Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 13907 0 пікір 26 Тамыз, 2015 сағат 08:54

Тауфих Шеғиров. КЕЛЕШЕК ТУРАЛЫ РОМАН – ФЭНТЕЗИ(ТОЛЫҚ НҰСҚА)

 1

 

Миләдиден бергі 2230 жылғы 5-шілденің талма түсі болатын. Күн кірпігінен от тамып, ақ шағыл құм беті  май шыжғырған табадай жер-дүниені қуырып тұр. Сэр Роберт Бакпайоф-Джонсонның шалқыған көк мұхит, ну ормандар мен өркеш-өркеш тау сілемдерін көктей өтіп, Оршүтстанның шегіне іліккеніне де сағат жарымнан асып барады. Құм көшкен тұлдырсыз қу медиеннің ұшы-қиыры жеткізер емес. Көкжиекке дейін көлкіген сағым ғана әрнәрсенің елесіне ұқсап мың құбылып, көз алдайды. Осынау шет-шегі бітіп бермейтін құм далаға құлази қарап , біраздан соң сэр Роберт қобалжи бастаған. Шынымен адасып, абайсызда Африкадағы Сахара шөліне шығандап кеткеннен саумын ба осы деген  күмән көшті көңілінен. Алдындағы компьютер экраны мен картаға сенбей, спутник арқылы диспетчер орталығымен байланысып, координатын хабарлап еді, ешқандай ауытқымапты. Бағыты дұрыс. Енді бір жиырма шақты минутта межелі жеріне жетпек. Көңілі жайланып, езуінде түтіндеген  сигарын құшырлана сорды.

Сэр Роберт елуді еңсеріп тастаса да қапсағай, сидам денесінде бір қырым арам ет жоқ,  бойы тіп-тік, серпінді, шымыр. Сом иығы шолақ жең қоңыр жейдеге сыймай тырсиып тұр, серейген қол-аяқтарының сіңірі ширатқан болат сымдай білем-білем. Әлбетте, қаршадайынан алақанының сүйелі бес елі боп ескек есіп келе жатқан адамның денесі шарболаттай болмағанда қайтеді. Монтананың шатқал бұзған ақ көбік өзендерін каноэмен бойлай жүзіп, қаншама рет теңізге шықты десеңші. Амазонканың таудан құлап, тасқа шапшып өкірген ағыстары да бұдан қалған. Әйтеуір тасқынды су, тулаған толқын десе, қаны ойнап, қолтығына қанат біткендей көңілі шарқ ұрып шабыттанып кетеді. Күні бүгінге дейін аптасына бір рет Калифорния жағасындағы таудай толқындардың жалына жабысып сноуборкпен сырғанамаса көңілі көншіген емес. Серіппедей солқылдаған зор тұлғасы мен қабақ астынан үңірейген қоңырқай  суық көзін, көктұқыл шақпақ иегін көргенде-ақ жүрегің солқ етіп, кезінде сұрапыл киборгтың өзі болғансың-ау деген ой қашады көкейіңнен.

Сэр Роберт – АҚШ-тың белді сенаторлардың бірі. Калифорния штатынан сайланған. Оршүтстан үкіметінің арнайы шақыруымен келе жатқан беті. Ертең – осы елдің ұлттық мейрамы. Мемлекеттің негізін қалаушы күн сипатты ұлұғ сәруардың туған күні. Үлкен бір елдің ресми өкілі болса да халықаралық рейспен ұшпай, әдейі өзінің екі кісілік шағын флайерімен шыққан. Мұндай сапардың сәті күнде түсе бермейді ғой, әйтеуір жолаушылап шыққан соң, ешкімге кіріптар болмай ел-жер көріп, еркін саяхаттап қайтқанға не жетсін. Флайерге мінсе, өзін қанатты құстай еркін сезінеді: қалай ұшам, қайда қонам демейді, шаңғысын жайып айдынның үстінде сырғи береді,  шассиын түсіріп алақандай жерге де қона кетеді. Бұл бір, айтты-айтпады,  техникалық ақыл-ойдың соңғы ғажабы. Әлем ғалымдарының ғылымның әр саласындағы ашқан озық жаңалықтарының басын құрап, жапон қонструкторлары жасап шығарған. Жер бетіне әлі көп тарай қойған жоқ. Американың өзінде мына өзі сияқты санаулы байларда ғана бар. Әуеде қалықтап жүрген түйеқұстың жүмыртқасы сияқты. Сопақша, сүйір. Мініп ал да ұша бер. Жарық та, қараңғы да, дауыл да, жауын да – бәрі бір, оған  ештеңе кедергі емес. Адамзаттың бүкіл даналығын бойына сыйғызған ғаламат ақылды машина. Құлаймын не адасамын-ау деп қорықпайсың. Биіктікті де,  жылдамдықты да өзі реттейді. Алдындағы сәл кедергіден био-магниттік өріс арқылы бағытын кілт өзгертіп айналып өтеді. Барар жеріңнің координатын компьютердің миына енгіз де кофеңді ішіп көсіліп отыра бер. Энергиясы шексіз. Өйткені желдің екпіні, күннің қызуынан бастап, ең аяғы әжетханадағы нәжістен ұшқан газға дейін ол үшін сарқылмас қуат көзі.

Баяғының адамдарының ой-санасы қандай шектеулі болған десеңші. Осыдан жүз жылдай бұрын бүкіл энергиялық қуатты мұнай деп аталатын органикалық заттан өндіріпті. Сан ықылым замандар бойы жер қойнауында жатқан өсімдіктер мен жан-жануарлардың шіріндісі. Сол үшін соғысып-қырқысқан. Күші мығым бір ел екінші елді жаулап, мұнайлы аймақтарын басып алып отырған. Қысқасы, мұнай әлемдік экономиканың бірден бір қозғаушы күші еді. Халықаралық валюталардың құны биржадағы мұнай нарқымен өлшенді. Бүкіл завод-фабрика, қаптаған транспорт мұнай өнімімен жұмыс істеді. Қара тұман түтіннен дүние тұншықты. Атмосферадағы азон қабаты жұқарып, ыдырап-тесіліп, шақырайған күн сәулесі жан шыдатпайтын. Антрактиданың мұзы еріп, мұхиттар көтеріліп, енді болмаса топансу қаптауға дәс қалған. Құдай оңдап, сол мезетте мұнай сарқылып, апаттың жолы кесіліпті. Әйтсе де ажалдан аман қалдық деп тәубаға келген адам баласы жоқ, «Құдайсыз қалғаннан мұнайсыз қалған қиын екен, ендігі күніміз не болады» деп дағдарысты. Көшпенділер сияқты, қайтадан ат-арбаға көше ме? Үйлеріне от жағып отыра ма бықсытып? Атом энергиясы қалай болғанмен тығырықтан шығарар жол емес. Бәрібір жаппай пайдалану қауіпті әрі уранның табиғаттағы қоры шектеулі. Қашан да тарихты алға жылжытатын тапшылық пен қажеттілік қой. Талмай ізденген көп марқасқаның бірі күндердің күнінде ұлы жұмбақтың шешуін тапқан, шектеусіз энергия алу үшін протонды орбитасынан қозғап, жылдамдығын сәл арттырсаң жетіп жатыр екен. Сол күннен бастап адамзат прогрестің жаңа сатысына қадам басты. Енді міне тырнақтай ғана қоспа пластина жер шарын жүз рет айналып шығам десең де артығымен жетіп жатыр. Жылдамдатылған протон жылу, жел, дыбыс, газ... кез келген сыртқы күштің әсерінен реакцияға түсіп шексіз энергия бөліп шығарады.

Аз уақыт ішінде жер шарының бір бөлігінен екінші бөлігіне көктей өтіп, климат төтен өзгергендікі ме, сэр Роберт делсал маужырап отыр. «Классиктің» екі шыны - аяғын ішсе де серги алар емес. Жағын жырта есінеп, көгілжім иллюминаторға селсоқ көз салған. Ұшы-қиырсыз ақшағыл кеңістік  ақтарыла төңкеріліп ақ теңіздей толқып жатыр. «Япыр-ау, неткен өлі дала, қыбыр еткен тіршілік жоқ!» Көкірегіндегі күрсінісі көк шыбындай ұшып шығам дегенше панелдегі қызылды-жасыл шамдар жыпылық қағып, Бородиннің «Қыпшақ биі» шалқып қоя берді. Онысы – межелі жерге жеттік, ұйықтап жатсаңыз, ояныңыз, мырза, деген белгі. «Мынау бітеу дала ғой. Қаласы қай жерде?» деп абдырап айналасына қарағыштағанмен көзіне астана атаулы үйреншікті ұлы шаһарлардың сұлбасы іліне қоймаған. Флайер қалықтап кеп дірілсіз    жайлап жерге қонды. Көк шардың бүйірі ойылып, есік ашылғанда, ұйтқыған жел бір уыс ыстық құмды үйіріп бетіне бір-ақ ұрды. «Мынау қайтеді-ей!» Лапылдаған ыстық ауаға қақалып, тісінің арасында шықырлаған қиыршықты түкіріп тастауға сэр атына лайықты сырбаздығы жібермей, еріксіз қолорамалымен аузын сүрткен боп амал қылған. Жерге төселген ұзын, қызыл жол кілемнің үстіне табаны тиер тиместен есіктің екі босағасына қаздиып тұра қалған еңгезердей екі жігіттің бірі төбесіне күн түсірмей қолшатыр тоса қойған. Тісі ақсия күлімдеп қарсы алдынан шығып, сәлемдесіп жол бастаған биік лауазымды ресми өкіл мен қос қапталда сап түзеп құрметті қарауылда тұрған сарбаздардың түр-тұлғасы мына өзі сияқты бүтіндей саксондық: жақтары қушия созылған, ақ кірпік, шикіл сары, еңсегей бойлы, арсиған  кесек бітім. Азиялық бір нышан жоқ. «Сонда бұл елдің халқы саксон тектес болғаны ма?» Ұзын-шұбақ былқылдақ қызыл кілемді қызыл судай кешіп келіп,  желге сатырлай желбіреген АҚШ-тың ала туы мен Оршүтстанның көк байрағының түбіне тоқтады. Екі елдің гимні ойналып болған соң анадайдағы есік пен төрдей керілген ақ лимузинге отырған. Биоэнергиямен жүретін машина сылаң қағып дыбыссыз сырғи жөнелді.

Сәлден кейін ақша құммен астаса аспанға тік өрлеген бозғылт таудың етегіне маңдай тіреп, айқара ашылған өрнекті дарбазадан аттағандары сол, айнала мүлдем басқаша бояумен көз арбап құлпырып сала берді. Күмбез астындағы қала! Қас қағымда Эдемнің жаннат бағына топ ете түскендей есі шығып аңтарылып қалды бір сәт. Қалғып кеткен жоқпын ба осы деп басын шайқап-шайқап қойды. Түсім дейін десе, ой-санасы айқын, бәрін ап-анық көріп тұр, өңім дейін десе, көңілі сенер емес. Қай жағыңа қарасаң да қалың ну, шайыры аңқыған самырсын мен қызыл арша. Сыңсыған мың сан жасыл желек самал желпіп, жұпар ауа сарайыңды ашады. Гавайидағы әсем қалалардың бірін Кіндік Азияға көшіріп әкеліп қоя салғандай. Қос жиегін пальма көмкерген кең де түзу көшелер. Баққа малынған сан пошымды коттедждерді өрлі-қырлы дөңдер жотасына қонжитып-ап көзден алып қашып барады. Қала жатаған. Тек аракідік күнге шағылысып он-он бес қабаттық әйнек офистер сораяды әр тұстан. Түс мезгілі болған соң ба, көшеде арлы-берлі жүрген биомобильдер некен-саяқ, жүргіншілердің дені велосипед мінгендер. Қыраттың иінінен мөлт етіп көрініп, қиғаш қалып бара жатқан көл жағасы жыпырлаған халық. Қайық есіп, суға шомылып мәз-мәйрам болған жұрттың дауысы тымық ауада еміс-еміс жаңғырып естіледі. Оршүтстанның соңғы астанасы шынында да кісі таңғаларлық екен. Қазіргі өркенниеттің мақтанышы болып отырған Нұрабат шаһарының атына сырттай қанық болғанмен, Жаратқан нәсіп етіп көріп тұрғаны осы. Ғажап! Жоқ, ғажап деген жай берідегі сөз, сыр-сипатын бейнелер сөзді адамзат әзірге ойлап таппағандай, әйтеуір көңіліндегі әсерге лайықты балама қапелімде тіл ұшына үйіріле қоймады. Қасындағылардың айтуынша, төбесі күмбезденіп, 1500 метр биіктікте биологиялық қабатпен қоршалған. Ені 12, ұзындығы 18 шақырымға созылып жатыр. Жылдың қай мезгілінде барсаң да ақ құмын тілерсектен кешіп, асау толқынын төске алып, айрықша жаратылысына көз мейірің қанатын Гавайиды жаңа бекер еске алмапты. Бәрін көрсін, тамсана түссін дегендей баяу сырғыған машинаның әйнегінен қай жағына қараса да – қойыны сабат саябақ. Жер бетінің ең әсем, ең асыл ағашы мен өсімдігі осында тамыр жайған ба дерсің. Жанай өтіп бара жатып зәулім секвояның төбесіне қарасаң, басыңдағы қалпағың жерге тұскендей. Әр тұста ірге қоспай шоқтанып жеке-жеке өскен ксерафит, акация, суккулект, зәйтүн тоғайлары. Африкада тұқымы құрып бітуге тақаған баобабты көргенде тіптен таңырқады. Бір өзі кішігірім  бір төбешікті қанатының астында басып жатыр. Діңінің шеңбері үндістердің вигвамының  орнындай. Күні кешеге дейін Амазонка бойындағы жабайылар осы алып ағаштың діңін ойып баспана ғып тұрған жоқ па. Ақыры түбіне жетіп тынды. Қос қапталда дөңгеленіп қалып бара жатқан ойдым-ойдым алқаптарда қызыл арша мен эндемикке, қызылды-жасылды гүлдер мен нілі төгілген шалғын жарыса өсіп жайқалып тұр. Саванна да, жунгли де осында. Бананды бір тістеп бір-біріне лақтырып, ерсілі-қарсылы ойнап жүрген, енді бірі кокостың сүтін ішіп, қауашағын төбесіне төңкеріп беті ағал-жағал боп жол ортасында отырған орангутангтарды клаксонды бажылдатып әзер үркітесің.

Мұнда жер бетінің басқа тарабындағыдай  қыс,  күз деген ұғым жоқ. Жыл – он екі ай бір-ақ маусым – шыбынсыз, қоңыржай жаз. Қашан көрсең де өңін бермей жайқалып тұрған мәңгілік жасыл желек. Барокко  стиліндегі үлкенді-кішілі ғимараттар да жер бедеріне үйлесіп, табиғаттың бір бөлшегіндей әсем жымдасып кеткен. Тек көше-көшенің қиылысында, үйлердің қабырғасында жыпырлай ілінген көсемнің портреттері ғана осынау әдеміліктің сынын бұзып тұрғандай. Көзіңді қалай алып қашсаң да танауы тәмпиген моңғол бет еркек жымың қағып қарсы алдыңда тұра қалады. Евроцентристік талғамда тәрбиеленген мұның азиялық кейіп-кеспірге мұрын шұйіре қарайтын әдеті. Оның орнында тісі маржандай ақсиып Голивудтың актері не ұзын сирағы жуан санына дейін жалаңаш топ – модель саған қиыла қарап қылымсып тұрса, көзге қандай сүйкімді көрінер еді. Бұлар қыз сияқты қылмитып көсемдерінің суретін іліп қояды екен. Америкада басқа түгілі Вашингтонның да суретін ілмейді. Азиялық сана деген осы-ау, сірә. Баяғыда, күн сипатты сәруардың тұсында, оршүттердің түрі осындай болған ба екен? Үш ғасырдың ішінде қалай өзгерген, ә? Осы ой емексітіп, көңілін әуестік билеген. Бағанадан бері аузы жабылмай, ілтифат көрсеткен рәсіммен елпілдеп қаланың өткен-кеткенімен таныстырып келе жатқан сабаншаш, шикілсары жігітке еңсеріліп, тағы да алдарынан қалықтап шыға келген кезекті бильбордқа иек қақты:

– Мына кісінің суреті иконадан да көп-ау деймін?

– Бұл – біздің мемлекетімізді құрған адам!

– Қараймын да таң қалам. Патшаларыңыздың түрі бір бөлек те, сіздердің түрлеріңіз бір бөлек. Уақыт қалай өзгертеді, ә?

– Иә, уақыт бәрін өзгертеді ғой!

– Сонда осы отырған бәріңіз де оршүтсіздер ме?

Дипломатиялық мектептің майын ішкен сырбаз жігіт ұртындағы үйірілген әдемі жымиысын өшірімегенмен көзі тікенектеніп жалт қарады:

– Біз – оршүт емеспіз, оршүтстандықтармыз! – Содан соң жұдырығына жөткірініп тастады да, – Оршүттерді қазір көресіз, көрімдігіңізді дайындай берсеңіз де болады, – деді көзінің қиығынан қуақы күлкінің құйрығы жылт етіп.  

Көзайым сәт көп күттірген жоқ. Үш қабатты, шағын мейманхананың алдына келіп тоқтаған. Жүкші не кезекші ме, жарыла ашылған әйнек есіктің аузын төбесімен өңмеңдей сүзіп бір жалбыр шаш жігіт шыға келді. Жүрген сайын шайқалақтап, аяғын бір жағына шойнаңдап басады. Таяп кеп жүзін тіктеп  сәлемдескенде сэр Роберт селк ете түсті. Таңырқағаны ма, әлде қорқып кеткені ме – итжығыс арпалысқан астан-кестен сезіміне ен таға алар емес қапелімде. Әуелгіде ұлұғ мейрамдағы болатын карнавалға дайындалып, бет-аузын бояп алған ба деп ойлаған. Тіптен олай емес. Бір көзі көк, бір көзі қара, бірі қиық, бірі дөп-дөңгелек. Шашының қақ шекеден айрылған жартысы сары, жартысы қара. Мұрыны да, бүкіл бет терісі де солай. Жарты-жартылай сары мен қара. Қас-қабақ, шықшыт, иек дегеніңіз дүниенің екі қиырынан әкеп зорлап қиюластырып қойғандай. Бір жақ қол-аяғы ұзын, екінші жағынікі қысқа. Бір терінің астында екі жарты дене итіс-тартыс өмір сүріп жатқандай. Үш ұйықтасаң түсіңе енбес, мың ойласаң қиялың шалмас құбыжық, тосын тұрпат. «О, Иисус!» деді ішінен Құдайына жалбарынып, Құдайын еске алған бойда төсіндегі сабалақ жүнге көмілген алтын баулы кресі өз-өзінен тербеле бастағандай болған. Жоқ, кеудесіне сыймай дүрсілдей жөнелген жүрегінің дүмпуі екен. Жай адам жалғыз-ақ қолымен іліп жүре беретін қара чемоданды қапсыра құшақтап, қос жағына кезек теңселе  мықшыңдап бара жатқан кемтар мүскінді көзінің қиығымен ұзатып сап тұрған қосшы жігіт жұқана бетіне  жұқалтым күлкі жағып, «оршүтіңіз осы» дегендей бұған қарап білінер-білінбес езу тартты.

Мейманхананың жайлы төсегі жамбасына тастай батып түн бойы аунақшып ұйықтай алған жоқ. Кірпігі сәл айқаса  берсе, әлгі құбыжық сурет елестеп селк ете түседі. Бағанағы сабан шаш сары жігіт мейман деп қызмет көрсетуден гөрі кісілік ілтифаты жоғары, адамға үйірсек, жұғымды жан болса керек. Аэропорт басында күтіп алғаннан бәйек боп қолды-аяққа тұрғызған жоқ. Қасынан бір елі шықпай, бірінші қабаттағы рестораннан кешкі асты бірге ішіп, іңір үйірле үйіне бір-ақ қайтқан. Өзі әңгімешіл екен. Тыңдап отырсаң, білмейтіні бит ішінде ме дерсің.

 

 2

Ерте, ерте, ертеде, есек құлағы келтеде, өзі батыр, өзі аңғал Бозақ деген жұрт болыпты-дүр. Жері кең, көңілі одан да дарқан, етек-жеңін қымтамайтын, даласындай далиып жатқан ел деседі. Қыздарының беті қызыл, шашы ұзын екен. Еркектері шеттерінен апайтөс, жүрістері балпаң, бір отырғанда бір тайдың етін жеп, бір жатса, бір апта ұйықтайды-дүр. Ал жаумен шайқаса қалса, отыз күн аттан түспей ұрыс салатын  ердің  сойы болыпты. Салқар сақара, сеңгір тау, мөлдір көл, тасқынды өзендеріне төрт тарабындағы анталған көршілері қысық, қисық, көк көздерінің сұғын қадаумен өтеді. Қызыққанмен қылар қайрандары жоқ. Қидаласса желкесі қиыларын біледі. Жауға шапса – батыр, жай күнде сауықшыл, сері, ит жүгіртіп, құс салатын саятшы, байлыққа қызықпайды, жылтыраққа елікпейді, «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» дейтін осынау такаббар, бекзат жұрттың тізесін бүгілтіп, кекжиген басын иілту үшін не істемек ләзім? Ақыры, отыз бақсы, сексен сиқыршы қырық күн зікір салып, дуа оқып көктегі перінің қызы – Пәри Рузимен сөз байсалады.

– Бозақты жолдан тайдыру үшін қылмаған һайламыз қалмады- дүр, – деп Бас сиқыршы шағынып зарын төгеді. – Бұ не деген парықсыз жұрт екенін ұқпадық, жүдә. Кедейіне байлық бердік, байына бақ бердік, бағланына тақ бердік – бірін де алмады: кедей кекжиіп қайқайған төсін қақты – менің байлығым кеудемдегі намысым дегені; бай қаспақ танау баласын бетінен сүйіп, төбесіне көтерді – менің бағым – ұрпағым дегені; бағлан айналасындағы елді көрсетті – менің алтын тағым – қарайған жұртымның рахмет-алғысы дегені. Ештеңеге қызықпайтын бұл жұртты өзгертуге жер бетіндегі ешқандай сиқырдың күші жетер емес-дүр!

 – Со да сөз боп па? – Перінің қызы сақалдары сапсиып, алжа-алжасы шыққан бақсылар мен кәрі сиқыршыларға «әй, өңшең аратамақтар-ай» дегендей тыжырына бір қарап алды. – Оның бабын табу оп-оңай!

 – Қалай? – деді Бас сиқыршы маңдайындағы жалғыз көзі жыпылықтап.

 – Олардың көкірегінде шүкіршілік деген иман отыр. Соны  қуып шықсаң болды – алтын кілт қолыңа түсті дей бер!

Күңнен туған Қодарғұл бес жасқа келгенде күнде таңертең күннің көзінен алтын шүйкедей домаланып кіп-кішкентай сары қыз жерге түседі. Үрпиген шашы да сары, өзі де сап-сары. Күлімдей қарап, кіп-кішкентай қолдарымен Қодарғұлдың қолынан ұстайды. Айдалада жалғыз өзі қозы бағып құлазыған бала дос табылғанына қуанып кетеді. Көк шалғынның үстінде асыр салып көбелек қуады. Дөңгелек, жұқалтым тастарды айдынға жанай лақтырып «майжалатпақ» ойнайды. Бұзауға мінеді... Күні бойы екеуден-екеу ойнауға бір жалықпайды. Әбден қас қарайғанда ғана сары қыз кішкентай саусақтарын елбірете қош айтып, күннің соңғы сәулесімен бірге көкжиекке сіңіп жоқ болады. Қодарғұл аңырған күйі құлағы қалқайып қыр басында ұзақ тұрады. Тастап кетіп қалғанына өкпелегені ме, әлде «әттең, қуып жетіп алатындай қанатым болса ғой!» деп өкінгені ме, әйтеуір көңілі алабұртып, еріксіз күрсінетін. Таң атысымен күн көзінен төгілген алтын жіпті бойлай жүгіріп сары қыз тағы да жерге түсетін. Өстіп туған ай тураған еттей таусылып, жыл артынан жылдар жылжып өтіп жатты. Қодарғұлмен бірге сары қыз да есейе берді. Енді сары қызбен түнде ғана ұшырасатын болды. Бұрынғыдай емес, шашы, қас-кірпігі қара, үлбіреген жүзі боз биенің сүтіндей аппақ. Ымырт жамырай қолаң шашы қара түндей жайылып, екі көзі жұлдыздай жарқырап жанына келеді. Солқылдаған ыстық тәнін тақап, алқынған демі алқымын шарпып-шарпып өткенде, төрт түліктің арасында өсіп, бұқа-текенің күйек науқанындағы қызықтарын көре-көре көзі ерте ашылған бозбала есінен танды. Екеуі көк шалғынға көміле құлаған. Кішігірім төбешікті солқылдатып, арсы-күрсі екеуі қосыла ыңырсығанда қастарында жайылып жүрген үйірлі жылқы қасқыр шапқандай дүркірей үріккен. Аспанда ай қорғалап, ұяттан өртенген ақ дидарын тоқымдай қара бұлттың етегіне басты.

Пәри Рузидың ай-күні жеткенде, мырзаның тұмса тоқалы да таңсәріден бері онекі қанат ақорданың босағасына керілген арқанға асылып, «Би-Бәтима пірім-ай!» деп қинала сыңсып толғатып  жатыр еді. «Түс, түс!» деп келісаппен жерді түйгіштеп әбден сілесі қатқан кәрі кемпір бір сәт  үнсіз қалған. Кіндік тұсы солық етіп, ілкіде бойы жеңілдеп сала берген келіншек талықсып кетті. Осы мезетті аңдып тұрғандай перінің қызы керегенің көзінен сыбдырсыз кірді де өз баласын келіншектің етегінің астына тастап, шарананы іліп алып ғайып болды.

Гүжілдей шар еткен жабайы дауыстан келісапқа маңдайын сүйеп қалғып кеткен құшынаш кемпір селк етіп көзін ашып алған. «Үйбу, бала түсіп қойған екен ғой!» деп апалақтап барып, келіншектің етегінің астына ентелей үңілген. Аяқ-қолы тырбаңдаған қызылшақаға ұмсына беріп, кірпік қақпай өзіне тесірейе қадалған шегір көзді көріп шалқасынан түсе жаздады. Көзіне шапталып қалғандай құбыжық сурет жанарынан өшер емес. Шашы аппақ, жылағанда езуі ырсиып отыз тісі ақсиып көрінеді. Ғұмырында талай сұмдықты көріп, анау-мынауға оңайшылықпен селт ете қоймайтын құшынаштың сірі жүрегі атқақтап аузына тығылды. Етегіне сүріне - қабына жерге екі-үш аунап тұрып, сыртқа ата жөнелген. Хабар күтіп, есік алдында арлы-берлі қарыштай адымдап тықыршып жүрген мырза сүйінші сұрағалы шықты деген дәмемен кемпірге еміне қарсы ұмтылған:

- Ұл ма?! – деді екі көзі жайнай демігіп.

- Мырза... Сұмдық!.. М-м-масқара! – Кекештенген кемпірдің сөзінің аяғын күтпей мырза асығыс басып үйге кіріп кеткен. Шығуы одан да жылдам болды:

- Жоғалт көзін. Ел көрсе, сүйекке таңба!

- Мырза, мені ондай іске қинамаңыз. Құдайдың алдында күнәһар бола алмаймын.

 Мырза аяқ-қолы селкілдеп абдырап тұрып қалған. Желкесіне найза кезегендей зордың күшімен кібіртіктеп кемпір қайтадан есікке беттеді.

Етегін жылы сумен шайып, аяқ-қолын бауырына алған соң келіншек шарылдаған шаранаға қолын созды:

- Құлынымның сілесі қатты ғой, әкеліңізші, емізейін.

Не істерін білмей сасқалақтаған кемпір  бір орында тыпырлап:

- Ханым... ханым! – дей берді. – Емізбей-ақ қойыңызшы.

- Жоқ, әкеліңіз!

Құшынаш еріксіз әмірге көнді. Алпыс екі тамыры иіген ана ештеңені көрер емес.

- Жарығым! Жаным! – Еміреніп ақ мамасын шарананың аузына тосты. «Іштен шыққан шұбар жылан-ай!» деді ақсиған жалғыз қасқа тісімен астыңғы ерінін тістелеген кемпір қарауға дәті шыдамай сырт айнала беріп.

Жұлқылап, қанымен қоса солқылдатып сорған қорқаудың тісінен жас ананың емшегі қағынып, екі аптадан соң көз жұмды.

Уайымға қайғы жамалып, мырза қатты күйзелді. «Бұл бір құтсыз мекен болды!» деп, тік көтеріліп басқа қонысқа төңкерілген. Баланы бесігімен ескі жұртқа тастап кетеді. Межелі жерге жетіп, түйені шөгерсе, құданың құдіреті, жылаған баланы тербетіп бесік алдарында тұрады. Ел шошынып, не істерін білмей дағдарады. Бірі садақпен атып тастайық десе, екінші біреулер өзенге лақтырайық, су ағызып әкестін пәлекетті дейді. Бірақ олай етуге ешқайсының дәті бармайды. Үйлер тігіліп болған соң, боз қасқа шалып, Тәңірге «тасаттық» береді. Сол кезде ауылға ақ сақалы беліне түскен жалаң аяқ-жалаң бас диуана келеді асатаяғын сылдырлатып. «Баланы маған беріңдер» дейді. Бесігімен көтеріп, тау арасындағы құрым күркесіне алып келеді. Диуана жаңа күшіктеген қаңғыбас, қабаған қара қаншықтың күшіктерін жерге көміп, баланы иттің баурына салады. Күшіктері көмілген жерді тырналап, иіскелеп, отыра қалып ұлып көзі мөлт-мөлт жасаураған қаншық емшегі әбден сыздаған соң еріксіз көнген. Бала солпылдата сорып, қарыны бұлтиып бой-бойы шыға терлеп ұйықтап кетеді. Кейде оның қомағайлығына шыдай алмай, қыңсылап орнынан тұрып кетсе, аузымен емшекке жармасып, екі қолы тиген жеріне тас жабысып, бұтының арасында салақтап кетіп бара жатқаны. Бала күшік сияқты тез ширап, ерте жетілді. Сүтпен енген қасиет сүйегіне сіңді. Қажырлы, қайсар, суыққа да, ыстыққа да төзімді. Ашкөз, қорқау, алдына ас келсе, қасындағы адамнан қызғанып, көзі қанталап кетеді. Есейе келе айналасына ұры иттей тиді. Күндіз елдің өрістегі тоқты-торымын ұрлады, түнде шидің артында тұрған қазанның бетіндегі қаймағын сыпырып жеп, сабадағы қымызын арқалап әкетті. Ығыр болған жұрт мырзаға шағынды. «Мынау бір тірі күйік болды-ау»» деп қаһарына мінген мырза диуананың күркесіне келіп зікір салды:

–  Атадан азып туған мына құбыжықты баяғыда өлтіріп тастайық деп жатқанда арашаға түсіп алып қалған сен едің. Елде жоқ сұмдықты шығарып, ағайынды бүліктіріп бітті. Кәне,  ұстап бер, ат құйрығына байлап өлтіремін!

–  Сауға, тақсыр! – деді диуана асатаяғын сермеп. – Иса көктен түсерде, Мәвди жерден шығарда дүниеде не қилы хикметтер болар-дүр. Бұл да сондай нышанның бірі шығар. Бөрі сыйған кең далаға бір ұры сияр, жүре берсін!

Мырза сөзге тосылып, атбасын кері бұрған.

Диуана балаға Итемген деп ат қойды. Ел де солай деп атады. Итемген қарулы, қайсарлығымен қоса сұғанақ, тіміскі, күресіннен сынық тебен көрсе көзі қылиланып кететін дүниеқоңыз боп өсті. Ұрлықтан жинаған малының тұсағы егізден, тушасы тоғыздан төлдеп, аз жылдың ішінде байып шыға келді. Қалыңын төлеп бір байдың қызын алды. Мыңғыраған малы өріске сыймады. Бірақ төрт қанат қараша үйдің төрінде сілкіп салар сырмағы болмады. Арам өлген малдың көн тулағының үстінде қатыны екеуі домалай кететін. Қылқұйрықтың үйірін шұрқыратып мыңдап айдаса да табаны жер сүзіп қотыр тайға жайдақ мініп жүрді.

Қылығы ерсі, құлығы бөтен. Бақсының моласындай жалғыз шошайып ел шетінде бөлек отыратын. Думаншыл, дарқан, ағайынмен еншісі бөлініп көрмеген жомарт Бозақтар «мынау қайдан шыққан пәле!» деп шошынып қарайтын. Қыста қар сұрасаң бермейтін қалтыраған қарау. Ауыл-аймақта тірі жанмен аралсып өз үйінен шыны шетін тістетіп көрген емес. Өзгені жарылқамақ түгілі өзінің аузы жарып ас ішпеді. Қатыны қазанның қаспағын  қырып жеді, жалғыз ұлына құрттың қоқымы мен бір уыс бидайды ешкінің тулағына шашып  беретін. Боран-шашында қалжырап қара тұтып келген құдайы қонаққа есігін ашпады, қайыр сұраған тіленшіні ит салып қуатын. Жан баласында жоқ осынау рахымсыз қараулығына жағасын ұстаған жұрт бірте-бірте оның Итемген атын ұмытып, «шық бермес Шығайбай» атап кетті. Шығайбайдың өмірінде қолынан дәм татқан жалғыз адам – Алдаркөсе. Ел кезіп жүрген Алдар Шығайдың сараңдығын естиді де «бұл сығырдың әуселесін көрейін» деп, бір күні қараша үйдің түндігінен түтін бұрқ ете қалғанда, сәлемін соза айтып кіріп келеді. Шығайбай арам өлген тоқтыны бұтарлап жатыр екен, қонақтың сәлемін де алмайды, төрлет деп те айтпайды. Алдар айыл жисын ба, мысқылдай күледі:

- Пай-пай, Шығайбай деген мырза деп естуші едім, дәл мал сойып жатқанда келіппін, аузымның салымын қарашы! – деп беліндегі кісесін шешіп, іргеге тастайды. Қонақтан оңай құтылмасын біліп, амалы құрыған Шығайбай ет салып:

- Піс, қазаным, бес ай! – деп қазанды отқа қояды: Алдар:

- Отыр, көтім, он ай! – деп отыра кетеді. Сөйтіп күндіз тұрмай, түнде ұйықтамай тапжылмастан бес ай отырады. Бес ай дегенде өлексенің көкжасық шандыры піседі-ау әйтеуір. Алдына келген сіңір-шеміршекке дейін сыпыра соғып әбден тойған соң Алдаркөсе:

- Дұшпаннан түк тартсаң да пайда! – деп етегін сілкіп, орнынан тұрыпты.

Шығайбай жалғызының маңдайынан иіскеп еміренбейтін, жар төсегінде жалындап ләззәт таппайтын, есесіне тышқақ тушаға теке артылып жатса, «е, мынау енді екеу болатын болды ғой, әлде егіз табар ма екен!» деп жаны сүйсінетін. Жинаған алтынын өгіз терісінен тігілген шөнекке салып, иен таудың қуысындағы жеті қақпағы бар үңгірге тығып қоятын. Күн сайын ел жатқанда, жан адамға көрінбей бұқпантайлап барып, үңгірдің түбіндегі алтынын бауырына басып, сағаттар бойы есі кете елжіреп отырған күйі таң ата бір-ақ қайтатын.

