Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5968 0 пікір 14 Мамыр, 2009 сағат 06:37

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВТЫҢ МӘСКЕУДІҢ ӘСКЕРИ-ТАРИХИ МҰРАҒАТЫНАН АЛЫНҒАН ХАТЫ

 

 

Маған дейін бұл хатпен Попенторг, Карнагев, Құсайынов бастаған 7 адам танысыпты. Оның ішінде 2002 жылы Мажитов, Тлеубаев әр жерінен көшіріпті. Ал 2003 жылы 3 желтоқсанда Казақстаннан келген мамандар келісімшарт бойынша микрофильмге түсірген. Қай мекеме екені белгісіз. Алматыға келгеннен кейін Әлихан Бөкейхановқа қатысты жарық көрген еңбектерді қарап шықтым. Бірақ кездестіре алмадым. Сондықтан ұлт көсемі Әлекеңнің орыс тілінде жазылған хатын түпнұсқадан аударып беріп отырмын.
Болатбек НӘСЕНОВ, зерттеуші, Семейдегі Шәкәрім және М.Әуезов атындағы университеттердің құрметті профессоры.
Мәскеу. Әскери-тарихи мұрағат. 563-қор, 1-опись, 6-іс.
Әлихан Бөкейхановтан А.М. Колюбакинге.1906 жылғы 20 ақпан.
1 беті.
Құрметті Александр Михайлович!
Сіздің қаражүздіктердің төндірген қаупінен аман-есен құтылғаныңызға шын жүрегімнен қуаныштымын. Оларды ақылды жолмен алдап кетіпсіз.
Өзіңізге жіберіп отырған 14 бет хатты “Нашей жизни” және басқа да сондай газеттерге басуыңызды сұраймын. Онда менің басымнан өткен қиындықты көресіз. Мен К.Д.-лардың съезіне қатысудың орнына түрмеге түстім. Мемлекеттік Думаның мүшелігіне кандидат ретінде князь Д.И.Шахқа сәлем айтыңыз. Сіздің қолыңызды қысамын.
Ә.Бөкейханов
Мақала-хатты заңсыз жолмен жіберіп отырмын. Менің хаттарым тексеріледі, тіркеледі. Егер маған хат жазамын десеңіз: Павлодар. Медицина фельдшері Аманбай Шегіровке. Оның ішіне Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановқа деп жіберіңіз. Мемлекеттік Думада кездесерміз.
21.02.1906 ж. Павлодар, Семей облысы. №25.
Газетті менің хатыммен бірге Павлодарға Нароконовқа жіберіңіз.
Қырғыз даласының  Дзян-Дзяны
Біздің өлке (Семей және Ақмола облыстары) бейбіт өмір сүреді. Олардың шыдамдылығына орыс-жапон соғысының айбынды батыры Куропаткин (Сухотин, Роминов, Галкиндерді айтпағанда) қызғана қараған болар еді.
Осы қырғыз даласындағы 26 шаруа басқарушы және уездіктерде патшалық етіп отырғандар жексұрын бастықтар.
Бұл жерге Ресейден өмір сүру үшін күреске жарамайтындарды жібереді. Шаруалардың бастықтарының ішінде ротмистр, капитан, дін қызметкері, писарь, тіпті ветеринар дәрігері де бар. Бұл мырзалар қырғыздарға ойларына не келеді соны жасайды.
Заң бойынша қатаң тиым салынса да олардың бірі дүре соғады (О, заң қайдасың?). Екіншісі төбелес шыға­рады, Халық сайлаған басқарушыны бекітпей өздерінің достарын бекітеді, қырғыздардың тілегін қабылдамайды, ал поштамен өтініш айтса жауап бермейді. Қырғыз болыстарынан тегін азық-түлік алуға әбден әдеттенген.
Бейбіт қырғыз өлкесі үшін адамдар оңды жолмен күресіп жүргенде батыр генерал Сухотин әскери тәртіп орнатуды талап етті. Соны негізінде төменде қол қоюшы 1906 жылы 9 қаңтарда қамауға алынды. Мен Семейдің округтік соты жанындағы прокурордың бақылаушы­сына бірнеше рет жазып маған нақты айып тағып айыптауларын сұрадым. Бірақ прокурор (Орловский) және тергеуші (Конаков) бірнеше рет мағынасыз хаттармен жауап берді. Олар маған генерал Сухотиннің жандарм­дарының ротмистріне арыз жаз деді. Мен әзірше есімнен айырылған жоқпын. Мен оларға арызданбай тұтқындалған мерзім­нен бір ай өтуін (23) әрі жарияланған соғыс жағдайы күні өтсін деп тостым.
