Сейсенбі, 26 Қараша 2024
4907 0 пікір 10 Қаңтар, 2017 сағат 10:22

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІ ЖАЙЛЫ ТЫҢ ЕҢБЕКТІҢ тұсауы кесілді

2016 жылдың 21 желтоқсанында Атырау қаласында республикамыздағы Отандық бұқаралық ақпарат басшылары, жетекші мамандары, танымал журналистері бас қосқан «Отандық БАҚ: кешеден-келешекке» атты бас редакторларының жиыны өтті. Жиында Отандық баспасөз саласының көкейтесті мәселелері екі күндік басқосуда жан-жақты талқыланып, болашақ журналистика саласын дамыту бағыттары сөз болды. Осы жиынның екінші күндегі бас редакторлар диалогының келесі кезеңінде тарихшы ғалымдар Ерлан Сыдықов пен Әбілсейіт Мұқтардың «ХҮІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақ хандығы» атты 54 баспа табақ монографиялық еңбектің тұсаукесері өткізілді.

Атырау облысы әкімінің қолдауымен жарық көрген монографияның тұсаукесерін жазушы Мереке Құлкенов ашты. Баспагер кітап туралы: «Бүгінде ел тәуелсіздігінің арқасында Қазақстан тарихы концепциялық жаңа көзқарастармен жазылуда. Соның дәлелі алдарыңыздағы монография болмақ. Бұл кітап әр қазақтың төрінде тұруы тиіс» деп ойын тұжырымдады.

Монографияға бейнежазбамен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры тарих ғылымдарының докторы, профессор Х. Әбжанов: «Қазақ хандығының 150 жылдан астам тарихын баяндаған монография Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдарының талқысынан өтіп, оң бағасын алып, баспаға ұсынылған еді. Еңбек бұрын жарияланған мұрағаттық құжаттар мен зерттеулерді жаңаша зерделей келе, соңғы жылдары қолымызға тиген Ресей, Қытай, Иран мұрағаттарының жаңа материалдары негізінде дайындалған. Зерттеуге соңғы жылдары жарияланған Ресей, башқұрт, қалмақ ғалымдары еңбектері кеңінен тартылған. Соның нәтижесінде екі ғасырға жуық біртұтас Қазақ мемлекетінің тарихы, оны билеген Бас хандары мен хан, би, батырларының қоғамдық-саяси қызметтері, олардың сыртқы саясаттағы көпвекторлы ұстанымдары, көршілес алып империялардың отарлау саясатының қырлары, оларға қарсы бағытталған үздіксіз жалғасқан ұлт-азаттық қозғалыстар зерделенген.  Ғылыми зерттеу аталған кезеңдегі Қазақ елі тарихын толық бірізділікпен  зерделеген еңбек деп есептейміз», - деген тілек білдірсе, тарих ғылымдарының докторы А.Ахмет «Сүбелі еңбектің дүниеге келуі бірер жылдың емес, жиырма жылдан астам уақыт еншісі, екіншіден, Қазақ хандығы тарихын толыққанды ашу үшін Орынбор, Астрахан, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Уфа тарихи мұрағаттарында жыл сайын үздіксіз жүргізілген ізденіс нәтижесі, үшіншіден, өткен дәуір тарихы жаңа көзқарастармен екшелген» деген қорытынды жасады.

