық тәрбие беру ісінде, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді жас балалар аудиториясынан бастауға белсене атсалыстырудан біздің бұл театрларымыз неге шет қала бермек? Бұл мәселеге жо¬ғары жақтан, арнайы мекемелер тарапынан қозғау салмаса театрлар өз бетінше ізденгісі жоқ секілді. Ал театрдың балаларға арналған өзіндік тартымды репертуары болса бір жарым миллионнан астам халқы бар қаладан өздерінің жас көрермендерін айырып алатынына сеніміміз кәміл.
Балалар мен жастар театрына жетекші болған режиссерлердің сахнада өздерінің жеке шығармашылық амбициясын көбірек ойлағандықтарынан шығар, балалар театры репертуарлық бағытына түбегейлі өзгерістер енгізіп, өзіндік жолын, өзгелерге ұқсамай¬тын даралығын жоғалтып алды. Театр балалар әлемі мен ересек көрермендер арасын жалғайтын алтын көпір бола алмады. Екіншіден, бұл театр өзінің басым бағыты болуға тиісті ұлттық драматургтер тарапынан балаларға арнап шығарма жазылуына, оларды театр сахнасына көптеп қоюға мұрындық болатын алаңқай ретінде арнайы құрылғанымен (“проверочный участок”) шынайы шеберлік шыңдайтын шеберханаға да айнала алмаған. Осыдан келіп бүгінгі республикадағы елуге жуық театрларымыз репертуары балаларға арналған сапалы пьесаларға күні бүгінге дейін жарымай, шөліркеумен келеді. Мәселенің төркініне үңілсек, бұл көп жағдайда әркім өзіне тиесілі ісімен тікелей айналыспауынан деп білеміз. Театр әу бастан көрермендердің арнайы контингенті – балаларға арналған соң осы салада респуб¬ликаның көптеген театрларының бірегейі ретінде жастар мен балалар репертуарын қалыптастыруға, жасөспірімдерге арналған спектакльдерді қоюда көшбасшы болуы керек еді. Өкінішке орай, бұл бағытты театр берік ұстана алмаған. Мұны дер кезінде көрсетіп, жолға салып отыратын бақылау органдарының белсенді болмауы репертуарлық саясаттың бас режиссердің жетегінде кетуіне алып келген. Б.Нұрпейіс: “...осы театрда қызмет істеп бас режиссер болған Е.Обаев, Мен Дон Ук, В.Пұсыр¬манов, М.Байсеркенов, Ж.Хаджиев тәрізді білікті де білімді режиссерлердің ешқай¬сысы да балалардың жас ерекшелігіне лайық¬ты спектакльдер шығаруға көңіл бөл¬меген. Олар балалар театрының специфи¬калық ерекшелігін біле тұра, бүлдіршін¬дерге спектакль қою мәселесіне “балалар драматургиясы жоқ” деген сылтаумен салғырт қараған” – дейді. Осы мәселеде театрдың бүгінгі жетекшісі Т.Теменовтің ұс¬танып отырған бағыты да осы режис¬серлердің қатарынан алысқа кете қоймаған.
Соған қарамастан, Алматыдағы екі академиялық театр көрермендерінің басым бөлігін мектеп оқушылары мен студент жастар құрайды. Бұл тенденция респуб¬ликадағы қазақ театрларының барлығына тән болғандықтан, балалар мен жастар аудиториясын қамтитын арнайы репертуар жа¬сауды мықтап ойластыру қажет. Театр¬дың шығарған өнімі – спектаклді негізінен мектеп жасындағы балалар мен жоғары оқу орны студенттеріне ұсына отырып, оларға қажет туындыларды өзінің сахналарына білек сыбана қоймауы ақылға сыймайтын жәйт. Иә, театрдың негізгі жалаулатып алып жүрер эстетикалық бағыт-бағдарынан ауытқушылық көзге ұрып тұр.