24 қаңтарда Павлодардың уездік бастығы Куртуков маған Ф.А.Головин­ның телеграммасын көрсетті. Онда ол мені жер және қала қайраткерлерінің Мәскеу съезіне қараша айында қатысуға шақырды. Дәл сондай-ақ кадеттердің съезіне 4 қаңтарға шақырған А.А.Корни­ловтың да телеграммасы келді. Онан кейін К.П.Д-ның бағдарлама кітапша­сында мені (бір де бір есектің ойына келмейді) анархист деп айыптапты. Осы кезде менің көз алдыма Қытай әріптері түсті (шеңбер – күн – таза ақыл, соқпақ – ауыз – адам мен және қамшы – билік – заң) барлығы бірігіп = таза ақыл және табанды билік бастық болады. Жоғарыда айтылған “соқпақпен” көп әңгімелестім. Оларға бұрынғы күзет бастығы Воров­ский, Шығыс Қазақстан темір жол бастығы Гучков бүгінде “17 октя­брьдің” жетекшісі. Олар қаражүздіктерге кешірім беруді сұрап жүргендер.
Мені жазалаушылар өздерін ақтау үшін тағы да тінтуге рұқсат беріпті. (Ал олар екі апта бұрын тінткен еді).
Тінтудің қорытын­ды­сы­мен менен жауап алмақшы, ал егер де ешнәрсе табыл­маса онда оған анархиялық қоғамның басшысы деп айыптау керек деген тап­сырма алған. Мен осы ұятсыз айыптаудан кейін біздің заңның “тұрақты – берік” екеніне көзім жетті. Хунхуздар “жеке адамның дербес құқықтылығын” қолданып Молчалиннің ақылын тәртіптілікпен орындады.
Мен 12 ақпанда прокурордың қадаға­лаушысы арқылы Семей округінің прокурорына мынадай арыз жібердім: 23-статьяға соғыс жағдайының жарияла­ну­ы­на байланысты алдын ала ұсталу айыбы ретінде мен 2 апта түрмеде отырдым. Оны бір айға созды. Ал негізінде губернатордың жазбаша қаулысы бойынша ұзартуы тиіс еді. Кутуков ақылды адам. Оны маған көрсеткен жоқ.
Мен прокурордың бақылаушысына: “Қандай негізде мені түрмеде ұстап отыр, соттар?” - деп сұрақ қойдым. Оларды Понти Пилатқа емес, соттың алдында есеп беруге шақырдым.
Қазіргі замандағылар үшін бұл М.Е.Салтыковша аңқаулық, өйткені жоғалған ардың соңғы тұрағы.
Прокурор Жданович жолдастан мынадай жауап алдым. Ол жауап қуғынға түскен ардың орыс баласының жүрегінен орын тапқанымен, Ждановичтің арасында ешқандай байланыс жоқ екендігінің куәсі болды.
Прокурордың бұл жауабы басқа жа­ғынан ғажап, сол себепті мен оны төмен­де толық келтірейін: “Бөкейхановқа ха­бар­лау керек. Қолбасшысының қаулысы бойынша (Омбының Дзянь-Дзюні Сухотин) оныңқамауда (тұтқында) болу мерзімі тағы да бір айға ұзартылды. Мемлекеттік қорғау ережесіне сәйкес қарауылда болу мерзімінің соңғы күндері өткенге дейін ұсталады.
Бұл не? Семей облысында соғыс жағдайын жариялады. Осы ереженің тәртібі бойынша Дзян-Дзюн тоғыша­р­ларды тұтқындайды.