Ішпей-жемей жинаған алтыны ат басындай болды. Бірақ ол да аз көрінді. Баюдың жаңа жолын ойлап, Мысырдан керуен тартқан саудагерлерге ілеседі. Сахараға жеткенде қырық күн көз аштырмай қара дауыл соғып, мал-жанның қырылғаны қырылап, тірі қалғаны бір-бірінен адасады. Шығайбай жарты денесін құм басып, шыбын жаны әне-міне кеудесінен ұшайын деп жатқанда, ғайыптың күшімен құмыра ұстаған бір әулие ұшыраса кетеді. Хал үстіндегі мүскін:

- Суыңнан бір жұтым берші! – деп жалбарынады.

- Жарайды, – дейді әулие. – Ақысына не бересің?

- Құдайдан сұрап алған жалғыз ұлымды берейін, қолыңа су құятын құлың болсын!

- Маған құлдың керегі жоқ. Өзім де құлмын, Құдайдың құлымын.

Қасықтай су жұмырына жұқ болмаған соң тағы бір жұтым сұрайды. Әулие тілегін орындап:

- Ақысына не бересің? – дейді.

- Қалыңмалына қырық нардың жүгін беріп алған Ай мен Күндей әйелім бар, соны ал – босағадағы күңің болсын!

- Маған күңнің керегі жоқ. Ай мен Күнге айырбастамайтын өзімнің жарым бар.

 Екі ұрттам су да ажалға араша болмасын біліп жаны ышқынған бейшара тағы бір жұтым сұрап зар иледі. Әулие ол тілегін де орындап, өтеуіне не беретінін сұрайды.

- Өмір бойы тірнектеп жинаған ат басындай алтыным бар еді, соны ал!

Әулие басын шайқап мырс етеді:

- Қатын-балаңнан жылтыраған тас қымбат болғаны ма?

- Ой, қария, қызық екенсіз, – дейді ес жия бастаған мүскін. – Сақалыңыз беліңізге түскенше соны да түсінбейсіз бе? Алтын болса, бәрі де менікі емес пе: Тақты да Бақты да сатып алам. «Қатын – жолда, бала – белде» демей ме атам Бозақ. Қалыңын беріп алған сұлудан ұлын да, қызын да сүймеймін бе! Бірақ енді бәрі бітті. Не болса да шыдап, өлсем – алтынды құшақтап өлуім керек еді. Соңғы тамшыны бекер іштім!

Сонда әулие:

- Жоқ, дұрыс істедің. Соңғы жұтқаның у болатын! – деп жалт бұрылып жүре береді.

Шығайбайдың жалғыз ұлының ел қойған аты Қарынбай болатын. Мыңды айдаған байдың баласы болса да аузы асқа жарымай тулаққа шашылған бидайды жүннің арасынан теріп жеумен күні өткен сорлының құлқыннан басқа қайғысы жоқ еді. Күндіз-түні тек тамақты ойлай-ойлай көзі қарнына түсіп кетеді. Дүниеге қарынымен ғана қарайды: қарыны тойған күні айнала жайнаған ұжымақ, қарыны ашса – тас қараңғы түнек.

Қарынбай ержетіп, балалы-шағалы болғанда, баяғы әулие «бұ бейшара жоқшылықтан өмірі өксіп қор болып жүрген шығар» деп мүсіркеп, түсінде оған аян береді. Әкесінің алтыны қайда екенін айтады. «Бірақ жақсы ниетпен бар!» дейді. Қарынбай үңгірді іздеп табады. Алты тас қақпадан өтіп, жетіншісін ашып қалғанда, алтынға оратылып жатқан жеңді біліктей сары жылан басын қақшаң еткізіп көтеріп алып, айыр тілі сумаңдай ысылдайды:

- Неғылған пендесің?

- Мен Шығайбайдың ұлы Қарынбаймын.

- Не іздедің?

- Әкемнің алтынын алуға келдім.

- Сен мұны борық көлдің түбіне апарып таста. Суы тазарып тұщылансын. Балық көбейеді, құс қонақтайды. Жер көркейіп, айналасындағы мал мен жанға сая болады.

- Жо-жоқ, не деп тұрсың? – деді Қарынбай қарынындағы көзі алайып. – Мен өз алтынымды өйтіп суға тастай алмаймын!

- Бұл - ұрлық-қарлықтан жиналған һарам алтын, ешкімге опа бермейді. Өстіп борық суға тастаса, сумен бірге тазарады.

- Алтында һарамдық жоқ.

- Сен де әкең сияқты азғын екенсің! Жылан патшасы алтын айдарлы Бапы айдаһар маған әдейі күзеттіріп қойған. Ниеті бұзық пендеге бермеймін!

- Әкел алтынымды! – деп тепсіне ұмтылған Қарынбайдың мойнына оратыла кетіп, жылан айыр тілін дәл самайдан сұғып алған. Қарынбай сол жерде екі аяғы аспанға серең етіп, сеспей қатты.

Қарынбай атадан жалғыз болғанмен, артындағы ұрпағы қаулап өсті. Кәлимаға тілдері келмесе де, Пайғамбардың жолын ұстап, бас-басына төрт-бестен қатын алды. Бәйбіше-тоқалдардың құрсағы құнарлы болып баланы балағынан битше домалатсын. Жылдар дөңгелеп, ғасыр ауысқанда қарынбайлар рулы ел болып, бара-бара Бозақтың іргелі тайпасына айналған.

Адамның қандай жамандыққа да көре-көре көзі үйреніп, еті өледі ғой. Әуелгіде қарынбайларға жиіркене қарайтын бозақтар енді: «Осылардікі ақыл-ей, қалай тіршілік етудің жөнін біледі-ай!» деп тамсануды шығарды. Маңдалада маң-маң басқан бекзаттықтың басы иілді. Бозақтың сызат түспеген асыл сүйегін ашкөздіктің жегіқұрты кемірді. Қыр баласының қанжығасына жабысып көрмеген ұрлық пен қарлық суық қолын сумаңдатып босағадан сығалады. Ит кірмесін деп ергенегін таяқпен тірей салатын боз үйлердің есігіне иттің басындай құлып салынатын болды. Батырдың орынын барымташы басты. Мал ашуы – жан ашуы деп, ауыл мен ауыл, ағайын мен ағайын жауласты. Сойылға жығылып талай боздақ солқылдап тұрған шағында қыршынынан қиылып көктей сұлады. Ерлік баһадүрдің көкірегіндегі алтын тағынан түсіп, ұры-қарының қолындағы кір сасыған шоқпарға таласты. Жаудың кеңірдегін қиған қайқы қылышпен жіліктің ұңғыл-шұңғылын мүжіп ошақ басында шөкелеген елді кім басынбасын. Зеңгір таулары мен кең шалқар даласы айналадағы анталаған жаудың ежелден көз құрты еді. Шегір көз бен сығыр көз көршілер қос бүйірден көк сүңгісін қадап жан алқымға келген сәтте Бозақтың соңғы ханы Кете баһадүр аруақ шақырып атойлап атқа қонған. Бірақ қаны қызып, қаруын сайлап, желкілдеген ақ тудың түбінен табылғандар аз болды. Қарынбайдың қаптаған қалың үрім-бұтағы жерден бауырын көтеріп, атқа бұт артуға жарамады. Кете хан азбыз деп  тізгін тартқан жоқ. Ат төбеліндей шағын жасақпен жаудың жер қайысқан қалың қолына қарсы шапты. Аспанға шапшыған асау айғырдың сауырына қанжар ұрып атқақтаған қанын ұрттай сала от құсқан зеңбірекке жалаң қылышпен ақыра ұмтылатын. Бет-ауыздары қып-қызыл, сақалдарынан қан тамшылап өлген-тірілгендеріне қарамай тебітіп төңкеріліп келе жатқан ұлы нөпірді көргенде жау қолындағы от қаруын тастай бере тұра қашар еді. Жардың қуысынан ербиіп басын көтерген алтын иық офицер алай-дүлей ұйтқып өте шыққан қара дауылдың соңынан қарап тұрып: «Біздің қаруымызды бұларға бергенде не болар еді, сақтай гөр, Құдайым!» деп үсті-үстіне шоқынатын түсі қашып . Не керек, Кете хан күші өзінен мың есе басым жаумен кең сахарада жортып жүріп он жыл бойы аш бурадай шайнасты. Аңдыған жау ақыры баспалап жүріп айласын асырды. Жансыз салып, кейбір азғырындыға ерген әскер басын тайтұяқ алтынға сатып алады. Шайқас болатын түні жасақтың тең жартысы сытылып, жау жаққа өтіп кетеді. Қапияда қыспақта қалған қайран баһадүр жаралы арыстандай жанталасқаннан не қайран, астындағы атына зеңбіректің добы тиіп, өзі шала-жансар жатқан жерінде тұтқынға түседі.

Ер қадірін ер білген ғой әзелден. Жау патшасы да аруақты ердің сойы болса керек. Кете ханды өлтірмей қайтсеңдер де тірі алып келіңдер деп бұйырады. Айналаға ат шаптырып, өлі денеге жан салатын не бір атышулы балгерлерді алдыртады. Екі-үш ай емдеп-домдаған соң Кете ханның беті бері қарап аяғына қонады. Патша ақ сарайда ханға оң тізесінен орын беріп, күміс тостағанға бал шарап құйып өз қолымен ұсынады.

– Дұшпаның да ер болсын деген ғой. Жау болсаң да сенің басың достан қадырлы. Сен менің – тұтқыным емес, мейманымсың. Тектіні тексіз ғана қорлайды, сенің асыл нәсіліңе, асып туған арыстан жүрек айбатыңға тәнтімін. Елдесейік, баһадүр! Қан жаласып анда болайық. Мәртебеңе лайық қызмет беремін. Әскердің бас қолбасшысы боласың. Тек маған ғана бағынасың. Империяға қызмет етесің!

– Елдесуден қашпаймын, тақсыр! – Кете хан шаншылып отырған күйі патшаға жүзін тіктеді. – Сыйлағанды басым жерге жеткенше сыйлап өтемін. Бірақ мен бір Құдайға ғана бағынамын, халқыма ғана қызмет етемін!..

Патша білінер-білінбес миығынан жымиып қойды:

– Намысын қорғап атқа мінгенде, соңыңнан ермеген елге қалай қызмет етпекшісің? Сенің халқыңда болашақ жоқ!

– Қандай болса да ол – менің халқым. Сонымен бірге жасап, бірге өлемін!.. Беті бері бұрылмайтынын аңдаған патша айлаға көшті.

– Жарайды, біраз күн жатып менің сый-құрметімді көр. Содан соң еліңе қайтарсың.

Етегін жел ашпаған қырық сұлу қызды таңдап алып, қырық отау тігеді. Қырық күн сауық-сайран жасап, күн сайын бір сұлуды қойнына салады. Кете хан ешқайсына жуымайды.

– Жауға сідігімді қор қылмаймын! – дейді. Ашуға булыққан патша дірілдеп-қалшылдап кетеді.

– Найзаға кетер! – дейді жендеттеріне айғайлап. Қырық жігіт қырық найза тіреп тік көтеріп алады. Патша айызы қанып жоғары қарайды.

– Кекжиіп болмап едің, түздің жаман тағысы. Өлген қандай болады екен, көр енді!

– Аузы түкті сасық кәпір, өлсем де сенен найза бойы биік тұрмын! – деп Кете хан сақылдап күле бергенде, жендеттер: «Ох, атаңның гөрі, қоқи!» деп жерге тастап жібереді. Көзі қанталған патша басын алыңдар деп бұйырады. Кетені түрегелтіп қойып бауыздайды. Кәлимасын үш қайырып иманын үйіргенше бас жендент қайқы қылышымен қылша мойыннан орай шалып жібереді. Кете хан қос жұдырығын тас түйіп, тісін шақыр-шұқыр қайраған сайын қаны қорқырай атқақтап, көзі шарасынан шыға тесірейген күйі орнында тапжылай тұра береді. Қаны әбден сарқылып, соңғы тамшысы моншақтың көзіндей мөлт етіп мойнынан үзіліп түскенде ғана гүрс етіп құлайды жерге. Мұндай жансірі қайсарлықты бұрын-соңды көрмеген «қоқилар» зәресі ұшып тұра безеді. Патша да таң-тамаша. «Япырай, адам баласы да мұнша мықты болады екен-ау, мұның жүрегі қандай болды екен?» деп ойлайды. Әуестік билеп, кеудесін жарғызып қараса, жүрегінің басында тебен инедей қап-қара қыл бар екен дейді. «Сендерге мына баһадүрдің тырнақтай ерлігі дарыса, дүниені төңкеріп тастар едіңдер» деп, тырнақтайдан бөліп сарбаздарына жүректі жегіздіртіпті. Айтқанындай, патшаның ғаскері де, одан өрбіген ұрпақтары да шеттерінен жаужүрек боп, жарты әлемді жаулап алыпты. Патша Кете ханмен қоса қолға түскен тұтқынның бәрін қырып салады. Тек ханның жорық жыршысы Асанбай жырауды ғана тірі қалдырады.

– Маған бағынбағанның киетін кебі осы. Көрген-білгеніңді еліңе айтып бар! – деп босатып қоя береді.

Бір көзінен жас ағып, бір көзінен қан тамып зарлаған жырау қаңғалақтап еліне қарай жөнейді-дүр. «Шыққыр көзім, осыны да көрдің-ау!» деп өз көзін өзі ағызып жібереді. Айналасын сипалақтап күн жүреді, түн кезеді. Еңіреген дауысы аспан астын күңірентіп, көл кешіп, бел асып ел шетіне жеткенде:

– Басың кесілді, Бозақ! Бассыз қалдың, Бозақ! – деп айғайлайды. «Мына қаңғыған соқыр диуана не сандырақтап тұр, басымыз орнында тұрған жоқ па!» деп Бозақ төбесін сыйпайды.

– Ол – бас емес, мойынның ұшы! – деп жырау одан әрмен жаны ышқынып еңірейді.

– Басымыз болмаса, бөркімізді қай жерімізге киіп жүрміз? Сұңқылдаған соқыр түк көрмейтін болған соң оттай береді! – деп Бозақтың қарынбайлары қолын бір сілтеп, жерге шырт түкіреді. Асанбайдың күндіз-түні жағы сембейді. Күндіз ботасы өлген боз інгенге қосыла боздап, түнде төбе басында ұлыған көк бөрімен бірге зарлайды екен. Сөйтіп боз даланың о шеті мен бұ шетіне жоқтау айтып теңселіп жүреді де қояды. Күндердің күнінде иен түзде ұлыған көкбөрімен бірге іштегі зарын төгіп, өксіп отырғанда жаны үзіліп кетіпті. Жаны көк бөріге көшеді. Содан бері түн ішінде айға қарап ұлыған қасқырдың үні зарлы боп естілетін көрінеді-дүр.

Соқыр өлгенмен, айналадағы көзі бар көршілер де: «Осы қарынбайларда бас жоқ» деп кемсітетін болыпты. Оған талағы тарс айрылып жатқан қарынбайлар жоқ. «Басымыз жоқ болса да қарынымыз тоқ, қайдағы-жайдағыны ойлап уайымдамаймыз. Қайта осынымыз жақсы!» дейді екен шеңбірек атқан қарынын тыр-тыр қасып.

Мүлдем азғындап төртаяқтап кетпей тұрғанда бұл адасқан пақырларды бетінен қайтарып түзу жолға салайын деген ниетпен бір күні Періште оларға уағыз айтады:

 – Ей, пенде, сендер аузымен отығатын ойсыз-мұңсыз мақұлхат емессіңдер ғой. Ішер ас, киімнен басқа сендерді екі дүниеде де мәңгі ортаймас бақытқа бөлейтін Аллаһтың өлшеусіз Ниғметі бар. Таусылмас азық, тозбас киім деген сол.

– Ол не? Алтын ба? – деп қарынбайлар шу ете түседі. Періште басын шайқайды:

– Алтыннан да қымбат.

– Алтыннан артық болатындай ол не? – дейді қарынбайлар таң-тамаша болып.

– Иман!

– Оны қайдан табамыз?

– Нәпсіңді тиып, қанағатшыл, қайрымды бол. Сәждеге жығылып, мына Кітаптың хикматына шүбәсіз ден қойсаң, иман өзі-ақ көкірегіңе ұялайды! – деп Құранды қолдарына ұстатады.

Қарынбайлар әу бастан дінге шорқақ еді-дүр. Ынтасыз, енжар болатын. Таң-азаннан ұйқысын қиып намазға тұруға, мұсылманның парыз-уәжібін өтеуге мойындары жар бермейді. Ұлы бабамыз Шығайбайдан бері тоңқаңдап намаз оқымай-ақ Тәңірдің оң көзіне ілігіп, әулетімізден ырыс үзілмей, шөп басы айыр шығып, қойымыз егізден қозылап келеді ғой. «Қара қойдың кеудесі, мен – Құдайдың пендесі» деп, үш мәрте шын көңілмен қайырсаң жетеді, намаз деген сол, сонымен-ақ қиямет күнінде жүзің жарқын боп пейіштің төріне топ ете түсесің деп өздерін алдарқатып мәз. Құранды оқуға ерініп, құр бастарына жастанып жатады. Күндердің күнінде тісі қышып жортуылға шыққан көртышқан, етке тойып ап, небір әдемі түс көріп киіз үйдің түндігін демімен желпілдете қорылға басып жатқан Қарынбайдың қасына еппен жорғалап барады. «Итке темірдің не керегі бардың» есебімен, «осы Қарекеңе Құран не керек?» деп ұрлап алады да кеміріп жеп қояды. Мұны көрген Періште: «мыналар мал болмайтын жұрт екен, жүдә!» деп қолын сілтеп теріс айналады.

Заманнан заман озғанда қаһарлы Қағанаттың іргесі шайқала бастаса керек. Бауырына басқан ондаған ұлыс жүз жылдық ұйқысынан оянғандай жан- жақтан атой салып: «бөлінеміз, жеке ел боламыз!» деп айбат шегеді. От ұстап қопаға жүгірейін деп тұрғандар көп. Патшаның үрейі ұшты. Алтын сарайға жақсы мен жайсаң жиналып ап күн ойланды, түн толғанды. Әбден бастары қатты. Қағанаттың қабырғасы қақырайын деп тұр. Не істеу керек? Төбесінен шыбын тайып жығылғандай тақыр таз біреу шоқша сақалы шошайған иегін алақанына салып алып  үш күн, үш түн бойы ұйқы көрмей ойланып, бір уақытта:

– Таптым! – деп сұқ саусағын шошайтып ұшып түрегелді. – Патшаны өлтіру керек!

Естіп отырған ел жағасын ұстайды:

– Есің дұрыс па?

– Дұрыс болғанда қандай! Ұлы қағанатты құтқарудың одан басқа жолы жоқ.

– Сонда патша кім болады?

– Сен боласың, мен боламын, кез-келген болады.

– Біз патша тұқымы емеспіз ғой?

               -Адам баласының бәрі туғаннан тең. Қолына тізгін тисе, ошақ басындағы            қатын да патшалықты басқара алады. Ұлы Отанымыздың мүддесі жолында бай да, бағлан да құрбан. Алтын тақты ірітіп-шіріткен ақсүйек, бекзаттардың өз обалы өзіне. Билікті қолдарыңа ал деп кедей-кепшіктің қолтығына су бүріксек болды, еркін ел  болсам деп еліріп жүрген әр ұлт екіге жарылып  өз ішінен бүлігіп жанымен қайғы боп кетеді.

Аңтарылған ел ес жиып тіл қатам дегенше, тақырбас еркек жүре сөйлеген күйі жылдам басып сыртқа шыға жөнелген.

Көше біткенді бұрғылап лек-лек жөңкіген халық. Алба-жұлба киінген, айғайлап, ашына сөйлеген кедей-кепшік. Көбі еліріп ішіп алғандар. Тақырбас кісі қара былғары плащының етегі делеңдеп екпіндей басқан күйі қала ортасына келіп тоқтаған бронепоездің үстіне қарғып шықты да шиыршықтап газет ұстаған оң қолын серпе көтеріп, жалынды үнмен айғай салды:

– Оян, әлемнің қор болған құлдары! Ғасырлар бойы қанымызды сорып келген капитал әлеміне майдан ашып, мойнымыздағы құлдық қамытып қиратамыз. Есе-теңдікті қанды күреспен тартып аламыз. Зауыт-фабрик – жұмысшыларға, жер-шаруаларға, билік халық Кеңесіне берілсін. Қағанаттың ендігі иесі – бізбіз! Езілген еңбекші тап, шық соңғы шайқасқа! Алға!

Теңселген қара нөпір тақырбастың қол сілтеген жағына қарай кенер бұзған тасқындай лап қойған. Ақ сарайды қиратып, Алтын тақты төңкеріп тастады. Қолына мылтық-қылыш алып, жетпегені айыр мен балта ұстап ентелеп-елеуреген тобыр батыстан-шығысқа, теріскейден-күнгейге оңды-солды шиырлап, жолындағының бәрін қоғадай жапырсын. Адам қаны судай ақты. Қанды өзенді етігімен шылп-шылп кешіп үсті-басы қанға боялған қаһарлы тобырды қызыл әскер деп атады. Топ бастаған тақырбас Қызыл патша атанды. Қызыл патша құдайсыздар мемлекетін орнатты. Шіркеу мен мешітті қиратты, сау қалғандарын малқораға айналдырды. Христиандар шошынып маңдайы мен кеудесін оңды-солды шұқылап шоқынды; мұсылман «Астағфираллаһ» деп жағасын ұстаған. «Мынаған бір зауал болар!» дескен. Ештеңе де болған жоқ. Ғибадатхананың қасына жиналған қалың елдің алдына шығып Қызыл патша айғай салды:

– Құдай, құдай дейсіңдер, сол құдайды көрген біреуің бар ма, кәне, айтыңдаршы?!

Қалың ел мүдіріп жерге қарады.

– Бәлкім, сен көрген шығарсың?– деп ақ сақалы беліне түскен пірәдарға қарап мысқылдай күлді.

– Ол көзге көрінбейді! – деді пірәдар.

– Неге?

– Оның  тәні де, жаны да жоқ. Ол ешкімнен туылмаған, ешкімді тумаған.

– Сонда жоқ нәрсе дүниені қалай жаратады?

– Ол бар!

– Бар болса қайда? Көкте ме, жерде ме?

– Ол біздің жүрегімізде!

– Менің жүрегімде жоқ!

– Менің жүрегімде бар!

– Ендеше көрейік! – деп қасындағы қызыл әскерге иек қаққан. Қабақ танығыш қызыл әскер мойнындағы шошайған мылтығын алып пірәдарды атты да салды. Қанжарымен кеудесін жарып жүрегін суырып алды. Қызыл патша қан сорғалап бүлк-бүлк тыпырлаған жүректі тілгілеп, жан-жағына әуелете көрсетіп сақылдай күлді:

– Кәне Құдай? Осы ма құдайларың?!!

Жұрт шошынып, серпіле шегінгенмен, «шынында бұл қалай өзі?» деген бір күдік кетіп еді іштерінде.

Байтақ империямен жарысып, «Құдайды қуу» науқанына Бозақ даласы да дүрліге ат қосты. Әсіресе Мырқымбай Қарабайыштар жыртық бөркін аспанға атты. Молда-қожаны қойдай қуып, қамшымен шықпыртты-ай дерсің. Сөйтіп бүкіл ел Құдайдан тазарды. Бірақ адамдар Құдайсыз өмір сүре алмайды екен, бәрі бір өздеріне басқа құдай жасап алды – Қызыл патшаны алтын тақтан Құдайдың тағына көтерді, соның сөзін жаттады,  соған табынды. Үйінің төріне суретін ілді, парк-алаңдарға ескерткішін орнатты. Мейрам сайын гүл апарып қойды. Пионерге өтсе де, комсомолға өтсе де, әскерге кетсе де «Адал боламын!» деп серт беріп балбал тасқа тағзым етті. Бір рет жасап үйренгеннен кейін Құдайды үсті-үстіне жасайтын болды: автономияның, ауданның, ауылдың... құдайы. Құдайлар қаптап кетті, қайсысына табынарын білмей бастары қатты. Көп өтпей адамдар жасанды құдайлардан жалыға бастады. Шын Құдайы жоқ мағынасыз, сүреңсіз өмір тұйыққа тіреген. «Бізге жалған Құдайлардың керегі жоқ, әу бастағы Жаратқан иеміздің алқауында боламыз!» деп бұлқынған халық бір-ақ сәтте құдайсыздар үкіметін астан-кестеңін шығарып төңкеріп тастаған. Ең қызығы, сол заманның бар қызығын көрген қып-қызыл коммунистер де, қызыл әскер де араша түспеген. Империя құлаған күні тоқсан тоғызға кеп алжып жатқан Мырқымбай ғана күйіктен не қыларын білмей: «Сталин жасасын!» деп айғайлапты да ескі маузерін көмейіне тығып бір-ақ басыпты. Құданың құдіреті, оқ тескен жарадан қанның орынына қызыл ұран жазатын қызыл бояу ағыпты-мыс.

Ол уақытта дінге бой ұру бүкіл елде модаға айналады. Төңірегіндегі мешіт, шіркеу, синагогтарға ағылған өзге ағайындарға қарап, «қой, модадан қалған ұят болады!» деп Мырқымбайдың кіндігін жалғаған Қиқымбайлар да діндар бола қалады. Кент-шаһарларындағы атты кісі түсіп қарағандай, жаяу кісі жатып қарағандай мешіттердің күмбезі көкпен таласты. Бірақ бозекең Аллаһтың ниғметін иманнан іздемейтін, бұл фәнидегі біліп-білмей істеген күнәсі үшін кешу сұрап, тәубаға келудің орнына, күйкі тірліктің зарын айтып жалбарынатын. Құдайды бас ауырып, балтыр сыздағанда жанына шипа беретін сиқырлы тәуіп иә болмаса не сұрасаң да «мә, қоңқай» деп  ұстата салатын жомарт меценат сияқты көретін. Бірде мешітке барған екі бозақ елдің бәрі тарап кеткеннен кейін де бірімен бірі жарысып намазды ұзақ оқыпты. Ақыры мойнына он мың доллардың  алтын шынжырын таққан, кірпі шаш дөй қара шыдай алмай қасындағы жүдеу өңді жігітке бұрылып: «Әй, сен қанша сұрап тұрсың?» дейді. Анау: «Бес жүз керек, – дейді жасқана міңгірлеп. – Балам үйленетін боп... соған кредит алмасам, жететін емес...» Дөйқара қалтасынан жалма-жан бес жүз доллар суырып алып: «мә, мынаны ал да қайқай. Мен екі миллиардты қалай аларымды білмей есім шығып жүрсем, бес жүз дейді ғой. Сен ондай ұсақ-түйекпен Құдаекеңнің мәзгасын майыстырма. Пшел вон!» деп бөксесінен бір-ақ тепсе керек.

Жалпы бозекең Құдайды басына іс түскенде ғана керек қылатын, не қартайғанда есіне алатын. Ондайда олардан өткен тақуа жоқ: әйелі хиджап киіп, бет-аузын тұмшаланып, еркегі тасбих тартып, түшкірсе де «әлһамдуллаһ» деп, бес уақыт тас маңдайын еденге тақ-тақ ұрып тоңқаңдап жатқаны.

Олар сауда жасағанды жек көретін. Тері-терсек жиған арбакешті не малын базарлаған біреуді көрсе, «саудагерде иман жоқ» деп, мың жыл бұрынғы мумие боп қалған мәтелдерін көлденең тартып ағашатқа мінгізетін. Ал Құдаймен саудаласқанда Бұхараның сарты мен Мысырдың саудагері олардың жанында жіп есуге жарамайтын. Оқыған намаз, тұтқан ораза, берген пітір-садақасының өтемін бірден талап ететін: «Жаратқан ием-ау, мұның қалай? Саған құлшылық етпек түгілі, атыңды да ауызға алмайтын арақкеш пәленшекеңнің асығы алшысынан түсіп алшаң басып жүрісі анау. Пітірімді берем, намазымды қаза қылмаймын... сонда да ісім бір алға баспайды. Бұл қалай? Осының әділдік пе, шұнақ Құдай?!!» деп кейіп, тұлан тұтып талағы тарс жарылғанын көрсең! Ұрлықпен байыған бизнесмендер істері жүрмей қалса, дереу мешітке жүгіріп барып садақа беріп: «О, Құдай, мен саған бес жүз теңге садақа бердім, енді сен маған миллион доллар банкіден кредит әпер!» деп талап етіп жер тепкілейтін. Қажыға барған байлар, қайтып келген соң қажылығын жуып, жарты жыл тойлайды екен.

 

х х х

 

Айлы түнде саулаған аппақ нұрмен ілесіп періштелер жауатын жерге. Аппақ қанаттары дірілсіз қалықтап ізгілік ұя салған шаңырақтарға келіп қонақтайтын. Таң бозарып атқанша сәбидің уылжыған ұйқысын күзетіп бесігін тербейтін. Адал еңбегін ризық еткен қанағатшыл жандардың түсіне еніп Жаратқанның ізгі аянын жеткізетін.

Бүгін түн тас қараңғы еді. Аспан астын тұман аралас қалың бұлт тұмшалаған. Айдың қара шатқал, қараңғы түкпірінде жүз жылдан бері алжып жатқан кәрі Жынның жалғыз тал сақалын беліне байлап Сиқыршы жерге түсті. Жел мініп Ақ сарайға жетсе, тас бекітілген қырық құрыш- берен есіктің алдында қырық күзетші. Сиқыршы қырық құлаш қамшысын үйіріп ауаны осып-осып жібергенде шатырлап найзағай ойнады. Жарқ еткен жай отының жарығымен бірге ішке енген лып етіп. Бөлме апыр-топыр. Ырсылдаған, ышқынған дыбыстар. Төрдегі Алтын тақтың төрт сирағын төрт адам тас қып ұстап, әрқайсысы өзіне қарай жұлқа тартып, бір-біріне дес берер емес. Көбелері сөгілген, көздері қанталаған. Үстеріндегі асыл киімнің сау-тамтығы жоқ – жұлым-жұлым жыртылған, қызыл-ала қан жұққан. Қара тұяқтарынан хал кетіп қалжырағанша бір-бірімен қаржасқаны, әлі де өліспей беріспейтіні көрініп тұр. Сиқыршы Алтын таққа жайғасты да асатаяғымен еденді бір түйіп, бұйыра зекіді:

– Тұрыңдар! – Төртеуі орындарынан атып тұрды:

– Тақсыр, тақсыр!!!

– Бұл сіз бе едіңіз? – деді бірімен бірі жарыса сөйлеп.

– Не, мені өлді ғой деп пе едіңдер?

– Жоға, Құдай сақтасын! Сіз ешқашан өлмейсіз!

– Ендеше неге зәрелерің ұшып кетті?

– О не дегеніңіз? Жәй, сасқалақтап қалдық. Қорыққан мен қуанған бір дейді емес пе!.. Сіз келеді деп күттік... Алтын тақты төртеуіміз төрт сирағынан ұстап күзеттік!

«Өй, жәдігөйлер-ай!» деді сиқыршы ішінен, бірақ сыр білдірген жоқ. Төртеуі уәзір еді. Патша өлі-тірісі белгісіз, жұмбақ жағдайда ғайып болған. Соның кейпіндегі сиқыршыны көргенде тізерлей кетіп, төртеуі төрт жағынан аяқ-қолын сүйе бастады.

– Жарайды, жампоздарым! – деді Сиқыршы байсал үнмен. Сілекейленген қолдарын жиіркене тартып алды. – Мен қартайдым. Тақты төртеуіңнің біріңе бергім кеп тұр.

Төрт уәзір бір-біріне алая қарап, сиқыршыға  елжіреп еміне түсті.

– Қалай ұйғарсаңыз да, біз ләббәймыз, тақсыр! – деді көзі ойнақшыған, май мұрын, жұтыр қара бәрі үшін суырыла сөйлеп.

– Тізгінді қай сыныма толғаныңа берем!

– Әміріңізге құлдық, тақсыр. Сынаңыз, сынаңыз! – деді төртеуі төрт жақтан жамырап.

– Кәне, билік қолдарыңа тисе, не істер едіңдер, айтыңдаршы?

Жұтынып алға өңмеңдеген жыланкөз, шұбар бетке иек қақты.

– Сіздің сара жолыңыздан ауытқымай, тек өзіңіз сияқты басқаруға тырысамын!

Сиқыршы басын шайқады.

- Өзім сияқты басқару керек болса, алжығанша отыра бермеймін бе, ана Арап елдеріндегі сияқты.

Шашын шалқайта қайырған қоңқақ танау кеудесіне қолын қойып, басын иді:

– Мен дәргейімдегі жұртымды бақытты етуге тырысар едім.

– Адамды бақытты ету мүмкін емес, өйткені ол өзінің бақытты екенін сезбейді. Үнемі бірдеңе жетіспейтіндей болады да тұрады, болған үстіне бола түссем дейді. Қанағат жоқ жерде бақыт болмайды.

Еңселі, аққұба жігіт ойлы көздерін алысқа қадап:

- Мен қарауымдағы халықтың бәрін бірдей қылар едім, – деді. – Бай, кедей деген болмайды.

Сиқыршы сақылдап күлді.

–            Сандырақ. Құдай теңестірмегенді адам теңестірмейді.

Соңында қалған жұтыр қара бұлталақтамай ағынан жарылды:

- Мен не істейтінімді білмеймін. Бірақ өлсем-тірілсем де патша болғым келеді.

Сиқыршы елең етіп төбесінде тікірейген құлағын қайшылаған, милықтата киген жалған тәж қарыс сүйем көтеріліп барып қайта басылды. «Мына баладан бірдеңе шығады!» деді ішінен риза кейіппен. Үшеуін шығарып жіберіп, жұтыр қараны оңаша алып қалды.

– Алтын тақты саған берем.

– Екі дүниеде құлыңыз боп өтем, тақсыреке! – Жұтыр қара жалп етіп жата кетіп, сиқыршының аяғын құшақтап еңіреп жіберген.

– Тұр! – деді Сиқыршы зілсіз бұйырып. – Қоятын шартым бар.

– Не шарт болса да орындаймын, мәртебелім!

– Ана үшеуін өлтір!

– Қалай?

Жұтыр қараның түсі қашып, тұлабойы қалшылдап кетті.

– Көрінеу тұрған жаудың көзін жоймақ ләзім. Әйтпесе күні ертең таққа таласады. Өзіңе қауіп.

– Дәтім бармайды. Бірі – досым, бірі – қайнағам. Бірі – жиенім. Қалай қол көтерем?!!

– Жауды аяған – жаралы. Патшада бауыр, дос болмайды, жау ғана бар. Осы қауіпті-ау дегенді құртып отыру керек.

– Жүрегім дауаламайды, тақсыр!

– Патша болуды шын жан-тәніңмен қалайсың ба?

– Әлбетте, мәртебелім!

– Ендеше тас жүрек бол.

- Қайтіп?

– Оның жолы оп-оңай. Құдай-тағала адамзат баласының бәрін махаббатпен жаратқан, ешқайсысын алаламайды. Шын тілесең кез келген тілегіңе жеткізеді. Зұлымдық сұрасаң – зұлымдық, ізгілік сұрасаң – ізгілік береді. Кәне, шын ниет қылсаң, екі қолыңды алға соз да, екі көзіңді жұмып көкке қара. Жан-дүниеңмен беріліп жүрегіңе «тас бол, тас бол!» деп үш рет қайтала да, қашан өнебойыңда бір өзгеріс байқалғанша тапжылмай тұра бер.

