Тұрсын ЖҰРТБАЙ. ҚОШ, АМЕРИКА!
Осымен Абай.kz порталында үзбей жарияланып келген жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Америка күнделіктері» атты кітабының соңғы жазбасын да бір деммен оқып, тауысып отырмыз. Бұл жолжазба елтану тақырыбына қосылған жаңа бір олжа болары анық. Жалпы, деректі прозада азуын айға білеген Америка туралы қазақы таным-түсінікті қалыптастыратын жазбалар бұған дейін Мұхтар Әуезовтың сапарнамаларында болып еді... Ал, деректі жазбалардың бұған жарияланған бөлімдерін мына сілтемелер арқылы таба аласыз:
http://abai.kz/post/view?id=2721
http://abai.kz/post/view?id=2690
http://abai.kz/post/view?id=2661
http://abai.kz/post/view?id=2606
http://abai.kz/post/view?id=2587
http://abai.kz/post/view?id=2564
http://abai.kz/post/view?id=2551
http://abai.kz/post/view?id=2533
http://abai.kz/post/view?id=2505
http://abai.kz/post/view?id=2489
http://abai.kz/post/view?id=2464
http://abai.kz/post/view?id=2450
http://abai.kz/post/view?id=2410
http://abai.kz/post/view?id=2392
http://abai.kz/post/view?id=2365
http://abai.kz/post/view?id=2341
http://abai.kz/post/view?id=2328
http://abai.kz/post/view?id=2298
http://abai.kz/post/view?id=2264
http://abai.kz/post/view?id=2251
http://abai.kz/post/view?id=2238
24.01.2014. Нью-Йорк – Мәскеу – Алматы, сүйікті Алматы.
Таңертең ерте тұрып қанып шәй іштік. Он екі сағаттық жол үшін бұл аса маңызды шаруа. Нью-Джерси мен Нью-Йоркті тағы да бір көз ұшынан өткеріп, аэропортқа жеттік. Кезек көп болғанымен тез жылжыдық. Өзге кедендік өткелден көрі Америка кеденшілерінің айырмасы мұнда аяқ киіміңді шешіп, тексеруден жалаң аяқ өтесің. Ұшаққа отырғанда әдейі терезе жақтағы орындықты таңдайтын әдетім бар. Бұл жолы да солай болды. Атлант мұхитын, Исландия жағалауын, қиыр солтүстік аралдарын биіктен көрдім. Кеш қарая бір ғажайып басталды. Солтүстік аспаны көгілдір мұнарлана шұғыла шашты. Бүкіл көкжиек нұрға малынған. Бұл әйгілі терістік шұғыласы. Екі-үш сағат бойы соны тамашалаумен болдым. Скандинавия елдерінің астаналары мен қалалары да жымыңдап төменде қалып барады. Алда – Мәскеу, одан Алматы.
Жалпы, Америка туралы әсерім өте танымды болды. Көп жайды түсіндім. Енді олардың әдебиетін оқысам басқаша ұғыммен қбылдарым анық. Барлық ой мен пікірді қорытуға мүмкіндік болмас. Бірақ, мынадай үстірт түйін түйдім. Американы сөзсіз көру керек екен және жиырма үш пен отыз жастың арасында көру керек. Сонда көргенің мен түйгеніңді жүзеге асыра аласың. Ал мен егде тартқан жасымда келдім. Көргенім мен түйгенімді айтып беруден басқа не дәрмен бар.
Маған аса ұнағаны үш түрлі нәрсе. Бірінші, олар не нәрсені тез әрі жұмыла жүзеге асырғанды әдетке айналдырған. Өзара бәсекелестік – өзара ұйымшылдыққа жетелейді екен. Бірі – бәрі үшін, бәрі – бірі үшін жұмылып, неше түрлі ғажайыпты тез жүзеге асырады екен. Жарнама соған жетелейтін амал ғана. Тек Американың мүддесі түгенделсе болды. Екінші, мұнда қаланың дуанбасы шаһардың тұрғындары үшін, солардың көңілінен шығу үшін жанын салады екен. Әр алпауыт, әр көпес көптің пікірінен қатты сескенеді әрі есептеді. Қала тұрғындарының келісімінсіз шыбынның ызыңы да естілмейді деуге болады. Әрине, сан қилы қиянпұрыстықтар бар шығар. Бірақ ақша табу үшін жанын қинауға әзір. Сұрастыра жүріп білгенім, адамды еңбегіне қарай бағалайды екен. Біз миллионерлердің баласы әкесінен қарыз алып оқиды, қатардағы студенттер оқуының ақшасын өз еңбегімен тауып, төлейді – дегенге таңданып, оны әке-шешесінің сараңдығына жатқызатынбыз. Мүлдем олай емес екен. Әр бала өзінің жас мөлшеріне орай еңбекке араласып, ата-анасына қолқабыссын тигзуі керек. Бұл – жәй өсиет емес, дін арқылы бекіген сенім. Еңбектенбесең – пуритандық танымды мойындамағаның, яғни, дінге қарсы шыққаның. Тіпті қызметкерлердің өзі жұмыс уақытынан кейін қосымша жұмыспен не өзінің жеке саудасымен айналысады. Қалай қол қусырып бос отыруға болатынын оларға түсіндіре алмайсың. Мұндай діни таным оларды, әсіресе, жастарды енжарлықтан, масыл болудан құтқарады. Бізде: үй не машина әпермесең, несіне мені таптың – дейтін көзқарас жаппай орын алған. Бала ата-аналарының алдында өзінің жауапкершілігін сезінбейді. Қазақтың «Он үшінде – отау иесі» деген мәтелі қазір өзінің мәнін жойған. Өкінішті.