Бұл жерде біз жоғарыда атап өткен Мәскеу театрының залы мен сахнасындағы жас көрермендерге жасалған жақсы жағдайлар, олардың театрға келуін асыға күтетін иманжүзді жандардың жүрек жылуының жетпей жатқандығын көреміз. Әрине, мүлдем жоқ деп айтудан аулақпыз. Бар. Аз. Жеткілікті емес. Біздің театрларда көрерменге көрсетер қызмет сапасының төмендігі баланың театрға өз бетінше келуін қамтамасыз ете алмай жатады. Әзірге оларды мектеп директоры мен театр әкімшілігінің келісімі арқылы “барсаң да барасың, бармасаң да барасың” дегендей, үзілді-кесілді шешіммен күштеп әкелу басым. Театрлар залды көрермендермен толтыру проблемасын осындай жолмен шешуде.
Жақсы қойылымдармен бала жүрегін жаулап алу арқылы олардың театрға келуін әдетке айналдыратын құбылыстың жаппай болмауы біздің театрлардың әлсіз тұстары¬ның бірі. Әр жастың өзіндік ерекшеліктерін ескерген, көрермен мен театр арасындағы шынайы түсіністікке құрылған екіжақты тең құқылы диалог жоқ. Диалогтың орнына ылғи еститініміз – театрдың бір сарынды монологы. Сонда көрермен пікірі қайда қалады? Солардың ішінде бүлдіршіндердің әлсіз үніне кім құлақ аспақ? Олардың талап-тілегіне құлақ аспау дегеніміз, бірінші кезекте ертеңгі осы театр залынан орын алатын ересек көрермендерінің жолын кесу болып шықпай ма? Бұдан ұтқан кім, ұтылған кім? Айтпаса да түсінікті.
Әр театрдың көрерменге эстетикалық азық беру үшін жасап жатқан өзіндік іс-шаралары да жоқ емес. Театрға келген көрерменге барынша ыңғайлы болуына, олардың театрдан жақсы көңіл-күймен шығуына қажетті мүмкіндіктер бар. Жүйелі, қызықты өтетін тәжірибелі ұстаздың сабағы іспеттес көрермендермен жақсы қарым-қатынас орнатқан театр¬лардың репертуары әр алуандығымен, көркемдік деңгейінің биіктігімен, көрерменінің көптігімен ерекшеленеді. Мұндай құбылысты өзіміз көзімізбен көрген Ақтөбе қаласының “Алақай” қуыршақ театрының мысалынан немесе Қарағанды қаласының музыкалық коме¬дия театрының заманауи менедж¬мент¬¬пен атқарған жұмыстарынан көрдік.
Көрермен мәдениеті жайлы да бірер сөз. “Театр киім ілгіштен басталады” деген театр классигінің ойы өміршеңдігін әлі күнге дейін жоғалтқан жоқ. Әу бастан актерлер мен көрермендер үшін мызғымастай болып орнатылған театрдың заңы көбінесе назарымыздан тыс қалып келеді. Сырт киімдерімен залға баса көктей кіріп, кезіп жүретін жастардың спектакль кезінде дауысын көтеріп дарақылана күлуі, ысқырып, жер тепкілеп, өздерінің эмоциялық әсерлерін тежеусіз, стадионда футбол тамашалап отырғандай көрсетуі, мобильді байланыс құралдарымен сөйлесуі өкінішке орай, театрда үйреншікті әдетке айналып кетті. Бұл біздің бүгінгі театрға сыналай еніп кеткен тобырлық мәдениеттің жағымсыз көріністері. Осылай жалғаса берсе, өскелең ұрпақ осыны үлгі тұтып қалмасына кім кепіл? Көрермен мейлі ол жас болсын, жасамыс болсын театрдың ішкі тәртібіне толықтай бағынуы керек болса, сол тәртіптің тұрақты, босаңсымай жүргізілуіне театр әкімшілігі тікелей жауапты. Ол үшін бұрын мұндай тежеуді естіп білмеген жастарға этикет мәселесін тұрақты, әрі орнымен талап ететін ескертулер жасалар болса, екінші рет театрға келгенде әлгіндей теріс әдетін қайталамас еді. “Осы тәрбиелеу жұмысын қай кезден, қайдан бастау керек” – деген мәселеге келсек, балалық шақтан, қуыршақ театрының спектакльдерінен, мектептен, балалар театрының кіре берісінен тағысын-тағылар деп жалғастыра беруге болады. Әйтпесе уақыт өте келе жалпы мәдениет¬тілік деген ұғымның ауылы жас бүлдір¬шіндер санасынан алыстай берері анық.