Соғыс жағдайын жариялағанда ешқандай айып тағылмаса да оны мемлекет мүддесін қорғау мақсатында тұтқында ұстау керек. Бір сөзбен айтқанда Сухотин аяғы тиген жерге қожалық жүргізгісі келеді. Міне шындығында бастық таза ақылмен, мықты билікке ие болады. Қытай иероглифті айтқандай: шеңбер – сопақ – ұзын қамшы. Мен 10 ақпанда Витте мырзаға мынадай телеграмма жібердім: “Тексеру билігінің қаулысынсыз Павлодардың түрмесінде екі ай отырмын. Тексеріңіздер, сот ашыңыздар. Мәскеудің қараша жер съезінің мүшесі Бөкейханов”. Бұл телеграмманы прокурордың рұқсатымен берген едім. Оны Семейдің генерал-губернаторы Галкин бөгеді. Ол телеграммамен 4 күн танысып оны Омбының генерал-губернаторы Суббо­тинге жіберді. Ол әрине Плевеге жібереді.   Сонымен, менің Виттенің атына жіберген телеграммамның тағдыры не болар екен? Біздің жазған хаттарымызды үлкен-кішілі Дзян-Дзюндар тексеріп келді. 19 ақпанда прокурор Пухляковтың рұқсаты болса да Павлодарға әдейілеп менен жауап алуға келгендер жауап алудан бас тартты. Мен Заң министрі Акимовке мынадай телеграмма бердім: “Ешқандай айып тағылмай, қаулысыз Павлодардың түрмесінде 40-шы күн отырмын. Әкімшілік 23.8-статьясынан тыс ережеге сәйкес соғыс жағдайына байланысты қимылдауда. Соттың болуын немесе Мәскеудің қараша – жер съезінің мүшесі Бөкейхановты босатуыңызды талап етемін”.
Ешқандай жауап жоқ.
Менің түрмеге түсуімнің себебі - генерал Сухотин менен кек алып отыр. Бостандық күні менің мақалам жарияланған еді. Онда оны 17 қазандағы Манифестің 1-пунктіне сәйкес сотқа беруді талап еткенмін. Ол кезде мен Думада қырғыздардың кандидаты едім. Мені түрмеге қамау және заңның осын­шама жүзім шарабына масайраған­дарының мазағы болуы, Наполеонның сайлау алдындағы үгіттерінің (Луи Наполеон) кері жағдайына ұқсас. Ол жөнінде Витте мырзаның да ықпалы бар болуы керек.
Түрмеден мені Француз рантьесі Витте мырза кешірім берсе ғана немесе сайлау аяқталғанда шығарады. Бізде сот да, заң да жоқ. Оның барлығын (қытай иероглифіндегі) шеңбер – сопақ – ұзын қамшы ауыстырады.
Әлихан БӨКЕЙХАНОВ.20 ақпан 1906 жыл.
Павлодар – түрме.
ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕТОВТІҢМӘСКЕУ МҰРАҒАТЫНАН ТАБЫЛҒАН ХАТЫ
2007 жылы Мәскеудің Әскери-тарихи мұрағатынан осы хатты көшіріп алдым. Орал қаласының мұражайында болған кезімде бұл жөнінде ешбір дерек кездеспеді. Көптеген тарихшылар, философтармен кездескенімде осы хат туралы тағы да ешкім ешнәрсе айта алмады. Соған қарағанда, хатпен бірінші танысып отырған мен болуым мүмкін. Оқырмандар хабардар болсын деп қазақшаға аударып бергежөн көрдім.
Болатбек НӘСЕНОВ,  зерттеуші, Семейдегі Шәкәрім және М.Әуезов атындағы
университеттердің құрметті профессоры.
№ДПОО қоры, опись – №1904.1915-іс.
.
ХАТ
1904 жыл. 7 қазан. С-Петербургтен Қазан қаласындағы ветеринар институтының студенті Ғұбайдолла Бердиевке.
Қаладағы ұзақ мерзім ішіндегі қапырық өмір­ден кейін дала маған бойды билеп ала­тындай әсер етті. Өзіме таныс кигіз үйдің көрі­нісі, аса қымбатты ауылыма келгенім, туыс­тар­мен кездесу, сырт адамдардың құрметі – осы­ның бәрі таңғаларлықтай әсер етеді. Бұл дала­лық­тардың өркениеттілерден жоғары тұрған­ды­ғының белгісі. Сенен басқа жүздеген, мыңдаған қырғыздар жоғарғы дәрежелі білімдер алып жат­қанын ойыңызға алсаңыз, сол кезде бұл халықта еңбекке, алға басуға қабілетті деп есептейсің. Ол: “Бір кезде дүние жүзінде алдыңғы қатарлы құрметті орындардың бірін алады, ол екінші Жапонияға айналады”, – деген сөз.