Жұтыр қара Сиқыршының айтқанын бұлжытпай орындаған. Бір уақытта аузынан ып-ыстық дем бұрқ етті де, көкірегі сұп-суық боп мұздап сала берді. Көмейіне лоқсық тіреліп, тұншыға тыпыршып біраз қиналып барып бойы босаңсыған. Бей-жай бір сезім меңдеп, денесі зіл тартқандай ұйып бара жатты. Сол жерде қор етіп ұйықтап кетті. Өмірінде бүйтіп алаңсыз рахаттанып ұйықтамаған болар. Маңдайынан тер бұршақтап, өнебойы балбырап ес-түссіз үш күн-үш түн ұйықтаған. Төсектен басқа адам боп оянды. Көз алдындағы құбылған қызылды-жасыл бояулар өшіп, тынық судың бетіндей дүниенің шарасына сабырлылық тұнды. Сұрғылт әлем, елеңдеуі жоқ салғырт көңіл. Жүрегің тас болғаны қандай жақсы, ештеңеге селт етпейсің. Бәрі жайбарақат. Жылтыр қараның жүзіндегі әр құбылысты қалт жібермей қадалып тұрған сиқыршы:

– Мінеки, енді дұрыс болды! – деп, иығынан қағып, таққа отырғызды. Міне, қызық, жұтыр қара өмір бойы аңсаған ұлы арманы орындалған сәтте қуана алмады. Ол қуаныш сезімнен айрылған еді, бойында тек билікке деген ашкөз құмарлық қалған. Сол сәтінде-ақ жендеттерін жұмсап, үш қарсыласының көзін жойған.

– Міне, тақсыр, айтқан шартыңызды орындадым. Енді не ақыл қосасыз?

– Жауың бұл үшеуімен бітпейді. Өзіңнен басы биіктің бәрі – дұшпан. Солардан сақтан. Ал, жақсы, мен кетейін. Керек болсам, мынаны тұтат, – деп Сиқыршы сақалының бір талын жұлып берді де, асатаяғының ұшы тиген жерден бұрқ етіп құйын ұйтқып , қасқағымда ғайып болды.

Тас жүрек ақылшысының өсиетін екі еткен жоқ, ешкімді аямады. Өзінен басы биіктердің бәрін қырып салды. Қан құмартқан жендеттер тыным таппады, қылыштарының қан тамшылаған жүзін жаламаған күні арқалары құрысып, қабақтары ашылмайтын. Ауыл-ауылды тіміскілеп, патшадан тұрқы биіктеу-ау дегеннің басын допша домалатып түсіретін. Аз жылда Бозақстан ергежейлілер еліне айналды. Бүкіл елде тапал патшадан бойы асатын адам қалмады. Жұрттың бәрі еңсесін басып, бүрісіп, биік боп көрінбеуге тырысты. Балаларының бойын өсірмеу үшін кішкентайынан мойындарына тас байлап, немесе қалталарына тас-темір салып қоятын болды. Қожанасыр атасынша, «бұл да бір біткен іс болды!» деп көңілі масайраған патша «тағы қандай кеңес берер екен, әрі өзін жақсылап қонақ қылып жіберейінші» деген ниетпен Сиқыршы беріп кеткен қылды тұтатқан. Шырпысын өшіріп үлгірмей қарсы алдына дік етіп тұра қалған Сиқыршы айналасындағы қыбыр-жыбыр өңкей домаланған тапалдарды көріп шошып кетті:

– Әй, патша бала, бұл не істегенің?

- Не істеппін?

– Құртыпсың ғой, жүдә! Еліңді ергежейліге айналдырыпсың ғой!

– Өзіңнен басы биіктің басын шап деген өзіңіз емес пе?

– Ой, сөзің бар болсын. Топас екенсің ғой. Өзіңнен басы биіктен сақтан дегенім – ақылы артықтан құтыл дегенім емес пе?

– Шорт с ним! – деді патша қолын немкетті сілтеп. – Ақылы баспен бірге кеткен жоқ па!

– Қателесесің. Ақылды бас аласаның иығында жүруі мүмкін. Дүниені талай рет   төңкеріп тастағандардың көбі тапалдар екенін білмейсің бе?

Тас жүректің екі көзі шекесіне шығып кетті. Бәрін тындырдым деп арқасын кеңге салып жүрсе, қауіп-қатер әлі айналасында анталап тұр екен ғой мүйізін төсеп. Жедел «ақылдыларды аулау» алашапқыны басталды. «Ойбай, тақсыр-ау, сізден ақылды пәндә жаратылушы ма еді?» деп көп жарамсақтар  жәдігөйленгенде шынымен сеніп те қалған, бірақ жан-жаққа жедел аттанған тыңшылар қара халық арасында ханнан беделі бес есе зор не бір  дана, жақсы-жайсаң бар екенін анықтады. Бірі – ақын-өнерпаз, бірі – ойшыл, ғалым. Жас-кәрі, ер-әйел дейсің бе, әрқайсысы он патшадай, қаптаған көсем мен шешен, білімпаз, данышпан. «Астағпиралла, жарылғалы тұрған бомбаның үстінде отыр екенмін ғой!» деп Тасжүректің зәре-иманы ұшқан. Жендеттердің тат баса бастаған қылышы қайтадан жарқ-жұрқ етіп, толассыз ағылған тұтқындардың кеңірдегінде ойнады. Бұл жолы Ақылдың бойы аласарды... Айтты-айтпады, Тасжүректің тұсында Бозақ елі мықтап тозғыншылыққа ұшырады: ақырып атқа мінер сойлысы мен бойлысы қалмады; «Япыр-ау, бұл қалай болды?» дейтін ойлысы қалмады.

Қауқарсыз жұртты кім иектегісі келмейді. Іргесіндегі көршілер әзелден-ақ Бозақтың қойыны қазына, қыртысы  шүйгін байтақ сақарасын ойлағанда көзі шұбартып, сілекейі шұбырып түн ұйқысы төрт бөлінетін. Көктен іздегендері жерден табылып, ізгі ниет, қайрымдылық жоралғысымен жан-жақтан таласа-тармаса қамқорлық қолын созды. Бозақтар – әуелден мал соңында тіршілік кешкен көшпенді ел. Қамқоршылардың бірі егін салып, жеріңді жайнаған гүлбақшаға айналдырамыз деді, екіншісі кент салып өркениеттің төріне сүйремек. Бірімен бірі жарысып, таңсық өмірдің қызылды-жасылды суретін көз алдарына тосқан. Хан қарашасына дән риза еді, бас көтерер бұзығы жоқ, момақан жұртымды неге бақытқа кенелтпеске деп тас жүрегі елжіреді: «осы мешеу қалғаны жетеді, менің халқым да өзгелердің ішкенін ішсін, істегенін істесін» деді.

Ойы да, бойы да пәс, мешел жұрттың бауырынан өрген жаңа ұрпақ қамқор көршілер салып берген әсем шаһарларда тұрды. Солардың нанын жеді, солардың әнін айтты. Әлбетте, өзі бейшараға өзгенің қаңсығы да таңсық. Жүріс-тұрысы, ажар-көркі бәрі де ерек. Шіркін-ай, құдай-тағала айрықша ғып жаратқан қандай керемет жандар деп сүйінетін, соларға қарап өздерін қор санап күйінетін. Сол сүйіну мен күйінуден ұлы аңсар жаратылды, өз болмысына деген көзсіз өшпенділік оянды. Енді Бозақтар «қалалық», «далалық» боп екі айрылды. Ежелден сауда-саттыққа үйірсек еті тірі, сықырлатып  қисық табан құрым етік киген, сәндеп шашын тараған Қарынбайдың үрім-бұтағы мал бағып қырда жүретін, құрт жеп, айран ішетін өзінің қандастарын менсінбейтін, «Мәмбет», «Мамба» деп алты қырдың ар жағынан жиіркеніп теріс қарайтын. Әгәрәки қырдың бозағы «халық таланты» есебінде, үстіне оюлы әлем-жәлем шапан киіп, сахнада домбыраның тиегіне бір түкіріп алып, дауысын мың құйқылжытып терме айта қалса, «апырай, мына маймыл тірідей жерге көмді-ау!» деп ұялғанда, қызарған беттерінен қан ыршып кететін.

Ұрпағының азып бара жатқанын ойлап о дүниеде аруақтар күңіренді. Құтқара гөр деп Құдайға жалбарынды. Аруақтардың зарын естіп, періштелер мәслихат құрды. «Иманы шала болса да, жүрегі таза, аңқау жұрт еді, адастырмай тура жолға салайық» деген бас періште. Бірақ бәрі мәмлеге келе алмады бірден. Бірі:

-«Шайтанның азғыруына еріп азғындаса, өз ниетінен тапқаны» десе,екіншісі қарсы дау айтты:

- «Ниетті де Құдай береді. Демек, Жаратқанның бұйрығы солай, біз ештеңе істей алмаймыз!»

– «Бірін түзік, бірін бұзық қып жаратса, Құдайдың әділдігі қайсы? Өзі істетіп өзі жазалаған ақылға сия ма?»

- «Жоқ, Құдай тағала адамзат баласын тең ғып жаратқан. Бәріне көретін көз, еститін құлақ, ойлайтын ақыл, сезетін жүрек берді. Жаратқанның сол берген шексіз ниғметін дұрыс пайдалана алмаса, өзі кінәлі.»

Құдай адамды топырақтан жаратып, өз туындысының кемелдігіне сүйсінгені соншалық, періштелер мен жын-шайтандарды шақырып алып: «мен жаратқан жанды-жансыздың ішіндегі ең ғажайыбы осы, тағзым етіңдер!» деп бұйырады ғой. Бәрі тізесін бүгіп, бас игенде Ібіліс қана: «Құдіретті ием, бұл да мен сияқты сенің жаратқандарыңның бірі. Тіпті ол менен кем. Өйткені мені оттан жаратып, оны балшықтан жараттың!» деп басын имей қояды. Сөйтіп, Ібіліс Құдайдың қарғысына ұшырайды. Сол күннен бастап Ібіліс Адамның басқан ізін аңдып, қайтсем тура жолдан тайдырам деп жанталасумен келе жатаса керек.

Періштелер бір түйінге келе алмай алауыз боп айтысып жатқанда Ібіліс лып еткізіп Бозақтарға бір сиқырлы қара жәшік әкеп берді. «Дүниенің күллі қызық-ғажабы осында. Көр де рахатқа бата бер!» дейді. Расында да ғаламат. Қаптаған түйменің бірін басып қалсаң, жәшіктің бетіндегі шарайна лып етіп жанып, әлемнің басқа бір түкпіріндегі таңсық өмір жарқырап шыға келеді. Бұлар бұрын көрмеген, естімеген, үш ұйықтаса түсіне енбеген тылсым сурет, тосын қызық. Екінші түймені сырт еткізсең, жалаңаш мықынын бұлтыңдатып билеп жүрген һүрдің қызын көресің. Келесісінде біреулер ән айтып жатады. Атыс-шабыс, ұрлық-қарлықтың қалай жасалатынын көрем десең үйренем десең, басқа бір түймесін басып қал. Түн шымылдығы бүркеген неке төсегіндегі жұбайлардың құпиясын айра-жайра жарқыратып көрсеткенде көбі алғашында бетін шымшылап қаша жөнелетін.

«Аптияумайт, мынасы не сұмдық-әй!» деп бір теуіп қиратпақ боп, тұра ұмтылғандар да бар... Қысқасы, адамзаттың бүкіл даналығы мен зұдымдығы осы алақандай жәшіктің ішінде. Көр де керегіңді ала бер. Енді бозақтар, әсіресе кент-шаһарларға қоныстанған Қарынбайдың ұрпағы Мырқымбаич қиқымбайлар сиқырлы жәшіктің алдынан шықпайтын болды. Қолы қалт етсе күндіз-түні ішіне түсердей ентелеп отырғаны. Бұрынғыдай кітап оқымайды, ән айтпайды, баласына, немересіне ертегі айтып бермейді. Бәрі қара жәшіктің ішінде даяр тұрса, әуре боп қайтеді. Сөйтіп қара жәшік адамның бүкіл ішін сорып алып, әні де, сәні де бір, бірдей ойлап, бірдей әрекет ететін құр қаңқаларды қалдырды. Шыр етіп жерге түскеннен бәрін көріп, бәрін біліп өскен ұрпаққа тамсанатын ештеңе қалмады. Ештеңеге селт етпейтін селқос.  Тәңірдің өзі адамзаттың таңырқауынан туған ғой. Тәңірсіз, таңырқауыз өмір өзінің поэзиясынан айрылды. Әлемді сұрғылт мұнар тұмшалады.

Бұрын бірлі-жарым қағылған-соғылғанды ғана жолдан тайдырғаны болмаса, ісі онша өрге баспай жүр еді, енді бүкіл бір ұлысты уысына түсіріп мерейі тасыған Ібіліс өзінің құдіретін жаһанға паш ету үшін бұларды құбыжыққа айналдырып жіберуге бекінеді. Қағбасы қырық құбылып тұратын көрсеқызар, өмірлік ұстанымы солқылдақ бозақтардың көз алдына таңсық дүниенің қызылды-жасылды суретін тосып, құлағына сиқырлы дуасын сыбырлап сылқ-сылқ күлді. Әлжуаз пәнда естен айрылды, көзі әзәзіл көрсеткен суреттен арғыны көруден қалды; құлағы ақылды сөзді естуден қалды. Сөйтіп, бүкіл ерік-билігі Ібілістің қолына көшкен.

-Тақсыр, алтын тақтың мызғымас тұғыры не?- Билікке тіс-тырнағымен жабысқан патша бір күні ібілістен  сыр тартып жөн сұраған.

-Еліңнің тыныштығы, риза көңілі.

-Халықтың көңілін табу үшін не істемек ләзім?

-Барлық пәнда -өз ниетінің құлы. Сен қарауыңдағы қарашаның бәрін бір ниеттің құлы қыл.

-Оның кілті неде?

Ібіліс бетіне алая бір қарады да ләм деген жоқ. Бір жапырақ қағазға әлдене деп жазды да үш рет үшкіріп мұның қолына ұстатты. «Уа, халқым, байы!»деп жызылыпты. Патша ештеңе түсінбей ібекеңнің бетіне қарады:

– Бұл не?

– Ашкөздік вирусы. Мен үшкіріп дұғаладым. Енді осы сөзді естіген адам байлықтан басқа ештеңені ойламайды.

Ібекеңнен бата алған Тас жүрек патша аузына қараған жамиғатқа: «Уа, халқым, не қылсаң о қыл, көзін тауып байы!» деп ұран тастады. Алтын сандықты ашып берген соң кім аянсын, өзі де қолды салды қарпып, ел де ұмтылды жапа-тармағай. Бірін бірі басып-таптап, жан алып-жан беріскен ұлы сүргін арпалыс басталды да кетті. Әлді байыды, әлсіздің қарманған қолына да болар-болмас талғажу ілікті. Өз меншігі болған соң сата ма, өртеп жібере ме – өз еркі ғой. Байтақ жердің  асты да, үсті де ту- талапай талауға түсті. Қыбырлаған жанның бәрі жылт еткен бірдеңе көрсе басып қалсам, қарпып қалсам деп жанталассын. Есі-дерті тек баю, бірін екеу, екеуін төртеу ғып еселей түсу. «Ақша – бәрі» деп көкқағаздың мөріне табынды. Сөйте-сөйте жартастың жарығынан қабығын сыдырып жылмаң етіп түлеп шыққан жыландай, аз уақытта-ақ қалың жұрттың іші жалаңаштанып шыға келді. Жүрегінде ештеңе қалмады – дүниенің көз тұндырған қызығына ұмтылған ынсапсыз нәпсі көкірек ұясынан иман, ұятты қуып шықты. Май басқан мидан  сананың жарығы өшті. Енді әр бозақ бұрынғыдай тұтас милләт, жүрек лүпілі үндес соққан бір бозақ боп ойлап, бір бозақ боп өмір сүруден қалды. Әркім Өзі  боп қана тірлік кешуге көшкен. Ібілістің де да күткені осы еді, «әп, бәрекелді!» деп екі санын шапалақтап сақылдап күлді. «Боқтың қабына» айналып қожыраған мәңгүрттің құлағына жетпіс жыл бойы  сіңірген сиқырлы дұғасын тағы да сыбырлады. «Сенде тарих, мәдениет болған емес, жабайы, надансың. Түрің моңғол тектес, төмен нәсілсің, қор жаратылған бейшара. Мына қарыштап, өркендеген әлемде байырғы бозақ қалпыңда қалу- ұят. Өзгермек ләзім. Жаңа заманға лайықты бол» деп бетіне үш рет үшкіргенде басына бақсы ойнағандай мәңгірді де қалды бозақ байғұс.

– «Өзгергенде не қылмақ керек?» – деді міңгірлеп.

– «Өзгелерді көрмейсің бе? Сондай бол! Өзгеге ұқсау үшін өзіңді ұмытсаң болғаны!»

«Бұл бір қиын нәрсе болды ғой!» деп іштей қиналса да ол сөзін сыртқа шығара алмай басы әңкі-тәңкі болған байқұс көзі жыпылықтап ібекеңнің бетіне жасқана қараған.

– «Өмір бойы қойдың етін жей-жей, миың қойдың миындай боп кеткен миғұла екенсің өзің бір! – Ібіліс қабағын шытты. – Мұның не қиындығы бар? Ойға салмай, дүниедегінің бәрін көзбен сезін. Сонда жақсы мен жаманды басқаша парықтайсың.»

«Көңіліне ой қонақтатпай, көзімен ғана отығып, көргенінен арыға бойламаса, кім болғаны?» Күмәнға күпті болып тағы да айналасына жаутаңдаған. Көкейіндегісін хаттай оқып тұрған ібіліс ақ киімді абыз кейпіне еніп,  беліне түскен ақбурыл сақалын саумалады:

– «Азап керек пе, ләззәт керек пе?»

– «Әлбетте, ләззәт дұрыс қой, тақсыр.»

– «Ендеше менің айтқанымды істе.»

Шылбар-тізгінін уысында ұстаған ұлұғ мәртебелінің дегенін екі етуге әддісі қане. Иек изеген жағына дедектей жөнелген.

Дүниені көзбен ғана қабылдаудың әсері мүлдем басқаша екен. Бұрынғы түсінік-түйсігі астан-кестен төңкеріліп жүре берді. Келе-келе ол өзінен жерінді. Өз бойындағының бәрі табиғаттың қаталығындай, тағдырдың мазағындай, ерсі, құбыжық боп елестеді. Айнаға қараса, өз түрі өзіне ұнамады. Қысық көз, жалпақ бетін жаңа көріп тұрғандай қорланып, жыны қозды. Бір періп айнаны сындырды. Өзін көргісі келмеді. «О, Тәңірім, неге мені осындай ғып жараттың!» деді долыра қысық көзінің қиығына жас шіпілдеп. Құдайдың бермегенін  тартып алғысы кеп, шашын біресе ақ, біресе сарыға боятты, көз аясын үлкейткізіп, жағын қушитып, мұрынын көтертіп... бет-аузына пластикалық операция жасатты. Қу жаны тыныштық көрмей жатса-тұрса «шіркін-ай, анадай болсам ғой!» деп армандаумен болды. Бірақ арманы тұрақсыз. Көкейіндегісі қысқа күнде қырық құбылып тұрады. Қай құбылаға бет бұрарын білмей шөре-шөре боп, түске дейін орысқа тамсанса, түстен кейін не жапонға, не болмаса қытайға табынатын. Әйтеуір тек өзінен басқаның бәріне ұқсағысы келетін. Айтты-айтпады, дарынды алғыр халық еді. Көмейі бүлкілдеп, бес-алты шет тілінде емен-еркін бұлбұлдай сайрайтын. Тек ана тіліне келгенде тілі мүкіс, көңілі кердең. Біліп тұрса да білмеген болады. Сөйлеуге қорынады. Бұл тілде сөйлеу көштен қалған надандықтың белгісі деп есептеді. Егер біреу-міреу сөйлей қалса, өзгеден бұрын өздері ол байқұсты «мәмбет! мәмбет!» деп ши басына шаншып шиқылдап күлетін. Ал ата-бабасының ән-жыры десе төбе шаштары тік тұрды. Алда-жалда  радио-телевидениеден күй, терме ести қалса, беттерін басып, құлақтарына дейін  памидордай қызарып ұялғандарын көрсең, «құдай-ау, осындай жабайылықпен тарих көшіне қалай ілеспекпіз!» деп күйініп, сарнап жатқан радионың жағын қарыстыра салатын. Көрсоқыр ызамен шанағын шаң басып төрде ілулі тұрған домбыраны ортадан бір бөліп отқа тастады.Сыбызғы, шертер,тастауық... бәрін қиратып, кезек қобызға жетеді. Отқа лақтыра бергенде, сұңқылдап ғайыптан шыға келген аққу лапылдаған жалынға жеткізбей қанатымен қағып жібереді. Қобызды қылмойнынан тістеген күйі, не болғанын түсінбей есі шығып ербиіп тұрған бозекеңнің төбесінен үш айланып көк аспанның тұңғиығына самғай жөнеліпті. Қобыз бәрібір туған жерін қимай сыңсып-еңіреп зар төгіпті. Мың жыл бойы қос ішегіне қонақтаған мұңлы саз, мың жыл бойы шанағына шіпілдей толған шерлі өксік шайқала төгіліп, байтақ даланың төсіне шашырапты. Қазір қобыздың сол өксікті үні желдің уілінде, шөптің сыбдырында, аққудың сыңсуында қалыпты-дүр... Сөйтіп, ішін, көкірек қуысын өзімдікі дейтіндей бітім-болмыстан түгелдей тазартады. Бұрынғының күллісінен ада. Қоя тастап жемсауы босаған құзғындай тоят іздеп жан-жағына жалаңдаған. Бос көкірек көз арбаған қызылдың бәрін қорқаулана жұта береді, жұта берді. Күндердің күнінде олардың асыл арманынан жаңа ұрпақ жаратылды.

                                           ХХХ

Сэр Роберт әлгіндегі есік алдында жолыққан жүк тасушы мүскіннің сиық-сықпытынан жаны түршігіп, «О, Құдайым, осындай да тіршілік иесі болады екен-ау!» деп құбыжықтың қорқынышты елесінен әлі де айыға алмай отырған.

– О, сэр, бұл қайта олардың адам қалпына түсіп түзелген түрі ғой! – Жолбасшы жігіт әңгіменің түтінін қоюлата түсті. – Әу деп алғашқы дүниеге келген буынды көрсеңіз иманыңыз хасам болар еді. Мен оларды көргем жоқ, әлбетте. Одан бері екі-үш ғасыр бел асып кетті емес пе. Кезінде куә болған көнекөз бабаларымыздың естелік-жазбаларынан білеміз. Әуелгі ұрпақ мүлдем құбыжық екен. Қалып-бедері өзгермей бір тәнде екі нәсіл тоқайласқан соң не жорық. Орыс пен қытайды орталарынан қақ бөліп бір-біріне шаптап қойғандай, бір аяқ-қолы серейген ұзын, екіншісі шолтиған қысқа. Жүрсе шойнаңдап, ұзын сирақ пен қысқа сирақ кезек адымдағанда күрт ойға түсіп, қайта қырға шыққандай теңселе шайқалып денесін билей алмай тыраң етіп тоңқалаң асатын. Бірақ кеудесінде жаны бар пенде тіршілікке бейімделеді ғой. Бар салмағымен жантая еңсерілген соң ұзын сирағы бірте-бірте басылып, қысқа сирағы созыла-созыла ұзарып, ұрпақтан ұрпақ ауыса келе қазіргі қалпына түсіпті. Жүгіре алмаса да ақсаңдай басып жүруге жарайды. Жарты тәні орыс сияқты, жарты денесі шүршүтке ұқсаған соң, былайғы көрген жұрт екі халықтың атын жарым-жартылай араластырып «оршүт» атайды. Сөйтіп бұрынғы баба Бозақ атауы ұмытылады-дүр.

Оршүттердің тілдері де қызық. Бүкіл болмыс - жаратылысы жартыкеш болғандықтан ба, дүниеге келген сәбидің тілі де жартылай орысша, жартылай қытайша шығады. Қара қылды қақ бөлгендей екі тілдің мөлшерін тең сақтап сөйлейтінін айтсаңшы. Қалай дегенмен, жарты ми, жартыкеш тән- қабілетсіз, қауқарсыз. Басқаның бір қолмен-ақ іліп әкететінін ол екі қолымен көтере алмай мықшыңдап жатқаны, жай адамның бір аттаған жерін ол екі адымдайды. Ақыл-ойы шектеулі, қатты қайырым жұмысқа жарамсыз болған соң, аула сыпырып, офис-мейманханаларда барып кел-алып кел шаруамен айналысады екен. Оның өзіне де жергілікті үкіметтің міндеттеуімен мекеме қожайындары амалсыз алатын көрінеді.

 3

Үш күнге созылған ұлан-асыр той-думаннан сэр Роберттің әбден сілікпесі шығып шаршап еді. Ішімдікпен әу бастан араз. Тынымсыз сый-хошаметтің өзі-ақ діңкелетіп тастаған. Күн сипатты сәруардың пәленбай жүз жылдық тойына жарты әлемнің  жақсы-жайсаңы жиналған екен. Дүниенің төрт тарапынан келген небір сайыпқыран саңлақтар өнер жарыстырып, бақ сынап-ақ бақты. Биші де, әнші де осында. Көше бойы мың-сан маска киіп шат-шадыман думан құрған халық. Мексикадағы әлгі әлем аузын ашып-көзін жұматын карнавалың адыра қалады. Осының бәрін тамашалап һәм мәртебелі мейман қалпыңа сызат түсірмей ыздиып үнемі жұрт көзінде сырбаз көріну оңай дейсің бе. Бір күн, бір түн тұяқ серппей ұйықтап әрең ес жиған. Қосшы жігіттің шынанда да жаны жоқ шығар. Үш күн бойы бір елі ажырамап еді, міне, тағы да қасында жүр бәйек болып. Қашан ұйықтап, қашан дем алатынан кім білсін, әйтеуір жанарындағы жылы ұшқын бір сөнген емес, қалбалақ қағып күлімдеп тұрғаны. Ұйқылы-ояу жатқанда әлденеше рет төсегіне кофе алдыртып, бір бөксесі бұлтыңдаған муллат келіншекке белін үздіріп массаж жасатқызып жанын рахатқа бөлеткізген.

Сэр Роберт тумысынан саяхатшыл, жиһанкез адам ғой. Бір жерде ешқашан байыздап отырған емес. Осы  ғұмырында шалқыған мұхиттар мен шартарап құрлықтардың талайын оңды-солды көктей өткен шығар. Қайда барса да сол жердің орман-суы, тау-тасын түгел көз бедеріне көшіріп алмайынша егжей-тегжейлі жалықпай тамашалайтын әдеті. Мәртебелі меймандардың алды той тарқасымен аялдамастан аттанып кеткен. Бұл қайтуға асыққан жоқ. Ертеңінде қосшы жігіттің жол бастауымен қаланы аралауға шыққан. Мини Уолдиснэй, аквопарк...дейсің бе- әлемдегі күллі ғажайыптың шағын көшірмесін осы жерден табасың. Жолдың қос жиегі қарама қарсы сырғаған эксколатор. Тротуардан бұрылып, жыланның жонындай ирелеңдеген резина баспалдақтарға табан тіресең болды, баратын жағыңа қарай іліп ала жөнеледі. Асықпасаң дыбыссыз, түтінсіз зымырайтын  биомобильдер даяр. Бұлар біраз жерді эксколатормен жылжи аралап, ең соңында тарихи өлкетану мұражайына бас сұққан. Сырты күңгірт әйнекпен қапталған зәулім ғимарат. Бейне бір кинозалға кіріп кеткендейсің. Видеотехника дүниеге келгеннен бергі уақыт бедерінде түсірілген осы өлкенің табиғи көрінісі түгел жинақталған екен. Үш қабатты үйдің әр қабаты бір-бір ғасырды еншілепті. Осы жасқа дейін шартарап әлемнің талай дәмін татып, анау-мынауға онша еліте қоймайтын сэр Роберт табалдырықтан аттай бере қабырға бойы экрандағы көрініске қараған күйі тіл-ауыздан айрылғандай қалшиып қатты да қалды. Кадрмен ілесе сөйлеген әйел дауысы уақыт қойнауынан суыртпақтай сыр тартып, үш ғасырға шегіндіріп әкетті.

 Ол заманда қазіргі Оршүтстанның орнында Бозақия деген алып ел болыпты. Ол шеті мен бұл шетіне ұшқан құстың қанаты талып әзер жетеді екен. Мына Оршүтстан оның бір пүшпағы ғана көрінеді. Экранда уақыт ағып жатыр. Лып-лып ауысқан кадрлар келмеске кеткен өмірдің өң-дидарын бір жылт еткізіп көз алдыңнан алып қашып барады. Осы табан тіреп тұрған жерлері бағзыда Алматы атанған көне шаһардың орны болыпты. Шыңдарын бұлт еміп, көкжиекте кенерлей созылған  заңғар таудың басы шілденің шіліңгірінде де көбесі сөгілмеген әппақ қар. Беткейі сыңсыған жасыл шырша. Баурайында аққудың шоғырындай қалықтаған әппақ қала. Мың-сан фонтанға шомылып, мың-миллион гүлдің жұпарына мас болып, жарқыраған күн шуағында маужырап жатыр. Сурет те болса жасандылығы жоқ тума табиғаттан жанды шарпып құдіретті бір тылсым леп есіп тұрғандай. Кадрден кадрге еліге қарап есі кеткен сэр Роберт: «Япырай, мұндайда жер жаннаты болады екен-ау, – деді күбірлеп. Іле табанымен басып тұрған жердің бедер-бейнесін есіне алып, аһұрған шарасыз күйініш өзегін тіліп ышқынып түсті. –О, Иисусе, айналдырған үш жүз-ақ жылда мызғымас қара жер мұншалық азып-тозып өзгергені ме? Жарайды, қар еріп, орман өртенсін. Бірақ мына аспанмен астасқан заңғар тау қайда кеткен? Дүние шайқалып, қара жер қақ айрылса да мынандай алып таудың із-түзсіз  ғайып болуы мүмкін емес қой!» Сэр Роберттің экранға қарап жасаурай жыпылықтаған көзінен жан айқайын оқыған қосшы жігіт мысқылдай мырс етті:

- «Неге мүмкін болмасын? Пенденің ынсапсыз өңешінен обыр не нәрсе бар? Ол тауды оршүттердің бабасы жұтып қойған!» Сэр Роберт не естіп тұрмын дегендей өз құлағына  сенбей бақырайып жігіттің жүзіне қарады:

– Қалай?

– Кәдімгі колбасаны турағандай кертіп-кертіп қылғыта салған! – деді жігіт сөзін әзілге шаптырып. – Баяғының жемсауы салбыраған алпауыттары тістері қышығанда тауларды кеміріп жеп, шөлін басу үшін бір көлдің суын басына бір-ақ төңкерген...

                                              4

 

Әл-хисса, ашуға булыққан періштелер қырық жыл ізіне түсіп, ақыры ебін тауып Ібілісті құмыраның ішіне кіргізеді де аузын тығындап, теңіздің ортасына лақтырып жібереді. Ібіліс құрыдым ғой деп ойбайлаудың орнына аспанда шыр айналып бара жатқан құмыраның бүйіріне бетін басып, аузы қисалаңдап сақ-сақ күледі. Періштелер «мұнысы қалай?» деп таңқалады. Араларындағы біреуі Ібілістің жалпылдаған ерініне қарап, не айтқанын түсінеді. Сөйтсе ол: «Мені адамдар бәрібір құтқарып алады. Өйткені мен оларға керекпін!» деген екен.

«Япырай, мына бозақ деген жұрттың соры қандай қалың еді! Қайтсек Ібілістің азғыруынан құтқарып, тура жолға саламыз?» деп баяғы кәрі әулие күндіз-түні ой кешіп, қайғы жеумен болды. Айлы түнде жерге салбыраған аппақ сақалы боз даланың боз жусанын сипап ақша бұлттың үстінде қалықтап келе жатқан, көз ұшында бір қарайған көрінеді. Жақындап келсе, жоңышқа орып жүрген бала екен. Құлағы салбыраған көк есегі қаңтарулы тұр. Әудем жерде дөңгелене қарауытқан ауылда жылт жоқ, шырт ұйқыда. Ит те үрмейді. Жеті түнде қыбырлап жүрген жан иесі жалғыз осы ғана. Қолы күс-күс, еріні жарылған. Астындағы мамық көрпедей жайылған ақша бұлтқа сәл аялда дегендей, шынашағын көтеріп белгі берді. Түн жарымында тырбанып тірлішік қылып жүрген қаршадай балаға сүйсіне қараған. Бала орған жоңышқасын өзінің бойындай екі қанарға нығарлап толтырды да бойын тіктеп, айға қарап есіней керілді. Құрыстанған денесі қу ағаш сындарғандай күтір-күтір ете қалды. Көзін уқалап, қасындағы күпсіп төгілген аппақ сақалдың үстіне күмп етіп құлай кетті. «Түу, мына бетегенің жұмсағын-ай, қандай рахат!» деп қос жамбасына кезек аунады. Әулие тауық бір шақырғанша баланы ақ сақалына орап тербетіп отырды. Ояна сап апалақтап қаптарына жармасқан баланы әулие ақырын білегінен тартты:

- Қайда асықтың?

- Жіберіңізші, ата! – деді бала алакөбеңде алдына тұра қалған шалға шошына қарап. – Жоңышқаны ертерек базарға апарып сатуым керек.

–          Ол ақшаны не істейсің?

–          Үй-ішімді асыраймын.

–          Әкең бар ма?

–          Бар.

–          Не істейді?

Бала тоңқ еткізіп кеңірдегін шертті. Әулие баланың жағдайын түсініп, ішінен күрсінді. Бір түрлі көңілі құлап тұр. «Көзін тырнап ашқалы көргені бейнет екен. Бала боп ойнамаған. Шаһардың балаларындай бесіктен белі шықпай жатып, «шайтан жәшіктен» небір пәлелерді көріп бұзылмаған. Ділі таза. Таңдайына салған түйір дәндегі тердің ащы дәмін біледі. Асып-тасып бара жатса, төрдегі іліп қойған жаман тымағына қарап тәубасына түсетін Аязбилер осындай балалардан шықпай ма? Еңбекпен ержеткен адамда ынсап пен шапағат мол болмақ.»

–          Кел, балам, батамды берейін! – Әулие қылаңытып келе жатқан таңның арайына жүзін бұрып, қолын жайды.– Тәңірден не тілейсің? Қанағат, талап, кісілік, байлық ... осылардың қайсысын қалайсың?

- Байлық бер маған! – деді бала іркілместен.

– Басқасының керегі жоқ па?

- Басқасының бәрі өзімде бар. Қанағат болмаса, ұрлық қылар едім. Талабым болмаса, өстіп еңбек етер ме едім? Кісілігім болмаса, азаптанып ата-анамды асыраймын ба?

–       Сөзің жөн-ақ! – Әулие басын шұлғыды. – Байлықтың екі ұшы бар: бірі алтын қанатын тосып жеті қат көкке самғатады; екіншісі мойныңа қара тас байлап құрдымға батырады. Қайсысын таңдайсың – өз еркің. Мен бердім батамды!