Қалай десек те, театр – балалар үшін мереке, демалыс орны. Баламен бірге театрға барып, оның алған алғашқы әсері мен қуанышын бөлісу ата-ана үшін зор бақыт деп білеміз. Біздің театрларда отбасы түгелімен жиналып, спектакль көрсететін¬дей мүмкіндіктер жасалып жатса, көрермен үшін қуаныштың үлкені сол болар еді. Осындайда біз көріп тамашалаған белгілі сахна шебері Олег Табаков жетекшілік ететін А.Чехов атындағы Мәскеу көркем театрында қойылған  В.Ершовтың “Конек горбунок” шығармасы бойынша ертегі-спектаклі еріксіз еске оралады. Бұл спектакльдің аудиториясы ауқымды. Қойылым балалармен бірге ересектер үшін де қызықты болуымен құнды. Театр осы спектаклімен көрермендердің кешкі уақытта театрға отбасы болып келуі үшін өте қолайлы жағдай жасаған. Театрдың негізгі миссиясы ақша табу емес, көрерменге эстетикалық тәрбие беру, сахна өнері арқылы рухани әлемге бастау. Көрерменнің барлық категорияларын қамтуды мақсат тұтқан бұл театрдың қадамынан біздің театрларға да көп нәрсені үлгі етіп алуға болар еді.
Алматы қаласы – халық көп шоғырланған ірі мегаполис. Мұндағы театрлардың алуан түрлі болып келуі, барлық көрерменді қамти алуының маңызы зор. Солардың ішінде біздің ерекше назарымыздағы мәселелер: ана тіліміздегі балалар театрының хал-ахуалы, репер¬туарлық саясаты, атына заты сай толық¬қанды шығармашылық орта қалыптас¬тырып, кішкентай көрермендер көзайы¬мына айналуы болатын. Біз тек осы төңі¬ректе мәселе көтере отырып, өзге қуыршақ, музыкалық т.б. театрлар жөнінде айтқан жоқпыз. Олардың да шешілмей жатқан түйінді тұстары жетерлік, ол өз алдына бөлек әңгіме тақырыбы.
Осындайда қолда бар мүмкіндікті орнымен толық пайдалана алғанға не жетсін. Бізге арнайы құрылған балалар театрының іші бүлдіршіндердің сыңғырлаған күміс күлкісімен толғаны керек. Театр — өнер ордасын балалардың құлшыныспен келетіндей құтты орнына айналдыра алсақ, театр ұжымы үшін үлкен жеңіс те, бас жүлде де осы болмақ. Ел болудың да, бесікті түзеудің де басты шарты бүлдіршіндерге деген қоғамның жасайтын қолай¬лы жағдайынан, ықылас-ние¬тінен, оң көзқарасы¬нан көрінеді. Онсыз көңілінің гүлі жоқ қуыс кеуде ұрпақ¬тың өсіп-өнуіне себепкер біздер мен сіз¬дер бо¬ла¬ры¬мыз ан¬ық. Сіздер қа¬лай ой¬ла¬й¬сыз¬дар, ағай¬ын?!

ЖАҚСЫ ДРАМА ҰЛТ БАЙЛЫҒЫ

Жолтай  ЖҰМАТ, жазушы-драматург.

Осы күні қайсыбір баспасөз бет¬терінде “бізде театр өз дәрежесінде қалыптасып үлгерген жоқ, өйткені осы күнге дейін  өркениетті елдермен тайталаса алатындай драматургиялық шығармалар дүниеге келмей отыр” деген секілді пікірлер қылаң беріп қалады. Әсіресе, бүгінгі драма¬тургияға көңіл толмаушылық көп айтылады. Мұның бәрі де біржақты айтылған пікірлер екені анық.