Ақ шайтандардың қол астында үнемі бола беру мүмкін емес. Өзін өзі тұншықтырушы, әрі өз билігін шектемеген, тіпті жерасты күшіне қарсы тұра алмайтындар өзінің өшін ешқандай кінәсі жоқ шет ай­мақтағы халықтардан алмақшы. Осылайша, әзірше қарсыласуға шамасы жоқ біздің халқымызды тықсы­руда, жаншуда. Олар­дың жер­лерін тар­тып алуда. Бұл жерлерді халқымыз қанын тө­гіп татар, башқұрт, қал­мақ­тар­дан қорғап қалған еді. Отар­шы­лар мыңдаған адам­дардың өмірін қиып, ұрыларына, тонау­шыларына, біз­дің халықты “үй­ре­ту­­ші­лерге” бөліп берді.
Олар біздің халыққа темекі тарту, арақ ішу, өтірік айту, ұрлық, зорлық зомбылық арқылы қайыршы болуды үйретіп, соның жемісі ретінде бүкіл халықты құрып кету дәуіріне жеткізбекші. Біздің халық өмір сүру үшін жанталасуы қажет.
Дәл осындай жолмен біздің дала әкім­ші­лігіндегілер де қимылдамақшы (Нач.СПБО.О. с/л №12065 Досмұхаметов). Бірін-бірі жа­мандау, пәлеқорлық, дау-жанжал туғызу және партияға, жікке бөлініп жауласуды қоздыруда.
Басқарудың басшылары болып міне, бірнеше жыл бақытсыз заманның кеселінен қатыгез, адамгершілігі жоқ, халқына деген жүрегі таза емес, аяушылықты білмейтін тонаушылар, қасиетті діни сезімді аяққа басушылар келеді. Мысалға, басқарманың қызыл крестіне жанашырлық жәрдем жинау дегенді сылтау етіп бастықтар “бұйрықпен” байлардан бір-бір қойдан, ал кедейлерден бір рубль жинауды жариялады. Бұл адам айтқысыз көп сомадан бастықтарға 100 сомы қалды­рылады. Біздің бақытсыз халқымызға Юлду­зовтың компания­сының жасаған жамандығын есептеп шығару үшін бірнеше адамды отырғызу керек.
Сайлау кезінде де солай. Ешнәрсе қарсы қоя алмайсыз. Бүкіл халықты қорқытып қойған. Олар үндемейді.
Ең өкініштісі сол, осыны көре тұрып сенің қо­лың­нан ешнәрсе келмейді. Біз халыққа кө­мектесеміз деп қиялдаймыз. Қашан? Осының бар­лығы жүректі ауыртады. Тек сен ғана мені түсінесің, маған жаның ашиды. Ойланшы. Болыстыққа Адай Өжекті, (19 шар алған) немесе Жылсүйімбетті (11 шар алған) сайлауға болмас па екен? Әйтпесе болыстыққа Гадучевтың ком­па­ниясынан сұмырай Жұмағұлды сайлауы мүм­кін. Онда тағы да халық оның қанауынан қанқақсайды.
НАР ТҰЛҒА: САЯСАТКЕР, ҒАЛЫМ, АЗАМАТ
Отан тарихындағы айрықша бір еңсесі жоғары тұлғалардың бірі Мұстафа Шоқай туралы соңғы он бес жылда көп жа­зылып жүр. Солардың ішінде әрқай­сысының өзіндік айрықша орны бар туындылар ретінде Дархан Қыдыр­әлиевтің кітабы мен Көшім Есма­ғам­бетовтің “Әлем таныған тұлға (М.Шо­қайдың дүниетанымы және қайраткерлік болмысы)” атты кітабы – осы тақырыптағы алғашқы іргелі зерттеу.
Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметі туралы деректер Қазақстанда жоқ екенін, олардың тек шетелдердің мұрағаттарынан табыларын кәсіби тарихшылар білетін-ді. Алайда, соларды табу ғана емес, түсініп-оқып, аудару да екінің бірінің қолынан келе беретін шаруа емес. Осы тұрғыдан алғанда К.Есмағамбетовтің кітабын Мұстафа Шоқай туралы шетелдік деректер мен зерттеулердің энциклопедиясы деуге болады. Монографияда Алаш арысының Франциядағы мұрағатымен қатар Ресейдің, Өзбекстанның, Қазақстанның – барлығы 12 мұрағаттың материалдары, ұлт көсемінің өзі тұстас эмиграцияға кеткен түркі зиялыларымен жазысқан хаттары, кездесулері мен пікір алмасу деректері және шет тілдердегі зерттеулер пайдаланылған. Мұның өзі ұлт көсемінің саяси қайраткер ретінде қалыптасып, дамуын “сырт көз” тұрғысынан емес, оның өзінің ішкі толғаныстары мен ойлары негізінде зерттеуге мүмкіншілік берген. Кітаптың кіріспесінде Шоқайдың өмірі мен қызметінің Қазақстанда және шетелдерде зерттелуіне толық тарихна­малық талдау жасалған. Қазіргі отандық тарихнама саласындағы еңбектер көбінесе қазақ және орыс тіліндегі зерттеулерді талдаумен шектелетіндігін ескерсек, осының өзі жалпы Қазақстан тарихының тарихнамасына қосылған аса қомақты үлес екенін мойындауға тиістіміз.
Монографияда Мұстафа Шо­қай­дың өмір жолы, Қазақстандағы және шетелде эмиграцияда жүр­гендегі саяси қызметі, ұлттық тәуелсіздікке қатысты идеяларының қалыптасуы мен дамуы кешенді түрде талданған. Зерттеуші ғалым Алаш арысы өмірінің бұрынғы шыққан басылымдарда әртүрлі айтылып жүрген фактілерін де қарастырып, шетелдік деректерді салыстыра отырып, дәлелді түрде жүйелеген. Автор Мұстафа Шоқайдың мемлекеттік қайраткер, саясаткер, ғалым ретінде қалыптасу жолын жеке кезеңдерге бөліп, “М.Шоқай дүниетанымының қалыптасуы”, “Бостандық үшін күрес жо­лында”, “Түркістаннан Парижге”, “Ұлттық қозғалыстың ұйымдық негіздерін қалау”, “Ұлттық қозғалыстың стратегиясы мен тактикасын айқындау” деген тақырыптармен топтастырған.
ХХ ғасырдың бірінші ширегінде саяси аренаға шыққан қазақ зиялыларының көз­қарасы мен идеялық бағыттарын зерттеуді көптеген авторлар олардың Ресей социа­листеріне (большевиктер мен меньше­виктерге) қатысты позициясын көрсетумен ғана шектейтіні бар. Ал К.Есмағамбетов Шоқайдың саяси көзқарасының қалыпта­суын оның басты мақсатымен – Түркіс­танның тәуелсіздігі жолында күресу мақ­сатымен байланыстырады. Демек, Шоқайдың университетте оқып жүрген кезіндегі Петербург қоғамының саяси өміріне бел­сенді түрде енуі, солшыл және центристік ағымдардың әртүрлі бағыт­тарының өкілдерімен танысуы олардың идеяларының Түркістанның азаттық алуы мәселесіне тиімділік тұрғысынан іске асты. Шоқайдың студенттік жылдарында шет аймақтардағы халықтардың тәуелсіздігі мәселесі патша өкіметіне қарсы күрестің аясында жүргізілді, сондықтан Шоқай патша өкіметіне оппозицияда болған топтармен танысуға тырысты. Ол жұмысшы қозғалысына да, эсерлер мен кадеттерге де мән берді. Осылайша, Шоқайдың жас та болса, саяси қозғалыстың әртүрлі бағыттарымен таныса келе, кадеттер мен эсерлерге ойысуы оның болашақта ойлы саясаткер болатындығын көрсететінін автор дәл тапқан.