Әулие баланы ертіп, Шығайбайдың атамзаманнан бері үңгірде жатқан байлығына алып келеді. Алты қақпадан өтіп, жетіншісін ашқанда, алтынды күзетіп жатқан әбжылан басын қақшаңдатып, құйрығымен жерді сабалап, ысылдап айбат шекті. Әулие дұға оқып үшкіріп қалғанда, жерге сылқ етіп, иретілген күйі қимылсыз қалды. Бала есегінің белі қайысқанша алтын теңдеп, күн шыға үйіне қайтқан.

Дуадан айығып Сарыбас жылан көзін ашса, бағзыдан бері күзетіп келе жатқан бауырындағы алтын жоқ. Монтандардың атасы Бапы патшаның кәрінен қорқып, денесінің көз ілеспес жылдамдықпен дірілдеп қалшылдағаны соншалық лезде елеске айналып, ауаға сіңіп жоғалады.

Бала алтынның буына мастанған жоқ. Қанша сұқтанса да әулиенің ескертпесі есіне түсіп, бойтартатын. Тері шөнектерді әке-шешесіне де көрсетпей сенімді жерге жасырып, шетінен мысқалдап қана пайдаланды. Жыртық иіндері бүтінделіп, ауыздары асқа жарығанға шүкіршілік еткен. Бірақ сол кезде көз алдына алтын иесі – Сарыбас жылан елестеп, құлағына ысылдады:

- «Сен менен алтынды тығып қою үшін алдың ба? Аямай жұмсап, өмірдің рахатын көр!»

Айыр тілі сумаңдап бетіне төніп қайтып-төніп қайтып тұрған құбыжықтан зәресі ұшқан бала бір сәт демі жетпей кекештеніп барып әзер үн қатты:

– «Тамағым тоқ, киімім бүтін, одан артық не рахат керек?»

– «Ой, күңтамақ құл! Қарыныңның тойғанын ғана ойласаң, құл күйіңде жүре бермедің бе! Дүниенің қызығынан мақұрым не деген ақымақсың. Кәне, айтқанды істе, әйтпесе шағып өлтіремін!»

– «Не істейін, тақсыр?»

– «Ат басындай алтыны бар адамның есек мініп жүргені ұят болады-дүр. Тұлпар мін!»

Бала талай жылғы жолдасы – салпаң құлақ көк есекті жүгенін сыпырып, қайда барсаң онда бар деп, сауырға бір салып шарбақтан қуып шықты да, ойнақтатып бозжорғаға мінді. «Аттың үсті – әулие» деген рас-ау, тегі, жусанды далада ауыздығымен алысқан боз жорғаның тізгінін жіберіп-жіберіп алсаң, көкірегің көкке өрлеп төбеңдегі құспен жарыса ұшып келе жатқандайсың. Бозжорға тұяқтының тұлпары екен, бәйгенің алдын бермеді. Тұлпармен бірге баланың да даңқы аспандай берді. Баланың есімі Айтуар еді. Ата-анасы «ошағымыздың оты өшпесін, айымыз оңынан тусын» деп әдейі ырымдап қойған болатын. Кешегі жоңышқа сатқан жалақ ерін жалшы бала  ұмытылып, енді Айтуар мырза атанды. Сарыбас жыланның ақылымен ауылдың қақ ортасына шатырлап үй салды. Кәпірдің шошқасын бағып, көзге шыққан сүйелдей шеттегі лашықта елеусіз тұрып жатқан кемпір-шалдың босағадағы басы төрге озды, той-томалақ болса, мырзаның әке-шешесі деп қаумалаған жұрт дастарханның басына отырғызды. Ондайда өмірі жоқшылық пен кемсітуден басқа ештеңе көрмеген бейбақтар: «шіркін-ай, болмасаң да бай жақсы, жемесең де май жақсы екен-ау!» деп еріксіз кемсеңдеп көздеріне жас үйіретін. Жан рахатына пенде баласының қай-қайсы да бойалдырғыш қой. Өсти-өсти Айтуар да байлықтың дәмін ала бастаған. Баяғыдағы әулиенің өсиетін ұмытайын деді. Сарыбас жылан бұрынғыдай құлағына сыбырлап, қақпайлап жөн сілтегенді азайтты, өйткені Айтуардың өзі де анау-мынауға қамшы салдырмайтын сұңғыла еді, алтынның алдында ашылмайтын есік, жібімейтін жүрек жоқ екенін әбден біліп болған. Аты бәйгеден келгенге мәз, талтаңдап төрге шыққанға қалпағы қазандай балатын көп сасық байдың бірі болудан жалығып, көңілі басқа бір шүйгіннен тоят іздеді. «Тізгін ұстап жүргендерден ақшам аз, ақылым кем бе, неге бақ сынап көрмеске?» деп білегін сыбанған. Арадағы қолалыстырар жорға-жайсаңның мұртын майлап, батагөйлердің алақанын алтындап, шоттың тасын ары-бері қағыстырғанда – тайтұяқтың ширегімен ауылдың ағасы болды, бүтінімен ауданды биледі. Қайран алтынның құдіреті не істеткізбейді. Бастық болудан   жалығып шаршап кетсе, бірер жыл  демалу үшін жоғарғы не төменгі палатаға депутат бола салады. Ол деген бір рахат. Нағыз спекткльдің өзі. Жоғарыдан шешіліп қойған мәселені телевизордың алдында өжектеп талқылаған боласың да ақырында мақұлдап  екі қолыңды бірдей көтересің. Арықарай қалғып-шұлғып бара жатқан залды селт еткізіп серпілту үшін тоқал алу немесе гомесексуалистер ұйымын тіркеу т.б тұздықты мәселені көлденеңнен қойып кеп жіберсең бітті – дүр сілкініп дуылдай жөнеледі. Ал кеп апта, ай бойы айтыс, талас. Әбден қажып, қалжыраған соң денсаулықты түзеу үшін Канар аралдарына барып ақ құмға аунап, жылы суға шомыласың, не болмаса тікұшаққа мініп Бетпақтың даласынан қасқыр аулайсың...Айтты-айтпады, депутаттық деген үлкен театр мектебі еді ғой. Әртүрлі рольдерді  ойнап әбден  шеберлігі жетілген  депутаттар мандаты біткеннен кейін театр сахналарында емен-еркін артист боп істей беретін. Сол кезде «шын артист болғың келсе, әуелі депутат бол» деген мәтел шыққан екен.

Ол заманда Бозақияда сатылмайтын нәрсе болмады. Атақ-аброй, лауазым, кісілік, махаббат, сұлулық, денсаулық, өмір... бәрі-бәрі тауарға айналды. Құлағында бағасы жазылып жаймаларда самсап тұрды. Уәзір, әкім т.б. үлкенді-кішілі лауазымға көңілің шапса, Ақ сарайдың жанындағы гипермаркетке бар да сатып ала сал. Орден-медаль, атақтың да неше түрін сол жерден табасың. Телевидение мен газет-журналдар, интернет бір-ақ күнде батыр ғып, не ұры ғып қалауыңша атақты жасап береді. Самсап тұрған имидждің маскасынан көзің тұнады. Жүрегін іңкәрлік билеп күйіп-жанып бара жатқандар Саин деген көшедегі жайма базардан құшақ-құшақ махаббатты сатып алып бірден саунаға тартатын. Ал егер бүйрек-бауыр, ішек-ұлтабар сияқты «запчастарыңыз» тозып сыр бере бастаса, ауырухана жанындағы дүкенге барсаңыз болды, дереу кедей-кепшік, бомждардың не жетім балалардың «сіб-свежий» бөлшектерін алып, сол жерде ауыстырып бере салады. Қысқасы, не қалайсың, супермаркеттерге бар да сатып ала бер. Тек сытырлаған кейс-кейс «көкқағазың» болсын!

 Биліктің дәмін татқан сайын араны ашыла түскен Айтуар бір күні алтынның бетіне қарамай құлашты кеңге бір-ақ сермеп, Алтын тақтың өзін сатып алды.

– Ура,VIVA, жасасын біздің  Ай патшамыз! – деді Ақсарайдың алдында  түнімен  тойлап масайраған халық! – Біздің дауысымызды сайлау аукционында ең жоғары бағалаған Сіз болдыңыз!

 – «Сен үлкен іс тындырдың,  жанпозым. Бірақ бітіретін шаруаң одан да үлкен. Билікке жеткеннен билікті уысыңнан шығармай ұстап тұру қиын. – Көптен бері көрінбей кеткен Сарыбас жылан құлағының түбінен тағы да ысылдады. – Сен ұлы әмірші болдың. Бірақ билікте тірек жоқ, биікте қалықтап тұрған құс сияқты, қанатын сәл мүлт қақса,  құлдилап құлап түсуі оп-оңай.

Алтын таққа тіс-тырнағымен жабысып, пенденің  қолынан келер айла-шарғының бәрін жасадым, мені алар жау жоқ деп мығымсыған әмірші шырылдап қоя берді:

«– Жыланеке-ау, барымды салып-ақ келем ғой. Осыдан артық өл дейсің бе? Не істе деп тұрсың сонда?»

«– Басы ашық жаудың жарасы жеңіл. Хауіп – қарашадан.»

«– Қараша халқым мені төбесіне тұтады. Мен оған бостандық бердім. Не істесе де еркі. Тек бетіме жел боп тимесе болғаны.»

«– Тойынған құлға сенім жоқ. Сен оны ақыл-есінен айыр. Ойсыз тобыр -қолыңдағы ойыншығың?»

«– Ол үшін не істемек ләзім, тақсыр?»

«– Ақыл-есін байлыққа сатып ал. Байлыққа құныққанның байлықтан басқа ойы болмайды.»

«– Бәріне жетер байлықты қайдан табам?»

«– Пәлі, таусылмас қазынаның үстінде отырған жоқпысың. Үсті пейіш, асты кеніш ұланбайтақ жерің бар. Үлестір, сат. Таудың тасына дейін, көлдің суына дейін саудала.»

«– Жерді саудаға салғаным қалай болар екен. Бұл ата-бабамның қанымен қорғап, ұрпағына аманатпен табыстаған қасиетті мекеніміз ғой.»

«– Ата-бабаңның жерін ата-бабаңның елінің игілігіне пайдалансаң несі айып? Әлбетте, жер де, су да қасиетті. Бірақ сен үшін тақтан қасиетті ештеңе болмауға тиіс! Тақтың жолында бәрін құрбан ете білсең ғана төңірегің тыныш, айбының асқақ.»

Әмірші бұл қалай болар екен деп біраз толқығанмен, ақыры Сарыбас жыланның ақылынан шыға алмады. Таққа деген құмарлық ой-санасын тұмшалап, одан басқа түсініктің күллісін мәнсіздендіріп жіберді. Жер мен судың сатқанын сатып , көңілі түскендерге тегін үлестірді, адал қызметі үшін сыйластық жөнімен сыйға тартты. Аспаннан жауған аста-төк олжаға қараша қарық. Басына  ақ құйсаң жылан екеш, жылан да райынан қайтпай ма, байлық шіркін кімнің жүрегін жібітпесін, мол сыбағамен ұрты майланған талай алакөз дұшпан енді арадан қыл өтпес досқа айналып еді.

Бозақияның байырғы жұртында «адамның көзі топыраққа тояды» деген нақыл бар екен. Бірақ Бозақия елінің көзі топыраққа да тоймайды. Түйіршігіне дейін түпсіз байлық болса қайдан тойсын. Сарыбас жылан дегеніне жетіп тынды ақыры. Қыбырлаған пенденің есі-дерті тек баю болды. Одан басқа ештеңе ойламады. Қара бақайын қимылдатса тек пайда іздейтін. Кісіге кісінің жақсылығы, жәрдемі, перзенттік парыз, ата-анаға қамқорлық деген ұғымдар тозығы жеткен ескі зат сияқты күресінге лақтырылды. Дәрігер науқастың ішін жарып тастап: пәленбай мың бакс төле, әйтпесе ары қарай операция жасамаймын деп бедірейеді. Ең аяғы  жендетке дейін жемсауы бүлкілдеп қанды балтасының жүзін пұлдайды. Тізерлеп желкесін тосқан мүскінге: «Азаптанбай тез өлгің келсе, алақанымды майла, өткір балтамен басыңды бір-ақ шабам, әйтпесе өтпейтін балтаммен қидалап қинап өлтірем!» деп саудаласады. Автобустан түскен кәрі кемпірдің қолындағы сумкасын бес метр жерге көтерісіп барған сойталдай жігіт те ақы дәметеді. Басы қалтылдап, көзі жасаураған кейуана: «Рахмет, қарағым. Көп жаса!» десе, жігіт: «Рахметіңіз көп болады, жүз теңге берсеңіз жетеді!» дейді.

 Бәрі сатылды, бәрі сатып алынды. Лауазым, мәртебе, ар-намыс, кек-жаза... бәрі құлағында бағасы жазылып, жаймада самсап тұрды.. Арандары ашылып, құныққандары сондай, жердің астындағы мұнайын қорқыратып сорып, алтын-күміс, мыс пен минералдың тұқымын тұздай құртып болған соң, жердің үстіндегі ілікке жарардың бәрін қидай сыпырыпты. Таулардың орманын отап, күндіз-түні шұбырған составпен шекара асырады. Өз жерінің табиғатын көзінің қарашығындай аялайтын елдің тасқа дейін шеттен таситын әдеті емес пе. Иен-тегін байлық оларға да, бұларға да қол болды. Үстіндегі көкжелегін тұт жалаңаш сыпырып алып, төбесіндегі мың жылдық мұзарт еріп, арса-арсасы шыққан кәрі тау сорасы ағып жылап тұрды. Бірақ оның көз жасына қылы қисайған ешкім жоқ. Кәрі сүйегін күтірлетіп сындырып, адамның ашкөз қолы көкірегін үңги берді- үңги берді.. Тас шайнағыш алып комбайндер күндіз-түні гүрілдеп жартастарды үгітіп бір ұртынан цемент құсып, екінші езуінен қиыршық тастап тыным таппады. Таңертең көрген жотаң кеште жоқ, темір тажалдың арандай ашылған аузына тәтті тоқаштай жұтылды.  Сеңгір таулар сілемінен сөгіліп жер жастанды, жан-жағынан түре қусырып, жемтірлей кемірген темір тісті тажалдар аз жылдың ішінде тып-типыл қылғытып салды. Жалпақ жазираны желдің өтінен қалқалап, от шарпыған аптапта бауырынан сылдырап аққан мың-сан бұлағымен сусынын қандырып жаннат бағына айналдырған ұлы тау өлді. Мыңдаған ғасыр ұлы асудан өте алмай тас тырналап өксікке булыққан қара дауыл құйрығын көкке шаншып ұлан далаға лап қойды аңырай. Оңды-солды орай ұйтқып жердің топырағын суырғанда қара тұманнан аспан көрінбеді. Күндіз-түні толассыз сарнап жағы сембеді. Қыста бет тілген үскірік аяз, жазда от бүркіп азынаған аңызақтан ұшқан құс-жүгірген аңға дейін жанына сая таппай безіп кетті-дүр.

Салқар сахара аш бүйіріне найза қадалған арыстандай алас ұрып ажалмен арпалысып жатты. Кім келсе де жатырқамай, құшағын ашып, алдына ризығын тосқанда жарылқағандары осы ма? Жұлынын үзіп, қорқыратып қолқасын суырды міне. Бірі тауларды қиратып, қиыршығына дейін үптеп өз еліне әкетсе, екіншісі қара жердің топырағын тырналап, құнарлы қыртысын қазанның бетіндегі қаймақтай қалқып алды. Қақпасы кімге де болса ашық, демократияшыл, меймандос елдің жатырқаусыз көңіліне емексіп, қара шегірткедей қаптап кірген шығыстағы көршілер ұрты майланып, қырық-елу жылға жалға алдық деген сылтаумен миллиондаған гектар шүйгін алқапты бауырына басып еді, шүршүт деген мұндай пысық, еңбекқор жұрт болар ма. Жатпай-тұрмай тырбынып жыбырлай береді екен. Бозақияны жеміс-миуа, көкөніс, күріш, рапс-бұршақпен аузы-мұрнынан шығарып үйіп тастады. Қияры білектей, алмасы баланың басындай. Жып-жылтыр, әдемі. Түріне қарап-ақ сілекейің шұбырады. Оршүттердің бабасы әуелден үлкенге әуес, жылтыраққа жаны үйір. Әй-шай жоқ, көрген жерде көздері жайнап бас салды. Қалжасы жаққандай күртілдетіп күйседі-ай дейсің. Уланып, құсып, ұшынып жатса да айыл жиған емес. «Өлсек те бір тойып өлейікші, әннәңді!..» десті. Ал шүршүттер оны аузына да салмайтын. Өздері сондай сыпайы, кішіпейіл ме, әлде тиыннан теңге сауған пайдакүнемділігі ме, әбден бапталған, құшақ жетпес қазандай қауын-қарбыздарын, әуелі ел игілігін көрсін дейтін болу керек, базарға шығарып, өздері бөлек атызда «күтім» көрмей өскен, құрт-құмырсқа жеп тастаған ұсақ-түйек жемістерді талғажу етеді екен.  Жер емшегін емген еңбекқорлық осы шығар. Қыста жылы жайға егіп, жазда дәрі-дәрмегін үстемелеп жылына үш реттен өнім алады. Жер жарықтық қаншаға шыдасын. Тозды, бойындағы бар құнарынан айрылып тозаңға айналды. Аңқау елдің ен байлығына құныққан обырлар кетпен жүзі тимеген қия беткей, сазды сайдың шымына дейін шаршылап ойып қара қыртысын күйедей қырып әкетті.

Таулары күйреп, орманы оталған, суы сарқылып, құйқасы сыпырылған тыр жалаңаш өлі даланы екі санын шапалақтап құйын кезді. Тозақтың демін бүріккен мың-сан аруақ кебіндері сүйретіліп ажал биін биледі. Түтеген бораннан тіршілік шырағы өшіп, жер-дүниені түнек басты. Дауыл шайқаған теңіздей толқып тау-тау құм бұдырсыз даланың о шеті мен бұ шетіне дамылсыз жөңкіді, суси сырғып жолындағы жыбырлаған жанды мен көгерген өскінді тып-типыл сипап өтті. Бозақиядағы апатқа бүкіл әлем дүрлікті. БҰҰ табиғатты жыртқыштықпен пайдаланып, әлемдік экожүйеге зиян келтірді деген айып тағып, Бозақия үкіметін жан-жақты дипломатиялық қысымға алды. Көрші елдер өз жерін құм көшкінінен қорғау үшін Қытай қорғаны сияқты жал-жал дуалдар соғып шекараларын тас бекіткен. Осы аласапыран сәтті пайдаланып көршідегі кейбір елдер Бозақияның көптеген шұрайлы жерлерін пұшпақтап ойып алды. Ел шетіне жау тисе, тайлы-таяғы қалмай өре түрегеп атқа қонатын жау жүрек жұрт бұл жолы қыңқ деген жоқ. Отан, туған жер деген ұлы сезім ешкімнің жүрегін тебірентпеді. Өйткені жер, су, тау, орман, жұтатын ауа, өзен-көлдегі балыққа дейін бәрі-бәрі жеке адамның жырым-жырым меншігі болатын. Бөтеннің мүлкіне біреудің басы ауыра ма. Жау шаппақ түгілі топан су қаптасын, өз жерін өзі қорғап алсын, менің шатағым қанша, қызыңды ұрайын деп, былайғы ағайын былқ етпей шалқасынан сұлап  жата берді... Мұның бәрі, әлбетте, ғасырлардан кейін болған уақиға. Ал одан бұрын Бозақияның даңқы аспанға өрлеп дәуірлеп тұрды. Ол кезде халықтың бағына, кемеңгер туған күн сипатты ұлұғ сәруар билік құрды. Жер басқан жұмыр басты пенде баласының бұрын-соңды теңдесі жоқ асып туған асылы еді. Ойы кемел, кесімі әділ, ғұзырындағы қара орман жұртын қайтсем бақытты қылам деп түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмеді. Ел алаңсыз тәтті ұйқы құшағында жатқанда ол сәбиінің ұйқысын күзеткен анадай Ақ сарайында жағын таянып түні бойы ойға шомып отырса керек-дүр. Түпсіз ойдан қажып қырыққа жетпей шашы түсіп, ақ дидарын әжім торлапты. Есесіне халқы да оны жанындай сүйіп, ақ жүрек ғаділдігі үшін «Ақ патса» атандырыпты. Әншілер «Ақ патсам» деп ән шырқапты, жыршылар «Ақ патсам» деп жырға қосыпты. Халықтың сүйіспеншілігі соншалық, жиын-той, бас қосқан жерде, оның атын ауызға алмаса, сөздерінің дәмі кірмейді екен, жегендері бойына батпайды екен. Әр көшеге тас мүсінін орнатып, әр үйдің төріне портретін іліп қойыпты. Ертелі-кеш соған қарап: «сен болмасаң біз қайтер ек? Мұндай бақытты басымыздан кешер ме едік!» деп елжіреп-еміренгенде көздерінен жас парлайтын. Ұлұғ сәруар шынымен де аузының дуасы бар, аруақ қонған әулие адам еді. Қиығынан күлкі қашып жаймашуақ  маздаған сәл қысыңқы қоңырқай көздері бетіңе бір қарап-ақ іші-сыртыңды жездей қақтайтын. Көкірек қатпарыңнан иненің жасуындай кіршік көрсе, мейірім шүпілдеген жанары кілт суынып, тастай қата қалатын. Алды ашық, жүзі жылы болғанмен, бойындағы белгісіз бір тылсым кімнің де болсын мысын басып, еріксіз бас шұлғытып тұратын. Тегін адам осындай бола ма? Кейде бойын жын буып арқасы қозғанда йоганың позасымен малдас құрған қалпы аспанға кісі бойы көтеріліп, шай қайнатым қалықтап тұрады екен. Ол мемлекетті бұрын- соңды тарихта болмаған сиқырлы әдіспен басқарыты. Ғажаптығы  соншалық ол әдіс Құдайдың да , табиғаттың да, экономиканың да заңына бағынбайды екен. Сондықтан аждаһадай жалмаған  әлемдік кризистің өзі де  жақындауға батпай тізесі  дірілдеп Бозақияны алты қырдың астынан айналып өтетін боған. Ол кісінің заманында еркін ойға айқара есік ашылып, қоғамның барлық саласында демократия салтанат құрған ғой. Өзге түгілі өзінің оппоненттеріне титтей де қысымшылық жасамайды. Күллі әлемді жарық қып тұрған күннің бетінде де дақ бар, мінсіз пенде болмайды, сынаңдар, мінеңдер, тек соның бәрі ортақ мұраттарымызға пайда келтірсем деген ізгі ниеттен тусын дейді. Бірақ оның аруақ қонған қасиетті адам болғаны соншалық, сынап, мінеп, сыртынан ғайбат айтып теріс пиғыл танытқандарды бірден киесі атады екен. Ондайлардың бірі қарадан-қарап жынданып кетеді, екіншісі машинаның астына  өзі түсіп өледі, үшіншісі себепсізден-себепсіз өзін атып тастайды. Осыны көрген жұрт ләм деп қарсы ауыз ашпақ түгілі жаман бірдеңе ойлаудың өзінен зәре-иманы ұшатын. Жо-жоқ, қорыққаннан емес, жер бетінде жоқ әділетті қоғам орнатқан адамды жөн-жосықсыз ғайбаттауға имандылардың ары бармаған, пәлеқорлар дүрбі салып сығаласа да тырнақ ұшындай мін таппай ауыздарына құм құйылса керек. Сол заманда Бозақия елінде екі иығын жұлып жеп, аузымен құс тістеген жеті жүз ақын-жазушы болыпты. Ақын-жазушы деген қашаннан керауыз, бері тартсаң ары құлайтын қыңыр халық қой. Кінәмшіл, кірпияз. Оларға кісі жақсын ба. Кісі түгілі, көзіне көрінсе, Құдайдың өзінен талай мін тауып қара есекке теріс мінгізері айдан анық! Басқасы басқа тіпті, анадан асып туған асыл текті ұлұғ сәруар  да жақпады оларға. Тал бойынан иненің ұшындай кіршік таба алмаса да кежегелері кері тартып, бір ауыз жылы сөздерін қимайды. Одан қирап қалған ештеңе жоқ, сорлаған өздері. Құданың құдіреті, күн сипатты сәруардың  киесі шығар, әлгі кербаққандардың көбі шындықты жаза алмай, өтірікті айта алмай, шабыттары өз-өзінен сарқылып, дарын-қабілеттерінен сыптай айрылып, жынын алған бақсыдай бейшара болды да қалды, ақыры. Есесіне, араларынан жеті дарабоз шықты суырылып. Жетеуі де, қарым-қабілет жағынан қатардағы құлатөбел болса да адам бойынан тек жақсылық іздейтін ізгі жүректі, көреген жандар еді. Ұлұғ сәруардың әрбір кемел ісі, кемеңгер сөзіне сүйсініп, таң-тамаша тамсанумен болды. Оны сүйген сайын, ғажаптанып таңырқаған сайын, жаратқанның хикматына не дерсің, көкіректері көзі ашылған бұлақтай сарқырап, шабыттары тасқындаған үстіне тасқындай түсті. Анау жиырмасыншы ғасырдағы «Құрыш патшаны мақтауға сөз таба алмай қиналған» Даңғыл ақын сияқты қиналған жоқ, шын тебіренген жүректен жырдың небір інжу-жауһары ағыл-тегіл төгілді-ай дерсің лекілдеп. Ол шығармалар әлемнің барлық тіліне тәржімаланған. Бірақ қаншама данышпан битін салып аударса да, бәрібір түпнұсқаның  шаңына ілесе алмады. Бозақша шалықтатып шебер жазылғаны соншалық, ондағы теңдессіз көркемдік кесте, нақыш-бояуды өз дәрежесінде бейнелеуге әлемдегі ешбір тілдің қауқары жетпеді. Небір аудармашылар өз тілдерінің дәрменсіздігіне лағнет айтып, қиналғаннан шаштары ағарып кетті. Күллі әлем басына жастап оқитын мына том-том «Мадақнамалар» – сол дәуірдің ұлы туындылары. Әлбетте, олардың бұл шедеврлері  кезінде елеусіз қалған жоқ. Лайықты бағасын алып, нешетүрлі мәртебелі сыйлықтармен марапатталды. Кейбір қалт-құлт еткен кәрі-құртаңдар қос өңірі орденге толы пенжактарын көтере алмай аяғын шалыс басса не жел қаттырақ соқса, тыраң етіп құлап қалатын. Ұлы жиын, той-томалақ, сахнаның төрі – солардікі. Құдай бақ берейін десе, оп-оңай екен ғой, ұлұғ патсаның мейірім-шапағатының алқауымен кешегі қаратабан жарапазаншылар мансап пен байлықтың торқалы құшағына бір-ақ күнде топ ете түсті. Сол жылдары жеті қара нар белі қайысып жүгін көтерген ұлы әдебиетпен қоса бүкіл Бозақия мәдениеті бұрын-соңды болмаған дәрежеде көркейіп кемелденді. Жібектей есілген ән мен күйден әр жүрекке күн нұры қонақтады. Әр үйдің төрінен, шәкірт дәптерінің мұқабасынан, арақ бөтелкесінің бүйірінен... Ұлұғ сәруардың нұрлы жүзі күлімдеп қарады. Көше, ауыл, қалаларда күн сипатты сәруардың тас, қола, күміс, алтын... мүсіндері таласа бой көтерді. Бірі жүз метр болса, екіншісі екі жүз метр болды, сөйтіп бірінен бірі еселеп асып шарықтай берді. Әртүрлі бейнедегі, бірінен бірі асқақтаған зәулім ескерткіштердің биіктігі соншалық, кейбірінің төбесіне халықаралық әуеқатынас мекмелері «SOS» белгісін қадап, ұшақтар соқтығысып қалмас үшін ондай шаһардан айналып өтетін... Шіркін, небір дүлдүл таланттардың шексіз махаббатынан туған сол қайран шедеврлердің бәрі кейін бір-ақ күнде тас-талқан күйрегенін айтсайшы. Ал ғылымның шарықтап дамығанын айтып сөзбен жеткізу мүмкін емес. Докторлардың саны бойынша мың адамға шаққанда Бозақия маңдайы таңда туған шолпандай жарқырап әлемнің ең алдына шықты. Қатардағы шенеуніктер ең азы екіден, ал министрлер мен әкімдер төрт-бес ғылымның докторы атанды. Кандидат дегенің пішту болмай қалды. Ондай ғылыми атақты байлар мен бастықтардың ауылдан сегізінші сыныпты шала бітіріп келген көңілдес-хатшылары, тоқалдары алатын. Ол кездің докторлары шетінен кірпияз, бекзат болған ғой. Мәселенки, техника ғылымының докторы, физик үйіндегі розетка бұзылып қалса, саусағының ұшын да қимылдатпайтын. Сіз оны жөндей алмайды, ештеңе білмейді екен деп ойлап қалмаңыз. Мүлдем олай емес. Қара жұмысқа қолын тигізуге арланатын. Пущай, ондайды қаратабан құлдар істесін деп монтер-электрикті шақыратын.

Айтты-айтпады, Күн шуағы тасқындаған патшаны  әкім-қара ғана емес, бүкіл халық сүйетін. Кебек жеп қылғынған кедей де, қоқысқа басып көмген бомж да, Саин деген көшеде тұратын сайқал да оны шексіз сүйетін. Шіркін, Бозақия халқы шынайы патриот қой. Қарындары қара нанға тоймаса да, көңілдері елінің мерейлі мәртебесіне тоғаятын. «Ең бай адам бізде, пәленше миллиардеріміз бар, мафиямыз кез келген елді табанынан тік тұрғызып, енесін ұрып жібереді, мұнай өндіруден әлемдегі алдыңғы орындамыз...» деген мақтаныштың өзіне ішпей- жемей семіретін. «Сен болмасаң, біз осындай бақытқа кенелер ме ек!» деп тебіренгенде, көзіне еріксіз жас үйірілетін. Әсіресе шенеуніктердің махаббаты тіпті ерекше еді- ау. Қайран махаббат не істеткізбейді дейсің. Патриот бай- олигархтар оның ескі қаламы мен бәтеңкесінің бауы, темекісінің тұқылына дейін таласып, аукционнан миллиондаған долларға сатып алатын.

Жалпы, әкім болсын, министр болсын, шырпы басып сындырып жұмыс істемейтін. Олардың жұмысы да, өмірлерінің мән-мағнасы да ақ патсаны сүю болатын. Сол ұлы махаббаттарын білдіру үшін бір-бірімен жарысқа түсетін. Басқа ештеңе ойламайды. Жер шайқалып, топан су қаптаса да жұмыстары жоқ, жатса-тұрса тек «махаббат марафонының» қайтсем жеңімпазы атанам деп жанталасатын. Күндіз-түні, апта, жылдар бойы осы. Қайтсем тақсыр иемнің көңілін табам, қайтсем басқалардан асып түсем деп ұлы шапқын-ала өкпе. Оны сүю ғылым, өнер дәрежесіне көтерілді. Айрықша талант иелері шынайы сүйіспеншілікті бейнелеудің небір ғажайып үлгісін жасады. Соларға қарап, адам қиялының шексіздігіне қайран қалмасқа амалың жоқ.

Бозақияда оны сүймейтін адам болмайтын. Тіпті кейбір оны қанша сүйгісі кеп тырысса да өзіне ерік- күші  жетпей кежегесі кері тартқан бейшара бұзақылар мен қояншық дертіне шалдыққандардың  да түрме, жындыханаларға барып, махаббат дәруін қабылдағаннан кейін  махаббаттары күрт маздап шыға келетін.

 Халықтың тұрмыс халін өз көзімен көру үшін қамқор патшаның анда-санда елді аралайтын әдеті бар. Әкім біткеннің бағы да, соры да осындайда. Сүйіспеншілік спетаклінің жаппай жарысы басталады. Бір әкім екінші әкімнің ауылына жансыз жіберіп, дайындықтың қалай жүріп жатқанын алдын-ала  біліп отырады. Содан асып түсуге тырысады. Шарықтаған қиял шіркін небір кереметті ойлап табады емес пе. Әйтсе де жарысқа қосылғанның бәрі бірдей жеңімпаз болмайды ғой. Аты бәйгеден келмеген кейбіреулер күйіктен инфаркт болып, не асылып, не атылып өліп қалатын. Егер ақ патса уәзірлерінің біріне сәл артықтау ілтифат білдірсе, екіншісі сол жерде қылғынып өліп, немесе анамен өмір бойы жау боп өтетін. Ақ патсаға деген халықтың да, айналасындағы нөкерлерінің де махаббаты шексіз еді. Жанындағы әкім-қаралар бірімен бірі жарысып, сәті түссе сәл де болса бір қызмет көрсетіп қалуға тырысатын. Бас киімін әперіп, пальтосын кигізудің өзі қандай мәртебе. Босағаға қарай беттегенде екі әбжіл жігіт үкідей ұшып барып екі бәтеңкені бас салғанда, үшінші боп жеткен бейбақ: «әттеген-ай, ақ патсаның аяғы неге үшеу болмады екен!» деп пұшайман боп күйініштен күйреп қалатын. Ал қара халыққа ондай бақыт қайда, бола қалса, мыңнан біріне ғана бұйыратын. Алда-жалда сайлау науқанында, небір жиын-тойда орайы келіп күн дидарлы сәруармен қол алысудың сәті түсе қалса, басына ондай бақ қонған бейбақ есі шыққаннан ештеңе ұстамай, ешкіммен амандаспай, күс басып кеткенше қолын жумайтын. Мұндай келеңсіздік құлағына жеткен патша ашуланып: «бұл антисанитария ғой, індет тарауы мүмкін!» деп содан былайғы жерде қара халықпен қол беріп амандасуды қойыпты - мыс. Күн көсем  бір уәлаятқа барып сөйлегенде, мысалы үшін, тыңдаған жұрт 40 рет қол шапалақтаса соның бәрін есепке алып отырған екінші уәлаяттың жосылма жампоздары сондай жиналыста одан екі есе асырып сексен рет қол соғатын. Ал үшінші уәлаяттың хошаметі сонша, күн көсем аузын ашқан сайын қолшапалақтап тұрып алады екен. Сонда ұлұғ сәруар: «айналайын халқым-ай, көкейімдегі сөзімді айтпай-ақ ұғып қоштап жатырсыңдар ғой, сөйлемей-ақ қояйыншы!» деп елжірегеннен еңіреп жібереді екен.

 Ақ патсаның ықыластан ығыр болғаны соншалық, елдің алдына шыққанда қолына биялай киіп алатын. Бірде орденмен марапаттау рәсімінде амалсыз биялайын шешіп, бір қауғабас уәзірінің төсіне жұлдыз қадап жатыр еді, ана байқұс мұрыны пысылдап, өз-өзінен еңкілдеп қолынан шап бермесі бар ма, шошып кетіп қолын тартып қалғанда, сүйем деп шынашағын тістеп алады. Ыза болған Патша құйрықтан бір теуіп, сол бойда Сарайдан қуып шығады. Сүйіспеншілік үшін жазалау қиянат, әрине. Ашу үстінде етқызуымен амалсыз қаттрақ кетіп қалғаны рас.Әйткенмен патшаға  екі сөйлеу ұят, болар іс болды. Сөйтіп өмірінде махаббат үшін жапа шеккен жалғыз мұндар сол шығар. Қысқасы, ол заманда әкім-қара, уәзір-министр, атқа мінер қаратаяқ күндіз-түні, жыл-он екі ай бойы ұлұғ сәруарды қалай жақсы көретіндерін дәлелдеу үшін бір-бірімен жарысып, жанталасты. Бұл жағымпаздық емес, шынайы сүйіспеншілік, шексіз берілгендік, әлбетте. Ұл-қыздары мен немерелеріне ұлұғ сәруардың, болмаса әйелі мен бала-шағаларының атын қоятын ырымдап. Ол кісі де пәндә ғой, әдетте қызығы қайтып, қызуы басылған некелі бәйбішеден гөрі нақсүйер тоқалдар ыстық болады емес пе, кейбір өте қатты сүйетін өлермендер мен жөн білетін жосылма жорғалар солардың да атын қойып жіберетін, ырыс жұғысты болсын деп. Құданың құдіретінде шәк бар ма, ізгі ниеттерін жаратушы ие қолдап һәм ұлұғ сәруардың әулиелік қасиеті алқағандықтан шығар, олар шырпы басын сындырмаса да істері өрге басып өркендеп, байлықтары тасқындап лауазымдары биіктей беретін.