Рас, қазақ топырағында драма¬тур¬гиялық туындылардың дүниеге келе бастауы – ХХ ғасырдың бас кезі. Біз профессионалдық драма¬тургия туралы айтып отырмыз. Ал, егер қазақтың трагедия һәм комедияға сұранып тұрған ерте ғасырдағы ертегі-дастандарын еске алсақ, онда сөз тереңге бастап кетер еді. Ол өз алдына бөлек әңгіме.
ХХ ғасырдың бастауында қазақ топырағынан шыққан М.Әуезов, С.Сәдуақасов, С.Сейфуллин, Ж.Ша¬нин, Б.Майлин, Ғ.Тоқжанов, О.Беков, Ғ.Мүсірепов секілді ірі-ірі драматургтер тұрған болса, олардың ізін ала С.Шаймерденов, Т.Ахтанов, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Мұртаза, Ә.Тарази, Қ.Ысқақов, С.Жүнісов, т.б. секілді талантты топ есік ашты. Ал, оларға жалғаса Д.Исабеков, Т.Әбдіков, Т.Нұрмағамбетов, С.Бал¬ғабаев, Б.Мұқай, Н.Оразалин, И.Сапарбаев, И.Оразбаев және т.б қалам иелері өздерінің жап-жақсы драмалық туындыларымен көп көңілінен шықты. Бұдан соңғы толқын қалай десек те, сирей бас¬тады. Тіпті өте аз, саусақпен санар¬лық десе де болады. Егер С.Асыл¬беков, Е.Аманшаев, Р.Отарбаев, Р.Мұқанова, Т.Ахметжанов секілді  жігіттер мен қыздар болмаса, онда қазақ драмасының халі қыл үстінде тұрғандай. Тіпті осы жас топ деп отырған қаламгерлеріміздің алды елуден асып, соңы қырықтың үстіне шығыпты.
Әрине, бұл жерде менің кейбір әріптестерім жергілікті жерлердегі “танылмаған” драматургтер туралы айта бастауы да ықтимал (Бәлкім, олардың арасынан да болашақта өте талантты драматургтер өсіп шығар, оған күдігіміз жоқ екенін де айта кетеміз.). Біздің әңгімеміз-қалып¬тасқан, драматургияны өз дәреже¬сінде меңгере алған қаламгерлер туралы болып отыр.
Ең алдымен жауап беретін сауал — бүгінгі күні сахналауға болатын дра¬малық шығармалар бар ма? Жазыл¬ды ма? Жауап біреу. Бар! Оған негіз болар  тірек – Мәдениет және ақпа¬рат министрлігі жылма-жыл өткізіп келе жатқан драмалық шығармаларға арналған грант. Міне, мұны жеңіп алған туындылар саны осы күні 20-30-ға жетті. Оған баспа арқылы соңғы жылдары жеке-жеке, кейде жинақ болып шығып жатқан драмалық шығармаларды қосыңыз. Аз шығар, бірақ бар.
Екінші мәселе – сол драмалық туындыларды өз дәрежесінде сах¬налайтын мүмкіндік бар ма? Жауап тағы да біреу. Бар! Драма театр¬ларының мүмкіндігі әбден жетеді.
Үшінші мәселе – сол драмалық шығармаларды сахнаға әзірлейтін режиссерлер мен оны сахнада ой¬найтын актерлер бар ма? Тағы да бар дейміз. Талантты, шеберлігі шың¬далған актерлер аз болар, бірақ бар ғой. Олар тек М.Әуезов пен Ғ.Мү¬сі¬ре¬пов театрларында ғана емес, облыс¬тық театрларда да әртүрлі роль¬дерді ойнап жүр. Ендеше, ауыз¬ды қу шөппен сүрте беру жөн емес.