Кеңес өкіметінің идеяларын қабыл­да­удан саналы түрде бас тартып, шетелге кеткен түркістандық қайраткер­лердің эмиграциядағы саяси қызметі, жалпы кеңестік Шы­ғыстың ұлт тәуелсіздігі жолын­дағы күресінің әлемдік аренаға шығуы туралы мәселенің отандық тарих ғылымында зерт­телуі тым-ақ кенжелеп қалғаны белгілі. К.Есмағамбетов еңбе­гінде аталған мәселеге айрықша назар аударылған. Автор “Жо­лайрығында” деп аталған бө­лім­де ұлт тәуелсіздігі мәселесінің шешілуінің соңғы үміті болған Құрылтай жиналысын кеңес өкіметі қуып таратқаннан кейін түркістандық қайраткер­лердің күрес тактикасын өзгертуге тиісті болғандығын көрсетеді. Тәуелсіздік жолындағы саяси күрес тығырыққа тіреліп, оның есесіне қарулы күрес етек алды, оның өзі (басмашылар қозғалысы) тым тар радикалдық діни сипатқа ие бола бастады, сөйтіп күрес жолын таңдаудың да өрісі тарылды. Осындай жағдайда Мұстафа Шоқай шетелге кетті. Монографияда Алаш арысының шетелдегі орыс демократтарымен қатынасы да осы басты мақсат – ұлт тәуелсіздігі жолындағы күрес мақсатымен анықталғаны көрсетілген. Монографиялық зерттеудің Мұстафа Шоқайдың эмиграция­дағы өміріне арналған бөлімде­рінде тек Шоқайдың ғана емес, Еуропадағы бүкіл түркі эмигранттарының саяси қызметіне талдау жасалған. Бұл тұста Шоқайдың ой-өрісінің айрықша кеңдігі, өзіндік идеялары мен табанды тұғырнамасының болуы нәтижесінде түркі эмигранттары арасында зор беделге ие болып, осы ортадағы саяси жетекшіге айналу жолы мұрағат деректері және Шоқайдың өз еңбектерін талдау негізінде баяндалған. Қазақстандық ғылыми әдебиетте әлі толық зерттелмеген “Түркістан ұлттық бірлігінің” қызметі кітапта жан-жақты талданған.
“Шоқай – халықаралық сарапшы және тарихшы” деген бөлімінде ұлт көсемінің ғалымдық бейнесі ашылған. Шынында да Шоқайдың халықаралық мәселелерге жазған мақалалары оның дүниежүзілік соғыстар аралығындағы халықаралық қатынас­­тарды, ондағы ірі мемлекеттердің рөлін, өзіндік мақсаттары мен дипломатиялық “ойындарын” терең түсініп, талдау жасағанын көрсетеді. Автор Шоқай бейнесінің осы бір қырын да жақсы сипаттай алған. Бұл тұста автордың зерттеуіне Шоқайдың Париж мұрағатында сақталып, осыдан аз уақыт бұрын отанына оралған жазбалары мен еңбектері негіз болған. Шоқай дарынды ғалым, бірақ жан-жағында не болып жатқанына мән бермейтін бейсаяси “кабинеттік” ғалым емес, ол сол зерттеушілік қызметінің де туған халқының азаттығы жолындағы күреске зиянын тигізбеуін көздейді. “Көрнекті түркітанушы ғалымдармен және Батыс елдерінің зерттеу орталықтарымен шығармашылық байланыстар орнатуға мүдделілік танытқанымен, М.Шоқай өзінің саяси ұстанымдарына қайшы келетін қадамдарға бармайтын, – деп жазады К.Есмағамбетов. – Ол орыс бодандығын­дағы мұсылман халықтарының дербес өмір сүруге құқылылығын мойындамайтын­дармен қандай да болсын қарым-қатынастан ашық түрде, ешбір күлбілтесіз бас тартып отырды”. Автордың Шоқайдың еңбектері Батыс елдерінде сенімді дерек көзі ретінде саналады деген пікірі де әбден дұрыс айтылған. Жалпы алғанда кеңес өкіметі басшыларының Шоқайды ұнатпауының бір ұшығы осында жатқан тәрізді.
Соңғы жылдарда мұрағаттардың бұрын құпия болып келген көптеген қорларының ашылуы белгілі қазақ зиялыларының өмірін, өзара қарым-қатынасын толық зерттеуге мүмкін­шілік берді. Бұл бағытта бірқатар көзге түсер зерт­теулер басылып шықты. Алай­да, кейбір сәттерде жеке тұлғалардың идеялық қайшылықтарын, саяси позициясының айырма­шы­лығын түсіндіру орнына жеке бас араздығын талдап кететін жағдайлар да бар. Ал Көшім Есма­ғам­бетовтің зерттеуінде Мұс­тафа Шоқайдың замандас­тарымен қарым-қатынасы ұлт-азаттық қозғалысының стратегиясы мен тактика­сын ойластыру, сол мәсе­ледегі пікірталас пен идеялық айырмашылық тұрғысы­нан қарастырылған. Соған орай автордың ХХ ғасырдың 20-жылдарын­дағы қазақ қайраткер­ле­рінің саяси күрес бары­сында әртүрлі идеялық бағытта болуы олардың ең басты мақсат – ұлт тәу­елсіздігіне жету мақсатында ортақ тіл табысуға ұмтылу­шылығымен қатар, ұлттық дәстүрлі этикаға сай ымы­рашылдық пен өзара сый­лас­тықтың та болғандығын көрсетеді.