 Сарайдың бас абызы Қолдаспай деген әулие  күн сипатты сәруардың мұншалық ұлылығының сыры неде екенін ұзақ жыл шашы ағарғанша сарыла зерттеп ақыры табады. Сөйтсе ол пәндаңыз нұрдан жаратылыпты. Адамзатты құтқару үшін көктен түскен  монғол кейпіндегі Иса пайғамбардың өзі екен. Абыздың дәлеліне имандай ұйыған  әлемнің төрт тарабындағы иісі христиан күн сипатты сәруардың  тірідей салдырған мавзолейіне тәу ету үшін күндіз- түні ағылыпты.

 Ақ патсаның заманында Бозақиядай жер бетінде бақытты ел болған жоқ, тозғындық пен жоқшылықтың не екенін білмеді. Әйтсе де пәнда шіркін есіне салып отырмасаң тәубасын ұмытып кетеді емес пе. Басындағы баракат өмірінің бағасын білсін, салыстырып көрсін деген ниетпен ел ішінде жоқшылық пен азғындыққа  арнайы көрме ашып қояды.  Сол кездің адамдары: «Кедейшілікті көргің келсе – Сейфуллин көшесіне бар; азғындықты көргің  келсе – Саин көшесіне бар» дейді екен. Одан басқа жер- гүл-гүл жайнаған ұжмақтың төрі, берекелі, бостан өмір.

Қосшы жігіттің әңгімесі жалықтырар емес. Тұздықты тұстарында ішек-сілесі қатып күліп те алды. Әйтсе де күн сипатты сәруарды қаншама әспеттеп көтермелегенмен, батыстық демократия рухында тәрбиеленген сэр Роберт үшін кейбір нәрселер томпақтау көрініп отыр.

– Сонда ол кісі елді өмір бойы билеген бе? – деді сөзге килігіп.

–       Әлбетте.

–       Сайлаусыз басқарған ба?

- Сайлау нәтижесін алдын-ала біліп отырса, босқа ақша шашып арамтер болудың қажеті не?

 – Тоқтаңыз, сайлаудың нәтижесін алдынала біледі дейсіз бе?

– Ол кісінің Өзенбай деген тотықұсы болған. Кекілі тікірейген, жалпақ тұмсық, қарашұбар сайрауық құс екен. Ұлұғ сәруар құлағының қуысына дән салып беріп, балапанынан баулыпты. Жақсылық хабарды оң иығына, жайсыз хабарды сол иығына қонып айтады екен. Соңғы екі сайлауда патшаның қанша дауыс алатынын дәл болжап айтқан. Бірінде – 91, екіншісінде 95,7 %  деген. Айтқаны айдай келеді. Тарихи жылнамада осылай деп жазылған. Жалпы Тотығұстың феномені ғажап. Көріпкелдігі Нострадамус пен Вангадан бір де кем емес. Ақ сарайдағы саяси ахуалдың қалай өрістейтінін дәл басып Ақ патшаның екі құлағына кезек сыбырлап отырған.

-Содан кейін сайлау өтпеген бе?

-Ең соңғы сайлауда сәуегей Тотығұс Ақ патса сайлауда 120% дауыс алады депті. Ел таңқалып, мынау сандырақтайды деп сенбейді. Сайлаудың нәтижесін есептегенде дәл солай боп шығады. Есепшілердің басы қатады. Халықаралық сарапшыларды көмекке шақырады. Ары тексеріп, бері зерттеп көрсе, Ақ патсаны өте қатты сүйетіндер ебін тауып, өлген әке-шешесі, өспеген ұл-қызының есебінен \ өйткені олар да ұлұғ сәруарды өлердей сүйеді ғой\ екі-үш қайтара дауыс беріп жіберген екен.

Жалпы, Тотығұс бәрін алдынала болжап дәл айтып отырған. Күндерден күндер өткенде бір күні сәуегей құс қожасының сол иығына қонып: «Аштан өлесің, аштан өлесің!» дейді. Патша қатты ашуланады. «Осынша байлығы бар адам аштан өлуші ме еді? Мына құс алжи бастаған екен. Жамандық шақыртпай көзін құртайын!» деп, қанша айтқанмен, көп жыл қасында болған ескі көз жолдасы ғой, жақсы итті қартайғанда май асатып атып тастайтын жоралғы жөнімен, аузына бір тамшы арақ тамызып, басын шаптырып тастайды.

– Нағыз диктатордың өзі десеңші!

– Қателесесіз. Нағыз демократ! – «қалайды» көзімен ұқтырып сэр Роберт жігіттің бетіне таңдана қарады. – Батыстағы жалған, даңғаза демократия емес, шынайы демократия нақ сол Бозақияда болған.

– Бір адам өмір бойы тақта отырса, оның несі демократия?

– Халықтың қалауы солай болса, не істейді? «Біз ортағасырлық феодалдық мемлекет емеспіз, Конституцияны сақтауымыз керек» деп ұлұғ сәруар талай рет азар да безер боп тақтан бас тартса да парламент, сенат, қоғамдық ұйымдар, ең аяғы оппозициялық партиялардың өзіне дейін... бүкіл халық өре тұрып ереуілге шығып, аштық жариялап Ақ сарайдың айналасында айлап жатып алады. Тіпті кейбір патриот-демократтар үстіне бензин құйып өздерін өртемекші болған соң, жүрегі жұмсақ Ақ патса халық үкіміне амалсыз мойынсұнған. Сөйтіп қоғам сайлаудан саналы түрде бас тартқан. Ұлұғ сәруар сайлауға түссе, бәрібір жеңіп шығады. Қарсыласын қандай мықты болса да жер қаптырады. Сонда сайлау өткізудің не қажеті бар? Күн сипаттының қанша пайызбен ойсыратып отырып жеңіп шығатынын анықтау үшін керек пе? Қаншама еңбек, қаншама шығын? Сондықтан сайлауға шығатын ақшаны қайырымдылық мақсатына жұмсап, соғыс зардабын шеккен не табиғат апатына ұшыраған елдерге жәрдемге берді. Демократ болмаса, Ұлұғ сәруар ООН-ның мінбесінде, әлемге ақыл айтар ма еді? Саяси стратегиялық дамудың бағыт-бағдарын нұсқады; барлық халықты діни бауырластыққа үндеді. Тіпті оны кризиске ұшыраған кейбір елдер «бізді тығырықтан шығарып беріңізші» деп жалынып-жалбарынып уақытша мемлекеттерін басқартып отырған. Ақ патсаның қашанда таразысы адал, үкімі әділ. Заңнан, әділеттен жоғары ештеңе жоқ ол үшін. Әкім, министрлер тура жолдан сәл қия басса бітті, биліктің биік баспалдағынан бір-ақ қағатын. «Өзі маған иттей берілген, мен дегенде жүрегін жұлып беруге даяр» деп пендешілікке қарай жығылып, аяушылық танытуды білмейді. Қара қылды қақ жаратын әділ сот арқылы жазаға тартқызады. Әлбетте, ұлы гуманист қан құмар емес. Ешқайсын асқызып, атқызбайды. Әйтсе де атқаннан да ауыр жаза қолданатын. Әкім-уәзір деген қасқалар  алажіпті аттауды білмейтін сәбиден де пәк періште  ғой шіркін, пара, ұрлық десе аза бойы қаза болатын. Сол бейшараларды сәл сүрініп кетсе болды, табан ет – маңдай терімен өмір бойы тырбынып тапқан ақ-адал мал-мүлкін шырқыратып отырып мемлекет есебіне тартып алады да, өздеріне мұғалім, дәрігер, кітапханашының айлығы көлемінде жалақы    беріп, осымен күніңді көр деп бостандыққа қоя береді. Мұндай қатал жазаға ол бейбақтар қайдан шыдасын, айлықтары не тамаққа, не киім мен пәтерақыға жетпей, аштықтан құр сүйектері саудырап, екі-үш жылдан соң өздері-ақ о дүниедегі жәннаттың төріне қарай тырапай асатын.

Алла-ай, осындай асыл туған бекзатты да күстаналайтындар бар-ау. Сондайлар қалай жер басып жүреді екен десеңші! Оппозиция деген қызыл көз пәле емес пе. Оларға кісі түгілі Құдайдың өзін көрсетсең, бойынан талай мін тауып,  ағаш атқа теріс мінгізер еді. Сол сұрқылтайлар басқан ізін қалт жібермей соңынан сүркілдеп түсіп алсын. Сондағы айтатын уәжін қарамайсың ба жазғандардың:

– «Сен әлемдегі ең байсың. Халқың әлемдегі ең кедей!»

– «Мен бай болсам, халқым да бай деген сөз! – дейді ұлұғ сәруар ондайда терең мағнамен жұмбақтап. – Менікі – халықтікі, халықтікі – менікі!»

– «Халықтікі сенікі екені рас. Бірақ сенікі халықтікі болса, неге халықпен бөліспейсің?»

– «Бөлісетіндей халықты кедей деп кім айтты? Олардікінің бәрін қосса, менікінен көп!» – Күн дидарлы «енді не айтар екенсің» дегендей рахаттанып қарқ-қарқ күлетін.

Дұшпан қалай жамандағанмен, айтты-айтпады, Бозақ жұрты шексіз бақытты еді. Өйткені қуаныштары шексіз көп болатын: қарыны бір тойса, шала байығандай көретін; иіні бүтін киім кисе, төбесі көкке жететін; көшеден жүз теңге тауып алса, жүрегі лүпілдеп қоярға жер таппайтын. Алған пенсияң бір ай бойы қара нанды қара суға шылап жеуге жетсе, шекең шеруен атқаны. Ұры-қары тонамаса, полиция қалтаңа аңдаусызда есірткі қыстырып жіберіп, басыңды шырғалаңға салмаса, Жаратқанның өлшеусіз сыйы сол емес пе. Қысқасы, олар үшін кез келген болмашы нәрсенің бәрі қуаныш еді. Үнемі қуанып жүретін, күн сайын, сағат-минут сайын қуанып, жүрегі алып-ұшқан халық қалай бақытсыз болмақ? Ылғи да мәз-мәйрам боп, ыржалақтап күле берген соң қартаймастан беттерін алжа-алжа әжім басып, көздері сығырайып қалған көрінеді.

Бес саусақ бірдей емес. Халық болған соң аласы да, құласы да бар ғой ішінде. Бозақияны қанша жерден пейіш бағы дегенмен, өз басының құнтсыз-қабілетсіздігі, ылдым-жылдым тірлікке икемсіздігі салдарынан, бірен-саран болса да сіңірі шыққан қайыршы, бишара жандар ұшырасып қалатын. Бірақ олардың бұл аянышты, күйзелісті халдері ұзаққа созылмайтын. Арнаулы гуманитарлық мекемелер оларды реабилитациялық орталыққа апарып, бейнетерапиямен  емдеуден өткізетін. Жоқшылықтан мәңгіріп қалған бейбақтар «Ошар» телеарнасындағы жер-дүниеде жоқ жайнаған, шат-шадыман тіршілікті бірер күн тамашалаған кейін, «Япырау, біз қалай байқамай жүргенбіз, өмір қандай керемет!» деп бірден бақытты боп шыға келетін.

Жерін жаннат бағына айналдырған, елін мелдектетіп ен бақытқа кенелткен ұлұғ сәруар осының бәрі байлықтың құдіреті екенін еш ұмытқан емес. Есі-дерті тек байлық болды. Халқын да, өзін де байыған үстіне   байыта түссем деді. Күндіз-күлкі, түнде ұйқы көрмеді. Баяғыдағы атбасындай алтыны атантүйедей боп өссе де көңіліне олқы соқты. Шын жыласа, соқыр көзден жас шығатыны сияқты, жан-жүрегімен егіліп жалбарынса, Құдай тағала пәндәсінің нендей тілегі болса да береді екен ғой. Бірте-бірте ұлұғ сәруардың бойына айрықша қасиет қонды. Бұрын да тегін адам емес еді, енді сиқырлы күш арқасын буып тіптен  аруақтана түсті. Құданың құдіретінде шәк бар ма, әлденеге қызығып, ықыласы ауса бітті, сол сәтінде әлгі нәрсе сонікі бола қалатын. Мәселенки, табысы тасқындаған банк не компанияның қызметіне тамсанып, таңданыс білдырсе, дереу соның бүкіл ақшасы өз-өзінен ұлұғ сәруардың жеке шотына аударыла салатын. Дәл бір көне Гректің Мидас патшасы сияқты, көзі түскен, қолы тиген нәрсенің бәрі алтынға айналып жүре берді. Түйме, құйма, тайтұяқ алтындар күндіз-түні сыңғырлап қоймасына құйылып жатты. Ең қызығы, қолына ұстаған қасығы, жейін деп ұмсына берген тамағы алтын боп кететін болды. Жұрт одан қол беріп амандасудан, жақындасудан қашты, алтынға айналып кетерміз деп қорықты. Ұлұғ сәруар ашығып аласұрды, алтыннан безді. Бір һайла жасаңдар деп дүниенің төрт бұрышынан ғалым-дәрігер, бақсы-балгер шақыртты. Олар ғылым мен магияның ең озық жетістіктерін пайдаланып, дыбыс, арома, био т.б. терапия арқылы тәнді қоректендіруге әрекет жасап бақты. Бірақ оларынан түк шықпады. Патшаның ағзасы алтыннан басқа ештеңені бойына сіңірмеді.

Өмір- шақ, өлім- хақ, ақыры баяғы басын шапқан тотықұстың сандырағы  айнымай келді. Шарасы таусылған патша соңғы сәттегі сорақы қалпын ешкім көрмей-ақ қойсын деді ме, айналасындағылардың бәрін қуып, алтын қойманың ішіне бекініп, жалғыз өзі жатып алды. Әбден аштан бұрлығып, жаны ышқынып, күндіз-түні жағы сембей зарлап Жаратқанға жалбарынды. Айналасы ат шаптырым жердегі буы қып-қызыл боп шалқыған тау-тау алтынның үстінде арлы-берлі теңселіп жүріп: «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен!» деп зар еңіреді. Бүгінде екінші сыныптың шәкіртіне дейін жатқа білетін осы нақылды Ұлұғ сәруар өмірінің соңғы сәтінде арттағы ұрпағына өсиет  қып айтып кетіпті-дүр.

Күнсөнбестің зарилеп жалбарынған дауысын естіп айдан баяғы әулие түседі. Қартайған. Қабақ, кірпігі аппақ. Жерге аяғын тигізбей ақша бұлттың үстінде қалықтап тұрады:

– Иә, пендем, не айтасың?

– Қасиетіңнен айналайын әулие, мына алтынымның бәрін  ал да маған бір тілім қара нан берші. Ең болмаса, өлерімде бір тістеп аузымның дәмін алайыншы!

– Жоқ! – деді Әулие басын шайқап. – Сен маған байлық бер дегенсің. Бердім. Ендігі тілегіңнің жөні жоқ! – Ақша бұлт тік көтеріліп, шалқалай туған қияқ айға қарай шарықтай жөнелді. Күнсөнбес өкіріп, өксіп күн жылады, түн еңіреді. Ызаға булығып қолына түскен алтынды оңды-солды лақтыра   берді, лақтыра берді. Бір уақытта сілесі қатып етпетінен түскен күйі қимылсыз қалған. Ыңырсып, сыңсып жатып үшінші күні көз жұмды. Бүкіл ел күңіреніп қабырғасы қайысты. Бірақ арулап жерлеуге ешқайсысы жақындаған жоқ. Тиіп кетсек алтынға айналып кетеміз бе деп шошынды. Арнайы робот әкеліп, соның көмегімен жерге көмген.

Қайырсыз алтыннан бүкіл Бозақ елі безінді. «Шайтанның қазынасы, арбап, жадылап ниетімізді бұзады, теріс жолға салады» деп, алтын-күміс әшекейлерін шешіп, отқа-суға лақтырды. Қырық тайпадан қырық абыз жиналып қырық күн, қырық түн дұға оқып қоймадағы алтынды қарғыспен дуалады. «Пәлесі жеті ата, жетпіс жеті ұрпағымыздан аулақ. Шайтанның сәулесіне көзін сатып, жақындаған пендені құрдым жұтсын!» деп қолдарын теріс  жайып зікір салған... Қазынаны қырық кемеге тиеп, қырық күн сапар    шегіп көк мұхиттың ұшанына апарып, қырық арқан жетпейтін түпсіз тұңғиығына тастаған. Лапылдаған қып-қызыл алтыннан судың өзі тітіркеніп, шошына шапшып, айдын беті олай-түлей тулап қоя берді. Бұрқ-сарқ тұңғиықты қорқырата сорып аспанда үйірілген алып өңеш қырық кемені құрық бойы аттатқызбай сол жерде жұта салады.

Қорқыныштан дірілдей-дірілдей елеске айналып кеткен сарыбас жылан жаны жай тауып өзінің бұрынғы қалпына келеді. Баяғыда айрылып қалған атбасындай алтыны таудай болған соң кімнен жасқансын, пәленбай жыл көрінбей кетсе, осы алтынды өсірудің әлегімен жүрді емес пе. Жылан атасы – Бапы патша жонынан сипап, мәртебесін өсірді. Жылан әулиесі дәрежесіне көтеріп, Мәлік-Ғафил деп атады. Ендігі жерде сарыбас жылан су астындағы қазынаны күндіз-түні қалғымай күзетеді. Тұмансыз ашық күндері алтынның буы теңіз  бетінде қып-қызыл боп шалқып тұрады. Алтынның қуатынан бойын күш кернеп ыстықтаған сарыбас жылан да дамыл-дамыл сыртқа көтерілетін. Салқындау үшін алқымындағы қанаттай жайылған қалқаншаларын қағып-қағып жіберіп, денесі ирелеңдей билегенде қызыл бу шырқ үйіріліп өрттей лапылдайды. Арал емес, су бетіндегі бұл неғылған алау деп күндік жерден көрінген отқа ентелеген кемелер жақындай бергенде ізім-қайым батып кетеді екен. Адамзат бұл құпияның сырын аша алмай әлі күнге дейін дал. Төбесінен ұшқан құсты, жақындаған кемені жұтып қоятын бұл апатты аймақты бүгінде ғылым «Бермуд үш бұрышы» деп атайды.

Екі ғасырдан кейін ұлұғ сәруардың қабірін ашқан археологтар бұған дейін адамзат естіп-білмеген ғажайып жаңалыққа тап болады. Мәйіт түгелдей алтынға айналып кетіпті. Әлемдік сенсация тудырған олжаларын «Алтын адам» деп атайды. Қазір «Алтын адам» ЮНЕСКО-ның айрықша бақылауымен Британ музейінде сақтаулы тұр.

Бәрін айт та бірін айт, жаны жаннатта болғыр Күн сипатты сәруардың заманында Бозақия жері пейіш бағына айналды. Қырық темірдің қылауы болса да халқы бөлініп-жарылуды білмейтін, ынтымағы жарасқан, ұйтқысы берік. Жүзден астам ұлт пен ұлыс бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүрді. Бірін-бірі ешқандай бөтенсіну жоқ, «біз – бозақиялық ұлтпыз!» деп кеуделерін дүрс-дүрс қаққанда барабан соққандай аспан асты жаңғыратын. Бозақияның байырғы тұрғындары аса мейірімді еді, басқа ағайынды келімсек санап шетке қақпай баурына тартты, төрін беріп, төбесіне шығарды. Ұят пен обалды ойлап өзі босағаға ығысып қалса да, «е, бізге осы да жарайды, кең болсаң, кем болмайсың» деп жайбарақат, маң-маң басып жүре беретін шүкіршіл. Қайда қарасаң да баракат, бейбіт тірлік. Адам түгіл жан-жануарға дейін жарасты тірлік кешті. Бір-бірінен үркіп жатырқамады. Өрісте жүрген қойдың үстіне бозторғай жұмыртқалады. Асып-төгілген байлық елдің бәріне жететін. Ешкімнен ештеңе аямады. Әсіресе шенеунік деген ағайын әсіре жомарт, тым мейірбан еді. Қайыршы көрсе қайырым жасағысы кеп  етжүректері елжіреп тұратындығы сонша, ала дорбасы алдына түсіп шеттен келіп алақан жайған мүсәпір миллиардерлерге бар-жоғы бір чемодан бакс берсе, «мә, сенен аяғанды ит жесін» деп бір заводты немесе бір мұнай компаниясын ұстата салатын. Бүкіл әлем Бозақияға қызыға қарады. Уылжып піскен тәтті пәрәміш көргендей сілекейлері шұбырды. Жер кең, пейіл одан да дарқан, жылағанның да, сұрағанның да қолын қағып, меселін қайтарған емес.

Таудың тасы, көлдің мұзына дейін саудалап, жоқтан өзгенің бәрінен пайда сауатын бозақиялықтар бай болмағанда кім бай болсын. Ылғи қаңғып жүріп күнкөретіндіктен «кезбек» атанып кеткен көрші кезбек жұртының әміршісі: «біздегі әр кезбектің екі «Daewoo»-сы бар деп мақтанғанда, ұлұғ сәруар «біздің бозақтың әрқайсында екі кезбектен құлы бар!» деп қасын кереді екен. Күн сипатты сәруар мақтан үшін сәл үстемелеп айтқанмен, негізінен бұл сөздің төркіні рас еді. Байлары былай тұрыпты, қолының күсі енді кете бастаған кешегі қаратабанға дейін қос-қостан малай ұстайтын. Ол кезде кезбек бейшара жанын баға алмай қора-қора босып тентіреп жүретін. Қызы бозақтың баласын бағып, кірін жуды, ұлы бозақтың тамын соғып, бақшасын салып, майлық-сулық жұмыстың бәрін істеді. Ағаш шебері де, ұста да, троллейбус айдайтын да, ең аяғы ұшқыш та солар. Жоқшылық не істетпейді, тырмысып-тыртысып жүріп бар өнерді үйренді. Бозақ: «Оны қайтеміз, қалтамда ақшам – пішен, керек болса кезбекке істетіп алам, ақысын берсем, боқысын шығарады» деп қарынын қайқайтқанда көйлегінің түймесі бырт-быр ұшып түсетін. Байлық бүгін бар, ертең жоқ, өнер өзіңде қалатынын білмеді. Өнердің ең үлкені гольф ойнап, Шымбұлаққа шығып, шаңғы тепкен деп ойлайтын. Кәсіп қумады. Ұлы армандары тек күн сипатты сәруарды  сүю болды. Кекірігі азған көкіректе ынта-жігер қалғып кетті. Қайран дәурен қашанғы баста тұрсын. Дүние кезек деген осы. Өнер мен кәспің түр-түрін меңгерген бейнетқор, ынталы кезбек бүгінде әлем таныған іргелі елге айналып отыр. Бозақия даласында таулар қирап, өзендер сарқылып құмды дауыл  көшкен кезде БҰҰ-на өтініш жасап, экологиялық апаттан қорғанамыз деген сылтаумен күнгейдегі ұланғайыр шұрайлы алқапты пұшпақтап өзіне қаратып алған. Жері абат, тұрмысы шат. Кешегі кекірейіп төбелерінен қараған бозақтардың ұрпағы – оршүттерді қора-қора құл ғып ұстайды. Аула тазалайтын, бақшалықтың шетінде шөптен күрке тігіп, ала-жаздай табаны тілініп кетпен шабатын солар. Іңірге қарай күндік ақысы - бір жартылық «қызылды» қылғытып ап, шүршітше ыңырсып ән айтып, орысша боқтап қойып қарынын тыр-тыр қасып жатқанда, олардан бақытты  жан табу қиын жарық жалғанда.

Қайран заман-ай десеңші. Қосшы жігіттің әңгімесіне ұйығын сэр Роберттің көз алдынан қызылды-жасылды мың құбылып, сан-сапалақ сурет көшті. Жел үйірген құмдай сусып сырғыған неткен баянсыз дүние. Дәліздің түкпірінде жарты шелек суды екі қолымен мықшыңдай әрең көтеріп, аттаған сайын екі жағына алма-кезек төңкеріліп шойнаң-шойнаң етіп еден жуып жүрген оршүтті көріп еріксіз басын шайқады. Бір көзі ежірейген көк, екіншісі сығырайған қара, аяқ-қолдарының бірі – ұзын, бірі – қысқа осынау жартыкеш құбыжық мүскінді кешегі баһадүр бозақтың ұрпағы дегенге кім сенеді. Ол кездің бозағы қандай еді десеңші! Шетінен атан жілік, апайтөс. Әрі-сәрі дүбәралығы жоқ, асты опырып жеп, жұмысты жапырып істейтін. Жастыққа басы бір тисе бір апта ұйықтайтын, бір отырғанда бір өзі бір қойдың етін жеп қоятын. Жүрісі балпаң, маңғаз. Дию күші бойын буғанда көзі алайып өкірген таудай бұқаны мүйізінен бұрап жыға салады екен. Қатын екеш қатындарына дейін сүт толған тайқазанды талтайып тұрып көтере беретін алапат қайратты болыпты. Батырларына шапса қылыш, атса оқ өтпепті. Батыр аңғал деген ғой, Дәуренбек деген Бозақияның соңғы баһадүрі шетелдік дұшпандардың азғыруына алданып, күн сипаттыға қарсы шығыпты. Кейіннен қателігін түсініп қатты өкінеді. Бүкіл халық сүйген көсемге күмән келтіріп күпірлік жасағанына жаны күйзеліп құсалы дертке шалдығады, бәлки Күн падишаһтың киесі ұрды ма, емделсе ем қонбай, түнде ұйқы, күндіз күлкіден айрылып әбден жаны қиналған соң ақыры өзін өлтірмек болады. Екі рет өзін өзі жүректен атады. Өлмейді, үшінші рет «кольт» тапаншасын құлақшекесіне тіреп қойып шүріппені басып қалады. Жарты басын жұлып түссе де құламай біраз жүреді. Жас алған келіншегінің жүрегі нәзік екенін ойлап, үрейі ұшып, оқыс боп жүрмесін деген қауіппен айналадағы шашылған ми, шашыраған қанды жуып-сүртіп тап-тұйнақтай қылады да диванға барып жатады. Ақ кебін жамылып, «кольтті» кіндігінің үстіне қойып, екі қолын кеудесіне айқастырған күйі кәлимаға тілін келтіріп, мызғып кеткен адамдай жайбарақат көзін жұмады. Бұл хабарды естіп бүкіл әлем дүрлігеді. «Астағфиралла! Батыр бір оқтық деуші еді. Үш рет атқанда өлмеген бұл неғылған керемет. Кинодағы Ниндзяны ойдан шығарылған деп жүрсек, нағыз Ниндзя бозақтар екен ғой!» деп жағасын ұстайды. Міне, сол замандағы Бозақияның адамдары қандай болған десеңші!

Жолбасшының әңгімесіне қаныққан сайын сэр Роберт айналасындағы ұшырасқан  жартыкеш мүсәпір оршүттерге мүсіркей қарады. Жаратылыстың мазағына  не шара? Аяп, ішіңнен күрсінгеннен басқа істер не лажың бар. Аяқ басқан сайын байқап келеді. Қаладағы ең лас жұмысты істеп жүрген солар.

– Бұл қорлау ғой! – деді сэр Роберт көпе-көрнеу әділетсіздікке күйініп.

-Жоқ, бұл – қамқорлық! – Қосшы жігіт жұлып алғандай іле жауап қатты.

–                      Қалай?

– Қолдарынан ештеңе келмейтін бейшараларға осы жұмыстың табылғанына шүкіршілік деңіз. Әйтпесе тепсе темір үзетін қаншама адам бос жүр. Қалалық мэрия бизнес қожайындарына осыларды жеңіл-желпі жұмысқа алуға міндеттеп, соның қалай орындалғанын үнемі қадағалап отырады. Бірақ мұның өзі қателік, жалған гуманизм.

– Неге?

    – Тіршілік бәсекесіне қабілетсіз жартыкештерді неге біз қорғаштауға тиіспіз? Музейге қоятын экспонат емес, тұқымын көбейте бергеннен не рауа? Өмір сүруге икемсіз екен – құрып бітсін. Табиғат заңы солай.

– Біз – аң емес, адамбыз ғой. Христиандық мейірім-шапағатты ұмытпаңыз!

– Бұл – адам өз пиғылынан тапқан кесепат, оған христиандық аяушылық жүрмейді.

– Сіз қатігез екенсіз, сэр!

– Шындық әрқашан қатігез.

Қоңыраулары үздік-создық жарыса күмбірлеп түскі мінәжатқа шақырған шағын шіркеудің тұсынан өтіп бара жатып аула сыпырып жүрген оршүтті көрді. Үстінде саржағал кеудеше, күнқағары ағараңдаған көк кепканы милықтата киген. Онсыз да айнадай жалтыраған қызыл қыштың бетін әржерден бір тиіп-қашты сипалаған сыпырғыштың берекесіз дыбысы құлақ тырнайды. Қимылы ебдегейсіз. Ұзын аяғын бүге еңкейіп, қысқа аяғына қарай қайта еңсерілгенде сыпырғыштың екпінімен тоңқалаң асардай тәлтіректеп барып әупіріммен әрең түзеледі. Бұлар жақындай бергенде жұмысын тоқтатып, өтіп кетсін деген әдеппен, бір жағына қисайған күйі сыпырғышына сүйеніп тұрды. Шіркеу маңындағы ғаріп-мүсәпірге қайыр-садақа беруді парыз санайтын қашанғы ғадетімен сэр Роберт қалтасын сипалап қолына іліккен көкқағаздың бірін ұсынған. Анау лып еткізіп қағып алды. Ризашылықпен жымиғанда, көк көзі сығырайып, қара көзі жұмылып кетті. Басын үсті-үстіне изеп:

– Благодарю. Нихао! – деді

 Сэр Роберт түсінбей жолдасына қараған.

– Орысша, шүршітше рахмет дегені ғой.

– Бір сөйлегенде екі тілде қатар сөйлей ме?

– Екі жартыдан құралған соң, екі тілде сөйлейді.

– Қызық екен.

– Дегенмен ақша бергеніңіз бекер болды.

–       Неге?

Жолбасшы жауап қатқан жоқ.

 Екі-үш сағаттан соң қайта айналып соққанда, сол жерден тағы да әлгі оршүтті көрді. Жолдың жиегінде, шіркеу басындағы алтын крестің қиғаштай түскен көлеңкесімен қатарласып, аяқ-қолын төрт жаққа соза шалқасынан түсіп жатыр. Кепкасы бір жақта, сыпырғышы екінші жақта, есін білмейтін мас. Қырылдақ тарғыл дауысын қылғына созып, өксігендей сыңсып-сыңсып алды да, іле өз-өзінен кіжініп, әлденеге айбат шеге былдырлады. Сэр Роберт «мұнысы тағы қандай өнер» дегендей жолдасына сұраулы жүзбен қараған. Қосшы жігіт миығынан мырс етті.

–       Шүршітше өлең айтып, орысша боқтап жатыр.

 

                                                         5.

 

Сэр Роберт екі алақанын айқастыра желкесіне жастанып,  былғары диванның арқалығына шалқалаған күйі сұлық түсіп бір дем қимылсыз қалды. Көзі жұмулы болғанмен қиялы шартарапқа шарқұруда. Күні бойғы көрген сурет, естіген әңгіменің көл-көсір әсерінен айыға алмай отыр. Бәрін көз алдынан қайта өткізіп, сапырылысқан ойын жұптап жүйелей алмай әлек. «Оршүтстанның астанасындағы ұлан-асыр тойдан кейін «уһ» деп ес жиып, қала аралауға шыққан бетіміз осы...» Жоқ, тым сылбыр. «Сапарымыздың төртінші күні осынау әсем қаланы тамашалауға мүмкіндік туды...» Бұл да болмайды, қанатсыз қарабайыр. Оқушыны бірден елең еткізер әсерлі кіріспе керек. Көкірегі булығып, ұзақ арпалысты. Әр қиырға бір алып қашқан тиянақсыз сезім судағы балықтың құйрығындай бұлаң қағып ұстатар емес. Тынысы жиілеп, маңдайы шып-шып бусана бастаған бір сәтте көз алдына сан сурет сәулеленіп, алды ашылған ағын судай сөз нөпірі лықсып көмейін түрткен. Серпіле бойын тіктеп, орындықтың арқалығына кигізілген пенжағының төсқалтасындағы дыбыстық компьютерге апыл-ғұпыл қол созды. Көкшіл түймешені басты да экран жанған соң сәл іркіліп барып, күмбірлеген ашық дауыспен екпіндете сөйлеп кетті.

«Толқын төсіндегі маусым» кітабы шыққаннан бері газет-журналдар жарыса құда түсіп, қыр соңынан қалмайтын болды. Бірі жарнамасы, екіншісі қаламақысымен қызықтырады. Атаққа құмарлығы жоқ, ақшаға мұқтаж емес, көрген-білгенін хатқа түсіру көптен бергі хоббиы болғандықтан жазбаса отыра алмайды. Һәм ол жазғаның көпке жетіп,  жақын-жырақтан хошамет естіген қандай ғанибет. Журналист ағайындардың қолқасынан сол үшін де  бас тарта алмайтын. Осылай шығарда «Вашингтон постың» шеф-редакторы жата-жабасып өтініш қылған еді. Сенбі сайынғы етжеңді номердің 87-ші беті сіздікі, жолжазба, репортаж, күнделік...  – қандай тұрғыда жазсаңыз да еркіңіз деген. Шарт жасаспаса да, «иә» деп бас изеген соң мойынға міндет алғанмен бірдей ғой. Құдай бұйыртса, жақсы материал шығайын деп тұр. Оршүттер туралы баянның өзі неге тұрады, оның үстіне суретін қоса жіберсе – нағыз сенсация деген сол емес пе...

Дауысының ырғағын бұзбай түйдек-түйдек шабыттана сөйледі. Кешелі-бергі әсердің бәрі көркем өріліп сөз кестесіне түсіп жатыр. Жайшылықта мың ойласаң таптырмас небір шұрайлы, бейнелі тіркестер оп-оңай тіл ұшына үйіріле кетеді. Еркін төгілтіп, межелі жерге жетіп барып тізгін тартқан. 4-А форматпен лықа толған сегіз парақ. Газеттің бір бетіне жете-ғабыл. Екі-үш сурет қосса, толық бет деген сол. Үстінен мұхият қарап, жадағай-жайдақ тұсын жетілдіріп, тым әсірелеп желпінтіп жіберген жерін жонып – редакциялап шықты да интернетті қосты. Жарты сағат өтер-өтпесте экраннан желке шашы жалбырап шеф-редактор көрінді. Көп жазып, аз сөйлейтін жігіт. Айтар сөзі бет-бейнесінде жазулы тұрады. Бар бағасын бас бармағымен көрсетіп, алақанын соқты да: «Жалғасын күтеміз, о, кей» деді экранды жанарындағы жылы күлкісімен толтырып.