Сондықтан да театрдың (әсіресе драма театрының) халыққа рухани тәрбие беріп, Отансүйгіштік сезімін оятып, ұлтты барынша ұйыстыру бағытындағы жұмысын орталықтан үйлестіру мәселесі күн тәртібіне қойылатын уақыт жетті. Республика көлемінде 50-ден астам драма театр жұмыс істеп жатқаны өзімізге белгілі десек, олардың арасында орыс, кәріс, неміс, ұйғыр, т.б. театрлары бар. Алайда, көпшілік пікіріне құлақ түрсек, көптеген театрларымыздың репертуары көңіл толарлықтай емес және бұл сөздің жаны бар. Егер көз сүзіп қарасаңыз, театр репертуар¬ларының басым бөлігі әлі күнге дейін шетелдік драматургтер туын¬дылары болып келеді. Рас, облыстық театрларда жергілікті авторлардың шығармалары қойылып жүр. Бірақ көбіне-көп олардың көркемдік сапасы сын көтермей жатады.
Осы орайда мынадай ұсыныс¬тары¬мызды да айта кеткіміз келеді: еліміздің барша театрлары өз жұ¬мысын ұлт саясаты мен ел мүддесіне ыңғайлап, үйлестіре жүргізуі қажет. Ол үшін репертуарды жақсартып қана қоймай, қойылымдардың идея¬лық мазмұнына да баса назар аудару керек. Яғни, дүниежүзілік класси¬камен қабат елге аты мәлім ұлт драматургтерінің (әсіресе, қазіргі драматургтердің) шығармалары да қойылуы міндет болуы тиіс. (Кем дегенде -50 пайызды қамтыса өте дұрыс болар еді.); драма театр¬ларының репертуарлары заманға сай сапалық дәрежеге көтерілуі үшін салалық министрлік жанынан тұрақ¬ты жұмыс істейтін арнаулы сарап¬шылар алқасы (не комиссия) құрыл¬са, нұр үстіне нұр. Оған белгілі режиссерлер, театр сыншылары мен драматургтер тартылса құба-құп; театрларымыздың мұң-мұқтажы, проблемалары һәм өсу деңгейі әрдайым сарапқа салынып отыруы үшін салалық журнал шығару қажеттігі туындап отыр. Біздің ойымызша, оны – “Театр және драматургия” деп атағанымыз жөн. Және бұл журналға салалық министрліктің мәдениет комитеті тікелей басшылық жасағаны абзал. Мұндай журналдар көршілес Ресей топырағында бір емес, бірнешеу. Бұл журналда тек театр мәселелері ғана емес, жаңадан жазылған пьесалар, сценарийлер, скечтер, т.б. жарияланып отырса, тіпті дұрыс; ұлт драматургтерінің халық жылы қабылдаған ең озық туындыларын әлемге таныту мақсатында алыс-жақын шетел театрлары ұжымымен тығыз байланыс орнатып, қазақ пьесасын сол елдерде жиі-жиі сахналауды қолға алған жөн. Мұны да арнаулы алқа сараптап, жүйелеп отырғаны жөн-ақ; сөз жоқ, ұлттық драмалық шығармалар өзге мем¬лекетте сахналануы үшін ол әуелі сауатты аударылуы керек. Оны кім жүзеге асырады? Бұл — үлкен мә¬селе. Біз мұндай проблеманы кешегі кеңестік кезеңде де бастан кешірдік. Бүгін де сол қиындық мойнымызға артылып отыр. Өйткені, аударма жұмысы – өте ауыр еңбек. Әсіресе, көркем шығарманы екінші бір тілде сол әуезді қалпында жеткізу – қиынның қиыны.
Осы ретте айтарымыз – біз тәуелсіз мемлекет болған соң, өзі¬міздің ұлттық құндылықтарымызды өзге елдерге таныстыру үшін, ең алдымен аудармашыларды көптеп әзірлеуге күш салуымыз керек. Жоғары оқу орын¬дарының жанынан арнаулы факультет не болмаса оқу тобын ашып, оған шәкірттер қабылдау қажет. Олар ағылшын, орыс, түрік және т.б. тілдерге машықтанып, күні ертең ұлт туындыларының үздігін сапалы аударатын болар еді.