Кітапта автор кейбір белгілі тұлғалардың арасындағы ой-пікір алмасушылықтарды, олардың бірі-біріне өзара ықпалын да қарастырады. Шоқай өмірінің және азаттық қозғалысы тарихының фактілерін өзі зерттеген деректер бойынша талдай келіп, соның кейбір қырларын әлі де зерттеп, тиянақтай түсу қажеттілігін нұсқайды. Бұл жерде ғалымның әлемдік гуманитарлық ғылымда қалыптасқан аса бір жақсы дәстүрге – белгілі бір идея туғызып, соның негізінде болашақ зерттеулерге бағыт беру дәстүріне сүйенгенін байқаймыз.
Еңбекте қазақстандық авторлардың Шоқайдың еңбектерін баспаға дайындауда жіберген қателіктеріне талдау жасаған. Автордың Б.Садықова мен С.Сапановтың кітаптарына берген сыны әділ екеніне дау жоқ. Алғашқысы – зерттеушілік еңбек емес, құжаттар жинағы. Ал құжаттар жинақтарына қойылатын белгілі бір талаптар (құжат­тардың түпнұсқадан ауытқымауы, егер түпнұсқаның бірнеше нұсқасы болса, оны атап көрсету, әрбір құжатқа түсініктеме беру,т.с.с.) бар. Екіншісі, ғылыми-зерттеулер қатарына жатпайды, өйткені, мәтіндегі фактілердің дұрыс-бұрыстығын анықтайтын сілтемелер жоқ. Кітаптың соңында берілген “Қысқаща библиография” деген тізім мүлде сын көтермейді, ал автордың ұстанымы Кеңес өкіметін жалаң жамандау тұрғысынан көрініп, ғылыми негізділігіне күмән тудырады. Б.Садықованың кітабын жақсы, көркем тілмен жазылған, көпшілікке арналған әдебиет қатарына жатқызу дұрыс-ау деп ойлаймын. Шынында да соңғы жылдарда Мұстафа Шоқай туралы қалам тартатындар көбейіп кетті, олардың кейбіреулері кәсіби тарихшы да емес. Сонымен қатар, Мұстафа Шоқайдың еңбектерін “ерінбегеннің” бәрі басып шығаруда, мәтіндерде мазмұндық және стильдік қателер де бар, оған түсініктемелер мен авторлық ғылыми талдау да бермейді.
“Біздің заманымыздың адамына тән барлық адасулардан бір ұрпақтың өмірі барысында толық арыламыз деу қиын, мүмкін адамзат өз тарихының тар өлшемінен шығып, жаңаша ойлауға ие болғанша ұзақ жылдар керек болар”, – деп Э.Фромм айтқандай еліміздің тарихындағы аса бір күрделі де қайшылықты болған кеңес заманындағы жеке тұлғалардың қазақ халқының азаттық қозғалысы тарихындағы орнын анықтау талай-талай дау-дамай туғызатын да шығар. “Адасулар” тек бүгінгі зерттеушілер ғана емес, сол тұлғалардың өзіне де тән екендігін ұмытпайық. Демек, болашақ зерттеу­шілердің алдында тарихымыздағы белгілі жеке тұлғалардың әрқайсысының өмірі мен қызметін, көзқарасы мен ой-дүниесін әсірелеп, бояп, “ағартып”, жақсартпай да, “сүмірейтіп”, қараламай да, объективті түрде ғылыми тұрғыдан зерттеу міндеті тұр. Көшім Есмағам­бетовтің “Әлем таныған тұлға” атты кітабында бұл міндет ғылыми негізде іске асырылған. Монографияда Шоқай бейнесі жан-жақты сомдалған, ал автордың әрбір сөзі дерекпен дәлел­денген, әрбір тараудың соңында сіл­темелер берілген, мұрағат құжаттарының көшірмесі мен фотосуреттер ақиқатты айқындай түскен. Осындай ғылыми құндылығы айрықша жоғары, орасан зор көлемдегі жаңа деректерді ғылыми айналымға қосқан монографияның бағасы жоғары әрі құнды екенін айтқымыз келеді.
Гүлжаухар КӨКЕБАЕВА, тарих ғылымдарының докторы. Алматы.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345