Жазғанына өзі де риза еді, білдей редактордың мақтауы мерейін тасытып жіберді. Серейген денесін жеп-жеңіл қозғап, орнынан серпіле көтерілді. Сигарын жүре тұтатып терезе алдына келді. Түтін иісінен төбедегі түймедей қызыл жарық лып көгеріп автоматты ауасорғыш ысылдай жөнелді. Қос танауынан боздай шыққан құлаш-құлаш түтіп ауаға жайылмай тік шаншылып жыланқұйрықтана төбені бұрғылап жатыр. Жотаның төбесінде тақиядай дөңгеленген қос қабатты отельдің терезесінен түнгі шаһар түгелдей көз аясына сыйып, қызылды-жасылды жыпылықтаған оттар көкжиекке дейін кенерлей толқып-төңкеріліп лыпыл қағады. Әр тұста мен мұндалаған еңселі ғимараттардың төбесі мен қасбеттерінде отты шеңбер жүгіре жанып алтын барельвті қызыл алауға бөлеп тұр. Таныс сурет. Көзіне оттай басылды. Өзінің мойнындағы кресте де осындай бейне бар. Дәл қиылысында бедерленген. Жеті атасынан бері келе жатқан крест. Таза алтын. Шынжыры да алтыннан түйіген. Кеудесіндегі ақшулан жүннің арасына көмілген кресті алақанымен салмақтап, ұқсатуын ұқсатса да онша сеніңкіремей ортадағы оймақтай суретке үңіле қарады. Жоқ, көзі алдамапты. Көшіріп алғандай ұқсас. Сонда бұл ненің нышаны болғаны? Балиғатқа толып алғаш рет костелде өз бетінше шоқынған күнгі мейрамда әкесі осы кресті мойнына тағып еді. Шеңбер ішіне шекіп бедерленген бұлыңғыр бейнені көрсетіп: «Мынау – біздің ата-бабаларымызды осы дінге енгізген әулиенің суреті» деген. Бала көңіл мән бермей баяғыда ұмытылған сол сөз қырық жылдан соң көкейінде қайта жаңғырды. Әуестік билеп, жұмбақтың сырын шешкенше дегбір таба алар емес.

Сэр Роберт қайта компьютерін қосты: Католиктік крестер жөніндегі анықтаманы ашуға ауызша бұйрық берді. Сайттар сапырылыса ашылып, іздегенін ілезде тауып алды. Міне, қызық, мойнына тағып жүрген әулиесі ұлұғ сәруардың өзі болып шықты! Энциклопедиялық анықтамалықта суретімен қоса бір жарым бет мәтін арналған. Күн сипатты өзі билеген мемлекет шегінде әлемдік діндердің ынтымақтастығына аса зор көңіл бөліпті. Әр қалада ала-бөлесі жоқ, мешіт, шіркеу, костелдер мен синагогалар қатар бой көтереді. Кім қандай дін тұтынам десе де өз еркі. Тек тыныштық пен бірлікке нұқсан келтірме. Ислам экстремистерімен аяусыз күресіп, нағыз гуманизмді дәріптейтін католицизмнің кең қанат жаюына жол ашқаны үшін көзі тірісінде-ақ оны Ватикан апостол дәрежесіне көтереді һәм байырғы Оршүтстан жерінен  шыққан католиктерге оның бейнесі бедерленген кресті  тағып жүруді өсиеттейді.

«Айналып келгенде өзінің де осы топыраққа кіндігімен байланғаны ма?» Бұл жаңалыққа сенер-сенбесін білмей сэр Роберт  аң-таң күйі аңырып отырып қалды. Отбасының шежіресін таратып хатқа түсіруді әу бастан құнттамаған әулет. Ондайды ешқайсысы қажет қылып көрген емес. Бар білетіні – үшінші атасы Британ Сарайына сіңірген айрықша қызметі үшін граф мәртебесіне ие болған еді. Содан бергі ұрпақ граф атанып келеді.

Сэр Роберт өзінің сегізінші атасының Еуропаға қалай қоныс аударғанынан бейхабар-тын. Боқбаев әжептәуір жоғары лауазымды қызмет атқарса да үнемі біреудің көлеңкесінде жүретін жігерсіз жан еді. Өздігімен алға ұмтылуды білмейтін. Бірақ жұмысына ықтиятты, тапсырғанды тастай қылатын. Осы қасиетін бағалап, бастығы өскен сайын жанынан тастаймай өзімен бірге алып жүрді. Сөйтіп күндердің күнінде үлкен бастықтың ғұзырындағы үлкен мекемеде жауапты қызмет атқарып жатқан. Аяқ астынан төбеден жай түскендей, Қарсылық Майданының көсемі қарақшы қолынан қаза тауыпты деген суыт хабар дүңк ете түссін. Тау арасына апарып аюандықпен атып өлтіріпті. Ақыл-парасатымен жұрттың зор сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген аса беделді тұлға еді. Ел күңіреніп дүрлігіп кетті. Әуелден қаржасып, тісін басып жүрген ресми билік бірден басын арашалап, бұл іске қатысы жоқ екенін сол күні-ақ мәлімдеген. Әйткенмен қылмыскерді ұстап, халықтың  көзіне көрсетпейінше күдік арыла ма?

Боқбаев үйіне кеш қайтатын әдетімен бүгін де елдің соңында қалып, жұмысын тап-тұйнақтай ғып болған соң, тұруға ерінді де роликті, былқылдақ креслоны құйрығымен сырғытып атшаптырым бөлменің кіреберіс бұрышындағы сейфтің жанына барған. Апыл-ғұпыл кодын басқан бойда темір есік есіней ашылды. Қайдан кіргені белгісіз, қырлы стаканның ернеуіне жете алмай жалп-жалп құлап, қайта өрмелеген бір семіз көк шыбын быж етіп әрең ұшып мұның маңдайына кеп қонған. «Кет-ей!» деп алақанымен қағып түсірді де табанымен бырт еткізді. «Бұл нәлет те жақсының дәмін біледі-ей. За удовольствие платить надо. Жат енді жайрап. Все хорошо в меру. Алкаш!» стаканды жиіркене ұстап, ернеуін салфеткамен мұхият сүртті. Танауын түртіп-қашқан сыралғы иіс бойын алып, ішін елжіретіп барады. Талайдың дәмін татты ғой, бірақ «Белугаға» жетері жоқ. Бағана түстіктен кейін буыныма түсіп кетер деп тартына жарты стакандайын ғана қағып алған. Әлі де сипама стакандай бар. Қазіргі  бастан кешер ләззәтті сәттің шырын дәмі таңдайында ұйып сейфтің түкпіріндегі қазмойын шөлмекке қолын соза берген. Кенет кабинеттің есігін жұлқа ашып екі жігіт кіріп келді. Жүрістері суыт. Боқбаев шөлмекке жетпей жол ортада қаңтарылған қолын оқыс тартып алып,  ішіндегісін байқап қалмасын деген қауіппен сейфтің қақпағын сарт еткізіп итере  салды. Төбе шашы жиди бастаған  жалпақ бет тапал сары куәлігін жылт еткізіп: «Комитеттенбіз» деді. Боқбаев аң-таң. Сүйретіліп орнынан тұрды. «Үндеместер ізіне түсетіндей не бүлдіріп қойды?» Санасын қалай сапырылыстырса да қапелімде ойына ештеңе оралар емес. Бар пәлені арақтан көрді. «Жасырып ішетінін біліп қойған ғой. Осы кабинеттің бір жерінде  жасырын камера бар. Бәрін бақылап отырады дегендері рас болды-ау.»

– «Сізбен сөйлесетін шаруа боп тұр. Отырыңыз!» – деді әлгі шыңылтыр дауыспен бұйыра. Үшеуі стол басына жайғасты.

– «Сізге оппозиция лидерінің қазасына байланысты мәселемен кеп отырмыз».

 «Оған менің не қатысым бар» дегендей, Боқбаевтың бадырақ көзі одан сайын шарасынан шығып кетті.

– «Араларыңыз қандай еді?

– «Сырттай таныстығым болмаса, араласым жоқ».

– «Ешқандай кикілжің болмап па еді?»

– «Қайдағы кикілжің? Араласып көрген адамым емес деп айттым ғой?»

– «Әлі де ойлана түсіңіз! – Жалпақ сарының езуін жымысқы күлкі түртіп өтті. – Осыдан үш жыл бұрын сізді қаралап газетке интервью берген жоқ па? «Төменгі палатаның канцеляриясында оңған адам жоқ, басшысы Боқбаевтың аузы арақтан босамайды, маскүнем» дегені қайда?

– «Ой, Құдай-ай, кім не демейді, айтты – қалды. Ондай-ондайды кек тұта берсек, көкірегіміз қоқыс қоймасына айналып кетпей ме?»

– «Әйткенмен, кезінде күйінген боларсыз?»

– «Әлбетте, пенде емеспіз бе. Менің ішкенімде не әкесінің құны бар деп ыза болғаным рас. Кейін ұмытып кеттім.»

– «Ал, бұныңыз – өтірік! – деді тапал сары астындағы креслоны сықырлата шалқалап. – Біздегі мәлімет бойынша, мәселе мүлдем басқаша. Оппозиция көсемін атқан жендетті ұстадық, жіптің ұшы сізге келіп тірелді.»

– «Қалай?» – Боқбаевтың көзі алайып, жүрегі тоқтап қала жаздады.

– «Сіздің тапсырмаңызды орындаған. Сенбесеңіз, міне, тергеу кезінде өз қолымен жазған түсініктемесі. – Құмырсқаның ізіндей қиқы-жиқы ұсақ әріппен жазылған екі парақты алдына тастады. – Сіз – кекшіл адамсыз. Ана жігіттің намысыңызға тиген сөзін ұмытпай іштей қорланып әбден құсаланғансыз. Беделімді түсірді, лауазымым өсуге кедергі жасады деген күйікпен кек алуға бекінгенсіз. Ақыры банктен 70 мың доллар несие алып, киллер жалдағансыз!..»

Жүрегін ыза мен үрейдің өткір тырнағы қабаттаса бүрген Боқбаев:

– «Жоқ, бұл – жала!» – деп баж етіп орнынан атып тұрған. Бағанадан бері әңгімеге араласпай үн-түнсіз отырған қара жігіттің өңі салғырт болғанмен қимылы шалт еткен, шап беріп білегінен ұстай алған. Не бұйырасыз дегендей бастығына сұраулы жүзбен қарады.

–       «Сіз тұтқындалдыңыз! – деді жалқақ сары үнінен ызғар есіп. Содан соң көмекшісіне қарап иек қақты. – Кісен сал!»

Қос білегіне суық кісен сарт етіп киілгенде «біткен жерім осы» деп ойлаған Боқбаев өкіріп орнына отыра кетті. Былқ-сылқ денені өлік сүйрегендей екі жігіт екі жағынан демей көтеріп, есік алдындағы машинаға әзер апарып кіргізген.

Үш әріптің түрмесіндегі үш күннің  ішінде не көрген жоқ. Тәніне дақ түспегенмен, «мәдениетті» түрде жүргізілген «тәрбиелік» жұмыстан кейін бәріне көнген. Мұрынын тескен тайлақтай жетелеген жаққа лыпып тұрды. Сәл тартыншақтаса, противогаз дайын. Басына кигізе сап, ауа кіретін түтікшені баса қойса – бітті, екі минутқа жетпей алды-артынан қою-сұйығы қатар атқылап, о дүниенің есігін бір қағып қайтады. Содан кейін қарсыласып көр. Айт дегенін айтты, жаз дегенін жазды. Арадағы кикілжіңнің нәтижесінде тұтанған ыза-кек қоза-қоза келе ой-санасы тұманданып осындай ауыр қылмысқа барғаны жайлы парламенке ашық хат жолдап, кешірім өтінген. Әділ сот ештеңеге қарамастан, заңның қатал тәртібі бойынша 25 жылға кесті. Әйтсе де әлгі жігіттер азамат екен. Сөздерінде тұрды. Түрме деген аты болмаса, курортпен пара-пар. Дүрмек басылып, бірер жыл көз алдаған соң, жүрек талмасынан өлді деп акті жасады да, мұны бір-ақ түнде жасырын шекара асырып жіберді. Еңбегін бағалап, жеке есеп-шотына жеті ұрпағына жетерлік ақша аударды. Боқбаевтан Бакбайофқа айналып, Еуропаның қақ төріне қоныс тепті. Бұл жақта кісінің бағасы байлығымен есептеледі екен. Ен дәулеттің арқасында аз жылда-ақ беделді әулетке айналған. Талай қанмен араласып, тарыдай шашылған сол әулеттің сарқыты міне, ғасырдан ғасыр озғанда ата-бабасының тозған топырағын басып тұр.

 

6

 

Биокүмбез астындағы шағын шаһарда жидек-миуаның кейбір түрі жылына алты рет жеміс береді екен. Жыл – онекі ай жаз, жаз болғанда да аптапсыз – қоңыржай. Күн мен түннің де парқы шамалы. Биоқабат күндіз шақырайған күннің жарығын жұмсартып, түнде ай мен жұлдыздың сәулесін күшейтіп, жарықты бір қалыпты ұстап тұратындықтан өсімдік біткен үздіксіз өсетін. Сэр Роберт соңғы екі күнде қаланы ені мен ұзынынан оңды-солды кескілеп қырық рет шарлаған шығар. Жол жиегінде қаз-қатар тізілген жаймалар жеміс-жидектен қайысып тұр. Субтропикалық аймақтарда өсетін миуаның жеті атасы осында. Танау қытықтап тәбет шақырған мың-сан хош иістен басың айналғандай. Бір байқағаны – мұнда аш адам да, мас  адам да жоқ. Тамақ су тегін болғанмен, арақ-шарап удай қымбат. Бұл кереғарлық оршүттерге қиын екен, қай дүкенге барсаң да, екі түрлі көздері екі жаққа қисайып, сөредегі әзәзілдей арбаған шөлмектерге телміріп тұрғаны. Қайда қарасаң да алдыңнан мен мұндалаған бір-бір ғажап: Әйнек ішінде ақ аюымен қамалған Антрактида, шағын джунгли, түйеге мініп Хеопс  пирамидасының жанында суретке түсесің, құздан шаншыла құлап бұрқ-сарқ сарқыраған Ниагара... төрткүл дүниенің түкпіріндегі кереметтің бәрінің мың-миллион есе кішірейтілген көшірмесі осында. Көз бедеріне көшірген қимас суреттерді әсерлі тілмен кестелеп, кезекті репортажын компьютерге диктовка жасады да жолға дайындалды.

 Ендігі беталысы – Оршүтстанның байтақ даласын аралау. Шығарып салуға мэрдің өзі бас болып бір топ ығай мен сығай келді. Иығына зерлі шапан жапты. Дәстүрлері солай болса керек. Күн сипатты сәруардың кезінде жиналған жүз мың шапан бар екен. Соның бірі. «Ұлы патшадан тәбәрік» деді. Аса мәртебелі меймандарға ғана тарту ететін көрінеді. Қала дарбазасына дейін шығарып салып, қайыр-хош айтысты. Сыртқы әлем – аптап. Биомобильдің терезесін сәл түсірсең, саңлаудан сыздықтаған ыстық ауа тиген жерін шоқтай қариды. Қыбыр еткен тіршілік иесі жоқ, қылтанақсыз өлі дала. Сусыма құмды суыра тартып төбесімен көк тірей шаншылып тұрған құйынды ғана көресің. Үш-төрт күн бойы қоңыр салқынға еті үйреніп қалғандікі ме, биомобильден түсіп, он қадамдай жердегі флайерге жеткенше құм ұшырып ұйтқи соққан ыстық жел бет-аузын күйдіріп жібере жаздады. Қалыпты режимде тұрған флайердің іші рахат.

– Қай жердің ауасымен тыныстағыңыз келеді? – деді қасындағы күрпілдек креслоға күмп етіп белуарынан көмілген қосшы жігітке қарап. Жігіт түсінген жоқ, әйтсе де онысын білдірмеуге тырысып,   қашырта жауап қатты.

– Маған бәрі бір.

– Ендеше Флорида жөн болар. – Сэр Роберт клавиатураның бір тілшесін басып қалып еді, қапталдағы жалпақ экран жарқ етіп жанып, ұшы-қиырсыз шалқыған теңіздің ақбас толқыны алқынып келіп дәл аяқтарының астына жете беріп жығылды. Жағаны шылп-шылп соғып теңселген толқынның шуылы мен жоғары-төмен қалықтаған топ шағаланың шаңқылы айналаны кернеді. Құлаққа майдай жаққан табиғи дыбыспен жарыса теңізден ескен салқын леп бетіңе дым бүркіп сарайыңды аша түседі. Сэр Роберт баратын жердің координаттарын компьютерге енгізіп, пульт арқылы ұшуға бұйрық берген. Флайер дірілсіз, дыбыссыз жайлап көтеріліп, қалықтай жөнелді. Сырт қараңғы тартып, иллюминатордан біразға дейін ештеңе көрінбеді. Тек шарықтап көтерілгенде ғана түнек сейіліп, төңірек айқындалды. Төменде түтеген дауыл. Жалы желп-желп етіп бірін бірі қуалаған түйдек-түйдек құм толқындар. Иллюминатордан сыртқа үңілген қосшы жігіт мұңая басын шайқады.

– Жыл-он екі ай осы. Жел қалай қарай соқса, солай қарай жөңкіле көшеді.

Әне-міне дегенше болған жоқ, қиырсыз құм жазираның сауырын шұрқ-шұрқ тескілеп қаңқиған үйлердің қаңқасы көрінді. Бәрі жантая құлап, жартылай көмілген, көбі шарболатпен шегендеп құйылған 20-30 қабатты екен, уақыт үкіміне илікпей жұдырық білеп, тіп-тік қалпы қатып қалыпты.

- Алдыңғы күнгі өлкетану музейіндегі кинолентадан көрген қаланың орыны осы ма?

– Иә.

Флайер атшаптырым радиуспен шеңбер сыза бір айналып шықты да қала ауқымы көз аясына еркін сияр биіктікте дірілсіз қалықтап тұрды. Сэр Роберт айналасына телміре қарап, кешегі көрген көз алдындағы пейіш бағын іздеп тұр. Үнсіз түйілген мейманның көңіл-күйін түсінген қосшы жігіт сипалақтап сәл отырды да  тамағын кенеді:

– Оршүттердің бабаларынан жеткен мынандай аңыз бар: Құдай адамдарды жаратып, кім қандай кәсіп істегісі келеді деп сұрайды. Оршүттердің бабасы «мен бақташы болам» дейді. Құдай: «айтатын тілі, ойлайтын ақылы жоқ, отқа айдасаң – отқа, суға айдасаң суға түсіп кететін мақұлқатқа бас-көз боп, күтіп-бағам десе, мұның жүрегі мейірімді болғаны» деп, сулы, шүйгінді жерден қоныс бөліп береді. Ниетіне қарай несібе алған адамзат ұрпағы өсіп-өркен жаяды. Өнері кемелденіп, небір кереметтерді жасайды. Әйтсе де көңілдеріне күпірлік кіріп біз Құдайдан да күштіміз деп кеуде қағады. Құдай олардың ақыл-парасатын сынамақ үшін Жел мінгізіп Жынды жерге жібереді. Данышпанмын деп күпінген пенделер бір-ақ күнде Жынның ойыншығына айналады. Жын еркектің көзін әйел, әйелдің  көзін еркек боп арбайды. Жауыздың қолына қылыш ұстатады, ынсапсыздың ындынын оятады. Жын елді аздырып, Жел жерді тоздырып, тіршілік құритын болған соң Құдай аяушылық  танытып, көмекке періштені жібереді. Періште Жынды алдап құмыраның ішіне  кіргізеді де аузын тығындап теңізге лақтырады. Желді тас бекітіп таудың арасына қамап тастайды. Байтақ жерге қайтадан құт қонып, баракат орнайды. Адамдар асып-тасып тағы да тәубасын ұмыта бастаса керек. Ынсаптан айрылып, есі-дерті тек байлыққа ауады. Күндердің күнінде толқын қақпақылдап әкеліп құмыраны жағаға шығарады. Теңіз қатты толқып жартасқа соққанда, құмыра быт-шыт сынады. Қып-қызыл шаян боп суға топ ете түскен Жынды сол сәтте-ақ жайын жұтып қояды. Ауға түскен жайынды балықшы жейді. Сөйтіп Жын адамның ішіне қайтадан кіріп алады. Енді ойына келгенін жасайды. Өксіп, ұлып, өкірген Желді қамаудан босату үшін тауды алтынға айналдырып жібереді. Алтын көрсе адамда ес қал ма? Жапа-тармағай жабылып, аз уақыттың ішінде тауды тып-типыл қиратып жоқ қып жібереді. Еркіндікке шыққан Жел міне содан бері теңіздің толқынын шайқап, даланың сусыған құмын сапырып толассыз ұйтқып жүрген көрінеді.

Сэр Роберт мысқылдай езу тартты:

– Оршүттердің бабасы  артына өсер ұрпақ қалдырмаса да есті сөз қалдырған екен! – Іле ерін ұшынан жырыла қашқан күлкісін жиып ала қойды. - Құдайым-ау, осы жерде аспанмен таласқан алып тау болды дегенге кім сенеді!?  Көкке ұшты ма, жерге кірді ме – қайда кетті?

– Адамның өңешіне түсіп кетті. Дүниедегі зат біткенге тек ішіп-жейтін нәрсе деп қараған кезде бәрінің ақыр-түбі осылай болмақ.

– Ғалымдар  теңіздің түбінде көзі қарнына біткен бір құбыжық бар дейді ғой. Жемтігін тек қарынымен көреді екен.

– Адам да сол мақұлқаттың бір туысқаны шығар.

Сэр Роберт иллюминатордың шынысын төмен түсіріп сырттағы ұйтқыған желге құлақ түрді. Өлген қаланың моласына жоқтау айтып ұлып тұр. Дірілсіз бір орында қалықтаған флайер өлі қаланы және бір айналып шықты да мұңлы көңіл, қайрансыз өксікпен хайыр-хош – жоқтау айтып келесі бағытқа бет түзеген. Ұйтқыған құмды дауыл талайға дейін қанаты талмай ілесіп келді. Бірте-бірте жер бедері өзгеріп жота-жылғалардың сұлбасы көріне  бастаған, сонда ғана жер бауырлап жөңкіген сан мың аждаһаның қақшаңдаған басы сылқ етіп жерге құлады. Түнек сейіліп басқа әлемге еніп бара жатты.

Еуропада бір сағат-жарты сағатта бір елден екінші елдің шекарасына өтіп кете бересің. Мынау неткен жеткізбейтін кеңістік?

– Осының бәрі оршүттің жері ме? – Сэр Роберт сигарасын түтіндетіп серігіне сұраулы жүзбен қарады.

– Бұрын болған.

– Қазір ше?

– Әркімдікі. Әлгі бір әзірдегі үстінен өткен көк бұйратты өлке – Кезбек елінің аумағы. Экологиялық апат басталғанда БҰҰ-ның қарары бойынша шекарасын кеңейтіп алған. Айналдыра жал көтеріп, көшет отырғызып құмның алдын бөгеп, жерін апаттан қорғап калды. Ал мынау – қытайлар мекендейтін аймақ. Бұрын «Орал тауларына дейін біздің жеріміз» деп мектеп оқулықтарында жазады екен. Бабаларының қиялдаған жеріне балаларының аяғы жетті. Қан төгіп соғысқан жоқ, жымиған жылы күлкісімен алды. Оршүттердің бабасы аңғал еді. Жердің бабын біледі ғой, егін егіп елімізді молшылыққа кенелтіп қарық қылады деп миллиондаған  гектар алқапты елу жылға жалға береді. Мысық табандап тырнағы ілінген жерден олар өлсе айрылсын ба. Қаптап кіріп, құртша өсіп-өнеді. Өңкей сайдың тасындай бойдақ жігіттің бірі жергілікті қызға үйленсе, жүзі құда-жұрағат боп шұбырып келе береді-келе береді. Жыпырлатып кент-қыстақты салып тастайды. Табаны тиіп кеткен жердің бәрі – «Чайна таун». Елу жылдан кейін Бозақия жерін қайтарып алмақ түгілі, сол өңірдегі халқының қайда кеткенін білмей қалды.

Сэр Роберт бейнекамераны төменге бағыттап еді, экраннан басқаша әлем жарқ етіп, сағаттар бойы сусыған ақшағыл құмнан қарыққан көзіне жұп-жұмсақ бояуын тосты. Алақандай бос жер жоқ. Текшеленген егістіктер көк құрағы жайқалып қыр-жоталардың басына дейін шығып кеткен. Барқыт жол плантациялардың арасында балаларын арқасына асып алған әйелдердің ши қалпағы қаз-қатар дөңгеленеді саңырауқұлақша. Етек-жеңі жинақы шағын қыстақ, ақ-қарасы аралас, шалғын арасында жоны қылтылдаған қалың табын экранда шыр айналып көшіп барады...

- Бұл да бұрын Бозақияның жері болған!- Қосшы жігіт төмендегі көкжиекке дейін тұтасқан жап- жасыл плантацияларға тұнжырап құлази қарады.- Қазір шүршүттердікі.

- Оны да Біріккен Ұлттар Ұйымы алып берген бе?

 - Жоқ. Мұның хикаясы тіптен күлкілі!- Жігіт «күлкілі» дегенмен өзі күлген жоқ, қайта қабағының арасы қатпарланып түксие түсті.- Бұрын Бозақ  тайпалары өзара бақас болатын, бәсекелесіп бірінен- бірі асып түсуге тырысатын. Рулық кішкентай амбициялар ұлттық ұлы трагедияға ұласты. Әр тайпа өз батыр- бағланын асқақтатып, өзгені мойындамады. Фольклордың геройларына дейін бөлісіп алып, анадан мынау артық десіп, жақ- жақ қызылкөз қырқысып жатты. Ол аз десеңіз, «Парагвай мен Уругвай біздің Барақбай, Орақбай деген  батыр бабаларымыздың басып алған жері ғой, қазір   олардың ұрпақтары сонда тұрады!» деп шалқайғанда, кеудесінен бұрқ- бұрқ шапшыған буға нан піспек түгілі қара тас қорғасындай балқитын. Бақытсыз елдің батыр іздейтіні ып- рас. Тіпті бір тайпа  айды аспанға бір- ақ шығарып, қырық қайнаса сорпасы қосылмас, айдаладағы щүршүттің өзіне ауыз салған соң не жорық. Анау- мынау емес айдай әлемге әйгілі Ли Бао деген ұлы ақындарын  маңдайына мөр басып тапа-талтүсте аттан аударып алады. «Ойбай- ау, бұл біздің Іледе туған Ілебай ғой, кейін шүршүт еліне ғылым іздеп барып сонда сіңіп кеткен. Шүршүт ит те кімді бауырына тартуды біледі емес пе! Кәне, біздің Ілебайға теңесетін қандай ақындарың бар, түге?» деп ежірейіп айналасына айқұлақтана қарағанда, екі езуі екі құлағына ілініп қалады екен. Ілебайдың  алтынмен аптап том- том  кітабын аударып шығарды. Іленің ұлы көлге  құяр сағасына күндік жерден көрінер ескерткіш салды. Шүршекеңдер не ойлағанын кім білсін, ләм деген жоқ. Сығыр көзі сызаттанып, миығынан жымиды да қойды. Сөйтсе қулығын ішіне бүгіпті. Өздерінің эмиссарлары арқылы таратқан лақабын ыстық қауып бітеу жұтқан әуейі бозақтардың есерлігіне  айызы қанған  алтын айдарлы айдаһар: «гелің,гелің, жақындай түс» деп аузын арандай ашып жата береді. Жылдардан жылдар озғанда «жігітім орта бойлы, дембелше, әңгіме былай...»  деп қыңқыл шығарады. Ли Баоның жетпіс жеті атасы, сексен сегіз шешесі шүршүт екеніне көкте Құдай, жердегі адам біткен куә екені бесенеден белгілі. «Міне, бозақтар өздері мойындап, сардаланың қақ төрінде біздің Ли Баоға ескерткіш қойып отыр. Бұл жерді бір кезде шүршүт мекендемесе, Ли Бао қайдан туады? Шүршүттің табаны тиген жердің бәрі шүршүттікі!» деп, өз шегіне сыймай құртша құжынаған қалың шүршүт  қара тасқындай бір-ақ лықсып, Бозақ даласының  шүйгінді пұшпағына төңкеріле салыпты.

Атам заманнан мал баққан көшпенді Бозақия тарих көшінен қалыспай қала мәдениетіне қадам басқаннан кейін бірте-бірте екіге жарылған. Қалалықтар мен далалықтар боп бөлінді. Басқа өркениеттің кәусарымен сусындап өскен, түсінік-танымы мүлдем бөлек жаңа ұрпақ өзінің мал бағып, егін салып ауылда тұратын қандастарына жатырқай қарады, оларды артта қалған надан, «мәмбет», «мамба» деп атады. Топырағынан тамыр үзіп қыбыласы қырық құбылған қалалықтар ақыр түбі оршүтке айналды да, мәмбеттер баба дәстүріне кіндігінен байланып сахарада қалып қойған. Сэр Роберт енді соларды өз көзімен көруге асық, қосшы жігіттің төндіріп айтуына қарағанда, тамаша бір репортаж шығатын түрі бар.

Екі сағат мұғдарында Мәмбетияның шегіне ілінген. Бір кездері о шеті мен бұ шетіне құс қанаты талып әзер жететін ұлан-ғайыр аймақты жайлағанмен келе-келе бір бүйірден алпауыт көршілері тықсырып, екінші жағынан сұрапыл құм көшкінінен шегіне-шегіне кең сахараның бір пұшпағына ығысып қалған. Қазіргі қонысы оймақтай ғана аумақ. Қолтық-қойнауы тоғайлы, жайқалып селеу өскен қырлауыт. Үлкен кент жоқ, шағын қыстақтар. Көшелері қиқы-жиқы, шаншылған шыбық көрмейсің. Халқының көбі қар түскеннен көк шыққанша там үйлерде қыстап, жаз бойы мал соңында көшіп-қонып жүреді екен. Бір қызығы, мұндағы кент-қыстақтың бірде-бірінде Күн падишаның суреті не ескерткіші жоқ. «Бұл қалай?» деп таңданысын жасыра алмай қосшы жігіттен сұраған. Надандықты қойсайшы, мәмбет десе мәмбет-ау. Ұлы әмірші өлген күннің ертеңінде-ақ: «бізге бір Құдай жетеді, екінші құдайдың керегі жоқ!» деп ескерткіш біткенді түгел қиратып, суреттерді өртеп жіберіпті.

Шетелдік мәртебелі мейман келетінін алдына ала біліп отырса керек, бұлар келіп қонған алқапта, араларына жарты шақырымдай жер тастап үш жотаның басында оншақты үйден шоғырланып үш ауыл отыр. Мешіттің күмбезіндей көк шалғынның үстінде дөңгеленген аппақ киіз үйлер. Бірінен бірі аумайды. Сандары да бірдей. Мұнда әлденендей символдық мән бар-ау деп ойлаған Сэр Роберт:

– Үйлер неге үш төбенің басына бөлек-бөлек тігілген? – деді жолдасына қарап.

– Мәмбеттер үш жүзге бөлінеді. Шыңғысхан заманынан бері қалыптасқан үрдіс. Әр жүз өз ішінен тайпа, ру, атаға жіктеледі. Әр ата бөлек ауыл боп отырады. Сіз сияқты зор мәртебелі мейман келе жатқан соң, әр жүз өз үйлерін тігіп қарсы алайын деген ғой.

Ошақ басынан ширатыла ұшқан көкшіл түтін шаңқай түстің шаңытқан аспанын шұрқ-шұрқ тескілеп жарыса будақтайды. Флайер қонуға бет алып құлдилай бастағаннан-ақ әр ауылдан бір-бір топ адам шығып бері қарай ойысқан. Көгі басылмаған тепсеңге жайлап қонып, тысқа шығам дегенше олар да жеткен үш жақтан ентелей төгіліп. Алдарында бір-бір шал сақалы сапсиған. Қалғандары іркіліп екі қадамдай жерде үйіріліп тұрды. Үш шал қолдарын кеудесіне қойып, бастарын иіп кезек-кезек маңғаздана сәлемдескеннен кейін ошарылған топ жағалай қол алысып шықты. Тегі азиат дегенмен, қытай, моңғол сияқты емес, бет-әлпеті келісті, көркем. Биік қабақ, көз аясы кең, кесек мұрын. Шет жерлік мәртебелі қонақты қарсы алатын болған соң әдейі таңдап алған ба, шетінен төсі қайқайған ірі, еңселі. Бәрі бір адам сияқты, сырт көз бірден айыруы қиын. Үш жүз дегенге, үш түрлі нәсіл деп ойлаған. Түрі, жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеу мәнері – бәрі ұқсас. Әлде тілдері бөлек пе екен? Әйтпесе қайсысы қай жүздің адамы екенін қалай айырады?

– Бұлар әртүрлі тілде сөйлей ме? – деп сұрады сэр Роберт тілмаштық жасап тұрған жолдасынан сөз арасында.

– Жоқ, тілдері де, салт-дәстүрі де бір.

– Сонда бұларды бір-бірінен қалай ажыратасың?

 – Сақалы арқылы. Ұлы жүздің сақалы ұзын, орта жүздікі – орташа, кіші жүздікі қысқа болады. Тарихи қалыптасқан дәстүр солай. Он жетінші ғасырда жасап, жиырма бірінші ғасырда ескерткіштері қашалған үш жүздің классикалық үш биінің сақалдары да осы ретпен бейнеленген. Содан бергі заманда әр жүздің адамдары осы сыртқы ерекшелікті қатаң сақтап келеді.

– Ал қылтанақ өспейтін көсе болса ше?

– Жылқының қылы не шаштан жасалған жасанды сақал жапсырып алады... Ой, бұлардың сақал саудасы дейтін қызықтары бітпейтін жыр. Әкім, уәзірлердің ру, жүзіне қарай кейбір пысықтардың сақалы да өзгеріп тұрады.

– Бүкіл болмыс-бітімі бір бола тұрып бұлай бөлінгені қызық екен. Тегі бөтен түрлі нәсілдердің өзі баяғыда-ақ бір ел, бір халық боп тұтасып кеткен жоқ па?