Жиынға қатынасқан авторлардың бірі Ә.Мұқтар: «Біз зерттеген ХҮІІ-ХІХ ғасырлар аралығындағы Қазақ хандығы тарихы Ресей елінің сыртқы отарлау саясатымен сәйкес келген ең күрделі кезеңдер екендігі, тәуелсіз ел атанған тұстан отарлық кезең тарихын қайта қарау тарих ғылымы үшін де, отандық тарихшылар үшін де оңайға соқпағандығы, біраз уақытқа дейін орыс мұрағаттарының кейбір қорларына рұқсат болмағандығын, кейінгі жылдары ғана ашылған орыс мұрағат қорларын пайдалана сараланғанын атап өтуіміз қажет. Бұл еңбекте қазақ мемлекеттілігі тарихын біртұтас бірізділікпен жүйелі тарихи оқиғалар желісін барынша шынайы ашып көрсетуге тырыстық. Ол үшін тек мұрағат материалдары ғана емес, түп дерек құжаттар, аталы шежірелер, қазақтың тарихи жыр дастандары және өзімізге дейінгі жазылған бар зерттеулерге толығымен шолу жасалды. Қазақ–орыс қарым-қатынасы соның ішінде Қазақстанның Ресейге қосылу тарихын бізге дейін еліміздің белді ғалымдары  жазғаны белгілі. Соңғы жылдары жарық көрген тарихшы И.Ерофеева еңбегін атауға болады. Дегенмен бүгінде заман өзгерді, біз де жаңару үстіндеміз. Оған басты себеп ел тәуелсіздігі екендігі де түсінікті. Бұл еңбекте біз бірнеше мәселелерге назар аудардық, біріншіден, жалпы қазақ хандығы тарихын, оның біртұтастығын Абылай ханның өліміне дейін созуды ұсындық. Оны Тарих институтындағы әріптестер де қолдады. Оның бір дәлелі ретінде 1767 жылғы Абылайдың өзі жазған  хатында қазақтың бас хандарын нақты тізіп көрсетуін келтірдік. Бұл хатта Әбілқайырдың, Әбілмәмбеттің, одан кейін Абылайдың бас хан болғандығы анық жазылған. Абылайдың өзі мойындаған бас хандардан біз неге бас тартуымыз қажет?! Егер Әбілқайыр Кіші жүзді, Сәмеке Орта жүзді, кейін Әбілмәмбет Орта жүзді, ал Нұралы  Кіші жүзді жеке дара билеп жүрсе сонда тұтас қазақ деген халықты кім басқарды? Қалайша бүгінге дейін аман қалып, тұтастығын сақтады?  Осы сұраққа толғана келе, тарихымыздағы осы жоғарыда жазылған пікірлерді өзімізше дәлелдедік. Егер біртұтас елдігіміз мойындалса, елімізді билеген бір басшының болғанын да ашық айтуымыз қажет.

Екіншіден, еңбекте Қазақ хандығының ел тәуелсіздігін сақтау үшін жүргізген көпвекторлы саясатын толыққанды зерттеуге күш салдық. Ол  Әбілқайыр ханның 1731 жылғы қазақ-орыс келіссөздерімен шектелмей Жоңғар хандығымен, 1740-1748 жылдар аралығындағы Иран шахы Нәдірмен, түркімен, қарақалпақтармен, кейін Әбілмәмбет ханның Ресеймен, Қытайдың экспанциясын тоқтату үшін Ауған шахы Ахметпен, Абылай заманындағы Ресей, Қытай, Ауған шахымен байланыстары мұрағат деректерімен дәлелденеді. Олай болса Әбілқайыр хан Ресейге «бодан» болды дегенді тоқтатқан жөн.

Үшіншіден, Қазақ хандығының әлеуметтік құрамына, тұлғалардың өмірі мен қызметіне, ұлт-азаттық қозғалыстарға айрықша назар аударылады. Ұлт-азаттық қозғалыстар Ресей қазақ жеріне қадам алған соң басталғаны, оған Әбілқайыр ханның өзі де тартылғаны, азаттық күрестың еш үзілмегені тың деректермен зерделенеді. Біз тарихи тұлғаларды мұрағат ізімен сараладық, нәтижесінде тарихымыздың біраз ақтаңдақтары ашылды. Дегенмен монографияға сыншы көпшілік, барлық мәселе қамтылды, түйіндеріміз еш талассыз ақиқат деуден аулақпыз. Олай болса салиқалы сын-пікір күтеміз. Тарихымызды бірге түгендейік» деп ойларын ортаға салды.

Тарих сүйер қалың оқырманына жол тартқан бұл кітаптың ресми тұсауын Әбілсейіт Мұқтардың алғашқы ұстазы «Қазақстан Республикасы ағарту саласының үздігі» Қаламқас Құмарова мен «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры  Жұмабек Кенжалин кесті.

Осылайша Е.Сыдықов пен Ә.Мұқтардың «ХҮІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақ хандығы» атты монографиясы оқырманға жол тартты.

Ұлжан Төлегенқызы, тарих ғылымдарының докторы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1528
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3311
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5957