“Әдебиеті мен өнері ұлы болмаған” (Ғ.Мүсірепов) елдің өзі де ұлы бола алмайтыны біз айтпасақ та белгілі ғой.
Тағы бір жауап бере кететін мәселе – театр саласына жоғарғы басшылық тарапынан ықылас қандай? Біздіңше, билік тарапынан театрлар қысым көріп жатқан жоқ. Тіпті, “болса болсын, болмаса қойсын” деген немқұрайдылық та байқалған емес. Әсіресе, жергілікті жерлер¬дегі театрлар толық еркіндікте жұмыс істеп отырғанын айтуға тиіспіз. Тіпті олардың басшы¬лары “бізге жоғары жақтың нұс¬қауы керек емес, нені сахналай¬тынымызды өзіміз білеміз” деген сөзді жиі айтады десем, осындай өзімбілемділіктің сал¬дарынан бірқатар облыстардағы драма театрларының репер¬туарлары көркемдік жағынан төмендеп барады. Оларды әлі де болса ұстап тұрған – әлемдік классика! Оны мүлде сахналау керек емес десек, онда қателікке ұрынар едік. Алайда, әр елдің театры ең алдымен өз жұрты мәдениетінің насихатшысы болуы керек екенін естен шығармаған жөн.
Әрине, жергілікті жерлердегі драма театрларында көбіне-көп кәсіби режиссер де, білікті актер де жетіспей жатқаны жасырын емес. Оны да күн тәртібіне мықтап қоймай болмайды. Біздегі өнер академиясында оқып жатқан жас таланттар осы олқылықтың орнын тезірек толтыруы қажет-ақ.
Драматургті қамшылайтын да, шыңдайтын да – ең алдымен режиссер! Режиссердің жан дүниесінде тоқмейілсу байқалса,  оның рухани тоқырағаны.
Бүгінгі таңда, құдайға шүкір, еліміздің түкпір-түкпіріндегі драма театрларында тәжірибесі де, таланты да толысқан, өнерге шын жаны ашитын режиссерлер баршылық екенін де айтуға тиіспіз. Алматы мен Астанадағы Е.Обаев, Ж.Хад¬жиев, Ә.Рахимов, Н.Жақыпбаев¬тарды айтпағанда, Павлодардағы Ерсайын Тәпенов, Қызылордадағы Хұсейін Теміров, Түркістандағы Ерғали Оразымбетов, Талдықорған¬дағы Мұрат Ахманов, Атыраудағы Шапай Зұлқашев, Тараздағы Қуандық Қасымов, т.б. режиссерлер әлі де ел жүрегіне жететін жақсы қойылымдар сыйлайтынына сенім мол. Тек олардың шығармашылық ізденуіне мейлінше жол ашылған ба деген сауал алдымызды кес-кестейді.
Сөздің тоқетер түйіні – ХХІ ғасырдағы қазақ театр өнері өз дәуірінің, өз кезеңінің үні бола білуі керек. Ол ұлтты ұйыстыруға, ел мен елді табыстыруға һәм жұртшылық жүрегіне жылылық нұрын құюға қызмет еткені абзал. Солай болуы тиіс те.
Таяуда Елбасымыз Н.Назарбаев¬тың Алматыда М.Ю.Лермонтов атындағы орыс драма театрында болып, ұлт театрларының алдында тұрған бүгінгі келелі міндеттері туралы ағынан жарыла айтқаны өзімізге белгілі. Ендеше, сол міндеттерді орындауға, театр саласындағы олқылықтарды бәріміз бірігіп шешуге тиіспіз.
Ендеше, Қазақстан Жазушылар Одағының кезекті пленумы осы драматургия проблемаларына арналып өткізгелі отырғаны да көңілге қуаныш ұялатады.

 

“Егемен Қазақстан” газеті №184-187 (25584) 27 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407