– Бұл – мәмбеттердің тарихи трагедиясы. Ермінез аңғалдығы өзіне сор болып жабысты. Найза ұстағанмен тізгін ұстамады. От пен суға айдап салып сан ғасыр Шыңғыс қаһан ұрпағы – төрелер билеп-төстеді. Жәй билеген жоқ, жұмылған жұдырықтан гөрі жайылған саусақтарды бір-бірлеп бұрап тастау оңай екенін біліп, тұтас елді үшке бөлді. Әрқайсысы жеке хандық құрды. Әуелде территориялық ыңғайда бөлінген шекті келе-келе хан идеологтары  этникалық мәнге айналдырып жалған шежірелер түзді. «Хазіреті Қабылдың  бір ұрпағы болып табылатын Бозақтан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс туыпты-дүр. Үшеуінде де жасы жүзден асып кеткенше ұрпақ болмапты. Айналасындағылар жасы үлкен Ақарысты Ұлы жүз атам, Бекарысты Орта жүз атам, Жанарысты Кіші жүз атам дейді екен. Өмірден қубас өткеніміз бе деп мойындарына бұршақ сап жылап-еңіреп жүргенде бір күні ауылдарына Сұлтан Сиық, Садық Сиық, Құрбан Сиық деген үш қожа келіп қонады. Жаратқанның шапағаты түсіп, содан тоғыз ай, тоғыз күн өткенде ағайынды үш қарияның бәйбішелері айы-күні жетіп босанады. Сөйтіп біздің батыр, бағлан, оғлан... пәленше, түгенше деген бабаларымыз дүниеге келіпті-міс...» деп басталатын ертегі сол кездерде шыққан. Тақ үшін қырқысып бір-бірімен бақталас болған хандар өздерінің интригасына қарауындағы халықты да араластырды. Сөйтіп ағайын арасына жік түсті, салқындық кірді. Жалған шежіреге миы уланып, әрқайсысы өзін «біз кереметпіз» деп бір-бірімен бәсекеге түсетін бақастық дертіне ұшырады. Кейін үш жүз жылдай бодандықта ұстаған ақ патша мен қызыл патша да алауыздықтың отын одан сайын үрлеп қоздыруға күш салды. Өкінішке орай, өз тізгінін өз қолына алса да мәмбеттердің әлі күнге дейін осынау мешел санадан арылуға өресі жетпей келеді. Қазір ауыл-аудан не үлкен бір мекемеге бір жүздің өкілі бастық болса, басқа жүздің кейбір пысықайлары жайлы орынға жайғасып, жақсы қызметке өсу үшін сақалын ұзартып не қысқартып, бір сәтте-ақ сол жүздің адамы бола қалады.

Аз сөзді кебегін үрлеп көпіртіп аудара ма, неғып көп сөйлеп кетті мына пәтшағар дегендей,  үшеудің ішіндегі ұзын сақалдысы тілмаш жігіттің бетіне күдіктене бір қарап алып тамақ кенеген:

– Ал, қадырлы меймандар, келген қадамдарыңыз құт болсын, үйге жүріңіздер. Әуелгі жол біздікі. Бүгін біздің ауылға қонақ боласыздар!

– Иә, жөні солай!

– Әтікем дұрыс айтады!

Орташа сақалды мен шолақ сақалды жарыса бас изегенде қоқырайған киіз қалпақтары жерге топ етіп ұшып түсе жаздады.

Сөйтіп үш күн үш ауылға кезек қонақ болған. Осынау дөңгеленген шап-шағын киіз үйлердің ішінде беймәлім дүниенің тылсым сыры бұғып жатқандай, аттаған сайын тамсанып, көрген сайын ынтығып, көл-көсір әсерден сэр Роберттің басы айналды. Үстіндегі киімі, астындағы көлігі еуропалық стандарт болғанмен тұрмыс салттары мүлдем бөлек. Кісіге деген ізет-ілтифаты ресми, жасанды емес, риясыз табиғи, қайтсек көңілін тауып риза етеміз деген жік-жаппар адал ниет. Қарапайым өмірді поэзияға айналдыра білген неткен ғажап халық. Асып-тасыған байлығы болмаса да көңілі көл. Мың күндік итшілеген тірліктен бір сәттік жан ләззәтін артық көреді. Дүние жиып, алтын сарай соқпайды. Тойы мен думаны көп дуылдаған. Қызықпен өткен бір күннің буына қырық күн семіріп, одан артық бақыт пен байлықты ойламаған. Байлық іздемей қуаныш іздейді екен. Тіпті жағы түскен қария о дүниеге озса да «осы кісінің жасын берсін» деп, ат шаптырып артын той ғып жіберетін көрінеді. Олар үшін елеусіз, мәнсіз ештеңе жоқ, кез келген ұсақ-түйек нәрсе біртұтас ұлы полотнаның қайталанбас нақыш-бояуы тәрізді. Ең аяғы шай ішудің өзі бір бап. Қаймақ қатқан қанкүрең шайдың дәмі қандай, белі үзіліп, жұп-жұмыр ақ білегі бір жалт етіп кесе ұсынған бойжеткеннің сәні қандай десеңші. Басында дөңгеленген үкілі тақия, бүрме етек, бүрме жең ақ шәйі көйлектің үстіне қынама бел қызыл қамзол киген, білектей-білектей қос бұрымының ұшындағы күміс шолпы әр қимылын бағып сыңғыр-сыңғыр етеді. Торғындай үлбіреген ақша жүз, нұр шашып жайнаң қаққан аялы отты жанар, керме қас. Томпиған тоқ ерінінде ұйыған тәтті күлкіні қоса жұтқандай күрең шайды сораптаған сайын шөліркей түсесің.

«Мынаның көні кеуіп қалыпты ғой!» «Шайшылын қарай гөр өзінің?..» деп бірі мысқылдап, бірі таңырқап, сэр Роберттің сыртынан күбірлескендер де баршылық. Әдетте сэр Роберт алғаш аяқ басқан бөтен жерде тамақтан тартынып сақтық жасаушы еді, бұл жолы ол ғадетінен жаңылып отыр. Құрт, ірімшік, жент сияқты жеңсік тағамдарды жаудай түсірмесе де талғап татып біраз еңсеріп тастаған. Әсіресе сыртқа шығып бой жазып, сауық-сайранды тамашалағаннан соң алдарына шара толы қымыз келгенде тәбеті тіптен ашылып кетті. Тізерлей қонып бір қағылез жігіт қоңыраулы күміс ожаумен соза сапырғанда бұрын-соңды татып көрмеген дәмі болса да қымыздың иісі танау жарып ынтықтырып барады. Шіпілдеген сырлы тостағанды арасын суытпай едел-жедел екі рет тартып жіберген. Екі көзі мейманды баққан айналадағы жұрт таңырқасып бір-біріне қарады. Қызық қуып саяхаттап келген талай қаңғыма еуропалықты көрген, қымызды бұлай ішпек түгілі жәй дәмін татқаннан тыржиып беттері быт-шыт боп кететін.

– Мынаның сілтесі бөлек қой. Жер жүзінде шашылып жүрген мәмбет аз ба, соның бірінің тұқымы боп жүрмесін?

– Кім білсін, фамилиясы Бакпайоф  екен ғой.

–            Бәсе, өзіміздің Боқбай десеңші. Атам заманнан келе жатқан ат қой...- деген сыбыр-күбір әр тұстан естіліп қалды. Мақтаулы мешкейлермен жарыса қол созып үйме астау еттің бір шетін жаудай жапырғанда мәмбеттер:

 – Әп, бәрә-кәлдә, ерім-ақ екен! – деп сүйсіністі. Еттен кейін сорпа ішілді, одан соң қымыз бен шұбат кетті. Сэр Роберт қыңқ деген жоқ, қалжасы жаққандай бой-бойы шығып отыр. Іргеге қарай аяғын созып, құс жастыққа шынтақтай жамбастаған жыланкөз, шұбар шал қонаққа барлай қарап мырс етті:

– Мынаның күйсеуі жақсы, шынында да адасып шетте жүрген өзіміздің бала боп жүрмесін!

– Оны ертең көреміз! – деді шұбат құйып отырған жалпақ сары жігіт сырлыаяқты мейманға қос қолдай ұсынып жатып. – Түнімен ауылды жел жағынан мүңкітпесе болғаны!

Көппен бірге қосыла күлген қосшы жігітке сэр Роберт сұраулы жүзбен қараған.

 --Мәмбеттер тамақты жақсы ішкен адамды батыр деп есептейді. Сізді батыр екен дейді...

Сэр Роберт осы ғұмырында талай қиырды шарлап, талай жердің топырағын басты. Бірақ солардың ешқайсында дәл мұндай әсерге бөленген емес. Адамдары шетінен өнерпаз: әнші, палуан, акробат. Қаражаяу ешқайсысы жоқ. «Мынау неткен керемет!» деп тамсана берсең, екіншісі одан асып түседі. Қайсына таңқаларыңды білмейсің. Қымызға тойып алады екен де, бір-бірімен күш сынасып палуанға түсіп, не қашанда жарау, жер тарпып елірген аттарына міне салып көкпар тартады екен. Қызық іздеп ерігіп отырғанда жақсы сылтау табылып, мәртебелі мейманның алдында өнер көрсетуге бәрі құлшына кірісіп кетті. Қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату... түнде жағалай маздаған оттың ортасында тербелген алтыбақан, әуелеген ән мен күй. Сол өнер сайысының қай-қайсында да үш ауылдың бірінен бірінің асып түссем деген тай-талас егесі төбе көрсетіп тұрды. Екінші күні түс қайта кезек палуандарға келді. Үш ауылдан үш палуан. «Түйе палуан», «Бұқа палуан» атанған алып баһадүрлер. Үш ауылдың ортасындағы көк майса кең жазық шаршы алаңға үш жақтан алып шықты. Өнебойын жүн басқан, бұлшық еттері білем-білем төңкерілген құж кеуде қара дию. Әрқайсысын мойнына шынжыр тағып жетелеп алған. Ауыздарынан көбік аға күркіреп, ара-арасында еңкейе бере екі қолымен жерді көсіп-көсіп топырақ шашып шабына ұмтылғанда, жуықтап кеткен жанды сол бойда езіп тастардай зәре-иманыңды ұшырады. Сэр Роберт қазір мыналар күрессе бірін бірі өлтіретін шығар деп ойлаған. Ережесіз жекпе-жектің төрткүл дүниеге аты машһүр небір сұрапыл сойқандарын білетін, бірақ ойша салыстырып солардың қай-қайсысын, мыналардың жанында олқы санап тұр. Аброй болғанда, үшеуі белдескен жоқ. Әрқайсысы өзінше өнер көрсетті, үймелеп отыз-шақты кісі отырып алған жаймақанат арбаны бір есік пен төрдей күрең ат қанша қамшыласа да құйрығы айрылардай тарқ-тарқ етіп тыртаңдап орнынан қозғай алмап еді, палуандардың бірі тісімен сүйреп шаршы алаңды үш рет айналып шықты.  Сол да сөз болып па дегендей алаңға қарай аяңдаған келесі дөй қара бетін тыржың еткізді. Балпаң-балпаң теңселе басып келіп дәл ортаға жеткенде демін ышқына ішке тартқан. Салбыраған қарыны сымдай тартылып, бүкіл денесі қашалған қара тасқа айналды. Білегіне арқан байлап, екі түйе екі жағынан тартқанда, шынтағын жаза алмады. Үшіншісі биік қоршау ішінде аласұрған шу асау қара айғырмен күш сынасты. Алдына келсе тістеп, артына келсе қос аяқтап теуіп шырайнала аласұрған тарпаңды бір оңтайлы сәтте құйрығынан шап беріп табанымен жер тірей шалқалағанда айғыр тырп ете алмай шоңқайып отырып қалды, жігіттің екі аяғы тізесіне дейін топыраққа кіріп кетті.

Осынау тасқындаған бұла күштің әлемнің қаға беріс бір қиырында осылай елеусіз қала беретіні өкінішті-ақ. Тәрбиелеп сайысқа салсаң қандай доданы болсын қанжығасына бөктерер еді-ау.

Қызықтың үлкенін соңына қалдырыпты. Бұған дейін таңдай қағып тамсанғаны мұның жанында ойыншық екен. Сырттағы ойын-сауық пен сайыс біткен соң үйлерді аралауға кіріскен. Жолбасшы жігіттің айтуынша, сапардың ресми бағдарламасы солай. Сырты жұпыны, бірыңғай көрінгенмен әр киіз үй өнер мен өркениеттің өзінше музейі тақылеттес. Әр үй белгілі бір кезеңнің салт-дәстүрін бейнелеуге арналып, соған сай жабдықтармен жасанған. Тылсымнан сыр тартып көз арбаған саналуан бұйым. Табалдырықтан төрге жеткенше ғасырларды аралап өткендей боласың. Ең алғаш босағасына бас сұққан он екі қанат ақордадағы жайнаған мүкамал, бірінен бірі оза шапқан өңшең дүлдүл, әсем жүзді, әсем киімді өнерпаздың ішінен шашақты қара тақиясын қисайта киіп керегеге арқа сүйей шеттеу малдасқұрған қатпа қара жігіт көзіне оқшау шалынған. Салыңқы жүз, ақиған ала көз. Олпы-солпы қалпында өзгеше мінездің бітімі бар. Бұлар кіргенде жанары сүлеленіп бір жалт еткен де қойған. Қайтып назар салған жоқ. Айналадағы дыр-дуға селт етер емес, қабағы түсіп, ұрты салбырап, қалғып кеткендей бей-жай қимылсыз. Табақ тартылып, қымыз ішілді, небір әуелеген ән құлақ құрышын қандырды. Бәріне ризашылықпен бас изеп отырған ұзын сақалды қария  айналасына шола бір қарап алды да қатпа жігітке қарай еңсерілді.

– Ал, Жанатжан, ендігі сөздің дүриясы өзіңде. Қаптың аузын ағытшы бір! Жұрт тым-тырыс. Қатпа қара ұшар құстай дүр қомдана бойын тіктеп, екі көзін тарс жұмған күйі көкірек тереңінен суыра әлдебір қоңыр әуенді ыңылдай оңды-солды теңселіп біраз отырды да тамағын кенеп сөйлеп кетті. Көмейінен бүлк-бүлк толқып шыққан дауысы жағымды майдақоңыр. Желдей есіп аңқылдап ағытыла жөнелді. Біресе сыбырлай бәсең қалқып, іле екпіндей ұйтқып-ұйтқып кетеді. Сэр Роберт сөзін түсінбесе де мың құбылған әуезді үнге сиқырдай арбалып отыр. Әредікте тілмаш жігіт аузын құлағын тақап сыбырлап қояды.

– Бұл Жанат Ахмади деген мәмбеттердің атақты ертегішілерінің бірі. Әр ауылдың өз ертегішісі бар. Мәмбеттер радио тыңдап, телевизор көргеннен гөрі көбіне өздерінің жыр-хисса, ертегі-әңгімелерін тыңдағанды бек құп көреді. «Қобыланды», «Қырымның қырық батыры», «Қарасай-Қази», «Бақтиярдың тоқсан бұтағы» дейтін хисса-дастандарды таңды-таңға ұрып неше күн, неше түн жырлайды. Жанат ертегіші қазір «Абай жолы» деген атақты романды айтып отыр. Әрқайсысы кірпіштей төрт кітап. Соны жеті күн бойы жаңылмай жатқа айтады.

Сэр Роберттің екі көзі шекесіне шығып кетті. «Ұйқасы бар өлең болса бір сәрі, қара сөзді қара балдай созып жеті күн бойы жатқа соғу деген сұмдық қой. Бас емес супер ноутбук десеңші!»

Ертегіші тізерлеген күйі қос бүйіріне кезек теңселіп, өз үніне өзі еліккендей сөзді түйдек-түйдек тастап есілді-ай дейсің. Қыза-қыза қысқа жең, өңіріне зер төккен шымқай көк қыжым желгебейін  иығынан асыра серпіп тастады. Басын шабыттана шайқап-шайқап жібергенде шашақты тақиясы анадай жерге домалап түсті дөңгеленіп. Ақ жібек көйлегінің арқасы қара сүмек, астау аузындай дөңгеленіп бу шегіп тұр. Құс тұмсығының ұшынан қара тер мөлт-мөлт шүмектегіні сол екен, дауысы тіптен ажарланып екпіні одан сайын өршелене түсті. Ара-арасында: «Беу, дүние, ер туса сендей тусын. Жаса, Жанатым!» «Япырай, тілді мен үндіде сенен асқан жан бар ма екен!..» деп тым-тырс, көздері жайнап ентелеген жұрт тұс-тұстан кеу-кеулеп көтермелеп әкетеді. Бүлкектеп күмбірлеген қоңыр әуез жорғасынан жаңылар емес. Тылсымдай көкіректі үңгіп үгітіп барады. Арқасы қозып аруақтанып алған ертегішің қазіргі сәтте бір өзі бір театрдай. Ондаған кейіпкердің кейпін де, дауысын да айнытпай салып, сәт арасында қырық құбылғанда демдерін ішіне тартып ұйыған үй толы қауым қосыла толқып, қосыла тебіренеді. Бірде жадырай күліп жағалары жайлауға кетсе, келер бір сәтте көздеріне жас тұнып томсырайып отырып қалады.

Сэр Роберт көзі көргенге көңілі сенер емес, дәл бір ертегілер еліне еніп кеткендей таң-тамаша. «Осы көргенім түс емес пе өзі?» деп күмәнданып та қояды аракідік. Тысқа шыққаннан кейін де көпке дейін сол әсерден айыға алмады. Шылбыр-тізгінін түгелдей қосшы жігітке ұстатып қойған, қайда бастаса сонда жүреді. Әр үйді жағалай адақтасаң, қызығын биыл түгесіп болмассың. Амалсыз кейбірін аттап кетуге мәжбүр. Шеттеу тігілген еңселі ақорданың ши есігі алдарынан серпіле ашылғанда пейіштің қоңыр салқын лебіндей шалқып бір ғажайып әуен құшақтай алды. Төрдегі төрт қабаттап төселген құрақ көрпенің үстінде малдас құрған бір мосқал кісі екі көзін тарс жұмып, қобызды аңыратып отыр. Кәрі қобыз, қырылдап үздіккен үні одан да кәрі. Қай жүздің адамы екені белгісіз – бет-аузында қылтанақ жоқ, кемпір бет, тақыр көсе. Салбыраған қабағын серпе көтергенде көзі ақиып төбеге қадалды. Екі көзін шел басқан зағип екен. Қос ішектің өнбойынан үн сауып оңды-солды жүйткіген ысқы кенет жүрісінен жаңылып қыл сағақтың тұсына дірілдей қадалып тұрып алған. Бебеу қаққан қобыз баяу өксіп тоқтады. Сиқырлы үн қанатын сытырлата қағып әркімнің құлағына сыбырлап жүргендей, біразға дейін жұрт тым-тырс үнсіз мүлгіп қалған. Сілтідей тынған тыныштықты қобызшының оң тізесін баса жайғасқан жирен сақалды бұзды орнынан қозғалақтап:

– Мәкесі, аулымызға қонақ кеп отыр алыстан әдейі ат басын бұрып. Өнеріңді бір көрсететін жерің осы. Қойлыекемнің аруағына сиынып, мына қызық қуып жер түбінен келген сандалбайдың аузын аңқайтып айды аспанға шығаршы бір!..

Қобызшы асыққан жоқ. Қос ішекті бір босатып, бір тартып, саусағының май көбесімен сипай қағып құлақ күйіп ұзақ баптады. Осы аралықты пайдаланып тілмаш біраз мәліметті жайымен құлағына сыбырлап үлгірген. Мына зағип қобызшының есімі Майлыбай екен. Осыдан төрт ғасыр бұрын өмір сүрген Қойлыбай бақсының он алтыншы ұрпағы. Сахараның даңқты өнерпазы Қойлыекең өз заманында аты аңызға айналған, қобызын бәйгеге қосқан, жүзқаралы атты күндік жерден жібергенде, байлап қойған қобызы тобылғыны түбімен жұлып, қара дауыл ұйтқытып алдыңғы аттан шай қайнатым бұрын көмбеге топ ете түсіпті. Өнері ұрпағының ешқайсына дарымай, ғасыр аралатып барып осы Майлыбайға қонса керек. Нәресте зағип боп дүниеге келіпті. Шыр етіп жерге түскенде, іңгәлаған дауысынан керегеде ілулі тұрған бабасының қара қобызы боздап қоя беріпті деседі. Майлыбай – қазір мәмбетиядағы арқа қонған жалғыз қобызшы. Қызыл іңірде қызара жанған ошақтың қасында қыл қобызын бебеулеткенде, алты қырдың астында жортып жүрген көкжал бір төбенің басында тұмсығын айға созып қосыла ұлиды екен. Шалық тиіп көтеріліп ауырғандарды, бала көтермеген әйелдерді басына қобыз ойнап үш күнге жеткізбей жазып шығаратын көрінеді-дүр.

 «Мыналарды немен таңқалдырсам екен?» дегендей қобызшы төмен қарап тұқырайған күйі ысқының ұшымен түртіп-қашып қос ішектен әуен аулап отыр.

– Япырай, мына күннің тымырсығын-ай, аспан айналып жерге түсетін шығар түге! – деді бір шіңкілдек дауыс дегбірсізденіп. Қобызшы селк еткендей, қолындағы емініп еңкейе берген ысқысы ішекке жетпей қаңтарылып сілейген күйі аз-кем отырып қалды. Сәлден кейін ақшиған ақшел көзі іле қан басқандай лап қызарып бет-аузы жыбырлап, екі иығы ойнақшып, шамырқанған ызалы кейіппен қолындағы ысқыны құлаштай қос ішекті шалып-шалып жібергенде,  белі бүкірейген кәрі қобыз ішін тартып аңырап қоя берді, өзек суыра сыңсып, сұңқылдап, бара-бара дабылдата ышқынып-ышқынып жібергенде аспан асты қосыла сусылдай жөнелген. Азынап, арқырай боздап тұрып алды. Кенер бұзған қара толқын қотарыла лықсып лап бергендей ұшына ұйтқыған дыбыстан жүрек қалтырайды. Кенет айнала қап-қараңғы боп түнере түтеп дауыл ұйтқыды. Жаңа ғана жайнап тұрған аспан шатыр-шұтыр шатынап, жай ойнады. Жаңбыр сабалап  жер-дүние астан-кестен болды  да кетті лезде. Киіз үйдің сүйегі сықырлап, ышқынған жел тізе бойы үйіре көтеріп, қайта орнына тастап жібергенде, сэр Роберт алтын кресін маңдайына басып, қалай Иисусқа жалбарына жөнелгенін білген жоқ. Әлгіндегі шіңкілдек дауыс «Алла, Алла!..» деп бақырып, әлдекімнің ығына құлай кеткен. Селт етпеген қобызшы ғана. Шаңырақтан саулаған аппақ нұрдай ақ тасқынға жарқыраған жазық маңдайын тосып қара қобызды құлаштай құйқылжытады.

Қызық-думаннан қолы қалт еткен қаға беріс бір сәтте қосшы жігіт:

- Сэр, сәл бой жазып, серуендеп қайтайық!- деп жер тарпыған  екі арғымақтың бірін алдына көлденең тартқан.

-Қайда барамыз?

- Музейге.

Сэр Роберт түксиген сарғыш қастарын серпи көтеріп, серігінің жүзіне сұраулы кейіппен қараған.

-Сэр, бүл жердің  өзі бүткілдей аспан астындағы музей ғой. Әйтсе де  ерекше бір орын бар. Онда сіз басқаша күйге түсесіз!..- деп қосшы жігіт сөзінің аяғын жұмбақтап қойды.

Теңіздің өкірген өркеш-өркеш толқынынан сноуборкпен секіргенде жүрегі селт етіп көрмеп еді, бұрын-соңды жылқы баласына тақым артпағандікі болар, тұла бойы қарадай терлеп, ауыздығын күтір-күтір шайнап,  қос езуінен уыс-уыс  көбік шашып аласұрған шағыр көз күрең арғымаққа қорқасоқтап мінген. Алақашардай көрінгенмен басы жұмсақ, тізгін қаққан жағыңа лыпып тұр. Ауада дірілсіз қалқып келе жатқандай, жүрісінен  су шайқалмас төкпе жорғаның өзі екен, қосшы жігіттің  астындағы  ойнақтаған ақбақай, сүлік қара арғымақ аяғын топ-топ тастап созыла шапқанда, басын шұлғып қойып жорғасынан жаңылмай құрық бойы алда келеді.

Сағым көтерген сары дала  мың құбылып қиялыңды тербейді. Жел шайқаған селеу мен қалың бетеге теңіздей толқып ат бауырында шалқып –қайтып жатыр. Бұл не сиқыр? Айналасы күмбірге толды да кетті. Желдің гуілі, тұяқ дүбірі, ырғалған дала  мың-сан  тілмен сыңғырлай жөнелді. Кешелі-бері домбыра мен қобыздың шанағынан төгілген сырлы саз құлақ түбінен қайта оянғандай, қаныңды дуылдатып бір ереуіл күй көкірегін кеулеп, кеміріп барады. Кең даланы жаңғыртып ән салғысы келе ме-ау, жас баладай қиқулап айғайлағысы келе ме-ау, аяғы үзеңгіде, көкірегі көкте самғаған бір хал. Сэр Роберттің көңілкүйін сезіп келе жатқан қосшы жігіт атын үсті-үстіне тебініп, жебедей созылған күрең жорғамен үзеңгі түйістіре беріп, ентіге айғайлады:

-Сэр, кең далада атпен құйғытқан қандай екен?

- Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес!

- «Аттың үсті- әулие» деп тегін айтпаған ғой!

- Иә, сәйүліктің стихиясы бөлек екеніне енді көзім жетті. Мен осы өмірімде көкте де самғадым, көк мұхитта да  жүздім, жердегі жүйткіген  жүйріктердің бәрінің қызығын көрдім. Бірақ солардың бірде- бірі  дәл атқа мініп шапқандай әсерге бөлеген емес.

- Мәмбеттің не себепті бәрі шетінен әнші, күйші болатынына көзіңіз енді жеткен шығар?

- Иә. Мынандай боздалада боз көдені кеуделей жарып құйғытқан сәйгүліктің үстіндегі пенденің көкірегі шалқып әндетпеуі мүмкін емес-ау!

Еті қызып алған қос сәйгүлік бір-бірімен жарыса тізгін сүзіп бірқыдыру уақыт өтсе де шабыстарынан  жаңылған жоқ. Аршындай құйғытып, көлденең сұлаған құба дөңге көтерілгенде  бас-аяғы  көз аясына сиғандай  шағын шаһар  қожыр-қожыр шашрап, сағым арасынан суырылып шыға берді. Шаһардан гөрі кент деген дұрыстау. Желексіз тыржалаңаш. Қылтанақ шықпайтын  топырағы құнарсыз ба, әлде еңкейіп шыбық егу  ғадеттерінде жоқ па- қылтиып өскен  тал-теректің тұқымын көрмейсің. Зәулім ғимараттар  жоқтың қасы, дені үш-төрт қабатты үйлер. Шет жақтағы ауласы алқам-салқам, сырты сары балшықпен сыланған, жайдақ төбе тамдардың көбінің айналсында тіпті тіршілік белгісі жоқ. Есік- терезелеріне ашамайлап тақтай қағып тастапты. Сэр Роберттің таңданысын тусыртынан  түсіне қойған  қосшы жігіт атын тебініп жанаса берді:

- Мұндағы мәмбеттердің  біразы  қыста ғана қалада тұрады. Көктем шыға жайлауға көшіп кетеді де қара күзде бір-ақ оралады.

- Онысы да ақыл екен. Сары даланың төсіндегі еркін өмірге не жетсін!

Асфальтсіз жол табаны  борпылдаған топырақ, топ-топ  басқан тұяқ астынан ұшқан шаң сарала жыландай жарыса ирелеңдейді. Кенттің ішіне  сұғына енген сайын көше қиылыстарында жарқ-жұрқ етіп жарнама тақталары, билбордтар көріне бастады. Банк депозиттерін,  маркет тауарларын жарнамалаған өңкей бір сиықсыз қыз- келіншектер. Көздері сығырайған, мұрындары жапырайған қытай, корей , жапон өңдес біреулер. Сэр Роберт тыржиып қабағын түйді:

- Мыналар мәмбеттің қыздары ма?

- Иә.

- Сұлу қыздары толып жүргенде бұлары несі?

- Мәмбеттер кино, телевидение, жарнамаларға сұлу қыздарын түсірткізбейді.

- Неге?

- Көз тиіп кетеді деп ырым қылады.  Екінші жағынан, жарнама бизнесін ұстап  отырғандар қытай мен корейлер. Олар сұлулыққа өз көздерімен қарайды. Әлде іштей  жымысқы  қызғанышпен , құбыжық қып көрсету үшін әдейі осылай істейтін де шығар.

Сэр Роберт тұнжырап алыс көкжиекке қарады.Екі күннен бері дастархан басында шай құйып, кесе ұсынған, алтыбақанда тербеліп ән салған  не бір жәудір көз, ақ тамақ үлбіреген арулар  жан-жақтан жамырай таласып көз алдында көлбеңдегендей. Іле жүзі лып жадырап тамсанғандай жұтынып қойды:

  - Мен мәмбет қыздарының сұлулығына таңғаламын. Бояу- далап жақпаса да бет- жүздері  ақ торғындай үлбіреп тұр. Тіпті саркідір тартқан әйелдердің  ажары әжімсіз жап-жас боп көрінуінің  сиқыры неде?

  - Олар айрықша парфюмериямен күтінеді.- Қосшы жігіт әзіл- шыны  екені белгісіз жұмбақтай жымиды.

  - Қандай?

   - Қанатты мен тұяқтыда жылқыдай  таза жан иесі жоқ. Ағынды суды кешіп барып тұнығынан ғана ішеді. Шөптің ең нәрлісін талғап жейді. Оның еті мен сүтінің құрамында ешқандай ғылыми әдіспен өндіру мүмкін емес мыңдаған шипалы компонент бар. Мәмбеттің сұлулары боз биенің  жаңа сауылған жып- жылы саумалына шомылады. Содан соң еттері үлбіреп ақторғындай болмағанда қайтеді?

Сэр Роберт таң- тамаша боп басын үсті- үстіне шайқады.

      Шаңдақ  көшелерді шиырлап қаланың орта тұсына жеткенде , тұтас бір орамды алып жатқан үлкен кешен көрінді. Қабырғасы қызғылт ұлутаспен өрілген үш қабатты ғимырат. Бағанадан бергі көріп келе жатқан үйлердің көз тартар ең салтанаттысы. Айналасы ығы- жығы жұрт. Қайдан шығып жатқаны белгісіз, төрт қатар боп иін тірескен  ұзыншұбақ кезектің  ұшы- қиыры жоқ. Лектің алды кең ашылған есіктің аузын бұрғылап  тоқтаусыз кіріп жатса да құйрығы көз ұшында бұлдыраған көшенің бұрылысынан суырылып шыға алмай жатыр. Аттарын бекеттегілерге табыстап, ғимаратқа жақындап келген.

      - Мен айтқан  жанды музей осы.- Қосшы жігіт үйдің төбесіндегі орындықтай- орындықтай арбиған әріптерге иегін көтерді.- Аномалиялық анатомия музейі.

Алуан тілде сөйлеген, алуан түрлі киінген алабажақ құжынаған халыққа қарап  сэр Роберт үнсіз күрсінген.

     - Бері жүріңіз,- деді серігі.- Кезек күтсек, екі- үш күн түнейміз бұл арада!

Екеуі ғимаратты айналып теріскей қапталдағы  үлкен қоңыр есікке беттеді. Мөлт қара мәрмәр баспалдақты тақ- тақ басып көтеріле бергендері сол, шілденің ыстығында қолына ақ биялай, үстіне көк мауыттан форма киіп ыздиған күзетші жігіт  биязы иіліп алдарын кес- кестеген. Сэр Роберттің куәлігін көрген бойда «хош келдіңіз» деген ишарамен басын үсті- үстіне изеп, қызыл кілем төселген VIP залға қарай өзі жол бастады. Ғимарат іші қоңырсалқын, мыңдаған адамның аяқ дыбысы, оқыс шыққан таңданысты үндерінен күңгір- күңгір жаңғырығады. Бірінші қабаттағы төрт қанаттың ортасы дәліз сияқты екі жағынан шынымен қоршалып, шағын жайма бөлмелерге жеке- жеке жанды экспонаттар қойылыпты. Ентелеген жұрт есіктен кірген бойда қақ айрылып, жайманы екі жағынан тамашалаған күйі тоқтаусыз сырғып барады. Бұлар да сыналап еніп лекке ілескен. Сэр Роберттің жаймаға көзі түскенде шошығаннан жүрегі аузына тығылып, демі жетпей бір сәт қылғынып қалды. Қосшы жігіт қорқынышты екенін айтып алдын ала ескертсе де дәл мұндай сұмдықты көрем деген ой түсіне де кірмеген. Бөлме сайын бірінен бірі өткен құбыжық. Тіршілік иесінің де бұлай азып туатыны  болады екен- ау! Әп дегенде  аузы тас төбесіне біткен, тұқым- тегі белгісіз бір мақұлқат  тісін ақсита ыржиып, жып- жылтыр қызылшақа  басын шайқағанда шалқасынан түсе жаздаған. Басқа тұрпат- бейнесіне қарап, адам нәсілінен жаратылғанын шамалайсың. Келесі жаймадағының үш аяғы бар екен, маңдайындағы жалғыз көзі ойнап, шыркөбелек айналғанда иманың үйіріледі. Қапталдағы әйнекте «Туғанына қырық күн толды» деп жазылған құндақтаулы сәбидің қасы мен шашы аппақ, сақалы беліне түскен. Есінеп аузын кергенде отыз тісі ақсиады. Ит басты, сиыр аяқты біреу кәдімгі бес саусағы бар қолдарын жайып, көкке қарап ұлып отыр... Қанша құбыжық болғанмен кейбірі адамдық түйсіктен ада емес. Осы күйлеріне қапаланған, ашынған қалыпта әртүрлі қылық көрсетеді. Төбесінде қос мүйіз тікірейген шошқа тұмсық біреу қорсылдай шырайнала жүгіріп, «неге маған қарайсыңдар? Мә, ендеше!» деген носпен бұтындағы лыпасын шешіп тастады да «сумылтығын» кезеніп әйнекке шаптырып- шаптырып жіберді. Орта тұстағы өнебойын аю сияқты сабалақ жүн басқан бір бейбақ қадалған жұрттың назарынан именіп қолымен бетін көлегейлей  төмен тұқырады...

      Сэр Роберттің ары қарай көз сатып  «тамашалауға» дәті шыдамады. Запыраны көтеріліп, өзегі қалтырап қара терге түскен. Бірін қағып, бірін айналып өтіп, қарақұрым шұбырындыны бұзып- жарып келеді. Көзкөрімдегі ағараңдаған есіктің аузы жеткізсе кәне. Өлдім- талдым деп кең дүниеге табаны іліккенде жүгіре жөнелген, үйдің қалтарысын айнала беріп, асқазаны қотарыла лоқсыды. Ес жиып бойы жеңілдегенде анандайдағы  жайдақ орындыққа кеп жайғасты. Қосшы жігітке қылжақ керек, езуі ыржиып тұр:

      - Япырай, сізді мықты ма десем, нашар екенсіз ғой!

       - Мұндайға мықтылық жүрмейді. Бекер көріппін.

       - Жоқ, дұрыс болды. Әйтпесе, мәмбеттер туралы бір жақты пікірмен кетер едіңіз. Осыншама парасатты, дарынды, ақжүрек халықтың қасіретін де өз көзіңізбен көрдіңіз.

      - Ол бейшаралар бұл зауалға қалай тап боп жүр?

       - Е, қалай деріңіз бар ма? Адамның зұлымдығында шек жоқ қой. Бір кезде алып империя жаужүрек  бозақ жұртынан құтылу үшін не істемеді? Індет таратты, аштан қынадай қырды, бірін біріне айдап салып қырық пышақ қырлыстырды. Оны да азырқанып, жеріне аждаһаның аузынан ажал бүрікті. Топырағын кісі жегендей құйқалы сонау Семей деген өңірде қырық жыл бойы төпелеп атып атом, сутегі бомбаларын жарды. Қойны сабат сары бел Азғырда химиялық сынақ жүргізді. Барсакелмес аралында биологиялық қаруларға тәжірибе жасалды. Ауа мен су, топыраққа сіңген удың зардабы қайда кетуші еді. Үш жүз жыл өтсе де осы күнге дейін мәмбеттердің екі баласының бірі әлгінде өзіңіз көргендей боп туып жатыр. Аң- құс, малдың да киген кебі сондай.