Екінші, Американың бүкіл руханиятының салмағы – алпауыттар мен американдықтардың өзінің мойынында екен. Мұражай, кітапхана, көрмен және концерт залдары, мектептер мен бала бақшалары, жоғары оқу орындары тек жеке адамдардың демеушілігімен қызмет көрсетеді және кедей де емес. Демеушілік, американдықтар үшін ар-ожданның ісі екен. Біздің байшыкештер өз ақшасын үйіндегі жамағатынан жасырып өмір сүреді. Ал ғылым мен мәдениетке қаржы жұмсау қисынсыздың қылығы сияқты көрінеді, ал кітапхана мен мұражайға қамқор болу одан бетер сүйкімсіз әрі түсініксіз, күлкілі жйт ретінде қабылданады. Америка тарихы – олар үшін ең қасиетті ұғым болып табылады. Шіркін, қазақ елі үшін қазақ елін басқарып отырғандардың жаны ашымағанын еске алғанда, зығырданың қайнап-ақ кетеді. Амал қайсы.
Үшінші, Американың ең қауіпті жауы – жұмыссыздықпен күресі екен. Жұмыссыздар, әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілмегендер бар. Тіпті соған бойын үйретіп ап, арамтамақ боп өмір сүріп жатқандар да жеткілікті. Олар айына бір жарым-үш мың доллар аясында жәрдемақы алады. Бір үйде үш-бес жан болса, әжептәуір қаражат. Ал жұмысқа бір тұрдың ба, одан шығып кетуің қиын-ақ екен. Өйткені бір жұмыстан шықсаң, қашан келесі жұмысқа тұрып, бірінші айлық ақыңды алғанша бұрынғы жұмыс орыныңның есебінде тұрасың. Шығаруға қақысы жоқ. Кәсіподақ, қалалық өкімет, одан кейін жұмыс беруші мекеме банкі арқылы бақылап отырады. Егерде осының біреуінен кілтипан шықса, олар Американың мүддесін сатқандардың тізіміне ілінеді, баспасөзге жарияланады. Миллионер үшін де, кәсіподақ үшін де, дуанбасы үшін де одан асқан масқара жоқ. Үкімет тарапынан аяусыз айыппұл да салынады. Өйткені, жұмыссыздар Американың қалтасына үш түрлі зиян келтіреді. Бірінші, тегін жәрдемақы алады, екінші, ол жәрдемақыдан үкіметке салық төлемейді, үшінші, жанұясын және асырамайды. Одан көрі жұмыстан шығармай қойған абзал. Сөйтіп, америкалықтар жұмыссыздықпен – адамды жұмыстан шығармау арқылы күреседі екен. Қандай ақылды да әділ жүйе. Егер жұмыссыздықпен біз осылай күрессек, онда тәуелсіз Қазақстанда осыдан он жыл бұрын жұмыссыздық жойылған болар еді. Оған сенімім кәміл.
Сонымен, азды-көпті дәм татып, таңдайымызға таусап, ащылы-тұщылы сезімге бөлеген Америкамен де қоштастым. Көп нәрсе туралы бұлыңғыр түсініктер ашылды. Ол да үлкен олжа. Америка – Еуропа – Қытай – Алтын Орда тарихын салыстыра отырып бір тұжырым жасасам – деген иірімді ой келді. Өкініш пен жұбаныштың өрімі сияқты дүние шығар ма екен, кім білсін? «Тоқаш тойы» мен «Тоқтық тойы» біздің «Алқакөл сұламамен» шендес-кезеңдес келеді. Үндістермен үндесетін тұсымыз да қарайлас екен.
Қош, Гарлем! Қош, Манхеттен! Қош, Нью-Йорк, қош бір түндік болған Нью-Джерси! Сен менің жүрегіме ұя салдың. Қош, Америка!
Армысың, қасиетті Отаным, аялы Алматым. Сендерге жетер жер қайдан табылсын маған. Сондай бір тебіреністі сағынышпен ұшақтан түстім. Түу, жеріміз – жер емес, торқа екен ғой!
(Соңы.)
Абай.kz