     - Бүларды бүйтіп қорлап жалпақ елдің мазағына ұстағанша, неге бірден өлтіріп тастамайды?

     - О не дегеніңіз!- Қосшы жігіт бұл бір нақұрыстың сөзін айтқандай таңырқай қарады.- Бұл деген қып- қызыл табыстың көзі ғой. Ана құртша құжынаған халықты көрдіңіз емес пе. Бүгін де, ертең де, қыста да, жазда да жыл- онекі ай ел аяғы бір толастамайды. Еріккен байлар, қызық қуған саяхатшы, зерттеуші- ғалым, журналист ... дейсің бе, дүниенің төрт бұрышынан  ағылып кеп жатқаны. Кезек күтіп осы жерде шатыр құрып  түнейді кейде. Бағана сізді  үлкен елдің ұлұғ мәртебелі адамы болған соң  тегін кіргізді. Әйтпесе музейге кіретін билеттің бағасы  бір жылқының құнымен бірдей. Кино, суретке түсірткізбейді. Айрықша жағдайда, қымбат төлесең ғана рұхсат етеді. Кейбір аса сирек экспонаттар аукционда миллиондаған доллларға бағаланады. Қысқасы, бұл әбден жолға қойылған  үлкен бизнес. Олардың жарнамасы әлемнің барлық түкпірінде бар...

     - Құрысын, айтпашы!- деді екі қолын қатар сермеген  сэр Роберт орнынан созалаңдай тұрып.

     - Не болса да бір қызықты көрдіңіз...Жарайды, ерте-жарықта ауылға жетіп алайық...- Анандайдағы мама-ағашқа қарай  беттеген қосшы жігіттің  соңынан басы салбырап сэр Роберт дел- сал ілбіді.

                                                               ххх

     Ертеңінде кезекті қонаққа барған  үйде сэр Роберт домбырамен жолықты. Мұң мен зардан белі бүкірейіп кеткен кәрі қобыз сияқты емес, мойынын көкте қалықтаған  аққудай созып, ұшқан шыбынның қанатынан дыңылдап өз-өзінен  сыңғырлап тұр. Домаланған кішкентай шанағына күллі дүниенің мұңы мен қуанышын құйып алыпты. Тек пернесіне жүрегіңмен жанасып сөйлете біл. Оқалы бешпент, үкілі бөрік киіп бірінен бірі сән асырған өңшең саңлақ іргені жағалай малдас құрыпты. Домбыраның құйқылжыған үні  толастай бергенде екіншісі іліп әкетіп, томағасын сыпырған қырандай көздері жайнап, делебесі қозып, албыраған жүздері шырайлана шабыттанып отыр. Көкірегі соқырға көсеудей-ақ көрінер жарты құлаш қу ағаштың үні мұндай тұңғиық болар ма! Сырлы да мұңлы, өршіл де өктем. Ғасырлардың қос ішекке қонақтаған өксікті арманы, тепсінген адуынды рухы сиқырлы саусақтар арасынан күмбірлей төгіліп, бірде сыңғырлы ерке назбен, бірде қоңыр мұңмен жүрек кеміреді. Ауыздық шайнап алақашқан асаудай дауылдатқан арынды күй алқына тоқтағанда, еріндері бұлтиып, тілінің астына насыбай басқан мысық мұрт шал кілемнің шетін түріп шырт түкірді де басын үсті-үстіне шұлғыды:

– Бәрекелді, бар бол, азаматым! Ана қаласы түскірде әркестр деген болады екен. 40 адам жабылып бір күйді ойнайтынын қайтерсің. Сонда да қырып бара жатқандары шамалы. Бәрі жиылып біздің мына бір Өтештің ширегіне татымайды. Шіркін, Өтешжан қолына түскен қу ағашқа да тіл бітіретін шығар-ау!..

Жұптасып сайысқа түскен оншақты күйшінің ақырында екеуі алға шықты оқшауланып. Соның бірі – осы Өтеш. Дөң қабақ, құс тұмсық, қалақшадай ғана қара жігіт. Қолының буыны жоқ. Қос ішекті қуалай жүйткіген сүйрік саусақтардың қимылына көз ілесер емес, сыбырлай күрсініп, екпіндей толқып сырлы әуеннің небір дүриясы еркелей төгіліп жатыр. Арқасы қозған күйші кезегі келгенше алақызып бір орында отыра алса кәне, құйрығымен жорғалап есік пен төрдің арасына әлденеше барып қайтты. Осындағы отырған күйшілердің кез келгені екі жүз-үш жүз күйді таңды-таңға ұрып жатқа тарта береді екен. Ешқандай нотасыз. Нәзік иірімді, бұралаң-бұрмасы шексіз сан-сапалақ әуеннен жаңылыспайтын неткен зейін десеңші. Төгілдіре төпей тартып асау күйдің арынымен біраз қыздырмалатып алғаннан кейін екі күйші шеберлік жарыстыруға көшсін. Нешетүрлі мәнермен домбыраның үнін мың құбылтқан. Пернені термелей сауып жалғыз қолымен ырғап-ырғап толқытқанда қоңыр домбыра қобыздай күңіренді. «Тәйір-ай, осы да өнер ме екен!» дегендей екіншісі дабылдата қаққан домбырасын төбесіне үйіріп дөңгелетіп-дөңгелетіп жібергенде де ағындаған күйдің аптығы бәсеңдеген жоқ. Бірін-бірі еңсере алмай ұзақ ырғасқан. Бір кезде бұлтиған бүйрек бетінің арасынан тәмпіш танауының ұшы әзер қылтиған қысық көз шикісары оң аяғындағы етігін шешіп жіберіп бақайымен қос ішекті бебеу қаққызып дәл бір қолмен ойнағандай безілдетті-ай дерсің. Қарсыласы қалай арындаса да адымын аштырмай мысы басқан Өтештің бұл жолы да асығы алшысынан түсті. Бәшпайының арасына ұстара қыстырып бір ерке сылқым күйді сылқылда да жөнелгенде аспан асты теңге шашқандай сыңғырлап қоя берді.

– Бар бол, Өтеш. Бәйге сенікі! – деді күй біте бере жұрт кеу-кеулей көтермелеп. – Көңіліңді Құдай көтергір, бір жасап қалдық қой. Кәне, енді «Аққуды» тартып жібер. Нұрғисаның «Аққуын»!

Өтеш мәсісін киіп, салыққан саусақтарын сатырлата сілкіп-сілкіп алды да, домбырасын ұстады. Өңі қуқыл тартып, іле лып қызарып бұлт көшкен аспандай сәт сайын құбылып отыр. Танауы қусырыла, тұнжыраған көзінің тұңғиығы лапылдап, ынтыққан ыстық деммен қос ішекті дабылдата қағып-қағып жіберген құлаштай. Шарықтаған шабытты үн тылсым іңірдің тыныштығын дүр сілкіп, айналаны кернеп барады.

Су сабалап тыпырлаған қанаттың сусылы ауаны осып өтті. «Ей, аққу-жүрек, сен неден шошындың? Алаңсыз жүзген айдыныңда шолп етіп балық шоршыды ма? Әлде сыбдырлаған қамыстың тасасынан сұр мергеннің сұсты көзінің сұғын сездің бе? Мына биопа жалғанда сенің де дұшпанның бар ма? Жазығың не? Жазығың сұлулығың мен пәктігің бе? Сұлулыққа сүйсінбейтін бе! Пәктіктің алдында күллі тіршілік бас имес пе! Көзі қиып қай қаражүрек саған мылтық кезеді екен? Қайрылды ма қанатың, қан жылай ма жүрегің? Көз жасыңды көлге төгіп неге сонша сыңсыдың» Аққуы жылаған айдын-көл қоса жетімсіреп өксігіне тұншыққандай. Алапат өксік мұңға оранып томсырайған жүректерді теңселте соққан сәтте үкілі домбыра тыпырлаған аққудай  шанақтың қос бүйірінен қос қанат пайда болып, дүр сілкіне  күйшінің құшағынан сусып шығып, көгілжім тұманда қалықтай жөнелді. Шаңырақты үш айнала ұшып жеті қат көк тұңғиығына сүңгіп барады. Өзі ұзағанмен үні үзілген жоқ. Өртеп, есеңгіретіп аласұрған бебеу күй ақорданы керней шалқып тұрып алды.

Еміне тыңдап қыбыр етпей отырғандікі ме, бойы сіресіп, бір жағына жамбастай астына басқан оң аяғы ұйып қалған екен, сэр Роберт әрең серпіліп орнынан созалаңдай тұрды. Сыртқа шыққаннан соң да көпке дейін өз ойымен арпалысып, жанын тебіренткен тылсым әуеннің әсерінен арыла алмады. Әлемдік астаналардың сахнасынан әспеттеген талай дүлдүлдің өнерін тамашалағанда да дәл бұлай көкірегі сілкініп толқып көрген емес. Көсіліп кең дүниеге шықпай, қызық қуып анда-санда бір келер туристерге алақан жайған қайран өнер ескен жел, көшкен құмға сіңіп жоғалар ма екен күндердің күнінде?

Мэриядағылар «экзотика іздегендердің бірден-бір баратын жері» деп осылай қарай жол сілтеген. Ресми мейман болған соң туристік  фирмалардың тырнағына ілікпей тіке келіп отыр. Әйтпесе ондағы ысқы аяқтар тірі жан-тісті бақаны өз бетімен аттап басқызбайды екен бұл жаққа. Мәмбеттер тұратын штат – Оршүтстанның бір қиян түкпірі. Штат деген аты болмаса, шын мәнінде резервация. Орталық үкімет саяси-әлеуметтік мәселелерді шешуге оңтайлы болу үшін әр шалғайда шашылып жүрген мәмбеттерді жиып әкеп осы өңірге шоғырландырған. Жері шөлейт, құмдақ, малдан басқа кәсіпке қолайсыз. Жауын жауған жылдары қолаттар мен қомсулардың жағалауы болмаса,  күні-түні жер тырналап қызыл ескен қылтанақсыз жалпақ  қыр төрт түлікке жайылым болып жарытпайды. Ондайда жем-шөпті өзен-тоғандардың алдын буып, жерлерін көк шалғын ғып жайқалтып отырған шүршүттерден тасиды керуен-керуенімен.

Тіршілік көзінің бақташылықтан кейінгі ең маңызды саласы – туризм. Мәмбетия әлемнің қызық қуған байлары, зерттеуші-ғалымдар мен журналистер үшін жанды көрме іспетті. Өйткені сонау есте жоқ ескі күндерден бергі көшпенділер өмірінің бүкіл болмыс-бітімі қаймағы бұзылмаған күйі тек осында ғана сақталған. Сондықтан Орталық үкімет саяхаттан түсер қыруар табысты күйттеп, бұл халықты өзіне тән тұрмыстық мәдениетін сақтауға қамқорлық жасаймыз деген желеумен барынша оқшау ұстауға тырысады һәм мәмбеттердің өзі де өзгеруге құлықты емес, тозығымызды тастап, өзгенің озығына ұмтылып ұлы көштен қалмайық деп талпынбайды, бір күнгі тойғаны мен ойнап-күлгеніне мәз. Туристік фирмалардың жарнамасымен дүниенің төрт бұрышынан қысы-жазы саяхатшылар толассыз ағылып жатады. Мәмбетияның табалдырығынан төріне дейін әлем үшін экзотика: қыз-келіншектердің өрмек төгіп, кілем тоқығанын, киіз басып, сырмаққа ою салғанын көріп таңдайларын тақылдатса, қымыз бен шұбат, ірімшік пен женттің дәмін татып ауыздарынан сілекейлері шұбырады. Сары мейіздей ысталған қазы-қартаны Париждің бекзат ресторандары арнайы тапсырыспен ұшақ жіберіп алдырады. Көкпар мен бәйге, түнгі алтыбақан, ай астындағы «ақсүйек» – тіл байлаған тылсым романтика. Ал ән мен күй, апталап айтылатын жыр-дастан, қансонардағы аңшылық, ер-тұрман... – өнер қадірін түсінер есті меймандардың күндіз ойы, түнде түсінен кетпес қызығы. Мәмбетия халқының әрқайсысы белгілі бір роль ойнап жүрген артист сияқты, бармағынан бал тамған аспаздан бастап таңдайына бұлбұл ұя салған әншіге дейін. Күнкөріс-мәпахасы келімді-кетімді тамашашылардың ықыласына тікелей байланысты болғандықтан, кім де болса барын салуға тырысады.

Кешкі ас ішіліп, дастархан жиылған соң, әншілер мен ақындарға кезек берілді. Бәрі жақсы басталып, әннің небір дүриясы тыңдалып, көңіл шіркін көлдей тасып, шалқып-төгіліп отырғанда, аяқ астынан шырқ бұзған екі ақын болды. Жұрт жүрегі тәтті әнге елжірей ұйып, мас болып отырғанда, түнемел, бесті қымызды жарыса сылқитуы жаман еді, домбырасын сабалап, әу дегеннен екеуі теке көзденіп бір-бірімен ұстаса кетсін. Шеттен келген мейман алдында өнер көрсетіп, роль ойнайтындарын ұмытып шындап кеткендей. Қосшы жігіт құлағының түбінде еріні ерініне жұқпай сып-сып аударып отыр. Біресе мырс-мырс күліп, біресе басын шайқап күрсініп қояды. «Қап! – деді қабағын шытып. – Екі күннен бері жап-жақсы-ақ келе жатыр еді, мына екеуінің бүйректен сирақ  шығарғанын-ай, қанға сіңді сырқаттарынан бәрі бір сыр білдіріп алды!»

Сөзін қыжыртпадан бастап, мүйіз төсей кесірленіп сөйлеген қысық көз жалпақ сары еді, қарсыласы одан өткен сен тұр – мен атайынның өзі екен, ашу тепкен алқымы үрлеген доптай ісініп күркірей тап берді. Ағын судай ақтарылған сөздің алды тоқтау берер емес, домбыраны үйіре қағып, түйдек-түйдек төпелеп жатыр. Жалпақ сарының иегінің ұшындағы бес тал жирен қылы бес жаққа тікірейіп, бет-аузы жыбырлап, қай жерден киіп кетерін білмей ентелеп-ақ отыр. Екеуі сөзбен ұзақ қағысып, бір-бірінің тергелмеген тегі, терілмеген міні қалған жоқ. Тауарихтың кіндігін өздері кескендей, пәленбай жүз жыл бұрын сүйектері қурап қалған талай аруақ жатқан орындарынан бір-бір аунап түскен шығар. Қайран ата, қасиетті баба... бәрі де кетті. Әркімнің өз руынан асқан әулие жоқ, батыр да, бағлан да содан шыққан, басқанікі құр көкубай. Бір-бірінің түбін қазып, арғы-бергісін жездей қақтап жіпке тізгенде, шынымен-ақ сондай болған екен-ау деп иланып қаласың.

Қызыл сөзге желдей ескен шапыраш көз сарының екпіні қатты, алды-артын төпелеген сөзбен буып, дес бермей тықсырып барады. Осындай кімің бар-ау деп небір ердің сойын  алға тартсаң, сол бойда қырық мінін термелеп қыр асырып жібереді. Сылыңғыр қара сасайын деді. Шұбар бетінің шұңқырындағы шыпшыған терді жеңімен жапыра бір сүртіп тастады да, домбырасын дабылдата қағып, ұзақ шалықтады. Бұл жолы рулы елдің ұранына айналған әрі батыр, әрі ақын атақты ердің аруағына сыйынған. Басқа-басқа, дәл осыған не уәж айтар екенсің деген көңіл түкпіріндегі сенімі мығым. Әйтсе де жылмақай сары көзінің қиығынан жымысқы күлкі жылтың етіп, оған да жауап тапты:

 

– Сөзіңнің айырып ал ақ-қарасын,

Бекерге Жанақпенен мақтанасың.

Кенейдің асылына жармастың ба,

Өзіңнен ілікке алар таппағасын!..

 

Жанды жеріне тиіп кетсе керек, бұжыр қара баж ете түсті:

 

– Жәкемнің шыққан тегі көпке мәлім,

Керек емес сандалып оттағаның.

Садаға кетсін әрі Кеней-сеней,

Өзімнің үкілеген ақтабаным!

 

– «Ол қашаннан Бағысқа мерей еді?

Ақтаудан ауып келген Кеней еді!..»

Бұл сөзді мен емес, Тоқбай айтқан,

Қаузай берсек дауымыз көбейеді...

 

Тоқбай – айтқан сөзі басылған мөрдей аузы дуалы біреу болды-ау, шамасы, куәға тартқан сөзіне дау айта алмай бұжыр қара түсі бұзылып, көзі жыпылықтап іркіліп қалған, түкірігіне шашалып, булығып, іле қайтадан өршелене даурықты. Ойын өлеңмен жұптауға шамасы келмей, қара сөзбен қаржасуға көшті:

– Бағыс болмаса болмай-ақ қойсын, бәрібір Кеней емес. Біле білсең, Жанақ бізге жиен, бабасы – Нияз Қызылбастың бекзадасы болған, бесігімен Әмударияда ағып келе жатқанда, біздің шалдар жағаға шығарып алып құтқарып қалған. Жекебай батырдың кіндігінен бала жоқ екен, сол кісі асықжілік ұстатып, баурына салып алады. Жанақтың өзі біздің Бағыстың қызынан туған. Ал кәйт дейсің! – Қалай да Жәкесін Кенейден қашырып әлек.

– Әй, бауырым-ай! – Жылтыр сары миығынан жымиып, басын шайқады. – Өтірікті де қисынын келтіріп айтсаңдаршы. Жәкемді Кенейге жуытпау үшін нешетүрлі ертегі ойлап тауып жүрсіңдер ғой. Сонда Бағысқа Кенейден Қызылбас жақын боп па? Жәкем Кеней болса, саған бөтен боп кете ме, бәрі – бір Мәмбеттің баласы емес пе? Құдайшылығыңды айтшы, түрікпендер Кенейді шауып, Жанақтың арғы атасы Ниязды бала кезінде қолға түсіріп алып кеткені иісі Мәмбетке аян емес пе?

– Боқ жепсің! – Сылыңғыр бұжыр қара домбырасын қоя сала қалшылдап орнынан ұшып тұрды. – Кеней дейді ғой. Мә, саған Кеней! – деді «балалы үйрек», «ортан теректің» арасынан басбармағын қайқайта шығарып – Жанақ бабам өлсе де Кеней болмайды. Шөккен түйеге көтін арта алмайтын сасыған жаман Кеней, сенен ондай батыр шығу қайда!

– Әй, тарт тіліңді! – Көзі шатынап сары да атып тұрған. Сыздап, пәле іздеп шабынған қара шұбар:

– Тартпаймын, ал, қайтесің... өй, әкеңнің аузы!.. – дей беріп еді, анау:

–                  Ах, шешеңді!.. – деп екеуі бір-біріне тұра ұмтылды елеуреп. Жылтыр сары шапшаң екен, шалт қимылдап жұдырықпен дәл шықшыттан сілтей соққанда бұжыр қара дөңгеленіп барып анандай жерге  бұрқ ете түскен. Істі ары қарай насырға шаптырмай екеуін екі жігіт қапсыра ұстай алған. Бір аунап тұрып, «Әкеңнің аузы... қолыңда өлейін-ай!» деп бұлқынған қараны да, «Ах, шешеңді... жіберші!» деп жұлқынған сарыны да тастай қысқан құшақтар босатқан жоқ. Екі жақтан қызынып біраз жігіт ежіреңдей бастап еді, сақалы селкілдеп ортаға шыққан бір шал ақырып, тиып тастады.

     – Тоқтат мына сұмдықты! Бір-біріне жұдырық ала жүгірген не масқара. Өңшең жетесіз мұндар. Бопсаға шыдамайтының бар, сөз ұстаған не теңің...Бәрінен бұрын бөтеннің көзінше жаман қатындарша шаптығысып сүйек сындырғандарын айтсаңшы. Бір-біріңмен жағаласып, жаға жыртысатын жерді тапқан екенсіңдер. Өңкей малтасын езген көк қырт. Көзіме көрінбей жоғал!.. – Қария алтын зері жалт-жұлт еткен көк шапанының етегі делеңдеп екпіндей басып есікке беттеді.  Үй іші  жым-жырт. Қонақ жаққа қарай алмай басы салбыраған жұрт үнсіз шұбап соңынан ерген.

Қарайған төбе-төмпешіктің бауырынан көлеңке өріп, кешкі дала қоңырқай тартыпты. Қыр астындағы ұлы құмның алқынған ыстық демі басылып байырқаласа да, ауа әлі қапырық. Анда-санда бір лүп еткен желден ауыл сыртындағы қалың шидің үкісі болар-болмас желбірейді. Сэр Роберт пен қосшы жігіт елден оңашаланып, іргедегі жатаған жотаның желкесіне шықты. Екеуі айналаны самарқау шолып біраз үнсіз тұрды. Ошақтың түтіні жарыса будақтап, желідегі құлындары кісінеп абыр-сабыр боп жатқан ымырттағы ауыл.

-Мен – бұларды көп зерттеген адаммын, – деді қосшы жігіт мұнартқан көкжиекке көкшіл көзін сығырайта қадап. – Осылай жүрерде департаменттегілер: «Осыдан артық тілмашты таппайсыз, бұл жігіт мәмбеттердің тілін ғана емес, көмейін де біледі» деп мақтауымды асырғаны есіңізде болар. Асырыңқырап айтқанмен, аз да болса сөздерінің жаны бар. Өйткені мен мәмбеттердің тілі мен әдет-ғұрпы жөнінде ғылыми еңбек жазған осы елдегі бірден-бір маманмын. Талай дүркін фольклорлық-этнографиялық зерттеу экспедициясын басқардым. Демек, бұлардың ішегінің қырындысына дейін білем десем, мақтанғандығым емес. Өзіңіз де көрдіңіз, ешкімге ұқсамайтын мәдениет жасаған аса дарынды, өнерпаз халық. Тек ру-руға, ата-тайпаға бөлініп алып, бір-бірімен қырқысады да жатады. Ең үлкен трагедиясы сол.

- Бұл – отарлық езгіні басынан кешкен кез келген кіші халықтың маңдайына басылған қарғыс таңбасы.- Сэр Роберт қабағына көлеңке ұялап терең күрсінді. – Митрополит өз отарының ең әуелі береке-бірлігін бұзуға күш салады. «Бөліп ал да билей бер» деген ежелгі әдісі емес пе. Бірін ішке тартып, екіншісін кеудеден итеріп, бір-біріне айдап салады. Қарғыбау тағып айтақтаған ит абалап бірін бірі қалай тарпа бассалады, иесінің айтағымен қанмайданға түскені болмаса, ұяласының еш кінәсі жоқ екенін біле ме? Бұлар да сол сияқты бойларын өшпенділіктің арам қаны әбден улап алған соң, көздеріне өздерінен басқа жау көрінбейді.

– Дұрыс айтасыз. Бұлар үшін: «Мәмбеттің жауы – мәмбет», жауды тек өз ішінен іздейді. Соры қайнаған бейбақтар «мәмбеттің досы – тек мәмбет» екенін түсінбей-ақ өшетін шығар тарих сахнасынан.

– Ой-санасы өспей қалған бала сияқты десеңші.

– Иә, тісі шықпай қартайған халық.

Екеуі ауылға қайтауға асыққан жоқ. Тоқ басып, аяқ жазып әлі де жүре түскенді жөн көрген. Екінші бір биіктеу шоқыға шыққанда самал жел құлақ түбінен уілдеп қанатын қағып-қағып қалды, үлбіреп, аймалап жаныңа рахат құйғандай. Көз байланып, қараңғылық қоюланған сайын ошақтағы маздаған оттың сәулесі алысқа шашырап  созыла шалқып жарқырай түсті. Жыпырлап лыпыл қаққан қалың от, қызық-шыжығы өзгеше қайталанбас тіршіліктің шам-шырағы. Күндердің-күнінде осы алау да өшер ме екен? Маздаған оты қараңғы түнді шұрқ-шұрқ тескілеген алаңсыз ауыл етек-жеңі далиып жайбарақат жатыр.

Сэр Роберт таңертең жолға жиналмақ еді, ауыл адамдары жібермей қойды жата-жабысып, сақалы ең ұзын шалдардың бірі мұның жөн емес дегендей басын шайқады:

 – Шырағым, сен келімді-кетімді базарымызды қыздыратын көп саяхатшының бірі емес, үлкен елден келген өкілсің һәм жүрегіміз бір түрлі жақын тартып, көзге жылы ұшырап тұрсың. Қазыны қарбыта асап, қымызды тартынбай  сіміруіңе қарағанда, түбіңде бір жақындық бар-ау, сірә. Баяғыда біздің Боқбай  деген атамыздың бір баласы жалаға ұшырап шетке кетті деуші еді. Бақпайып  деген пәмилең де соған келіңкіреп тұр. Қалай дегенде де жөнің бөлек, тай сойып, қазан көтеріп отырмыз, бір күніңді қи! – деп қиылған соң, сэр Роберт амалсыз уәжден тосылған.

Түске тармаса игі жақсылар кешегі ақордаға қайта бас қосты. Кешегі жамиғаттың бәрі жиналған, төрткөз түгел. Шырық бұзған екі содыр да осында. Таяқ жеген бұжыр қара бір жақ көзін шекесімен орай ақ дәкемен таңып алыпты. Жылтыр сарының жүзі төмен. Құндыз бөркін баса киіп, көзін жерден көтермейді. Қонақтар жайғасты-ау деген шамада арсы-күрсі ентіккен, бес жасар баланың бойындай, бүйірлі сары самауырды бір қызара бөрткен, самауырдан да сары жігіт талтаңдай көтеріп табалдырықтан аттай беріп еді, жаңағы ұзын сақалды шал «әзірге апара тұр» дегендей оң қолын сілтеді, жігіт төрге арқасын берместен келген ізімен шегіншектей шығып кетті. Қария дастархан басында малдас құра тік шаншылып отырған қалпы әлдебір көшелі әңгімені сабақтайтын сыңаймен айналасын құрағыта бір шолып алды да тамағын кенеді:

– Ал, ағайын, кешелі- бері қабағымызға кірбің ілініп, жанымызға шаншудай қадалған келеңсіз жәйді өздерің білесіңдер. Бір-бірімізден теріс қарап томыраймай, алдымызға келген асты жадырай ішіп, мәслихатымыз жарасты болсын десек, ата жолына жүгінейік. «Бас сынса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде», бүлінген ештеңе жоқ. Енесі тепкен құлынның денесі ауырмайды, сабаса өз бауыры, ызасы сүйекпен кетер жаттың қорлығы емес.  Қайда әлгі екі тентек, ағайынды күрең қабақ қылмай кешу сұрап бір-бірімен жарассын.

–                Жөн сөз-ақ!

–                Әтікем  айтса, дұрыс айтады...

– «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деп атам мәмбет тегін айтқан ба? Осындай күйінген соң айтқан ғой. Бір мәмбеттің баласы болмашыға қырық пышақ боп ырың-жырың боп жатқаны көрер көз, естір құлаққа ұят емес пе!..

 Ұзынды-қысқалы сақалдар әр тұстан жарыса изеңдеді.

Әуелі жылтыр сары тізерлеген орнынан созалаңдай тұрды. Басы салбырап, көзі жыпылықтап, қорбаң-қорбаң басып бұжыр қараның алдына жеткен бойда бір тізерлеп отыра кетті. Бөркін шешіп алдына тастады:

–Бір ашуыңды бер, Ереке! Шайтан түртіп, ит болдым. Саған тиген қол менікі емес, шайтандікі. Кесем десең – бас міне, қылша мойным – талша, көтеріп алдым айыбымды. Кешіре алсаң, кеш бір жолғы иттігімді!

Бұжыр қара да осыны күткендей әзер тұр екен, мұрыны қоңқылдап:

– Бауыре-ем! – деп бассалғаны. Екеуі құшақтаса кетті. – «Кеш» деген бір ауыз сөзіңнен садаға кетейін. Неге кешпеймін, кештім бәрін!..

– Ат-шапан айып менен. Күрең жорғамды белдеуіңізге байладым, Ереке!

- Мен де сау сиырдың боғы емеспін.  Осы бар ғой, тілім жаман менің, түбінен кесіп тастаса да обалы жоқ...- Құшақтары жабысып, бір-біріне арзасын айтып, айрылысар емес. Айналадағы қарап тұрған мәмбеттердің көңілі босады.

– Қайран бауыр-ай!..

 - Өкпеге қиса да өлімге қимайтын туыс  деген осы емес пе. Кәйтсін-әй енді... – десіп, кейбіреулері жеңінің ұшымен көзін сүртті.

Сәлден кейін сары самауырын қайта кірді булығынан «түкірігі» атқылап. Думандатқан ән мен күй, жадыраңқы дауыс, жарқын күлкі шаңырақтан шалқи көтеріліп жатты.

Сэр Роберт таң бозынан оянып алды, әлдебір қуанышпен көкірегі алабұртып оянды. Шалқалаған күйі керіле есінеп, түңлігі түрілген шаңыраққа қарады. Дөңгеленген тұнық аспанның тұңғиығында меңдей боп бозторғай ілініп тұр. Құдды бір сыңғырлаған құйтақандай қоңырау дерсің. Шынашақтай жүрегінің шалықтаған шаттығын таңғы ауаға тамылжыта шашып жатыр. Желдің қанатына мініп, күлімдеген күннің кірпігіне ілесіп бір ұлы қуаныш салқам сақараны шарлап барады. Сэр Роберт ес білгелі көкірегі сыңғырлап дәл бұлай қуанып оянған емес еді. Ит байласа тұрғысыз бедірейген қу медиеннен мынау бейғам жұрттың кіндік үзіп кете алмайтыны бозала таңда сайраған бозторғайдың осынау сиқырлы үні ме екен?

Өткенде күтіп алғанындай, сақалдыларын алға салып, үш ауылдан үш топ адам сән-салтанатымен флайерге дейін шығарып салды. Тілмаш жігіт зерттеу жұмыстарына байланысты мәмбеттердің арасында әлі біраз күн болатындықтан, ол да осы жерде қайыр-хош айтысып, сэр Роберт жолға өзі жалғыз шықты. Дыбыссыз тік көтеріліп қалықтай жөнелген флайерді таңсық көрді ме әлде мәртебелі мейманға деген ықылас-пейілдері ме, мәмбеттер талтүстегі шақырайған күннен қабақтарын қалқалап , қолдарын бұлғаған күйі біразға дейін үйірілген орындарынан табжылған жоқ. Сэр Роберттің де көңілі алабұртты. Астындағы флайер жердің тартылыс күшін оп-оңай жеңіп сәт сайын биікке шарықтай түскенмен жүректерді жалғастырған қимастықтың әлдебір нәзік жібі бәрібір үзілер емес, жырақтаған сайын ширығып қайта өзіне тарта түскендей. Үш күнгі сый-құрмет, шалқыған өнер, қилы мінез, мейірімді көздер, сусыған құм мен қара жерге тістей қадалып қасарысқан қара жусан... бір-бір сурет боп жан түкпіріне бекіп қалыпты. Міне соның бәрін жұдырықтай жүрегіне сиғызып өзімен бірге алып барады. Ошағында түтіні будақтап мамыржай тірліктің әлдиінде мүлгіген ақбоз үйлерді тағы бір айналып өтті де флайер бірден тік суырылып биікке беттеді. Қалпақтары жерге түсердей шалқалаған мәмбеттер ноқаттай көгілдір шар көз ұшынан аспан тұңғиығына сіңіп жоғалғанша қарап тұрды.

 Айнала тып-тымық болғанмен экрандағы дабыл белгісі қызыл көзін жанталаса жыпылықтатып, флайер аяқастынан тік суырылып көкке көтеріле жөнелгенде, сэр Роберт не болғанын түсінбей аңтарылып қалған. Іле әлгінде ғана көз ұшында түйдек-түйдек қалықтаған қазбауыр бұлттар көзжетпес төменде қалып, шырқауға шығандап шыққанда, кең әлем көз аясына сиып, шығыс жақ көкжиектен қабарған қалың бұлт көрінді. Бұлт емес, торнада, құм суырған құрдым өңеш қара дауыл. Көкке шаншылып, басы қақшаңдаған мың-сан аждаһа ысылдап-ышқынып жолындағыны қаусата жайпап келеді. Бір жарты сағатта сұрапылдың  алды бейғам жатқан мәмбеттердің ауылына жетерін ойлағанда сэр Роберттің өзегі қалтырады. Көз алдында әлгіндегі ақбоз үйлер қара құйынның арасында бір батып-бір шығып аспанда дөңгеленіп жүр. Әлі бола қоймаса да болатындай көрінген елеспен арпалысып көңілі ұйқы-тұйқы. Қауіпсіз кеңістікке көтеріліп, дірілсіз еркін самғаған флайердің іші жанға рахат. Экранда көк толқын баяу ырғатылып, дәл аяғыңның астында шалқар теңіз шалқып-қайтып жатқандай. Соған көзі алданып, өзі туып-өскен Флориданың жағасына қиялымен әлденеше барып-қайтса да бәрібір үш күннің әсері таразы басын төмен тартып, көкірек түкпірінен суреті шегінер емес. Құм сусыған сұрқай далаға кіндігі байланып қалғандай. Үш күн бойғы көрген қызық, естіген ән-күй, татқан дәм, көз айнасына түскен сан-мың сурет... бәрі-бәрі бір елі қалмай өзімен бірге ілесіп келеді. «Кетпе, кетпе» деп жан-жағынан анталай құшақ жайғандай. Шымырлап бойға жайылған әлдебір тәтті мұң жүрек түбін шымшылайды. Ойдан серпілмек болып радиоланы қосқан. Әлемнің қазіргі «алтын дауысы» Джо Пэрли өзінің әйгілі «Самантасын» саксофонмен жарыса сұңқылдатып жатыр екен. Бұрын тыңдаған сайын жаны кіріп, ырғағына елітіп, қаны дуылдап шыға келетін. Қазір селт еткізер емес, құлақ түбінен құр жаңғырып қайтып жатыр. Жан-жүрегін басқа бір ырғақ, өзгеше әуен  жаулап алған. Тұңғиығына шым батырып елітіп, елеуретіп барады. Дүниедегі өзге дыбыс атаулыны естіп-сезер халде емес. Тосыннан сап етіп естілген әуен бе, не өз көкірегінің әлдебір сиқырлы пернесі күмбір қағып қоя берді ме – білмейді. Шалқып-ескен сыңғырлы, сылқым әуездің әлдиінде тербеліп отырып иллюминатордан сыртқа нәумез ғана көз тастап еді, сол бойда селк етіп орнынан ұшып түрегеле жаздады. Өз көзіне өзі сенер емес. Құс қанаты жетпес жетіқат шырқауда флайермен қатарласып бір аққу ұшып келе жатыр. Жо-жоқ, аққу емес, мойыны аққудай созылған үкілі домбыра! Кешегі қос ішегі бебеу қаққан сәтте күй көтеріп  шаңырақты үш айналған күйі аспанға ұшып жоғалған қара домбыра! Шанағынан күй саулаған  шерлі де сырлы домбыра! Пернесіне қонақтаған ғасырлардың өксігі мен қуанышы тасқындай төгіліп жатыр. Алтын қанатын сыңғырлай қаққан сиқырлы саз айнала... Жарыса самғаған қос нүкте бірте-бірте түпсіз тұңғиыққа сіңіп көз ұшынан үзіле берді.

 

Бірінші бөлімнің соңы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2057